Ордовик (қазба қалдықтар табылған жерді мекендеген тайпалардың аты). Теңізде қоңыр, қызыл балдырлар, трилобиттер тіршіліктерін жалғастырып дами береді. Қазіргі сегізаяқ, кальмарлардың туысы – алғашқы басаяқты былқылдақденелілер (ұлулар) пайда болды. Сонымен бірге иықаякты, бауыраяқты былқылдақденелілер тарала бастады.
Геологиялық қабаттардан қазіргі минога, миксиналардың арғы тегі болып саналатын жақсүйексіз омыртқалылардың қаңқасы табылған. Денесі мен құйрық бөлімі қалың қабыршақтармен қапталған.
Силур (тайпаның атауы) кезеңінде тау түзілу процесі қарқынды болғандықтан құрлықтың көлемі артты, ең алғашқы омыртқалылар пайда болды. Буынаяқтылардан ұзындығы 2 метрге жететін 6 жұп аяқтары бар алып ракоскорпиондар дамыды. Оның ауыз айналасына орналасқан аяқтарының ең алдыңғы жұбы қорегін ұстап бөлшектеу үшін қысқышқа айналған. Силурда ішкі қаңқасы шеміршекті, сырты қалқаннан тұратын сүйекті сауытпен қапталған ең алғашқы омыртқалы жақсүйексіз жануарлар – сауытты балықтар пайда болды. Сауытты балықтар жұп жүзбе қанаттары болмағандықтан, ұқсағанымен, шын мәнінде, жақсүйексіздер (дөңгелекауызылар) класына жатқан. Өте баяу қозғалу әрі қарай дамуға қабілетсіз етті, ақырында жойылды. Осы күнгі дөңгелекауыздылар – минога мен миксина сауытты балықтардың жақын туысы.
Судың азайып саяздануынан ең алғаш құрлыққа шыққан өсімдік – псилофиттер (риниофиттер). Оның құрылысы көп жасушалы жасыл балдырларға ұқсаған, нағыз жапырақтары болмаған. Жіңішке жіп тәрізді өскіншілері арқылы топыраққа бекініп, су мен минералды тұздарды сіңірген. Өсімдіктердің құрлыққа шығуы – эволюцияның ең негізі кезеңі. Бактерия мен көк-жасыл балдырлардың әрекетінен кұрлықта псилофиттер қорек корын алатын биогенді қабат – топырақ түзілді. Ең алғаш құрлыққп псилофиттермен қатар осы күнгі сарышаянға ұқсас өрмекшітектестер де шықты. Силурдың соңында қаңқасы шеміршектен тұратын жыртқыш балықтар пайда болды. Жақ сүйегінің болуы омыртқалы жануарлардың дамуына зор әсер етті. Өсімдіктер мен жануарлар құрлықты мекендей бастады.
Девон (Оңтүстік Англияның Девоншир графтық атағының құрметіне аталған). Девонды балықтар кезеңі дейді. Теңіздің көлемі азайып, саязданып, ауа-райы құрғап, шөлді-шөлейтті жерлер көбейді. Теңіздерде шеміршекті (осы күнгі аққулар, скаттар, химералар) және сүйекті балықтар пайда болды. Жүзбе қанаттарының құрылысына қарай сүйекті балықтар сәулеқанаттылар (жүзбе қанаттары желпуіш тәрізді) және саусаққанаттылар (жүзбе қанаттары саусаққа ұқсайды) деп бөлінеді. Саусаққанатты балықтардың жүзбе қанаттары етті, қысқа болған. Екі көкірек, екі кұрсақ жүзбе қанаттарының көмегімен жүзіп қана қоймай, суы құрғай бастаған көлдерден су іздеп жорғалап жүрген. 1938 жылы Оңтүстік Африканың мұрайжайына ұзындығы 1,5 метр, салмағы 50 кг балық тапсырылған. Балық мұражайы қызметкері К. Латимер ханымның есімімен латимерия деп аталған. Девонның соңында саусаққанатты балықтардан алғашқы қосмекенділер – стегоцефалдар шыққан.
Девонда өсімдіктен – споралы қырықбуындар, плаундар, қырықжапырақтар пайда болды. Тұқымды қырықжапырақтар көптеп тарала бастады. Құрлық өсімдіктері ауаны оттекпен байытып, тазартып, жануарларды қорекпен қамтамасыз етті.
Достарыңызбен бөлісу: |