Критериалды бағалаудың практикалық мәні
Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің Жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес.
Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – шығармашылық, белсенділік, жауаптылық, терең білімділік, кәсіби сауаттылық. Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін оқушы білімін бағалауда мүлдем жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден-бір жолы – оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша сараптау.
Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын-ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығының көмегімен өлшенеді. Бұл нормаға негізделген бағалаудан өзгеше. Нормаға негізделген бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі олардың сыныптастарының үлгерімімен салыстырылып қойылады.
Оқушылардың пән бойынша оқу жетістіктері екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде жүреді. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, балл не баға қоймастан-ақ оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер оны оқушылардың жетістіктерін өлшеп, алдағы сабқтарын жоспарлау үшін қолданылады.
Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін/ ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан,оқу жылы,орта білім деңгейі) аяқтаған соң оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.
Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны бағаланады. Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет.
Қалыптастырушы бағалау – оқыту үшін бағалау, жиынтық бағалау – оқытуды бағалау болып табылады. Қалыптастырушы бағалау – бұл білім алушылардың оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен мұғалімдердің қолданатын мәліметтерді іздеу мен түсіндіру үрдісі. Жалпы қалыптастырушы бағалау сабақ – жүйесінде жеке қарастырылмайтын, сабақпен қатар жүретін үрдіс. Қалыптастырушы бағалаудың (оқыту үшін бағалау) маңызы – білім беруді, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту, мақсаты – оқытудың қиындықтарын анықтау, оқыту бағдарламасының мазмұнын және білім беру стилін білу, болжау мен сұрыптау, жетістікке жеткендігін көрсететін кері байланыс. Бағалаудың мәні – бақылау, алынған мәліметтердің интерпретациясы, бұдан арғы іс-әрекеттерді анықтау үшін қолданылуы мүмкін шешімдерді қорытындылау. Ол оқушының жаңа сабақты, тарауды қалай меңгеріп жатқандығын жүйелі түрде бақылап, қадағалап отыру. Жиынтық бақылау жұмысына дейінгі оқушының білім деңгейін қалыптастыру, дамыту, жетілдіру. Қалыптастырушы бағалау жұмысы сабақтың толық бөлігін қамтуы міндетті емес. Ол сабақтың басында, сабақтың ортасында, сабақтың соңғы бөлігінде жүргізіледі. Уақыт көлемі тапсырма деңгейіне сәйкес 5-10 минут болуы мүмкін. Сабақ барысында қалыптастырушы бағалаудың формальді, формальді емес әдістерін тиімді әрі жүйелі қолдану қажет. Формальді бағалау әдісі нақты оқу мақсатына негізделіп жүргізіледі. Дескрипторлар мен бағалау критерийлері тапсырмаға сай құрылып, оқушы білімінің нәтижесі ауызша немесе жазбаша түрде «мақсатқа жетті», «талпынады» деген бағалау түрі бойынша қорытындыланады.
Практикалық маңызы: Тек қана оқушы жұмысы бағаланады; Орындалған жұмыс алдын ала белгілі үлгі (эталонмен) салыстырылады; Оқушы өзінің жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін нақты бағалауалгоритмін біледі және ата-анасына ақпарат бере алады; Критериалды бағалау белгілі оқу мақсаты бойынша бағаланады.
Критериалды бағалаудың маңызы: Сапала нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға; Өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға; Сабақ берудің сапасын арттыруға; Оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға; Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға; Оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге.
Критериалды бағалау – бүгінгі білім жүйесіндегі жаңа талап. Оқушы сын тұрғысынан ойлау арқылы алдына мақсат қоя біледі. Әрі нәтижеге жетуге үлкен талпыныс болатынын уақыт байқатып отыр. Сондықтан маңызды істі жауапкершілікпен атқарғанда ғана жұмыс жүйеленетіні белгілі.
Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда жеке адамның құзыреттіліктері қалыптасуы қажет.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы біз оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттаймыз, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұлғалы нәтижеге, бағытқа жеткіземіз, білім алушылардың дайындық деңгейі мен өсу динамикасын кез-келген кезеңде анықтаймыз, әртүрлі жұмыстардан алған бағаларды дифференциалдауға қол жеткіземіз. Бүгінгі оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан көз жеткізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |