Ескерту. Заң 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
20-1-бап. Мемлекеттік қызметшілерге қызмет этикасын сақтау
жөнінде қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік қызметшілер:
1) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
2) жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;
3) азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуға;
4) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
6) заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
7) мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық міндеттерін адал және кәсіби деңгейде атқаруға;
8) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жеке және заңды тұлғаларға ерекше ықылас көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
9) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
10) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
11) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінің шеңберінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;
12) басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар немесе жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормалармен сыйыспайтын іс-әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;
13) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және олардың жолын кесуге міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде ресми мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс.
3. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың мүддесіне орай, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
20-2-бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа
қарсы әрекеттері
1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
3. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
20-3-бап. Көпшілік алдында сөйлеу
1. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды әдепті түрде жүргізуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатты жүргізуге және мемлекеттік органның қызметіне қатысы жоқ мәселелер бойынша мемлекеттік органның атынан жарияланымдарына жол берілмейді.
Педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет жөнінде материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде өз атынан жүзеге асырады.
5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді қамсыздандыру
21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен төленедi.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы
1. Мемлекеттiк қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.
5. Мемлекеттік әкімшілік қызметші ауыстырылған жағдайда не мемлекеттік саяси қызметшінің басқа мемлекеттік лауазымға тағайындалуына байланысты, егер мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орнында демалысын пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс орнындағы ақы төленетін жыл сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн, сондай-ақ өз қызметінің бағалану нәтижелері бойынша:
1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандарымен, оның ішінде ведомстволық наградалармен және омырауға тағатын ерекшелік белгілерімен марапаттау арқылы көтермеленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапатталады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк
қорғау шаралары
1. Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкiметi белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Басқа мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және штат бірліктері берілген мемлекеттік орган берілген функцияларды, өкілеттіктерді орындаған және осы штат бірліктерінде қызмет атқарған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады. Бұл ретте, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік органның штат саны қысқарған жағдайда мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
5. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгеннен төмен болмауы керек.
Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393; 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және
әлеуметтiк қамсыздандыру
Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |