Рухани мұра – қымбат қазына
Қостанай өңірі – қазақтың рухани тыныс-тіршілігінде бағалы орны бар қазыналы аймақ. XIX ғасырдың орта кезінде халқына елеулі қызмет атқарған Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин секілді ағартушылардың соңынан іле-шала шыққан XX ғасырдың басындағы көрнекті тұлғалар Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Мұхаметжан Сералин сынды тұлғалардың мол рухани мұралары – қазақ халқының қымбат қазынасы екені мәлім. «Тақыр жерге шөп шықпайды» – дейді халық даналығы. Аталған атақты тұлғалардың рухани әлеміне игі әсер еткен өнер иелері болғаны даусыз. Өкінішке қарай, тарихымызда орын алған кешегі советтік дәуірдегі солақай саясатты ұстаған мемлекеттік жүйе бұл өңірдегі рухани қазынаны кең аршуға мүмкіндік бермеді. Қолдан жасалынған саясаттың әсерінен Қостанай өңірі «қазағы аз, өзге ұлты қалың» өлке болып, тың рухани мұралар ғылыми ізденістің нысанына алынбай, назардан шеттеп қалды.
Халқымызға саяси да, рухани да еркіндік алып берген Тәуелсіздіктің нақты жемісіндей сезіліп, Үкіметтің тікелей қамқорлығына алынған, рухани қазынаны тереңнен қозғауды қолға алған «Мәдени мұра» бағдарламасының игі әсерімен үндес келіп жатқан бұл жұмыстың тақырыбының өзектілігі айқын әрі еселі деп есептеймін.
«Типологиялық сабақтастықтың ақындық және шешендік өнердегі көрінісі (Қостанай өңірі мысалында)» деп аталатын тақырыпта диссертация қорғаған Ақылбек Шаяхмет “Ақындар және шешендер” атты монографиялық еңбегінде Қостанай өңірінде өмір сүрген Өске Торқаұлы, Ақсұлу Орысбайқызы, Басықара Қанапиябаласы, Наурызбай, Асаубай шешен сынды тұлғалардың әдеби-рухани айналысқа толық ене қоймаған туындыларын алғаш рет ғылыми тұрғыда талдайды. Қазақ халқының саяси-экономикалық тіршілігінде ерекше із қалдырған ХІХ ғасырда өмір сүрген ақындар шешендік өнерді қатар ұстаған. Бұған дәлелдің ең зоры – қазақтың ұлы ақыны Абайдың ел билеу ісіндегі қызметі. Ақын шығармашылығын зерттеген ірі ғалымдардың барлығы дерлік ақынның «қара сөзден ешкімге дес бермегенін» жазады. Қазақ даласында Абай сынды ақындық өнерімен қатар шешендік өнердің тұтқасын ұстаған үлкенді-кішілі ақындар көп болған. Ғылыми еңбекте сөз өнерінің екі үлгісін қатар меңгеріп, қазақтың рухани тіршілігінде елеулі із қалдырған өнер иелерінің шығармашылығындағы «табан ізі» бір ұқсастықтар мен сабақтастықтар ғылыми жүйенің желісіне салынып талданған.
Есімі ел ішінде сақталған, бірақ ғылымда елеусіз қалған кейбір шешендердің туған жері, атқарған қызметі, айтқан билік сөздеріне, сонымен қатар бұрын-соңды зерттеулерге арқау болған танымал би-шешендердің жаңа табылған мұраларына назар аударылған. Автор өзі жинаған материалдар мен мұрағатынан көп дерек қосқан.
Ақылбек Шаяхмет ақындық өнердің бастауы шешендік сөздермен үндес жатқанын талдай келе, типологиялық сабақтастықтың талданған және тың сарындарын да тілге тиек етеді. Қостанай өңірінде аса танымал болған тұлғалардың ақындық және шешендік дәстүрді тең ұстағанын, бұл екі үлгінің бір-біріне әсерін нақты мысалдармен дәлелдеу – аталмыш еңбектің негізгі өзегі.
Ақылбек Шаяхмет Қостанай өңірінде туып-өскен ақын, би-шешендердің шығармашылығын тыңнан зерттей отырып, пайымды да бағалы еңбек жазған. Аймақтық рухани мұраларды жинап, оны ғылыми тұрғыдан зерттеуге шама-шарқынша елеулі үлес қосқан, мәнді де мағыналы жұмыс жасаған.
10 наурыз 2006 ж.
Астана.
Уәлихан Қалижан,
филология ғылымдарының докторы,
ҚР Парламентінің депутаты
Көркемдік дәстүр жалғастығы
“Шаяхмет Ақылбек Қожаұлының ”Типологиялық сабақтастықтың ақындық және шешендік өнердегі көрінісі (Қостанай өңірі мысалында)” атты кандидаттық диссертациясы қазіргі әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне арналған. Оның тақырыбы да зерттеуші ғалымдарды қызықтыратыны даусыз. Шешендік және ақындық өнердің типологиялық сабақтастығы мен ұқсастығының зерттелуі қазіргі замандағы саясаттанудағы және филология ғылымын дамытудағы сұраныстарға тығыз байланысты.
Шешендік сөздер мен ақындар шығармашылығының тарихи процестерде көбінесе көп өзгермей, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып отыратындығы, әдеби тілімізді дамытуға үлкен ықпалы болғаны, сонымен бірге қазіргі әдебиетіміздің дамуына да өзіндік үлесі бар екені дәлелденіп, ғылыми тұжырымдар жасалған. Шешендік және ақындық өнердегі өзара сабақтастық, тамырластық және көркемдік дәстүр жалғастығы, бейнелеу құралдарының ұқсастығы қазіргі ақын-жазушылар шығармашылығынан да байқалатынына дәлелдер келтірілген.
А.Қ.Шаяхметтің көне түркі үлгілерінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтыған ұлттық сөз өнері туралы көркемдік дәстүр жалғастығын зерттейтін теориялық және практикалық ойлары мен тұжырымдары, жасаған ғылыми байламдары әдебиеттану мен тіл білімі саласында еңбек жасап жүрген зерттеуші ғалымдарды қызықтыруға тиіс деп ойлаймыз”.
07.10.2005 ж.
Астана.
Жұмағали Ысмағұлов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі
Қашан көрсек те, шұрқырасып...
“Ақылбек, бауырым!
Біз қашан көрсек те, шұрқырасып қалатынымыз сол туыстықтың белгісі еді ғой. Таяуда сенің Өтеміс ақсақал туралы жазғаныңды оқып, риза болдым. Ол кісі соғыс жылдарында Әулиекөлде аудандық атком төрағасы болған. Сондай қадірлі ағаларды, ел ақсақалдарын еске алып, ел жадынан ұмыттырмаған жақсы. Бұл жөнінен сен өте дұрыс істеп жүрсің. Сен облыс көлеміндегі жауапты жұмыстың талайын атқардың. Көп тәжірибе шектің, үлкен мектептен өттің. Ақындығыңмен де елге жақсы танылдың. Сондықтан бойыңдағы ақыл-дарыныңды жастарға беретін дер шағың осы. Соған қуаныштымын.”
18.05.2003 ж.
Алматы.
К.Мусаев,
академик Российской Академий наук
Высокохудожественные переводы
“А.Шаяхметов прдставил 21 стихотворении в переводе на казахский язык. 14 из них опубликованы в газетах. Переводит он с русского языка, а также через русский подстрочник с азербайджанского, осетинского. Переводы можно считать вполне удачными. Переводчик уверенно владеет художественными приемами казахского языка. Переводит, как правило, свободно, вольно, не стремится к сохранению особенностей почерка оригинала. Но все переводимые стихи относятся к числу высокохудожественных”.
1 декабря 1979 г.
г. Москва.
Хусайын Валиев,
доктор технических наук,
сенатор
Служение добру – великое дело
Знание озаряет путь человека. Луч освещает темноту. А жизнь и творчество Ахмета Байтурсынова, общественного деятеля, ученого и поэта-демократа, можно сравнить с яркой звездой. Он, так же, как и его учитель, просветитель Ибрай Алтынсарин, подобно лучу солнца, пробудил казахскую степь.
Я думаю, книга писателя Акылбека Шаяхмета не случайно названа “Светлый родник”. Ведь оба пьесы сборника обьединены одной темой – вечной борьбой добра со злом. Где есть добро, есть и благодарность. Где есть зло, не обойтись без проклятия. Но изначально душа каждого человека – чистый родник. Поэтому так важно сохранить ее светлой, чистой, способной дарить тепло и радость окружающим.
Наш университет носит имя великого сына казахского народа Ахмета Байтурсынова, и это обязывает нас быть преданными его делу – делу служения своему народу. Поэтому примечательно, что Акылбек Шаяхмет в книге пьес говорит не только о наших славных земляках, но и поднимает те проблемы, которые заставляют задуматься, прежде всего, о вечных ценностях человеческой жизни.
2003 г. г. Костанай.
Балташ Тұрсынбаев,
қоғам қайраткері
Бүкіл қазақ халқы жақсы біледі
Ақылбектің ұлттық өнер, мәдениет пен әдебиет саласындағы қажырлы қызметі өмірбаянынан айқындалады.
Оның ұшқыр қаламынан туған ондаған кітап, соның бірнешеуі орыс тілінде жарық көрді. Қазақ ауыз әдебиеті, айтыс жырлары, фольклорлық жанр туралы тарихи зерттеулер, монографиялық ғылыми жұмыстары көңілі ояу, көзі қарақты, көкірегі ашық азаматтардың қолында. Елімізге белгілі жазушыны айтулы журналист, танымал публицист, ақын, аудармашы ретінде Қостанай жері ғана емес, бүкіл қазақ халқы жақсы біледі.
Мен Қостанай облысы әкімшілігін басқарған кезде ұлттық өнерді, мәдени және әлеуметтік салаларды, телевизия, радио және газет-журнал, баспа істерін ана тілін дәріптеуден бастаған еңбегін лайықты бағалаған едім. Оның шығармашылығы биік адамгершілік қасиеттерді, ұлттар арасындағы достықты дәріптеуге, еліміздің келешек ұрпағына саналы тәрбие мен сапалы білім беруге, қоғамға, ұлтқа пайдалы қызмет етуге бағытталған.
23.08.2001 ж.
Қабидолла Тұрғынбаев,
Социалистік еңбек ері,
ҚР еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері
Бір жасап қаласың
Егін орағы аяқталған сайын клубта көп адамның қатысуымен салтанатты жиын өткізуді дәстүрге енгіздік. Сонда көркемөнерпаздар мүшесінің бірі сахнаға алтын масақтың бір дестесін құшақтай шығып, Социалистік еңбек ері Жансұлтан Демеевке арналады деді де, «Алтын масақ» атты өлең оқыды. Жергілікті жас ақын Ақылбек Шаяхметовтың бұл шумақтары менде сақтаулы. Оны мен тек Жансұлтанның ғана емес, өзге диқандарымыздың да еңбегін паш ететтін жыр есебінде қабылдадым. Бұл өлеңнің жолдары менің жадымда. Толқыған егінді немесе қырманға жол тартқан астық керуенін көргенде, тазартылып, кептіріліп, Отан қоймасына жол тартуының куәгері болғанымда Шыңғыс Айтматовтың: «жарықтық, дәннің иісіндей иіс қайда бар?» – деген сөздерімен қоса осы өлең есіме оралады...
Қостанайға дарығандай ырыс-құт,
Дала үстінде маужыраған тыныштық.
Егінжайда жүрсе диқан жұмыс қып,
Жаңа піскен таба нандай күн ыстық.
Алтын масақ – берекелі ырысым,
Қуанышым, қасиетім, тынысым,
Диқандардың ащы термен суарған,
Жер бетінде мәпелеген гүлісің.
Алтын масақ- осы сөзде маңызды
Ардақ тұтар бір қасиет бар ізгі.
Бункердегі алтын дәннен сүйкімді
Нанның иісі шығатұғын тәрізді.
Диқан даңқын көтерген осындай өлең-жырларды оқығанда бір жасап қаласың».
(«Іздену–табыс көзі» кітабынан).
Нұрлан Оразалин,
Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Ақын туралы
“А.Шаяхмет 1951 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Ұзақ жылдардан бері Қостанай қаласында тұрып, шығармашылық жұмыспен айналысып келеді. Ол 1983 жылдан Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Ақынның алғашқы жыр жинағы 1977 жылы жарық көрсе, әр кездерде жарық көрген “Замандасқа сыр”, “Ақ сәуле”, “Пирамида”, “Менің орбитам”, “Көзімді ашып-көргенім” т.б. кітаптары қалың оқырманнан да, әдеби сыннан да жақсы деген бағасын алған шығармалар болды. А.Шаяхмет сонымен бірге драматургия саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Олардың ішінде халқымыздың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың өмірінен алып жазған “Алғыс пен қарғыс немесе жарық пен көлеңке”, қазіргі заман тақырыбына жазылған “Таза бұлақ” пьесаларын айырықша атауға болады. А.Шаяхмет Қазақстан халықтарының республикалық форумының делегаты, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болған. Ол Қостанай жастар ұйымының, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты. Бұқар жырауға және Бейімбет Майлинге арналаған ақындардың жыр мүшайрасының жеңімпазы.”
07. 04. 2001 ж.
Марал Ысқақбай,
Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы
Әр биігіңізге ризамыз
“Сіздің бүкіл республикаға белгілі тамаша ақын екеңіңізді, жиырмаға жуық кітап жариялағаңыңызды, сондай-ақ көркемдік құны жоғары “Ақсұлу” тарихи драмасының, “Жарық пен көлеңке”, ”Таза бұлақ” пьесаларының авторы екеңінізді жақсы білеміз. Сіздің қаламыңыздан туған “Қостанай вальсі”, “Ұстаз”, “Көктем шығар”, “Бар ғой”, т.б. секілді әндер қазақтың байтақ даласын шарлап, концерт залдарында, той-думандарда, телерадио арналарының бағдарламаларында шырқалып жүргенінен өзге жұрттан көрі көбірек хабардармыз. Халқымыздың талантты ұлдарының бірі әрі біздің қоғамның көрнекті мүшесі ретінде де, Сіздің шығармашылық жолында қол жеткізген әр табысыңызға, өрмелеп көтерілген әр биігіңізге риза болып, шын жүректен тілектестік білдіріп отырамыз. Әмсе жолыңыз болғай!”
17.03. 2006 ж.
Жұмекен Нәжімеденов
Бұдан өзге мақтаудың қажеті де жоқ
А. Шаяхметовтың өлеңдерімен мен 1968 жылдан таныспын. Мектеп кабырғасынан басталган Ақылбектің ақындығы үздіксіз өсу, өрлеу үстінде. Оның өлеңдері аудандык, облыстық газеттерден бастап республикалык "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан мұғалімі", "Қазақстан пионері" газеттерінде, "Балдырған" журналында жиі-жиі жарияланып жүр.
Нені де болсын жырлағанда өзінше, өз көзімен көріп жырлауға талпынатын жас ақын жырлары ой соңылығымен, образ жаңалығымен баурайды. Қай тақырыпты жырласа да ақын болып, азамат болып жырлайды...
Әзірше айтарымыз Ақылбек – ақын.
Бұдан өзге мақтаудың ол үшін қажеті де жоқ сияқты.
10.08.1968 ж.
Есенбай Дүйсенбаев
Талантына талас жоқ
Ақылбек периферияда тұратын белгілі ақындардың бірі. СССР Жазушылар одағының мүшесі. Талант үшін периферия жоқ. Әлденеше кітабы жарық көрген.
Ақындық талантына талас жоқ. Жақсы өлеңдері көп. "Шаттықты кайғыдан алған қарыздай көрінді" деген бір-ақ жолы үшін де ақындық атағын беруге болып жатыр. Жақсы өлеңдерінің неліктен жаксы екендігін дәлелдеп, арам тер болу артық, оны өзі де бір кісідей жақсы біледі.
Жаныма жас шағында-ақ жақын дедім,
Арқада ат оздырған Ақылбегім.
Қоңырау шалған кезде Қостанайдан,
Дән терер дауысынан дәтім менің.
Дүйсенбек Қанатбаев
Көркемдік құралдары түгел
“Ақылбек өсу үстіндегі қаламгер. Өлеңнен өлеңге, жинақтан жинаққа қатты өзгеріп, тереңдеп, биіктеп келе жатқан дағды байқалады. Бұл жақсы мінез. Бұл мінез жақсы ақынға өле-өлгенше жансерік болуға тиісті. “Шеберлікте шек жоқ” деп бекер айтылмаған. Ендеше іздену, өсу, өзгеру секілді оң құбылыстар да ауадай қажет, ол бітіп қалуға тиісті емес.
Ақылбектің көркемдік құралдары түгел. Керек жерінде керекті құралдарды іске асырады. Бояудың дозасын ретімен пайдаланады. Сезім тізгінін жіберіп, тежейтін тұстарды жіті байқайды, ер үстінде сергек отырады... Ақылбек табиғат жайлы, махаббат жайлы, көңіл күй жайлы толғанғанда тиісті мақамды, интонацияны дәл таба біледі”.
1996 ж.Алматы.
Шәкен Күмісбай
Бүлдіргеннің ең тәттісі
Сонау алыста жатып "Әдемі" атты балалар жинағын ұсынған Ақылбек Шаяхметтің әр өлеңі ішінен теріп алған бүлдіргеннің ең тәттісін есіңе алдырады.
Күн сәулесі төгілгені әдемі,
Кемпірқосақ керілгені әдемі,
Көк шалғында асыр салып жүргенде,
Көк көбелек көрінгені әдемі.
Жас шыбықтың бүр ашқаны әдемі,
Алма ағаштың гүл ашқаны әдемі,
Қариялар жол үстінде кездесіп,
Амандықты сұрасқаны әдемі.
Бұлбұл құстың сайрағаны әдемі,
Қозы-лақтың ойнағаны әдемі,
Ақ боз атын ерттеп мініп атамның
Қойды өріске айдағаны әдемі.
Ақ ботаның үлкен көзі әдемі,
Әжеміздің күлген кезі әдемі,
Бәрінен де жасқа толған бөбемнің
Тәй-тәй басып жүрген кезі әдемі.
деуі де қандай әдемі.
Ақын өлеңдері бірде табиғаттың көріністерін, жыл мезгілдерін тілге тиек етсе, енді бірде ұлттық әдемі қазынамызды жьрға қосады. Сәбилердің тәтті қылығын да естен шығармайды. «Кішкентай Әмина»., «Жаңғырық», «Неге жылайды?», «Ұста», «Кел, достарым, ойнайық!» сияқты көптеген өлеңдері биік талғамнан көрінеді.
Ақылбек «Адасқан әріптер, сөздер», «Ұйқасын тап!», «Жұмбақ әріптер» сияқты бала ұғымына сай, жаңа формалы өлеңдерді түрлендіре қолданады екен. Мұнысы алшысынан түсіп тұрса, неге құптамасқа. Қазіргі балалар әдебиеті – тақырыбының мәнділігімен ғана емес, тапқырлығының әрлілігімен де баурайтын шығармалармен толысып жатса нұр үстіне нұр.
«Әдебиет айдыны» газеті.
27.04.2006 ж.
Серікбай Оспанұлы,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
“Қазақ әдебиеті” кафедрасының меңгерушісі
Ақын-публицистің ерекше екпіні
Ақылбек Шаяхмет 1951 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. Алматы облыстық “Жетісу”, Қостанай облыстық “Қостанай таңы” газеттерінде, облыстық телекомпанияда қызмет істеген. Алғашқы өлеңдер жинағы “Тұңғыш кітап” деген атпен 1977 жылы “Жалын” баспасынан жарық көрді.
А.Шаяхмет те көсемсөздерiн ағынан ақтарыла, төгiлте, кейде ұйқастырып, кейде дыбыс үндестiктерiн пайдаланып, сөйлемдерiн жыр жолдарындай өрiп, ерекше екпінмен жазады:
“Ойлан, қазақ!” публицистикалық мақаласынан үзiндi келтiрейiк: “Қазақ елi дегенде қиялымыз көкке өрлейдi. Егемен елiмiздiң желбiреген көк туын көтергенде кеудемiздi мақтаныш сезiмi кернейдi. Әнұранның әуенiне елтiсек, жүрегiмiздi қуаныш тербейдi. Еркiндiк деген еңсесi биiк, еңкеймей енер ақ орда екенiн түсiнер шақта әлдекiмдердiң ескiнi көксеп, бодандық қамытын қайта кигiзгiсi келетiн жымысқы ойына сенгiң де келмейдi” [Шаяхмет А. “Пирамида”, Қостанай, 1997. 122 б.].
Әсерлi, әсем әрі мазмұнға нұқсан келмеген. Азаттық аңсаған Махамбет ақынның “Еңсесi биiк ақ орда, Еңкеймей кiрер күн қайда?” [Өтемiсұлы М. “Күн қайда?” Ереуiл атқа ер салмай. А., Жазушы, 1989. 66 б.],- деген буырқанған күшке толы екi жолын өте орынды, тауып қолданған.
Ақылбектiң М.Жұмабаев өлеңінің iзiмен жазған “Мен жастарға сенемiн” атты ана тіліміз жайындағы шағын публицистикалық мақаласы да жыр жолдарындай оқылады:
“Қазақтың денсаулығы түзелмейдi. Қызыл жұтқаны қызып сөйлеп, ақ ұрттағаны өткен күнiн аңсап, орыс тiлдiлер үшiн тост көтерудi дағдыға айналдырды. Тiл тағдыры да талапайға түсiп, қазақтың қасиеттi тiлi Қажымұқанмен ергежейлi алысқандай, аттылымен жаяу адам жарысқандай күй кештi. Орыс тiлi зордың тiлi болып, қазақ тiлi тойдың тiлi мен қойдың тiлi болып қалды. Ана тiлiн дамытуға мемлекет тарапынан бөлiнген қаржы құмға сiңген судай болса, орыс тiлдi басылымдар шөлден кенезесi кепкен бейшараларға сатып берген удай болды” [Шаяхмет А. “Пирамида”. Қостанай, 1997. 125 б.].
Мақалада тоқырау жылдарының көрiнiсi бар. Өңкей салыстыруларға құрылған жолдар сәттi шыққан. Әр сөзден ана тiлiн ардақтап өскен ақын жанының күйзелiсi мен ашынуын сезiнiп, қостамауға лажың қалмайды.
Автор намысы бар қазақтардың ана тiлiндегi басылымдарға жазылатынын, бiрақ нарық оған да тұсау сала бастағанын айтып: “намысы бар қазақтың табысы жоқ, табысы бар қазақтың намысы жоқ. Алда-жалда осы екеуi бiр басынан табылатын азамат бола қалса, оның да жоғары жақтан танысы жоқ”,- дейдi.
Ащылау айтылса да “намысы бар қазақтың табысы жоқ, табысы бар қазақтың намысы жоқ” деген жолдар мақал сияқты әдемi қиысқан.
Ақын “Қалай жеттік бұл күнге?” атты өлеңінде де Ана тілінің өткен күннен қалған асыл қазына екенін, сондықтан да гүлден бал жинаған ара сияқты жақсы сөздерді теру ақын парызы екенін айтады.
Ақын-публицистiң “Қиыннан қиыстырып” деген ортақ тақырып қойып, “Қарасөзбен жырлайын” деген тақырыпшамен берiлген “Ағымыздан ақтарылсақтың”, “Қазақтың қазынасы қалпында қалсын”, “Жылдар жотасында”, “Тереңдегi тамырлар”, “Маңызды мағыналар” публицистикалық мақалалары бiрөңкей аллитерация мен ассонансқа құрылған. “Ағымыздан ақтарылсақтың” әр сөзi “А” әрпiнен (ассонанс) басталады:
“Айналайын адамдар! Ақыры арманымыз айқындалды. Ақсарбас!!! Ағымыздан ақтарылайық. Артқыға алақтамай, алдыңғыға аяқ артайық. Азғырындыны арбамызға алмай, аластайық. Ауыздықпен арпалысқан асау арғымақтай арымыз арманымыздан алыстамасын, ақиықтар аспанда асқақтасын” [Шаяхмет А. “Пирамида”. Қостанай, 1997. 146 б.].
“Қазақтың қазынасы қалпында қалсын” “Қ” әрпiне (аллитерацияға) құрылған: “Құранды, қажыны қасиеттеген, қуанышты, қызықты, қалжыңды, қызды, қызғалдақты, қымызды, қансонарды, қазы-қартаны қасқалдақтың қанындай қастерлеген қайсар, қынулы, қайратты, қарапайым қазаққа қатты қайран қаламын” [Сонда. 147 б.].
Осы сияқты “Жолдар жотасында” [Сонда. 148 б.] “Ж”, “Тереңдегi тамырлар” [Сонда. 148 б.] “Т”, “Маңызды мағыналар” [Сонда. 149 б.] “М” әрiптерiнен басталып түзiлген. Яғни, “Ағымыздан ақтарылсақта” “А” әрпі әр сөздің басында 182 рет, “Қазақтың қазынасы қалпында да” “Қ” әрпі 262 рет, “Жолдар жотасында” “Ж” әрпі 178 рет, “Тереңдегі тамырларда” “Т” әрпі 181 рет, “Маңызды мағыналарда” “М” әрпі 122 рет қайталанады.
Публицист бұл мақалаларын қазақ тiлiнiң байлығын, қасиетiн көрсету мақсатында жазған. Оны “Қазақ сөзінің құдіретін осыдан-ақ аңғарасың”,- деп өзі де айтқан. Қиыннан қиыстырып бұлай сөз құрау оқушының, шығарма авторының тiл ұстартуына, шеберлiгiн шыңдай түсуіне қызмет еткенiмен, ойды тұсап, адымыңды аштырмайтыны белгiлi, оған жоғарыдағы мақалаларды оқып шыққанда да көз жеткiзе түстiк.
Ақылбек “Қазаққа Аяз емес, Қыдыр ата керек” мақаласында әлі күнге дейін кешегі Советтің, тіпті ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан арыла алмай, діні басқалардың Рождество мейрамын Жаңа жыл деп қарсы алып келе жатқанымыздың дұрыс еместігін айтып: “Ал Санта Клаус немесе Дед Мороз дегеніміз турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаһарлы қатал қыстың бейнесі” [Шаяхмет А. Ел есіндегі есімдер. А., “GAUHAR”, 2005. 6 б.],- дейді.
Автор Наурыз бен Рождество мейрамын (жаңа жылды) салыстырып, өзге халықтар жаңа жылдарында ағашты кесіп, қиып жатса, Наурызда жаңа көшет отырғызылатынын, көктемде бәрі жаңарып, жасаратын артықшылығын айтады. Сонымен бірге орыстардың жаңа жылды христиан дінін қабылдағанға дейін бірінші наурыздан бастап тойлағанын, ал ағылшындардың наурыздың 25-ін жаңа жылдың алғашқы күні деп қабылдағандарын ескертеді.
Ақын мақаласына өлең де араластырып, “мұрны қызарып, сөзі ұзарып жүретін Аяз Ата туралы жазған:
“Аяз Ата түксиіп, қабақ түйген,
Ішпей қойды кеш бойы тамақты үйден.
Өйткені ол, бет қызарып, мұрын ісіп,
Алыпты тойғанына арақ ішіп”, -
деген өз өлеңін келтіреді. Аяз ата қазақ баласына ата бола алмайтынын, Қыдыр ата сияқты бата бермейтінін көрсетіп: “қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек” деп ой түйеді.
Шындығында да бұл – көкейтесті мәселе, бәріміздің көкейімізде жүрген ой. Көріп отырсыздар, Ақылбек те өзге ақын-публицистер секілді мақаласына өлең араластырған. Ақынға тән мұндай ерекшеліктерді оның басқа публицистикалық шығармаларынан да жиі кездестіреміз. Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы жайында жазған “Таулардан биік, теңізден терең” [Шаяхмет А. Ел есіндегі есімдер. А., “GAUHAR”, 2005. 16 б.] мақаласын өлеңмен түйіндесе, ғалым, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Елдес Омарұлы туралы “Елім деп еңіреп өткен” [Сонда.134 б.] деген мақаласында Елдеске арналған бес шумақ өлеңін, ақын Мәриям Хакімжанова жайындағы “Аналардың анасы” [Сонда. 156 б.] мақаласында М.Хакімжановаға арналған төрт шумақ өлеңін келтіріп, айтарын әрі қарай жалғастырады.
Ал 1999 жылы №40 Қостанай Оңтүстік сайлау округы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып тіркелген Балташ Тұрсымбаев туралы жазған “Құс жолындай жап-жарық” [Шаяхмет А. Құс жолындай жап-жарық //Айғақ, 199, 15 қыркүйек] мақаласын өлең мен қара сөз араластыра жазыпты.
Сондай-ақ ақын-публицист “Жаны жайсаң жақсы аға Жайсаңбек Молдағалиев” [Шаяхмет А. Ел есіндегі есімдер. А., “GAUHAR”, 2005. 160 б.], “Қазақ прозасының Құлагері Сәкен Жүнісов” [Сонда. 164 б.], “Сегіз қырлы, бір сырлы” Ғұсман Наурызбаев” [Сонда. 171 б.] т.б. мақалаларын да өлеңмен көмкерген.
Әр сөзі ұран болған даланың асқақ жыршысы Махамбет пен дауылпаз Қасым жырларын жаттап өскен Ақылбек ақынның публицистикаларында тегеурінді, батыл, өршіл рух жиі кездеседі: “Мен Махамбетті жайтартқышқа ұқсатамын. Өзгеден биік болса, төбесі көкке тиіп тұрса, жайдың оғы да ең алдымен биікке түспей ме?! Бірақ, биікке шықпағандар күштіден ықпағандарды, майысып, бұқпағандарды еш уақытта да түсіне алмайды.
Ақынның екі сөзінің бірі ғибрат, ғақлия. Махамбет ерлігі өз тұстастарына қандай үлгі болса, оның өнегесі қазіргі тәуелсіз елімізге де ауадай қажет” [Сонда. 29 б.].
А.Шаяхмет мақалалары желісті жылқыны еске түсіреді, жеңіл оқылады:
“Нұржан Наушабайұлы дегенде жалғанда ор киіктей заулаған, ат құлағында ойнаған, әуелетіп ән шырқап, термелетіп жыр төккен, кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ерте ойлаған сегіз қырлы, бір сырлы жігіт көз алдымызға келеді... Айтқан сөзі – мақал, қайтарған жауабы – мәтел, жазған жыры ғибрат-өнеге, шырқаған әні әсем сазға толы азаматтың бір басынан мін табудың өзі қиын еді” [Сонда. 48 б.].
Ақылбектің “Асылдарымызды аялай білсек” [Шаяхмет А. Асылдарымызды аялай білсек //Қостанай таңы, 2001, 13 ақпан. Б.4.] мақаласын тәуелсіздігіміздің он жылдығы қарсаңында жазылыпты: “Бұл он жылдың ішінде желтоқсан желінен, декабрь демінен басталған жастар көтерілісі, ана тіліміздің келешегі үшін күрес, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы тайталас, ел экономикасын арттыру жолдары жатыр. Шын мәнісінде тәуелсіздік күні кешегі Абылайдың айбарымен, Кенесарының кегімен, Алаш ардақтыларының ар-ожданымен, өзін құрбандыққа шалған Қайраттай жас қазақтың бір қасық қанымен келгенін білуіміз керек” деген шабытты жолдарымен басталған мақала әрі қарай да лепті қалпынан таймайды. Ақын-публицист кешегіміз бен бүгінімізді салыстырып, еркіндіктің арқасында ана тілімізде білім алып, өз тілімізде еркін сөйлей бастағанымызды, тарихи жер-су аттарының қайтарылып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, асылдарымыздың атын мектептер мен көшелерге беріп жатқанымызды жоғары леппен айтады. Алыс аудандардағы мектептерде ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, өнер қайта жанданып, орыс тілді мектептерде де қазақ тілі мен дәстүрін үйретуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын нақты мысалдармен көрсетеді.
“Еркіндік – елдің еңсесі, ердің мәртебесі. Ертеңіміз де осы еркіндікке байланысты”,- деп шешендік толғауға тән ырғақты-толқынды сөзден өлеңге ойысады:
Тәуелсіз күнім – ән-жырым,
Зор дауыспен шырқайтын елдің ұл-қызы.
Жүздері гүлдей қырмызы,
Куәсі болып ыстық қан, ащы терімнің
Жайнайды мәңгі көгінде менің елімнің,
Тәуелсіздіктің жұлдызы!
“Ырғақты-толқынды сөз дегеніміз әуенсіз, мақамсыз, музыка аспабының сүйемелінсіз тек дауыс ырғағымен айтылатын шығармалар. Олар: шешендік толғау, тақпақ, шешендік тақпақ, т.б.” [Медеубекұлы С. Ақыл. Нақыл. Өсиет. А., Санат, 1996. 38 б.].
Мақаласын автор осы ырғақты-толқынды сөзбен: “Көгілдір туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтап, Елтаңбамыз елдігімізді айғақтап тұрғанда көкірегімізді мақтаныш кернейді. Тіпті бастан кешкен қиындықты да ұмытып кетесің. Көппен бірге ұлы той емес пе?! Ендеше, сол тойды ұзағынан қылсын деп Алладан тілек тілейсің” деп шабытты, желдірте аяқтайды.
«Қазақ» газеті. 2008 ж.
Ақтан ҚОҢЫР
Достарыңызбен бөлісу: |