Алгоритмдік тіл (АТ) – алгоритмдерді біркелкі және дәл жазу және орындау үшін ережелер және таңбалар жүйесі1.
Алгоритмдік тіл бір жағынан, дағдылы тілге жақын. Бұл тілде жазылған алгоритм дағдылы жазылады және оқылады. Басқа жағынан, алгоритмдік тілге математикалық символика, сандар, шамалардың және функциялардың, амалдардың белгілері және жақшалар және т.б. кіреді.
Алгоритмдік тілдің ережелері бағдарламалау тілдерінің негізіне жатады. Сондықтан алгоритмдік тілді оқу келешекте кез келген бағдарламалау тілдерін игеруге көмектеседі.
Алгоритмнің жалпы түрі. Жалпы түрде алгоритмнің тақырыбы мен денесінің жазылу тәртібі: алг алгоритмнің атауы (типтері аталған шамалардың тізімі)
арг аргументтердің аттары
нәт нәтижелердің аттары
басы
алгоритмнің денесі (бұйрықтар тізбегі)
соңы
Мұнда, алг (алгоритм), арг (аргумент), нәт (нәтиже), басы, соңы – қызметші сөздер деп аталады да, алгоритмді сипаттау үшін қолданылады. Алгоритмнің басы деген сөзге дейінгі бөлігі алгоритмнің тақырыбы, ал басы және соңы сөздерінің арасындағы бөлігі алгоритмнің денесі деп аталады. Алгоритмнің аты (атауы) кез келген болуы мүмкін. Әдетте, оны алгоритмнің қандай есепке арналғандығы түсінікті болатындай етіп таңдайды. Алг, басы және соңы сөздері қатал түрде бірінің астына бірі жазылады. Алгоритмнің мәтінін құрылымдау үшін алгоритмдеу тілінде жолдық шегініс қолданылады. Мысалы, алгоритмдік тілде алгоритмнің тармақталу құрылымы мына түрде жазылады:
егер шарт
онда серия 1
әйтпесе серия 2
бітті
Бұл ретте, мына принципті ұмытпаған жөн: бір деңгейдегі конструкциялар (егер, бітті) – вертикаль бойынша бір деңгейде, ал оның ішіндегісі (онда, әйтпесе) жолдық шегініспен – тағы вертикаль бойынша бір деңгейде жазылады. Бірінен кейін бірі орындалатын алгоритмнің бірнеше бұйрықтарының тізбегі серия деп аталады. Бұл ережелерді ұстану алгоритм құрылымының көрнекілігін жақсартады. Оқытуда алгоритмдік тіл негізгі екі қызмет атқарады.
Біріншіден, оны қолдану курста қарастырылатын барлық алгоритмдерді бірыңғай түрге келтіруге мүмкіндік береді. Демек, оқушыларға алгоритмдеудің мәнін түсінуге, алгоритмнің қасиеттері туралы түсініктерін қалыптастыруға маңызы жоғары.
Екіншіден, алгоритмдік тілді оқыту, бағдарламалау тілін оқытудың проподевтикасы болып табылады. Сондықтан алгоритмдік тілді игеру, ары қарай бағдарламалау тілін қолануға жеңіл көшуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |