Таутиева Айнагүл Хайруловна
Бұланды ауданы Елтай орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – ҰЛЫ ПЕДАГОГ
Патшалық отарлау , еріксіз орыстандыру саясаты қазақ даласын ен
жайлаған заманда Ыбырайдың діни мистикалық оқуға да, орыстандыру –
шоқындыру ісіне де бет бұрмай, екі оттың арасынан өзінің ағартушылық
идеясын аман алып шығуы – теңдесі жоқ елін сүйген патриоттық сезімінің
күші еді.
(М. Мырзахметов).
Әдебиет тарихында дәстүрдің ерекше орны бар. Қай дәуірдің болсын, әдебиеті өздігінен бұрынғы әдебиеттің дәстүрлеріне сүйеніп, оның озық үлгілерін, идеяларын байыта отырып дамиды. ХХ ғасырда дүние жүзіне мәлім болған қазақтың жаңа әдебиеті де осылай, бұрынғы әдеби дәстүрлерге сүйеніп жетілді, өсті.
Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Адам баласының азаттығын, оның бақытын армандаған, оларды жақсылықты сүйе білуге, бірін-бірі құрметтеуге шақырған, қоғам дамуы мен өмірінің сырын терең түсінуге бастайтын әдебиет қашан да оқырмандарын табады, оны кейінгі ұрпақ та қызығып оқиды. Мәңгі өлмейтін классикалық шығармалар осылай туады. Қазақ халқының ұлттық әдебиеті қалыптастырған әдеби дәстүр тарихында ХІХ екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті жасаған мұра байлығы ерекше орын алады. Бұл дәуірлерде қазақ әдебиеті өзінің бұрынғы ұлттық сөз өнері мен көрші елдер әдебиеттерінің озық үлгілерін игере отырып, қазақтың ағартушылық, демократтық бағыттағы жаңа әдебиетін туғызды. Оны реализм жолында түсіріп, әдебиеттің өмірімен байланысын нығайтты, адам баласының бостандығы мен азаттығын аңсаған жаңа идеяны көтеріп жырлады, сол арқылы ұлттық әдебиетте гуманизімнің баюына үлес қосты, көркемдік іздену, стиль, түр саласында да бірсыпыра табыстарға жетті.
Ұлттық әдебиетіміздің бұл саладағы табыстарын орнықтыруда Шоқан Уалихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың шығармашылық еңбектері айрықша бағалы. Абайдан кейінгі ақындар орыс және басқа халықтардың озат әдебиеттерінен үйренуін ұлы Абай дәстүрімен жалғастырып, әдебиет өрісін кеңейте түсті. Бұл тұрғыда Шәкәрім Құдайбердіұлы айрықша іздемпаздық танытты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ әдебиетінде ақындықтың, жазушылықтың жаңа үлгісі пайда болды. Ақын дегеніміз бұрынғыдай « жоқ, брады ертегіні термек үшін» емес, халық тағдыры мен өмірі үшін күрескер азаматқа айналды. Ол – сол халықтың өкілі бола отырып, оның жақсы, адамгершілік қасиеттерін, арман-мұңын, тілегін жырға қосты.
Халықпен етене араласу арқылы Ыбырай мәдениет пен білім жолына ұмтылудағы туған халқының көңіл – күйін жақсы ұғады. Бұл оны ағартушылық іске рухтандыра түседі. «Қазақтар мені құшағын жая қарсы алды. Мектепке балаларын беруге ынталы адамдар толып жатыр.» - деп жазды ол Торғайға барған соң-ақ Н.И. Ильминскийге. Ыбырай Ильминскиймен халықтың жағымды мінез-құлқы, болашағы жайлы ойларын да бөліседі. «Қазақ даласын үш жылдай аралаған - Сіздің қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық дейтінңізге мен сенемін, - деп жазды Ыбырай оған.
– Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз». Туған халқы туралы мұндай озық ойда болу Ыбырайдың демократтық көзқарастарының негізі болды және оның сеніммен жұмыс істеуіне көмектесті. Сонымен бірге Ыбырай ел ішіндегі теңсіздік, әділетсіздік, қанаушылықты да көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Езілуші бұқараның мүддесін қорғады.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қазақ жеріне капиталистік қарым-қатынастардың тарала бастауы қазақ ауылының шаруашылық өміріне, әлеуметтік топтарының жағдайына әсерін тигізбей қоймады. Капиталистік қатынастардың біртіндеп етек алуы және орталық губерниялардан орыс, украин шаруаларын әкеліп қоныстандыру көшпелі қазақтар арасында отыршылдықтың кең тарауына себепші болды.
Патша үкіметінің жерлерді зорлықпен басып алу саясатын жүргізуі, отаршылдық-әкімшілік басқару әдісінің күшеюі қазақ шаруалары арасында әлеуметтік жіктелуді тездетті.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік-территориялық реформалар, біртіндеп қарқын ала бастаған қоғамдық қозғалыс империяның ұлттық аудандарында да ағарту ісінің дамуына әсерін тигізді.
Патша үкіметінің халыққа білім беру саласындағы отрашылдық саясаты үдеп тұрған кезде педагогикалық басқару қызметін жандандырған Ыбырай Алтынсарин қазақ ауылдарын аралап, өз көзімен көрген олқылықтарды түзетуге күш салды. Ыбырайдың ісін жолға қоюдағы терең із қалдырған жарқын істерінің бірі – қолөнершілік, ауылшаруашылық мектептерді ұйымдастыруы. Қазақ ауылының шаруашылық, әлеуметтік өмірінде капиталистік құбылыстардың біртіндеп орын ала бастауы, өндіргіш күштерді, табиғат байлықтарын игеретін мамандарды әзірлеуді талап етті.
Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. «Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру – қалай дегенмен де аса қажет болып отыр», - деп жазды ол 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында.
Халық пен оның ағарту мүддесін қорғау жолында, ол көп қиыншылықтарды кездестірді. Ел ішіндегі ескішіл көзқарастарды, парақорлық пен өсекшілдікті аяусыз әшкерелеп отырды. «Заман ослай болған саң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек», - деп санады. Бұл Ыбырайдың демократтық, ағартушылық көзқарастарының толысқандығының көрінісі.
Оқудан, мектеп жұмысынан бос кезінде халық көпшілігімен қоян-қолтық араласып, олардың мұң-мұқтаждықтарына көңіл бөлген Ыбырай халық ортасынан шаққан талант иелері – ақын, әнші, әр алуан өнерпаздардың өсу, ілгерілеуіне көмек көрсетіп, жетекшіл еткен.
Көп ақындар Ыбырайды өздерінің рухани қамқоры деп білген. Сондықтан да олар Ыбырайдың іс-әрекетіндегі бұқарашылдықты, ел қамын жеп, жұрт пайдасын ойлауын, ел арасындағы дау-шар мәселелерінде турашыл, әділдігін өздерінің өлең – жырларына арқау еткен. Оны әділдікті қолдаушы адамның үлгісі етіп алған. Мысалы, Сейтахмет ақын өзінің «Бір нашардаың әділ төреге айтқан сөзі» деген өлеңінде бай мен кедейдің арасындағы бір дауға төреші болған оқымысты қазақтың әділдігін көрсетеді. Дауды тыңдап болып, оқымысты шындық кедей жағында, байдікі – дәукестік, әлсізге жасап отырған зорлық екенін айтады да, билікті кедейдің пайдасына шешеді.
Еңбекші халықтың үстем тапқа деген ызы-кегін, олардың арасындағы қайшылықты бейнелеуде Ыбырайдың өлеңдерің маңызы зор. Өлеңдерінде ақын ел ішіндегі теңсіздік мәселелеріне көңіл бөліп, сол теңсіздікті тудырып отырған жағдайларды көрсетеді, билеушіліердің мінез – құлқын, іс - әрекетін сынға алады. Автор өз туындыларында сол кездегі әлеуметтік жағдайдағы «азған елдің» хандарына, билеріне, қожасына, молдасына, байларына және жай адамдарына мінездеме береді. Олардың әділетсіздігін – «жарлыдан алып байларға сыйлайтын» хандардың, «қорадағы малыңа төрелік» айтатын билердің, «тамақ үшін қылқынып, дуа қылатын» қожалардың, «бермек түгіл, бишараны мазақ қылатын» сараң байлардың, «айтсаң тіліңді алмай, бір тәңірден ұялмай» жүрген арамза адамдардың қылықтарын шенейді. Бұл өлеңдер Ыбырайдың демократтық халықтық көзқарасын танытады. Ел ішіндегі езуші мен езілуші қақтығысын жиі көрген және өзі де жапа шеккен ақын таптық қайшылықтың сыры оңайлықпен шешілмейтінін анық аңғартады.
Ыбырай қазақ қоғамның мешеулік күйін терең танып, оны өз замандастарының алды болып прогреске жетелейді. Қоғамдық жаңарудағы орыс мәдениетінің рөлін айқын түсініп, қараңғы қазақ халқы арасында оны таратудың белсенді жаршысы болды. Оның бүкіл өмірі, ағартушылық еңбегі осыған арналды. Ескішіл қараңғылықтың ортасында жалғыз жүрген Ыбырай өз ісіне бөгет болған кертартпалықтың бәріне қарсы күресе білді. Осы негізде оның демократтық көзқарасы тереңдеді.
Қазақтың оқу-ағарту жүйесіндегі тұңғыш қайраткері бола отырып, Ыбырай озық ойлы ағартушылардың көзқарасы негізінде жас ұрпақты тәрбиелеуге ұмтылған жаңа ғылымның жаңа іргетасын қалады. Оқулықтар көлемінде болса да, қазақтың жазба көркем әдебиетін дамытты. Орыс әдебиетінен үйрене отырып, қазақ прозасын, әсіресе, оның шағын үлгілері - әңгіме мен новелланың негізін салды. Қазақ өлеңін мазмұн жағынан жаңартып, өз мақсаты үшін үгітке пайдаланды. Табиғатты жырлауға арналған тұңғыш өлеңдер жазды.
Шығармаларында өз заманының шындығын жан – жақты бейнелеп, дәуірдің озық идеяларын насихаттау, феодалдық ескілік пен ел билеуші орыс чиновниктерінің әділетсіздігін сынау арқылы Ыбырай өмірді реалистікпен суреттеу деңгейіне көтерілді. Оның реализімінің ағартушылық сипаты педагог-жазушының бүкіл шығармашылық еңбегімен, көзқарасымен байланысты туды. Кей шығармаларында («Бай баласы мен жарлы баласы», «Залым төреге») Ыбырай орыс сыншыл реализімінің үлгісіне бетбұрыс танытты. Бұл – Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиетіне орыс реализімінің суреттеу, бейнелеу жолдарын кіргізудегі тарихи еңбегі.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында жаңа бағыттағы тұңғыш мектеп ашып, қазақ балаларын оқуға насихаттаған ұстаз. Халқының болашағына сенді, болашақ балалардікі, олар білімді, өнерлі болу керек деп түйген Ы. Алтынсарин осы мақсатта көп еңбек етті. Ақын ретінде де әдебиетте өз өрнегімен есте қалған. Ы. Алтынсарин әңгімелері – күні бүгінге дейін көркемдікке баулу негізі, тәрбие көзі.
Қазақ жастарының ана тілін ұмытпауына, ата-бабасының ұстанған дінін қастерлеуіне қатысты мақсатты түрде жұмыс жүргізілді. Бұл ретте ұлы педагог өзі ашқан орыс-қазақ мектептеріне арнайы діни-имандылық сабағын енгізіп, ол үшін «мұсылмандықтың тұтқасы» атты оқулық жазды. Ондағы түпкі ойын жазушы былайша өрнектейді: «...Біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алып кетпеуі үшін, мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім». Ұлы педагог-жазушының мұндай өнегелі ісі күні бүгінге дейін құнын жоя қойған жоқ. Автор діни сенімді қоғамның идеялық бірлігін қамтамасыз етуге жұмсады. Оны қазақ жерін мекендейтін ұлттардың арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға, имандылықты насихаттауға қажетті құрал ретінде пайдалануды ұсынды. Бұл – Ыбырайдың биік деңгейдегі қоғам қайраткері, елін сүйген азамат, шын мәніндегі ұлы ұстаз, туған халқының жалынды патриоты екендігін көрсетеді.
Ыбырай Алтынсарин өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқының жаңа буынын тәрбиелеуге арнап, олардың озық мәдениетті елдерден үлгі ала отырып, білімді де сапалы азамат болып жетілуіне айтарлықтай үлес қосты. Сол мақсатта қазақ жастарына арнап мектептер ашып, оқулықтар жазды. Өзінің төл өлеңдері мен көркем әңгімелеріне қоса, орыс әдебиетінен мәні өшпес ғажайып аудармалар жасады. Халқының бақытты болашағын арман етіп, сол игі мақсатта теңдесі жоқ елеулі еңбек етті.
Ауыл- ауылды аралап, халыққа кәсіптік білімнің маңызы мен мақсатын түсіндірді. Ыбырайдың талабы мен қадамын халық қуаттады.Халықтан жиналған қаражатқа мектеп үйін салуды қолға алды. Алтынсарин дүние жүзі педагогика классиктерінің гуманистік идеяларын басшылыққа алып, оларды қазақ даласында оқу-ағарту тәжірибесіне енгізген тұңғыш педагог болды.
Ыбырай Алтынсарин педагог, жаңашыл ағартушы болып қойған жоқ, сонымен қатар кейінгі ұрпақтарға мұра қалдырған ғалым-этнограф. Әсіресе, Алтынсариннің көңіл аударған саласы – қазақ халқының әдет-ғұрпы. Рулық – патриархалдық тұрмыстағы жағымсыз қылықтарды мейлінше әзілдеген ағартушы мазмұны жағынан өткір шығармаларында әдепсіздікті де мейлінше сынады. Ауыл өмірін көптеген әңгімелерде арқау еткен ғалым-педагог осы салада көптеген ой – пікірлерін ұсынды
Ыбырайдың төсек тартып ұзақ ауырғаны кезінде орыс достарының оны дәрігерге қаратуы, қайтыс болғанда қоштасуға жан-жақты ағылып келуі, дүниеден озғаннан кейін Н.И. Ильминскийдің Қазан қаласында «Ыбырай Алтынсарин туралы естеліктер» атты арнаулы кітап шығаруы, Ыбырайдың халық арасында аса абыройлы болғанын көрсетеді. Мұның өзі ұлы ағартушының атқарған жұмыстарының тарихи - әлеуметтік мәні орасан екндігін аңғартады.
Ол қайтыс болғанда «Оренбургский листок» газетінде берілген қазанамада орыс достары: «Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді. Ол қараңғы көшпелі өз халқының ішіне Еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты...» - деп жазды. Бұл, сөз жоқ, Ыбырайдың еткен еселі еңбегіне берілген әділ де аса жоғары баға еді. Ол күні бүгінге дейін өзінің мән-мағынасын жойған жоқ. қайта уақыт озған сайын ұстаздың мәртебелі мерейі биіктей түсуде.
Ел өз ерін ешқашан да ұмытпайды. Ұлы ағартушының мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педагогикалық еңбектері бүгінгі күнде де жарық көруде. Білім беру саласында үлкен табыстрға жеткен білікті педагоггтар мен ғалымдарға 1983 жылдан бері Алтынсарин медалі беріліп келеді. Бұл ұлы ұстаз, этнограф-ғалым, еліміздің нағыз патриот азаматына көрсетілген сый-құрмет екені анық.
Әдебиеттер
1.
2. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық, «Аруна» баспасы Алматы,2005ж
3
Достарыңызбен бөлісу: |