2. Ағасы бардың, жағасы бар
Расында да, Шәміл Спандиярұлы оқушы Мереке Дихаев үшін ұстаз гана емес, нағыз жанашыр аға бола білді. Сабаққа алғыр, үйренсем, білсем деп тұратын шәкіртіне оның ықыласы ерекше-тін. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, қолына кәмелеттік аттестат алған Мерекеге ұстазы сол жылдары облыс орталығында ашылған Целиноград ауыл шаруашылық институтының филиалына түсіп, оқуға кеңес берді. Ондағысы ауылда туып, ауылда өскен бала жер-анаға жақын болсын дегендігі шығар. Екіншіден басқа оқу іздеп, алысқа кетсе жетім жеткіншек кездескен қиыншылықтарды қалай жеңеді деген үлкен адамның, өмірді көрген, одан көп жайтты түйген ұстаздың қауіпі де шығар.
Расында да, дәл сол жылдары осы тұрған Қостанайда ашылған институттың филиалы Мерекені өзіне шақырып тұрғандай еді. Және мұнда облыстық өндірістік совхоздар басқармасында кадрлар бөлімін басқарып отырған, елге беделді немере ағасы Байман аға (Баймағанбет) да бар.
Қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Мереке агрономия факультетіне студент болып қабылданады. Жоғары оқу орнының баспалдағын басқан алғашқы күннен ол бар ынтасымен оқуға беріліп, жер-ананың тамыршысы – агроном мамандығының қыр-сырына терең бойлай береді. Тәжірибе шаруашылығындағы жұмыстарға да ерекше ден қояды. Төрт құбыласы тең кейбір ерке-тотай студенттер сияқты құр селтеңнен аулақ болып, алтын ұядан нағыз маман болып шығады. 1971 жылы инститүт дипломын тапсырғанда мемлекеттік комиссия төрағасы студент Дихаевтың ерекше еңбексүйгіштігі мен ізденгіштігі, өзі қалап алған мамандығына деген сүйіспеншілігін ерекше атап көрсетеді.
Шәкіртінің аяқ алысын ұстазы Шәміл де, інісінің ынтасын Байман аға да үнемі қадағалап, оның қол жеткізген бір жақсы ісі болса, қолдап, қанаттандырып отырады.
Сөйтіп жас агроном үлкен өмірге аттанады.
3. Тың төсі – тұнған байлық
Оған ғалым-агроном Мереке Қасымұлының көзі баяғыда жеткен. Түгін тартсаң, майы шығатын қара топырақты аймақта өспейтін дақыл жоқ. Тек жер-ананы келісті баптай біл. Агротехникалық шараларды уақытылы да мұқият жүргіз. Табиғаттың аңдысын аңды. Өйткені, тәуекелі мол біздің аймақта бір жыл екінші жылға мүлдем ұқсамайды. Әр кезеңнің өз тактикасы мен стратегиясы бар. Анау ауыл шаруашылық тәжірибе станцияларының ғалымдары не дейді? Көрші Қорған облысындағы дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Терентий Мальцевтің көзқарасы қандай? Агрономға олардың бәрін ескермей болмайды. Ауыспалы егісті қайтсек тиімді етеміз? Біздің өңір үшін дәнді дақылдардың қандай сұрыптары қолайлы?
Жас агрономды осындай көптеген қат-қабат сұрақтар мазалайтын. Алдымен бөлімше агрономы болып диқандық жолын бастаған ол арада бір жыл өткен соң Қарабалық ауданындағы "Есенкөл" кеңшарының бас агрономы қызметіне жоғарылатылды. Енді ол егістік алқабының ұшы-қиыры жоқ іргелі ұжымдағы басты тұлға болып шыға келді. Олай дейтініміз тыңдағы шаруашылықтардың басты байлығы – астық. Астық мол болса, басқа сала да өркендейді: мал да өседі, құрылыс та салынады, әлеуметтік сала да дамиды.
"Есенкөл" – диқан Дихаев үшін тәжірибе жинақтап, істе шыңдалып, алға сеніммен қаратқан шаруашылық болды. Оны ол ешқашан ұмытқан жоқ. Осы қызметтен ол әскер қатарындағы міндетін атқаруға аттанып, одан абыройлы оралған бетте сол Қарабалық ауданындағы "Мағынай" кеңшарының бас агрономы болып тағайындалады. Сол "Мағынай" даңқының артып, дүркіреген кезі де осы тұс. Агроном жігіт баптай білсе, жер жомарт екенін осы құнарлы топырақта тағы бір рет ерекше дәлелдеп, ауызға ілінді. Енді оның қызмет бабындағы өсу баспалдақтары басталды. Алдымен қоғамдық жұмыстарда белсенді, көпшілікпен тіл табыса білетін Мереке "Қарабалық" кеңшары партия комитетінің хатшысы, кейін сол кеңшардың директоры болып тағайындалды. Науырзым аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, кейін Алтынсарин аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, "Алтын дән" астық үйінің президенті сияқты лауазымды қызметтер атқарды.
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларын басқарған тұста сол өңірлерде егіншілік мәдениетін жоғарылатуға, салаға интенсивті технология енгізуге, егістік құрылымын жақсартуға Мереке Қасымұлының қосқан үлесі қомақты еді. Ол ең бастысы қарамағындағы үлкен-кішіге қамқор болды, үлкеннің сөзін тыңдады, кішіге ағалық қамқорлық жасады. Сол аудандарда, Қарабалықтағы кеңшарларда Дихаевпен бірге қызметтес болған жандар оның ерекше қамқорлығы мен елгезектігін үнемі ілтипатпен айта жүреді. Жақын-жуық дос-жарандары той-жиындардан қалдырмай, төріне шығарады.
Әдетте басшыны қарамағындағы адамдардың бәрі бірдей жақсы көре бермейді. Қатаң талап қойып, істің орындалуын үнемі мүлтіксіз бақылап отырған басшыны мазаң, қазымыр адам деп санайы. Мұндай ойды көбіне-көп қолынан іс келмейтін, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүретін немкеттілікке салынған, ортақ іс үшін жаны ауырмайтын жандар айтады. Бір ғажабы, өз қызметін беріле, шығармашылық ізденіспен атқарып жүрген Мерекенің жанындағы қызметкерлер де өз басшыларының ауанына жығылып, ортақ іс жолында оның сенімді көмекшілеріне айналып шыға келер еді.
Мереке Қасымұлы 1991-1994 жылары облыста жаңадан құрылған "Алтын дән" астық үйінің президенті болды, Сол кездегі облыстағы екі жүзден астам кеңшардың 180-і сол "Алтын дәнге" кірді. Оның пайдасын көрді, шаруашылықтарын түзеп, бойын тіктеді.
Бұл сол кезде облыс басшылығына келген жаңашыл азамат Кенжебек Үкіұлының бастамасы еді. Өмірлік тәжірибесі бай, ауыл шаруашылығы өндірісінің сан қатпар проблемаларын жақсы білетін ол осы құрылымды өмірге әкелу арқылы онсыз да бір қолын екі ете алмай жүрген кеңшар директорларының жүгін жеңілдетіп еді. Бұл туралы Мереке Қасымұлы былай дейді:
– Мен өзім де совхоз директоры болып істедім. Жыл сайын тау-тау астық жинадық. Одан бірақ қарапайым шаруа да, сол кеңшар да пайда көріп жарытқан жоқ болатын. Табысымыздың бәрі де бұрынғы қарызымызды өтеуге кетіп жатты. Ал "Алтын дән" құрылған соң астықты сатып алушыны да, оны тасымалдайтын вагонды да біз таптық. Кеңшарлардың қаржысы "Алтын дәннің" есеп шотында жатты, олардың қажетіне кедергісіз аударып тұрдық. Яғни, біз тікелей тауар өндірушінің қолын босаттық, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне, жер-ананы аялап, оның күшін еселеуге, берерін молайтуға жағдай жасадық. Ал, "Алтын дәннен" айырылып қалуымызды мен дұрыс шешім деп айта алмас едім...
"Алтын дән" таратылған соң Мереке Қасымұлына жер ресурстарын пайдалану жөніндегі облыстық комитетті басқару жүктелді. Бүгіндер бұл құрылым көрші екі облыстың Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының жеріне жауапкершілік арқалаған инспекция ретінде белгілі. Мекеменің толық атауы – Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық жер инспекциясы. Атауы қалай аталса да атқарар ісі бұрынғы – жер-анаға иелік ету, оған қамқор болу. Ал Мереке болса осы аса жауапты деген саладағы өз қызметін он алты жыл бойы мінсіз атқарып, жер-ананың нағыз жанашыры ретінде танылған білікті маман екенін дәлелдеумен келді. Қабылданған жаңа заңдарға байланысты жер қатынастарын реттеуде ұсынықтылық, іскерлік танытып жүрген азаматымызды облыста да, елімізде де жақсы біледі, біліктілігі үшін құрметтеп, сыйлайды.
