адсорбциялау және рекуперациялау цехтарын ұстау тәртiбi
863. Цехтардағы ұшпалы ерiткiштердi пайдаланумен байланысты орындар буды аулағыштарға бере отырып, оны жергiлiктi сору жүйелерiмен жабдықталады.
864. Рекуперациялау қондырғысы барлық жұмыс орындарынан ұшпалы ерiткiштердiң буын үздiксiз және толықтай соруды қамтамасыз етедi.
865. Жаңа жұмыс орындарын, учаскелер мен цехтарды егер рекуперациялау станциясының қуаты мүмкiндік бермесе, бу-ауа қоспасы желiлерiне қосуға жол берiлмейдi.
866. Адсорберлерге түсетiн бу, ауа қоспасының қосылымы жүйелi түрде бақыланады. Бу, ауа қоспасының шектi параметрлерi технологиялық нұсқаулықтарда көрсетiледi. Бу, ауа желiлерiнiң қоспаның неғұрлым өрт, жарылыс қауiптi заттарының тұтануының төменгi шоғырлану шегiнен 50 %-ға жоғары ауланатын будың шоғырлануымен жұмыс iстеуiне жол берiлмейдi.
867. Цехтардан рекуперациялау станциясына бу, ауа қоспасы тасымалданатын желiлер жарамды күйде ұсталады. Құбырлардың iшкi қабатын қатты жанғыш қыртыстармен немесе сұйық конденсатпен ластауға жол берiлмейдi. Бу, ауа қоспасынан қатты қоспаларды аулауға арналған сүзгiштер немесе циклондар жарамды күйде пайдаланылады және бекiтiлген кестеге сәйкес тазартылады. Конденсаттың түзiлуi байқалатын желiлердiң учаскелерiнде жанбайтын материалдан жасалған жарамды жылытқышы және конденсаттың ағып кетуiне арналған ылди болуы қажет.
868. Бу, ауа қоспаларының желiлерi қолданыстағы сенiмдi от бөгегiштермен қорғалады. От бөгегiштердiң саны, олардың түрi мен от өшiретiн саптамалардың өлшемдерi жобалау деректерiне сәйкес қабылданады. Қондырғыны от бөгегiштерсiз немесе жобаға сәйкес келмейтiн от бөгегiштермен пайдалануға жол берiлмейдi.
869. Желдеткiштер жұмысының авариялық режимiнiң дыбыс дабылы мен резервтiк агрегаттарды автоматты iске қосу жүйесi жарамды күйде ұсталады және мерзiмдi түрде тексерiледi.
870. Жарылыс, өрт қауiптi бу, ауа қоспасын атмосфераға лақтыруға арналған авариялық құбыр жарамды күйде ұсталады. Оның жұмысқа дайындығы жүйелi түрде тексерiледi. Авариялық құбыр найзағайдан қорғағышпен жабдықталады.
871. Желдеткiштердiң электр қозғалтқыштарының қаптамаларын жарылыстан қорғау деңгейi мен қорғау дәрежесi Электр қондырғыларын орнату қағидаларына сәйкес үй-жайдың жарылыс қауiптi аймағының класына сәйкес орындалады.
872. Адсорберлердiң өрт сөндiру жүйелерi жарамды күйде ұсталады және аптасына 1 реттен сиретпей бақыланады.
Жанғыш ортада тұтану көздерiнiң түзiлуiн болдырмау жөнiндегi
шаралар
873. Талшықты материалдарды, қатты жанғыш заттарды уатылған (майдаланған) түрiнде бастапқы қайта өңдеудi жүзеге асыратын технологиялық желiлер, машиналар мен аппараттар бөгде заттарды аулау (бөлу) үшiн жарамды құралдармен (тас аулағыштар, магниттiк қорғағыш) қамтамасыз етiледi.
874. Сыртқы қабатының температурасы 45оС жоғары құбырлардың қабаттары, жабдық, сыйымдылықтар, өнiм өткiзгiштер материалдардың тұтану немесе газдардың, сұйықтықтар буының немесе тозаңның жарылу қаупi болатын үй-жайлар жанбайтын материалдан жасалған қаптамасы бар жарамды жанбайтын жылу оқшаулағышпен жабдықталады.
875. Жұмыс iстегенде статикалық электр зарядтары жиналуы мүмкiн технологиялық жабдықты пайдалану жарамды антистатикалық құрылғылармен, ал қажет болған жағдайда бейтараптағыштармен (радио изотопты, жоғары вольтты, индукциялы) жүргiзiледi.
876. Өнiмдердi ұсақтау, сiлку, қопсыту, түту, тозаңдату, шашырату жүргiзiлетiн аппараттарда, сыйымдылықтарда, агрегаттарда, бөлек тұрған машиналарда, аппараттарда, басқа жабдықпен материал өткiзгiштермен немесе металл құрылымдарымен қосылмаған агрегаттар жарамды жерге тұйықтағышпен қамтамсыз етiледi.
877. Құбырлардағы, аппараттардағы, корпустармен қақпақтарды қосқыштардағы және болттармен қосқыштардағы фланецтi қосқыштарда электрлiк емес өткiзгiш сырларымен сырланған немесе диэлектриктерден жасалған шайбаларды қолдануға жол берiлмейдi.
878. Өндiрiстiк және қойма үй-жайлары iшiнде iштен жану қозғалтқыштары бар машиналар мен жабдықты қолдануға жол берiлмейдi.
879. Бiлiктер мен мойынтiректердiң қызып кетуінің және ауытқуының алдын алу үшiн олар мерзiм сайын, ауысымына бiр реттен сиретпей тексерiледi.
880. Жабдық шегiндегi электр желiлерi агрессивтi ортадан қорғалады. Металл түтіктер жабдықтың жылжымайтын бөлшектерiне бiр-бiрiнен 400 миллиметрден аспайтын қашықтықта орналасқан арнайы қысқыштармен бекiтiледi.
881. Мыс сымдары бар, бiрнеше рет иiлуге және үйкелуге төзiмдi арнайы иiлгiш кәбілдер немесе электр қозғалтқыштарын, электр аппараттарын және жабдықтың қозғалатын бөлшектерiнде орнатылған аспаптарды қоректендiруге арналған жылжымалы ток ажыратқыштар жарамды күйде ұсталады.
882. Станоктар, агрегаттар мен машиналар жұмыс iстеген кезде:
1) барлық қозғалмалы бөлшектердiң еркiн айналуы;
2) шикiзатты аэродинамикалық тазалау кезiнде аспирациялық арналарда ауа режимiн реттеуi және үй-жайға тозаң бөлудi болдырмауы;
3) дайындаушы зауыттың паспорттық деректерiне сәйкес айналатын бөлшектер массаларының бiркелкiлiгi қамтамасыз етiледi.
883. Желдеткiш пен пневмокөлiктiң объектiлiк және цех қондырғыларының (жүйелерiнiң) жұмыс режимi жұмыс нұсқаулықтарында айқындалады, онда өрт қауiпсiздiгi шаралары (өндiрiс жағдайларына қатысты), ауа өткiзгiштердi, сүзгiштердi, от бөгегiш клапандар мен өзге де жабдықты тазалау мерзiмдерi, сондай-ақ өрт немесе авария шыққан жағдайда қызмет көрсетушi персоналдың iс-әрекет жасау тәртiбi көзделеді.
884. Желдеткiш және пневмокөлiк қондырғыларын жоспарлы алдын ала жөндеу күн сайын бақылауды, мойынтiректерiн дер кезiнде майлауды, тегершiктердiң жай-күйiн және жетек белбеулерiнiң керiлуiн тексерудi, желдеткiш бiлiгi люфтiнiң қалпына келтiрiлуiн, өткiзгiштердiң электр қозғалтқыштарына қосылатын жерлерiнде байланыстардың сенiмдiлiгiн, электрден қорғаудың жай-күйiн күн сайын тексеруге жатады. Барлық қондырғыларды әр жөндеуден кейiн кәсiпорын басшылығы бөлген жауапты адам көрсеткiштердi олардың сәйкестiгiне өлшей және паспорттарда белгiлей отырып жүргiзедi.
885. Пневматикалық көлiк пен сорғы ауа өткiзгiштердiң құбырларында мерзiм сайын қарау (тексеру), жүйелердi тазарту және өрт шыққан жағдайда оны ойдағыдай сөндiру үшiн терезелер, люктер, ажыратылатын қосқыштар қарастырылуы қажет. Байқау терезелерi бiр-бiрiнен 10 метрден аспайтын қашықтықта, сондай-ақ үш көздi тетiктердiң жанында, бұрылыстарда, қабырғалар мен жабындар арқылы құбырлар өтетiн жерде орналастырылады.
886. Желдеткiштiң дөңгелегi теңгерiмделеді және дөңгелектiң қаптың қабырғасына соғылу мүмкiндiгiн болдырмайтындай етiп реттеледi.
887 . Машинадан ұлпаны және тозаңды шығару бойынша желдеткiш қондырғының қалыпсыз жұмысы байқалған жағдайда (ауа тартудың тоқтауы, желдеткiштiң тарсылдауы, ұшқынның пайда болуы, түтiннiң немесе иiстiң болуы) желдеткiштi тоқтату және оны жөндеу үшiн шаралар қабылданады.
888. Пневмокөлiктiң аспирациялық құрылғылары мен жүйелерiнiң iшкi қабаттары тегiс, шығыңқы және тiстi бөлiксiз етiп орындалады.
889. Желдеткiш, аспирациялық және пневмокөлiк қондырғыларына (жүйелерiне) қызмет көрсету және оларды пайдалану кезiнде:
1) пневматикалық және аспирациялық жүйелердiң ауа өткiзгiштерiнде, тозаңды жертөлелерде, камералар мен сүзгiштерде бекiтiлген кесте бойынша оларды жүйелi түрде тазалай отырып, тозаң мен ұлпаның жинауына жол берiлмейдi. Қарау және тазалау нәтижелерi арнайы журналда жазылады;
2) шатырлар мен сорғы құбырлардың iшкi қабатындағы жанғыш қыртыстар жылына кемiнде 2 рет тазартылады;
3) тозаң сору және тозаң аулау қондырғылары ақаулы болған жағдайда технологиялық жабдықтың жұмыс iстеуiне жол берiлмейдi;
4) тозаң камераларында (тозаңды жертөлелерде) бөгде адамдардың болуына жол берiлмейдi;
5) жану немесе өрт шыққан жағдайда осы желдеткiш жүйелерiнiң қызмет көрсету аймағындағы барлық желдеткiш құрылғылары мен технологиялық жабдық дереу тоқтатылып, ауа өткiзгiштердегi барлық клапандар жабылады;
6) жалпы тозаң камерасына немесе жанғыш тозаңды немесе қалдықтарды тасымалдайтын жеке құрылғылардан жертөлеге кiретiн барлық пайдаланылған құбырлар автоматты клапандармен жабдықталуы, сондай-ақ олардың үздiксiз жұмыс iстеуi қадағаланады.
890. Желдеткiш қондырғылар жанғыш және жарылыс қауiптi заттарды тасымалдайтын өндiрiстiк үй-жайларда барлық металл ауа өткiзгiштер, құбыр өткiзгiштер, сүзгiштер және сорғы қондырғысының өзге де жабдығы кемiнде екi жерден жерге қосылады.
891. Ауа құрамында тез тұтанатын немесе жарылыс қауiптi заттар (газдар, бу, тозаң) болуы мүмкiн үй-жайлар үшiн желдеткiш жүйелерiнiң өзге де құрылғыларын реттейтiн желдеткiштердiң құрылымы мен материалы ұшқын түзiлу мүмкiндiгiн болдырмайды.
892. Өртке қарсы қалқалардың қиылысатын жерiнде орнатылған ауа өткiзгiштердiң автоматты от бөгегiш құрылғылары (қалқалағыштар, шиберлер, клапандар) жарамды күйде ұсталады, олардың жұмысқа қабiлетi айына 1 реттен сиретпей тексерiледi.
893. Желдеткiш жүйесiнде от бөгегiш құрылғыларды пайдалану кезiнде:
1) аптасына бiр реттен сиретпей олардың жалпы техникалық жай-күйiн тексеру;
2) ысырмалардың сезiмтал элементтерiн (тез балқитын құлыптар, тез жанатын ендiрмелер, термо сезiмтал элементтер) жанғыш тозаңмен ластанудан дер кезiнде тазалау;
3) магистралдық жиынтық ауа өткiзгiшке қосылатын жерiнде дайындау бөлiмшесiнiң бiр машинасына немесе машиналар тобына қызмет көрсететiн ауа өткiзгiштер тарамдарында орналасқан өртке қарсы қол ысырмаларының жарамдылығын тұрақты тексеру;
4) аптасына бiр реттен сиретпей өрт, жарылыс қауiптi үй-жайларға қызмет көрсететiн желдеткiш қондырғыларды қашықтықтан қосу немесе ажырату қондырғыларының жарамдылығын тексеру жүргiзiледi.
894. Тозаңды гравитациялық тұндыру үшiн желдеткiштер мен ауа өткiзу машиналарынан кейiн орналасқан сыйымдылықтарды (аспирациялық шахталарды, тозаң тұндыру камералары) пайдалануға жол берiлмейдi.
895. Пневмокөлiк қондырғыларына орнатылатын органикалық шыныдан жасалған қоспалары 100 милиметрден аспайтын орам қадамы бар сыммен сыртынан оралады. Көрсетiлген сымның екi шетi де арасында ендірме орналасқан қондырғының металл бөлiктерiне мықты бекiтiледі. Аспирациялық қондырғылардың ауа жолдары мен инженерлік желілердің құбырларының жанасуына жол берілмейді.
896. Магниттiк қорғау:
1) желдеткiштерге, конденсаторларға және өзге де технологиялық жабдыққа талшықты материалдар массасымен қатты заттардың (тастар, шлак) түсуiн болдырмау үшiн олардың алдына тас аулағыштар, ал металл заттарды шығару үшiн магниттiк аулағыштар орнатылады. Аулағыштар тiгiнен (еңкiш) көлденең күйге құбырларды бұру орындарында орнатылады;
2) магниттiк қоспаларды аулауға арналған жабдық (магниттiк бөгеттер) жобалау құжаттамасына сәйкес орнатылады;
3) магниттiк бөгеттер дайындау бөлiмшесiнiң түту, тарау машиналарының, араластырғыштарының және өзге де жабдығының алдына орнатылады;
4) электр магниттiк сепараторлар жұмыс iстеген кезде бөлшектердiң (магнит өткiзгiштiң, мойынтiректердiң, шикiзатпен жанасатын бөлшектердiң) қызуы бақыланады;
5) электр магниттiк сепараторлардың қырғыш тетiктерi бiркелкi жұмыс iстеуi және қолмен тазалағышсыз магнит қоспаларын толықтай шығару қамтамасыз етiледi;
6) электр магниттiк сепараторлардың жарық сигнализациясының үздiксiз жұмыс iстеуi қамтамасыз етіледі;
7) магниттiк колонкаларда магниттiк қоспалардан тазалауға арналған таға блогын оңай алу қамтамасыз етiледi. Бұл ретте магниттiк қоспалардың шикiзатқа түсуiне жол берiлмейдi;
8) магниттiк колонкаларды металл қоспаларынан тазарту үшiн арнайы щеткалар немесе ағаш қырғыштар қолданылады;
9) магниттiк қоспаларды аулау үшiн жабдыққа қызмет көрсету және тексеру үшiн еркiн өту жолы қамтамасыз етiледi;
10) магниттердiң жай-күйiн бақылау айына кемiнде бiр жүргiзiледi;
11) электр энергиясын беру тоқтаған кезде сепараторлардың электр магниттерiне өнiм беруге жол берiлмейдi;
12) қызмет көрсетушi персонал магниттi өрiстiң тұтас ұзындығы бойымен шикiзаттың электр магниттiк сепараторларына және магниттiк колонкаларына үздiксiз және бiркелкi түсуiн жүйелi түрде тексерiледi.
897. Шикiзаттың, өндiрiс қалдықтарының, өндiрiстiк тозаңның, дайын өнiмнiң жануы (өздiгiнен тұтануы) байқалғанда дереу объектінің мемлекеттік емес өртке қарсы қызметіне немесе өртке қарсы ерікті құралымына және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшесіне хабарланады. Қызмет көрсетушi персоналды эвакуациялау шаралары қабылданады, барлық жабдық тоқтатылады және токтан ажыратылады, кәсiпорын басшысына хабарланады.
898. Қауiптi авария алдындағы факторлар (жанған шикiзаттың, күйiктiң, түтiннiң иiсi, машиналардың айналатын бөлшектерiнiң авариялық үйкелiсi, жабдыққа бөгде заттар түскен, машинаға өнiмнiң үйiлуi кезiндегi жоғары температура, шу, дiрiл) пайда болғанда барлық көлiк жабдығы тоқтатылып, мұқият тексерiледi. Оны iске қосу ақаулықтардың себептерiн анықтағаннан және оны жойғаннан кейiн ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
899. Технологиялық (көлiк) желiсi автоматты (авариялық) тоқтаған кезде бұғаттау iс-әрекетiн жүргiзуге сигнал берген құрылғыны (жылдамдықты бақылау релесi, шикiзат беру тетiгi, электр қозғалтқышы жетегiнiң шамадан тыс ток жүктемесiнен қорғау) айқындау, оның iске қосылу себебiн анықтап жою қажет. Технологиялық (көлiк) желiнi кезектi iске қосу алдында ол материалдардан босатылып, ақауы жойылады.
900. Технологиялық, көлiк немесе аспирациялық жабдықта жанып жатқан (бықсыған) өнiм анықталған кезде оны дереу тоқтату қажет, ол туралы дереу цех бастығына, кәсiпорын басшысына және мемлекеттiк емес өртке қарсы қызметке хабарланады. Бiр мезгiлде осы учаскеде (қажет болған жағдайда) барлық өндiрiстiк жабдық және желдеткiш қондырғылары тоқтатылып, желдеткiштiң ауа жолдары жабылып, электр желiсi өшiрiледi.
901. Жану ошақтарын жойғаннан кейiн барлық ауа өткiзгiштердi, сүзгiш камераларын, тозаң камераларын (тозаңды жертөлелердi) және өзге де желдеткiш пневможабдығын, сондай-ақ технологиялық машиналарды әбден тазалағанға дейiн желдеткiш және пневмокөлiк қондырғыларын iске қосуға жол берiлмейдi.
902. Өрттердi өндiрiстiң тозаңды қалдықтар суының бағытталған шағын ағыстарымен сөндiруге жол берiлмейдi.
8. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi объектiлерiн ұстау тәртiбi
Негiзгi өндiрiс объектiлерiн ұстау тәртiбi
903. Отпен жылытып азық дайындау үшiн вакуумдық-сорғы және жылу генераторларын орналастыруға арналған үй-жайлар, сондай-ақ мал шаруашылығы және құс шаруашылығы ғимараттарына қоса салынған немесе олардың iшiнде салынған, iрi жемшөптер қорын сақтауға арналған үй-жайлар мал мен құсты ұстауға арналған үй-жайлардан өртке қарсы қабырғалармен және жабындармен бөлiнедi. Көрсетiлген үй-жайлар тiкелей сыртқа шығу жолдарымен жабдықталады.
904. Жануарлар мен құстарға арналған үй-жайларда шеберханалар, қоймалар, автокөлiк, трактор, ауыл шаруашылығы техникасы тұрақтарын орналастыруға, сондай-ақ фермаларға қызмет көрсетуге байланысты емес кез келген жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмейдi. Бұл үй-жайларға газ шығаратын құбырлары ұшқын сөндіргіштерiмен жабдықталмаған тракторлардың, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарының кiруіне жол берiлмейдi.
905. 20 және одан астам мал басы болған жағдайда, сүт тауары фермаларында (кешендерде) топтық байлау әдiсi қолданылады.
906. Фермалардың шатырдағы үй-жайларында iрi жемшөптi сақтағанда:
1) төбе жабыны жанбайтын материалдардан жасалады;
2) шатырдағы ағаш жабындарын және жанғыш жылытқыш шатыр үй-жайлары жағынан тұтанудан жанғыш жылытқыш бойын қалыңдығы 3 сантиметр балшық сылағымен (немесе тең оттан қорғаумен) немесе өртенбейтiн жылытқышпен қорғалады;
3) шатыр үй-жайындағы электр желiсi механикалық ақаулықтардан қорғалады;
4) мұржалар периметр бойынша 1 метр қашықтықта қоршалады.
907. Электр брудерлерiн орнатқанда және пайдаланғанда:
1) жылу қыздырғыш элементтерiнен төсемдер мен жанғыш заттарға дейiнгi қашықтық тігінен кемінде 80 сантиметр, ал көлденеңінен кемінде 25 сантиметр болады;
2) тек зауытта шығарылған қыздыру элементтерi қолданылады және қызған бөлшектерi түсiп қалу мүмкіндігі болмайтындай етiп орнатылады. Ашық жылыту элементтерiн қолдануға жол берiлмейдi;
3) оларды электр энергиясымен қамтамасыз ету бөлiп таратқыш қалқанынан дербес желiлерi бойынша iске асырылады. Брудердiң әрқайсысы дербес ажыратқыштармен жабдықталады;
4) бөлiп таратқыш қалқанының барлық электр желiсiн тоқтан ажыратқыш шаппа қосқышы, сондай-ақ қысқа түйiсу мен шамадан тыс жүктемеден қорғау құрылғысы болады;
5) брудердiң температуралық режимі автоматты түрде реттеледі.
908. Жылжымалы ультракүлгiн қондырғылар және олардың электр жабдықтары жанғыш материалдардан кемінде 1 метр қашықтықта орналастырылады.
909. Электр брудерлер мен ультракүлгiн қондырғылардың iшкi электр желiсi кәбілден немесе оқшауланған өткiзгiштен жасалады. Оқшауланған өткiзгiш құбырларда немесе зәкiрлерде еденнiң деңгейiнен кемінде 2,5 метр биiктiкте және жанғыш құрылғылардан 0,1 метр қашықтықта оқшаулағыштармен төселедi.
910. Қырқатын агрегаттың бензин қозғалтқышын ғимараттардан 15 метр қашықтықта, шөп пен қоқыстан тазартылған алаңшада орнату қажет. Жанар-жағармай материалдары қорын сақтау қырқу бекетi мен құрылыстардан 20 метр қашықтықта, жабық металл ыдыста жүзеге асырылады.
911. Қырқу бекетiнде ауысым өнiмiнен артық жүн жинауға және өту-шығу орындарына жүн теңдерін үйіп қоюға жол беруге болмайды.
912. Түнгi уақытта мал шаруашылығы және құс шаруашылығы үй-жайлары, iшiнде мал мен құс болғанда күзетшiлердiң, малшылардың немесе басқа да осы мақсатта тағайындалған тұлғалардың байқауында болады.
913. Аммиак селитрасы отқа төзiмдiлігi I және II дәрежелi дербес шатырсыз бiр қабатты өртенбейтiн едендерi бар ғимараттарда сақталады. Ерекше жағдайларда селитраны отқа төзiмдiлiгi I немесе II дәрежелi ауыл шаруашылығы кәсiпорнының минералды тыңайтқыштардың ортақ қоймасының жеке бөлiгiнде сақтауға жол берiледi. Әсерi күшті тотықтырғыштар (магний және кальций хлораттары, сутегi тотығы) отқа төзiмдiлiгi I, II және III дәрежелi ғимараттардың жеке бөлiктерiнде сақталады.
914. Фермалар мен басқа ауыл шаруашылығы объектiлерiн қылқан жапырақты ормандарға жақын, құрылыстар мен орман алқаптарының арасында орналастырғанда көктемгi-жазғы өрт қауiптi кезеңге бульдозерлер, соқалар және басқа да топырақ өңдейтiн құрал-жабдықтар арқылы (шаруашылық тұрғыдан орынды болса, қорғайтын алқаптарда картоп, бөрібұршақ, түйебұршақ сияқты өртке төзiмдi өсiмдiктер) орнатылатын өртке қарсы қорғау алқаптары құрылады.
915. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының аумағында (ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң осы учаскесiнiң технологиясына байланысты болмаса), сондай-ақ мақта, зығыр және басқа да жанғыш материалдарды сақтау және өңдеу орындарында ашық отты (алау, шырақ) қолдануға жол берiлмейдi.
Ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу тәртiбi
916. Қаптарды ұннан тазарту және оларды сақтау үшiн қапты қағатын машинасы орнатылған оқшауланған үй-жайлары көзделеді.
917. Нан пiсiру кәсiпорындарында сұйық май мен өсiмдiк майын ыдыссыз сақтау жеке үй-жайда көзделеді.
918. Қатты отынмен жұмыс iстейтiн нан пiсiру пештерiнiң үздiксiз люлькалы подиктi тұйық жерлерiндегi отындары үшiн өртке қарсы қалқамен (өртке қарсы есiкпен) және жабындымен бөлiнетiн үй-жай көзделеді.
919. Отын үй-жайында бiр ауысымға арналған қатты отыннан аспайтын қордың болуына жол берiледi.
920. Нан пiсiру пештерi сұйық отында жұмыс iстегенде сұйық отынның шығыс бактарын орнатуға арналған өртенбейтiн құрылыстан жасалған ғимараттан тыс және оқшауланған үй-жай көзделеді.
921. Элеваторлардағы, ұн тартатын, құрама жем және арпа зауыттарында бiр мезгiлде 15 адамнан кем болатын өндiрiстiк үй-жайлардың есiктерiн үй-жайлардың iшiне қарай (эвакуациялау орнына қарсы) ашылатындай етiп жасауға жол берiледi. Сонымен қатар тамбур-шлюздердiң есiктерi әр жаққа ашылады (өндiрiстiк үй-жайларынан тамбур-шлюздерiне қарай эвакуациялау жолына қарсы, тамбур-шлюзден саты алаңына қарай есiктер – эвакуациялау жолы бойымен).
922. Таспа конвейерлерiн өткiзуге арналған өртке қарсы ойықтар автоматты өрт сөндiру қалқандарымен немесе өрт шыққан жағдайда, оларды жабуға арналған құрылғылармен жабдықталады.
923. Тұрмыстық, қосалқы және әкiмшiлiк-шаруашылық үй-жайлары, басқару пультінің үй-жайлары, электр таратқыш құрылғылары, желдеткiш камералары мен саты алаңдары арқылы ауа жолын, материал өткiзгiштерiн, бағытсыз құбырларды өткiзуге жол берiлмейдi.
924. Циклондарды сыртта, жем кептiргiштерге және қазандықтардың түтiн құбырларына қараған жаққа орнатуға жол берiлмейдi.
925. Кәбілдердi төсеуге арналған шахталарда норийлер, бағытсыз және аспирациялау құбырларын, сондай-ақ басқа тасымалдау және технологиялық жабдықтарды орнатуға жол берiлмейдi.
926. Астық сақтау қоймаларының, астықты қайта өндiретiн кәсiпорындардың барлық қабаттары қабатаралық және цехаралық байланыспен (телефонмен, сөйлесу құбырларымен, қоңыраулармен) қамтамасыз етiледi.
927. Автокөлiкке өнiм мен қалдықтарды ыдыссыз тиеудiң аумақты шаң басудан сақтандыратын құрылғылары болуы тиiс немесе тиеу жабық үй-жайда жүргiзiледi.
928. Қалдықтар кәсiпорынның аумағынан арнайы жабдықталған азық тасығыш тәрiздi автомобильдермен шығарылады.
929. Құрама жем зауыттарында темiржол және автомобиль көлiгiнен ұн шикiзатын және кебектердi түсiру орындары шаң басудың алдын алу мақсатында аспирациямен жабдықталады.
930. Сүрлемге және бункерлерге арналған люктер, сондай-ақ бағытсыз құбырлардағы, ауа өткiзгiштердегi және аспирациялық қаптамалардағы шағын люктер үй-жайларын шаң басудан сақтандыратын тығыз қосылыстармен қамтамасыз етіледі.
931. Барлық қоймалар бiр-бiрiнен 100 метрден аспайтын қашықтықта орналасқан сыртқы сүйеп қоятын сатылармен жабдықталады.
