Ақпараттық модельдердің кестелік пішімі. Ақпараттық модельдерді ұсынудың ең кең тараған формалары – кестелер. Әртүрлі, анықтамаларда, әсіресе есеп-шот немесе статистикалық, және т.б. құжаттарда ақпаратты кестелік түрде ұсыну жиі қолданылады. Кестелік пішім деректерді құрылымдайды, сипаттамалық заңдылықтарын көруге мүмкіндік береді.
Деректерді кестелік түрде құрылымдай білу – жалпы әдістемелік және өте пайдалы дағды. Мектепте оқылатын пәндердің барлығы дерлік кестелерді қолданады, бірақ олардың ешқайсысы оқушыларды кестелерді құру әдістемесін үйретпейді. Бұл міндетті информатика пәні алуға тиіс.
Деректерді кестелік формаға келтіру – ақпаратты жүйелеу тәсілдерінің бірі болып табылады.
Базалық курстың ақпараттық технологиялар сызығына жататын электрондық кестелер мен деректер қоры, кестелерге тікелей қатысы бар. Кестелердің классификациясы, дайындау тәсілдері туралы алдын ала баяндау осы технологияларды оқудың пайдалы проподевтикасы болады.
4.2. Жүйелік талдау элементтерін қарастыру
-жүйе ұғымы;
-жүйелік талдаудың мәні;
-жүйе құрылымы; құрылымды көрсету үшін графтарды пайдалану;
-оқушылардың жүйелі ойлауын дамыту.
Екінші толықтырылған қосымша деңгей – модельдеу сызығының мазмұнын құрайтын – жүйе құрылым, граф, ағаш желілер ұғымдарымен байланысты. Аталған ұғымдар, «жүйелер теориясы» (орысш. – систематология) деп аталатын ғылыми аймағына жатады. Бұл ұғымдарды жекелеп оқыту базалық курстың білім стандартында ескерілмеген, соның салдарынан бірде-бір оқулықта жеке баяндалған материал жоқ.
Ғылыми пәндерде болсын, күнделікті өмірде болсын «жүйе» ұғымы жиі қолданылады. Оған мысалдар жеткілікті. Мысалы, күн жүйесі, педагогикалық жүйе, химиялық элементтер жүйесі, өсімдіктер және жануарлар жүйесі, білім жүйесі, файлдық жүйе, операциялық жүйе және көптеген т.б. Көптеген жағдайларда жүйе ұғымы интуитивті түсінікті сияқты. Әйтсе де, информатика үшін ол іргелі ұғымдардың бірі болғандықтан, түсіндіруді талап етеді.
Көптеген өзара іліктескен бөліктерден құралған және біртұтас кез келген объектіні жүйе деуге болады.
Информатикада «жүйе» ұғымы айтарлықтай жиі қолданылады.
- Деректер жүйесі – компьютерде өңдеуге арналған, өзара іліктескен деректер жиынтығы.
- Бағдарламалық жүйелер – қызметі анықталған өзара іліктескен бағдарламалар (ОЖ, бағдарламалау жүйелері, қолданбалы бағдарламалар пакеті және т.б.) жиынтығы.
- Ақпараттық жүйелер – компьютерлік технологиялардың ең маңызды қосымшаларының бірі.
Ақпараттық модельдеудің негізгі әдістемелік принципі – жүйелеу, сондықтан кез келген модельдеу объектісі жүйе ретінде қарастырылады. Модельдеу үшін, элементтердің қасиеттері мен байланыстарының барлық жиынтығынан тек маңыздылары ғана ерекшеленеді. Міне жүйелік талдаудың мәні осында. Зерттеуші жүргізетін жүйелік талдаудың мақсаты – келешекте ақпараттық модельде көрсету үшін, зерттелетін объект туралы өзінің түсініктерін реттеу.
Достарыңызбен бөлісу: |