Мүсін, мүсіндеме, скульптура (лат. sculptura, seuplo – шекимін, қашаймын) – бейнелеу өнерінің бір түрі. Мүсіндеме туындылары үш өлшемнен (биіктік, ендік, аумақтық) құралады. Мүсіндеме қатты заттардан немесе пластикалық материалдардан жасалады. Осыған байланысты, мүсіндеме жасайтын адамды - мүсінші деп атайды. Мүсіндеме негізінен адамды, кейде жан-жануарды немесе басқа пішіні бар заттарды бейнелейді.
Мүсіндеменің келісі негізгі жанрларға бөлінеді:
портрет
тарихи мүсіндер
тұрмыстық мүсіндер
символикалық мүсіндер
аллегориялық фигуралар
анималистикалық жанр
Мүсіндеме негізінен техникасына байланысты 2 түрге бөлінеді: жұмыр (мүсінді жан-жағынан түгел көрсету) және рельефті (тегіс заттың бетіне бедер түсіру). Рельефтің түрлері:
*барельеф (фигураның жартысынан көбі сыртқа шығып тұрады);
*горельеф(фигураның жартысы сыртқа шығып тұрады);
*контррельеф (фигура сыртқа емес, ішке кіріп тұрады)
Мүсіндеме мазмұнына қарай: монументтік-декоративті, қондырғылы немесе шағын пішінді болып екіге бөлінеді.
Шағын пішінді Мүсіндеменің әрқайсысы бір-бірімен мазмұндық жағынан тығыз байланыста болғанымен олардың өздеріне тән ерекшеліктері болады.
Өңдеу тәсілдері:
*ою,
*құю,
*шеку, т.б. болып келеді.
Мүсіндеменің ерекшелігі көп жағдайда жасау техникасы мен пайдаланатын материалдарына (тас, металл, саз, балауыз, ағаш, гипс, тағы басқа) байланысты.
Мүсіндеме жасауда әр түрлі материалдар қолданылады және оларды ұқсату тәсілі де түрліше болып келеді:
*Мүсіндеме жасауда саз, балауыз, пластилин қолданылады. Бірақ бұлардан жасалған мүсіндемелер тез тозатын болғандықтан, көбінесе гипстен көшірме жасалады. Мүсіндеме жасар алдында темірден, ағаштан, сүйектен болашақ образдың қаңқасы пішінделіп, соған арналған материалдың бәрін жабыстыру арқылы мүсінші ойындағысын орындап шығады.
*Металдар (қола, мыс, қалайы, шойын, болат т.б.), гипс, бетон, пластмасса сұйық (ерітілген, араластырған) күйінде алдын ала жасалған қалыпқа құйылады. Металдар қатты күйінде де қақтау, бедерлеу әдістері арқылы өңделеді. Ежелгі Грекияда хрисоэлефантинналық бедерлі алтын қаңылтыр мен ағаш қаңқаға жапсырылған піл сүйегінен жасалды.
*Тас (мәрмәр, гранит, әк тасы, құмайт тас, базальт, диорит т.б.), ағаш және сүйектен де жасауға болады. Ол үшін материалдың іші-сыртындағысы образ жасауға қажетсіздерінің бәрі қашау, шеку, егеу, бедерлеу арқылы алынып тасталады. Тас Мүсіндеме қашауға саймандар (тескіш, кескіш, балға т,б,) қолданылады. Ағашты пайдаланғанда қашау, пышақ т.б. өткір құралдар пайдаланады.
*Керамикадан да Мүсіндеме жасалады. Ол үшін саздан істелген мүсінше үлгілерді арнайы пештерде күйдіріліп, оған ақ немесе түрлі түсті жылтырақ (майолика, фаянас, фарфор), кейде жылтырамайтын бояулар (терракота, фарфордың бисквит деген түрі) жалатылады. Мүсіншінің жұмыс тәсілі негізінен төмендегіше: пластилиннен не саздан кішкене нұсқа жасалып, ол одан кейін сазға үлкейтіп көшіріледі. Үлкен Мүсіндемелерді жасарда ең алдымен айналмалы қондырғыға металл діңгек бекітіліп, діңгекке сымнан, ағаштан Мүсіндеме қаңқасы жасалады. Қаңқаға саз жапсыру арқылы болашақ образ сомдалады. Саздан жасалған үлгі бойынша екіге немесе бірнешеге бөлінген бедерлі гипс қалып алынады. Осы қалып бойынша кейіннен гипс көшірме құйылады. Саз Мүсіндеме тасқа көшірілетін жағдайда, қалыптың шығыңқы және ойыңқы жерлері түгел өлшеніп, тас соған қарай қашалады. Мүсіндемені металдан құю өте ұзақ және күрделі жұмыс.
