294
Қосдәулеттің салтанатын (қоғамдағы «рейтингісін») атағанда, олар-
ды Тоқтамыс хан:
Қос-қос пышақ асынған
Қосалықтап отау тіктірген,
Көшкенде бартал тарттырған, –
деп суреттейді. Бартал тарту тіркесі ешбір сөздікте тіркелмеген.
Көне сөздердің түсіндірмесін беруге бой ұрған Балғабек Қыдырбекұлы
бартал сөзін «сәнді, салтанатты көш» деп түсіндіреді (Түгел сөздің
түбі бір. - Алматы, 1993. - 42-бет). Бірақ бұл түсінік қайдан алынды,
қай тілдің сөзі, морфологиялық-семантикалық сипаттамасы қандай?
Мұндай талдау жоқ.
Ал, дұрысында, бұл – парсы сөзі, мағынасы – «жолаушының жүгін
артқан (артатын) көлік (ат)». Бартал тарту – жүк артқан көлікпен
көшу, яғни қос-қостан үй тіктіріп, көшкенде жүкті көлікке артып,
салтанатпен көшетін бай, батыр Қосдәулетсің деп мадақтап тұр.
Қазақ тілінің қазіргі сөздіктерінде, оның ішінде аймақтық
сөздікте де бартал тарту тіркесі жоқ. Парсы тілдес жұрттармен
ертеректе аралас-құралас болып келген Орта Азия, Қырым, Кавказ,
Еділ-Жайық өлкелерін жайлаған түркі жұрттарының тілінде тұрмыс-
салтқа, әр алуан бұйым атауларына қатысты сөздер аз болмаған.
Сондықтан, сірә, бартал тарту парсы тілінен келген қолданыс болса
керек, жырларда келген мұндай түсініксіз сөздерді бүгінгі оқырман
контекске қарап көп қиналмай оқиды. Жырдағы бартал тарттыру –
салтанаттың белгісі, жағымды образ екенін жырдың алды-артындағы
жолдар айқындап тұр. Сондықтан лексикалық бірліктердің қай-
қайсысының да семантикасы мен түптөркінін (генезисін) түсіндіруде
жалаң контекске қарай топшылай салу ғылыми дәл таным болып
шықпайды. Олардың этимологиясына үңіліп, ертелі-кеш қолданыс
ерекшеліктерін саралап, өзге түркі, парсы, араб, монғол тілдеріндегі
бар-жоғын, мағынасын тауып барып, жан-жақты талдау жасаған жөн.
Баттауық. Бұл күнде баттауық – «өсімдік атауы, ол сулы жер-
лерде, өзен, көл жағалауыларында өседі» деп көрсетіліп жүр. Ескі
жырларда бұл сөз – балдырғаны білектей, баттауығы жүректей
деп көркем образ болып келетін теңеулі тіркесте кездеседі.
П.М.Мелиоранский «Едіге» жырындағы Шоқан нұсқасындағы:
Баттауық толған жылқым жоқ деген жолдағы баттауық сөзін
жырдағы түсініксіз тұлғалардың бірі деп танып, оны «низкое тон-
кое место, прибережье» деген мағына беретін сөз болу керек деп
түсіндіреді және оның түбірі башмақ (бату) етістігі болар деп топ-
шылайды (Сказание об Едигее и Тохтамыше, 20-бет).
Ғалым, сірә, бұл түсінікті мәнмәтінге қарап берген сияқты.
Мұнда кейіпкер: «баттауық толған жылқы» – баттауығы көп жер-
295
де жайылған жылқысы жоқ деп тұр. Біздіңше, мұндағы баттауық
сөзін «батпақ жер» дегеннен гөрі «батпақ жерде өсетін өсімдік ата-
уы» деп таныған дұрыс болар. Ал өсімдік атауы П.М.Мелиоранский
дұрыс көрсеткендей, бату – батпақ сөздерімен түбірлес болуы әбден
қисынды.
Баттауық өсімдігі барлық жерде өспейтіндіктен, атаудың өзі
түсіндірме сөздіктер арқылы белгілі болғанымен, оның баттауығы
– жүректей немесе «Едіге» жырындағы
баттауық толған жылқы
деген бейнелі тіркестер – поэтизм ретінде сақталған ескіліктердің
бірі деп талданып отыр.
Бұжғын/божғын. Бұл сөзді әзірге біз «Едіге» жырынан (Шоқан
нұсқасындағы) кездестірдік. 1905 жылы П.М.Мелиоранский жария-
лаған бұл нұсқада бұжғын (немесе божғын) болып жазылған
бұл сөзді осы нұсқаны 1996 жылы қазіргі қазақ жазуымен жария-
лағанда, араб қарпімен божыған деп оқып транскрипциялапты. Ал
бұл сөзді (бұжғын, божғын) Шоқан да өз кезінде (XIX ғасырдың
орта тұсында), П.М.Мелиоранский де (XX ғасырдың басында) қазақ
тілі үшін түсініксіз сөз деп танып, Шоқан оны «полынь» (жусан)
деп түсіндірсе, П.М.Мелиоранский «нам это слово неизвестно»
деп көрсетеді (Сказание об Идегее..., 20-бет). Сірә, араб қарпімен
берілген тұлғасы (бұғжын) дұрыс болар. Бұлар не ерте кезде, «Едіге»
жырлана бастаған XV-XVI ғасырда ноғай, қазақ тілдерінде «сүттен
ашытып жасалған, яғни ашы, ашулы, ашуы күшті» ішімдікті атаған
болар. Сусын емес, ішімдік болар деп отырғанымыз – жырда Мен
божғыннан ащымын, сербет құйсаң түщымын дейді дұшпанына өз
күшін танытқысы келген кейіпкер (Тоқтамыс). Бұл жерде божғын
мен сербет (шербет/шарбат) сияқты қарама-қарсы қойылған об-
раздар осыны көрсетеді. Егер сөз түбірі бож/божы/бұж/бұжы болар
деп тапсақ, бұжы сөзі – қазірде де қолданыста бар тұлға, оның бір
мағынасы – «қымыз, айран сияқты тағамдардың қатты ашып кетуі»
деп көрсетеді қазіргі түсіндірме сөздіктер.
Бұжғын/божғын деп, сірә, ертеректегі ноғай, қазақ тілдерінде
сүттен жасалған ашуы күшті ішімдік аталған болар. Қазіргі қырғыз,
қазақ тілдеріндегі ішімдіктің бір түрі – боза атауы да божғын/
бұжғын дегенмен түбірлес болуы мүмкін (түркі тілдерінде ж-з ды-
быс алмасуы – кездесетін құбылыс). Бірақ бұл – жорамалымыз ғана.
Қайткенде де «ішімдік» мағынасында қазірде қолданыста жоқ сөз.
Сондықтан тұлғасы жағынан да, мағынасы жағынан да ескіліктердің
бірі ретіндегі қолданыс деп табамыз.
Бүріншік. «Едіге» жырының Шоқан нұсқасында: Алғаным келін
болған жұрт, Ақ бүріншік салған жұрт деген жолдар бар. Мұндағы
бүріншік сөзінің мағынасын мәнмәтінге қарай оңай аңғаруға болады: