Экономика. – 2014. №2. 16-22 қаңтар



жүктеу 205,06 Kb.
Дата24.12.2017
өлшемі205,06 Kb.
#5708

Экономика. – 2014. - №2.- 16-22 қаңтар

Бегімбеков Қ. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, а.ғ.д., «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері
Өркенді өзгерістер бастауында тұрған ғалым
Ел экономикасының маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын бүгінгі ғылым жетістіктері негізінде дамыту «Қазақстан – 2050» стратегиясында алға қойылған басымдықтардың бірі.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына, оның ішінде мал шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан білімді де білікті ел азаматтарының бірі – белгілі ғалым, көрнекті селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ауылшаруашылығы академиясының академигі, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Әдепханұлы Төреханов.


«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, ақбас Алатаудың баурайындағы атақты «Белжайлауда» дүниеге келген Айбын Әдепханұлы да жасынан Алатаудай биік болып жүруді мақсат тұтқан болуы керек. Көктал ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін 1980 жылы алтын медальмен бітірген соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуге емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсетуіне байланысты ол бірден КСРО-ның астанасы – Мәскеу қаласындағы К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясына «зооинженер» мамандығына оқуға жіберіледі. 1986 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен бітірген жас маманды ұстаздары ғылыми-педагогикалық жұмысқа қалуға ұсыныс жасайды. Алайда Айбын Әдепханұлы еңбек жолын өзінің туған ауылы «Көктал» кеңшарында бастауды жөн көрді. Кеңшар директоры Әділшайық Ыбыраймолдаев туған елге қызмет ету үшін өз жүрек қалауымен келген белсенді жігітті көргенде шын қуанды, сөйтіп оған сеніп тапсырылатын жұмыстың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтарын да бүкпесіз айтты. Сол себепті алғашқыда жас маман жүрексінгенін де жасырмайды. Әйтсе де, Кеңестер одағындағы ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – академия қабырғасында білікті де білімді ұстаздарынан алған орнықты теориялық білімі мен өндірістік тәжірибелерден көңілге түйгеніне сенді. Академияның жақсы жабдықталған ғылыми базасы мен оқу-тәжірибелік шаруашылығында студенттердің болашақ мамандығының негіздерін меңгеруіне, зоотехника ілімінің жетістіктерін өндіріске енгізу шеберліктерін шыңдауына мүмкіндік мол еді.

Бастапқыда кеңшар директоры оны етті ірі қараның «Сантагер-труда» тұқымы бойынша асыл тұқымды мал өсіруші бөлімшесінің зоотехнигі қызметіне тағайындады. Мал селекциясын тереңірек білем деген талаптыға бұл қызметтің орны ерекше болды. Басшы үміті ақталды, іскер маман терең зооинженерлік білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесін бірден байқатты. Осы шаруашылыққа ғылыми кеңес беріп жүрген Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірге ол мал өнімділігінің артуына, осы тұқымның жоғары өнімді «Жетісу» сүлесінің шығарылуына, қалыптасуына өз үлесін қосты. Сондықтан кеңшар директоры көп ұзамай оның қызметін ауыстырып, мал шаруашылығының басқа салаларында да байқап көрді.


Аталған кеңшарда Айбын Әдепханұлы қай салада болмасын жұмысын дөңгелетіп, қызметі өсті, абыройы артып, ел сүйсінерлік жетістіктерге жетіп жүрді. Мысалы, осы кеңшардағы ол жетекшілік еткен «Достық» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы саулық отарын бағумен қатар, бүкіл кеңшар бойынша алынған төлдің етке өткізуге арналған бөлігін бордақылаумен де айналысты. 1987-1988 жылдары бордақылауға қойылған 21 мың бас қазақтың биязы жүнді қой тұқымы тоқтыларының бір жасқа жетер-жетпес кезіндегі тірілей салмағын орта есеппен 69,5 килограммға жеткізіп, етке өткізгені сол кезде бүкіл республиканы дүр сілкіндірген болатын. Еңбектегі осы тамаша жетістігі үшін бригада ұжымы Бүкілодақтық Лениншіл комсомол-жастар одағының ауыспалы Қызыл Туын  жеңіп алғаны есімде.

Осындай бірнеше жылғы өндірістегі жеткен жоғары жетістіктерінің нәтижесін байқаған аудан басшылары мен осында ғылыми жұмыстар жүргізетін Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Айбын Әдепханұлына ғылыми бағытта жұмыс жасауына ықпал етеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы уақытта дипломдық жұмысының жетекшісі, академик Владимир Филиппович Красотаның тікелей араласуымен Мәскеудегі малдәрігерлік академия аспирантурасынан арнайы жолдама келеді. В.Ф.Красота кезінде КСРО жоғары және орта білім беру басқармасын басқарған, одақтық деңгейде басшы қызметтер атқарған беделді қайраткер ретінде белгілі ғалым. К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академияның «Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру және олардың генетикасы» кафедрасын меңгеретін, мал шаруашылығы мамандықтары бойынша негізгі пәндердің бірі – «Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру» пәні басты оқулығының авторы да осы академик Красота болатын.



Айбын Әдепханұлы ұстаздарының сенімін еселеп ақтады. Ғылым биігіне көтерілді. Мәскеуде Ресейдің ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті, академик Л.К.Эрнстің жетекшілігімен «Сиырлардың сүт өнімділігі мен ағзасындағы зат алмасу мәселелері» бойынша ғылыми ізденістерінің негізінде биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап, 1992 жылы елімізге қайтты.
Елге келген соң 1993-1997 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы академиясы жүйесінде жұмыс істеді, атап айтқанда Талдықорған ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары (1993-1994), Талдықорған облыстық агроөнеркәсіптік кешені ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары, директоры (1994-1996), облыстық агроөнеркәсіптік кешені ғылыми орталығының бастығы (1996-1997) қызметтерін атқарды.
Айбын Әдепханұлының іскерлігін байқаған басшылар Талдықорған облысы таратылған соң оны басшы қызметтерге тартады. Ол 1997 жылдары Алматы облысы Талдықорған ауданы әкімінің орынбасары, 1998-99 жылдары «Казагропромбанк» акционерлік қоғамының Талдықорған қалалық филиалында директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Талдықорғанда қызмет етіп жүрген кезеңдерде, әсіресе Қазақ ауыл шаруашылығы академиясы жүйесінде Айбын Әдепханұлы облыстағы сүтті ірі қара мен биязы жүнді қой тұқымдарын асылдандыру жұмыстарымен тікелей айналысты. Оның ұсынысымен облыстық деңгейде облыстық қолдан ұрықтандыру станциясының негізінде «Асыл» мал асылдандыру орталығы ұйымдастырылды және онда ірі қара мал мен қой тұқымдарының тектік қорын жетілдіру жұмыстары басшылыққа алынды. Жергілікті мал тұқымдарын өсіру басшылыққа алынып, аталық малдарды ұрпағының сапасы бойынша бағалау және олардың тектік әлеуетін тиімді пайдалану үшін қолдан ұрықтандыру жұмыстары жандандырылды. Мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықтарда мал асылдандыру жұмыстары үйлестіріліп, тұқыммал өсіретін шаруашылықтарда селекциялық жұмыстар ғылыми негізде ұйымдастырылды. «Асыл» мал асылдандыру орталығы осы бір кең ауқымды жұмыстың өзегіне айналды, облыс аумағында өсірілген жергілікті малдың ең құнды генотиптері есепке алынып, аталық малдар Орталыққа шоғырландырылды, оларды қолдан ұрықтандыру науқанында қарқынды пайдалану мал тұқымын жақсартуға мұрындық болды. Осы нәтижелі бастама бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып, ел игілігіне жұмыс атқаруда. Республикалық мал асылдандыру орталығы «Асыл түлік» қоғамында төраға қызметін атқара жүріп, облыстық мал асылдандыру орталығының жұмысын заманауи деңгейде жүргізуге де өз ықпалын тигізді. А.Әдепханұлының тікелей ұсынысымен бұқалардан алынатын ұрықтарды мұздату және оларды сақтау үрдістері заманауи жаңа деңгейдегі технологиялар негізінде жасалынды. Сондықтан да бүгінгі таңда республикалық, облыстық орталық өз өнімдерін шетелге шығаруға толық мүмкіндік алды. Ресеймен біріккен ғылыми селекциялық жұмыстарда біздің республикамыздың асыл тұқымды бұқаларының ұрықтары Ресей шаруашылықтарында қолданылуда. Кеңестік кезеңде біздер орталықтанған ұрық алып келсек, егемендік алғаннан соңғы жылдары өз малдарымыздың генотипін Ресейге шығаруға қол жеткіздік. Осындай мал шаруашылығындағы үлкен нәтижелер тынымсыз еңбек пен терең білімнің ұтымды үйлесім табуының көрініс десе болады. 
Облыстық деңгейде қызмет атқарғандықтан, қай салада болса да атқарып жүрген қызметін тынымсыз ізденумен ұштастыра жүрген Айбын Әдепханұлы нарықтық заман талабына сай өзінің экономикалық білімін ұштай түседі. Жетісу экономикалық институтында сырттай оқып  «экономист-менеджер» (1999) мамандығына ие болады. 
Іскер маманды халық қашан да болсын бағалаған емес пе. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында еңбектеніп жүрген Айбын Әдепханұлын жалпы мемлекеттік деңгейдегі қызметтерге шақырады. Ол 1999-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде қызмет атқарды: 1999-2000 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегия және мемлекеттік реттеу департаменті директорының орынбасары, 2001-2004 жылдары «Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы» АҚ басқарма төрағасы, 2004-2008 жылдары Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығының директоры, 2008-2010 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «ҚазАгроИнновация» АҚ вице-президенті, 2010-2011 жылдары «Мал шаруашылығы және ветеринария» ғылыми-инновациялық орталығының, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып қызмет атқарды.   
Қазіргі жаһандану заманында ғылымның өзі бәсекелестікке айналған. Бұрынғыдай жәй ғана мәліметтер жинап, соны баяндап беру арқылы жаңалық ашу мүмкін емес. Қазіргі ғылымның бір ерекшелігі – әрбір ғылыми нәтиже үлкен сараптаудан өтіп, халықаралық деңгейдегі ғалымдардың арасында ерекше електен өткізілетіндігінде. Жалпы, әлемде болып жатқан кез келген құбылыстың мәнін ашу, жаңалық ретінде ұсыну үшін әр түрлі деңгейдегі көзқарастарды салыстырып отыру қажет. 
«Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы» АҚ басқарма төрағасы қызметінде Айбын Әдепханұлы мекеме жұмысын мүлде жаңа деңгейге көтерді: орталықты шаруашылықтарға қажетті аталық малмен қамтамасыз етудің, оларды өз өнімі бойынша сұрыптаудың, ұрпағының сапасы бойынша бағалаудың, олардан алынған ұрықтарды қатырудың заманауи әдісін қолданып, ұрықтарды тарату үшін әрқайсысы жеке таңбаланған түтікшелерде (паеттерде) сақтау әдістерін өндіріске ендіруге басшылық жасады. Жылқы шаруашылығында «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауытында жылқы ұрығын алуды және оны қатырып сақтаудың заманауи әдісін қолдануды өндіріске енгізді. Республикамызда алғаш рет ірі қара мал тұқымдарын асылдандыру бойынша ақпараттық қамтамасыздандыру жүйесін қалыптастыру бағытында үлкен игілікті істер атқарылды. Аталық бұқаларда пайдалану қарқындылығына қарай азықтандыру рациондарын жасау әдістері мен ерекшеліктерін анықтау бағытында да көптеген ізденістер жүргізілді.
Еліміздің мал шаруашылығы саласындағы арнайы ғылыми-зерттеу институттарын бір ортаға жұмылдырып, олардың ғылыми ізденістерін өндірістік талапқа бейімдеу бағытында 2003 жылы ғылыми-өндірістік орталықтар құрылғаны белгілі. Осы орталықтың жұмысын жандандыруға жас маман ретінде Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан 2004 жылы басшылыққа А.Төреханов жіберіледі. Осы уақыттан бастап Айбын Әдепханұлы өзінің бар күш-жігерін мал шаруашылығы ғылымын заманауи талаптарға сәйкес дамытуға арнайды. Мал асылдандыру жұмыстарынан тысқары мал азығы өндірісі саласы бойынша да ғылыми ізденістер жүргізген жас маман жұмыстың өзектілігін ескере отырып, осы бағытқа басымдылық береді.  Осы ізденістер мен зерттеулер негізінде 2005 жылы табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша докторлық диссертациясын қорғады.
«Мал шаруашылығы және ветеринария» ғылыми-инновациалық орталығында қызмет істеп жүрген кезеңде бүкіл еліміздегі маусымдық мал жайылымдық жерлер мен оларды пайдаланудағы мал мөлшерін анықтайтын анықтамалық карта жасалды, осы жұмыс Қазақстан Республикасының Ұлттық Атласына енді. Қазақстан Республикасы бойынша мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция (КАС) және оның барысында жүргізілетін есептеулер мен селекциялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері жасалып іске қосылды. Оның басшылығымен және тікелей белсенді араласуымен сүтті ірі қара шаруашылығында жүргізілетін сұрыптау мен  жұп таңдау үрдістерінің посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер ішінде ең алғашқы  заманауи жаңа әдістемелері Қазақстанда жасалып шығарылды, атап айтқанда: сүтті ірі қара шаруашылығында сиырлар экстеръерінің сызықтық кескінін салып бағалау, сүтті сиырларды дене құрылымының белгілер кешені бойынша жіктеу, сүтті сиырлардың тұқымдық құндылығын бағалау, ұрғашы ұрпағының экстеръерінің бағалануы нәтижесімен аталық бұқаның экстеръерлік сызықтық кескінін салу әдісі, т.б.
Айбын Әдепханұлы Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры қызметін атқарған кезеңде осы ұжымдағы ғалымдардың ізденістері нәтижесінде өсімдіктердің табиғи ортаға бейім жоғары өнімді және сапалы бірқатар сұрыптары мен будандары, қой, ірі қара, жылқы және құстардың жаңа тұқымдары, тұқымішілік сүлелері, аталық іздері мен кростары шығарылып, өндіріске енгізілді. 
Маған Айбын Әдепханұлының ғылымдағы табандылығы мен тиянақтылығы, өмірдегі тұрақтылығы мен ақжарқындығы ұнайды. Ол қай тұста да, қандай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен емес. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, сөздің атасын өлтіріп, ойдың жалын құлатып жатпайды – айтатын жерде айта біледі, артық кеткенін сезінсе, қайтатын жерде қайта біледі. 
2012 жылдың шілде айынан Білім және ғылым министрлігінің «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры қызметін атқарды, бүгінде «Микробиология және вирусология» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
Айбын Әдепханұлының үлкен ғалым ретінде жеткен ғылыми жетістіктері аз емес: ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Ресей ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері, 400-ден астам ғылыми еңбектері, аграрлық жоғары оқу орындарына арналған 6 оқулық, мал шаруашылығы мен мал азығын өндіру салалары бойынша 6 анықтамалық кітап және 40-тан астам ғылыми-әдістемелік нұсқаулықтары бар.  
Айбын Әдепханұлының творчестволық жаңа жетістіктері де мол: қой шаруашылығы бойынша Қазақстанда шығарылған етті бағыттағы жаңа «Етті меринос» тұқымының, ірі қара шаруашылығы бойынша сүтті сиырдың «Ақырыс» қазақы қоңыр және «Ертіс» қазақы қызылала сүлелерінің, етті ірі қара сиыры «Әулиекөл» тұқымының «Зенит-Чубатый» мен «Табакур» екі зауыттық аталық іздерінің, жылқы шаруашылығы бойынша «Мұғалжар» тұқымының «Қожамберді» сүлесінің және осы тұқымның тұқымішілік «Құланды» сүлесінің «Арал» зауыттық аталық ізінің, құс шаруашылығы бойынша «Бескөлдің түсті үйрегі» жаңа тұқымының, өсімдік шаруашылығы бойынша жоңышқаның «Балауса» және еркекшөптің «Сабат» атты жаңа сорттары мен көптеген селекциялық жетістіктердің авторы, «Бағалы жүнді аңдардың аталықтарын тұқымына қарай сұрыптау» (1984), «Түйе сүттілігін көбейту әдісі» (1991) атты өнертабыстарға патенттері бар. Жалпы жаңа селекциялық жетістіктері үшін берілген 9 авторлық куәлікке ие, технологиялық жаңалықтары үшін берілген авторлық куәліктер саны 5, авторлық құқықтары үшін берілген 4 және интеллектуалдық меншік нысандары үшін берілген 7 жеке куәліктері бар. 
Ғылыми-педагогикалық саладағы ізденістері негізінде Айбын Әдепханұлы республикада алғаш рет қазақ тілінде жазылған және екі мәрте басып шығарылған «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі» оқулықтарының негізгі авторларының бірі. Ал Қазақстандағы әр түлік мал тұқымдарын асылдандыру және оларды  азықтандыру мәселелері бойынша 6 анықтамалық, 4 нұсқаулық, көптеген ұсыныстары және бар. 
Осындай жетістіктерінің нәтижесінде Айбын Әдепханұлы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының медалі және Құрмет грамотасымен марапатталды (1985), мал азықтандыру мен технологиясы саласындағы еңбектері үшін А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері атанды (2005), ауыл шаруашылығы жануарларының селекциясы мен мал азығын өндіру саласындағы бірлескен еңбектері үшін Ресей ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы атағын алды, халықаралық ғылыми ізденістерге белсенді араласқаны үшін Халықаралық іскерлік кеңесінің «Құрмет белгісі» және «Академик А.И.Бараевтың 100 жылдығы» медальдарымен, ауыл шаруашылығы саласындағы жемісті еңбегі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Тыңға 50 жыл» медалімен, «І дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен (1991) марапатталды.
Уақыт дейтін ұлы күш адам баласына арманын әлпештеп, бақытын аялау жағдайын жасайды, біреуді ақын, біреуді батыр, біреуді әкім, біреуді пақыр етеді, енді біреулерді мына біз секілді бір зерттеудің соңында жүріп, көз майын тауысар ғалым етеді. Ал Айбын Әдепханұлы – бар саналы ғұмырын мал шаруашылығы саласындағы ғылымға арнап келе жатқан, кеңестік кеңшар бөлімшесінің зоотехнигі қызметінен бастап, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде салалық ғылыми-зерттеу институттарының бас директоры қызметтерін ұзақ жылдар абыроймен атқарған, талант пен талаптың, жігер мен төзімнің қоспасынан сомдалған шынайы ғалым, нағыз тұлға. 
Айбын Әдепханұлының ұстаздық қызметі өз алдына бір төбе. Қандай қызметте жүрсе де ол өз білімін өзгеге беруге әрдайым даяр тұратын азамат. Қашан да талапты жастарды (шәкірттер) тауып, оларға жұмысты жете түсіндіріп, үйрету арқылы «ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» ұстанымына адал қызметін көріп жүрміз. Басшылық жұмыс пен ғылымнан бөлек, ғалымды ілтипаттың асқарына, қошеметтің төріне қондыратын да осы ұстаздық ұстанымы емес пе! Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп тұратын ұстаздың дәрісін, тіпті әңгімесін тыңдау  – кез келген шәкірттің бақыты емес пе! Айбын Әдепханұлынан білім алған кешегі ұл-қыздардың өздері бүгін елге сыйлы, ғылымға, білімге, жалпы рухани кеңістікке өз үлестерін қосып жүрген танымал талант иелеріне айналған. Ініге қамқор, ағаға қолғанат бола білген кең жүректі азамат, білім-білігімен, парасат-пайымымен шәкірт жүрегіне жол сала білген ұстаз ретінде Айбын Әдепханұлына деген шәкірттер ықыласы бөлек. Ғалым-ұстаздың өз мамандығын жанымен сезініп, алдына келген әр жас маманды өз баласындай бауырына басуы бүгінде шәкірттерінің арасында үлкен құрметпен айтылады. Өйткені шәкіртке дос, бауырдай қарау, талантты жасты танып, оны қанаттандыру секілді ең ізгі қасиеттердің бәрі осы Айбын Әдепханұлының есімімен тел ұғымдай қабылданады.
Оның тікелей жетекшілігімен сегіз кандидаттық және екі докторлық диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарындағы жастар Айбын Әдепханұлы жазған көптеген ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып, өндірісте пайдаланып, білімін шыңдап жүр. Көптеген шәкірттері мемлекеттік, ғылыми және ұстаздық қызметтер атқаруда. Мәселен, Анас Баққожаев ақпараттық-сараптау жүйесінің авторларының бірі, бүгінгі таңда «ҚазАгроӨнім» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, ал ақпараттық-сараптау жүйесі авторларының тағы бірі Талғат Қарымсақов бүгінде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, Алтыншаш Байматова Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми хатшысы.  
Айбын Әдепханұлы бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігінің «Микробиология және вирусология» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бөлімінің басшысы қызметінде де тынымсыз ізденіс үстінде. Еліміздің мал шаруашылығы үшін азық өнімділігін арттыруға әсер ететін биологиялық препараттарды өндіріске енгізу бағытында еңбектеніп жүр. Бұларды пайдалану, түптеп келгенде, елімізде сапалы мал азығы қорын қалыптастыруға бағытталған, мал шаруашылығын өркендетуге ықпал етуші, халық шаруашылығы үшін зор маңызы бар мәселелер болып табылады.
Ғылымда барды (фактіні, құбылысты, затты) танып, бағалай білудің өзіне де даналық керек. Айбын Әдепханұлы жануарлар мен өсімдіктер селекциясының теориясы мен әдіснамасы саласындағы ғылыми-тәжірибелік пайымдаулардың, теориялық қисындар мен қағидалардың, байқау мен бағалаудан жинақталған фактілерді талдаудың, саралау мен даралаудың, ойлау мен ой дамытудың өзіне дейінгі барлық ұстанымдарының, әдістері мен тәсілдерінің толық білгірі ғана емес, оларды өзінің зерттеу еңбегі үдерісінде асқан шеберлікпен пайдалана отырып, ғылыми-шығармашылық ойлаудың дара жолын салып жүрген, жануарлар мен өсімдіктер селекциясының теориясы мен методологиясын байытып, ой қорытудың, пікір түюдің, әдіснамалық ұстаным табудың үздік үлгісін қалыптастырып жүрген азамат. Осының бәрі елдің игілігіне айналуда.
Айбын Әдепханұлының ел сыйлап, құрмет ететін ерекше бір қасиеті – қазақ тілін жетік білетіндігі. Қандай ортада болсын ойын қанатты сөздермен, мақал-мәтелмен өрнектеп, жұрттың көкірек-көзіне дәл де көркем жеткізетін, аудиторияны өзіне бірден тартып, баурап алатын ділмар шешендігінде. Сөздің төркінін жете танып, мағынасын тез аңғара білуінде. Өзі өскен ортада қалыптасқан мұндай қасиетін ол қазақ ғылыми тілінің дамуы, оны жетілдіру ісіне барынша пайдаланып жүр. Ауылшаруашылық ғылымы саласына көптеген жаңа атаулар (терминдер) кіргізіп, кейбірінің мағынасын, мәнін ашып, айтылып-жазылу тәртібіне де жаңалықтар енгізіп жүр. 
Айбын Әдепханұлы қандай отырыс, мәжіліс болсын, айналасына мерекелік дәстүрдің салтанатын ашып, жарқылдаған көтеріңкі көңілдің нұрын сеуіп отыратын сегіз қырлы бір сырлы азамат. Өмірін ғылымға арнаған ол домбырада шебер ойнайтын мықты күйші, гитара, баян аспаптарын да еркін меңгерген. 
Текті әулеттің өкілі, көп балалы отбасында тәрбиеленген Айбын Әдепханұлы – парасаттылықты ұлағат еткен ата-анасының тұңғыш перзенті. Айбынның әкесі Әдепхан аға Көктал ауылының Абай атындағы қазақ орта мектебінде  45 жылға жуық  физика пәнінен сабақ берген «ҚР білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алматы облысы Панфилов ауданының Құрметті азаматы», «Ы.Алтынсары атындағы» және «Құрмет» төсбелгілерінің иегері, ауыл-аймаққа ғана емес, республикаға танымал ұлағатты ұстаз. Әдепхан ағамыз мектептегі физика пәнінің мықты мұғалімі болуымен қатар, белгілі жазушылығымен, көрнекті ақындығымен абыройлы ұстаздарымыздың бірі. Айбын Әдепханұлының әкесінен қабылдаған керемет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақсылық жасап жүретін. Айбын Әдепханұлының анасы Рысжан жеңгеміз де ұзақ жылдар ұстаздық етті, ұл-қызын өсіріп-тәрбиелеп, кеңестік дәуірде «Батыр Ана» атанып,  «Алтын жұлдыз» төсбелгісін тақты. 
Осындай текті әулеттен шыққан Айбын Әдепханұлы да Жақыбаевтар әулетінің абыройын асырып, мерейіне мерей қосты. Бір әулеттің ғана  емес, бүкіл халықтың, елдің азаматы болып қалыптасты. 
Отбасы – шағын мемлекет десек, сол отбасының берік ұйытқысы – әйел. Айбын Әдепханұлының қажымай-талмай осыншама еңбек етуіне себеп болып жүрген сүйген жары – Раушан Жапарқызы Жақыбаева да қазақтың мықты қыздарының бірі. Ол Мәскеудің  Плеханов атындағы халық шаруашылығы академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген. Айбын Әдепханұлының бүгінгі образының қалыптасуына ол қызмет бабымен Алматыда жүргенде – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде, Астанада жүргенде – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ұстаздық қызмет атқара жүріп, алтын асықтай Мерей, Ерен, Адақ атты үш ұл сыйлап, олардың тату-тәтті жанұя болып өсіп-өнуіне ұйытқы болып отырған жұбайы әрі ақылшысы Раушанның да сіңірген еңбегі аз болмаса керек. Жүзінен иманы төгіліп, әдебімен көрген жанды ұйытатын нағыз қазақ келіндерінің бірі – Раушан тек біздің ұлтымызға тән пайым-парасатымен, үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін, отбасының жарастығын бәрінен биік қоятын ерекше қасиеттерімен айрықшаланып тұрады.    
Қазақстан Республикасының мал шаруашылығы саласында болашақ ғалымдар даярлау, ғылыми жетістіктерді арттыру ісіне өзінің адамдық асыл қасиеттері, қабілет-қарымы мен терең білімі арқылы қомақты үлес қосып келе жатқан үлкенге сыйлы, ініге ізетті, үлкен абырой иесі Айбын Әдепханұлының алар асулары әлі алда екені анық. Сөз соңында әріптестерінің атынан білікті ғалым-ұстазға шығармашылық табыс, жемісті жетістіктер тілейміз.

 
жүктеу 205,06 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау