2-топ
Талғат Бигелдинов туралы үзік сыр
Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі
әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы
Талғат Бигелдинов Кеңес
одағы батыры атағын екі мәрте алған қазақ халқының мақтанышы. Бигелді атасының 101
жасап қайтқан қарындасы – Қадиша әжесі кішкентай Талғатты керемет жақсы көрді.
Әкелері 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезінде еттірілік танытып, колхоздан жалға
жер алып, тау жақтағы ай далада пияз, жүгері екті. Үй іші алты ай жаз бойы түгелдей
егістік басында болады. Сонда әжесімен бірге қалып, үйді қарайтын, бие мен сиырды
бағып, сауатын да Талғат еді. Осылай еңбекке баулынды. Қара жұмысқа шынықты.
Әуелі Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне оқуға жіберілді.
Оны бітірген соң, Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық
ұшқыштар мектептерінде аспан қыраны мамандығының қыры мен сырын тәптіштеп
меңгерді. Одан соң, ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға үйренуден өтті. Осының бәріне
ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кетті. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы
желтоқсан айында Талғат Бигелдинов кейіннен 144-гвардиялық деп аталған алғы шептегі
800-шабылдаушы авиаполкке келіп қосылыпты.
Бигелдиновке берілген сипаттама-мінездемелерден оның қырандық қасиетінің
қалыптасқан нышандары байқалғандай. “ИЛ-2 ұшағын меңгеруі тамаша. Ұшуды жақсы
көреді, ұшқан кезде шаршамайды. Еңбексүйгіш. Үйренудегі ұғымталдығы ғажап. Әуеде
сабырлы, сеніммен ұшады” деген бағаларға лайықтылығын ол соғысқа кірген алғашқы
күндерде-ақ дәлелдейді.
Талғат соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті. Ол жер
жастандырған жау саны, талқандаған техника мен жабдық-жарақ, дұшпанды ойрандатқан
шығын молая берді. Бір өзі алғашқы он ұшу жорығында-ақ дұшпанның Демьян
тобындағы 10 автомәшинесін, 2 зеңбірек, 4 дзотын, 100 шақты гитлершіл мен бір
жойғыш-қырғиын құртып жіберген. Сол ерлігі үшін ең алғаш рет Екінші дәрежелі Отан
соғысы орденін алды.
Соғыста ерлік көрсеткіші жауға келтірілген шығынмен есептеледі. Тек Днепрдің оң
жағалауынан плацдарм алу жолындағы ұрыстарда ғана Т.Бигелдинов 10 танкті, 32
автомәшинені, 18 атарбаны, 8 зеңбіректі жоқ қылып, 180 неміс солдатын жер
жастандырды, әскери қоймаларда жойқын өрт шығарды. 1943 жылдың желтоқсанында
Талғаттың звеносы Шевченко қаласы маңында 16 истребитель қорғаған, әскер, техника
мен қару-жарақ әкеле жатқан үш эшелонды талқандап, жау ұшақтарының үшеуін құлатты.
Жол істен шығарылып, пойыздар қозғалысы тоқтап, соның нәтижесінде дұшпанның
белгілеген қарсы
шабуылын болдырмай тастады
Ғаламтор бетінен алынған мәлімет
3-топ
Мәлім де беймәлім Бауыржан Момышұлы
– Зейнеп апай, сіздің суреттеуіңізде атаңыз қандай кісі болды? Бойы, түр-тұрпаты,
мінезі қандай кейіпте есте қалды?
– 1972 жылы біз қолына көшіп келгенде атаның шашына енді-енді ақ кіре бастаған. Бірақ
өте сергек, тікесінен тік тұратын. Жалт етіп қарағанда көзінің қарасына төтеп беру мүмкін
емес. Қасы қалың, қап-қара. Салбурыл тарта бастаған мұрты болды. Қараторы кісі болды.
Бойы 1 метр, 78 сантиметр. Мұны Бақытжан анық білетін. Өйткені, өзінен анықтап
сұраған болатын. Қыстай жатқызып қойып, жақсы күтім жасадым. Бір күні маған ұрысты.
«Мынау қарын қайдан пайда болды? Өмірі маған қозықарын бітіп көрмеп еді. Осыны
маған сен жапсырып бердің», – деп әбден ұрысты. Сіңірлі, қарулы болған. Тіпті қартайған
кезінде ұстаған жерінің өзі көгеріп қалатын. Киім киген кезде көріктеніп шыға келетін.
Әскери адам екені көрініп тұратын. Ауру меңдеген адам болса да еңсесін тік ұстайтын.
«Әркімнің өз Баукеңі бар» деп Олжас Сүлейменовтің айтатыны бар ғой. Атаны әркім
өзінің көзімен, өзінің өресімен көрді. Кейбіреулер бет жағындағы көбігін ғана қалқып,
арғы жағына үңіле алмады. Ал менікі тек келіндік көзқарас. Үстелді тарс еткізіп ұрып:
«Көзіме тура қара. Ойыңды ашық айт! Қазулы көр тұрса да шындықты айт!» – дейтін. Ол
кісінің көзіне тура қарау қайда маған? Көзін суреттеп бере алмаймын. Жанып тұрған от
еді. Менің бойымнан жылт еткен бірдеңені көрді ме екен, әділетінен әділетсіздігі басым
дүниеде, өзі де сондай нәрсені басынан көп өткізгеннен кейін де шығар, «жақсының да,
жаманның да аяғында төселіп жататын төсеніштей болмасын, пысық болсын» деп
үйреткен болу керек деп ойлаймын. Әңгіме айтып отырған кезде, ортадан кілт үзіп,
пікірімді сұрайды. Кейде есің шығып кетеді. Үндемесең ұрсады. Қазір кез келген нәрсені
ашық айтатыным, ұнамағанды бетке айтатындығым атадан қалған болу керек. Менің ең
жақсы қасиетім – үндемей құтылатынмын. Жарылып кетейін деп тұрсам да үндемей
қалатынмын. Бір кезде: «Балам, мен артықтау кеттім, кешір» дейтін. Бұл енді ұлылық!
Ата бір күні Жазушылар одағына барғанда, Ілияс Есенберлин мен Әнуар
Әлімжановтың кітаптарына Ержанның атына арнап, қолтаңба алып келді. Негізі өзі:
«Ержан немереме! Алжыған атасынан» деп жазып қоятын. Сыртқа шыққанда открытка,
төсбелгі ғана алып келетін. «Өзге болмаса да, қазақтың жазушыларынан Ержанның атына
автографымен кітап жинаңдар. Өскенше әжептәуір кітапхана болады», – деді. Қазір сол
жазушылардың бәрі өмірде жоқ. Мысалы, Шыңғыс Айтматов, Фариза Оңғарсынова,
Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбековтердің керемет сөздері жазылған. «Барлығы атаңдай
бол!» деп атасымен байланыстырып жазады тілектерін.
«Атам «Қазақстан» темекісін тартатын еді. Соның ішіндегі жылтыр қағазын алатын
да ою оя салатын. Бұл бір альбом болады. Осыны шығара алмай жүрмін. Өйткені, жақсы
ғып шығару үшін демеуші керек.
Бәрін өзі ойып, қолын қойған. Бақытжан ағаңның басына
қойған құлыптасқа әдейі осы оюды салғыздым. Ою оқитындар таңғалды. Сөйлеп отырып
қағазды бүктейді де, қасында тұрған кішкентай қайшымен қия салады. Бір күні түскиіз
фабрикасынан хабарласып: «Атаның оюлары бар екен. Соны бізге берсеңізші» дейді.
«Жоқ, көкетай, бермеймін. Алдымен альбом ғып шығарамын. Халықтың игілігіне
жұмсалсын. Содан кейін…» дедім. Оюлары бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысында өзінің
қолының ізі тұр.
Ғаламтор беттерінен алынған мәлімет (Жас өркен)
7-бөлім: Тарихи тұлғалар тағылымы
7.3 Сабақтың тақырыбы: Қажымұқан Мұңайтпасұлы – тарихи тұлға
Оқу мақсаттары
8.4.2.1 - эссе құрылымы мен дамуын сақтап, тақырыпқа
байланысты берілген мәселенің оңтайлы шешілу
жолдарын ұсыну
Сабақ мақсаттары
Қажымұқан туралы мәтінді оқи отырып, екі балуанның
күресін бейнелейтін сөздерін теріп жазу және эсседе
пайдалану.
Құндылықтарды дарыту
Құрмет
Пәнаралық байланыс
Спорт
АКТ қолдану дағдылары
Қажымұқанның фотосуреті, тұтынған заттары
презентация арқылы таныстырылады.
Бастапқы білім
Ұлы
Отан соғысының батырлары
Тірек сөздер
Жанкүйер, төреші, күрес, қарсылас
Қажетті ресурстар
Үлестірме материал