Мүсіндеме тарихы ертеден бастау алады. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде жауынгерлерді, балалы ананы бейнелейтін тас мүсіндер кеңінен тараса, біздің заманымыздан бұрын 8 – 2 ғасырларда дамыған “Аң стилі” ежелгі Мүсіндеменің көрнекті мысалы бола алады. Көктегі күш пен жердегі билеушілердің құдіретін бейнелеу үшін жасалынған Мүсіндеме ежелгі дәуірдегі өркениеттердің (Грекия, Рим, Ассирия, Вавилон) ажырамас бөлігіне айналды. Көлемдері өте үлкен, тылсым күшті сипаттаған және ғұрыптық бағыттағы Мүсіндеме тек құдай мен билеушілердің, жеке тұлғалардың, аңыздық кейіпкерлердің (Мирон, Скопас, Геркулес, Циклоп, тағы басқа) бейнесін жасауға бағытталды. Орта ғасырлардағы Мүсіндеменің негізгі бағыттары шіркеулерді, ғибадатханаларды көркемдеуге (Құдай ана ғибадатханасы, Париж; Буддистік шіркеулер, Үндістан)
арналды. Қайта өркендеу дәуірінде, Мүсіндеме адамзаттың ерлікке, еркіндікке деген ұмтылысын, тұлғалық қасиеттерін, табиғат сұлулығын бейнеледі. Донателло, Микеланджело, Гужон, Пилон, тағы басқа туындылары соңғы орта ғасырларда және жаңа дәуірде Еуропаның көптеген қала-қамалдарының іші-сыртын көркемдеу үшін кеңінен қолданылды. 18 – 19 ғасырларда Мүсіндеме адам бейнелері мен ескерткіш тұрғызу бағытында дамыды. Оның құрамында, классик., примитивизм, кубизм (П.Пикассо), конструктивизм (Н.Певзнер), сюрреализм, абстракционизм, тағы басқа бағыттағы Мүсіндеме бар. Қазақстан жеріндегі Мүсіндеменің пайда болу тарихы 3000 жылға созылады. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, сақтар мен Түрік қағанаты тұсында кеңінен дамыды. Ата-баба рухына сену, жер, су, от иелеріне табыну (Көк Тәңірі, Жер-Су иесі, өмай ана, балбал тас, тағы басқа) және исламдық сенім (құлпытас, қойтас; кесенедегі бейнелер) Мүсіндеменің көптүрлілігіне әкеліп соқты. Кеңес дәуіріндегі Мүсіндеме өкілдерінің (Б.Төлеков, Е.Сергебаев, Х. Наурызбаев, Б. Төленов, Т. Досмағамбетов, тағы басқа) еңбектері халық батырлары, еңбек ерлері және соғыс ардагерлерін бейнелеуге арналса, соңғы кезеңдегі Мүсіндеме бағыты әлемдік құндылықтар мен жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерімен ұштаса отырып дамып келеді (Е.Рахмадиев, Н.Далбай, Ш.Төлешев). Сонымен қатар Мүсіндеме әлемдік техника жетістіктерін, өткен мен бүгінгінің өзара үндестігін және дүниежүзіндегі Мүсіндеме саласындағы жетістіктерді бейнелеуге және халық мақтанышы: ақындар, батырлар, қоғам қайраткерлері мүсіндерін сомдауға бағытталған (Кенесары мүсіні, Астана, 2001; Мұқағали Мақатаев, Алматы, 2003; Әл-Фараби мүсіні; ҚазҰУ қалашығы, 2004, тағы басқа).
Достарыңызбен бөлісу: |