бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең
болуы мүмкін.
4. Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен
келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы қызметкердің демалыс
ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс
уақытының жиынтық есебі белгіленетін
қызметкерлердің санаттары, қызметкерлер
өкілдерінің пікірі ескеріле отырып, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта не жұмыс
берушінің актісінде айқындалады.
6. Осы Кодекстің 183, 190, 225-баптарында көзделген жағдайларда жұмыс
уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
87-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. 22 сағаттан бастап таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып
есептеледі.
2. Қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа тарту осы Кодексте белгіленген
шектеулер сақтала отырып жүргізіледі.
88-бап. Үстеме жұмысқа тартуды шектеу
1. Үстеме жұмыстарға:
1) жүкті әйелдер;
2) он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер жіберілмейді.
2. Осы Кодекстің 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме
жұмыстарға тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
89-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны
1. Үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр
жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті
жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз
жиырма сағаттан аспауға тиіс.
3. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу осы Кодекстің 90-бабының 1)
тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.
90-бап. Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға
жол берілетін ерекше жағдайлар
Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай жағдайларда:
1) ел қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе
өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін
қажетті
жұмыстар жүргізу кезінде;
2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен
жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа жүйелерінің қалыпты жұмыс
істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
3) егер үзіліс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей
қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты
жалғастыру үшін жол беріледі.
91-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу тәртібі
1. Жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды
жүзеге асыруға тиіс.
2. Қызметкер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт қамтылатын нақты жұмыс
уақыты есепке алынуға тиіс.
3. Жұмыс істелген уақыт құрамында нақты жұмыс істелген жұмыс уақыты және
жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынуға тиіс.
Бұл ретте
үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндердегі жұмыстар,
іссапар күндері бөлек есептеледі.
4. Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақы төленетін және ақы төленбейтін
уақыт, сондай-ақ қызметкердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жоғалтылған
жұмыс уақыты есепке алынуға тиіс.
5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.
6. Қызметкердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде
орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты
уақытпен тіркей алмайтын
кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында
еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.
8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
92-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер - тынығуға және тамақтануға
арналған үзіліс; ауысымішілік және арнаулы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (апта сайынғы үздіксіз тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс
1. Қызметкерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және
тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге
тиіс.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға және
тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде
үш сағат өткеннен кейін және төрт сағаттан кешіктірілмей белгіленуге тиіс.
3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделікті жұмыста (жұмыс ауысымында) жұмыс
уақытының икемді жиынтық есебі режимі кезінде тынығуға
және тамақтануға арналған
үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде төрт сағат өткеннен
кейін белгіленуі мүмкін.
4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы
еңбек тәртіптемесі ережелерінде,
еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.
5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына
қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда
жұмыс беруші қызметкерді жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған орында тынығу және
тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі,
тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің
қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып шығарылған актілерінде белгіленеді.
94-бап. Ауысымішілік және арнаулы үзілістер
1. Жұмыстың жекелеген түрлерінде қызметкерлерге технологияға және өндіріс пен
еңбекті ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысымішілік үзілістер
беріледі. Бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістер берудің
ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық
шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған
актілерінде белгіленеді.
2. Жылдың суық мезгілінде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда
жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін қызметкерлерге жылыну
және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші
қызметкерлердің жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз
етуге міндетті.
3. Бір жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге тынығуға
және тамақтануға арналған үзілістен бөлек, осы Кодекстің 188-бабына сәйкес баланы
тамақтандыруға арналған қосымша үзілістер беріледі.
95-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы