Жыл Әлемдік тұлға



жүктеу 190,62 Kb.
бет2/2
Дата08.01.2018
өлшемі190,62 Kb.
#7166
1   2
Ғареке, қазақта ертеден келе жатқан, заманға қатысты айтылған «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген сөз бар. Әрлі-берлі тарихты ақ­тарар болсақ, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың қай кезде осындай мамыражай ғұмыр кешкенін біле алмай дал болатынымыз рас. Тіпті, еліміздің бақ жұлдызы жарқыраған бүгінгі таңда да өзіміз өмір сүріп жатқан уақытқа қа­тысты сөз қозғала қалса, «алмағайып», «күрмеуі қиын» деген сияқты терең ойларға жетелейтін ұғымдарға шырмалып қаламыз. Осы тұрғыдан алғанда, сіз бүгінгі заман сипаты, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы не айтар едіңіз?

– Кезінде Қазбек бабамыз айтқандай, біз қырда қой баққан, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан, тыныш жатқан қазақ деген ел едік. Ұйтқи соққан замана желі Дешті Қыпшақ даласына да алуан-алуан өзгерістер әкелді. Сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ не көрмеді дейсіз?! Өзінің азаттығы үшін күресе жүріп, бәріне төзді, бәріне шыдады. Тәуелсіздік – соның қайтарымы. Мі­не, осы кезде біздің алдымызда: «Заманды қай жан билемек», – деген сауал тұр­ды. Халық таңдауын жасады, ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұстат­ты. Содан бері жиырма бір жыл өтті. Жиырма бір жыл – жігіт жасы, көп уақыт емес. Ал енді осы кезеңде тындырылған істерді таразы басына тартсақ, оның ға­сырға пара-пар жол екеніне көз жеткі­земіз. Бәрін тізбелемей, негізгілеріне ғана тоқталайық. Тәуелсіз­діктің алғашқы жыл­дарындағы экономи­калық-әлеуметтік жә­не саяси қиыншы­лық­тарды еңсере білген Қазақ елі мемлекет­тіліктің барлық институттарын құрып, нарықты біршама мең­геріп алды. Сөйтіп, халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көте­рілді. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қам­тамасыз етілді. Атап айтуымыз керек, осы­ның бәрі Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтиже­сін­де мүмкін болды.

Елбасы бүгінгі заманның сипаты туралы сөз қозғағанда, біз өмір сүріп отыр­ған кезеңнің қиыншылықтарын орап өт­пейді. Заманның алмағайып екенін, күр­меуі қиын істердің күн сайын дерлік алдымыздан шығып жататынын айтып, ел-жұртын босаңсымауға, дағдарыстарға тө­теп беруге шақырып отырады. Есіңізде шығар, өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан 2000 жылға дейін жағдайымыз өте ауыр болды. Бәріміз де сол кезде өмір сүр­дік, көрдік, қиналдық. Осындай күр­делі кезеңде бәрін саяси жаңғырудан бас­таймыз деген көптеген елдер сау бастарына сақина тілеп алып, дүрбелеңге түсіп кетті ғой. Сол кезде Елбасы эконо­ми­ка­лық мәселелерге басымдық беретінін ашық айтты. Халыққа ең бірінші нан керек, осы мәселені шешуіміз керек деді. Осындай батыл ойларын жүзеге асыру үшін Президент Парламент қызметін тоқ­татып, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қан­шама заңдар қабылдағаны да есте.

Елбасымыз мемлекет өміріндегі күрделі кезеңде ұлы бабамыз Әбу Нәсір әл-Фарабидың: «Дұрыс әрекет –мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таң­даудан басталады», деген ұлағат­ты сөздерін ескерді дейсіз ғой.

– Экономиканы бірінші орынға қою қазіргі күнгі жағдайымыздың іргетасы болды. Ел тұрақтылығының негізін қа­лады. Бұл айтуға жеңіл сөз. Мұндай қа­дамға өзіне сенімді, рухы мықты адам ғана бара алады. Заманды билейтін адамның рухы биік болуы шарт. Рух биіктігі, қазіргі тілге салсақ, иннова­ция­лық идеялармен және нақтылы істермен көрінбек. Демек, Қазақ­стан үшін қазіргі заман Елбасының рухымен, ерік-жігері­мен сипатталады. Мысалы, Астана салу бұл тек технологиялық процесс болған жоқ. Бұл рухани құбылыс болды. Қала – рух, қала – идея, қала – болашақ, қала – ізгілік мекені. Бұл заманды билеудің керемет технологиясы. Қала – өркениет, урбанизация. Бұл бір десек, екінші жағы – Қазақ елінің тұтастығы, болашағы. Сіз жақсы білесіз, кезінде біздің жерімізге көз алартушылар болған. Сол әңгіме Астана­ның салынуымен тоқталды. Өз заманында орыс патшасы Петр І Санкт-Петербург секілді қала салып, елінің қауіпсіздігін қам­тамасыз етсе, біздің Президентіміз қазақ­тың солтүстік шекараларын мәңгі­лікке бекітті. Бұл, міне, ерлік болды.

Осылай халықтың рухы, қазақтың рухы асқақтады. Қазақ елінің рухын асқақтатқан адамның өзінің де рухы биік болатыны сөзсіз. Егер тұлғалық биіктік болмаса, биіктікке ұмтылу қай­дан болмақ? Мұның бәрі әншейін мәсе­лелер емес. Рух биіктігі деген жаңа философия, ол Елбасының филосо­фия­сы. Меніңше, Қазақстан үшін жаңа за­ман­ның басты сипаттары өсу, өркен­­деу, өрлеу. Оны бүкіл әлем мойындап отыр.

Ұлы Абайдың дара тұлғалар туралы «единица» дегені бар. Осы ұғымның мағынасын таратыңқырап жіберсеңіз.

– Жаратушы өзінің рахымы түскен кей адамға асыл қасиеттерді молынан бере­тінге ұқсайды. Сондай адамның бойында керемет қуат, сарқылмас күш-жігер болады. Бірақ, ол қуаттың қайнар көзі халық­та. Көсемдікке, көшбасшы­лыққа ұмтыл­ған адам осыны ескерсе, небір биіктерді ба­ғын­дырады. Міне, Нұрсұлтан Назар­баев­тың бойындағы, яғни, жалғыз адам­ның бойындағы қуат туған халқының бо­йын­дағы қуатын іске асыру мүмкін­дігі­нен көрініп отыр. Халықтың бойындағы мүм­кіндікті іске асыратын тұлғаның шығуы деген ха­лықтың бақыты. Қай халықтың бойын­да сондай қуат жоқ дейсіз, барлық ха­лық­тың бойында бар. Бірақ сол ха­лықтың бойындағы бар қуатын іске асыратын, оны бақытты етер басшысы табыла бере ме, мәселе осында. Абай­дың «единица» деп отырғаны осы. Нұрсұлтан Назарбаев осындай едини­цалардың бірі.

Ағылшын қаламгері Джонатан Айткен «Н.Назарбаев және Қазақ­стан­ның жасампаздығы» деп атала­тын еңбе­гінде Елбасы туралы: «Көш­пелінің киіз үйінде туып, биік шыңға қол жеткізді… Назарбаев тарихы – жоғары драматизм мен тағ­дырлы істерге толы жарқын жол», – дейді. Президент туралы өз елімізде де пікір білдірушілер аз емес. Со­лардың бар­лығы дерлік, Нұр­сұлтан Әбішұлы­ның көрегендігіне, қажыр-қайратына, даналығына, осы сияқ­ты басқа да қасиеттеріне тәнті екен­дерін дәттейді. Дегенмен, оның бей­не­сі мен болмысы жоғарыдағы сөз­дер­ге сыймай жататын сияқты. 1979-1990 жылдары Англия үкіметін бас­қарған және кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэт­чер­дің де: «Мем­­­лекеттердің іргесін сал­ған негі­зін қалаушылар әр­дайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назар­баевты толық мәнінде осы санатқа жат­қызуға болады», – деуі де осындай ойға жете­лейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл арада мәселе Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баевтың шын мәнінде тұлға екен­дігінде болып отыр. Тұлға деп кімді айтамыз? Осы арада ойлануға тура келе­ді. Қай қоғамда болмасын, өзіне тиесілі міндеттерді ғана атқарып,  тыныш өмір сүруді қалайтындар аз емес. Бұларды біз тұлға дей алмаймыз. Өз лауазымының мүмкіндіктерін пай­да­ланып, елдік, ха­лықтық мүдделерге сай қызмет ететін, биік нысаналы идеяларды көтеретін және оларды іске асыратын адам ғана Тұлға атанбақ. Ондай адамдар тарихта аз. Солардың бірі және бірегейі – Нұр­сұл­тан Назарбаев. Ойланып көрейік. Әлемде қанша мемлекет болса, сонша президент бар. Бір­ақ солардың бәрі тұл­ғалық қасиеттерін танытып, елін ба­қытқа бас­тай алды ма? Жоқ. Міне, мәсе­ле қайда жатыр. Ал Нұрсұлтан Әбіш­ұлына келетін болсақ, ол кісінің атқар­ған істерін санап шығудың өзі үлкен жұмыс, ол жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Сон­дықтан мен әңгімені көп созбай, Пре­зиденттің тұлғалық қа­сиеттерін айғақ­тайтын үш мәселеге тоқталайын. Бірін­ші, Астанада дәстүрге айналған әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшы­ларының съездері туралы. Бұл былай қарағанда, тікелей Прези­денттің жұмы­сына қатысты мәселе емес. Бірақ, Нұр­сұлтан Назарбаев әлемде ше­шімін таппай тұрған дін және діндер ара­сындағы мәселеге ерекше ынта қойған. Діндер арасындағы келіспеу­ші­ліктен та­рихта талай қырғын қантө­гістер бол­ды, әлі де дін мәселесінде түсініс­пеушіліктер көп. Діни экстремизм деген бар. Сон­дықтан әлемдік және дәстүрлі діндердің көш­басшы­ларын шақырып, әңгімелессе, олар не айтады екен? Адамзаттың мүд­десі ортақ емес пе бәріне? Егер адам­заттың мүд­десі барлық діндердің бәрі­не ортақ болатын болса, сол діндердің көшбас­шы­лары да ортақ әңгіме айтпай ма деген ниетпен Астанада бірінші съезін өткізді. Одан кейін екінші, үшін­ші съездер өтті. Өт­кен жылы діндарлар Астанада төртін­ші рет тоғысты. Әдетте, діннің көшбас­шылары бір-бірімен көп келісе бермейді. Өйткені, әрқайсысы өзінің дінін на­ғыз ақиқат діні, ақиқат жолы деп есептейді. Басқа дінді олар мойындамайды. Міне, осындай ымыра­ға келіспейтін дін басшыларын Елбасы Астанаға жинап, бір үстелдің басына отырғызып, адам­затқа ортақ құндылық­тар туралы ой бөлісуге мүмкіндік ашты. Бұл деген керемет шара ғой. Байқасақ, әрбір дінде адамзат­тың ор­тақ құнды­лық­тары туралы айтатын сөздер бар екен. Діндер бұрын ел мен елді, халық пен халықты бір-бірінен ажыратып тұра­тын мәселе болса, енді ел мен елді, халық пен халықты бірік­тіретін «көпір­ге» айнала бастады. Міне, осы іске бас­тамашы болған адам – Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тұлғалық қасиет пе? Тұлғалық қасиет!

Екінші мәселе, ЕҚЫҰ-на қатысты. Есім­де жақсы сақталыпты, 1975 жылы Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ның бірінші жина­лысы өтеді дегенде, көптің көкейінде сол кездегі КСРО-ның басшысы Леонид Брежнев жиынға бара ма, жоқ па деген сауал тұрды. Хельсинкиде өткен оты­рысқа ол қатысты, ЕҚЫҰ-ның он прин­ципін қабылдап, қол қойды. Бұл жа­ңалықтың басы еді. Бұрын капиталис­тер мен социалис­тер бір үстелдің басында отырмайтын. Енді олар ортақ келісімге келе бастады. Демек, жаңа заман басталды дей бер. Дегенмен, сол кезде әлемдік деңгейде «қыр­ғи қабақ соғысты» тоқ­татқан осы құбылыс 35 жылдан кейін Қазақ елінде, Астанада жалғасын табады деп кім ойлаған. Түске кірмейтін нәрсе. ЕҚЫҰ саммиті Астанада өтті, Астана декларациясы қабыл­данды. Бұл тұлғалық жұмыс па? Әрине! Осындай аса маңызды әлемдік деңгей­дегі іс-шараларға бастамашы бо­лудың жауап­кершілігі зор, тіпті, қауіпті де дер едім. Ондай қадамдарға сын көзбен қа­рай­тындар жетіп артылады. Егер бастама өз мақсатына жете алмаса, әңгіменің қай арнада өрбитіні белгілі. Сондай қауіптерге қарамай тәуекелге бел буу ол адамның тұлғалық қасиетін көрсетеді.

Нұрсұлтан Назарбаев табиғатынан, болмысынан, тумысынан – алып тұлға. Үл­кен адамның қызметі өскен сайын тұлғалық қасиеттері өсе береді. Біз Пре­зиденттің өмір жолынан осыны анық аңғарып отырмыз. Қызмет бас­пал­дақтары Нұрсұлтан Назарбаевтың тұл­ғалық қа­сиет­терін бүкіл әлемге паш етті. Нә­ти­же­сінде әлем таныған Көш­басшыға айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлының бой­ы­н­да ел билеуге қажетті қасиет­тердің бәрі – ақыл да, жүрек те, ой да бар. Ол өзі­нің еңбегімен, жеке үлгі­сімен: «Тегін­де адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсе­лермен озады», деген Абай тағылы­мын бүкіл әлемге танытып келе жатыр дейсіз ғой.

– Әлбетте. Елбасының тұлғалық қа­сиетіне қатысты тағы бір қадамына тоқ­тала кетейін. Ол – ядролық қарудан бас тарту мә­селесі. Тұлғалық қасие­тін­дегі із­гілік та­биғаты оны бейбітшілік мәсе­лесіне тура бастап алып келді. Бей­бітшілікке қару арқы­лы емес, қару­сыз бару деген – бұл биік философия, ізгілікті дүниетаным. Бұл Махатма Ганди, Мандела секілді тұлғалар қаре­кетін еске салады. Бейбітшілікке қару ар­қы­­лы емес, қару­сыздандыру арқылы жету деген ол идеяны Нұрсұлтан Назарбаев дер кезінде түсінді. Қазір осы қадам әлемдік қару­сыздану мәселе­сінде бірін­ші қағида. Сонда бейбітшілікке қару­сыз­дану арқы­лы жету деген филосо­фияның ең басында Қазақ елі, соның Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Сөйтіп, ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, беде­лін биік сатыға көтерді. Сол арқылы өзінің де абыройы ас­қақ­тады. Қару­сыз­дандыру мәселесінде Нұр­сұл­тан Назар­баевқа әлем­де тең келетін тарихи тұл­ға жоқ. Мұны Барак Обама да, Пан Ги Мун да, бәрі де мойындап, қолдап отыр. Бүкіл әлем қол­дауда. Міне, Тұлға биіктігі деген осы. Ол – Қазақ мем­ле­ке­тін құрған, қала сал­ған, ел бірлігін ны­ғайтқан, елді әлемге танытқан Тұлға!

Ғареке, дұрыс айтасыз, ұзақ уақыт патшалық Ресейдің және қы­зыл империяның құрсауында болып келген елдің жаңа мемлекеттігінің іргетасын қалау және оны мыз­ғы­мас­тай етіп, әлемдік қо­ғамдас­тық мо­йын­­дайтын дәрежеге жеткізу екі­нің бірінің қолы­нан келетін оңай шаруа емес. Мем­ле­кеттің пайда болуы, оның қалып­тасуы, нығаюы бар жерде Мемлекет бас­шысының да орны айқын көрінеді. Олай болса, халқымыздың өз Прези­дентін «Ел­басы» деп тануы осы ерен еңбек­ке берілген жоғары баға, еліміздің барлық саладағы то­лағай табыста­рындағы Н.Назарбаев­тың зор рөлін танығандық, елдің, ха­лықтың сенімі десек, қателеспейтін шығар­мыз? Президент. Елбасы. Осы екі ұғымда айыр­ма­шылық бар ма?

– Былай алып қарағанда, Президент пен Елбасы деген екі ұғымның айыр­машылығы жоқ сияқты. Олай емес. Айыр­­машылық бар. Айталық, Президент бо­лып сайланған адамның табиғи тұлғалық қасиеті болмаса, ол ел басы бола алмайды. Мәселен, екі ауыз сөздің басын қосып, дұрыс сөйлем құрай алмайтын, жұрт алдына шыққанда қағаз­дан басын көтермейтін президенттер де бол­ғанын білеміз. Ондайларды ешкім ел басы демейді. Ал Нұрекеңе келсек, ха­лықтың өзі осылай атай бастады. Мысалы, мен өзім Елбасы деген сөзді 2000 жылдан бері қолданып келемін. Ол кезде Елбасы туралы еш­қандай заң да болған жоқ. Неге 2000 жыл? Нақ осы кезде ел ес жинай бас­тады. Сол жылдары халық та Прези­денттің тұлға­лық қасиетін танып, оған барынша жақын­дай түсті. Сонда Елбасы деген сөз не? Елді бастаушы адам. Елді қалай бастауды білетін адам. Елді жарға жықпайтын адам. Ғасырлар өтсе де елдің тарихында қалатын адам. Ғасыр­лар өтеді, ел санасында Елбасы қалмақ.

Елбасы деген ұғым өмірімізге заң­мен енген жоқ, елдің құрметімен сіңді. Ізгі ниетпен, болашаққа деген сеніммен, жақсы болсын деген тілекпен келді. Жақсы­лыққа әкелетін осы адам деген сенімнен келді. Өйткені, біз бұның алдында әбден басшыға сусын­дап қалып едік. Алдында мүлдем қиын жағдайлар болды. Кеңес дәуірінде рес­публика басшыларын жо­ғары жақ таға­йындайтын. Мысалы, Д.Қонаевтың еркін­дігі болды ма? Мәскеу билеп отырды. Колбинді өзіңіз білесіз. Халық басшыға, Елбасына әбден сусындап қалған. Тере­ңірек үңіл­сек, халықтың сусындайтын мәні­сі бар. Қазақтың бұрын хандары, билері болған, өзін-өзі басқар­ған замандар болған. Есім, Қабанбай, Бөгенбай, Сырым батыр, хан Тәуке, Әз Жәнібек, Абы­лай хан, Кене­сары деп түгендей бастадық. Өзі­міз­де басшы бол­ған деген ренессанстық идеяға келдік. Жаңа заман басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев шыққанда халық табиғи түрде қолдады, жүрегі жарыла қуанды. Сон­дықтан Президентті халық Елбасы деп атай бастады. Кейін халықтық түсінік заңдастырылды. Енді тарихта, мен сізге айтайын, Назарбаев Елбасы болып қалады. Неге? Өйткені, бұл кісі мемлекет құрушы тұлға. Әлемде мемлекет құрушы адамдар өте аз. Қазақ мемле­кетін, Қазақ елінің мемлекетін құрушы адам. Сон­дықтан, бұл Елбасы деген тек қана Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевқа беріл­ген, халық­тың құр­ме­тінен туған атақ. Бұл енді егеменді елдің бір атрибуты, символы. Халық санасында осылайша сақ­талмақ.

Елбасы туралы әңгіме қозғай отырып, Қазақстан Республикасы­ның 2030 жылға дейінгі даму стра­тегия­сына тоқталмай кете алмаймыз, әрине.

– «Қазақстан – 2030» деген стратегия – еліміз дамуының ұлттық қауіп­сіздік, ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның бірігуі, жоғары дең­гейдегі шетел инвестициясы мен ішкі қорлар, ашық нарық­тық эконо­микаға бағдар­лан­ған эконо­микалық өсім, ден­саулық, білім беру, Қазақстан азамат­тарының әл-ауқаты, энер­гети­калық ресурстар, инфрақұрылым, әсіресе, көлік пен байланыс сияқты ұзақ мерзімді басымдық­тарды қам­титын кешенді құжат. Оның өз кезеңдері бар, онда мақсат-міндеттер ай­қындалған. Мен бұл арада бағдарла­маның жастарға қатысты жағына назар аударғалы отырмын. Жастар – болашақ дейміз. Ол әншейін ұран емес, шындық. Міне, сол шындық 2030 жылы айқын көрінбек. Мен сізге айтайын, 30 деген ұрпақ жасы. Ғасырдың басында дүние­ге келген сәби 2030 жылы 30-ға келеді. 1991 жылы өмірге келгендер – Тәуел­сіздіктің құрдас­тары, қазір 20-ның ар жақ, бер жағын­дағылар, енді он жылда олар да отызға келеді. Қазақ айтады, отызда орда бұзады деп, яғни олар орда бұза алатын қуатқа ие болады деген сөз. Он жылдан кейін, 2030-да олар қы­рыққа, қамал алатын жасқа келеді. Демек, олар­дың қамал алатындай қуат­тары болмақ. Сонда қараңызшы, орда бұ­затын отызда­ғылар мен қамал ала­тын қырықта­ғылар­дың заманы туады. Нақ сол кезде билікке жаңа ұрпақ келеді. Сөйтіп, отыздағылар мен қырық­тағылар бүкіл Қазақ елінің саясатын анықтамақ. Бұлар билікке келген кезде заман қалай болмақ? Тағдыр қандай болады? Қандай құнды­лықтар болады? Қандай сабақ­тастық болады? Үлкен мәсе­ле. Өйткені, қазіргі жастар – ер­тең­гі елдің басшы­лары. Өз қалау­ла­рымен Президент­терін сайла­мақ. Мәсе­ленің күрделілігі, мәсе­ленің әсем­дігі де осыда. Күрделілігі сол, біз осы жастарды қалай, қандай құнды­лықтарға тәрбие­леп жатырмыз. Әсем­­дігі сол, бұл жастар, отыздағылар мен қырық­тағылар, негізі­нен елдегі элек­то­ратты құрып, сол кезде билік­ті қолда­рына алып, гүл­денген Қазақстанда тұра­ды, Қазақ елінің жұлдызды сәтіне куә болады. Міне, осы мәселе «Қазақ­стан – 2030» бағдар­ламасының маз­мұны десе болғандай.

Мемлекет басшысы өзінің тағы бір еңбегі – «Тарих толқынында»: «Қа­зақ­тың сана-сезімі өткендегі, қа­зір­гі және болашақтағы – тарих­тың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр… Бірақ бұл мүмкіндік қана; ол шын­дыққа, тек қазақ­тардың ғана емес, барлық қазақ­стандықтардың жаппай санасына ор­нық­қан фактіге ай­налуы қажет», – де­генді айтады және: «Осы міндет біздің алдымызға тек қана, бір ғана ұлы мүм­кіндік түрінде ғана емес, қатал қажет­тілік түрінде де қой­ылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақ­талған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи бо­лым­сыздықтың бос қуысын­да қар­­манып жүрмейміз», – дейді. Осы ара­да Тәуелсіздік жылдары қазақ қан­шалықты өзгергенін сұрағым келіп отыр.

– Кейде мен өзіме өзім сауал қоя­мын. 2030 жылы отызға, қы­рыққа толатын­дардың бізге көзқа­растары қандай бол­мақ? Президент қоғам алдында биік мақсат қойғанда бұлар не істеген, депутаттар, академиктер, жазушылар, зиялы қауым болған, солар 2030 жылға дейін қандай игілікті, ізгілікті қадамдар жасаған деген сауалға жауап іздесе, қана­ғаттана ма? Осы жайлар туралы біздер бүгін ойлануымыз керек. Ертең біз туралы не айтпақ? Бәрі ала­қандағыдай, сөзі­міз де, ісіміз де сайрап тұр. Ешқашан ешнәрсе жойыл­майды. Айтқан, жаз­ған сөздері­міздің бәрі сақ­талады. Осы мәселе бізді ойландыруы керек. Біз заман талап­тарына икем­деліп жатырмыз ба, ке­лешектің сынына ұшы­рамаймыз ба?

Қазақстан – 2030 – мемлекеттік құжат. Сонымен бірге философия, дү­ние­та­ным. Бұл ұрпақтардың жауап­кер­шілігі деген сөз. Ұрпақтардың тәрбиесі, ұр­пақ­­тар­дың бір-бірінің алдындағы жа­уап­кершілігі. Сондықтан Елбасы бұл жерде де өзінің тұлғалық қасиетін көр­сетіп, тек жастарға ғана емес, жастар­дың жанында жүрген біздерге де зор міндет жүктеп отыр. Тарих таразысы деген бар. Бүгінгі күн ертеңге айналмақ. Сонда не айта аламыз? Қай сөзіміз дұрыс, қай сөзіміз қате бол­мақ? Соны ойландыратын құ­жат «Қазақ­стан – 2030». Бұл құжаттың күннен-күнге маңы­зы артып бара жатыр.

Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын көтеріп, тәуелсіз Қазақ­стан мемлекетін құрған – Елба­сы­мыздың аз жылдың аясында ту­ған елін әлем­дік қоғамдастыққа танытқандығына өз­ге­лермен бірге өзіміз де қайран қалып, тамсанамыз. Тарих­тың қилы бір ке­зеңдерінде Нұрсұл­тан Назарбаев сияқ­ты Көш­басшы­ның табылуын халқы­мыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 жел­тоқ­санда қазақ­стандықтар өзде­рінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқа­латты. Ха­лық өздері таңдаған Көш­басшы­сының не істеу керектігін білетін­дігіне, елді адастыр­майтынына, тура жолға бастайты­нына сенді. Еліміз бен хал­қы­мыздың сол сенімін Елба­сының толық ақтап отырған­дығына да осы күндері көзі­міз анық жетті. Әңгіменің ауанын Тұңғыш Президент күніне қарай бұ­рып отыр­ға­нымды өзіңіз де аңғарған болар­сыз, осы мереке туралы ойлары­ңызды да ортаға сала кетсеңіз.

– 1 желтоқсан – Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Тұңғыш Президенті күні. Бұл – бүкілхалықтық мереке. Бұл мере­кенің мағы­насы қандай дегенге келсек, 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ халқы, қазақ­стан­дықтар демократия­лық, өрке­ниеттік жолмен тұңғыш рет Президент сайлады. Бұл қазақ тари­хында бұрын-соңды болмаған оқиға. Неге дейсіз ғой? Сіз білесіз, фран­цуздың ойшылдары саяси өмірдегі басты құндылық – ха­лықтың еркі деген. Сол жылы сайлауға қатыс­қан халықтың 98 пайызы Нұр­сұлтан Әбіш­ұлын жақ­тап дауыс берді. Халықтың еркі деген биік ұғым. Ол осылай халықтың қалауымен Президент сайланды. Ал бұрын жағдай қалай болып еді? Арғы түркі заманына бар­май-ақ қояйық. Қа­зақ тарихында тек Шыңғыс ханның ұрпақ­тары ғана хан болуы керек деген дәстүр қалыптасқан. Халықтың еркі ескерілмеді. Сол заманда қазақтың неше түрлі маң­дайы жарқыраған ұлда­рының хан сай­лануға құқығы болмады. Билікке қазақтар тегіс қатыса алмады. Бұл тарихи әділетсіздік еді. Одан кейінгі кезеңде Ресейдің бодан­ды­ғында бол­дық. Ол кезде жағдайымыз мүл­дем қиын еді. Бұрынғы хандық билікпен жы­лап көрі­сетін болдық. Басқару жү­йесі жойылды. Билік жүйесі орыс әкім­шілігінің қолында болды. Қа­зақ­­тардың атқарған қызметі – болыс, ауылнай. Одан жоғары уезде қазақтар жоқ. Көр­діңіз бе, бұл да әділетсіздік. Бодан­дық кезде елдік ұран тек ауыз әдебие­тінде ғана сақталды. Қазақ бір ел болып, бір жұрт болудан қалған заман еді. Бұл ауыр тағдыр. 1917 жылдан бастап қазақ жерінде Кеңес өкіметі орнады. Қазақ Кеңестік Социалистік Республи­касы то­лық­қанды мемлекет болмады. Бұл билік­тің басына келген Шаяхме­товты, Қонаев­ты Мәскеу тағайындап отырды.

1991 жылы керемет оқиға болды. Халық өз азаматын Президент сайлады. Ол сайлау менің де, сіздің де есіңізде. Төл басшыны әбден сағынып қалған кез, әсіресе, Колбиннің билігінен кейін. Сай­ланған Президент ел сенімін, үмітін ақтады. Мұндай жағдай қашан болып еді? Менің пайымымша, жаңа заман өз бастауын 1 желтоқсаннан алады. Қазақ­тың заманы, қазақ дәуірі басталды. Бұл – ренессанс заманы. Қазақ елінің тари­хында алтын әріппен жазылатын күн. Сол прези­денттік жүйенің басы, былай тілмен айт­қан­да, жалпы еге­мендіктің басы, жалпы тәуелсіздіктің басы, ха­лық­­тың өз еркімен өзінің Президентін сай­лаған күні 1 желтоқсан 1991 жыл – бұл мейрам. Ха­лық­тық мереке «Қазақ­стан Республи­ка­сының Тұңғыш Прези­денті күні» деп аталады. Міне, сол мейрамға бүгін бір жыл толып отыр. Өте қуанышты сәт.

Ғареке, бүгінде еліміз тағы бір қуанышқа бөленген сәтте.  EXPO­-2017 халықаралық көрмесі Астанада өте­тін болды. Бұл жаңалықты сарапшылар мен саясаткерлер жаңа Қа­зақ­станның болашақ келбетін ашатын құбылыс деп бағалауда.

– EXPO-2017 көрмесін Қазақстанда  өткізу туралы шешім – бұл тарихи оқиға, Елбасының әлемдік тұлға екен­дігінің тағы бір айшықты дәлелі. Өйткені, әлем­дік тұлға болудың басты талабы инно­вация­лық уақытты мең­геруге тіке­лей қатысты. Әлемдік тұлға, иннова­циялық заман, инно­вациялық уақыт – егіз ұғым­дар. Қазақстан инно­вациялық уақытқа қадам басты. Ин­новациялық уақыт дегеннің мағынасын кезінде Шәкәрім «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жан­ның табысы», деп бейнелеген еді. Құбыл­ған әлемнен өзінің еліне табыс әкелуші тұлға – Елбасы.



Біз әлі EXPO-2017 көрмесінің шын мағынасын түсініп үлгерген жоқпыз. Бұл дегеніңіз зор мүмкіндіктер: өрке­ниеттік үрдіс, өркениетті сана, өрке­ниет­ті технология, өркениетті мінез, дағды, дәстүр… Бұл біздің өмірімізге   түбегейлі өзгеріс­тер енгізетін құбылыс.
жүктеу 190,62 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау