Аққу кетті, əн кетті қанатыңда.
Асқар-асқар таулардан асып əрі,
Шың-құздардың үн қалды қабатында.
Аққу əні естілмей қалатын ба?
Алатаудан үзілтіп, Қаратауға,
Жаңғырығып жартастар таратуда…
III
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан
«…Апыр-ай, бұл кім болды, таңсəріде,
Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!
Құстардың зəре-құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!
Мылтықты атарлықтай көлге келіп,
Апыр-ай, жоқ еді ғой елде желік…»
Мылтық даусы, құстардың шулағаны –
Шыдамын алды қарттың бермеді ерік.
«Бұл маңның адамы емес, сірə-дағы,
Білейін, табайын да бір амалын.
Қаруы бар кəззапқа құрықпенен
Ұмтылса, қалай қайрат қыла аламын?!
Жөн болар алыс тұрып сұрағаным…»
…Аққу үркіп, батысқа бет түзеген,
Қамшы басты атына, шыдамады.
Алыс тұрып, ақырды қыр басынан:
«Берекесін бұл жердің кім қашырған?..»
Өңім бе, түсім бе деп таңданады,
Көз алмай орамалды ұрғашыдан,
Көз алмай сүле-сопа тұлғасынан:
– Ей!
Кімсің?
Тірісің бе?
Жаның бар ма?
Аққуды неге атасың, арың бар ма?!
Тастағын қаруыңды, келгін бері,
Келгін бері, кеудеңде жаның барда!
…Байғұс əйел үн-түнсіз жылап тұрды,
Қарттың үні мең-зең ғып құлаққа ұрды.
Қолындағы мылтығын құлаштап кеп,
Бөгелмей, «Жетім көлге» лақтырды.
Қартқа қарай ақырын аяңдады,
Қарусызға қарт келді, аянбады.
…Көзінен жас, көңілінен зар төгіліп,
Болған жайтты келіні баяндады.
– Əй, балам!..
Болмады ғой, болмады ғой…
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.
Тəуіптің айтқанының бəрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!..
Мін атқа. қайт ауылға тағат қыл да,
…Білмеймін, cop аттың ба, бақ аттың ба?!
Аққуға кезенерде, ырым жасап,
Тым құрса саусағыңды қанаттың ба?
– Əлек боп, арпалысып сор-қайғымен,
Жоқ ата, жасамадым ондайды мен…
Жасымнан естігенім бар-тын еді,
Əйтеуір аққу атқан оңбайды деп…
– Солай, солай…
Аманат бір Құдайға…
Қай-қайдағы түседі құрғыр ойға…
…Ат басын шұғыл бұрып, тайып тұрды,
Қарт тастап нелер сұмдық сырды бойға.
Бəрі ұмыт: бақытың да, байлығың да,
Күлкі шаттық, күйзелткен қайғы, мұң да.
«Жетім көл» жетімсіреп қалып қойды,
Бір өлі, бір тірі аққу айдынында…
Бар өмірден көңілі шайлығуда,
Байғұс ана еркінен айырылуда.
Əлденеден сұм жүрек сескенеді,
|