28-бап. Жұмыс берушiлердiң халықты жұмыспен қамтуды
қамтамасыз етуге қатысуы
1. Жұмыс берушiлер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясатын iске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары мен ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсiптік оқыту жүйесін дамыту;
3) кадрларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы даярлау;
4) құрылымдық өзгерiстер барысында білiктi жұмыскерлердің кадрлық әлеуетiн сақтау және ұтымды пайдалану;
5) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құру;
6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша өтiнiш жасаған адамдарды ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бар бос орындарға қабылдау;
РҚАО-ның ескертпесі!
7) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
7) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру;
8) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;
9) жұмыс орындарын құру арқылы қатысады.
2. Жұмыс берушi:
1) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жiберуге;
2) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы, босатылатын жұмыскерлердiң лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, жұмыстан босатылуы мүмкiн жұмыскерлердiң саны мен санаттары туралы және олар жұмыстан босатылатын мерзiмдер туралы жұмыстан босату басталардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына толық көлемде ақпарат беруге;
3) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезіндегі бас тартқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің қатысуымен жасалған әлеуметтік келісімшарт негізінде кәсіптік оқытудан кейін оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқытуға төлеуге, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушыларына стипендиялар төлеуге және материалдық көмекке арналған шығыстарын өтеуге;
4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы себебiн көрсете отырып, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы дер кезiнде (жұмысқа орналастыру үшін жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) халықты жұмыспен қамту орталығына хабарлауға;
5) алған мамандығы мен біліктілігін көрсете отырып, кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және өндiрiсішілiк оқытудан өткендердің саны туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға;
6) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 27-бабы 1-тармағында көзделген, белгiленген квотаны орындауға;
7) жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
8) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қолданысының тоқтатылуына байланысты, тартылған шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етуге;
9) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдар жүргізуге;
10) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама негізінде жұмысқа тартылған шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдағаны туралы және (немесе) олармен еңбек қатынастарын тоқтатқаны туралы ақпаратты халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) оған тікелей өтініш білдірген адамдарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бар адамдармен бірдей шарттарда жұмысқа қабылдауға;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға іріктеу және жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;
РҚАО-ның ескертпесі!
5) тармақша 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
5) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға;
6) экономиканың салалары бойынша кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруға және айқындауға қатысуға құқығы бар.
29-бап. Кәсіптік одақтардың халықты жұмыспен қамту
саласына қатысуы
1. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтан және оның салдарларынан қорғауға кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің қатысуы осы Заңмен, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен және келісімдермен айқындалады.
2. Кәсіптік одақтар:
1) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқығы бар.
3. Кәсiптік одақтардың мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру туралы ұсыныс беруге құқығы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |