Мухаммад ибн Идрис ибн ‘Аббәс әл-Қураши, әш-Шәфи’и - һиджра жыл санауы бойынша 150 жылы Шамда дүниеге келді, кейін ұзақ уақыт бойы Меккеде, одан соң Мысырда өмір сүрді. Хиджра жыл санауы бойынша 204 жылы дүниеден озды. Имам әш-Шафи’и табиғиндердің ізбасарларының соңғы өкілі болып табылады. Ол дінде имам, әрі әһлю-Сунна уәл-джәмә‘аның ұлы ғалымы болған. Ол Құрайыш тайпасынан болғандықтан Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) ата-бабаларымен ортақ көп нәрселері болды.
Имам әш-Шафи’идің білімін айтар болсақ, әрине оның білімі өте үлкен болған. Ал ол өзі туралы былай дейтін: “Мен 7 жасымда Құранды толық жаттап алдым, ал 10 жасымда имам Мәлик ибн Әнәстің «әл-Мууәттә» атты хадистер жинағын толықтай жаттап алдым”. Дәл осы себепті әш-Шафи’иді көптеген ғалымдар құрметтеген, сондай-ақ оны да «дін білімінің имамы» деп атаған. Онымен бірге, имам әш-Шафи’иді «дінді тірілтуші» (муджаддид) деп атаған.
Мәселен, бір күні имам Ахмад ибн Хәнбәл: «Әрбір ғасырдың басында Аллаһ Тағала осы үмметке дінді тірілтушіні (муджаддид) жібереді», – деген хадисті оқып, былай деді: “Біз осындай адамдарды іздей бастадық және мұндай адам бірінші ғасырда ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиз, ал екінші ғасырда – әш-Шәфи’и екенін анықтадық”.
Дәл сол сияқты Хафиз Ибн Хәджәр да әш-Шәфи’иге мінездеме беріп былай деді: “Ол – екінші ғасырдың басында дінді тірілтуші болған кісі болған”.
Имам әз-Зәһәби ол туралы: “Ол – имам, хадис қорғаушысы, атақты ғалым”, – деді.
Имам Ахмад ибн Хәнбәлдің баласы ‘Абдуллаһ өзінің әкесінен былай деп сұралғаны жеткізіледі: “Әш-Шәфи’и кім болған? Өйткені сіз ол үшін Аллаһтан жиі-жиі дұға қылғаныңызды көремін”.
Бұл сұраққа имам Ахмад: “Ей балам! Әш-Шәфи’и біздің әлемге Күн сияқты және адамдар үшін денсаулық сияқты еді. Ойланшы, оларсыз немесе олардың орнын басқа бір нәрселер басса, біз өмір сүре аламыз ба?”, – деп жауап қатты.
Имам ‘Али ибн әл-Мәдини өзінің ұлына мынадай өсиет қалдырды: “Егер әш-Шәфи’идің сөзін естісең, оны жазбайынша бірде-бір сөзін қалдырма, себебі оның сөзінің әрбірі білім!”
Ғалымдардың сөздері имам әл-Миззидің «Тахзиб әл-кәмәл» мен Хафиз Ибн Хәджәрдың «Тахзиб әт-тахзиб» 10/451 кітаптарынан алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |