Элементтердің жалпы сипаттамасы. Сегізінші қосымша топшаны темір Fe, кобальт Со, никель Ni, рутений Ru, родий Rh, палладий Рd, осмий Оs, иридий Ir, платина Рt құрайды. Бұл тоғыз элемент ұқсастық қасиеттеріне карай үш үштікке бөлінеді. Бірінші үштікке темір, кобальт, никель, екінші үштікке рутений, родий, палладий, үшінші үштікке осмий, иридий, платина жатады.
Бұл элементтердің барлығы да металдар, олардың сыртқы кабатының s-қабатшасындағы электрондары екіден артық болмайды және кезекті электрондары сырттан санағанда екінші қабаттың d -қабатшасында орналасады.
Бұл элементтер басқа элементтермен химиялық байланыс түзуге сырткы d -электрондарын жұмсау арқылы валенттіліктерін 2-ден 8-ге дейін өсіреді. Осыған сәйкес сегізінші қосымша топша элементтерінің химиялық қосылыстардағы тотығу дәрежелері +2-ден +8-ге дейін өсіре алады, бірақ рутений мен осмийден басқалары көбінесе +2, +3, +4 тотығу дәрежелерін көрсетеді.
Ұқсас болғандықтан темір, кобальт, никельді темір үштігіне біріктіреді де, ал қалған алты металды платиналық металдар деген атпен қарастырады.
Темір үштігіне кіретін темір, кобальт, никель - таза күйде ақ түсті (кобальт көкшілдеу), суық және ыстық күйде соғуға оңай, барлығы да жаксы магниттелетін металдар.
Темір, кобальт, никель қатарында ядро зарядтарының өсуіне байланысты олардың атомдарының және иондарының радиустары азаяды, соған сәйкес олардың иондану энергиялары артып, химиялык белсенділіктері төмендейді.
Темір, кобальт, никельдің сырқы қабатында 2 s -электроннан орналасқан және сырттан санағанда екінші қабаттың d -қабатшаларына сәйкес 6, 7, 8 электрондар бар. Элементтердің d -қабатшаларында электрондардың орналасуы аяқталмаған.
Темір үштігінің элементтері химиялық реакциялар кезінде сырткы қабаттарындағы екі s -электронын беріп жібереді және екінші қабаттың d -қабатшасынан бір немесе бірнеше электрондар беруі мүмкін. Көбінесе олар екі немесе үш электрондарын беріп жіберіп, химиялык қосылыстарда +2, + 3 тотығу дәрежелерін көрсетеді.
Бұл элементтер ЭО, Э2О3 типтес оксидтер және сәйкес Э(ОН)2, Э(ОН)3 типтес гидроксидтер түзеді. Металдардың химиялық белсенділігі Ғе - Со - Ni қатарында солдан оңға карай кемиді.
Темір. Табиғатта таралуы. Темір табиғатта таралуы жағынан оттек, кремний және алюминийден кейін орын алған элемент. Жер қыртысындағы оның массалык үлесі 5,10 %-ды құрайды. Темір көптеген тау жыныстарының құрамына кіреді. Оның оксидтер түрінде көп кездесетін минералдарына магнетит Ғе3О4, гематит Ғе2О3, лимонит 2Ғе2О3 * 3Н2О, сидерит ҒеСО3 және темір колчеданы ҒеS2 жатады.
Қасиеттері. Темір ақ түсті, жылтыр, магниттелетін металл, созылғыш, сығылғыш және басқа да механикалық әсерлерден пішінін оңай өзгертеді. Ауада ол татпен қапталып, коррозияға ұшырайды. Қарапайым жағдайда темір көлемді центрленген кубты кристалдық торда кристалданады. 910-1390°С температура аралығында темір кубты центрленген тор түзеді. Заттың әртүрлі құрылымдық өзгерістер түзе білу қабілеті полиморфизм деп аталады. Темір - химиялық белсенді металл.
Бейметалдармен әрекеттесуі. Темір қыздырғанда көптеген бейметалдармен әрекеттеседі, мысалы:
Fe +S = FeS
2Fe + 3Cl2 = 2FeCl3
3Fe + 2O2 = Fe3O4(FeO . Fe2O3)
Сумен әрекеттесуі. Тек жоғары температурада (700°С-ден жоғары) темір сумен әрекеттеседі:
3Fe + 4H2O = Fe3O4 + 4H2
Қышқылдармен әрекеттесуі. Темір тұз және сұйытылған күкірт қышқылдарымен әрекеттесіп, темірдің (II) тұздарын және сутек түзеді, мысалы:
Fe + H2SO4 = FeSO4 + H2
Концентрациясы төмен күкірт қышқылында реакция теңдеуі төмендегідей болады:
Fe + 2H2SO4 = FeSO4 + SO2 + H2O
Концентрациясы жоғары күкірт қышқылында (сусыз) темір пассивтеледі, бұл күкірт қышқылын темір ыдыстарда сақтауда және тасымалдауға мүмкіндік береді.
Темір сұйытылған азот кышкылымен әрекеттеседі. Қышқыл концентрациясына байланысты реакция өнімдері әртүрлі болады, мысалы:
4Fe + 10HNO3 = 4Fe(NO3)2 + NH4NO3 + 3H2O
Fe + 6HNO3 = Fe(NO3)3 + 3NO2 + 3H2O
Концентрлі азот қышқылында темір пассивтеледі.
Тұздармен әрекеттесуі. Темір кейбір металдарды (темірге қарағанда электродты потенциалдары оң болатын) олардың тұздарының ерітінділерінен ығыстыра алады. Мысалы:
Fe +CuSO4 = FeSO4 + Cu
Көміртек (II) оксидімен әрекеттесуі. Темір көміртек (II) оксидімен әрекеттесіп, темір пентакарбонилін түзеді:
Fe + CO = [Fe(CO)5]
Бұл қосылысты таза металл алу үшін қолданады.
Темірдің қосылыстары. Темір мынадай оксидтер мен гидроксидтер түзеді: ҒеО, Ғе2О3, Ғе3О4, Ғе(ОН)2, Ғе(ОН)3. Бұл заттардың барлығы суда ерімейді.
Темірдің (II) оксиді ҒеО және темірдің (II) гидроксиді Ғе(ОН)2 - негіздік қасиет көрсететін заттар, қышқылдармен оңай әрекеттеседі:
Fe(OH)2 + 2H2SO4 = FeSO4 + H2O
Оны темірдің (III) оксидін сутекпен тотықсыздандырып алуға болады:
Fe2O3 + H2 = 2FeO + H2O
Темірдің (II) гидроксидін темірдің (II) тұздары ерітінділеріне сілтімен әсер ету арқылы алуға болады:
FeSO4 + 2KOH = Fe(OH)2 + K2SO4
Бұл реакция ауасыз жүргізілуі кажет. Олай болмаған жағдайда темір (II) гидроксиді темірдің (III) гидроксидіне дейін оңай тотығады:
4Fe(OH)2 + O2 + 2H2O = 4Fe(OH)3
Темірдің (III) оксиді Ғе2О3 және темірдің (III) гидроксиді Ғе(ОН)3 (дәлірек Ғе2О3 * хН2О ) екідайлы қасиеттер көрсетеді, олар қышқылдармен де, сілтілермен де әрекеттеседі:
Fe2O3 + 6HCl = 2FeCL3 + 3H2O
Fe2O3 + 2KOH = 2KFeO2
Fe(OH)3 + 3KOH = K3[Fe(OH)6]
Бұл кезде гидроксид сілті ерітінділерінде қыздырғанда ериді, ал оксид қатты сілтілердің балқымаларында ериді. Темірдің (III) гидроксидін темірдің (III) тұздарына сілтімен әсер ету арқылы алуға болады:
FeCl3 + 3KOH = Fe(OH)3 + KCl
Fe(OH)3 күйдіргенде темір (III) оксиді түзіледі:
2Fe(OH)3 = Fe2O3 + 3H2O
Темірдің (II, III) оксиді Ғе3О4, ҒеО және Ғе2О3 әрекеттесу өнімі болып табылады. Оның формуласы ҒеО * Ғе2О3 түрінде көрсетіледі. Бұл оксид темірдің оттекпен және сумен жоғары температуралы әрекеттесуі нәтижесінде түзіледі. Ғе3О4 оксиді қышқылдарда ерігенде, темір (II) және (III) тұздары түзіледі:
Fe3O4 + 4H2SO4 = FeSO4 + Fe2(SO4)3 + 4H2O
Темірдің +2 және +3 тотығу дәрежесін көрсететін тұздары бар. Темір (II)тұздарының ерітінділері тұзсыз, ал темір (III) тұздарының ерітінділері сары түсті болады.
Темір (II) тұздары тотықтырғыштар әсерінен тотыксыздандырғыштық қасиет көрсетеді. Егер реакция қышқылдық ортада жүрсе, онда олар темір (III) тұздарына өтеді, мысалы:
10FeSO4 + 2KMnO4 + 8H2SO4 = 5Fe2(SO4)3 + 2MnSO4 + K2SO4 + 8H2O
Темір (III) тұздары – әлсіз тотықтырғыштар. тотықсыздандырғыштар әсерінен олар темір (II) тұздарына айналады, мысалы:
2FeCL3 + 2KI = 2FeCl2 + I2 + 2KCl
Ерітіндінің құрамында темірдің (II) және (III) иондарының болуын төмендегі сапалық реакциялар арқылы дәлелдеуге болады. Темірдің (II) иондарына сапалық реакция қызыл қан тұзы деп аталатын комплексті қосылыс K3[Fe(CN)6]2 - калий гексациан(ІІІ) ферратының әсер етуіне негізделген. Реакция нәтижесінде қою көк түсті тұнба түзіледі:
3FeSO4 + 2K3[Fe(CN)6]2 = Fe3[Fe(CN)6]2 + 3K2SO4
Өнеркәсіпте темірдің алынуы. Өнеркәсіпте темірді оның кендерінен оны көміртекпен (кокспен) және көміртектің (II) оксидімен домна пештерінде тотықсыздандыру арқылы алады. Үдеріс химизмі мынадай:
C + O2 = CO2 - кокс жануы кезінде көміртек диоксиді түзіледі.
CO2 + C = 2CO – көміртек диоксиді қызған кокс аркылы өтіп СО-ға айналады;
3Fe2O3 + CO = 2Fe3O4 + CO2 - 450-500°С температурада темірдің (III) оксиді Fe3O4-ке дейін тотыксызданады;
Fe3O4 + CO = 3FeO + CO2 - Fe3O4 600°С температурада темірдің (II) оксидіне дейін тотықсызданады;
FeO + CO = Fe + CO2 - темірдің (II) оксиді 700°С температурада таза темірге дейін тотықсызданады.
Кобальт және никель
Жер қыртысындағы кобальт пен никельдің массалык үлестері 3• 10-3 және 8• 10-3 %-ды құрайды. Кобальт пен никель табиғатта көбінесе күкіртпен, күшэнмен қосылыстар түзеді, оларға кобальтпирит СоS2, кобальтин немесе кобальт жылтыры СоАsS, смальтин СоAs2, милерит NiS, никель жылтыры NiAsS жатады.
Кобальт күмістей ақ сұр, ал никель күмістей ақ түсті металл. Олар созылғыш әрі берік маталдар. Химиялық реакцияларда кобальт пен никельдің темірмен салыстырғанда белсенділіктері төмен. Олар сұйытылған қышқылдарда еріп, сутек бөледі және түз түзіледі:
Co + 2HCl = CoCl2 + H2
Ni + H2SO4 = NiSO4 + H2
Екі металл да конңентрациясы жоғары азот және күкірт қышқылдарында пассивтенеді.
Кобальт үшін +2 және +3 тотығу дәрежелері тән. Ол СоО және Со2О3 оксидтерін сонымен қатар кобальт (II, III) оксиді Со3О4 және өздеріне сай гидроксидтерін Co(OH)2 жэне Co(OH)3 түзеді. Кобальт (II) гидроксидін кобальт (II) тұздарын сілтілермен әрекеттестіру арқылы, ал кобальт (III) гидроксидін Co(OH)2 тотықтыру арқылы алуға болады:
CoCl2 + 2KOH = Co(OH)2 + 2KCl
2Co(OH)2 + Br2 + 2H2O = 2Co(OH)3 + 2HBr
Никель үшін +2, ал сирек +3 тотығу дәрежелері тән. Ол тек бір оксид - NiO -н түзеді. Оған сай келетін никель (II) гидроксиді Ni(ОН)2 – ашық жасыл түсті зат. Ni(ОН)2 тотыққанда кара түсті никель (III) гидроксидін Ni(ОН)3 алуға болады.
Кобальт пен никельдің оксидтері мен гидроксидтері негіздік қасиет көрсетеді. Кобальт (III) қосылыстары, әсіресе никель (III) қосылыстары тотықтырғыштар болып келеді.
