Кәдімгі қарағай – бірүйлі өсімдік. Кәдімгі қарағай – жарық сүйгіш өсімдік, тамыры тереңге кетеді. Орманда өскен қарағай түзу де сымбатты болады. Ашық, далалы жерде өсетіндерінің діңі жуандап, сәл аласа болып келеді. Жарық жеткілікті болғандықтан, бұтақтары жан-жаққа жайыла-таралып өседі. Қылқан жапырақтылар – кіндік тамырлы өсімдіктер. Одан жанама тамырлар тарайды. Ұзын жанама тамырлар өте ұсақ тамыршаларға тармақталады. Сөйтіп ұсақ тамыршаларда микориза (грекше «микос» – саңырауқұлақ және «риза» – тамыр, қазақша баламасы: селбестамыр) түзіледі. Қарағай тамырымен селбесу арқылы саңырауқұлақтар топырақтағы кейбір өсімдік сіңіре алмайтын ағзалық заттарды сіңіруге ыңғайлы етеді. Өздері өсімдік тамырынан қажетті заттарды пайдаланады.
Ағаш сабағы «дің» деп аталады. Діңнің қабығы, сүрегі және нашар білінетін өзегі болады. Қарағай діңдерінің өзегі әзер байқалады. Сүректе ағзалық заттарды жинақтайтын және қорға жинайтын негізгі ұлпалар өте аз. Оның есесіне өлі жасушалы өткізгіш ұлпалар 90–95%-ға дейін жетеді.
Қылқан жапырақтылардың бір ерекшелігі: көпшілігінің қабығында, сондай-ақ сүрегінде шайырлы өзекшелер болады. Олар өзекшелері астарлайтын жасушалардан бөлінген шайыр, эфир майы толған созылыңқы жасушааралық кеңістіктен тұрады.
Өсіп тұрған қарағай бұтағынан әр түрлі бүрлерді көре аламыз. Жас өркеннің ұшында бүрлер орналасады. Олар көктемде пайда болатын, үлкендігі 5 миллиметрден аспайтын екі қызғылт түсті аналық бүрлер. Аналық бүр негізгі өзекше мен оған тығыз жанасқан қабыршақтан тұрады. Сыртқы қабыршағы – жабын, ішкісі тұқымдық деп аталады. Екі түрлі қабыршақтар бірімен-бірі тұтасып кетеді. Тұқымдық қабыршақта 2 тұқымбастамасы (тұқымбүршік) түзіледі. Жас өркеннің түбінде тығыз топтаса орналасқан ұсақ, жасылдау сары түсті бүрлер болады. Бұлар – аталық бүрлер. Аталық бүрлердің қабыршақтарының төменгі жағын тозаң түзілетін 2 тозаңқапшықтары бар. Ауаға толы тозаңдар өте жеңіл болғандықтан, желмен өте алысқа ұшып таралады. Сөйтіп қарағайдың бір бұтағында аналық және аталық бүрлер болады. Аталық бүрлері мен аналық бүрлері бір өсімдікте орналасқандықтан, қарағай бірүйлі өсімдік деп аталады.
Самырсын және бүрі Кәдімгі қарағай, бұтағы және бүрі Балқарағай, бұтағы және бүрі
Аналық бүрдің тұқымбүршіктері ашық тұрады. Желмен ұшып келген аталық тозаңдар аналық бүрдің тұқымбүршігіне түскен кезде оның қабыршақтары жабылады. Жабылған қабыршақтар шайырмен желімделеді. Бұл сәтте тұқымбүршіктерде жұмыртқажасушалар болмайды. Сондықтан тұқымбүршік бірден ұрықтана алмайды. «Жұмыртқажасуша» дегеніміздің аналық жыныс мүшесінде дамитын аналық жыныс жасушасы екенін білетін боларсыңдар? Жұмыртқажасуша ұрықтануға әзір болу үшін уақыт қажет. Аналық бүрдің көлемі ұлғайып, жасыл түске ауысады. Тұқымбүршікте эндосперм (грекше «ендон» – ішкі + «сперма» – тұқым) – қоректендіруші ұлпа пайда болады. Сөйтіп жұмыртқажасуша түзіледі. Бұған кемінде бір жыл қажет. Демек, тұқымбүршік бір жылдан соң, келесі жазда ғана ұрықтанады. Аталық және аналық жасушалардың қосылып, ұрықтануынан зигота түзіледі.Зиготадан ұрық дами бастайды. Ұрық эндосперм есебінен қоректенеді. Сөйтіп тұқымбүршік ұрықтан тұқымға ауысады. Тұқым аналық өсімдіктің ішінде түзіледі. Тұқым ұрықтан, эндоспермнен және тұқым қауызынан (өңінен) құралады. Қылқанжапырақтылардың дамуын суреттерден қараңдар.
Түзілген тұқымның сыртқа шашылуы үшін тағы жарты жыл қажет. Ағаш басындағы пісіп жетілген аналық бүр енді қоңыр түске ауысады. Бүрдің ұзындығы 4–6 сантиметрге жеткен кезде ол пісіп жетіліп, қабыршақтарын ашады. Ашылған қабыршақтан тұқым анық көрінеді. Қылқан жапырақты өсімдіктер сондықтан да ашық тұқымды өсімдіктер тобына жатқызылады. Қарағайдан, басқа да қылқан жапырақты өсімдіктердің тұқымында жұқа қанатша болады. Мұндай тұқымды жел оңай таратады.
Қылқан жапырақтылардың екіүйлі түрлері де бар. Кәдімгі арша – екіүйлі қылқан жапырақты бұта. «Екі үйлі» деген – аналықтың бір өсімдікте, аталықтың екінші өсімдікте өсуі. Демек бұл даражынысты өсімдік болып саналады. Кәдімгі аршаның бүрі – бірінші, кейде – екінші, тіпті үшінші жылда пісіп жетіледі. Оның бүрі – жұмсақ, шар тәрізді, жидекке ұқсас болып келеді. Сондықтан халық оны «бүржидек» деп те атайды. Ондай бүр – қошқыл көк немесе күрең қызыл түсті болып келеді. Бүрдің етті бөлігі өте тәтті, сондықтан мармелад дайындауға пайдаланылады.
Қылқан жапырақтылардың өздеріне тән жапырақтары (ине тәрізді) бар. Жапырағын түсіретін кейбір түрлерінде (балқарағай) жапырағы жұмсақ, ені кең, топтанып орналасады. Секвоя жапырағының ені кең, сызықты-қандауырша тәрізді болып келеді. Туйяның (бозарша) өскінінде қабыршақтар қаптаған енділеу келген жапырақтар орналасады. Самырсын шыршаға ұқсас, бірақ қылқан жапырақтары жұмсақ болғандықтан, денеге қадалмайды. Тек кәдімгі қарағайдың жіңішке (қылқаны) ұзынша, үш қырлы жапырақтары қысқарған өркенге қос-қостан (екі-екіден) орналасады. Ұзарған өркендеріндегі жапырақтары түрін өзгерткен қысқарған өркені қабыршақ қаптаған жапырақтың қолтығына орналасады. Қылқан жапырақтары өркендерінде 3–6 жылға дейін сақталады. Қарағай туысына жататын кейбір түрлерінде (сібірлік қарағай) жапырақтары қысқарған өркенде бес-бестен топтанып орналасады.
Достарыңызбен бөлісу: |