ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ЕУРАЗИЯ ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
С.Б. Загатова, Л.У. Алипбекова
«Аударма ісі» мамандығына арналған диплом жұмысын орындаудың әдістемелік нұсқаулары
АСТАНА - 2017
КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыс қазіргі таңда жеткілікті терең зерттелмеген пікірталастық сипаттағы жалпы немесе жеке мәселелердің бірін өз бетінше ғылыми тұрғыда зерттеу болып табылады.
Кез келген ғылыми зерттеу – ғылыми еңбекті шығармашылық ойдан тұжырымды ресімдеу – жекелей жүзеге асады. Алайда оны жүргізудің жалпы әдіснамалық тәсілін анықтау мүмкін.
Ғылыми зерттеу – нәтижесі түсінік, заңдылық және теориялық жүйе түріндегі мақсатты таным.
Ғылыми-теориялық зерттеудің мақсаты және тікелей міндеттері жеке құбылыстар қатарынан жалпыны табу, осындай құбылыстар туындайтын, қызмет ететін, дамитын заңдылықтарды ашу, яғни олардың мәнін терең түсіну.
Әдіснамалық аппараттың барлық құрама элементтері жүзеге асатын зерттеу ғана шынайы ғылыми болуы мүмкін.
Әдіснамалық аппарат төмендегілерді қамтиды:
Зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары.
Оның стратегиясын анықтау тәсілдері (мәселені қою және оның құрамын анықтау тәсілдері және т.б.).
Әдіснамалық талдаудың тактикалық құралдары (ғылыми зерттеу әдістері, аппаратура).
Ғылыми зерттеудің ұғымдық-категориялық негізін (мәселелерін, нысанын, пәнін, болжамын, мақсаты мен міндеттерін және т.б. анықтау).
Зерттеу нәтижесіне қойылатын талаптар (көкейтестілік, ғылыми жаңалық, теориялық және практикалық маңыздылық және т.б.).
Оқытудың кредиттік жүйесінде диплом жұмысын қорғау қорытынды аттестациялаудың бір түрі ретінде ұйғарылады.
Диплом жұмысын қорғау ЖОО-да білім алу кезіндегі студенттің меңгерген білім, іскерлік, дағды және құзіреттілік деңгейін анықтау мақсатында жүргізіледі.
Қазіргі таңда «аударма ісі» мамандығының типтік оқу жоспарында жалпы және дербес аударма теориясы мәселелері бойынша диплом жұмысын жазу және қорғау қарастырылған.
1. ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫН ОРЫНДАУДЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Диплом жұмысы мамандыққа даярлаудың негізгі бағдарламасы бойынша оқуды бітіруші түлекті аттестаттау сынақтарының бірі болып табылады.
Диплом жұмысы ғылыми жетекшінің жетекшілігімен орындалады және келесі талаптарға жауап беруі тиіс:
мақсатталған бағыт;
құрылымның нақтылығы;
мағлұматтың логикалық орын тәртібімен берілуі, тақырыптың терең зерттелуі және мәселенің толық баяндалуы;
деректердің дәлдігі;
тұжырымдалған ойдың қысқалығы және нақтылығы;
нәтижені мазмұндаудың нақтылығы және негізділігі, тұжырымның және ұсыныстың дәлелділігі;
жұмыстың дұрыс рәсімделуі.
Диплом жұмысын орындаудың мақсаттары:
мамандық бойынша алған теориялық білімдер мен практикалық дағдыларды жүйелеу, бекіту және кеңейту;
ғылыми-сыни ойлауға дағдыландыру;
ғылыми зерттеу әдісін меңгеру және өз бетінше жұмыс жүргізе алу мен мәселелерді шешу кезіндегі эксперимент жүргізу дағдыларын дамыту;
ғылыми жазбаша сөйлеу мәдениетін жоғарылату;
болашақ мамандардың ғылыми зерттеу жұмысына қызығушылығын арттыру;
заманауи ғылым мен мәдениет жағдайларында студенттің өз бетімен жұмыс істеуге дайындығын және оның кәсіби құзырет деңгейін анықтау.
Диплом жұмысын жазу барысында жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жету үшін келесі міндеттерді орындау қажет:
зерттеу тақырыбын таңдау;
зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми әдебиеттерді зерделеу;
зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттермен танысу кезінде алған ғылыми білімдерін талдау және жүйелеу;
зерттеу тақырыбы бойынша практикалық материалды іріктеу және талдау;
жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеу бойынша тұжырымдама жасау;
зерттеу нәтижесін жалпылау.
Дипломдық жұмысты дайындауға ғылыми жетекшілік ету
Дипломдық жұмыстардың ғылыми жетекшісі кафедраның ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен тағайындалады. Дипломдық жұмыстардың ғылыми жетекшісі болып ЖОО-ның профессорлары, доценттері, тәжірибелі оқытушылары тағайындалады.
Керек болған жағдайда дипломдық жұмыстың ғылыми жетекшісінің ұсынуымен ғылыми жетекшілікке бөлінген уақыт есебінен кафедра дипломдық жұмыстың жеке тараулары бойынша кеңесшілерді шақыруына болады.
Кеңесші болып ЖОО-лардың профессорлары, доценттері, оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ, басқа ұйымдардың жоғары білікті мамандары және ғылыми қызметкерлері тағайындалуы мүмкін. Кеңесшілер студенттің орындаған сәйкес тарауларын тексеріп қол қояды.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жетекшісі:
1) дипломдық жұмысты орындауға тапсырма береді;
2) студентке дипломдық жұмысты жасаудың толық мерзіміне күнтізбелі кестені құрастыруға көмектеседі (1-қосымша);
3) студентке тақырып бойынша керекті негізгі әдебиеттерді, анықтама материалдарды және басқа да мәліметтерді ұсынады;
4) дипломдық жұмыстың күнтізбелі кестесінің орындалуын бақылап отыру үшін кеңес беру кестесін анықтайды;
5) дипломдық жұмыстың барлық тарауларының көлемін анықтап, дипломшы мен кеңес берушілердің жұмысын үйлестіріп отырады.
Ғылыми жетекші студенттің келісімімен белгіленген үлгі бойынша әр дипломдық жұмысқа жеке-жеке дипломдық жұмыстың тапсырмасын құрастырады (2-қосымша).
Кафедра меңгерушісі дипломдық жұмысты орындау бойынша кезеңді есеп беру уақытын белгілейді. Осы уақытта студент ғылыми жетекші мен кафедра меңгерушісі алдында жауап береді. Олар дипломдық жұмыстың дайындық дәрежесін анықтайды.
Студент дипломдық жұмысты дайындаудың күнтізбелі кестесін қатаң сақтауы, ғылыми жетекшіге белгіленген мерзімде дипломдық жұмыстың орындалған бөлімдерін ұсынуы және ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес түзетулерді уақытылы жүзеге асыруы керек.
2. ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫН ОРЫНДАУДЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Диплом жұмысын орындаудың кезеңдері:
диплом жұмыстарының тақырыптарын таңдау және маман дайындау саласына сәйкес кафедрада бекіту;
зерттеу тақырыбы бойынша жұмыс жоспарын құру;
зерттеу жүргізу әдістерін анықтау;
зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми әдебиеттермен танысу және оларды талдау;
ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу;
зерттеу нәтижелерін жинақтап қорыту.
2.1 Диплом жұмыстарының тақырыптарын таңдау және маман дайындау саласына сәйкес кафедрада бекіту
Жұмыстың бұл кезеңінде студенттің қызығушылығынан туындайтын диплом жобасының зерттеу саласы және соған сәйкес диплом тақырыбы таңдалынады. Дипломдық жұмыстың тақырыбы өзекті және қазіргі аударма теориясы мен практикасы тұрғысында болуы қажет. Диплом жұмысының тақырыбын бекіту жөніндегі шешім ғылыми жетекшінің зерттелетін тақырыбын кафедра мүшелерімен талқылап, мақсаты мен міндеттерін ұсынғаннан кейін маман даярлаушы кафедрада, содан кейін институттың ғылыми кеңесінде қарастырылады.
Дипломдық жұмыстардың тақырыптары түлек шығарушы кафедрамен анықталып, ЖОО-ның ғылыми кеңесінде қарастырылып, бекітіледі. Дипломдық жұмыстардың тақырыптары студенттердің болашақ мамандығы бойынша маман дайындаудың салаларына сәйкес болуы керек. Дипломдық жұмыстардың жалпы тізімі жыл сайын кемінде 30%-ға жаңартылып отыруы керек.
Тақырыптар студенттерге мәлімделеді; студент бекітілген тақырыптамалардан дипломдық жұмыстың тақырыбын таңдайды. Студентке бекітілген тақырыптамада жоқ тақырып бойынша дипломдық жұмыс жазуға құқық беріледі. Мұндай жағдайда студент кафедраға ұсынылып отырған тақырыптың толық негіздемеге сәйкес зерттемесін ұсынады.
Зерттеу тақырыбы бойынша жұмыс жоспарын құру
Дипломдық жобамен жұмыс жасау жоспарының кезеңдері уақыт бойынша бөлініп, төмендегідеі болуы мүмкін:
диплом жұмысының тақырыбы бойынша ғылыми материалдарды жинау, сыни талдау, жүйелеу және жалпылау;
жұмыс жоспарын құру, ғылыми жетекші бекіткен жоспар бойынша жұмысты өзі жазу;
аудармашылық талдау жүргізу, жұмыстың қолжазбалық (соңғы) нұсқасын ұсыну, теориялық өңделген материалды практика жүзінде қолдануға талпыныс жасау.
2.3 Зерттеу жүргізу әдістерін анықтау
Дипломдық жұмыс төмендегі ғылыми зерттеу әдістерін белсенді пайдалану арқылы ғылыми зерттеу жүргізу нәтижесінде маңызды ғылыми нәтижеге қол жеткізуге негізделген:
таңдалған тақырып бойынша ғылыми әдебиеттерді зерттеу әдісі;
бақылау әдісі және талдау;
статистикалық әдіс.
Әдісті таңдау жұмыстың мақсаты және міндеттерімен, зерттеушінің өзіндегі құралдардың көптігімен, орындаушының ғылыми бейімділігімен анықталады. Автор ғылыми талдаудың әдістерін таңдағанын негіздей алуы және зерттеу жүргізу барысында оларды қолдана білуі тиіс.
Лингвистикалық және аудармашылық зерттеу әдістері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажет тәжірибелік инструментарий және ғылыми ізденістер әдіснамасының құрамдас бөлігі болып табылады. Аталған бөлімде қойылған міндеттерді шешу үшін жұмыста қолданылатын барлық негізгі және қосымша әдістер аталып өтіледі.
2.4 Зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттерді зерделеу
Дипломдық жұмысты сәтті жазуға зерттеліп жатқан тақырыпқа сәйкес ақпарат дереккөздерін мұқият және шығармашылық іздеу мүмкіндік береді.
Таңдалған тақырып бойынша ғылыми әдебиеттерді зерделеу дипломшыға өзі қызығушылық танытқан ғылыми мәселенің зерттелу жағдайын және таңдаған зерттеу тақырыбының өзектілік деңгейі мен жаңалығын болжауға мүмкіндік беретін бастапқы және негізін қалаушы кезең болып табылады.
Студент ақпарат дереккөздерін зерттеуге дипломдық жұмыстың тақырыбын таңдап, бекіткен сәттен бастап кіріседі. Ол жұмыс барысында дипломдық жұмысқа таңдалған зерттеулердің сәйкес пәнінің қазіргі таңдағы жағдайын зерттеуі тиіс.
Зерделеуге дейін студент пән бойынша бағдарламада ұсынылған негізгі және қосымша әдебиеттермен танысуы тиіс. Мәселені тереңірек зерттеу үшін қосымша отандық және шетелдік дереккөздерді, анықтамалық дереккөздерді, сөздіктерді және т.б. қамтыған жөн. Дереккөздерге дұрыс сілтеме жасау қажет, оларды сын елегінен өткізуі, яғни, терең ойланып және тура зерттеуі, талдауы, автордың ұсынысымен, жеке жағдайлармен дәйекті келісуі немесе келіспеуі керек.
Дипломдық жұмысқа негіз болатын, зерттеліп жатқан мәселенің маңызды аспектілері мен осы мәселе жайындағы алуан түрлі көзқарастарды жеткілікті қамтитын және тақырыпты ашу үшін ең маңызды, негізгі дереккөздердің тізімі шамамен 35-45 библиографиялық дереккөздерді құрайды.
Ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу
Дипломдық жұмыс төңірегінде ғылыми зерттеу жүргізу библиографиялық дереккөздерінен алынған тұжырымдарды жинақтап, жүйелеуді және сыни талдауды талап етеді. Сонымен бірге, ғылыми жұмыс жүргізуде студент өз бетінше бақылауға және оны жалпылауға, зерттеліп отырған мәселе бойынша жеке ғылыми көзқарасын қалыптастыруға, қарастырып отырған ғылыми болжамға байланысты қол жеткізген нәтижелерін дәлелдеуге, алған теориялық білімді практика жүзінде орынды қолдануға үйренеді және дағдыланады.
2.6 Зерттеу нәтижелерін жалпылау
Зерттелінген ғылыми материалды жалпылау, жүйелеу шарасы дербестік деңгейінің көрсеткішінің бірі және оған студенттің тарапынан жасалатын шығармашылық тәсілдеме болып табылады. Бұл көрсеткіштер материалды мазмұндау барысында тікелей де, сызба, кесте, диаграмма және басқа да графикалық кескін, жұмыстың әр бөлімі бойынша тұжырым және жұмыс бойынша толық қорытынды түрінде де көрсетіледі. Алайда дипломдық жұмысты жазуда жүргізілген зерттеудің ғылыми маңызды нәтижесін жалпылау, автордың оларды алдында тұрған мақсаты және міндеттерімен қисынды белгілеу шеберлігі және өзінің тұжырымы мен қорытындысын тілдің теориясы және практикасы ретінде мәнмәтінде маңыздылығын көрсетуі бірінші жоспарда тұрады.
3. ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ МАЗМҰНЫНА, ҚҰРЫЛЫМЫНА, КӨЛЕМІНЕ ЖӘНЕ РӘСІМДЕЛУІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
3.1 Дипломдық жұмыстың мазмұны мен құрылымы
Дипломдық жұмыс мазмұны бойынша жоғары оқу орнының бітіруші курс студенті мамандыққа қарай өз бетінше орындаған қолжазба түріндегі ғылыми-зерттеу жұмысы болып табылады.
Дипломдық жұмыстың құрылымдық элементтері:
мұқаба;
титул парағы;
дипломдық жұмыстың орындалуы бойынша тапсырма;
мазмұны;
кіріспе;
негізгі бөлім;
қорытынды (тұжырым);
пайдаланылған әдебиеттер тізімі;
қосымшалар (қажет болған жағдайда).
Мұқабада (4-қосымша):
дипломдық жұмыс орындалған ұйымның атауы;
студенттің аты-жөні;
дипломдық жұмыстың тақырыбы;
жұмыс түрі – дипломдық жұмыс;
мамандықтың аты мен шифры;
қаласы, жылы келтіріледі.
Титул парағы (3-қосымша) дипломдық жұмыстың бірінші беті және жұмысты іздеп өңдеуге қажет мәліметтің көзі болып табылады.
Титул парағында:
- дипломдық жұмыс орындалған ұйым;
- дипломдық жұмыс орындалған кафедра;
- кафедра меңгерушісінің бекіту қолы;
- жұмыс түрі – дипломдық жұмыс;
- «Тақырыбы:»-деп көрсетілген дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыбы;
- мамандықтың аты мен шифры;
- сол жағында «Орындаған» сөзі мен қарама-қарсы оң жағында студенттің аты-жөні;
- бір жол төмен – «Ғылыми жетекші» сөзі мен жетекшінің аты-жөні, ғылыми дәрежесі мен атағы, жетекшінің басқа да регалиясы;
- қаласы, жылы көрсетіледі.
Дипломдық жұмыстың мазмұнында кіріспе, барлық тараулар мен бөлімдердің рет сандары мен атаулары, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымшалардың атауы және дипломдық жұмыстың осы элементтеріне қатысты беттердің саны көрсетіледі.
Кіріспеде дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының негіздемесі, қарастырылып отырған ғылыми мәселенің қазіргі таңдағы жағдайының талдауы, сонымен қатар дипломдық зерттеудің мақсаты, міндеттері және нысаны, теориялық және әдістемелік негізі мен практикалық базасы көрсетілуі тиіс. Кіріспенің көлемі шамамен 2-3 бет.
Дипломдық жұмыстың негізгі бөлімінде орындалған жұмыстың маңызын, мазмұнын, әдістемесін және негізгі нәтижелерін көрсететін мәліметтер келтіріледі. Дипломдық жұмыстың негізгі бөлімі, әдетте, бөлімдерге (яғни, тарауларға және параграфтарға) бөлінеді. Негізгі бөлімнің рәсімдеу тәртібі және ережесі төменде көрсетілген.
Негізгі бөлімді шартты түрді екі бөлімге бөлуге болады: теориялық және зерттеу.
Теориялық бөлімде автор отандық және шетелдік авторлардың сын тұрғысынан талдауымен аударма және аударматану бойынша әдебиеттерге зерттеу шолуын береді. Студент зерттеудің негізгі мәселесі бойынша өз көзқарасын ашады және дәлелдейді, аталған мәселе аясында не жасалғанын көрсетеді және дипломдық жұмысында ол не жасау керектігін ұсынады. Өз көзқарасын ашып және дәлелдей отырып, студент жетістіктерді аударматануда көрсетуі және қолдана білуі тиіс. Бұдан басқа, бірінші бөлімде зерттеліп жатқан құбылыстың немесе үрдістің мәні және болмысы ашылып, тұжырымдалған ой айқындалуы тиіс, автордың осы көзқарасқа өз пікірі дәлелденеді.
Зерттеу бөлімі зерттеу барысы мен нәтижесін мазмұндау болып табылады. Ол автордың ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі тәсілдерін меңгергендігін, мамандық бойынша ғылыми әдебиеттерді пайдалана білетіндігін, өз бетімен бақылау жүргізу және сәйкес тұжырымдар жасай алатындығын көрсетуі тиіс. Бұл бөлімнің мазмұнына тәжірибелік сипат тән. Мұнда бірінші бөлімде баяндалған теорияның тиімді әдістері мен жүзеге асу тәсілдерінің сипаттамасы; аударма мәселелерінің зерттеу талдауының нәтижесі бойынша тұжырымдар мен қорытынды беріледі.
Қорытынды (тұжырым) бөлімде дипломдық зерттеу нәтижелері бойынша қысқаша қорытындылары жасалып, қойылған міндеттердің орындалу дәрежесі анықталуы және зерттеу нысаны бойынша нақты ұсыныстар берілуі тиіс. Тақырыптың алдағы жете зерттелуінің келешегі көрсетілуі мүмкін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптарға сәйкес рәсімделеді. Дереккөздер жайындағы мәлімет дипломдық жұмыстың мәтініндегі дереккөздерге сәйкес (яғни, әліпби ретімен емес), араб цифрларымен нөмірлеу керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптарға сәйкес ресімделеді. Дереккөздер туралы ақпаратты диплом жұмысы мазмұнында әдебиетке сілтеме жасау керек болған жағдайдағы тәртіп бойынша орналастырылады (яғни алфавит бойынша емес), араб сандарымен нөмірлеу қажет.
Қосымшаға (егер болса) негізгі бөлімде көрсетілмеген дипломдық зерттеуге қатысты материалдар кіреді.
3.2 Дипломдық жұмысты рәсімдеу ережелері
Дипломдық жұмыстың көлемі, ереже бойынша, 60-90 бетті құрауы тиіс. Қосымша дипломдық жұмыстың белгіленген көлеміне кірмейді. Дипломдық жұмыс компьютер мен принтер арқылы А4 қағазының бір жақ бетінде бір интервал арқылы басылып шығарылады. Қаріп – Times New Roman, қалыпты, 14 кегль.
Дипломдық жұмыс мәтінін шығару кезінде парақ шеттері келесідегідей болу керек: сол жақ – 30мм, жоғарғысы – 20мм, оң жақ – 10мм және төменгісі – 25мм.
Дипломдық жұмыстың жазылу барысында кеткен қателіктер, жаңылыстар және графикалық дәлсіздіктерді тазалап немесе ақ түсті бояумен бояуға болады.
Дипломдық жұмыста фамилиялар, мекемелердің, ұйымдардың, фирмалардың аттары және т.б. жалқы есімдер өз тілінде жазылу керек.
Дипломдық жұмысты бөлімдерге (яғни, тараулар мен параграфтарға) бөлген жөн. Әрбір тарау мен бөлім толық қарастырылған бір ақпаратты қамтуы тиіс. Барлық тараудың аттары жалпы дипломдық жұмыстың тақырыбын, ал бөлімдердің аты сәйкес тараудың тақырыбын ашып көрсету керек. Дипломдық жұмыстың мәтінінде тараулар мен бөлімдердің аттарын абзацтан және бас әріптен бастап соңына нүкте қоймай, астын сызбай жазу керек. Егер атау екі сөйлемнен тұрса, онда оларды нүктемен бөледі. Дипломдық жұмыстың тарауларының реттік нөмірлері болуы керек және араб цифрларымен нүктесіз белгіленіп, абзацтан басталуы керек. Әр тараудың шеңберіндегі бөлімдер де нөмірленуі тиіс. Бөлімдердің нөмірлері нүкте арқылы бөлінген тарау мен бөлімдердің нөмірлерінен тұрады. Бөлімнің нөмірінен кейін нүкте қойылмайды. Тараулар екі немесе одан да көп бөлімдерден тұрады.
Дипломдық жұмыстың мәтінінде және мазмұнында реттік нөмірлердің рәсімделу үлгісі:
Тараудың (бөлімнің) атауы
1.1 Тарау бөлімдері және т.б.
1.2
1.3
Тараудың (бөлімнің) атауы
2.1 Тарау бөлімдерінің (параграфтарының) атауы және т.б.
2.2
2.3
Егер тарау бөлімдерінің тармақтары болса, онда төмендегідей рәсімдеген жөн:
2 Тараудың (бөлімнің) атауы
2.1 Тарау бөлімдерінің (параграфтарының) атауы және т.б.
2.2
2.3
2.3.1 Тармақ атауы және т.б.
2.3.2
2.3.3
Дипломдық жұмыстың мәтінінде әр тарауды жаңа беттен бастау керек. Бір тараудың ішіндегі екі бөлімді бір-бірінен бөлу үшін мәтіннен кейін екі бос жол тастайды.
Дипломдық жұмыстың беттерін және қосымшаларын араб цифрларымен тура нөмірлеу керек. Беттер санын төменгі жақтың ортасына нүктесіз орналастыру керек.
Иллюстрацияларды (графиктер, схемалар, сызбалар, диаграммалар (фотосуреттер), кестелер) дипломдық жұмыста алғашқы рет айтылған мәтіннен кейін немесе келесі бетте орналастыру керек. Иллюстрацияларға сілтеме жасағанда «1-диаграммада немесе 2-кестеде көрсетілгендей» деп жазылу керек. Кестенің аты кестеден жоғары «кесте» сөзінен кейінгі жолда абзацтан бастап жазылу керек. Мысалы:
2-кесте. Аудармадағы стилистикалық трансформациялардың қолданысы (кестенің үстіне жазылады).
1-диаграмма. Ағылшын тіліндегі жарнама мәтіндерінің қазақ тілене аудармасындағы аудармашылық жоғалтулардың көрсеткіші (диаграмманың үстіне жазылады).
Дипломдық жұмыстағы (жобадағы) барлық кестелерге сілтеме жасалуы керек. Сілтемеде нөмірі көрсетілген «кесте» сөзін жазу керек. Көп жолдан тұратын кестені келесі бетке ауыстыруға болады. Кестені келесі бетке ауыстырғанда «кесте» сөзі мен нөмірін кестенің бірінші бөлігінің сол жақ үстіне жазады, қалған бөлігінің үстіне «жалғасы» деп жазып, кестенің нөмірін көрсетеді, мысалы, «1-кестенің жалғасы». Кестені келесі бетке ауыстырғанда, оның атын тек бірінші бөлігінің үстіне жазады. Кесте бөлігін басқа бетке ауыстырғанда, төменгі көлденең сызықты көрсетпейді.
Бағандар саны көп кестелерді қосымшаға шығарған жөн.
Пайдаланылған дереккөздерге жасалатын сілтемелерді кездесу реті бойынша төртбұрышты жақшада келтіру керек, мысалы: [12].
Пайдаланылған (беттері көрсетілген) дереккөздерге жасалатын сілтемелерді де кездесу реті бойынша төртбұрышты жақшада келтіру керек, мысалы: [24, 78б.].
Қосымшаларды (егер болса) дипломдық жұмыстың жалғасы ретінде соңғы беттерде рәсімдейді. Дипломдық жұмыстағы барлық қосымшаға сілтеме берілу керек. Қосымшаларды мәтіндегі сілтемелер ретімен орналастырады. Әр қосымшаны жаңа беттен бастап, беттің жоғарғы жағының ортасына «Қосымша» сөзі мен атауын жазады.
Қосымшалар орналасқан беттердің нөмірленуі дипломдық жұмыс беттерінің нөмірлерін жалғастырады.
3.3 Дипломдық жұмысты қорғауға ұсыну тәртібі
Дипломдық жұмыс алдын ала қорғау үшін түлек шығаратын кафедраға ұсынылады. Ол жерде студент жұмыстың дайындық деңгейі жөнінде баяндайды. Дипломдық жұмысты алдын ала қорғау күнін және уақытын кафедра меңгерушісі анықтайды. Студентте алдын ала қорғауға дейін дайын дипломдық жұмыс болуы қажет. Дипломдық жұмысты алдын ала қорғау процесі стунденттер мен міндетті түрде ғылыми жетекшілердің қатысуымен кафедраның ашық отырысында өтеді. Алдын ала қорғау кафедра мәжілісінің хаттамасымен рәсімделеді.
Студент алдын ала қорғау кезінде дипломдық жұмыстың мәнісін қысқаша баяндайды және комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап береді. Егер жұмыс 75%-дан аз орындалса, онда кафедра студентті қорғауға жібермеуге шешім шығаруы мүмкін.
Алдын ала қорғаудан сәтті өткен және белгіленген талаптарға сай рәсімделген, студент қол қойған аяқталған дипломдық жұмыс пікір дайындау үшін ғылыми жетекшісіне беріледі. Дипломдық жұмысты қолдаған жағдайда, жетекші қол қойып, өзінің қорғауға жіберілгені туралы шешім жазылған пікірімен бірге кафедра меңгерушісіне береді.
Осы материалдардың негізінде кафедра меңгеруішісі дипломдық жұмыс бойынша нақты шешім қабылдап, титул парағына жазады. Кафедра меңгерушісі студентті дипломдық жұмысты қорғауға жібермеу туралы шешім қабылдаса, бұл мәселе студенттің және ғылыми жетекшінің міндетті түрде қатысуымен өтетін кафедра мәжілісінде қарастырылады.
Қорғауға жіберілген дипломдық жұмыс пікір алуға жіберіледі. Пікір берушілердің тізімдері кафедра меңгерушісінің ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен бекітіледі. Пікір берушілер ретінде дипломдық жұмыстың мәселесі бойынша да, сондай-ақ осы салаға сәйкес білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін білікті мамандар тартылады.
Пікір беруші зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін, жаңалығын және практикалық маңыздылығын; маман даярлау саласына, академиялық дәрежесі мен біліктілігіне сәйкестігін; зерттеудің өз бетінше орындалуын; қорытындылар мен ұсыныстардың бар-жоғын; мәселенің шешілу дәрежесін; зерттеудің толық орындалуын көрсетіп дипломдық жұмысқа пікір жазады. Пікірде балл-рейтинг жүйесі бойынша бағасы көрсетіліп, сәйкес академиялық дәрежесі мен біліктілікті тағайындау туралы дәлелді қорытынды беріледі.
3.4 Дипломдық жұмысты қорғау тәртібі
Дипломдық жұмысты қорғауға дайындала отырып, дипломшы сөйлейтін сөзінің тезисін дайындайды, көрнекі оқу құралдарын рәсімдейді, пікір берушінің ескертулеріне жауапты мұқият ойластырады.
Дипломдық жұмыс Мемлекеттік аттестациялау комиссиясының (ары қарай МАК) ашық отырысында қорғалады. Дипломдық жұмыстың қорғалуы көпшілік түрде, студенттер мен түлек шығарушы кафедра оқытушыларының қатысуымен өтеді. Сонымен қатар, қорғауға ғылыми жетекші, пікір беруші және дипломдық зерттеу жүргізілген ұйымның өкілдері шақырылуы мүмкін. Дипломдық жұмысты қорғау үшін студент 15 минуттан аспайтын уақытты баяндама жасайды.
Мемлекеттік аттестациялау комиссиясының мәжілісіндегі сөйлеген сөзінде дипломшы келесілерді бейнелеп көрсетуі керек:
тақырыптың өзектілігін;
дипломдық жұмыс негізделетін теориялық және әдіснамалық жағдайын;
жүргізілген эксперимент нәтижесін немесе зерттелген оқиғаның талдауын;
практикалық жағдайларда жүзеге асыру мүмкіндігін негіздей отырып, қолданыстағы үрдістерді жетілдіру және мәселелерді шешу жөніндегі нақты ережелер.
Сөз сөйлеу әдебиеттен алынған теориялық пікірлерді қамтымауы қажет, себебі олар қорғаудың пәні болып табылмайды. Ерекше назарды өзінің зерттемесіне аударған жөн.
Сөз сөйлеу кезінде көмекші оқу құралдарын қисынды қодану керек. Олар студенттің тұжырымдары мен ұсыныстарының дәлелділігін күшейтуге және сөз сөйлеуін жеңілдету үшін қажет.
Студент сөз сөйлеп болып, жетекшінің, сонымен қатар сыртқы пікір берушінің пікірлері жарияланғаннан кейін, дипломшы қойылған сұрақтарға және ғылыми жетекшінің, пікір берушінің, МАК-тың төрағасы мен мүшелерінің, сонымен қатар қорғауға қатысушылардың ескертулеріне жауап береді.
Қорғалған дипломдық жұмыс түлек шығарушы кафедраға тіркеуге тапсырылады және ЖОО-ның мұрағатында бес жыл бойы сақталады.
1-қосымша
Еуразия гуманитарлық институты
Шетел тілдері кафедрасы
дипломдық жұмыстың орындалуының
жоспар-графигі
Тақырыбы______________________________________________________________________________________________________________________________
Студент_____________________________________________________________
Ғылыми жетекші____________________________________________________
№
|
Мазмұны
|
Орындалу мерзімі
|
Орындалған жөніндегі белгі
|
1
|
Таңдалған тақырып бойынша ғылыми әдебиеттерді зерттеу
|
|
|
2
|
Зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми-теориялық материалдарды жинау
|
|
|
3
|
Негізгі библиографиялық деректердің тізімін ұсыну
|
|
|
4
|
Теориялық материалдарды жинақтау, жүйелеу және сыни талдау
|
|
|
5
|
Нақты тілдік материалды жинау
|
|
|
6
|
Диплом жұмысының тұжырымды жоспар-құрылымын құру
|
|
|
7
|
Зерттеу әдістерін таңдау және анықтау
|
|
|
8
|
Теория мен қоса практикалық материалды өңдеу
|
|
|
9
|
Жұмыстың алғашқы жазылған нұсқасын ұсыну
|
|
|
10
|
Жұмыстың тұжырымды нұсқасын ұсыну
|
|
|
Бекітілді « »___________________
Шетел тілдері
Кафедрасының меңгерушісі __________________________
2-қосымша
ЕУРАЗИЯ ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
«Бекітемін»
________________________
«____»___________20___ж.
Диплом жұмысын орындауға арналған
ТАПСЫРМА
Студент___________________________________________
Диплом жұмысының тақырыбы____________________ _________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
__________________№_________бұйрықпен бекітілген
Студенттің жұмысты тапсыру мерзімдері:____________
1 тарау _______________________________________
2 тарау________________________________________
3 тарау________________________________________
Аяқталған диплом жұмысының тапсыру мерзімі_______________________________________________________________________________________________
Диплом жұмысының жоспары:___________________
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Тапсырма берілген күн «______»___________20___ж.
Кафедра___________________________________________
Бекітемін__________________________________________
күні, кафедра меңгерушісінің қолы
Жетекші___________________________________________қолы
Тапсырманы орындауға қабылдадым________________________________________
күні, студенттің қолы
3-қосымша
Титул парағын
рәсімдеу үлгісі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Еуразия гуманитарлық институты
Шетел тілдері кафедрасы
Қорғауға жіберу
Кафедра меңгерушісі___________
«__»________201_ ж.
Дипломдық жұмыс
Тақырыбы: «Ағылшын тіліндегі медициналық терминдерді қазақ тіліне аудару ерекшеліктері»
Мамандық 5В020700 – «Аударма ісі»
Орындаған: студенттің Т.А.Ә.
Ғылыми жетекші: Т.А.Ә., атағы,
ғылыми дәрежесі
Астана 201_
4-қосымша
мұқабасын
рәсімдеу үлгісі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Еуразия гуманитарлық институты
Шетел тілдері кафедрасы
Шубаева А.А.
Ағылшын тіліндегі медициналық терминдерді қазақ тіліне аудару ерекшеліктері
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
мамандық 5В020700 – «Аударма ісі»
Астана 201_
Достарыңызбен бөлісу: |