Металдық кобальт пен никельді алу оксидтерінен оларды көмірмен тотықсыздандыруға негізделген:
Co3O4 + 4C = 4CO + 3Co
NiO + C = Ni + CO
Кобальт пен никельді таза күйде алу үшін олардың тұздарының ерітіндісін электролиздеп, металдарды катодта бөліп алады. Химиялық қасиеттері жағынан кобальт пен никельдің белсендігі темірден төмен. Кобальт пен никель кәдімгі температурада ауада суда өзгермейді. Сұйытылған күкірт және тұз қышқылдарында металдар баяу еріп, сутекті ығыстырады:
Ni + H2SO4 = NiSO4 + H2
Кобальт пен никельдің 80 %-ға жуығы магнитті қиын балқитын, тез кесетін авиациялық болаттар алу үшін қолданады. Кобальт қосылыстарынан эмальдар, бояулар даярлайды.
Платина топшасы
Платина топшасы элементтері сирек элементтерге жатады. Олар табиғатта бос күйінде, сонымен катар басқа металдардың сульфидті кендерінің құрамына кіретін күкіртпен және күшәнмен қосылыстары түрінде кездеседі.
Химиялық реакциялар кезінде платиналык металдар 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8 электрондарын беріп жіберіп, +2, +3, + 4, +5, +6, +7, +8 тотығу дәрежесін көрсетеді.
Платина топшасының металдары күмістей ак немесе күмістей сүр түсті келеді. Темір топшасымен салыстырғанда олардың тығыздықтарының, балқу, қайнау температураларының, стандартты электродтық потенциалдарының мәндері жоғары болады. Осмий – барлық металдардың ішіндегі ең ауыры (тығыздығы - 22,5 г/см3). Платиналық металдар, әсіресе палладий сутекті жақсы сіңіреді. Палладийдің бір көлемі сутектің 900 көлеміне дейін жұта алады. Платина тобының металдары алтын мен күміспен бірге асыл металдарға жатады. Олардың химиялық белсенділігі төмен. Платиналық металдар белсенді бейметалдармен (оттекпен, галогендермен) қатты қыздырғанда ғана реакцияға түседі. Мысалы, платина оттекпен және хлормен 500°С-ден жоғары температурада әрекеттеседі:
2Pt + O2 = 2PtO
Pt + Cl2 = PtCl2
Платина топшасының металдары қышқылдар мен сілтілер әсеріне тұрақты. Рутений, родий және иридий қышқылдармен де, «патша сұйығымен» де қыздырғанда әрекеттеспейді, ал палладий мен осмий концентрлі азот және күкірт қышқылдарында қыздырғанда ериді, мысалы:
Pd + 2H2SO4 =PdSO4 + SO2 + 2H2O
3Pt + 18HCl + 4HNO3 = 3H2[PtCl6] + 4NO + 8H2O
Платиналық металдар химия өнеркәсібінде көптеген химиялық үдерістердің катализаторлары ретінде кең қолданылады.
Платинадан және оның аналогтарынан химиялық тұрақты бұйымдар, жоғары температураны өлшеуге арналған терможұптар және т.б. бұйымдар дайындайды. Сонымен катар бұл металдарды, арнайы болаттарды легирлеу үшін қолданады.
Хром
Жер қыртысындағы хромның массалық үлесі 0,02 %-ды құрайды. Хром кендерінің құрамына кіретін маңызды минералдарға хромит немесе хромды темір тас ҒеО *Сr2O3 және оның басқа да түрлері кірреді.
Хром – ақ сұр түсті, өте қатты, ауыр, жылтыр металл. Кәдімгі температурада ауада, суда өзгермейді, өйткені оның бетінде пайда болатын, өте жұқа, тығыз, мықты хром (III) оксидінің қабаты оны бұл орталарда әрі қарай бұзылудан сақтайды. Жоғарғы температурада көптеген бейметалдармен әрекеттеседі:
2Cr + 3Br2 = 2CrBr3
4Cr + 3O2 = 2Cr2O3
Хромның химиялық белсенділігі төмен. Қарапайым жағдайда ол тек фтормен ғана әрекеттеседі. Азот және концентрлі күкірт қышқылдарында ол оксидті қорғаныш қабатымен қапталып, пассивтенеді. Тұз және сұйытылған күкірт қышқылдарында ериді, бұл кезде егер қышқыл еріген оттектен толық арылған болса, хромның (II) тұздары алынады, ал егер реакция ауада жүрсе онда хромның (III) тұздары алынады:
2Cr + 6HCl = 2CrCl3 + 3H2
4Cr + 12HCl + O2 = 4CrCl3 + 4H2 + 2H2O
Хромның оксидтері мен гидроксидтеріне хромның (II) оксиді мен гидроксиді CrO және Cr(OH)2 хромның (III) оксиді мен гидроксиді Cr2O3 және Сr(ОН)3 ; хромның (VI) оксиді мен гидроксиді СrO3 және H2CrO4
Хромның (II) оксиді СrО және оған сай келетін гидроксиді Cr(OH)2 негіздік қасиеттер көрсетеді:
CrO + H2SO4 = CrSO4 + H2O
Хромның (III) оксиді Cr2O3 және хром (III) гидроксиді - екідайлы қосылыстар. Олар сілті ерітіндісінде ерігенде хромның комплексті қосылыстары түзіледі:
Cr2O3 + 6NaOH + 3H2O = 2Na3[Cr(OH)6]
Негіздермен метахромиттер түзеді:
Cr2O3 + 2NaOH = 2NaCrO2 + H2O
Қышқылдармен Cr2O3және Сг(ОН)3 хромның (III) тұздарын түзеді:
Cr2O3 + 6HCl = 2CrCl3 + 3H2O
2Сг(ОН)3 + 3H2SO4 = Cr2(SO4)3 + 6H2O
Хромның (III) тұздарының түстері әртүрлі, мысалы CrCl3 күлгін түсті, CrF3 жасыл, Cr(NO3)3*9H2O қызыл күрең. Хромның (III) тұздарының ерітінділері комплексті иондар [Cr(H2O)6]+3 түзілуіне байланысты қою көк немесе жасыл көк түсті болады.
Хромның (III) оксидін Сr(ОН)3 -ті күйдіру арқылы немесе (NH4)2Cr2O7 аммоний дихроматын қыздыру арқылы алуға болады:
2Сг(ОН)3 = Cr2O3 + 3H2O
(NH4)2Cr2O7 = Cr2O3 + N2 + 4H2O
Хром (III) гидроксидін аммиактың сулы ерітіндісімен немесе сілті ерітіндісімен (жеткіліксіз мөлшерде алынған) хромның (III) тұздарына әсер ету арқылы алады:
CrCl3 + 3KOH = Сг(ОН)3 + 3KCl
Хромның (VI) оксиді CrO3- қышқылдық оксид. Ол концентрлі күкірт қышқылымен қаныққан калий дихроматы ерітіндісіне K2Cr2O7 әсер ету арқылы алады:
K2Cr2O7 + H2SO4 = 2CrO3 + K2SO4 + H2O
Хром екі қышқыл түзеді: хром қышқылы Н2CrO7 және дихром қышқылы Н2Cr2O7 . Екі қышқылдың да тек сулы ерітінділері бар. Олар хромның (VI) оксидін суда еріткенде алынады.
Металдың тотығу дәрежесі арткан сайын, олардың оксидтері мен гидроксидтерінің қышқылдық қасиеті артып, негіздік қасиеттері әлсірейтінін байқауға болады.
Хром қышқылының тұздары хроматтар деп аталады, мысалы К2CrO7 - калий хроматы. Дихром қышкылының тұздарын дихроматтар деп атайды. К2Cr2O7- калий дихроматы.
Хром қышқылының ерітінділерін немесе CrO3-ті сілтілермен әрекеттестіріп, хроматтар алады:
CrO3 + 2NaOH = Na2CrO7 + H2O
Дихроматтарды хроматтарға қышқылдармен әсер етіп алуға болады:
2Na2CrO4 + H2SO4 = Na2Cr2O7 + Na2SO4 + H2O
Дихромат ерітінділеріне сілтілер қосу арқылы кері үдерісті жүргізуге де болады:
Na2Cr2O7 + 2NaOH = Na2CrO4 + H2O
Хром қосылыстары үшін тотығу -тотықсыздану реакциялары тән. Хром (II) қосылыстары – күшті тотықсыздандырғыштар. Олар ауадағы оттекпен де оңай тотығады, мысалы:
4CrCL2 + O2 + 4HCl = 4CrCl3 + 2H2O
Хром (III) қосылыстары үшін де тотықсыздандырғыштық қасиет тән. Тотықтырғыштар әсерінен олар хром (VI) қосылыстарына - хроматтарға (сілтілік ортада) және дихроматтарға (қышқылдық ортада) айналады, мысалы:
2Na3[Cr(OH)6] + 3Br2 + 4NaOH = 2Na2CrO4 + 6NaBr + 8H2O
5Cr2(SO4)3 + 6KMnO4 +11H2O = 3K2Cr2O7 + 2H2Cr2O7 + 6MnSO4 + 9H2SO4
Хроматтар мен дихроматтар – күшті тотықтырғыштар. Әсіресе күшті тотықтырғыштық қасиетті олар қышқылдық ортада көрсетеді:
3Na2SO3 + K2Cr2O7 + 4 H2SO4 = 3Na2SO4 + Cr2(SO4)3 + K2SO4 + 4H2O
Хромды теміртастан хром алу өндірісі – бірнеше сатыдан тұратын күрделі технологиялық үдеріс. Бірінші балқыма арқылы оның ауасын шығарады да, кенді содамен балқытады. Нәтижесінде темір қосылыстарынан оңай бөлінетін натрий хроматы Na2Cr2O7 түзіледі, оның баска реакция өнімдерінен ерекшелігі ол суда ериді. Натрий хроматы ерітіндісіне қышқыл қосып, натрий дихроматын Na2Cr2O7 алады. Одан кейін ерітіндіден бөліп алынған натрий дихроматын көмірмен хромның (III) оксидіне дейін тотықсыздандырады:
Na2Cr2O7 + C = Na2O + Cr2O3 + 3CO
Хромның (III) оксидін алюминиймен немесе кремниймен тотықсыздандырады:
Cr2O3 + 2Al = 2Cr + Al2O3
Хром өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Ол тат баспайтын болаттардың құрам бөлігі болып табылады (болаттарды легирлеу үшін хром мен темір құймасы - феррохром қолданылады). Құрамында хромы бар болаттар ыдысқа төзімді болады және коррозияға тұрақтылығы жоғары келеді. Хром әртүрлі бұйымдардың (сағаттар, автомобиль бөлшектері, ыдыстар) металдың бетін қаптаушы ретінде пайдаланылады. Мұндай қаптауларды жүргізгенде электрхимиялық әдіс қолданылады. Хроммен қаптау металды коррозиядан қорғайды, бұйымдарға әдемі сыртқы пішін береді.
Хром (VI) оксидін хромдау электролиттерінің құрам бөлігі ретінде қолданады.
Калий дихроматы К2Cr2O7 (хромпик), натрий дихроматы Na2Cr2O7 және аммоний дихроматы (NH4)2Cr2O7 тері илеуде, сіріңке, бояулар, жарылғыш заттар өндірісінде қолданады. Концентрлі күкірт қышқылындағы қаныққан ерітіндісі (хромдық қоспа) химиялық зертханаларда ыдыстарды жуу үшін қолданылады.
Хромкалийлі ашудастар және хром (III) сульфаты маталар бояуда, тері илеуде, керамиканы бояуда жылтыр түс беру үшін пайдаланады. Хромның көптеген қосылыстары майлы бояулар: PbCrO4 - «сары крон», SrCrO4 - «стронцианды сары» дайындау үшін қолданылады.
VIII топ қалған топтардан ерекшеленеді. Инертті газдарың негізгі топшасынан басқа, онда үш қосымша топша бар: темір топшасы, кобальт топшасы, никель топшасы, оларда көлденіңінен алғанда триада деп атайды, мәселен, темір триадасы: Fe,Co,Ni.
Топ нөміріне сәйкес келетін элементтің тотығу дәрежесі Осмий және рутений. Тұрақты +8 тотығу дәрежесі.
Платина — активсіз, бағалы металл. Ол қыздыру кезінде ауада тотыкпайды, ешбір қышқылда ерімейді. Алайда, платина "патша шарабында" еріп, платина-хлорсутегі қышқылын түзеді:
3Pt + 18HCl + 4HNO3 = 3H2[PtCl6] + 4NO + 8H2O
Платина (II) және платина (IV) координациялық сан 4-ке тең, бірақ құрылысы жазық квадратты болады.
Реакция теңдеулерін аяқтаңыз?
2FeCl3 + 3Br2 + 16KOH = 2K2FeO4 + 6KBr + 6KCl + 8H2O
Ni2O3 + 6HCl = 2NiCl3 + 3H2O
Ni2O3 + 3H2SO4 = Ni2(SO4)3 + 3H2O
Ni(OH)3 + H2SO4 = NiSO4 + H2O + O2
Co2O3 + 6HCl = 2CoCl3 + 3H2O
3NiS + 8HNO3 = 2NO + 3Ni(NO3)2 + 3S + 4H2O
6FeSO4 + 2KIO3 + 4H2SO4 = 3Fe2(SO4)3 + I2 + K2SO4 + 4H2O
Достарыңызбен бөлісу: |