БАНКТЕРДЕГІ БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП:
РЕФОРМАЛАР БАРЫСЫ ЖӘНЕ ДАМЫТУ БОЛАШАҒЫ
А. Р.Куське
(Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
Бухгалтерлік есеп департаментінің Екінші
деңгейдегі банктердегі және сақтандыру
ұйымдарындағы
бухгалтерлік
есеп
методологиясы басқармасының бастығы)
"Ақпарат кімнің қолында болса, әлемнің әміршісі - сол" деген қанатты сөздің
дұрыстығына қай-қайсымыздың да әлденеше рет көзіміз жеткен болатын. Шынайы әрі толық
ақпараттың маңыздылығын растайтын мысалдар рейтингінде банктік бизнестегі
бухгалтерлік есептің маңызды орын алуы заңды да. Мемлекеттік банк саласының ауқымында
айрықша пайдалылық дәрежесін есеп және бақылау иемденуде.
Іс жүзінде кез келген дамыған елдің банк жүйесін экономиканың күре тамыры деп батыл атауға
болады. Банктер экономикада басты орында және бос қаржы ресурстарын жұмылдыру арқылы,
экономиканы кредиттеу жұмысын жүзеге асыра, экономикалық қатынастарға қатысушылар арасында
төлем жасауды қамтамасыз ете, айналыс қаражатын – кредитті эмиссиялай және басқа да
функцияларды орындай отырып оған зор ықпал етеді, және өз кезегінде экономикада болып жатқан
барлық үрдістерге әсер етеді. Сондықтан банк жүйесі елдегі қаржылық жүйенің басты буыны бола
отырып мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды қозғаушы күштерінің бірі болып табылады.
Ішкі пайдаланушылар (банк менеджменті) үшін де, сол сияқты сыртқы пайдаланушылар –
клиенттер, бәсекелестер, реттеуші органдар үшін де шынайы әрі толық ақпараттың маңыздылығын
бағалау күрделі іс. Шынайы ақпараттың болуы кәсіпорынның проблемаларын уақтылы анықтауға және
олардың пайда болуына бара-бар көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Көп жағдайларда сенімді шешім
қабылдау қабілеттілігі бухгалтерлік есептің сапасына және ұйымдастыру деңгейіне байланысты
болады.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін бухгалтерлік есепті реформалау қажеттігі туралы идея
жан-жақты дами түсті. Қазақстанның банк жүйесінде бухгалтерлік есепті реформалау 1992 жылдың
аяғында бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есеп дайындаудың халықаралық тәжірибесін
зерделеуден басталды.
Банктік жүйеде бухгалтерлік есеп реформасын бастау қазақстандық экономикаға шетелдік
капитал тартудың аса қажеттілігіне байланысты болды. Методологиялық есептегі үлкен
айырмашылықтың болуынан инвесторларға біздің есебімізді талдау күрделі болды. Сондықтан
Халықаралық Валюта Қоры Қазақстанның өркениетті қаржылық әлем жұмыс істеп жатқан
бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттарына бірте-бірте көше бастауын талап етті.
Қазақстан жаңа есеп идеялары үшін жақсы негіз болды және бұл ең алдымен, сол кездің өзінде-
ақ қазақстандық кеңседе КСРО Мембанкінің ең үздік мамандары жұмыс істеген болатын. Мәскеуде
және одақтас республикаларда Борис Рябовтың басқаруымен «қазақтардың» неғұрлым тиімді команда
екендігі әлденеше рет атап айтылған болатын. Қазақстан Одақта енгізілетін қаржылық жаңалықтардың
сынақ аймағы іспеттес болатын.
90-жылдардың басында-ақ Қазақстанның Ұлттық Банкі іс жүзінде Ресейге тәуелді болған жоқ.
Мемлекеттік банктердің корреспонденттік есепшоттарын енгізіп те үлгірді (коммерциялық банктер ол
кезде әлі болған жоқ).
Ол кезде республикамызда тәуелсіз мемлекет тұрғысында басқа елдермен өзара қарым-қатынас
(ол ғана емес, өзара есеп айырысу) орнату қажеттілігі пайда болған еді. Сонымен қатар елдің ішінде
есеп жүйесін жұмыс жағдайына келтіру мәселесі де аса қажет еді. Осының бәрін аса шеберлікпен
нақты жүзеге асыратын қабілетті команда қажет болды!
Ұлттық Банктің Наилия Абдулина басқарған бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімшесінің
ұжымы, штат саны - 11 адам, өмірлік маңызды болып табылатын банктердің бухгалтерлік есеп
методологиясын әзірлеу ісіндегі көш бастаушы болды.
1993 жылы қазақстандық қаржыгерлер қазақстандық валюта – теңгені енгізуге байланысты
төзімділік сынағынан сүрінбей өтті. Бұл айырбастау кезіндегі бухгалтерлік есептің күрделілігі
Қазақстан аумағының көлеміне де байланысты еді. Теңгені елдің бүкіл аумағында бірдей уақытта
енгізу қажет еді. Барлық банктер мен филиалдардағы қызметкерлерді оқыту. Халықтан рубльді жинап
алу, қайта санау есепке алу, айырбастау, теңге беру.
Бәрі жақсы болғанын атап айту керек. Қалыптасып отырған жағдайдың күрделілігін түсіне
отырып, банктік жүйе Ұлттық Банктің төңірегіне топтасты және Ұлттық Банктің нұсқауын орындай
отырып, айырбастау жұмыстарын үйлесімділікпен атқарды.
Банктердің бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттарына көшу және Қазақстан
Республикасының банктері үшін бухгалтерлік есептің жаңа есепшоттар жоспарын әзірлеу қаржылық
институттар орындайтын операциялардың ерекшеліктерін ескере оытырып жүзеге асырылды. Ұлттық
Банк пен ХВҚ өкілдері бірлескен жұмыстың түпкі нәтижесі Жаңа есепшоттар жоспарының алғашқы
жобасы және 1994 жылы шілдеде Ұлттық Банктің бүкіл жүйесін есепшоттарды қолданылып жүрген
және сонымен бірге Жаңа есепшоттар жоспары бойынша қосарлап жүргізуге көшіру болды. Сондай-ақ
1995 жылғы желтоқсанда Екінші деңгейдегі банктер үшін бухгалтерлік есептің есепшоттар жоспары
қабылданды және бекітілді. Шынын айтсақ, Жаңа есепшоттар жоспарын банк жүйесіне енгізу өте қиын
болды, өйткені банктердегі автоматтандырылған жүйелерге үлкен өзгерістер енгізу, мамандарды оқыту
және бухгалтерлік есепті ескісінен Жаңа есепшоттар жоспарына ауыстыру қажет болды. Сонымен бірге
жүргізіліп отырған жұмыста қаржылық есептің халықаралық стандарттарын (ҚЕХС) басшылыққа алу
қажет болды.
Тағы бір қиын кездер бухгалтерлік есептің жаңа стандарттарына көшу кейбір «кеңестік мектеп»
бухгалтерлерінің наразылығын тудыруына байланысты болды. Жаңа есеп жүйесіне көшудің
қажеттігіне отандық бухгалтерлердің бәрі түгел ынта білдірген жоқ. Бұл адамға тән құбылыс (көбінесе
аға буын өкілдеріне тән): кейбіреулер қалыптасқан жұмыс әдісіне үйреніп қалды және жаңа нәрсені
зерделеу қажеттігіне ризалық білдірмеді. Кейбіреулер қалыптасқан үлгімен қоштасқысы келмеді:
"сонда қалай, біздің кеңестік үлгі әлемдегі ең үздік деп жүргенде – шетелдік есепшоттар, халықаралық
стандарттар…".
Дегенмен, бәрі орнына келді және бүгін басқа жүйені ойлау мүмкін емес. Уақыт бір орында
тұрмайды және біз халықаралық қауымдастыққа үйлесімділікпен кіргіміз келсе, халықаралық
ережелерге икемделгеніміз жөн.
Алайда, бұл алғашқы қадамдар екен. 1995-1996 жылдардағы ақша алынған немесе төленген
жағдайда емес, кірісті еңбекпен тапқан кезде, ал шығындар келтірілген жағдайда танылатын кірістер
мен шығыстарды тану кезінде есептеу әдісімен жасалатын операциялардың бухгалтерлік есебіне
көшуді еске түсірсек жеткілікті. Бұл әдіс бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттарының ең басты
қағидаларының бірі болып табылады. Есептеу әдісінің бұрын қолданылған кассалық әдістен
артықшылығы - банктің ағымдағы қаржылық жай-күйін күтілетін түсімдердің есептелген кірістер
түрінде немесе төлемдердің есептелген шығыстар түрінде нақты көрсетілуін көру мүмкіндігі арқылы
анықтауға болады.
Банктік есепті реформалау саласындағы жетістіктер 1997 жылдың аяғында бекітілген
бухгалтерлік есептің қазақстандық стандарттарында 21 «Банктердің қаржылық есептері» және 22
«Банктердің кірістері мен шығыстары» нығайтылды. Бұл жерде 2001 жылғы қазан айында ҚРҰБ
Басқармасының қаулысымен бекітілген № 21 «Банктердің қаржылық есептері» бухгалтерлік есептің
жаңа стандартының табысты әзірленгенін айта кету қажет.
Банктік жүйенің ҚЕХС-на көшудің келесі кезеңі қаржылық есептің шынайылығына және оны
уақтылы ұсынуға қол жеткізу жөніндегі жұмыстар болды. Көптеген банктердің үлкен филиалдық
желілері барын және есеп 2-3 күнге кешігіп түскенін ескере отырып, мына операциялар бойынша есепті
орталықтандыру қажеттігі туды: есеп айырысулар, заемдар мен салымдар, негізгі құрал-жабдықтар
және материалдық емес активтер, кірістер мен шығыстар, жалақы, кадр және басқалары. Ақпаратты
бас банк деңгейінде өңдеуге мүмкіндік беретін бірыңғай автоматтандырылған жүйе, сондай-ақ жоғары
жылдамдықтағы жақсы байланыс болған кезде бұл операциялардың барлығын орталықтандыруға
болады.
Банктердің ҚЕХС-на түгел көше алмауының тағы бір себебі Қазақстанда қазіргі уақытта
өзгерістер енгізіліп жатқан «Бухгалтерлік есеп туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң
күші бар Жарлығы, сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанның барлық бухгалтерлік қызметтері
басшылыққа алуға тиісті қазақстандық стандарттардың қолданылуы. Осыған байланысты
қазақстандық банктер бухгалтерлік есепті қазақстандық стандарттар бойынша жүргізуге және соларға
сәйкес қаржылық есеп жасауға, содан кейін ҚЕХС-на көшуге және қайтадан халықаралық стандарттар
бойынша есеп жасауға мәжбүр болуда. Сондықтан ең басты мәселе Қазақстанның бухгалтерлік есеп
жүйесін ҚЕХС-на барынша жақындату болып отыр. Осы міндетті іске асыру мақсатында ҚЕХС-на
толықтай көшуді 2003 жылдан бастау жоспарлануда.
Банктік жүйеде бухгалтерлік есепті реформалау қаржылық есепте келтірілген және барынша
жоғары экономикалық пайда алу үшін тиімді пайдаланылатын талданатын ақпараттың айқындылығын,
шынайылығын және толықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бухгалтерлік
есептегі жаңадан енгізу экономиканың ашықтығына және траспаренттігіне әкеледі, мұның өзі уақыт
талабы. Экономиканың ашықтығы жайында ішкі жалпы өнімдегі экспорттың үлесі немесе басқа
статистикалық қатынастар бойынша ғана емес, сонымен қатар осы экономика туралы деректердің оны
қажет ететіндер үшін қаншалықты қол жетерліктей болуына және осы деректер сапасының
қаншалықты жоғары болуына байланысты да айтылады. Компанияның қызметі туралы қаржылық
ақпараттың айқындылығының өзі Қазақстан Республикасына солардың инвестициялар ағынының
көбеюі өндірісті дамытуға, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін шетелдік
инвесторларды тартады. Бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттарына барынша жақындау
қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік компаниялармен халықаралық аренада бәсекелесуіне, ал
бухгалтерлік қызмет саласы қызметкерлерінің шетелдік кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына
мүмкіндік береді. Осының бәрі Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік қамтамасыз
етілуінің және әл-ауқаты өсуінің нәтижесі ретінде елдің экономикалық өркендеуіне жол ашады.
Республика өміріндегі маңызды оқиға Салық кодексінің қабылдануы болды, оны әзірлеуге
банктердің және сақтандыру ұйымдарының мүдделерін қорғау мақсатында ҚРҰБ-нің бухгалтерлік есеп
бөлімшесі де белсенді түрде қатысты.
Қазіргі уақытта Бас бухгалтерлік кітапты және қосалқы журналдар шығарудың, сондай-ақ
банктердің нақты уақыт режимінде бухгалтерлік есептің шынайылығын, айқындылығын және
уақтылылығын қамтамасыз ететін сертификатталған автоматтандырылған банктік ақпарат жүйесін
сатып алудың қажеттілігі туып отыр.
Көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында банктер іс-шараларды анықтап, олардың
мерзімдерін және жауапты адамдарды белгіледі. Сонымен бірге құны операция көлеміне, филиалдық
желіге және банк жұмысына пайдаланатын қаржылық құралдарға байланысты болатын
автоматтандырылған банктік ақпарат жүйесін сатып алу жөніндегі мәселелер пысықталды. Бұлар,
негізінен қымбат жүйелер, олар бойынша банктер тендер өткізеді және оларды кезең-кезеңімен сатып
алады. Сонымен қатар жүйені енгізуге белгілі бір уақыт қажет болады. Осыған байланысты Ұлттық
Банк банктермен бірлесіп семинарлар өткізеді, мамандарды оқытады, бухгалтерлік есеп және есеп беру
жүйесін бұдан әрі жетілдіру жөнінде нұсқаулықтар әзірлейді.
Бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттарына бұдан әрі көшу мақсатында Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру мәселелері жөніндегі
қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілері мен нұсқаулықтарын жетілдіру жөніндегі
жұмыстар жалғастырылады. Мысалы, бағалы қағаздармен, негізгі құрал-жабдықтармен, шетел
валютасымен және қымбат металдармен жасалатын операциялардың есебі жөніндегі нұсқаулықтарды
қайта қарау және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жоспарлануда.
Бұдан басқа, банктер үшін бухгалтерлік есепті ұйымластыру және жүргізу бойынша, қосалқы
есепте салық есебі жүйесін көрсету бойынша, заемдық, салымдық және сенімгерлік (трасттық)
операциялардың, сол сияқты тауар-материалдық қорлармен, материалдық емес активтермен және
аккредитивтермен жарғылық капиталмен, дебиторлармен және кредиторлармен жасалатын
операциялардың есебі бойынша нұсқаулықтар әзірлеу жоспарлануда.
Қорытындылай отырып, Қазақстанның банктік жүйесін халықаралық стандарттарға көшіру
бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді, негізгі аспектілерге қол жеткізілді деп айтуға болады.
Бірақ, банктер халықаралық стандарттарды қолдану бойынша проблемаларға тап болып отырған
жағдайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды.
Қорыта айтқанда, кәсіпорынды дұрыс басқару үшін басшының үнемі шынайы есебі
болуының тиіс екендігін баса айтамыз. Ол үшін активтерді, міндеттемелерді, капиталды шынайы
көрсететін, жақсы жолға қойылған бухгалтерлік есеп керек. Есеп айқын, түсінікті және шынайы
болуы қажет. Сондықтан да, егер біз кейін қалғымыз және үнемі артта болғымыз келмесе,
Қазақстан тек банктік жүйеде ғана емес, бүкіл экономика бойынша қысқа мерзімнің ішінде
бухгалтерлік есепті халықаралық стандарттарға көшіруді жүзеге асыруы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |