7-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi және туынды түрлерi
1. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi және туынды болып бөлiнедi.
2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары, Қазақстан Республикасының кодекстері, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзге де нормативтiк құқықтық жарлықтары;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк құқықтық қаулылары;
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық қаулылары;
7) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
8) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
9) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
3. Нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерiне мыналар жатады:
1) ереже;
2) техникалық регламент;
3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;
4) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті;
5) қағидалар;
6) нұсқаулық.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде туынды түрдегі нормативтік құқықтық актілердің өзге де нысандары көзделуі мүмкін.
4. Туынды түрдегі нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiртұтастықты құрайды.
5. Уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, әкім уәкілеттік берген жергілікті атқарушы органдар нормативтік құқықтық актілер шығаруға құқылы емес.
6. Орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының басшылары құрылымына осы ведомство кіретін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде нормативтік құқықтық бұйрықтарды бекіту жөнінде тікелей құзырет болған кезде нормативтік құқықтық бұйрықтарды қабылдайды және олар адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қозғай алмайды.
8-бап. Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар
Қазақстан Республикасының кодекстерi мынадай:
1) бюджеттiк;
2) азаматтық;
3) азаматтық процестік;
4) неке-отбасы;
5) экологиялық;
6) су;
7) жер;
8) орман;
9) салық;
10) кеден;
11) еңбек;
12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;
13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;
14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;
15) қылмыстық-процестік;
16) денсаулық сақтау саласындағы;
17) кәсіпкерлік саласындағы;
18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.
9-бап. Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар
Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және:
1) мемлекеттік мүлік;
2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;
3) білім және ғылым;
4) азаматтық қорғау;
5) тұрғын үй қатынастары;
6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;
7) көлік;
8) рұқсаттар және хабарламалар;
9) оңалту және банкроттық;
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы (аясындағы) өзінің сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.
10-бап. Нормативтік құқықтық актілер сатысы
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:
1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;
2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары;
3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;
4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары;
5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;
7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;
9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
3. Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.
4. Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.
5. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары осы бапта белгіленген нормативтiк құқықтық актiлер сатысынан тыс тұрады.
11-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы
1. Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.
2. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.
3. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.
Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
12-бап. Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық нормаларының қайшылықтары
1. Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
2. Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда, олар кодекстерге тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.
3. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары қолданылады.
13-бап. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану тәртібі
1. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.
2. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, заң ұқсастығы қолданылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде құқық ұқсастығы пайдаланылады.
4. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жеке немесе заңды тұлғалардың жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Заңнаманың нақты салаларымен реттелетін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану мүмкіндігі тиісті заңнамалық актілермен айқындалады.
14-бап. Мерзімдерді есептеу
1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен (тәуліктермен) немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күні) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде (тиісті тәулігінде) аяқталады.
Күндермен (тәуліктермен) есептелетiн мерзiм Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде (тәулігінде) аяқталады.
Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің өтуі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға басталғаннан кейінгі келесі күні басталады.
Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі.
4-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУДЫ ЖОСПАРЛАУ
15-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық болып бөлiнедi.
Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ оларды дайындау бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.
2. Дайындау жоспарларында:
1) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейiн, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауы;
2) дайындау мерзiмдерi;
3) жобаны әзiрлеуге жауапты органдар мен ұйымдар көрсетiледi.
3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасында өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.
4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.
5. Нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын көрсететiн басқа көрсеткiштерді де енгiзе алады.
6. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
16-бап. Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды жоспарлау
1. Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сайланымы кезеңіне қабылданады және Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиялары бөлінісінде заңнамалық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау солардың шеңберінде болжанатын заңнама салаларын (аясын) көрсетеді.
3. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.
4. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен келісуге енгізеді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.
6. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және олар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:
1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін заң жобасының атауын;
2) заң жобасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыну мерзімдерін;
3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.
8. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Парламент және оның Палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыреттеріне сәйкес айқындайды.
9. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.
5-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУ
17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеушілер
1. Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша, олармен келісу бойынша - ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері бола алады.
Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
Орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.
3. Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
4. Өзге де органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын әзірлеуші органдардың қарауына беруге құқылы. Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.
18-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі
1. Әзірлеуші орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, әзірлеуші орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға және ұжымдарға, оның iшiнде шетелдiктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.
Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.
Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
2. Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.
Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.
Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы осы Заңның 19-бабында көзделген тәртіппен сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуге тиіс.
3. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылуы мүмкін.
4. Уәкілетті органдардың бір деңгейдегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда - қабылдауы мүмкін.
Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.
Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.
6. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүргізеді.
7. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.
8. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары түсіндірме жазбаларымен және оларға салыстырма кестелерімен (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына көпшілік талқылауы үшін орналастырылады.
Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына заң жобалары тұжырымдамаларының жобалары мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру және оларды көпшілік талқылауы тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша белгілейді.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
9. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы құқығымен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері
1. Әзірлеуші органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін әзірлеуші орган белгілейтін мерзім жоба жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертпесіз келісілді деп есептеледі.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаятынын және (немесе) ұлғаятынын растайтын есеп-қисаптар нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерінің ортақ пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымша болып табылады.
Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
4. Әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, сараптамалық қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Мұндай негізделген жауаптар нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңестің мүшесі сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңестің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы жүргізілуі мүмкін.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты қызметін жүзеге асыруға дайындалу үшін жеке кәсіпкерлік субъектісіне қажетті мерзімдер негізге алынып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары, олар сараптамалық кеңестің отырысында қаралғанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
2. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жібереді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру үшін белгіленетін мерзім ол Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.
Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде оған міндетті қосымша болып табылады.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
3. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, тиісті Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу
1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.
Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.
Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын әзірлеуші органға ұсынады.
2. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен енгізетін заңнамалық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге жататын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген әзірлеуші органға хабарлауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісілу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауы керек.
Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
5. Әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын алынған ескертулер бойынша пысықтап, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасайды.
6. Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобында талқылануға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтара алады.
7. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері
Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;
2) актiнiң нысанын көрсету: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихат шешiмi; әкiмдiк қаулысы; әкiмнің шешiмi; тексеру комиссиясының қаулысы және осы Заңда көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң өзге де нысаны;
3) нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен күні;
5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
7) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
23-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.
Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк - қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.
Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
Заңнамалық актiлер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.
Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауында «тармақ» деген сөз жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.
2. Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау - бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемі жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілемелері пайдаланылуы мүмкін.
Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше «тарау», «параграф», «бөлім», «кiшi бөлiм» деген сөздермен белгiленедi.
3. Кодекс, әдетте, атауында «бөлiк» деген сөз жазылмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.
4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтас болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмірленуі және әрбiр бөлiміндегi кiшi бөлiмдердің нөмірленуі дербес болып табылады.
5. Нормативтік құқықтық актілердің тармақтарындағы (баптарындағы) тармақшаларының, баптарындағы тармақтардың, сондай-ақ жекелеген кодекстер баптарындағы бөліктердің нөмірленуі әрбір бап үшін дербес болады. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.
6. Заңды қабылдау мақсаттарына және оның алдында тұрған негiзгi мiндеттерге түсiндiрме беру қажет болған жағдайларда, құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiк (кiрiспе) беріледі.
Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларында жазылмайды.
7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда, онда олардың мәніне түсiндiрме беретiн бап (тармақ) болады. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
8. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.
9. Пайдалануға ыңғайлы болу үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарауының параграфы мен бөлiмінiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.
Бұл талап республикалық бюджет туралы заңға және заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.
Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен - екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.
Нормативтік құқықтық актінің, оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
10. Кодекстiң құрылымына мазмұн кiредi. Баптың тақырыбына өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізген кезде, сондай-ақ кодексті баптармен толықтырған немесе кодекстен баптарды алып тастаған кезде мазмұнға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет.
11. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.
24-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi нақты ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
4. Заңнамалық актіде құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары, оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңнамалық акт күшіне енгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілердің қолданылу тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
Заңнамалық актінің өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейін қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына ауысу мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
Заңнамалық актінің қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу туралы, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану туралы, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа да мемлекеттік органдардың актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
Осы тармақта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларына қолданылмайды.
5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
25-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме жасау және жазып келтіру
1. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актілерде жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтеме жасалуы, сондай-ақ жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасала отырып, осындай актілерден жекелеген құқық нормалары жазып келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінде оның басқа құрылымдық элементтеріне сілтеме жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Мәтін жолдарына және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық элементке сілтеме жасау оның реттік нөмірін жазумен немесе цифрлармен көрсету арқылы келтіріледі (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді).
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде мынадай кезектілікпен осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және тақырыбы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң не заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олардың тіркелген нөмірлерін көрсету талап етілмейді.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір ғана нормативтік құқықтық актіге екі және одан да көп сілтеме қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде алғаш рет аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтеме болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу реті бойынша берілетін нөмірлері көрсетіледі.
26-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде - олардың бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда - тиісті заңнамалық актілердің «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өзге де нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде - олардың «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес алғашқы ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
3. Өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актімен қабылданған, бірақ қолданысқа енгізілмеген құқық нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
4. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
5. Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
Бір ғана күннің шегінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжат нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде мұндай құрылымдық элемент жаңа редакцияда жазылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде, сондай-ақ заң жобаларына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына қатысты қолданылмауы мүмкін.
7. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне нақ сондай соңғы құрылымдық элементтен кейінгі келесі реттік нөмірлерімен немесе нақ сондай құрылымдық элементтер арасына нормативтік құқықтық актінің соңынан келетін сол құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе туынды түрдегі нормативтік құқықтық актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
8. Құпиялылық белгілері немесе «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілмей енгізіледі.
9. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады.
Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде бап көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Өзге нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде тармақ көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
27-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты, егер нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық элементтері жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе солармен қамтылса, күші жойылды деп тануға жатады.
2. Жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде оны іске асыру үшін қабылданған төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
Бұл талап жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сондай құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп тануға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде - олардың алғашқы ресми жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, тиісті заңнамалық актілердің «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде - олардың «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде мұндай элементтер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық элементінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық элементтердің нөмірленуі өзгермейді.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертпе жасалып, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.
Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.
8. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп тануға жатады.
9. Негізгі нормативтік құқықтық актінің өзі де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген нормативтік құқықтық актілер де (немесе олардың құрылымдық элементтері) күші жойылды деп тануға жатады. Күші жойылды деп тануға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің редакциясы бірнеше мәрте өзгертілген және (немесе) толықтырылған жағдайда тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
10. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану көзделген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылса, бірінші айтылған актілердің қолданысы қайта жалғаспайды.
11. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілер күші жойылды деп таныла алмайды. Қажет болғанда мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
12. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп тануға жатпайды.
Нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп тануға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде күші жойылды деп тануға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық элемент қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде қосымшаны бекітумен қатар өз қолданысын сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп тануға жататын болса, онда тармақ қосымшаға қатысты бөлігінде тізбеге енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
14. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық элементтері толығымен, ал басқа құрылымдық элементтері ішінара күші жойылды деп тануға жататын болса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп тануға жататын құрылымдық элементтер көрсетіледі.
28-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актіге графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар жекелеген қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болса, әрбір қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгілері немесе «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу және кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады.
Заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қағаз және электрондық жеткiзгіштерде қазақ және орыс тiлдерінде енгiзiледi.
2. Заңнамалық актінің жобасы бойынша ұсынылатын материалдар мынадай қосымшаларды қамтуға тиiс:
1) заңнамалық актінің жобасына жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін - арнайы жолдау;
2) жұмыс тобы құрылған жағдайда оның құрамы;
3) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
4) осы Заңның 30-бабына сәйкес ғылыми сараптаманың қорытындысы және бар болған жағдайда өзге де сараптамалық қорытындылар, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қорытындылары;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын қоспағанда, егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есеп-қисаптар, заңды қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары, сондай-ақ бар болса, статистикалық деректер.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актінің жобасына енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, заңнамалық актінің құрылымдық элементтерінің қолданыстағы және ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі ұсынылады.
3. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
4. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасы тәртібімен өздері енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.
6-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ЖОБАЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАСЫ
Достарыңызбен бөлісу: |