МӘТІНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛДЕРІ
Б.А.Шканова
Орал қ.
Орыстілді аудиторияларда қазақ тілін оқытуға Білім берудің мемлекеттік стандартының негізгі
қойып отырған басты мақсаты – студенттерге қазақ тілін меңгертумен қатар, оларды туған
Республикамыздың тарихымен, тыныс-тіршілігімен, ұлағатты адамдарының еңбектерімен таныстыру.
Бұл сабақты жүргізу мұғалімдерден көп дайындықты талап етеді. Оқу-тәрбие жұмысының негізі –
сабақ. Сапалы сабақ оқу тәрбиесінің нәтижелі болуына тікелей әсер етеді.
Сабақ үстінде оқушының жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, сабақтың тақырыбына сай
нақтылы міндет қоя білу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Өйткені, студенттерді терең біліммен
қаруландыру, олардың шығармашылық қабілетін, қызығушылық талғамын дамыту, өз бетінше білімін
толықтыруға дағдыландыру сияқты күрделі жұмыстар сабақ барысында қалыптасады. Бұл әрбір
мұғалімді ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Мұғалімнің алдында
тұрған негізгі міндет – студенттердің тілдік мәдениетін көтеру, ой-өрісін кеңейту, биік адамгершілік
қасиеттерін қалыптастыру.
Мемлекеттік стандартта елтану мәселесіне үлкен назар аударылған. Сондықтан қазақ тілі
сабағында грамматикалық тұрғыда теориялық білім беріп қана қоймай, тілдің күнделікті өмірде
қолданылатын практикалық жағын да ескерген жөн.
Мұғалімнің еңбегінің табысты болуы орыс тілі мен қазақ тілінің арасындағы ұқсастықтар мен
айырмашылықтарды есепке ала отырып, соларға негіздей оқытқанда ғана сабақ тиімді болады.
Студенттердің еркін сөйлеп, әңгімелесе алу дағдысын қалыптастыруда мәтіннің алар орны ерекше.
Сабақ оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрлерінің бірі – сабақта мәтінмен
жұмысты ұтымды ұйымдастыру болып табылады.
Мәтінмен жұмыс дегеніміз – сабақта өтілетін әр түрлі жұмыстардың жиынтығынан құралады.
Олар:
1. дыбыстармен жұмыс;
2. сөздіктермен жұмыс;
3. сөздік қорларын жетілдіру;
4. тіл дамыту;
5. ережемен жұмыс;
6. белгілі тақырыптар бойынша тірек сөздерін табу;
7. ауызша сөйлей білуге дағдыландыру.
Мәтінмен жұмыс істеу мынадай кезеңдерге бөлінеді:
I. Мәтінді оқығанға дейінгі жұмыс;
II. Мәтінмен жұмыс кезеңі;
III. Мәтінді оқығаннан кейінгі кезең.
I. Мәтін алдындағы жаттығулар мен оған сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі:
жекелеген сөздерді дұрыс айтып, жазуды, тілдік тұлға мен сөйлем үлгілерін мәтінде танып, айыра білу
және әр түрлі құрылымдық материалды (сөзжасам элементтері, етістіктің жақ, шақ түрлері т.б.)
меңгерту.
II. Мәтінмен жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде мәтіннің тілдік материалы мен құрылымы талданады.
Мәтіндегі сөйлем құрамына талдау жасау: 1) сөйлем түрлері; 2) сөз тіркестері; 3) сөздердің
мағыналарын контекске қарап анықтау; 4) сөйлемдегі сөздердің сөз табына айыру, олардың құрамына
талдау жасау т.б.
Мәтін ішінен қажет мәліметті бөліп алу, сөз,сөйлем мағыналарын айыра білуге машықтандыру
жаттығуларын әр түрлі тәсілмен орындау. Мәтінмен жұмыс кезеңін төмендегіше ұйымдастыруға
болады: оқыған мәтіннің мазмұнын әңгімелету, мәтін бойынша сұрақтарға жауап бере білу, жоспар
жасату, мәтінді бірнеше бөлімге бөліп, оларға ат қойғызу, мәтіннің негізгі мазмұнын ашу үшін
қолданылып тұрған жанама ойлар мен суреттеулерді таптыру, қорытынды жасауға үйрету. Мәтін
мағынасын толық түсіну дегеніміз – мәтіннің мазмұнын түсіну үшін оның ішіндегі жеке сөздерді
түсінуі керек. Сондықтан мәтіннің мазмұнын ашатын жеке тірек сөздерді дұрыс тауып, қолдана білу
дағдыларын қалыптастыру қажет.
III. Мәтінді оқығаннан кейінгі кезеңдегі міндет – мәтін мазмұнындағы негізгі ойды казақ тілінде
жеткізе білу.
Мәтінді оқығаннан кейінгі жұмыстар:
1. мәтін бойынша логикалық сұрақтар қойып, жауап алу;
2. сөздік жұмыстар;
3. фонетикалық жаттығулар;
4. сөйлем кұру;
5. мәтінге жоспар құру;
6. аударым;
7. мәтінге ат қою;
8. диалог, ситуация құру;
9. мәтіннің мазмұнын жоспар бойынша айту.
Мәтінмен жұмыс істеу кезеңінде студенттерді тілді білу деңгейлеріне қарай топтарға бөліп, әр
топқа лайықты тапсырма берген жөн. Ол үшін қазақ тілінде мәтінді оқудың ерекшеліктерін меңгерткен
жөн:
а) қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылуы, жазылуы;
ә) ол дыбыстарды айтылу және жазылу жағынан бір-бірінен ажырата білу;
б) сөз мағыналарын контекске қарай талдау (синонимдік қатар, омонимдер, полисемия т.б.).
Мәтінді оқуда төмендегідей әдіс-тәсілдерді қолдануға болады:
1. Дауыстап оқу – студенттің сөздерді дұрыс айту дағдыларын қалыптастырады, сонымен қатар,
студенттерге бірінің қатесін бірі түзетуге мүмкіндік береді.
2. Іштей оқу – бұл әдіс бойынша студенттер мәтінді оқып, әңгімелеп беру арқылы өзінің мәтінді
басқаның көмегінсіз түсіну деңгейін көрсетеді.
3. Араласып оқу (кезекпен оқу);
4. Мәтінді оқып, аудару;
5. Мәнерлеп оқу.
Оқушыларды шапшаң оқуға дағдыландыру, әрине, өте жақсы. Дегенмен, олардың шапшаң оқуы
мәтінді толық түсініп оқыды деген сөз емес. Оқушының мәтінді түсіну қабілетін әр түрлі әдіс-тәсілдер
қолдана отырып анықтауға болады. Мысалы:
1. мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аудару;
2. оқыған мәтіннің мазмұнын айтқызу, қазақ тілінде жеткізуге қиналса, орыс тілінде айтқызу;
3. мұғалімнің сұрағына дайын жауап оқу;
4. берілген мәтіндегі ойды бірнеше сөйлемдер арқылы айтып беру;
5. мәтінді бөлімдерге бөлу;
6. оқыған мәтінге немесе абзацқа тақырып қою;
7. Үлестірмелі кәртішкелерге мәтінді түсінгенін айтуға көмектесетін тірек сөздер жазылады.
Мысалы: бірнеше сөйлем оқимын, сол сөйлемдердің ішінде тірек сөздерді дұрыс орналастыру арқылы
мәтіннің мазмұнын білдіретін сөйлемдердің ретін студенттер белгілеп, мәтінді айтып беруге қажетті
шағын жоспар құрады;
8. Мәтіннің мазмұнына сай ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер келтіріп, мысалдар айту
(Отан, батырлар, жыл мезгілдері т.б. тақырыптарға).
9. Магнитофонға жазылған мәтінді оқушыларға тыңдатып, мазмұнын орыс тілінде айтқызу;
10. Сөздіктерді пайдалана отырып, аударма жасауға дағдыландыру;
11. Мәтінге жоспар құрғызып, мәтіннің мазмұнынан түсінгендерін әңгімелету.
Осындай жұмыс түрлерін өткізе отырып, мәтінмен жұмыс жүргізу студенттердің бағдарлама
материалдарын терең меңгерулеріне, азаматтық ой-өрістерін кеңейтуге және патриоттық сезімдерін
қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Тұған жер ұлылыққа үндейді» атты мәтін бойынша
мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады:
1) Мәтінді тақырыпсыз беріп, оқыту;
2) Қысқаша мазмұнын айтқызу;
3) Әр абзацқа ат қойғызу;
4) Толық мәтінге ат қойғызу;
5) Туған ел туралы мақал-мәтелдер, білгендерінше, айтқызу;
6) Мәтінге жоспар құрғызу;
7) Тірек сөздерін тапқызу: Отан, Егемен Қазақстан, Тәуелсіздік туы, Ұлы дала, ата-жұрт, Ақ
Жайық, Орал таулары, Қасиетті мекен;
8) Мәтін бойынша сұрақтарға жауап алу;
9) Мәтін бойынша қысқаша эссе жазғызу.
Туған жер ұлылыққа үндейді
Тәуелсіздік туын тіккен егеменді Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – елге, Отанға,
туған жерге деген патриоттық сезім. Елдің елдігі – оның азаматының таным деңгейінде екендігін о
бастан ата-бабаларымыз «Туған елдей ел болмас, Туған жердей жер болмас», немесе «Азаматына
қарап, елін таны»,– деген сияқты өмір тәжірибесінен алған мыңдаған нақылдарды ұрпақтан-ұрпаққа
мұра етіп қалдырып отырды.
Туған жердің киесін, қасиетін жырлап, қаншама ақын-жырау ұлағат, насихат сөз қалдырды!
Туған жерді жау табанына таптатпау үшін қаншама хандар, батырлар мен сарбаздар өмірлерін
қиды!
Бұл туған жерге деген Ұлы махаббат, Ұлы құрмет, Ұлы ерлік емес пе?!
«Отан отбасынан басталады»,– деп, дана халқымыз айтқандай, біз де тәуелсіз Қазақстанымыздың
батыс өңірінде өмірге келіп, өсіп-өніп, білім алып жатырмыз. Ақ Жайық атты аққулы мекен ұлы
Еліміздің киелі бір бөлшегі.
Ақ Жайық! Түу Орал тауларынан басталып, Орынбор, Орал, Тайпақ, Индер, Нарын, Атырау
мекендеріне атақоныс, тіршілік сыйлап керіліп жатқан Ана өзен!
Ұланғайыр кең өлке, тарихы шексіз, дәстүрі шетсіз атажұрт...
Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған, Ұлы - Ер, қызы - Ару ғажайып сұлу сайын
дала!
Қазақ поэзиясының алыптары бұл атырапқа ежелден ғашық көзбен тебірене, емірене қараған;
ақпа-төкпе шерлі жыр, ағыл-тегіл шежіре -сыр солардан тараған.
Қазақ даласын түгел аралап, халыққа жайлы мекен іздеген Асан Қайғы бабамыз Еділ (қазіргі
Волга) – Жайық өңіріне келгенде:
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Қос қолынды маларсың
Алтын менен күміске, - деген екен.
Сол ғажайып, ғаламат өзен «түгін тартса май шығатын», Қазтуған жырау айтқандай, «балығы
тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» Жайық, Ақ Жайық, ару Жайық - біз жағасында өмір сүріп
отырған қасиетті мекен!
Ұзындығы 2500 километрге созылған Жайық өзенін Европа мен Азияның арасындағы көк
шекара деп атайды. Өзінің өн бойын, өзінің берекелі де маңғаз, жайдары да айбарлы жағалауын мекен
еткен ұрпағына Жайық екі материктің тұрмыс-тіршілік салтын, мінез-құлқын дарытқан.
Жайық жөнінде көптеген өлеңдер мен әндер жазылды, күйлер, көркем туындылар дүниеге келді.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева өзінің туған жерге арнаған өлеңінде:
Ай, Күні бар Жайықтың
Ақ таңы бар арайлы,
Айдыны бар Жайықтың
Әлдилеген талайды.
Даласы бар Жайықтың
Алуан түрлі гүл өскен.
Жалғасы бар Жайықтың
Ғасырлармен тілдескен.
Сол жалғасы Сіздерсіздер, Жайықтың ерлігін, өрлігін, айбарын, ажарын келісті де мәнді, мәнді
де сәнді етіп ғасырлардан-ғасырларға, ұрпақтан-ұрпаққа лайықты табыстап отыру – сіздерге борыш.
Бүгінгі Қазақстанның, бүгінгі қазақ азаматының міндеті – еліміздің әлемнің басқа елдерімен
иықтас тұруы үшін сапалы білім алып, өзіміздің Отанымыздың өркендеуіне үлес қосу, оны сүю және
оны қорғау.
Әдебиеттер
1.А.Байтұрсынов. Қай әдіс жақсы? Жаңа мектеп. 1928,№4.
2. Ақанов К Тіл білімінің негіздері. Алматы, 1998.
3. Балақаев.М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. Алматы, 1989.
4.Қордабаев Т. Жалпы тіл білімі. Алматы, 1975.
5. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. Алматы, 2000.
6. Бітібаева Қ. Тіл дамыту жұмыстарын жүргізу, Алматы, 2005.
7. Шканова Б. Әдебиеттану және әдістеме мәселелері, Орал, 2011.
Достарыңызбен бөлісу: |