932. Жұмыс басталардан бұрын дән тазартқыш және астық бастыру машиналары дәннiң сапалы аэродинамикалық тазартылуын қамтамасыз ететiн және үй-жайға шаңның кiруiн болдырмайтын аспирациялық каналдарда ауа режимiне реттеп қойылады. Машиналардың үстiндегi жарылысты бәсеңдеткiштер жұмысқа жарамды күйде ұсталады.
933. Өнiмдiлiгi сағатына 50 тоннадан астам норийлер тоқтаған кезде таспаны керi жүруден қорғайтын автоматты тежеуiш құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Норийлердi және жекелеген бөлшектердi ағаштан немесе басқа жанғыш материалдардан жасауға жол берiлмейдi.
934. Тазартылмаған дән үшiн дән шнектерi iрi қоспаларын терiп алуға арналған шарбақпен және өнiмнiң қысымынан ашылатын сақтандырғыш қақпаларымен жабдықталады.
935. Шарбақтарды тазарту кезектілігін кәсiпорынның басшысы белгiлейдi.
936. Сына тәрiздi қайыс бауларының бәрінің тартылуы бiрдей болуға тиiс. Сына тәрiздi қайыс баулар жинағы толық болмағанда жұмыс істеуге немесе шкив бунақтарының пiшiнiне сәйкес келмейтiн пiшiнi бар қайыс бауларды қолдануға жол берiлмейдi.
937. Сына қайыс бауларын ауыстыру осы берiлiс үшiн толық жинақпен жүргiзiледi.
938. Қондырғылардың паспорттарын монтаждау немесе мамандандырылған жөндеу ұйымдары жасайды.
939. Барлық аспирациялық қондырғылардың паспорттарын әр жөндеу жұмыстарынан кейiн аспирациялау жөнiндегi инженер немесе кәсiпорынның басшылығы бөлген басқа жауапты адам тексередi.
940. Өрт қауіпті санатындағы (В1-В4) үй-жайлар мен ғимараттардың аспирациялық және пневмокөлiктiк қондырғылардың ауа үрлегiш машиналары мен желдеткiштерi тозаң тұтқыштардан кейiн (ауаның қозғалу бағытымен) орнатылады.
Ұн тарту зауыттарындағы жиынтық өнімділігі жоғары жабдықтарда пневмокөлiк жүйелерiнде сүзгiштерге дейiн тозаң-ұшқын қауiпсiз желдеткiштерiн орнатуға жол берiледi.
941. Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар мен жедел (өндiрiстiк) ыдыстардың аспирациясының технологиялық және көлiктiк жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосылуына жол берiлмейдi.
Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар жеке қондырғымен аспирациялануы тиiс. Жедел ыдыстардың аспирациясын iшiнде айналып тұратын бөлшектерi жоқ, мысалы үйiлме арнашықтары, бұрылу құбырлары жоқ жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосуға жол берiледi.
942. Технологиялық және көлiктiк жабдық аспирациялық қондырғыларымен бұғатталады.
943. Элеваторлардың жұмыс ғимараттарында желдеткiштер мен дән кептiргiштерiнiң тозаң тұтқыштарын орналастыруға жол берiлмейдi.
944. Элеваторларда аспирациялық қалдықтарды және бункерлер мен сүрлемдерде өндiрiстiк тозаңды жинауға және сақтауға жол берiлмейдi.
945. Шикiзат және дайын өнiм қойма үй-жайлары арқылы транзиттi ауа арналарын, сондай-ақ жарылыс өрт қауiпi және өрт қауiпi бойынша А, Б, және В1-4 санатындағы үй-жайлары арқылы төсеуге жол берiлмейдi.
946. Желдеткiштер мен ауа үрлегiш машиналардан кейiн орналасқан (аспирациялық шахталардың, тозаң камералардың) тозаңның гравитациялық отырғызуына арналған ыдыстарды пайдалануға жол берiлмейдi.
947. Ауа өткiзгiштер мен материал өткiзгiштер кемінде екі жерде жерге тұйықталады.
948. Тозаң тұтқыштар мен ауа үрлегiш машиналар жеке қосымша тұйықталады. Қондырғы элементтері арасындағы қосылыстарда болттардың астына диэлектрлiк материалдардан жасалған шайбаларды және электр өткiзбейтiн бояулармен сырланған шайбаларды қолдануға жол берiлмейдi.
949. Пневмокөлiктiк қондырғыларға орнатылатын органикалық шыныдан жасалған қоспалары 100 миллиметрден аспайтын орам қадамы бар сыммен сыртынан оралған болуы тиiс. Көрсетiлген сымның екi шетi де арасында қоспа орналасқан қондырғының металл бөлiктерiне мықтап бекiтiледi.
950. Аспирациялық қондырғылардың ауа арналарының жылыту жүйесiнiң құбыр жолдарымен түйiсуiне жол берiлмейдi.
951. Технологиялық және тасымалданатын жабдықты пайдалануда өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн мынадай талаптар орындалады:
1) өндiрiстiк үй-жайларға тозаңның бөлінуін болдырмау үшін жабдық өндіруші-кәсiпорынның ұсыныстарын ескере отырып герметикаланады және қажеттi жағдайларда аспирацияланады;
2) сыртқы қабатының температурасы 45oC жоғары болатын жабдық, сыйымдылықтар, өнiм өткiзгiштер жылудан оқшауланады;
3) домалау және сырғанау мойынтiректерi пайдалану жөнiндегi нұсқаулықтарға сәйкес майлаумен қамтамасыз етiледi;
4) конвейерлердiң жетек бауларының, норийлер мен басқа да тасымалдау машиналарының, сондай-ақ оларды буксирлеу мен иiлудi, сондай-ақ қоршауды бос бұтақпен соғуды және қоршау қаптамаға үйкелуiн болдырмайтын трансмиссияларды болғызбайтын қалыпты тартқышпен қамтамасыз етіледі.
952. Машина мынадай жағдайларда:
1) тұтанудың немесе күюдiң аздаған белгiлерi болғанда;
2) жабдыққа тән емес шу мен дiрiл пайда болғанда;
3) машинаға өнiм үйiп тасталған, тiреп қойылған және асыра жүктелген кезде;
4) машинаның тiреуiш конструкциясы, шкивi, тiстi доңғалағы және басқа да жұмыс органы бұзылғанда;
5) жұмыс органдарына бөгде заттар түсiп кеткенде тоқтатылуы тиіс.
953. Аспирация жүйелерi дұрыс iстемейтiн, жобалық және техникалық құжаттамада көзделген норийлер мен ұнтақтағыштардағы жарылыс ыдыратқыштары жоқ жабдықты пайдалануға жол берiлмейдi.
954. Өнiмдердi (шикiзатты) жаншып үгетiн станоктар, ұнтақтағыштар, қамшылау машиналары және соқпа машиналар арқылы өткiзу алдында магниттi сепараторлар орнатылады.
955. Магниттердi тазарту кезiнде өнiмге металл қоспаларының түсу мүмкіндігі жоққа шығарылуға тиiс.
956. Тiреуiштерге жабдықты бекiту тораптары, қаптама және жабдықтың басқа да бөлшектерi алмалы-салмалы, өндiрiстiк үй-жайда от жұмыстарын жүргiзбей жабдықты орнату, жөндеу және бөлшектеу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiндей бөлек-бөлек орындалады.
957. Жабдықтың жұмыс iстеуiн жедел бақылауға арналған есiктер, қақпалар және шағын люктер тығыздап жабылуы және үй-жайға тозаң өткiзбейтiндей болуы тиiс.
958. Дән тазартқыш және ұсақтағыш машиналар жұмыс iстегенде:
1) соңғы бөлшектерi қозғалмайтын бөлшектердiң бетiмен түйiсуге жол бермей, барлық қозғалмалы бөлшектерiнiң еркiн айналысы;
2) дәндi аэродинамикалық тазартуда және үй-жайға тозаң шығуды жоюда машина дұрыс жұмыс iстеуі үшiн аспирациялық каналдардағы ауа режимiн реттеу;
3) шығарушы-зауыттардың паспорттық мәлiметтерiне сәйкес айналып тұратын бөлшектер салмағының теңдігі қамтамасыз етіледi.
959. Тазартқыш машиналардың түйгiштерiнде жарықтар мен сынықтары болмауы тиiс; ұшқынның пайда болуына жол бермеу үшiн түйгiш барабанының iшкi бетiне түйгiштердiң тиюiне жол берiлмейдi.
960. Норийлердi пайдалануда:
1) тiреуiш бөлшектерiн (болттардың, гайкалардың, шайбалардың) орнатылу берiктiгi;
2) барабандардың тұрып қалуын және таспалар мен шөмiштердiң норий құбырлары мен бастиек және табандықтың қаптамасына тиюiн болдырмайтын норий таспасының тартылуы;
3) норий табандықтарындағы тiреуiштердiң жылдамдығы мен бергiшiн бақылау релесiнің мiндеттi түрде болуы;
4) норийлер кенет тоқтаған жағдайларда, таспаны керi жүруден сақтайтын, өнімділігі сағатына 50 тонна және одан да жоғары норийлерге арналған автоматты әрекет ететiн тежеуiш құрылғыларының мiндеттi түрде болуы тексеріледі.
961. Таспа конвейерлерi жұмыс iстегенде:
1) жылдамдықты бақылау релесiнің мiндеттi түрде болуы;
2) барабандар мен роликтерде басқа жаққа қарай шығармай және тiреуiш құрылыстарына тимей конвейер таспасының дұрыс жұмыс iстеуi;
3) таспа тоқтамай роликтердiң айналуы;
4) барабандарда таспа тоқтап қалуға жол бермеу қамтамасыз етіледі.
962. Шынжырлы (тиеу қырнауыштары бар) конвейерлерде қораптар асып кеткенде тiреуiш бергiштерiн немесе конвейерлердi автоматты түрде тоқтататын қондырғылар көзделеді.
963. Иiрлiктердiң тұтануын болдырмау үшiн өнiмнiң жүрiсi бойынша олардың шеттерiне өнiмнiң қысымына байланысты ашылатын сақтандырғыш клапандары орнатылады.
964. Көлiк таспаларын және жетек қайыс белбеулерiн металлдан жасалған қапсырма шеге, болттар арқылы (олар жанғыш вулканизацияны пайдаланып, қайыс белдiкшелермен тiгiлу арқылы қосылуы тиiс) қиыстыруға жол берiлмейдi.
Құрама жем зауыттарының жабдығын пайдалану тәртiбi
965. Ұнтақтағыштарда жүктеменi автоматты түрде реттеуге арналған құрылғы қарастырылған жағдайларда, ол құрылғы ұнтақтағыштың электр қозғалтқышымен бұғатталады.
966. Ұнтақтағыштардың балғаларында сызаттар мен басқа да ақаулардың болуына жол берiлмейдi.
967. Ұнтақтағыштардың балғалары ұшқындауды болғызбау үшiн дека мен елеуiшке тиюiне жол берiлмейдi.
968. Ұнтақтағыштарды iске қосу ондағы бөгде заттар мен ұнтақтау өнiмдерiнен ұқыпты тазартылғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады. Ұнтақтағышты iске қосар алдында жиынтығы, ротор балғаларының бекiткiшi мен қосылуы және елеуiштердiң тұтастығы тексерiледi.
969. Ақаулықтар анықталғанда ұнтақтағыш ақаулық себептерiн орындау және жою үшiн дереу тоқтатылады. Iске қосылғанда ұнтақтағыш алдымен бос қосылады, ал содан кейiн оның қосылуы талап етiлетiнге дейiн жеткiзiледi.
970. Ұсақтағышты iске қосар алдында:
1) ұсақтағышқа металл заттардың түсiп кетуiн болдырмау үшiн магниттi қорғауының болуы мен жай-күйі;
2) машинада бөгде заттардың болмауы, механизмдер мен құралдардың дұрыстығы тексеріледі.
971. Ұсақтағыштар үшiн тек зауытта шығарылған сақтандырғыш шрифттерi қолданылады.
Оларды көлемдерi және механикалық сипаттамалары белгiсiз металл өзектермен ауыстыруға жол берiлмейдi.
Ұн тарту және жарма зауыттарын пайдалану тәртiбi
972. Бiлiктi станоктармен жұмыс iстегенде:
1) тетік жұмысының бiр қалыптылығы (автоматы түрде басқарылатын бiлiктi станоктар үшiн), сондай-ақ жарық сигнализациясының жарамды күйде болуы;
2) бiлiктердiң бүкіл ұзындығы бойынша дәндi немесе өнiмдi жеткiзудiң үздiксiздiгi мен бiр қалыптылығы қамтамасыз етiледi.
973. Өнiмi жоқ, бiлiктерi қысылған, белағаштарының бойымен ауытқып және жылжып кеткен станоктармен жұмыс iстеуге жол берiлмейдi.
974. Елек-суырғы машиналарының себу шанақтарының, тас iрiктегiштердiң, сепараторлардың барлық иiлмелi қосылыстары тозаң өткiзбейтiн материалдан жасалады және сыртқа шығаратын келте құбырлары бар иiлгiш қосқыштар қолданылады.
975. Үгiту, соққылау және щетка машиналарындағы тарамдалған және ұзын қамшылардың бiлiктер мен розеткаларға бекiтілуі олардың үзiліп кету мүмкіндігіне жол бермейтіндей берiк тиiс.
976. Бастиегi түсiрiлiп тұрғанда, тарту құрылғылары дұрыс болмаған, қажақ дискiлерi нашар бекiтiлген немесе кептiргiш дөңгелектерi болмаған жағдайларда аршу машиналарын iске қосуға жол берiлмейдi.
977. Аршу машиналары мен ажарлау машиналарының дискiлерiнде, пiшiмбiлiктерiнде және декаларында сызаттар мен ақаулықтардың болуына жол берiлмейдi. Олар болған жағдайда, сондай-ақ үйлесiмсiздiк болғанда аршу машиналарын пайдалануға жол берiлмейдi.
978. Иiлткiш дека станогының жұмыс саңылауы және барабанының орнатылуы тексерiледi.
979. Электр магниттi сепараторларының бұғаттағышы электр энергиясы тоқтаған кезде электр магниттерiне өнiмнiң жетуiн болдырмайтындай етiп орындалады.
Нан пiсiру кәсiпорындарын ұстау тәртiбi
980. Сұйық отынмен жұмыс iстейтiн пештерге отын беру от жағу бөлiмшесiнен тыс, бөлек үй-жайларда орналасқан жұмсау бактарынан жүргiзiледi.
981. Пештердi тұтату және пайдалану қатаң түрде кәсiпорынның техникалық директоры бекiткен нұсқаулыққа сәйкес жүргiзiледi.
982. Каналдық пештердiң газ құбырлары мен жоғарғы от жағу бөлiктерiнде жарылыстан сақтандыратын клапандар орнатылуы тиiс, бiр жарылыс клапанының ең аз алаңы – 0,05 шаршы метр.
983. Пештер жылу мен газ тәрiздi заттарды шығаруға арналған желдеткiш құрылғыларымен жабдықталады. Тарту желдеткiш шахталарын тазарту кәсiпорынның техникалық директоры бекiткен кесте бойынша жүргiзiледi.
984. Газ тәрiздi және сұйық отындармен жұмыс iстейтiн пештерде авариялық жағдайларда:
1) пештiң оттығына сұйық отын және жандыруға арналған құрылғыларға ауа жеткiзу тоқтаған (сұйық отынмен жұмыс iстейтiн пештер үшiн);
2) жылыту жүйесiндегі жылытатын газдардың шектi температурасынан асып кеткен;
3) конвейер тоқтаған кезде отын жеткiзудi автоматты түрде тоқтататын құрылғылар көзделеді.
985. Пештер авариялық жағдайларда пiсiрiлген өнiмдердi шығаруға арналған резервтiк механизмi бар қол жетегiмен қамтамасыз етiлуi қажет.
986. Пеш толық жүктелмегенде қатты қызып кетуiне жол бермей, температуралық режимдi қатаң байқап тұру керек, барлық өнiм шығарылғанша пештi қадағалаусыз қалдыруға жол берiлмейдi.
987. Ауысым сайын пеш конвейерi (люлькалары) қоқымдардан тазартылып тұрады.
988. Нан пiсiру қалыптары мен табақтарын тазалауға арналған машина бөлшектер мен тозаңды жинауға арналған құрылғымен қамтамасыз етіледі.
Майлау құрылғысы тоң майдың шашырауын болдырмайтындай етіп қарастырылуы тиiс.
Металл қалыптар мен табақтарды тек осы үшін арнайы арналған пештерде ғана қыздыруға (күйдіруге) жол берiледi. Өндiрiстiк пештерде қалыптарды күйдіруге (қыздыруға) жол берiлмейдi.
Технологиялық процестерді ұстау тәртiбi
989. Жабдық өнімділік пен мақсаты бойынша технологиялық схеманың талаптарына сәйкес қолданылады.
990. Цехтың iшiндегi пневматикалық көлiктен шлюз бекiтпелерiнiң немесе жүк түсiргiштерiнiң бекiтпе топтарының шеткi бiлiкшелерiнде жылдамдықты бақылау релесi орнатылуы тиiс (бұл талап өнімділігі жоғары жабдық жиынтығының шлюз бекiтпелерiне қолданылмайды).
991. Дәндi емес өнiмдердi (шрот, күнжара, түйiршiктелген шөп ұнын) астық элеваторларының сүрлемдерi мен бункерлерiнде қабылдауға және сақтауға жол берiлмейдi.
992. Дәндi жүгерiнi тек ғимараттан тыс орнатылған шахталық түзу ағынды кептiргiштерде ғана кептiру керек.
993. Жүгерi дәнiн сақтағанда оның орнын алмастыру мейлінше аз қарастырылуы керек.
994. Күрiш, тары, қарақұмық қабықтары жарма зауыты жұмысының 1-2 тәулiкке сыйымдылығы бар бункерлiк үлгідегі қоймаларда сақталуы тиiс.
Қабықтарды ашық алаңдарда, төбе астында сақтауға жол берiлмейдi.
995. Кәсiпорынға келiп түскен шрот партияларынан зертхана үлгiлерін iрiктеу жүргiзіледi және таңдаулы түрде қалдық бензиндi бақылау жүргiзiледi. Бензин иiсi бар шроттарды тиеуге жол берiлмейдi.
996. Дән, күнжара және шроттарды сақтау жүзеге асырылатын барлық сүрлемдер мiндеттi түрде температурасын қашықтықтан бақылау қондырғыларымен (тұрақты термометр жүйелерiмен) жабдықталады.
997. Күнжара мен шроттарды сақтау температурасын тәулiк сайын анықталады.
998. Сақтауға салғанда күнжара мен шроттардың температурасы сыртқы ауа температурасынан 5оC-тан аспайтындай етiп көзделеді.
999. Сақтауға қабылданатын және сақталудағы шроттардың ылғалдығы құрама жем кәсiпорындарында күнжара мен шроттарды сақтау жөнiндегi уақытша нұсқаулықта белгiленген шектерде орындалады.
1000. Температурасы мен ылғалдылығы аса жоғары күнжара мен шроттар бірінші кезекте өңделеді, ал басқа жағдайларда күнжара мен шроттарды өңдеу кезектiгi кәсiпорынға келiп түсуiне байланысты белгіленеді.
1001. Өздігінен тұтануға бейім күнжара, шрот және басқа да ұнтақты шикiзатты олар тұрған ыдыстардан бос ыдыстарға үнемi ауыстырып тұру керек. Аталған ауыстырулар шикiзатты бункерлер мен сүрлемдерде үздiксiз сақтаудың рұқсат етiлген мерзiмдерi негiзiнде зауыттың бас технологы немесе технологиялық зертхананың меңгерушiсi әзiрлеген жоспар-кестелер бойынша жүзеге асырылады.
1002. Үймемен сақталатын түйiршiктелген шөп немесе азықтық ұнның өздiгiнен тұтану белгiлерiмен байланысты температураның көтерiлуi анықталған жағдайда бұл партияны тексеру күн сайын жүргiзіледi. Ұнның бұл партиясы бiрiншi кезекте өткiзіледi.
1003. Өндiрiс қалдықтарын тасымалдау үшiн үй-жайға шаң шығуды болдырмайтын бағытсыз, механикалық көлiк пен пневмокөлiк (норийлер, шынжырлы транспортерлер, жабық қаптамалардағы таспалы және роликтерi жоқ конвейерлер) қолданылады.
1004. Жатып қалған өнiмдi шығаруды қамтамасыз ету үшiн және оны сақтау үшiн сүрлемдердің (бункерлердiң) арнайы конструкциялық шешiмдерiн және оны шығаруды жеңілдететiн жүк түсiретiн механизмдердi қолдану керек.
1005. В1-В4 санатындағы өрт қауiптi үй-жайларда өндiрiс қалдықтарын ыдысқа орналастыруға жол берiлмейдi.
Дәндi дақылдарды жинау және азық дайындау тәртiбi
1006. Астық жинау кезеңi басталмас бұрын, оған жұмылдырылған барлық тұлғаларға өртке қарсы нұсқаулықтан өту қажет, ал жинау агрегаттары мен автомобильдерi алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (комбайндардың барлық типтерi – екi өрт сөндiргiшпен, екi iстiк күрекпен және екi сыпырғышпен, тракторлар – бiр өрт сөндiргiшпен, бiр iстiк күрекпен), дұрыс ұшқын сөндіргіштерiмен жабдықталады және қоректендiру, оталдыру және майлау жүйелерi реттеледi.
1007. Масақты егiн пiсер алдында олардың орман алқаптарына, дала жолағына, автомобиль және темiржолдарға iргелес жерлерiнде енi кемiнде 4 метр жолақ шабылады және жыртылады.
1008. Дәндi дақылдарды жинауды астық алқаптарын алаңы кемінде 50 гектар учаскелерге бөлуден бастау қажет. Учаскелердің арасына ені кемінде 8 метр шалғы жолы жасалады. Шалғы жолынан шабылған астық дереу жиналады. Шалғы жолының ортасында енi кемiнде 4 метр жер жыртылады.
1009. Уақытша қыр орындарын астық алқаптары мен қырманға кемінде 100 метр алшақ жерге орналастырылады. Қыр орындарының, астық қырмандары алаңшаларының енi кемiнде 4 метр жолақ етіп жыртылады.
1010. Көлемi 25 гектардан астам жиналып жатқан астық алқаптарына тікелей жақын жерлерде өрт шыққан жағдайда өртенген аймақты жыртуға арналған соқасы бар трактор дайын тұруы керек.
1011. Астық қырмандарын ғимараттар мен құрылыстарға 50 метр, ал астық алқаптарына – кемiнде 100 метр алшақ орналастыру керек.
1012. Далалық жағдайларда сақтау және мұнай өнiмдерiн құю кеуiп қалған шөптен, жанғыш қоқыстан тазартылған және енi кемінде 4 метр жолақ жыртылған немесе қырманнан, мая шөп пен сабандардан, астық алқаптарынан 100 метр қашықтықта және құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жыртылған жерде арнайы бөлiнген аудандарда жүзеге асырылады.
1013. Дәнді дақылдарды жинау және азық дайындау кезеңінде:
1) тракторлардың, қақпақтары жоқ немесе қақпақтары ашық автомобильдер мен өзi жүретiн шассилердiң жұмыс iстеуiне;
2) қозғалтқыштардың радиаторларындағы шаңды күйдiру үшiн дәнекерлейтiн лампаларды қолдануға;
3) далада түнгi уақытта автомашиналарға жанар-жағар май құюға жол берiлмейдi.
1014. Қозғалтқыштардың радиаторлары, битерлердiң, сабан толтырғыштардың, транспортерлер мен жинағыштардың бiлiктерi, шнектер мен басқа да тораптар және жинау машиналарының бөлшектерi шаңнан, сабаннан және дәндерден тазартылады.
1015. Шөптесін өсімдіктерді, аңыз қалдықтарын, сабандарды өртеу жұмыстарын (бұдан әрі – ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының (шаруашылықтарының) басшылары мынадай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізеді:
1) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысын бастамас бұрын өз қызметкерлеріне, сондай-ақ осы іс-шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы, өрт сөндіру тәсілдері туралы нұсқаулық беру ұйымдастырылады;
2) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын жүргізу уақытында жауапты адамдар тағайындалады;
3) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын орман алқаптарына іргелес учаскелерде жүргізген жағдайда, жұмыстарды жүргізгенге дейін бір тәулік бұрын орман иелеріне хабарланады;
4) ауыл шаруашылығы өртеу жұмыстарын жүргізу орындарында әр өрт сөндіру автоцистернасы немесе бейімделген техника, бір соқалы трактор, өрт сөндіргіштер, күректер есебінен өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған патрульдік бекеттер қойылады;
5) жұмыстар жүргізу алдында ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысының аумағы ені кемінде 8 метр жолақпен жыртылады және ауданы 25 гектардан аспайтын учаскелерге бөлінеді;
6) орман алқаптары, орман белгілері, егістікті қорғау жолақтары мен егістіктердің өртейтін учаскелеріне іргелес көгалдандырушы екпе ағаштар кемінде 8 метр етіп жыртылады;
7) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстары желдің әсері 3 баллдан аспайтын (секундына 5 метр) болғанда, жыртылған учаскелерде жауапты адамдар мен жұмыскерлердің бақылауымен жүргізіледі;
8) жалынның тез таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығындағы өртеу желдің ық жағынан басталады;
9) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы аяқталғаннан кейін өртелген аумақтың периметрін мұқият тексеру, барлық бықсу орындары мен жану ошақтарын анықтау және жою, ықтимал қайта жанудың алдын алу үшін 3 сағат ішінде күзет қою қамтамасыз етіледі.
Дәрумендi шөп ұнын дайындау және сақтау тәртiбi
1016. Шөп ұнын жасауға арналған агрегаттар қалқаның астына немесе үй-жайға орнатылады. Жанғыш материалдан жасалған қалқалар мен үй-жайлар оттан қорғайтын құраммен өңделедi.
1017. Шөп ұнын дайындау бекетiнен бастап құрылыстар мен жанар-жағармай материалдары бар цистерналарға дейiнгi өртке қарсы аралықтар кемiнде 50 метр, ал құнарсыз азықтар сақталатын ашық қоймаларға дейiн – кемiнде 150 метр етiп орындалады.
1018. Жұмсалатын отын багын агрегат үй-жайынан тыс орнату керек. Отын құбырлары кемiнде екi вентильмен (бiреуi – агрегатта, екiншiсi – отын багында) жабдықталады.
1019. Агрегаттар мен үй-жайлардың (алаңшалардың) электр жабдығы мен электр өткiзгiшi орнатылған жерлерiнде электр құрылғыларын орнату ережелерi бойынша II – IIа класты өрт қауiптi аймақтарға арналғандай етiп орындалады.
1020. Кептiру барабанында өнiмнiң жануы анықталғанда, мөлшерi кемiнде 150 килограмм өртке дейiн дайындалған өнiмдi және өрт жойылғаннан кейiн мөлшерi 20 килограмнан кем емес бiрiншi алынған өнiм жалпы қоймаға салынбай, бөлек қауiпсiз жерге орналастырылады және кемінде 48 сағат бақыланып сақталады.
1021. Дайындалған және қаптарға толтырылған ұнның температурасын төмендету үшiн ол жабын астында кемiнде 48 сағат ұсталады.
1022. Ұнды бөлек тұрған қоймада немесе өртке қарсы қабырғалар мен жабындыларымен бөлiнген және сенімді желдеткiшi бар бөлiкте басқа заттар мен материалдардан бөлек сақтау керек.
1023. Қоймаға ылғал түсiруге жол берiлмейдi. Ұнды үйiп сақтауға болмайды.
1024. Ұны бар қаптар бiр қатарға екi қаптан биiктiгi 2 метрден аспайтындай етіп қатарларға жиналады. Қатарлар арасындағы өту жолдарының кеңдiгi кемiнде 1 метр, ал қабырғалар бойынан – кемiнде 0,8 метр етiп орындалады.
1025. Сақтаулы тұрған ұнның өздігінен тұтануын болдырмау үшiн оның температурасы ұдайы бақыланады.
Зығырды, сораны және өзге де техникалық дақылдарды алғашқы
Достарыңызбен бөлісу: |