2. Өндіріс процесінде өздеріне берілген мүлік пен құндылықтарды сақтауға,
өңдеуге, сатуға (жіберуге),
тасымалдауға, қолдануға немесе өзге де пайдалануға
байланысты, келтірілген залал үшін әрбір қызметкердің материалдық жауапкершілігінің
аражігін ажырату мүмкін болмайтын жұмыстарды бірлесіп орындайтын қызметкерлер және
жұмыс беруші қызметкерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың
сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкерлердің толық ұжымдық (ортақ)
материалдық жауапкершілігі туралы жазбаша нысанда шарт жасасады.
3. Толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершілік туралы шарттар
еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына қосымша ретінде де жасалуы мүмкін.
4. Қызметкерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын
қамтамасыз етпегені үшін толық жеке және ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершілік
туралы шарттар жасалуы мүмкін қызметкерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар
мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік туралы үлгілік
шарт ұжымдық шартпен (ол бар болған кезде) немесе
жұмыс берушінің актілерімен
бекітіледі.
169-бап. Еңбек шарты тараптарының келтірілген залалды
(зиянды) өтеу тәртібі
Еңбек шартының басқа тарапқа залал (зиян) келтірген тарапы оны осы Кодексте
және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде сот шешімінің
негізінде не ерікті түрде өтейді.
15-тарау. ЖЕКЕ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ
170-бап. Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар
1. Жеке еңбек дауларын келісім комиссиялары және (немесе) соттар қарайды.
2. Жеке еңбек дауларын еңбек дауы тараптарының өтініші бойынша келісім
комиссиясы қарайды.
3. Еңбек шартының тараптары жеке еңбек дауын шешу үшін өз қалауы бойынша
тікелей сотқа жүгіне алады.
171-бап. Келісу комиссиясын құру және оның жұмысын
ұйымдастыру
1. Келісу комиссиясы тепе-теңдік негізінде жұмыс берушінің және
қызметкерлердің өкілдерінің бірдей санынан құрылады.
2. Келісу комиссиясының сандық құрамы, оның жұмыс істеу тәртібі және келісім
комиссиясы өкілеттігінің мерзімі жұмыс беруші мен
қызметкерлердің арасындағы
келісім бойынша қызметкерлердің жалпы
жиналысында (конференциясында) белгіленеді.
3. Келісу комиссиясының қызметкерлерден құрылатын мүшелері қызметкерлердің
жалпы жиналысында (конференциясында) сайланады. Келісу комиссиясының жұмыс
берушіден құрылатын мүшелері жұмыс берушінің актісімен тағайындалады. Келісу
комиссиясының мүшелері бірінші ұйымдастыру отырысында көпшілік дауыспен өз
құрамынан төраға мен хатшыны сайлайды.
4. Келісу комиссиясы еңбек дауын өтініш берген күннен бастап жеті күндік
мерзімде қарайды.
5. Қарау нәтижесі бойынша келісу комиссиясының шешімі қабылданады, ол
қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей өтініш иесіне беріледі.
172-бап. Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға
жүгіну мерзімі
Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну үшін мынадай мерзімдер
белгіленеді:
1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын
бұзу туралы актісінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының
бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл.
173-бап. Еңбек даулары жөніндегі келісу комиссиясының
құзыреті
Келісу комиссиясы, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де
заңдарында қараудың өзгеше тәртібі белгіленген дауларды қоспағанда, ұйымдарда
туындайтын еңбек дауларын қарау жөніндегі орган болып табылады.
Егер қызметкер келіспеушіліктерді жұмыс берушімен арадағы өзі немесе өз өкілі
қатысатын тікелей келіссөздер барысында реттемеген болса, еңбек дауын келісу
комиссиясы қарайды.
174-бап. Еңбек дауларын келісу комиссиясында қарау
тәртібі
Келісу комиссиясына келіп түскен өтініш аталған комиссияда міндетті түрде
тіркелуге тиіс.
Келісу комиссиясы еңбек дауын өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік жеті
күн ішінде қарауға міндетті.
Дау өтініш берушінің немесе ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен қаралады.
Дауды қызметкердің немесе оның өкілінің қатысуынсыз қарауға тек оның жазбаша
өтініші бойынша ғана жол беріледі. Қызметкер немесе оның өкілі аталған комиссияның
отырысына келмей қалған жағдайда, еңбек дауын қарау кейінге қалдырылады.
Қызметкер
немесе оның өкілі дәлелді себептерсіз екінші рет келмей қалған жағдайда, келісім
комиссиясы мәселені қараудан алып тастау туралы шешім шығаруы мүмкін, мұның өзі
қызметкерді осы Кодексте белгіленген мерзім шегінде еңбек дауын қарау туралы
қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
Келісу комиссиясы отырысқа куәгерлерді шақыртуға, мамандарды шақыруға құқылы.
Комиссияның талап етуі бойынша ұйымның басшысы оған қажетті
құжаттарды белгіленген
мерзімде табыс етуге міндетті.
Келісу комиссиясының отырысы оған қызметкерлер атынан өкілдік ететін
мүшелерінің кемінде жартысы және жұмыс беруші атынан өкілдік ететін мүшелерінің
кемінде жартысы қатысқан жағдайда, заңды деп есептеледі.
Келісу комиссиясының отырысында хаттама жүргізіледі, оған комиссияның
төрағасы немесе оның орынбасары қол қояды.
175-бап. Келісу комиссиясының шешім қабылдау тәртібі
және оның мазмұны
Келісу комиссиясы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің жай көпшілік
даусымен шешім қабылдайды. Өтініш берушінің немесе комиссия мүшелерінің бірінің
талап етуі бойынша дауыс беру жасырын өткізіледі.
Келісу комиссиясының шешімінде:
ұйымның (бөлімшенің) атауы, комиссияға жүгінген қызметкердің тегі, аты,
әкесінің аты, лауазымы,
кәсібі немесе мамандығы;
комиссияға жүгінген күн мен дауды қарау күні, даудың мәні;
комиссия мүшелері мен отырысқа қатысқан басқа да адамдардың тегі, аты,
әкесінің аты;
шешімнің мәні және оның негіздемесі (заңға, өзге де нормативтік құқықтық
актіге сілтеме жасай отырып);
дауыс беру нәтижелері көрсетіледі.
Келісу комиссиясы шешімінің тиісінше расталған көшірмелері шешім қабылданған
күннен бастап үш күн ішінде ұйымның қызметкері мен басшысына беріледі.