Ішкі құрылысы.
Омыртқа желісі. Амфицельді сүйекті омыртқалардан тұрады. Ол кеуде, құйрық болып екі бөлімге бөлінеді. Кеуде бөлімінің жоғарғы доғасы қосылып, жұлын каналын құрайдықұйрық бөлімінде ондай құбылыс байқалмайды.
Бас сүйегі. Сүйекті балықтардың бас сүйегінің едәуір бөлімдері сүйектерден құралған. Бас сүйегі тері (dermocranium) және шеміршек (chondrocranium) тектес сүйектерден пайда болған.
Ми сауыты шеміршекті сүйектерден тұрады. Ми сауытының артқы бөлімі қарақұс тесігін көмкере орналаскан төрт шүйде сүйектерінен құралған. Қарақұс тесігінің төменгі жағында негізгі шүйде сүйегі, осы тесіктің екі бүйірінде, парлы бүйір сүйегі, ал жоғарғы жағынан жоғарғы шүйде сүйегі қоршап жатады. Есіту капсуласының маңында бас сүйегінің екі жағына бес-бестен орналасқан құлақ сүйегі болады.
Көз маңайында дара сына тәрізді негізгі сүйек көз ұясының төменгі артқы бұрышын құрайды. Қос қанат сына тәрізді және көз сынасы тәрізді сүйектер бар. Бұл сүйектер көз қуысының жоғарғы артқы және орта бөлімдерін қалыптастырады.
Иіс бөлімін дара аралық иіс сүйегі және жұп бүйір иіс сүйектері құрайды. Сөйтіп, шеміршек арқылы сүйектену ми сауытының артқы, бүйір бөлімдерін аздап та болса оның астыңғы бөлімін құрайды. Ми қақпағын құрауға қатыспайды.
Бас сүйегінің қақпақ жағы, оның бүйір, астыңғы бөлімінің сүйектері тері тектес сүйектерден пайда болған. Бас сүйегінің қақпағының алдыңғы бөлімдері жұп мұрын сүйектерінен, маңдай сүйектерінен және одан әрірек шүйде жағына таман жұп төбе сүйектерінен құралады. Оның төменгі жағында — барлық бас сүйегінің түбін — парасфеноид және оның алдыңғы жағында жатқан өре сүйегі (сошник) құрайды.
Тіл асты сүйектер мен желбезек доғаларынан висцеральдық скелет құрылады. Акулаларда болмайтын желбезектер қақпағы сүйекті балықтарда болады. Сүйекті балықтардың алғашқы ретте пайда болған жақтары қоректі азықтарын ұстау қызметін атқармайды. Қоректі қабылдау әрекетін және басқа да болатын күрделі қозғалыстарды жақ аралық сүйегімен жоғарғы жақтан құралған екінші ретте дамыған жақтары атқарады. Төменгі жақ құрамы шаршы сүйекпен ұштасатын шеміршекті буындасу сүйегінен, екі үлкен тіс сүйегінен және кішкене бұрыш сүйегінен тұрады.
Желбезек қақпағы гиомандибуляре сүйегіне бекіп тұрады. Желбезек шатыры жалпақ келген үстірт төрт (қақпақ, қақпақ алды, қақпақ асты және қақпақ аралық) сүйектен құралған.
Қауырсын қанатты балықтарға ғана тән, тіл асты доғасының төменгі бөлімінің артқы жиектеріне бекіген бірнеше ұзын сүйекшелер — желбезек торсылдағының қауырсыңдары болады. Алабұға бас сүйегінің бұл схемадан ерекшелігі — біріншіден, ми сауытының үстіңгі және шеміршек сүйектері бірігіп кеткен, екіншіден, көз аралық пердесі болмайды.
Аяқ скелеті. Кеуде қанаттарының скелетінде базалиялар болмайды, ол тек қана сүйекті радиалиядан және қанаттың сүйекті қауырсындарынан құралады. Радиалиялар бірден барып иық белдеуіне жалғасады. Алдыңғы аяқ белдеуі басқа сүйекті балықтардікі сияқты нашар дамыған және ол кішірек «жауырын» мен коракоид деген сүйекшелерден тұрады. Бұл алғашқы ретте пайда болған шеміршек тектес сүйектерден қалыптасқан белдеуге тері тектес сүйектерден тұратын екінші рет пайда болған белдеу келіп бекиді. Бұл белдеудің сүйектерінің ішіндегі ең ірісі, орақ тәрізді — клейтрум деп аталатын сүйек. Ол сүйек ұсақ сүйектер арқылы бас сүйегінің сауытымен жалғасады.
Сүйекті балықтардың алдыңғы жұп қанаттарының базалиясы, ал артқы парында радиалиясы да болмайды. Бұл сүйекті балықтардың аяқ скелеттерінің шеміршекті балықтардан ерекшелігі болып есептеледі.
Сурет. 2.
Ет системасы. Кеудесі мен құйрық бөлімінің ет системасы, минога мен акулалардікі сияқты миосепталармен бөлініп бұтақталған миомерлерден құралады. Жеке миомерлер воронка тәрізді болып бір-біріне еніп тұрады, Қанаттарының еттері жекеленіп, жіктелген.
Нерв системасы. Миы кейбір қарапайым белгілері бойынша, шеміршекті, шеміршекті-сүйекті балықтардың миына қарағанда әлдеқайда қарапайым болады. Біріншіден, сүйекті, балықтардың миының көлемі кішірек келеді. Екіншіден, олардың алдыңғы миы кішірек және сүйекті балықтардың, көпшілігінде ол үстіңгі жағынан нерв заттары жоқ эпителиймен қапталған. Жарты шарлардың қуыстары перде арақылы бөлінбеген. Керісінше ортаңғы ми мен мишық басқаларына қарағанда көлемді болады. Алдыңғы мидан кішірек иіс бөлімдері тарайды.
Бұларға алдыңғы мидың жұп сіңірлері келіп енеді. Аралық ми өте кішкене және алдыңғы мидан айқын бөлінбеген. Аралық мидың қақпағынан эпифиз бөлінеді. Ортаңғы миы басқа сүйекті балықтардікі сияқты, басқа ми бөлімдерімен салыстырғанда өте үлкен болады. Ал мишығы да өте үлкен және сүйекті балықтардағыдай бір сызықтың бойында және ортаңғы миға жанасып жатады.
Бас миынан 10 пар нерв таралады (I—X). ХІІ-пары бас сауытынан тысқары жерден шығады.
Көру органдары. Көздерінің құрылысы, балықтардың көпшілігінікі сияқты дөңгелек, хрусталигі және жалпақ қасаң (роговица) қабығы болады, сондықтан да көздің алдыңғы камерасы кішкене келеді. Бұл қабықтың екі жағы көз ұясында болып, ал алдыңғы жағының ортасы ашық қалады. Осы қалпында ол хрусталикке екі жағынан тиер-тимес болып тұрады. Көздің белокты қабығы шеміршекті болады. Балықтардың, көз алмасының қан тамырлы қабатынан оның қуысына орақ тәрізді өсінді келеді. Бұл жіңішке дәнекер тканьнен қалыптасқан қатпар деуге болады. Мұның өзі көздің тамырлы қабатының көру нерві енетін жерінен басталып, көздің торлы қабатын басып өтіп, көз хрусталигіне барып бекиді. Көз алмасының күміс түсті қабығы белокты қабықтың астыңғы жағында орналасқан.
Есіту органдары. Сүйек капсуласының ішіне орналасқан бір ғана ішкі құлақтан тұрады. Басқа омыртқалылардікі сияқты, бұларда да иірімді жарғақтар скелеттің иірімді қуысының ішінде жатады. Бұл екеуінің ортасындағы қуыста сұйық зат (перилимфа) болады. Сөйтіп, иірімді жарғақтар сұйық заттың ішінде тұрады. Мүйіз тәрізді әрбір жартылай шеңбер каналдың бір ұшы кеңейіп барып, тұйықталып бітеді. Бұл тұйықты ампула деп атайды. Дөңгелек қапшықтан тұйық болып бітетін— эндолимфа жолы және қуыс өскін (улитка) шығады. Иірімді жарғақтардың ішіндегі эндолимфада бірнеше ұсақ отолиттермен бірге сүйекті балықтарда есіту тастары, яғни ірі отолиттер де болады.
Дәм сезу органы. Алабұғалардың дәм сезу органдары микроскоп арқылы ғана көрінетін ұсақ, дәм айыратын бүршікшелерден құралады. Жеке дәм айыратын бүршікшелер — бір-біріне жақын жатқан дәм айыратын клеткалардан және олардың арасындағы тірек клеткалардан құралады. Әрбір сезгіш клетканы нерв талшықтары қоршап тұрады. Сүйекті балықтардың бәрінде де дәм айыру бүршікшелері тек ауызда ғана орналасып қоймай, сонымен қатар бүкіл сыртқы тері қабатында да болады.
Иіс органдары — екі тесікті (танау) жұп қапшықтардан құралады.
Ас қорыту органдары. Ауыз қуысы мен жұтқыншақ айқын бөлінбеген. Сондықтан да ауыз бен жұтқыншақ қуысын бірге қосып, ауыз жұтқыншақ қуысы деп атайды. Алабұғаның аузында бірнеше ұсақ тістері бар. Тістері жоғарғы жақ, жақаралық тіс сүйектеріне орналасумен қатар, таңдай сүйектеріне, өре сүйекке және тіл асты шеңберінде де орналасады. Тістердің барлығының формасы бірдей болады. Ұш жағы сүйір, конус тәрізді. Тістерімен керекті затын ұстайды, бірақ оны майдалап, ұсақтай алмайды. Алабұғалар басқа жыртқыш балықтар сияқты қоректік затын бүтіндей жұтады. Тілі болмайды. Жұтқыншақ қысқа өңешке келіп жалғасады. Өңеш үлкен және өте созылмалы қарынға барып жалғасады. Одан нағыз ішек басталады. Ішектің алдыңғы бөлімі иіріліп барып шумақ шығарады. Одан кейін ішек ешқандай шумақталмастан денесінің арт жағына қарай созылып барып дербес тесік болып сыртқа ашылады. Бірақ ішектің басталған жерінде тұйық, кейде пилорикалық деп аталатын өсінділер пайда болады. Бұл өсінділер шеміршекті балықтардағы спираль тәрізді қақпақшалар сияқты ішектен тамақты жүруін баяулатады және ішектің ас қорыту бетін арттырады. Тұйық өсіндінің саны түрлі балықтарда түрліше болады. Мәселен алабұғада—3, ласосьта — 40, скумбрияда — 200 жуық.
Бірнеше бөліктен тұратын бауырында өті болады. Өт—өт жолы арқылы ішектің баулық тәрізді алдыңғы бөліміне ашылады.
Ұйқы безі айқын байқалмай ұсақ түйір түрінде шажырқайда шашырап жатады.
Жүзу торсылдағы құрсақ қуысының арқа жақ бөліміне орналасады. Торсылдақты іші газға (көмір қышқыл газына, оттегіне және негізінен азотқа) толған жұқа қабықты қапшық деуге болады. Торсылдақ негізінде гидростатикалық аппарат болып есептеледі. Ол кеңейген кезде балықтың меншікті салмағы азаяды, қысылған кезде меншікті салмағы артады. Торсылдақтың ішіндегі газ қысымының артып немесе кеміп отыруы — торсылдақтың қабырғаларында көптеген ұсақ қан тамыларының болуына байланысты.
Кейбір жерлерінде қан тамырлары ұсақ капиллярға тарамдалады.
Осы ұсақ қан тамыршалары арқылы, торсылдақ ішіндегі оттегін қабылдап, немесе газ алмасу нәтижесінде пайда болған керексіз заттарды сыртқа шығарып отырады. Осындай процестің нәтижесінде балық торсылдақтарының көлемі бірде ұлғайып, бірде кішірейіп отырады. Бұған қарағанда торсылдақ кейбір балықтарда аздап болса да тыныс алу процесіне қатысады.
Тыныс алу органдары. Алабұғалардың: басқа балықтардікі сияқты, төрт пар жетілген желбезектері болады. Сонымен қатар желбезек қақпағының ішкі жағында жалған желбезек деп аталатын жетілмеген желбезегі болады. Сүйекті балықтардың желбезек аралық перделері болмайды, желбезек талшықтары желбезек шеңберлеріне ғана бекиді. Желбезек қуысын сыртқы жағынан желбезек қақпағы жауып тұрады.
Сүйекті балықтар — желбезек қақпақшаларын қозғалту арқылы тыныс алады. Балық желбезегі қақпағын ептеп көтере бастағанда, желбезек қақпақшасының жиегіндегі жұқа тері перде сыртындағы судың қысымының әсерінен желбезек саңылауларына жабысады. Мұның нәтижесінде желбезек қақпағының астында бос қуыс пайда болады және ауыз-жұтқыншақ қуысына қарай су өтеді. Желбезек қақпағы төмен орнына түскенде, су қысылып барып, желбезек саңылауларынан сыртқа шығады.
Қан айналу органдары. Алабұғалардың жүрегі үш камерадан тұрады: вена колтығы, жүрекше және қарынша. Сөйтіп, алабұғаның акуладан айырмасы, алабұғада артерия конусы болмайды. Оның орнына алабұғада қолқа түйіні болады. Бұл құрсақ қолқасының басталған жері. Мұның артерия конусынан өзгешелігі — қабырғасы тура ет тканьдерінен құралған. Сондықтан да ол жүрек секілді өз бетінше қызмет ете алмайды. Тіл асты жартылай желбезектің шала дамуының салдарынан, оған қан әкелетін артерия жойылып кеткен. Сөйтіп қан әкелуші желбезек артерияларының төрт пары ғана сақталған. Осыған сәйкес сүйекті балықтарда қан әкететін желбезек артерияларының төрт-ақ пары болады. Бұлар арқа қолқасының түбіне келіп құяды. Арқа қолқасы алдынан және арт жағынан са бақталып бір-бірімен қосылуынан пайда болады. Осының нәтижесінде артериялық бас шеңбері пайда болады. Бұл сүйекті балықтардың басқа балықтардан ерекшелігі болып есептелінеді.
Алдыңғы қолқасы бас бөлімін қанмен қамтамасыз етсе, арқа қолқасы денесінің артына қарай барып басқа органдарды қанмен қамтамасыз етеді.
Вена. Акуланың вена жүйесімен салыстырғанда бұлардың мынадай өзгешелігі бар:
1) бүйір веналары болмайды;
2) сүйекті балықтардың көпшілігінде, тек қана сол жағындағы артқы кардиналь венасы тікелей келіп кювьер өзегіне жалғасады,
3) құйрық венасы бауыр кақпа венасымен бірігіп кетеді.
Зәр шығару органдары. Омыртқа жотасының екі жағында торсылдақтарының үстіңгі жағына орналасқан лента тәрізді мезонефрикалық бүйректерден тұрады. Бүйректерінің ішкі жиектерін қуалай орналасқан вольфов каналшаларына ұқсас, зәр түтікшелері болады. Зәр түтікшелері сыртқа ашылатын жерде бір-бірімен қосылып, бір ғана каналға айналады. Кейбір түрлерінде қуығы болады, оған зәр шығару каналы арқа жағынан келіп ашылады.
Жыныс органдарының құрылысы — шеміршекті балықтардан гөрі өзгеше болады. Қос аталық және аналық жыныс бездерінің ішінде қуысы болады да, олар ерекше каналдар арқылы зәр тесігінен басқа тесік арқылы зәр-жыныс каналына келіп ашылады. Сөйтіп, шеміршекті балықтардай, ұрғашыларында жұмыртқа жолының қызметін атқаратын – мюллеров каналдары болмайды. Еркектерінде жыныс бездерінің бүйрек пен байланысы жоқ, ал вольфов каналдары зәр шығару каналының қызметін атқарады.
Уылдықтары ұсақ, оның сыртында жұқа мөлдір қабығы болады. Ұрықтану аналық организмінен тыс, су ішінде болады. Тек қана аздаған түрлерінде ұрықтану іште және «тірі жұмыртқа» туушылық байқалады. Мысалы, Американың субтропиктік суларында мекендейтін тісті карп тәрізділері және аквариумдарда өсіретін – гамбузия балығы тірі шабақ туып, көбейеді.
1.Құрлықта тіршілік етуші алғашкы омыртқалылар қосмекенділер болған. Олар пайда болғанға дейін жерде судың омыртқалылары — балықтар тіршілік еткен. Қазбадан табылған ертедегі балықтардың арасынан саусақ қанатты балықтар белгілі. Ендеше девон дәуірі кездерінде (шамамен 400-500 млн. жыл бұрын) алғашқы қосмекенділер (стегоцефальдар) саусақ қанатты балықтардың ертедегі тегінен шыққан деп болжайды. Қосмекенділер құрлыққа шығуымен қатар сумен де байланысын жоғалтпады және толышмен құрлық жануарларына айналған жоқ. Қосмекенділер гректің "амфибиос" деген сөзінен олардың өз тіршілігінде тек құрлықпен ғана емес, сонымен бірге сулы ортамен де байланысты екендігін көрсетеді. Бұл байланыс олардың тіршілік әрекеттерінен көбею, даму және дене құрылыс ерекшеліктерінен айқын көрінеді. Ересек өкілдері сазды көлеңкелі жерлерде, көбіне тұщы су қоймаларының жағалауында тіршілік етеді. Қосмекенділер тұзды суларда өмір сүре алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |