Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы - оның рационалдығында (rаtio - латын сөзі, ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориялық (саtеgогіа - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжірибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.
Сонымен қатар философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (һumаnus- латын сөзі, адамдық, адамгершілік).
Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (jbjectum - латын сөзі, зат).
Екіншіден, философия басқа ғылымдар сияқты, ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ философиялық деректердің айырмашылығы - ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады, әсіресе бұл философияның онтология және гносеология (эпистемология) салаларына тән нәрсе(ontos-грек сөзі, болу, өмір сүру),(gnosis-грек сөзі,білім,таным).
Үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сыңайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.
Ал жеке ғылымдарды алатын болсақ, ондағы ашылған табиғат сырларын, жасалған теориялар мен тұжырымдамаларды сол саладағы ғалымдар мойындайды. Мысалы, физика саласында қазақ, американ ия болмаса араб физикасы жоқ, бұл ғылымның жетістіктері бүкіл адамзатқа ортақ, және өткен ғасырларда ашылған жаңалықтар мен жасалған теориялар үйлесімді түрде жаңа жасалған тұжырымдамалардың ажырамас бағынышты бөлігіне айналады, олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді.
Философияға келер болсақ, ондағы сонау көне заманда койылған метафизикалық сұрақтар осы күнгі ұрпақтарды да тебірентеді, оларға әр дәуір өзіндік жауабын ұсынады (metaphisica -грек сөзі, физикадан кейін, яғни болмыс жөніндегі тәжірибенің шеңберінен шығып кететін мәселелер).
Оқырманньң байқағанындай, философия статусы (status -латын сөзі, мәртебе) жеке ғылымдарға қарағанда анағұрлым кеңірек, сондықтан Батыс елдерінде философияны тіпті өнер саласына жатқызатыны мәлім (the Art-ағылшын сөзі, өнер).
Мысалы, А.Шопенгауер: «Философия ғылымының кемшіліктері - оның ғылым жолымен дамуында, ал шынында философия көркемөнердің бір түрі ғана», - деген пікір айтқан болатын.
Егер біз философияны көркемөнер саласымен салыстырсақ, онда біз олардың бір-бірімен біршама көп ұқсас жақтарын ашуымызға болады.
Жоғарыдағы көрсеткендей, философия саласында қызмет еткен әр ірі тұлға осы ғылымның тарихында өзінің ерекше дүниетанымы, дүниетүсінігі, көзқарасымен ерекшеленіп, ешқашан бұрын-соңды қайталанбас орын алады. Сондықтан қанша ірі тұлға философияға атсалысса, соншалыкты философияның түрлері бар деп айтсақ, артық болмайды.
Өнер саласындағы туындылар да бір-бірін қайталамайды, онда өнерпаздың дүниеге деген тұлғалық-сезімдік қарым-қатынасы өзгеше болып көрініп тұрады.
Философиядағы әрбір тұлға өзгеше орын алғаннан кейін, біздің алдымызда таңдау мәселесі пайда болады. Философияда талғамдық бар. Біреуге Гегельдің философиясы ұнаса, екіншіге Фейербахтан асқан ойшыл жоқ сияқты. Осы себептен кейбір уақытта философияның белгілі бір ағьшы басқалардан гөрі басымырақ әсерін тигізіп, сол дәуірдің рухани өмірінің өзегіне айналуы мүмкін. Мысалы, діни философия - орта ғасырларда, маркстік философия- XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысында, экзистенциализм - XX ғасырдың 60-70 жылдарында т.с.с. И.Фихтенің айтқанындай, философиялық жүйені таңдау -адамның өзінің кім екеніне байланысты, өйткені философиялық жүйе соны жасаған адамның жан дүниесі арқылы жанданған. Бұл жағынан алып қарағанда, философия көркемөнерге ұқсас.
Жеке ғылым салаларына көз жіберсек, онда талғам мәселесі толығынан жоқ сияқты. Физика, я болмаса биологиядағы теорияларды жасаған авторларды көбінесе көзі тірі кезінде айтамыз, соңынан олардын ашқан жаңалықтары сол ғылымның бір тарауына құрап, бейтұлғалық объективтік занға айналып кете барады (оbjektum - латын сөзі, зат, қарсы қоямын).
Шынайы философиялық шығармалар көркемөнердегі ұлы туындылар сияқты, адамның жүрегінде, ой-өрісінде өшпес із қалдырады, оның жан дүниесін ұлылық, құлаштап жетпес биіктік, әсемдік, гармониялық сезім билейді (һаrmоnіа - грек сөзі, үйлесімді, қарама-қарсылықтың бірлігі).
Философияны өнерге жақындататын келесі мәселе - Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау - философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес. Ал, бірақ адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайды. Философия мен көркемөнердің бір-біріне жақындығын, бір-біріне өтіп жатқанын айқын көрсететін нәрсе - тарихтағы ұлы тұлғалардың шығармалары. Оған Платонның «Диалогтарын», нақыл сөздерін, Ницшенің афоризмдерін, Камюдің эсселерін жатқызуға болады, өйткені олардың философиялық мазмұны көркем сөзбен берілген. Ал Абайдың өлеңдері мен Әуезовтің романдарында Достоевский, Толстой сияқты орыстың ғұлама жазушыларының шығармаларында терең философиялық сыр жатыр.
Философияның тағы бір ғажап жағы - оның өз бойына мистикалық транцендентік қасиеттерді сіңіруі (mysticos - грек сөзі, құпия; transcdere - аттап өту, латын сөзі). Дүниені транцеденттік жолмен игерудің керектігі - оның тұңғиықтығында, шексіздігінде, кұпия әлі ашылмаған сырларында. Екінші жағынан алып қарағанда, адамның өзінің де жан дүниесі, ішкі рухани өмірі де шексіз терең. «Өзіңді тани біл» деген көне заманнан бері келе жатқан қағида әрқашанда мазмұнды болмақ. Сонымен ішке және сыртқа қарай транцеденттік бір-бірін толықтырып, адамның қол астындағы болмысты, жиналған тәжірибені аттап өтіп, Дүниенің ең терең жақтарын мистикалық сезіммен қамтуында, адамның осы шексіз Дүниенің ажырамас тамшысы ретінде сезінуінде жатыр. Транценденттеу дегеніміз - ақыл-ойдың шеңберінен аттап өтіп, дүниенің танылмайтын алғашқы негіздерін, өмір сүріп жатқан болмыстың құпиясын іштей сезіну, өз болмысыңның Дүниенің терең жатқан сырымен біртұтастығын сезіну. Бұл жағынан алғанда, философия діни сезімге жақындап, кейбір кезде діни философияға айналып кетуі мүмкін.
Философиялық білімді тек қана Дүние мен танымның ең жалпы заңдылықтарына, универсалияларына теңеуге болмайды (universalis - латын сөзі, жалпы ұғым).
Өйткені көне заманда бұл пәнге берілген аттың өзі - философия (рһilео - грек сөзі, сүю, sорһіа - даналық) оның практикалық, өмірге лайықтылық жағын көрсетеді. Шығыс пен Батыстағы философия бастауындағы тұлғаларды (қытайдағы КонФуЦзы, Лао-Цзы, гректердің «Жеті данасы», парсы елінің Заратустрасын алсақ, олар, негізінен алғанда, адам бұл тіршілікте қалай өмір сүруі керек, қандай құндылықтарды сыйлауы керек, жақсылық пен зұлымдық, сұлулық пен түрсіздік дегеніміз не, адам өмірінің мән-мағынасы неде? деген сұрақтарды қойып, соларға жауап беруге тырысқан.
Шынында да, даналық дегеніміздің өзі білімділікпен тепетең емес. Оның өзегі - адам өмірінің мән-мағынасын анықтайтын мыңдаған жылдардағы жиналған өмір тәжірибесі мен моральдық құндылықтар мен ережелерінің біртұтастығында.
Философиядағы құндылықтар адамды жағалай қоршап шектелген, толымсыз болмыстан тиістілік әлеміне ұмтылдырады. Қазақстанның белгілі ғалымы, профессор К. Абишев философияның ерекшелігін оның ұсынатын бағыты болуға қажетті, болуға лайықты, болуы мүмкін, тіпті болуы парыз нәрселерден көреді. Мұндай пікірмен толығымен келісуге болады. Өйткені адамның рухани өмірі сан алуан ойлар мен болжамдарға, күңгірт және әсем сезімдерге, жоспарлар мен үміттерге т.с.с. толы. Адам өзін қоршаған нақтылы болмыстың шеңберінен әрқашанда шығып кетіп, әлі өмірде жоқ, бірақ болуға тиіс Дүниеге жетуге тырысады. Сонымен құндылық әлемі оның өмірінің мақсат-мұраты мен мән-мазмұнына айналады. Бұл күрделі мәселелерді философияның аксиологиялық жағы деуге болар еді (аksios — құндылык, құндылықтар ілімі).
Адам өмірінің құндылықтары сан алуан. Оларды, негізінен алғанда, екі үлкен топқа - материалдық және рухани құндылықтарға бөлуге болады. Қарапайым адамдардың көпшілігі өмірдің мән-мағынасын материалдық құндылықтарды жинаудан, байлыққа ұмтылудан көреді. Американ философы Э.Фромм бұл құндылық бағытын «алу» категориясымен көрсетеді. Ал екінші бағытты адамның рухани ізденісін, оның шындық, әсемдік, жақсылыққа, шығармашылық деңгейіне ұмтылысын өмірде «болу» категориясымен ұштастырады.
Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі қызметі құндылықтар әлемін сараптау, әлеуметтік өмірде қандай кұндылықтар болуы керек, болуға тиіс, - соларды негіздеу болып табылады.
Қоғам өміріндегі әрбір әлеуметтік топтың өзінің алатын орны, соған сәйкес мүдделері мен мақсат-мұраттары болғаннан кейін, олар белгілі бір философиялық бағытта негізделмей коймайды. Әлеуметтік болмыс белгілі топтың мүддесінен өтіп барып бейнеленеді, яғни бұрмаланады. Ал мұның өзі сол топтың құндылық әлемін таңдауына өзінің зор әсерін тигізеді. Біз мұны философияның идеологиялық жағы деп түсінеміз (іdеа - идея; 1оgоs -ілім, алғашқы кейіп). Сонымен философия таптық қоғамда сондағы идеологиялық және саяси қақтығыстарға қатыспай қоймайды.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біз философия пәнінің күрделі де, біріктіргіш білім, Дүниеге деген көзқарас екенін байқаймыз.
Философияның тағы бір елеулі ерекшелігін алатын болсақ, ол - XX ғасырда пайда болған тілге деген үлкен қызығушылық. Белгілі орыс философы В.В.Бибихиннің: «Философия - қабылдайтын түсінік ретінде өзінің Дүниеге ашықтығымен тілге тең», - деген пікірінде үлкен сыр жатса керек. Ал неміс философы Г.Г.Гадамерді алатын болсақ, ол: «Тіл дегеніміз – бәрін қамтитын Дүниенің алдын ала берілген түсінігі», - дейді.
Расында да, сәби ананың ак, сүтімен, әлди-әлди өлеңімен бірге өзінің жан дүниесіне туған тілін сіңіріп, жарық Дүниенің есігін алғаш ашып, өмірге деген дүниетанымы мен түсінігін, ер жете келе көзқарасын қалыптастырады. Қайсыбір халық өзінің тарихи мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілі арқылы қоршаған болмысты өзінше бейнелеп, сезінеді. Сондықтан атақты неміс философы М.Хайдеггердің «Тіл - болмыстың үйі», - деген нақыл сөзінде үлкен мән-мағына жатыр, олай болса, әр халықтың тіліне сәйкес философиясы, өмір салты, әдет-ғұрпы, рухани өмірі, менталитеті бар және ол - оның өшпес құндылығы, өйткені тіл жоғалған жерде халық өз-өзінен айырылады. Мүмкін, ол халық тіршілікте болуы мүмкін, бірақ ол тарихтың субъекті ретінде өшеді. Олай болса, қазіргі қазақ халқының XXI ғасырдың басындағы тарихи шешуші сатысындағы негізгі мәселелерінің бірі ол өз тілін жаңа дәрежеге көтеру, ұмыт қалған мыңдаған сөздерді бүгінгі тілге енгізу, ата-бабаларымыздан қалған негізгі байлықты мақтан ету, оны шынайы бүкіл Қазақстан халқы сыйлайтын мемлекеттік тілге айналдыру. Ал қазақ интеллектуалдарының (іntеllесtus - латын сөзі, тану, білу, ой еңбегімен шығармашылық деңгейде айналысатын адамдар) негізгі істерінің бірі - туған тілді аса ұқыптылықпен тыңдау, ұмыт қалған сөздердің мәнін ашу, уақытпен бүркеленген сөздің сырын, шынайы көне дүниетанымдарды жандандыру, соның негізінде жаңа шабыт, ізденіс, ұмтылыс тудыру болмақ.
Екінші жағынан, ұлттық философиядағы өмір құндылықтары терең зерттеліп, олардың адамды қалыптастырудағы, тәрбиелеудегі мүмкіншілігі қазіргі өтпелі заманда толығынан пайдаланылуы керек. Өмірдің талабына сәйкес біз «ашық қоғам боламыз» деген ұранмен қазіргі мәдениет, рухани саладағы батыс құндылықтарын, үлгілерін жаппай ішке кіргізу (оның өзінде жақсы үлгілерінен гөрі, тұрпайы адамдардың күңгірт, тағы инстинкттерін оятатын үлгілерді) халықтың шынайы мәдениетіне, дүниетанымына үлкен соққы жасап отырғаны біздің алаңдатуымызды тудырады. Бұл да болса, біздің әлі жас ұлт екенімізді, солақай еліктеушілігімізді, басқару жүйесінде отырған көп азаматтарымыздың философиялық рухани тайыздығын көрсетеді. Ал мұның бәрі философияның «филологикалық» (рһіlео - сүю, lоgоs - сөз), «герменевтикалық» (һеrmenеutіс - грек сөзі, түсіндіру, мән-мағынасын ашу) жағын көрсетеді.
Бұл айтылған пікір, әрине, аутаркиялық бағыт (аutarсіа - грек сөзі, өз-өзіне жеткілікті) ұстап, басқа дүниежүзілік қауыммен араласпай, өне бойы артқа, батырлық заманға қарау деген ой туғызбауы керек. Қазіргі шешуші уақытта, дәуірдің қойған талабына сай келу үшін біз болашаққа батыл қарап, ең алдымен ғылыми-техникалық жетістіктерге негізделген жаңа, экологиялық таза (еiсоs - грек сөзі, үй; lоgоs - ілім, жағалай қоршаған орта жөніндегі ілім) энергияны аз пайдаланатын технологияларды игеруіміз керек. Мұның өзі жеке адамның бас бостандығын, оның белсенді де шығармашылық деңгейге көтерілуін талап етеді. Бұл мәселелерді толығырақ оқулықтың әлеуметтік философия сұрақтарына арналған тарауында қараймыз.
Сонымен жоғарыда айтылған ойлар, бір жағынан алғанда, философияның филологиялық, гуманитарлық жағын көрсетсе (рһileо — сүю; lоgоs — ілім), екінші жағынан, оның герменевтикалык (һеrmenеutіс- грек сөзі, түсіндіру, мән-мағынасын ашу) мәнін көрсетеді.
Қорытындылай келе, философиялық Дүниеге көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көпқырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылымменен ұштасып жатса, екінші жағынан, оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.
Әрине, әрбір үлкен тарихи философиялық тұлғалардың шығармашылығында олардың алатын үлестері әртүрлі, біреулерінде ғылыми жағы басым болса, екіншілерде көркемөнерлік, үшіншілерде нақылдық-моральдық, төртіншілерде діндік-мистикалық жақтары басым болуы мүмкін.
Оның өзі көп жағдайлармен, әсіресе белгілі тұлғаның өмір сүрген дәуірімен, сол тұлғаны тудырған халықтың тілі мен ділімен (менталитет) оның тәрбие, білім алған жағалай ортасымен, тіпті жеке мінез-құлқы, темпераментімен байланысты болса керек (tеmреrаmеntum - латын сөзі, жеке адамның жан дүниесінің табиғи ерекшеліктері).
Бірақ, қалай дегенде де, философияның әртүрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас ерекше Дүниеге деген көзқарастык білім. Философия - адамзат мәдениетінің өзегі.
Достарыңызбен бөлісу: |