Жастайынан жетім қалып, өзінің талап-жігері, ұмтылысы мен ұсынықтылығы арқылы қатарға қосылған Қасымның осы баласының ерекше мақтан етер, көзге көрініп тұрған игі істері де аз емес.
– Санап отырсам, – дейді Мереке Қасымұлы, – қызмет істеген жылдары 326 үй салуға мұрындық болып, осынша құт қоныстың кілтін өз қолыммен жаңа қоныстанушыларға тапсырған екенмін. Сол үйлерде туып, өскен ұл-қыздардың өзі бүгіндер бір ауыл болған-ақ шығар...
Бір сәт ойға берілейікші. Кешегі жетім өскен жеткіншек ат жалын тартып мінген соң осынша шаңыраққа шаттық сыйлапты, осынша ошақтың түтінінің түзу ұшып, үбірлі-шүбірлі болуына қамқорлық жасапты. Әрине, бұл екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтін іс.
4. Баталы құл арымас
Көпшіліктің берген сол батасы, алған алғысының шапағаты шығар, Дихаев отбасында екі ұл, екі қыз туып, айтулы азаматтар болып өсті. Қыздары Айнагүл мен Гүлжан, ұлдары Болат пен Сәбит жоғары білімді мамандар. Немере-жиендердің де ата мен әжелері – Мереке мен Әлия десе ұшарға қанаты жоқ. Құда-құдағилар да мың жылдық туыстың қылын берік жалғастырып жүрген абзал жандар. Жарасымды орта жақын-жұрағаттарды да өзіне тартып тұрады. Дастарқаны берекелі, көңілі ашық, жайдары Әлия қарындасымыз болса имандылық жолына бет бұрған, дінді берік ұстанған асыл арулардың бірі. Өткен жылы мұсылмандық бір парызын өтеп, Меке-Мәдина барып, қажы атанып оралды.
– Бұл да біздің тәуелсіздігіміздің, дініміздің қайта оралуының арқасы. Еліміз егемен болғалы облыстан 250 адам қажылық парызын өтеген екен, соның бірі біздің Мереке ағамыздың жұбайы Әлия апамыз, – деп еді бір бас қосуда облыстың бас имамы Ертай қажы.
Расында да, егер еліміздің тәуелсіздігі болмаса мемлекеттік лауазымды қызметте жүрген жанның жамағатын қажылық сапарға кім жіберер еді. Тіпті сондай ниеті үшін ғана оның отағасысы ғана емес, отбасы да ойранға ұшырары сөзсіз еді ғой.
Енді, міне, отанасының үлгісі кейінгі өсіп келе жатқан оның немере-жиендеріне де өнеге болып отыр. Мереке болса мынау сан құбылған мазасыз дүниеде кішкене бүлдіршіндерінің Құдай жолын қалап, қате баспай, қатарынан қалмай, қазақтығын, мұсылмандығын берік ұстанып, берекелі ұрпақ болып өскенін қалайды.
Және Тәуелсіз елі, ел сыйлаған Ата-әжесі, имандылық ұйыған ортасы барда дәл солай болары да сөзсіз.
Бұдан дәл алпыс жыл бүрын көктемнің тамаша мерекесі –1 Мамыр күні туып, Мереке есімін иеленген бір азаматымыз туралы сыр ақтарғанда көкейге келген ойлар осы еді, ағайын!
Атыңның өзі "ділдә" түсінгенге...
Қоғам қайраткері, ғалым
Жанділдә Мақанов туралы сыр
Облыс жұртшылығы Жанділдә Мақановты жақсы біледі. Ол еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімдігінен бастап, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, бас инспекторы лауазымына дейін өскен қайраткер азамат.
Әулиекөл ауданында әйгілі Сұлтан Баймағамбетов туған Қоянды-Ағаш ауылында бұдан дәл елу бес жыл бұрын дүниеге келген ол жастайынан қайраткерлік қырынан көрінді. Сол кездегі Семиозер аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы, кейін бірінші хатшы болып еңбек етті. Жастардың жалынды жетекшісі бола білді. Көздерінің оты бар жігіттер мен қыздар Жәкеңнің жанына үйіріле қалатын.
Кейін Жанділдә Қожахметұлы кеңшар партия ұйымының хатшысы, Қамысты аудандық партия комитетінің хатшысы, Қостанай облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қостанай облыстық жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, Қостанай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, департамент директоры болып мінсіз қызмет атқарды. Жанділә Қожахметұлы жаңа тұрпаттағы, бүгінгі күннің бүлкілін дөп баса білетін, проблемалық мәселелерді шешуде бірден-бір дұрыс жол таба алатын ұсынықты да іскер басшы болды. Онымен пікірлесу, сырласудың өзі бір ғанибет болатын. Энциклопедиялық білімі бар, екі тілге бірдей жетік және шешен сөйлейтін Жәкеңнің жанынан табылуға өзіміз де құштар едік.
Ол жоғары білімді Қостанай педагогика институтынан алды. 1995 жылы Москва қаласында, Ресей мемлекеттік қызмет академиясында оқып, осынау элиталық оқу орнын аяқтады, әлеуметтану ғылымының кандидаты атағы үшін диссертациясын сәтті қорғады. Бүгіндер Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, доцент, докторлық еңбегін қорғауға дайындалып жүрген ғалым.
Жәкеңнің жолдас-достары да көп. Өйткені "жақсыда жаттық жоқ" деп текке айтылмаса керек, Мақанов болса бір көрген, пікірлескен, қызметтес болған адамдарын бірден үйіріп алады, олардың көбісі кейін онымен тонның ішкі бауындай араласып, Жәкеңнің ең бір жүрегін жұлып берер жақын адамдарының біріне айналып шыға келеді.
Осы сөзіміздің шындығын оның жеке кітапханасындағы авторлардың қолтаңбасы бар жүздеген кітаптар да айғақтайды. Қашаннан іске мығым, ұқыпты Жәкең сондай қолтаңбаларды арнайы топтастырып, "Ең қымбат сыйлықтар" ("Самые дорогие подарки") деген атпен кітап қылып бастырып, кітапханасының төріне қойыпты. Мұндағы мақсатын автор сол кітапқа жазған алғысөзінде былай деп көрсетеді: "Бұл кішкене ғана кітап сонау жастық шағымнан бастап жинаған кітапханамның бір бөлігі және "Ең қымбат сыйлықтарым..."
Өмірімнің әр кезеңінде кездесіп, сыйласқан, араласқан ағаларым, құрдас-достарым, іні-қарындастарым, шәкірттерім: біреуі ағалық сөзімен тілектестігін білдірсе, біреулері сыйластық көңілмен ұсынған шығармалары еді.
Келешекте кітап сөрелерінде ғана сақталмай балаларым, немерелерім үшін тәрбиелік мәні зор болғандықтан, бір кішкене отбасылық альманах ретінде баспадан шығаруды жөн көрдім".
Енді, міне, сол "Ең қымбат сыйлықтарды" парақтап отырмын. Ондағы қолтаңбалар Жанділдә Қожахметұлының бүкіл өмір жолын көз алдыңа елестеткендей. Мысалы, мектепте бірге оқыған сыныптас досы, белгілі журналист, сықақшы және баспагер Сапар Әбіләкімтегі өзінің "Қытық" атты қытықты келтірер кітабына былай деп қолтаңба қалдырыпты: "Болар бала – бесіктен" демекші, мектеп табалдырығында жүріп пәпкі ұстап, жарты шекелеп шәпкі киген, жалаң аяқ, қабысқан қарын студент кезінде қыстың көзі қырауға қарамай Торғай топырағына жол шегіп, үйлену тойымның қадірлі қонағы болып, қуанышыма ортақтасқан кластас досым Жәкен мен жан жары Нинаға ақ пейіл, адал көңілмен, отбастарына бақ-дәулет, ырыс-несібе, амандық тілеп осы туындымды ұсынамын.
Кластас досың Сапар.
29 сәуір 1993 ж."
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, жазушы Әлібек Асқаров өзінің "Ерте түскен бозқырау" кітабына мынандай тілек жазыпты: "Жәкенге, әскери өмірдегі қызығы мен шыжығын бірге өткізген жан досыма, бозбала, балғын шақтағы екеуіміздің арман-қиялдарымыз қашанда шындыққа айнала берсін деген ниетпен,
өзіңнің Әлібегің.
28.10.89 ж.
Алматы".
Сол Әлекең екінші бір кітабы "Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймынға" былай деп жазыпты: "Жәкен – Жанділдә, саған деген менің құрметім бөлек, көрер қуанышың көп болсын.
Әлібек досың.
Алматы
29.06.2004 ж."
Қостанай мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, кеше ғана филология ғылымының докторы атанған, талантты ғалым Алмас Әбсадықов "Хан Абылай: тарихи шындық және халықтық таным" кітабын өзінің мынандай қолтаңбасымен сыйлапты: "Кітапты баспадан шығару жолында кездескен кедергіден өтуге қол ұшын берген азамат Жанділдә аға Қожахметұлына құрметпен ұсынамын! Өміріңіз үнемі ақ тілектің шылауында, қызметіңіз атақ-абырой шырмауында болуына шын жүректен тілектеспін!!!
Құрметпен автор".
Жәкеңнің тілектес, ниеттес ағаларының бірі Құттыбай Ахметов өз туындысына былайша қолтаңба қалдырыпты: "Қазақтың тамаша ұлдарының бірі, құрметті Жанділдә Қожахметұлына ізгі тілекпен ұсынамын.
18 қараша, 2000 ж.
Қостанай қаласы".
Даңқты композитор Әсет Бейсеуов "Армандастар" атты ән жинағына былай деп жазыпты: "Айналайын, бауырым, Жәкен! Аға мен іні болып, бір-бірімізі сағынып, іздеп жүрейік.
Әсет ағаң. 1984 ж. январь".
Облыс жұртшылығына кеңінен таныс, қайталанбас тұлға, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған ардақты ағамыз Қасымбек Бұхметов "Заңғар" атты Қаныш Сәтбаев туралы өзі құрастырған естелік кітапқа мынандай сөз жазыпты: "Жәке! Зор денсаулық, ұзақ өмір, еңбекте мол жетістік, отбасына амандық тілеймін.
Ағаң Қасымбек.
25.03.2000 ж."
Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қалдырған өлеңмен жазылған қолтаңба да елең еткізеді:
"Жәкен!
Сен мен үшін орның ерек дара шыңсың,
(Дұшпаның көре алмаған аласұрсын!)
Бойымда тамшы қаның бүлкілдеген,
Бір ұлы Әлімбеттің, нағашымсың.
Көңілге кірбің түссе тазалап шын,
Әр таңың арайланып, ғажап атсын.
Атыңның өзі "ділдә" түсінгенге,
Алтыннан бағаң биік Азаматсың..."
"Ең қымбат сыйлықтардағы" қолтаңбалардың кейіберулерін қысқаша қайырайын:
"Ардақты Жанділдә-Нина!
Маған жасаған жақсылықтарыңа рахмет.
Құрметпен, композитор Қалибек Деріпсалдин.
1.07.2002 ж."
"Құрметті шәкіртім Жәкен, сендей оқушысы бар ұстаз – бақытты ұстаз. Мен бақыттымын.
Ағаң Сағындық Досмағанбетов.
5,05.1999 ж."
Сол Сағындық ағасының тағы бір қолтаңбасы өлеңмен өрнектеліпті:
"Айналайын, Жанділдә!
Болған шығар жас кезде,
Еркелік пен балалық.
Мен білгелі өзіңді,
Сөзің менен ісіңде,
Байқамадым шалалық.
Кездескенде өзіңмен
Әрқашанда, шырағым,
Отбасына бақ қонып,
Болсыншы, ләйім, амандық.
Жоламасын ешқашан,
Бастарыңа жамандық.
Мұны жазған кім десең,
Әрі ұстазың, жанашыр,
"Жаман" ағаң Сағындық.
3.05.06.
Әулиекөл".
Енді Қазақстанның халық жазушысы, Сәкен-серіні (Жүнісов) оқиық:
"Жанділдә інім!
Талай жылдар, советтік заманда да, адал еңбегіңмен келе жатырсың. Заман сан өзгерсе де сол адалдықтан таймайтын, Азаматтығыңды биік ұстайтын қалпыңнан айнымайтын бауырым болуыңа тілектес ағаң – Сәкен сері. 2002 ж. қаңтар".
Әшір Молдағайынов ағасы:
"Азамат ініме, ағалық ізгі ниетпен ескерткішке ұсындым. Кездескенімді ұмытпаймын. 24.01.1984 ж."
Сейіт Кенжеахметов ағамыз Жәкеңе өзінің бірнеше кітаптарын сыйлапты. Әрқашан қысқа да нұсқа сөз сабақтайтын сатирик, этнограф ағамыз: "Аса қадірлі Жанділдә інім. Денсаулық, бақыт тілеймін. Амандықпен жүздесіп тұрайық.
Ағаң Сейіт. 03.04.02."-деп қайырыпты.
Бүгінгі "Нұр Отан" халық демократияық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев өзінің Л.Конвисарева екеуі жазған "Возьмемся за рухи, друзья!" кітабына мынандай қолтаңба жазып сыйлапты: "Моему старшему брату Жаке, от автора".
"Қарабатырдың" қас батыры атанған Жазит Құдайқұлов ағамыз өз кітабына мынандай белгі соғыпты: "Ең асыл азамат, қымбатты інім Жәкенге автордан ескерткіш".
Қостанайдың ақын қыздарының бірі Светлана Левченко: "Я желаю счастья Вам..." деп, жыр кітабын сыйлапты.
Аты әлемге әйгілі әнші қызымыз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхаметқызы өзінің шетелдік гастрольдеріне арналған көрнекті жарнамасына. "Жанілдә ағаға, ізгі ниетпен!" деп қолтаңба қалдырыпты.
Халық қаһарманы, КСРО халық артисі, талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов өзі туралы жазылған кітапқа "Уважаему Жандильде, на добрую память о нашей теплой и сердечной встрече нашего театра в Костанае. Счастья Вам! 25.05.91". деп қолын қойыпты.
Ақын Нағашыбай Мұқатов:
"Жанділдә Қожахметұлы!
Аталардан бата алып,
Атың асқақ аталып,
Мәртебең жанып жұлдыздай,
Мақтаныш бол Мақанов", – депті.
Нағашыбай Қапалбекұлы:
"Қадірменді Жанділдә бауырым!
Шыққан тауың биік болсын. 20.02.2002 ж."
Серікбай Оспанұлы: "Жанділдә!
Ізің қалсын әр жылда,
Ағаң болсын алдыңда,
Інің болсын соңыңда,
Тарасын сенен сан жылға. 18.05.06.".
Бертран Рубинштейн:
"В канун 2000 года с пожеланиями здоровья и благоденствия на долгие годы Ж.К. и Н.И.Макановым. 28.12.99".
Ұлы Отан соғысының ардагері, қаламгер ағамыз Сырлыбай Бүркітбаев: "Қадірлі Жанділдә ініме! Марал бабамыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін.
16.02.1999ж.
Анатолий Тарасенко: «Жандильда! Это книга вышла благодаря Вам. Много за что мы друг другу благодарим. С уважением автор.
21 августа, 2001 г.»
Сергей Харченко:
"Жандильда Кожахметовичу! С пожеланиями здоровья, счастья и скорейшей защиты докторской диссертации.
14.07.1999г."
Петр Черныш:
"Уважаему Жандильде Кожахметовичу Маканову, от благодарного автора с наилучшими пожеланиями в канун Нового года и Века. декабрь 2000г."
"Ең қымбат сыйлықтарда" бұдан басқа да көптеген авторлардың, белгілі де беделді адамдардың, Олжас Сүлейменов, Кәкімбек Салықов сияқты тамаша ақындардың, Михаил Карпов, Зейнола Жаңбыршынов сынды шаруашылық басшыларының, Ратбек қажы мен Виктор әкей сияқты дінбасыларының және де басқа азаматтардың ағынан ақтарылып жазған қолтаңбалары бар. Сол қолтаңбаларды зерделеген адам Жәкең өмірінің әрбір белесін, оның көтерілген биігін, алған асуын да, араласқан ортасын да көргендей болады.
Осынау тамаша естелік, қолтаңбалар кітабының ішінде осы жолдар авторының да ізет-көңілі бар екен. 1998 жылы Алматының "Алатау" баспасынан шыққан "Жүрек-лүпілі" атты тұңғыш кітабыма мынандай қолтаңба жазып, Жәкеңе сыйлаппын:
"Аса құрметті Жанілдә Қожахметұлына!
Тілектес көңілмен.Автор. 12.11.98 ж."
Енді, міне, сол бір кезден он жылдан астам уақыт өткен шақта сол баяғы тілектес көңілімнің бүгінгі белгісіндей осы эссені жазып, жариялап отырмын.
"Сүйер ұлың болса, сен, сүй, сүйінерге жарар ол", – деп ұлы Абай текке айтпаса керек-ті. Сол ұлымыздың келер күні кемел, болашағы жарқын болғай...
Сен де бір кірпіш дүниеге...
Ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір
маманы Марат Қасымов туралы сөз
1. “Мен туған күн”
Марат Ұлы Отан соғысының аса ауыр кезеңі – 1943 жылдың 1 шілдесінде дүниеге келді. Обаған ауданы Қобланды ауылында (қазіргі Щербаково селосы) колхоз басқармасының төрағасы болып істейтін әкесі Әнуарбек сол күні соғысқа аттануға тиіс еді. Әскери комиссар ұлының тууына байланысты әкеге үш күнге мұрсат берді. Онысы, бәлкім, қан майданға аттанып бара жатқан азаматтың енді осы жаңа туған ұлын қайтып көре ме, көрмей ме дегендігі шығар. Бірақ құдай сақтады. Әке 1945 жылдың күзінде елге аман-есен оралғанда тәй-тәй басып жүрген осы Мараты қанатын жайып, алдынан шығып еді. Әке болса кішкене перзентін аспанға көтеріп, бетіне бетін басқан. Мараттың есінде қалғаны еңгезердей адамның оқ-дәрі исі шыққан шұбатылған шинелі мен бетіне түрпідей қадалған сақал-мұрты. Бірақ сәби жүрегі бұл келген адамның ең жақын адам, өз әкесі екенін сезгендей еді, құп-құйттай жүрегі қуана соғып,оның қасынан шықпай, қолтығына тығыла түскен. Әке де:
– Менің отбасы, ошақ қасы, туған жеріме от-жалыннан аман оралуым әуелі құдайдың оң көзі, сосын осы Маратымның көз жасы шығар, – деп талай толқыған.
Әке өзінің бұрынғы жұмысын қолға алды. Колхоз төрағасының күнделікті атқарар ісі жетіп, артылады. Соғыстан кейінгі ауыр кезең, үйдегі алты баланың қамы. Бертін келе әке денсаулығы сыр беріп, 1952 жылы дүниеден өтті. Енді үйдің бүкіл тауқыметі, шиеттей балалардың бағым-күтімі анаға қарады. Қайсар әйел қиындықтан қайыспады. Колхоздың жұмысына жегілді. Қайда жұмсаса сонда барды, сауыншы да болды, қырман да тазартты, бұзау да күтті, басқасын да істеді.
– Анамды әруақытта еске алып, аруағына тағзым етемін, – дейді бүгіндер азамат болған ұлы Марат Әнуарбекұлы.
2. “Инспектор көлінің”
жағасында көкөніс өсірдік”
Марат әуелі Сатай бастауыш мектебін, кейін Арыстанкөл жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін білімін Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта жалғастырды.
– Тобыл өзенінің бойында Ыбырай атамыздың бір кездегі қонысы “Инспектор көлі” жағасында біздің интернатымыздың көкөніс, картоп өсіретін жері болатын. Балаларға қажет қысқы азық сол жерде дайындалатын. Біз, оқушылар, сол жерге күтім жасап, өнім жинап, еңбек ететінбіз. Ұстазымыз Мырзахмет Шайхин ағай Ыбырайдың атасы Балқожа би туралы естелік айтатын, тарихқа бойлататын, туған жердің түлектері туралы сыр сабақтайтын, – деп еске алады Мәкең.
Ыбырай мектебі – алтын ұя. Оның қабырғасынан қанат қомдап ұшқан түлектердің текке қалғаны жоқ, бәрі де өмірден өз орындарын тауып, елінің елеулі де қалаулы азаматтары атанды. Осы Марат Қасымов та алтын ұяның сондай түлектерінің бірі.
Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру жөніндегі инженер мамандығын алған ол алғашқы еңбек жолын “Целинный” ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтынан бастады. Бұл институт тыңдағы ерекше маңызды ғылыми-зерттеу орны еді. 150 инженер жұмыс істеді. Қазақстан тыңына қажетті техниканы өндірістік сынақтан өткізді. Сол кезде осы институтта екі-ақ қазақ инженері болды. Оның бірі Ыбырай Жүсіпов болса, екіншісі осы Марат еді. Жас жігіт бірден көзге түсті, іскерлігімен, қоғамдық жұмыстағы белсенділігімен танылды.
Достарыңызбен бөлісу: |