Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігі
мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық келісімге
өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы
ҚОСЫМША КЕЛІСІМ
Астана қаласы "17" наурыз 2016жыл
Осы Қосымша Келісімнің Тараптары:
мемлекет пен жұмыс берушінің атынан – Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігі;
қызметкерлрдің атынан – «Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ
Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігі мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық келісімге төмендегідей өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы келісті:
Келісімнің жеке ережелері төмендегідей редакцияда қолданысқа енгізілсін:
1. 1.4-тармақ Осы Келісім Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларына, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Кәсіптік одақтар туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларында баяндалған міндеттерге, Қазақстан Республикасындағы білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының, ҚР Үкіметі, республикалық қызметкерлер және жұмыс берушілер арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған Бас келісімнің ережелеріне негізделеді.
2. 3- бөлімнің атауы. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ 2016-2019 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ТАРАПТАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
3. 3.1.1.тармағы. Қазақстан Республикасындағы білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бірлескен іс-әрекеттерді белсенді жүргізу.
4. 3.2.1. тармағы. Жыл сайын Салалық комиссияға білім және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы ақпарат беруге;
5. 4.13. тармағы: «Оқу жылы ішінде еңбек шартының маңызды жағдайлары тек тараптардың еркінен тыс ерекше жағдайларда ғана өзгертілуі мүмкін.
Еңбек шартының жағдайларын өзгерту туралы жұмыс беруші қызметкерге, егер еңбек, ұжымдық шарттармен хабарлаудың ұзақ мерзімі көзделмеген болса, онда кемінде он бес күнтізбе күн бұрын жазбаша түрде хабарлауы тиіс».
6. 4.15. тармағындағы «ҚР Еңбек кодексінің 54-бабына» деген сөз тіркесі «ҚР Еңбек кодексінің 52-бабына» болып ауыстырылсын.
7. 5.1.тармағы: «Тараптар мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған білім және ғылым қызметкерлерінің еңбектеріне ақы төлеуді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылдың 31-желтоқсанындағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысы негізінде жүзеге асырады».
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда еңбекке ақы төлеудің мерзімді-сыйлықақы нысаны қолданылады. Бұл кәсіпорындардағы еңбекке ақы төлеу мәселелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ комитеттерінің дәләлді пікірін ескеріп бекітілген еңбекке ақы төлеудің Ережелерімен реттеледі».
8. 5.5.тармағы: «Жұмыс берушілер өздеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылдың 31-желтоқсанындағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысымен белгіленген мөлшерде, мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне қосымша және үстеме ақылар тағайындауға және төлеуге міндеттеме қабылдайды, қосымша және үстеме ақылардың жекеленген түрлері төмендегідей тәртіп пен мөлшерде анықталады:
5.5.1. Қызметтерді қоса атқарғаны үшін қосымша ақы (қызмет көрсету аумағының кеңеюі) – қызметкердің өзінің лауазымдық айлығынан 50%.
5.5.2-5.5.4 тармақтары – алынып тасталсын.
9. 5.9.тармағы: «Тараптар 2015 жылдың 31-желтоқсанындағы ҚР Үкіметінің № 1193 қаулысымен белгіленген төмендегі көтерме, қосымша және үстеме ақылардың сомасы, педагог қызметкерлердің нақты оқу жүктемесіне пропорционалды төленеді деп келісті:
- барлық типтегі және түрдегі мектеп-интернаттардың 1-4 сынып мұғалімдерін есептемегенде, мұғалімдер мен оқытушыларға дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін;
- бейіндік бағыттағы пәндер бойынша дарынды балалар үшін мектеп-интернаттар мен басқа білім беру ұйымдарының, мамандандырылған мектептердің бейіндік бағыттағы пәндері бойынша сабақ бергендері үшін;
- мемлекеттік және ұлттық тілде оқытатын ауылдық жерде және қалалық типтегі поселкелерде орналасқан жалпы білім беретін ұйымдардың мұғалімдері мен оқытушыларына орыс тілі және әдебиет бойынша сабақ сағаттары үшін;
- орыс және басқа тілде оқытатын жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушыларына мемлекеттік және ұлттық тіл мен әдебиет бойынша сабақ сағаттары үшін;
- ауылдық жерде тұратын және жұмыс жасайтын білім беру ұйымдарының мамандарына;
- даму мүмкіндіктері шектеулі, ұзақ емделуге, тәрбиелеудің ерекше жағдайларына мұқтаж білім алушылармен (тәрбиеленушілермен, балалармен), арнайы белгіленген кемінде екі топтан (сыныптан) тұратын арнайы емес ұйымдарда оқу-тәрбиелеу ұйымдарының басшыларына;
- даму және оқу мүмкіндіктері шектеулі, сондай-ақ тәрбиелеудің ерекше жағдайларына және ұзақ емделуге мұқтаж балалармен және жасөспірімдермен жұмыс үшін;
- жетім-балалармен және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс үшін;
- біліктілік санаты үшін;
- ерекше жұмыс жағдайлары үшін;
- зиянды, қауіпті, ауыр еңбек жағдайларындағы жұмыс үшін».
10. 5.17.тармағы : «Әлеуметтік әріптестік тараптарына ұжымдық шарттарда күнделікті жұмысты (жұмысы ауысымын) бөліктерге бөлу, жұмыстағы үзілістер саны мен ұзақтығы жүргізілетін жұмыс түрлерін, сондай-ақ қызметкерлерге осындай жағдайлардағы жұмыс үшін, БЛА-тан 50% кем болмайтын өтемақылық төлем түрлері мен мөлшерін айқындау ұсынылсын.
Жұмыс уақытын бөліктерге бөлгені үшін өтемақы жұмыс уақыттары оқу кестесімен анықталатын қызметкерлерге таратылмайды».
11. 5.19.тармағы: «Мүлікті қорғауды және қызметкерге берілген басқа құндылықтарды қамтамасыз ете алмағаны үшін толық жеке және ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершілік жөніндегі шарттар, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік туралы типтік шарт жасалынатын қызметкерлердің атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстар тізімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің дәләлді пікірін ескеріп жұмыс берушінің актімен бекітіледі».
12. 5.20. тармағы: «Тараптар, жұмыс берушіге және қызметкерге байланысты емес себептер бойынша жұмыстың бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі мен ақы төлеудің талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен анықталады және жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде, жұмыс берушінің кінәсі бойынша – қызметкердің орташа жалақысынан елу пайыздан кем болмайтын мөлшерде белгіленеді деп келісті».
13. 8.2.тармағының 8.2.2.тармақшасы: «ҚР ЕК 52-бабы 1-т. 1)т. және 2)т. бойынша (штатты немесе штат санын қысқарту, ұйымды тарату) жұмыстан шығару туралы ескерту алған қызметкерлерге, жалақысын сақтай отырып, жаңа жұмысты өзі іздеу үшін аптасына кемінде бес сағат жұмыстан бос уақыт беріледі».
14. 9.2.тармағы: «Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде, лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу қамтамасыз етілсін. Мұғалімдердің, оқытушылардың, қосымша білім беру педагогтарының, тәрбиешілердің, нормативтік оқу жүктемесі белгіленген басқа педагог қызметкерлердің сауықтыру жәрдемақыларының мөлшері, еңбек демалысын беру күніне олардың нақты оқу жүктемесінен есептеледі. Қызметтерді қоса атқару жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға жәрдемақы жалпы негіздемеде тағайындалады және төленеді».
15. 10.14.тармағы: «Техникалық инспекция өкілдеріне, Кәсіподақтың техникалық инспекторларына, еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес мүшелеріне еңбекті қорғау жағдайына бақылау жүргізуге жәрдемдесуге. Қызметкерлердің таза және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарының бұзылуы анықталған жағдайда, оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға».
16. 11.10 тармағының 11.10.3.тармақшасы: «Білім беру ұйымдарында жұмыс берушімен құрылатын өндірістік кеңестердегі, комиссиялардағы және басқа да құрылымдардағы сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелері, еңбекті қорғау жөніндегі кәсіподақтың техникалық инспекторлары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, қажеттілік жағдайында қызметкерлер ұжымының мүддесіне және қысқа мерзімді кәсіподақ оқуының уақытына қоғамдық міндеттемелерді орындау үшін, орташа жалақысын сақтай отырып негізгі жұмысынан босатылады».
Осы келісім Астана қаласында 2016 жылдың «17» наурызында жасалды.
Келісімге қол қойғандар:
Қазақстан Республикасы
білім және ғылым Министрі
|
Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері
кәсіподағының төрайымы
|
м.о.
Е.К. Сағадиев
|
м.о.
М.Т. Амантаева
|
Достарыңызбен бөлісу: |