Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ақтамберді толғауларының қайнар көзі кімдер?
2.Ақтамбердінің зираты қайда?
3.Ақтамбердінің Қаракерей Қабанбайға
қандай қатысы бар ?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26, 27,28,
29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.
Дәріс 11 ТӘТІҚАРА АҚЫНның өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Бізге жеткен жырлары аз боса да тіл байлығы өткірлігімен
әдебиетімізде өз орнын алатындығын дәлелдеп,өмірін,
шығармашылығын меңгерту.
Тірек сөздер:Кебеже қарын,кең құрсақ,жортуыл кернейшісі,болат найза т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Тәтіқараның азаттық үшін күрес ұраншысы,
басқыншыларға қарсы халықты ұрысқа шақырушы
жауынгер ақын, “жортуыл кернейшісі” екендігі,.
2.Оның өз заманының ең көрнекті, ең қуатты, ең алдыңғы
қатарлы жыршысы, яғни ақыны болғандығы.
3.Ұлы Шоқанның Тәтіқара жырларына назар аударуы.
4.Ақын өмірінен мәлімет.
5.Ақын есімінің әсіресе 1756 жылы қазақ жеріне
басқыншылықпен кірген Цин үкіметіне қарсы күресте
ерекше танылуы.
6.Абылайдың жауынгершілікке аттанғанда жанынан
тастамайтын сенімді серігі, оның сарбасшысына дем берушісі
болғандығы.
7.Тәтіқара жайында таралған әр түрлі аңыздарға шолу.
8. Шығармашылығына талдау:
“ Қамыстың басы майда, түбі сайда”.
Өлеңнің шығу тарихына назар аудару).
Абылай сарбаздарына қауып төнгенде, жігер беру, намыс
қайрау мақсатында туғандығы.
-Абылай заманындағы әр батырға сипаттама, баға беруі.
Тәтіқара – XVIII ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының көрнектілерінің бірі. Абылай бастаған сарбаздардың айтулы жырауы. Жалаң қылыштай өткір мінезімен, табан астында суырып салма шапшаң айтқыштығымен жорықтастары алдында үлкен беделге ие болған. Аспаннан бұрқаған қара дауылдай, жерден шыққан қара пәледей жау төнгенде, яғни жасақтардың барар жер, басар тауы қалмай тығырыққа тірелгенде көптің көш бастайтын серкесі іспеттес. Сол себепті де ол:
Алдыңнан – су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда! –
деп, тосылып тұрған сарбаздарға ұран тастайды. Кескілескен бір ұрыста жыраудың осы ұлағатты сөзінен кейін қара түнек бұлттың ішінен күн жарқ ете түскендей жасақтар арындап тасып жатқан судан аман өтіпті деседі.
«Тыңдаусыз болса сөз жетім, іздеусіз болса қыз жетім» дейтін бабаларымыздың ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін есті сөзге тоқтамаған кезі кемде-кем. Өз өмірінің көбін шапқын-сүргінде өткізген қазақ халқы елін жаудың ызғарынан, жерін жаттың атының тұяғынан қорғаштап-ақ баққан ғой. Ол үшін ақау шықпас ауыз бірліктің, мызғымас жігердің қажет екенін өмірдің өзі көрсеткен. Осы орайда сүттей ұйыған татулыққа кім шақырмақ, төмен түскен еңсені кім көтермек? Мұндай кезеңде жыраудың орны өзгеше. Жырау – халықтың қорғаны, ол ең алдымен өзін емес, өзгені ойлаған. Екінші сөзбен айтсақ:
Алдаспан ауыр қылыш суырған,
Ажалға қарсы жүгірген, –
дегендей ел-жұртының қылышы, семсері.
Ел аузындағы деректерге сүйенсек, оның ішінде шежіре қарттардың айтқанына құлақ ассақ, Тәтіқара Сарыкөл маңайындағы Уақ руынан шыққан, Уақ ішінде Қалмақ деген атадан, Ақынның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданы.
Тәтіқараның саналы өмірінің бәрі дерліктей Абылай ханның төңі-регінде өткен. Оның себебі, жұрттың бәріне билігін мол жүргізу үшін Абылай өз маңына ақын, жырау, шешен, батырларды топ-топ ұстаған.
Тәтіқара жыраудың «Қамыстың басы майда» атты толғауы мен Ер Шобан жыраудың толғауы сырттай бір-біріне ұқсас. Екеуінде де көптеген батырлардың аттары аталып дәріптеледі. Оқиғаның шығу төркіні де екеуінде бір негіздес. Екеуі де жан қысылғанда айтылған мадақ.
Тәтіқара жырында аталатын батырлардың өмірде болған адамдар екені тарихтан белгілі. Айталық:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза, –
дегендегі Арғын ішіндегі Шақшақ деген кіші атадан шыққан Жәнібек батыр Абылай ханға асқан ержүректілігімен, қара қылды қақ жарып кесіп айтатын әділдігімен, ұсақ-түйекке мән бермейтін еркек мінезді тәкаппарлығымен ұнаған. Ш. Уәлиханов батырдың бір көрінісін былайша суреттейді: «Үнсіз темекі тартып отырған батырға жас жігіт батыл жақындап келіп:
– Жәнібек батыр, темекіңізден мархабат етіңіз, – дейді. Жәнібек жас батырды елемеген кейіппен темекісін өзінің қалтасына салып қояды. Аздан соң қайтадан ұрыс басталып кетеді. Сарбаздар бірі садақпен, бірі айбалтамен, бірі шоқпармен ханның төңірегіне жинала бастайды. «Алғы шепке шығатын кім бар?» деп Жәнібек батыр жар салады. Сонда өзінен темекі сұраған жас жігіт Байғазы бірінші болып саптан алға шығады. Он мың сарбазы бар қалмақтар жан қояр емес, түтіп жеп жылжып келеді. Ақыры қазақтар тым-тырақай қаша жөнеледі. Қалмақ басқыншыларының алдында еңгезердей ірі қалмақ бірнеше қазақты аттарынан аударып тастап, жайпап келе жатады. Сонда Жәнібек ақырып: «Біздің қазақтардан мына бір есерсоқтың басын шауып түсіретін бір еркек кіндікті тумаған ба?» – дейді. Бұл сөзді естіген соң қатты намыстанған Байғозы жаңағы атан түйедей қалмақты садағымен ат үстінен қалпақтай ұшырып түсіреді. Қазақтар бұл уақиғаға қатты рухтанып кетіп, кері соғады да, жеңіске жетеді. Байғозының ерлігіне сүйінген Жәнібек оған шақшасын ұсынады. Байғозы Жәнібек батырға жақындап келіп: «Батыр, темекіні тартатын кез енді келді», – дейді. Осыдан бастап Тарақты Байғозының атын жұрттың бәрі біледі».
Тәтіқара толғауындағы бір топ сарбазды өз басшылығына алған Жәнібек батыр тек ерлігімен ғана емес, өзінің үлкен адамдығымен, зор беделімен де ірі тұлға. Біз төменде тағы алғыр батырлармен жүздесеміз, олар мыналар:
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Абылай ханның бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?», – деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтардың ішінен нағыз таңдануға тұрарлығы екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын қайтарып алған Қаракесек Қазыбек пен тұтқындарға үйде отырып бостандық алып берген Уақ Деріпсәлі. Алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап қайтарып алған болса, кейінгісі өз аулында отырып жаудың зәресін алды. Менің батырларымның ішінен байлығы, ерлігі және мінезі жағынан Бәсентин Малайсары, ал ақылы мен ерлігі жағынан Уақ Баян бәрінен жоғары тұр», – дей келіп, тағы да бірнеше қырағы батырларын қосатынын ескерткен.
Баянды кейде Сары, Баян деп қосарлап атайды, оның себебі, қалмақпен бір қатты ұрыста Баян батыр өзінің бауыры Сарымен бірге қайтыс болады.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде Ер Жабайды айт.
Бөгембай батыр – қазақ тарихындағы өте ірі тұлға. Ол бар өмірін елі-жұрты үшін сарп қылған аяулы азамат, XVIII ғасырдың 20-30 жылдарында болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықта қазақ сарбаздарын басқарушы қолбасшы.
Бөгембайдың өз тұсында халқына қандай игілікті еңбек еткені, жұртына қандай қадірменді адам болғаны жөнінде мәліметтер өте мол. Ел ішінде ол жайында дастан, аңыздар мол тараған, ал ерлігі жайындағы әңгімелер өз алдына бір қыруар. Біз оның бәріне тоқтап жатпаймыз.
Тәтіқара жыраудың тағы бір өлеңі Қытай мен Абылай сарбаздарының арасында болған шабуылды сипаттайды. Бұл жырды кезінде Шоқан Уәлиханов орысшаға қара сөзбен аударған. Осы толғаудан бізге жеткен шағын үзінді Шоқан аудармасының дәлдігін көрсетумен бірге, екеуінің негізінде шындық оқиға болғанын анықтай, айқындай түседі:
...Көп қытайдың жылқысы
Тұрымтайдай құнысты.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ,
Әншейін еңкейе бере жылысты.
Бәсентин Сырымбет
Оқ жіберіп ұрысты.
Ақыр қалмақ қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда.
Осы кішкене үзіндіден ұрыс даласының көп шындығы нақты елес береді, ақын өзі көрген, нақ ортасында болған майдан көрінісін оның барша кейіпкерлерімен, олардың әрқайсысына лайық қимыл-әрекетімен дәл бейнелейді. Мұны жырау сөзінің құдіреттілігі, күштілігі, пәрменділігі ретінде атауымызға болады. Ұрыс даласын, батырлар қимылын ақын батырлар жырындағы белгілі дәстүр негізінде бейнеледі. Соның өзінде жыраудың өзіндік сөз нақышын аңғару қиын емес.
Тәтқара Абылаймен бірге жаугершілікте жүріп, оның әрі ақыны, әрі батыры болған. Бұл турасында М. Мағауин: «XVIII ғасыр әдебиеті жайында сөз болса, Тәтіқара ақынның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдердің біріндегі сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын қайтпай ұрысуға шақырушы жауынгер ақын, жортуыл кернейшісі», – деп, Тәтіқараның тарихи рөлін байыпты бағалаған.
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Алғаш Тәтіқара жырына кім көңіл
аударды?
2.Тәтіқараның шыққан тегі кім?
3. «Көше тоқыраулы судың бойынан» деген
өлеңді кімге арнап шығарған?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 17, 19, 21, 22, 24, 25,27,28, 29,
31,32, 33, 34,35, 36.
Дәріс 12 ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Үмбетей шығармаларының халқымыздың
Тарихында ерекше орын алатын батырлар туралы
бізге мәнді хабар беретіні маңызды екендігін
түсіндіру.
Тірек сөздер:Жауқашарға, Бәкеге, Бекболат биге, Бөгембай өліміне т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Үмбетейдің өмірі туралы болжамдар.
2.Қаһармандық жырларды, шешендік сөздерді,
халықтың сөз өнерін ерекше меңгеруі, халқының
бай музыкасын да жетік білуі.
3.Үмбетейге әкесінің әсері,жасынан ән-жыр, сөз
өнеріне еліктеп өсуі, халық әдебиетінің әсері.
4.Үмбетей жырларының басты ерекшелігі
философиялық-дидактикалық мәнінде екендігі.
5. Сондай-ақ, оның жыраулық атын ерекше елге
танытқан атақты батырлар туралы толғаған
жырлары жайында.
6. Әсіресе, ғалымдар жазғандай, ХVIII ғасырдың 70-
жылдарында шығарған Бөгенбай атына байланысты
толғаулары жырау есімін әдебиетімізге мәңгі
қалдырғаны туралы сөз қозғау.
7.Үмбетайдың Абылай заманындағы ел қорғаған
халық батырлары туралы мадақ толғауларды
шығарушылардың басы болғандығы.
8.Абылайды да ерекше дәріптеуі, құрметтеуі.
9.Жыраудың Бұқармен дос-жаран болуы.
10.Үмбетей жырларының аса көркем келуі, өлең
жолдарының көбіне үш буыннан тұруы
Тілеуұлы Үмбетейдің жырау ретінде артына қалдырған мұрасы аса көп емес. Небары жеті-сегіз толғау. Бар қазынасына байыптап қарағанда батыр-жыраулығы ерекше көзге түсіп тұрады
XVIII ғасырда өмір сүрген дуалы ауыздың бірі – Үмбетей Тілеуұлы әскери жорықтарға қатысқан, батырлығы да, ақындығы да қатар жүрген кісі. Шығармасының дені арнаудан тұрады. Әдебиет зерттеушісі М. Мағауиннің айтуынша: «... өз тұсындағы дабыралы ерлер жайлы тарихи поэмалар жасау ісіне белсене араласқан». Әзір қолда бар шығармалары шағын. Академик Қажым Жұмалиев Үмбетейді Бұқардан кейін атапты. Бұнда бір мәніс жатыр.
«Шығармалары өз аттарымен біздің дәуірімізге дейін сақталып келген әдебиет өкілдері: Бұқар, Үмбетей (XVIII ғ.), Дулат, Жанкісі, Байтоқ, Жанұзақ, Шернияз, Алмашты, т. б. (XIX г.) алсақ, бәрі бір дәуір, бір кезеңде өмір сүрсе де, олардың дүние тану, өмірге көзқарастары әр басқа. Өйткені, бұлардың бәрі бір таптың ақындары емес. Әркім өмір құбылысын өз ортасы арқылы, өз табының көзқарасынан танымақ».
Үмбетей – бері де өмір сүрген ақын. Оған белгілі дәстүрді жалғастырушы ретінде қараймыз. Үмбетей есімі Бөгембай батырмен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан. Жалпы, XV-XVIII ғасырлар арасындағы қазақ поэзиясының дені арнау, толғаулар десек қателеспейміз.
Қазақ әдебиеті жанрларының тарихын еске алғанда, алдымен ауызға түсетін жанр толғау екендігін, оның жеке-дара ақындар, жыраулар мұрасында көріне бастағанын айта кету керек. Үмбетей жырларының қолда барының дені толғау. Жырау мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, халық даналығына сүйенеді. Айтқандарына қарағанда әділетті, ақылды кісі болып елестейді. Оны Бәкеге арнаған жолдарынан байқаймыз. Бұл өлең 1968 жылы қарт журналист Ғалымжан Мұқатовтан жазып алынған. Ал, Ғалымжанның кімнен, қайдан, қашан алғаны белгісіз.
«Алдаспан» жинағында айтылғандай, Үмбетейлермен аталас Жауқашар деген адамның бірінен-бірі өткен бұзық, сойқанды тоғыз ұлы болады. Бір жолы бұлар өздерімен ағайын көрші ауылға барымтаға шығып, үйірге салып жүрген бураларын әкеп сойып алады, Екі атаның арасында дау туады. Бәке деген кісі Жауқашардың тоғызына ара түседі. Сонда Үмбетей әлгі әділетсіздікті әшкерелеп, «Бәкеге» атты өлеңін айтыпты. Әрине, бұл шындықтан туған шымыр жолдар болса керек. Сол дәуірдегі жыраулардың бір қасиеті – ойларынан ешнәрсе шығармаған, өзі өмір сүрген ортаның ғана жағдайын жырға тиек еткен.
Үмбетейдің шығармаларында толық мәтіні кездесуі некен-саяқ Арасынан бірдеңелер қалып отырғанға ұқсайды, қайталаулар ұшырайды.
«Ауызша дәстүр XVIII ғасырда өмір сүрген үш жыраудың – Бұқардың, Үмбетейдің, Тәтіқараның есімдерін сақтаған. Аңыздарға және кейбір архив құжаттарына қарағанда, бұлар феодалдық ақсүйектерден шыққан», – деп жазады ғалым Н. С. Смирнова «XVIII ғасырдағы қазақ жыраулары» деген мақаласында. Белгілі фольклорист Үмбетейді Бұқардан кейін бекерге атап отырған жоқ сияқты, Үмбетей жыраулық поэзияның толысқан тұсына тап келген кісі. Марқасқа, Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың толғаулары толғаудың әлеуметтік келбетінің кемелденген кезеңіне келетіндігін өз еңбегінде академик Әлкей Марғұлан көрсеткен.
Тәтіқара мен Бұқардың арасындағы орынды толтырып, тарихта болған батырлардың ерлігін паш еткен Үмбетей толғаулары санаулы ақ, онда басқалардан ауысып жүрген дүние көрінбейді, бәрі өзінікіндей оқылады. Үмбетей шығармалары халық поэзиясының қасиетін бойына жақсы сіңірген. Өлеңдері шешендік сөздерге жақын тұрады.
Үмбетейдің поэзиясында жеке-даралық творчествоның белгілері айқындау көріне бастаған, оны анық объектісі бар арнау өлеңдерінен аңғаруға болады. Бұған «Бәкеге», «Бұқарға» дейтін Үмбетей айтқан бірқатар толғаулар куә. Бөгембай өлімін Абылай ханға естірткен жыраудың үлкен эпикалық сарынға икемі барлығын байқаймыз.
Жырау «тоқымы кеппей топтанып, ел тонауға аттанып» жүрген тоғыз тентекті сынға алады, оларға араша түскен Бәкеге «не бетіңмен қорғайсың Жауқашардың тоғызын» деп, озбырларды әділеттілікке, адамдыққа шақырады. Жақсы ұл мен жаман ұлдың айырмашылығын анықтайды.
Ұл он беске келгенше,
Қолға ұстаған қобызың,
Ұл он бестен асқан соң,
Тіл алмаса доңызың.
Осы шумақтан Үмбетейдің отбасылық институтқа қандай талаптармен қарағандығын сеземіз. Ол баладан көрген базарын да, азарын да жасырмайтын сияқты. Балалық, жастық, кәрілік жыраулардың тұрақты тақырыптарының бірінен саналады. Жыраудың «Дін пұсырман баласы адамдықтан жерімес» деуіне қарағанда, мұсылмандықтан адамды жақсартатын біраз нәрселер іздеген болуға керек.
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Үмбетей жырларының басты ерекшелігі
неде?
2. «Бөгембай өліміне» өлеңінің шығу
тарихы қалай?
3.Үмбетей толғауларында Абылай бейнесі
қалай сипатталған?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26,
27,28, 29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.
Дәріс 13 БҰҚАР ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы,
зерттелуі
Дәрістің мақсаты. Шығармашылығы өз заманының ,өз ортасы,оның әлеуметтік
саяси келбетінің айнасы екендігін ашу.
Тірек сөздер:Арғын,Төртуыл,Қоржас,Тәуке хан, Абылай хан т.б.
Дәрістің жоспары:1.Бұқардың ХVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті
өкілі болғандығы.
2.Бұқар шығармашылығын жинастырған атақты Мәшһүр
Жүсіп жайында сөз қозғау.
3.Бұқардың Тәуке ханға, Абылай ханға қызмет көрсетуі.
4.Абылайдың алдында беделді, қабырғалы биі болуы.
5.Бұқар шығармашылығының зерттелінуі:
а)Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбегі. Оның Бұқар туралы
“Бұл кісінің сөзін түгел жазамын дегенге: Нұхтың өмірі,
Аюбтың сабыры, Аполатонның ақылы керек” деген сөзі;
ә)Шоқанның Бұқардың Абылай туралы екі өлеңін
орысшалап хатқа түсіруі;
б)Г.Потаниннің Бұқардың біраз өлендерін жинастыруы.
в)“Тауарих хамсада”, “Таң” журналында кейбір өлеңдерінің
шығуы.
6. Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Қ.Мұхаметханов пен
М.Мағауин, т.б зерттеулері жайынан мәлімет.
7.Бұқар поэзиясының көтерген тақырып жағынан әр
алуандығы.
8.Бұқар поэзиясының қазақ әдебиетінің алтын қорынан
алатын орны.
Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып-аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы-жыршысы бола білді. Оның жыр-толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.
Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған аумалы-төкпелі заманға душар болған ел-жұртқа «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» басқыншы жаудың бетін қайтарып, өз тәуелсіздігін қорғап қалу, немесе жау табанында біржола жаншылып құрып біту мәселесі көлденең тұрды. Жырау, ең алдымен, осындай жауапты сәтте шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыра алатын аса алғыр, қолбасшы-көсемнің қажеттігін ерте түсінді, сөйтіп, осы ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға зор сеніммен қарады. Абылай да тәуелсіздік үшін жан сала күрескен халық мүддесін терең түсініп, өзін бірыңғай сол күрес жолына арнады. Мұндай ақылы мен айласы астасқан кемеңгер басшының үлгілі істері мен оның төңірегіндегі белгілі батырларының жанқиярлық ерліктерін жырау үнемі асқақ жырлап, солардың өшпес әдеби бейнесін жасауға күш салды. Осының бәрі, түптеп келгенде, жыраудың туған халқының бірлігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке парапар іс-әрекеттерін аңғартады.
Бұқар жыраудың ұзақ жасаған жасындағы өмірлік деректері бізде көп сақтала бермеген. Тек саналы ғұмырының бәрі түгелдей дерлік Абылай ханның қасында, соның оң тізесін басқан қабырғалы да сәуегей биі, ақылшы-кеңесшісі ретінде өткені мәлім. Өз өлеңдерінде келтірілген деректерге қарасақ жыраудың жоқшылықтың зардабын көп тартқан адам болғаны көрінеді.
Бұқар жыраудың асыл тегі туралы қолда бар деректер мынадай: Арғыннан – Қодан, одан – Дайырқожа (Ақжол), одан – Қара (Қарақожа), одан – Мейрамсопы, одан – Сүйіндік, одан – Қаржас, одан – Алтынторы, Құлыке, Бегім. Алтынторыдан – Мәмбетәлі, Жолымбет – Келімбет, Бегімбет, Артық. Жолымбеттен – Қойсары, Қалқаман, Рымбет, Назар. Қалқаманнан –Бұқар жырау. Бұқардың да үрім-бұтақтары аз емес, бұлардың көбі сол Бұқар жырау дүниеге келген атамекенді қоныс етіп отыр.
Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын (бұрынғы Баянауыл) Ульянов ауданының Далба тауы бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерекелі тойында оның басына үлкен күмбез орнатылып, Қарағанды қаласында осы мерекеге арнап ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармаларын қалың көпшілікке насихаттау мақсатында бір топ мерекелік мақалалар мен бір кіші-гірім зерттеу кітапша жарық көрді. Сондай-ақ, сол жылы тұңғыш рет жырау жырларының жеке жинағы екі рет басылды (бірі – «Жалын» баспасынан шыққан «Әй, Абылай, Абылай», екіншісі – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап, «Мұраттас» орталығы бастырған жинақ). Бұған жыраудың бұрыннан мәлім жыр, толғауларынан тыс, ертеректе А. Сейдімбеков жариялаған кейінгі нұсқа да енді. Алайда, әлі күнге дейін жыраудың туған, өлген жылдары бір ізге түспей, әркім әр түрлі пікір-болжамдар ұсынып келеді. Бұл орайда Қ. Жұмалиев өзінің қазақ әдебиеті тарихының екінші томындағы Бұқар туралы жазған тарауында жырауды 1693 жылы туып, 1787 жылы 94 жасында қайтыс болды деп көрсеткен еді. Ал, X. Сүйіншәлиев пен М. Мағауин жыраудың Тәуке хан тұсында жасап, Абылайдан кейін өлген деген тұжырымына орай Бұқарды 1668 жылы туып, 1781 жылы 113 жасында өлген дейді. Бұл мерзім Абылай хан қайтыс болған жылға тұстас келеді.
Ал енді, жоғарыда айтылған екі болжам-тұжырымнан тіпті өзгеше, яғни алғашқы кездегі 94 жаста қайтыс болды деген дәйектемеге біршама ұқсас пікірді кезінде Қ. Мұхаметханов ұсынған болатынды («Қазақ әдебиеті» газеті. № 31, 32, 1982 ж.). Автор Бұқардың замандасы Үмбетей жыраудың «Бұқардың асында, зиратының басында отырып Үмбетей жыраудың жырлағаны» деген жаңадан табылған толғауы бойынша ой қорытып, Бұқар жырауды 92 жасында қайтыс болды деген пікір ұсынады. Сонда жырау, бұл кісінің айтуынша, 1685 жылы туып, Абылай өлімінен (1781 ж.) 4 жыл бұрын, яғни 1777 жылы қайтыс болған деп тұжырымдалады. Сол Үмбетей айтты деген бір жырдың алғаш 7-8, кейін 11 буынды өлең өлшемімен жазылғанына күдіктенбесек, негізінен, осы ойдың көңілге қонатынын, дәйектілігін айтқан жөн. Бұқар жыраудың Абылайға айтқан бір жырында:
Менің жасым тоқсан үш,
Мұнан да былай сөйлеуім
Маған да болар ауыр күш, –
дейтіні және тағы бірде:
Күнінде мендей жырлайтын,
Тоқсан үште қария
Енді саған табылмас, –
деп толғайтыны бар. Бұдан тыс Бұқардың:
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен, –
дейтінін де білеміз. Бұған қарасақ, жырау 95 жасқа да келіп, әбден қалжырап, қор болып отырған кезін жырға қосқан сияқты. Қалай дегенде де, Бұқар жыраудың 92-95 жас аралығында қайтыс болғаны шындыққа сай келетін тәрізді. Сондықтан осы айтылған жылдардың біріне үзілді-кесілді тоқтап, бір жүйеге келтіру қажет.
Ендігі бір-екі ауыз сөз Бұқардың туған жері туралы. Әдебиетші Қ. Мұхамедханов сол Үмбетей жырында айтылған деректерге сүйене отырып, оның туған жерін Бұхар маңындағы Жиделібайсын, Елібай деп көрсетеді. Бұған себеп: Бұқардың әкесі Қалқаман батыр қалмақ шабуылынан ығысып, сол төңірекке барған делінеді. Қазақтың бала атын туған жеріне қарай қоятын көне дәстүрін ескерсек, бұған да шәк келтірудің жөні жоқ сияқты. Бұқар жыраудың Абылай ханның қасында отыратын кеңесші-жырауы болып қалай келгені туралы бір қызықты дерек «Әдебиет майданы» журналының 1935 жылғы № 1-2 сандарында жыраудың «Бұл кісі жылқыменен бір ат берсін» деген жырымен қоса түсінік ретінде келтірілген. Бұған жариялаушы «Кәріқұлақ» деп қол қойып, «Балқаштағы атақты Шашубай ақынның айтуымен» деген ескертпе жасаған.
Журналда басылған жыраудың екі жыры біздегі сол аттас өзге толғауларға өте ұқсас, бірақ айырмашылығы да аз емес. Мұндағы берілген түсінікке қарағанда, Абылай Бұқар жыраудың бір ісіне қатты ренжіп, «басын аламын» деп уәзірін жіберіп, шұғыл шақыртыпты деседі. Суыт хабарды естіген жырау хан жарлығымен Абылай хан ордасына келіп жыр толғапты.
Хан жарлығы қатты болды,
Шыбын жаннан тәтті болды.
Шақырған соң келдім, ханым,
Жарлығыңды қайтармай.
Жіберген уәзіріңізге екі жауап айта алмай.
Кел десең келдім, кет десең кеттім,
Кет дегендей мені сөйлетпей не еттім?
Бір ауыз сөз сұрамай, басыңды кесемін деп,
Мені шошытып түбіме жеттің... –
дей келіп, оның бір кезде Түркістанда жетім болып жүргенін, енді басына бақ, астына тақ қонғанын айтады. Ең соңында жырау ханға:
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқардай түледің,
Салған сайын үдедің,
Алыстан тоят тіледің,
Құдайдың сүйікті ұлы едің,
Қалмақты қашырдың,
Алатаудан асырдың.
Қазаққа жер кеңейттің,
Дұшпаныңды кеміттің, –
депті, сонда Абылай райынан қайтып: «Мынаған бір үйір қысырақ айдап әкеп беріңдер», – дегенде, Бұқар «Маған хан Абылай жақсы бір ат берсін» деген әйгілі жырын толғаса керек. Содан хан қара көз, қара ауыз, қояндай боз атын беріп, өзін қасында жүретін жырауы етіп алыпты делінеді.
Бұқар шығармалары XX ғасырдың 20-30-жылдарынан бастап жиналып, зерттеліп келеді. Алғашқы жариялануы дегенде, біз, ең алдымен, «Таң» журналында басылған жырларды айта аламыз. Мұнда жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз», «Ай не болар күннен соң», «Айналасын жер тұтқан», «Ақсаңнан биік тау болмас», «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ей, Абылай, Абылай», «Керей, қайда барасың?», «Ханға жауап айтпасам» атты бір топ өлеңдері жарық көрді.
Бұқар шығармаларын жариялауда С. Сейфуллин үлкен еңбек етіп, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағына жыраудың «Ай не болар күннен соң», «Керей, қайда барасың?», «Жал, құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Қалданменен ұрысып », «Атам болған жиырма бес», «Құбылып шыққан бәйшешек», «Әй, Абылай, сен он бір жасыңда» атты толғауларын бастырғаны мәлім. Бұдан соң жыраудың бір алуан жырлары әр түрлі хрестоматиялар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келді.
Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде «Алдаспан» жинағында басылды. Бұған оның үлкенді-кішілі 49 толғауы енді. Алайда, Бұқар шығармаларының бізге жеткен асыл үлгілерін айтқанда, ең алдымен, белгілі фольклорист Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімін атауға тиіспіз. М. Көпеев жырау туындыларын ертеректе көне көз қариялардан қағаз бетіне түсірумен қатар, солардың ғылым үшін қажетті туу, айтылу тарихын да қызықты етіп жазып қалдырған болатынды. Сол себепті Бұқар шығармаларын сөз еткенде, біз сол М.Көпеев жазбаларын түпнұсқа ретінде негізге алуға тиіспіз.
Ал, енді Бұқар жырларының ең бастапқы жариялану мәселесіне келсек, оның Ш. Уәлиханов, Г. Н. Потанин, И. Н. Березин қорында сақталып, кейбір үлгілерінің солардың жариялануымен басылғанын, сондай-ақ, бір-екі толғауының Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында жарық көргенін айта аламыз («Ханға жауап айтпасам», «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай»).
Бұқар творчествосын танып-білуде, әдебиеттегі орнын белгілеп, бағалауда әр тұста әр алуан пікір таластары болып келді. Кейбір зерттеушілер оған «Сарай ақыны», «Орда ақыны» деген ат қойып, феодалдық салт-сана мен Абылай ханның жыршысы деп теріс бағаласа, енді бір топ әдебиетшілер жыраудың үстем тап жыршысы бола тұрса да, өз туындыларымен сол тұстағы ірі саяси-әлеуметтік мәселелерге үн қосып, дұрыс бағыт ұстағанын айтты, мұнымен бірге XVIII ғасырда жасаған ақындардың ішінде жырлары бірден-бір өз атымен сақталып қалған жырау екенін баса көрсетіп, оны сол дәуірдегі әдебиеттің басы деген тұжырым жасады. Бұған белгілі жазушы-ғалым М. Әуезов басқарып өткізген 1959 жылғы әдеби-теориялық конференция көп әсер етті. Соның нәтижесінде Бұқар жырау да біршама дұрыс бағаланып, әдебиеттегі өз орнын алды.
Бұқар жырау туындыларының дұрыс бағаланып, оның әдебиет тарихындағы орнын ашып белгілеу ісі М. Әуезов зерттеулерінен басталады. Ол өзінің XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы әдебиетке арналған ертеректегі оқу кітабында Бұқар туралы «Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңілі ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи уақиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс, абыройды ханмен қатар үлеседі. Өзі хан қасына жуан рудың – Арғынның қосқан «табан шөңгел биі» болуға лайық... Бұл жағынан қарағанда Бұқар, Орта жүз ханы Абылай болса, соның орталық елі, жуан бел руы – Арғын ішінен шыққан анық үстем тап адамы болады... Бұқар сонда үлкен, қырағы саясаттың толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі уақиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады. Сол сөздері жыраудың таптық-қоғамдық мазмұнын көрсетіп, дәуірінің тарихи сырын ашады», – дейді. Бұны бір ғана Бұқар емес, жалпы жыраулық поэзияның табиғатын ашуға жол салатын ғылыми ұстамды пікір деп айта аламыз. Тек зерттеуші заман ағымына сай мәселеге таптық тұрғыдан келуге мәжбүр болған.
С. Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі Абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси-әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді. Ол: «Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да», – дейді.
Қ. Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің алты томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны XVIII ғасырдағы авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықты тап басып сипаттай алады деп жазады. Ал, Ә. Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден-бір көшбасшы ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев еңбектерінен де ұшыратамыз.
Белгілі фольклорист Н. С. Смирнова Бұқар творчествосына арналған көлемді зерттеулерінде оның импровизаторлық өнерінің ерен қуаты мен демократиялық тенденциясының нығая түсу ерекшеліктеріне, сондай-ақ, соңғы шығармаларында халықтық ұғымның әлеуметтік терең сипатқа ие болып отыру жәйтіне айрықша мән береді.
Достарыңызбен бөлісу: |