ҮІ
Рас, ақындық, шығармашылық стихия, ыңғай, бейімділік әрдайым
ықпал етер фактор. Қазақ айтады: “Әлін білмеген әлек”. Әркім өзінің
туа біткен қабілетіне, әл-қуатына қарай өнер іздеуі шарт. Өлеңді оп-
оңай, ат көпір жазатындар бар. Қалыңдығы жырта қарыс өлең
кітаптарын көргенде, бір түрлі сескеніп қаласың.
“Өлең қиыстыра білу – ақын болу емес: аузы-мұрнынан шығып
жатқан кітап дүкендері осы шындық дәлелі”, - деген В.Г.Белинский
сөздері бүгінде мәнін жоя қойды ма екен? (В.Г.Белинский.
Полн.собр.со. т. 11, стр. 443).
186
Сірә, субъекті мен объектінің арасындағы етжақындық,
суреткердің тақырыбымен емірене табысуының үстіне жалпы өнер
талаптары парасаттылық, эстетикалық биік мұрат, әуез, сұлулықты
қосу керек шығар. Болмыс, оның сан алуан құбылыстары ырғақ, бейне,
бояу, толқын күйінде, нақты, жинақы қалпымен суреткердің
жүрекжарды сыры боп төгіліп, алмас қылыш жүзіндей жарқ ете қалса,
тыраштанбай лап еткен шабыттан туса ғой шығарма.
Әдебиет – зоология емес. Өнер құбылыстарын топ-топқа, группа-
груаппаға, мүше-мүшеге бөліп сөйлеймін деу соқыр сүрлеуге түсіріп
жібереді. Бірақ қайткенде де жүйесіз болмайды. Лириканың түрлері
деген ұғымның тарихи жағы да бар. Кейбір сыншылар қасапшының
жалаң пышағымен ет мүшелегендей, мынау ойлы өлең, мынау сезімнің
өлеңі деп, долбар билік айтып жүрді. Тіпті өнер мен болмыс
арасындағы күрделі диалектикалық байланыс мәселесін қозғамай-ақ,
таза психологиялық тұрғыдан ой мен сезімді қарама-қарсы қоюға
болмайды. Зады, бір қалып жасап алып, күні бұрын тон пішкенше,
көркем шығармашылық тәжірибесіне жіті үңілген абзал.
Поэзия өзі туралы мадақ сөзді аз естіген жоқ. Оны айтқан ең
алдымен ақындар. Өнер – халықпен өнер. Бірақ өнер тобырдың,
топастың, тұл көкірек, жесір жүрек талғамына иек арта алмайды.
Интеллект, оқырман мәдениеті, парасат, зиялылық, тебіренгіштік –
жазушы өрісі. Урбанизм әсері қазақ әдеби сынында әзір тілге тиек бола
қойған жоқ. Дегенмен кешегі қазақ аулында сөз, өлең арқалаған жүк
бүгінгіден гөрі салмақтырақ еді. Газет-журнал, кітап, радио,
телевидение, кино – осының баршасы бүгінгі адамның уақытынан өз
үлесін жырып алғысы кеп тұрады. Назар бөлінеді. Әйтпесе қазіргі
поэзиядан жаттап аларлық өлең таппадым деп, ауызды қу шөппен
сүрту – шын солақайлық сол болар.
Жадағай көріністерді қамту, фактілер жетегінде кету, үгіт-
насихат, дидактикадан ділмәрсіп, тақпақтардан қызылсөз секілді
кемшіліктерден арылып, адам жүрегінің тереңіне үңілу, философиялық
біліктілік, саф тазалыққа ұмтылу – бүгінгі поэзиядағы өсу
тенденциясын көрсетеді. Бұл арнаның басын халқымыздың рухани
қуатынан, қат-қабат сырлары бар көне тарихымыздан, бүгінгі
заманымыздың шындығынан іздеуіміз шарт.
Әйтпесе әйелім ұл таппады деп бір өлең, екі өлең, үш өлең
жазуға болатын шығар, ал сол жерде көздің жасын көлдетіп отырып
алу – ақынның тірлігі емес. Ауылға барғанда шай ішіп, қой жегенін
айтып, басқа еш нәрсені көре алмау – ақынның тірлігі емес. Қазіргі
лирикаға әлеуметтік әуен, философиялық ой, азаматтық пафос
талаптары қатал.
Әркім ауызға алатын, үнемі айтылатын бір сөз бар, ол Антон
Чеховтың сөзі: “Краткость – сестра таланта”. Әдейі аудармай алып
187
отырмыз. Менің білуімше, ұлы стилист шолақтықты, келтелікті, жетпей
айтушылықты мезгемесе керек. Жинақылық, ширақтық, нақтылық
орайындағы қысқалықты нұсқайтын сияқты. Ал өлеңдегі қысқалыққа
ойыссақ, ол поэзияның ежелгі талаптарының бірі, өнер табиғатынан
туып жатқан шарт. Қысқалық қазақ поэзиясындағы өрісі тар, өзі нәрсіз
ойды соңғы екі жолмен түйіп тастау әурешелігімен (ақындарша айтсақ
- концовка), “қарның ашса, тамақ іш, шаршасаң, ұйықта” дейтін
“пәлсәпешіл өлеңдермен” әсте шектелмес деп ойлаймыз. Кейбір қазақ
ақындарының рубаят – төрттаған деген айдармен жариялап
жүргендерін оқығанда, Рудаки, Хафиздардың аруғынан ұялғаннан
бетіңіз қызарып кетеді.
Әлі күнге дейін татарлар рифма, қырғыздар строфа деп жатады.
Бізде ұйқас, ырғақ, буын, шумақ, тармақ деген поэтикалық ұғымдар
бар. Тіліміздің заңдылығын шебер пайдаланып, әдемі жасалған
терминдер, қара сөз, өлең сөз – бұлар әбден сіңісіп кеткен. Ал Ахмет
Байтұрсынов публицистиканы – көсем сөз депті. Қандай жарасты:
қарасөз, өлең сөз, көсем сөз. Бұл қатарға верлибр – белый стих
баламасы ақ өлеңді де жатқызуға болар еді. Ағу, ағып кету, ағызумен
төркіндес жатыр. Тілтанумен әдебиеттанудағы негізгі терминдердің
бәрін жасап берген бір-ақ адам, ол – ұлы Ахмет.
Қазақтың көне поэзиясында дәл бүгінгі мағынадағы ұйқас
шамалы, құдіретті Қазтуған, Шалкиіз туындыларын ішкі ұйқас, басқы
ұйқас, сан алуан бояулар, ой ұстап тұр. Батырлар жырын, билер
толғауын, термелерді алыңыз – дәл осы құбылыстар қайталанады.
Ендеше, қазақ поэзиясына ақ өлең сырттан келген кірме емес, өз
топырағында бар, ежелден келе жатқан асыл қазына.
Бұл ретте үш ақынды – Мұхтар ақынды, Жүсіпбек ақынды, Ғабит
ақынды бөліп, даралап, оқшау атау керек. Олардың қарасөзінен,
драмаларынан өлеңнің сан алуан үлгілерін табамыз.
Қазақтың бүгінгі поэзиясының берекелік ізденіс бағытының бірі –
ақ өлең.
Өлең ырғақ үшін емес, ырғақ өлең үшін. Ендеше, суреткерлік
тәжірибеде пайда болған ырғақ жасаудың жаңа тәсілдерін қолға таяқ
алып қуа алмайсың. Мәнсіз, нәрсіз формалистік орай туралы сөз басқа,
ал идеялық мұраттан, стильдік мақсаттан туған, колорит үшін,
көркемдік үшін қолданылатын амалдарға ат қойып, айдар тағып, одан
оқырманды үркітіп – шошыту тенденциясы салиқалы әдебиетке
жараспайтын мінез.
Әдебиет жанрларының ішіндегі әрі көне, әрі айрықша дамыған
сала – лириканың негізгі ерекшелігі құбылысты әрқашан дара күйінде,
субъективті қалыпта бейнелеуінде. Ұсақ ауытқуларды есептемегенде,
бұл пікірге Аристотель де, Гегель де, Белинский де, Байтұрсынов та,
Ахметов те қазіргі оқымыстылар да ден қойған.
188
Түбегейлі зерттеп қарағанда, лириканың өзегінде әрқашан
эмоция, сезім жататынын көреміз. Бірақ кез келген толқу, кез келген
әсер лирикалық шығарма тудыра алмаса керек. Дүниеге лирика
әкелетін - әлеуметтік, моральдық, философиялық, гуманистік мәні бар
толғаныстар, көңіл күйі, сезім бұрқағы.
Суреткердің, ақынның Мені һәм қоғамдық ой, қауымның,
халықтың көкейкесті сырлары астасып кетеді. Ел үшін, жалпақ жұрт
үшін мәні бар әлеуметтік идеялар, сезімдер, тебіренсітер ақынның
субъективтік көзқарасында өзгеріп, ақын қиялымен қайта балқып, сом
суретке, әсерлі бейнеге айналады. Осындай бауырлас, осындай астасу
болғанда ғана өмірге шын мағынасындағы өлең келмек. Лирика
даралығы дегеніміз – жалыпылық, жинақтаушылық мәнге ие ақын
сезімінің жалыны, ой тереңдігі, ол ең алдымен қоғамдық талапқа,
әлеуметтік тілекке, адамгершілік шартқа, жауап беруі керек.
Бұл аңғардан тыс ешқашан да ұлы шығармашылық, ақын болмақ
емес.
Әдебиет мәселелерін қарастырғанда үнемі есте тұтар принцип –
тарихи көзқарас тұрғысынан келгенде, лирика дамуындағы
заңдылықтарды жақсы аңғарасың. Лирика адам тұлғасының, ақын
субъектісінің дараланған, жеке кісінің табиғат пен қоғам арасындағы
күрделі байланысты ажырататын кезінен бастап өрлейді. Қадым
заманда өмір кешкен қазақтың ұлы жырауы Шалкиіз жырларында
толғағы жеткен ауыр ойлар, бұрауы қатты күйлер бар. Оның орақ
ауыз, от тілді сөзін ғана емес, суық жүзді алдаспанын да беліне
байлаған секілді Махамбет.
Сан алуан сұмдық трагедияларды басынан кешсе де, еңкеймеген
халықтың өр қайраты, зар-мұңы, психологиясы, қанаушылықтың қан
сорғалатқан қыспағынан туған неше түрлі типтер, адам сезімдерінің
толып жатқан нюанстары, ұлттық колоритін тапқан суреттер –
данышпан Абай лирикасында осы алуандас оның поэзиясын әлемдік
шедеврлер деңгейіне шығарған мәйек қасиеттер, ерекше сипаттар бар.
Қазақ поэзиясының өрлеу кезеңдері халқымыз басынан кешкен
әлеуметтік күреспен, қоғамдағы мағыналы өзгерістермен тығыз
байланысып жатыр. Бүгінгі поэзия – заманның көркем шежіресі. Бір
кезде коммунистік деспотизм, әкімшілік кесірінен, культ қырсығынан,
шаруашылық науқандардың желеуінде кетудің салдарынан өрбіген
сыпыра мақтау, одашылдық қазақ лирикасында зиянды әсер етіп,
кейбір суреткерлердің табиғатында, рухында бар мүмкіншіліктерді
толық пайдалана алмағандығын аруақты ақындар Әбділда Тәжібаев
пен Қалижан Бекхожиннің өкінішпен айтқандары белгілі.
Қазақ
прозасына
қарағанда,
қазақ
поэзиясы
мен
драматургиясының үні шет ортада бәсең естілгені ешкімнен жасырын
сыр емес. Расул Ғамзатов, Эдуардас Межелайтис, Қайсын Құлиев,
189
Мұстай Каримдердің орысша аударылған жырлары қалың оқырманға,
көпшілік аудиторияға кең тарады.
Қазіргі үстемдік пен азаттық, гуманизм мен фашизм, демократия
мен терроризм, діншілдік пен атеизм, жақсылық пен жауыздық
арпалысқан, қайшылықты кереғар заманда лирика ақша бұлтқа таңдай
қағып, жапырақ сыбдырына тамсанып, қыз балтырына сұқтанып қана
отыра алмайды, бүгінгі ақын – ойшыл, бүгінгі ақын – күрескер. Қазақ
жырын алғы шептен көргіміз келсе, құр қомағайлық емес шығар-ау
онымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |