ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕР
1. Сыныққа сылтаудың бірі
Ол кезде... сталиндік қуғындаудың қазымыр тетігі сыныққа сылтау болса болды, зыр қағып іске қосылатұғын... Ойық ауылының (Талас ауданы) тұрғыны Нұрханов Шәумен қария да өзіне тағылған осындай айыптаудан арада тек 53 жыл өткенде – 1990 жылы ғана ақталғанын білетінмін. Айып болғанда...
...1937 жылдың 10 тамызы. Сол күні Жиембет МТС-інің егістігіне су салып жүрген жерінен ол кісіні аудандық прокурор Орынбек Қарабаев (қария оның аты-жөнін әлі ұмыта қоймапты) ақай жоқ, тұқай жоқ тұтқынға алды да жөнелді... Шәкеңдер күнұзақ колхоз жұмысынан салығып, шаршай оралғаны үстіне, кешкісін көбінесе сауат ашу мектебінде қалғый-мүлги отырысатын. Сондай бір күндері «Осы оқуды шығарып жүрген сенсің ғой, ә» деп қабырғаға ілінулі тұрған «күн көсемнің» портретіне кіжіне саусағын безегені бар-ды... Екі арада кімнің жеткізе қойғанын! Осынысының үстіне әкесінің датқа болғаны қосылып, Шәкең ойда жоқ, түсте жоқ жерден он жылға кесіліп кете барды...
Қараша айының 16-ына қараған түнде Ақмола, Көкшетау абақтыларын артқа салып, Свердловск, Челябі асты. Ресей жерінде – ел-жұрттан тым жырақта, нақтылай айтқанда, Челябі облысы, Еділ ауданы, Берсинск ағаш өңдеу зауытында қатардағы колхозшы Ш. О. Нұрхановтың жазасын өтеуі осылай басталып жүре берген... Ағаш кесу, оны бұтау, бір мөлшерге келтіріп жинау, өзенмен ағызу, өңдеу ұшы-қиыры жоқтай ғазауат тірлік еңбекқор жанды жасыта алмады. Тәуліктің кез-келген сәтінде орнынан тұрғызып, ауыр жұмысқа жегу тұтқындарды қалай титықтатады десеңізші! Лагерь бастықтарының айтуына қарағанда азаматтық құқығынан айырылғандар үшін еңбек заңдылығын талап етуге хақысы болмайтын.
–Қарнымыз аш болмады. Үш мезгіл ас-ауқат беретін, - деп еске алады, Шәкең. – Алайда, жұмыс лас, ауыр болды. Небір боздақтар ауыр бейнеттен тұралап, сүзектен өліп жатты. Саналы адамдардың жазаның мұндай түрін ойлап тапқанына ешбір таңдануға да болмас. Жазалау орнында төрт жылымды өткерген соң соғыс өрті бұрқ ете түсті емес пе? Бұдан гөрі соғыста, ата жаумен айқаста мерт болған әлдеқайда жеңіл, әрі абыройлы көрінді маған. Бірақ, неге екенін қайдам, екі мәрте майданға сұранғанымда комиссиядан өтуін өтсем де, екеуінде де кері қайтарылып, лагерь бастықтары мені броньмен қалдыруға әрекет жасап баққан еді. Сөйтсем, мұнда да ағаш дайындаушылар соғысқа ең қажетті шикізат – самолет қаңқаларын жасайды екен. Қалай болғанда да ағаш өңдеу зауытына іскер қол керек-ақ болған соң, мен де Қызыл Армияға қажеттігімді сезініп, жұмысымды әрі қарай алаңсыз жалғастыра бердім. Еңбекті сүйдім. Оның үстіне денсаулығым да сыр бере қоймай, Қиыр Шығыстың қызыл шұнақ аязында шыңдалып, шыныға түскендеймін...
Осындай зобалаңды басынан өткерген Шәумен қария 1947 жылы кесікті мерзімін өтеп, туған ауылына оралды. Содан соң ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, адал терін төкті. Бертінде жасы ұлғайып, құрметті еңбек демалысына да шықты. Бүгінде жасы 100-ге қараған асыл сүйек қария әлі де тұғырында. Өйткені, оны атышулы 37-нің алапат құйыны шарпығанмен, құлатып, жасыта алған жоқ. Қазақтың бір қара шалы турасындағы бір шындық, міне, осы...
(Айтпақшы, бұл мақала жазылғалы бері де араға жылдар түсті. Кейіпкерім әрі көршім болған Шәумен қария 110 жасында Аллаға аманат жанын тапсырып, бақи дүниеге озғалы да біраз болды. Соңында тағылымды із қалды...)
2. Он жеті жыл тұтқында
1997 жылдың «... қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жариялануымен қатар бір адамның ғұмыр жасындай уақытқа созылған үнсіздіктің көбесі сөгіліп, тарихымыздағы бірқатар «ақтаңдақтардың» да беті ашылып жатқаны белгілі. Зұлмат қуғын-сүргіннің халыққа әкелген қиянат-қасіретіне бүгінгі күннің шындығы тұрғысынан шынайы бағасы берілуде...
Сол жылдары жазықсыз жапа көргендердің бірі – Дүйсенғали Аманбаев бүгінде Луговой ауданындағы «Қайыңды» (бұрынғы Мақпал) ауылында тұрады. Қосағымен қоса ағарып, немерелерінің у-дуына бөленіп, әдемі қариялық шақтарын бірге өткерісіп жатқан жайы бар. Алайда ойда жоқ жерде басынан шарт та шұрт найзағай ойнатып, бір қалыпты ағыспен аққан өмір-өзенінің астаң-кестеңін шығарып кеткендей болған сол бір зобалаң жылдар есіне түссе-ақ қарияның өне бойынан үрейлі діріл жүгіріп өтетін секілді болады да тұрады.
–Мен 1909 жылы Әулиеата үйезіне қарасты Ботамойнақ болысының № 53 ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келіппін,- дейді қарияның өзі. – Бір жасқа толар-толмасымда шешемнен, 9 жасымда әкемнен айырылып, мойныма жетімдіктің қамыты тым ерте түсті... Содан 18 жасқа толғанымша туысқан ағамның тәрбиесін көрдім. Ауыл молдасынан шала-шарпы сауатымды ашқандай болдым. Түрксіб темір жолы салынып жатқан тұста үш жылдай оның құрылысы ісіне атсалыстым... 1932-33 жылдар аралығында ұжымшар бастығы, 1934 жылдан бастап, 1938 жылға дейін ауылдық Кеңестің төрағасы болып қызмет еттім...
Одан әрі...одан әрі тұтас бір халықты «тәубасына» келтіру, мәңгүрттендіру мақсатында іске қосылған «диірменге» Дүйсенғалидың да тағдыры ілікті... Ал оған арпасы не, бидайы не... бәрібір еді ғой!
Сонымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының үкімімен 1938 жылдың 21 қазанында төңкеріске қарсы зиянкестік әрекеттегі ұйымға мүше болған деп көрсетіліп, егіс алқабын техника күшін жеткілікті пайдаланбай, құлынды бие жегілген соқамен өңдеді, сөйтіп, егіннің ала-құла өнуіне, өнімділігі төмендеуіне жол берді деп айыпталып, Д. Аманбаев 17 жыл тұтқында, 5 жыл айдауда болуға ұйғарылып, сотталып кете барады...
Дүйсенғали қарт осылайша 17 жыл Воркута көмір кеніштерінде ауыр жұмыстарға жегіліп, тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. «Үміт ең соңынан өледі» демекші, Дүйсекең өзінің ақтығы дәлелденетіндігіне деген сенімінің отын ешбір сөндірген емес. Бұл күн көп күттіріп барып жетті де. 1954 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аталмыш істі қайта қарап, қылмыстық құрамы жеткіліксіздігінен мерзімінен бұрын тоқтатуға, сөйтіп бастапқы үкімнің күшін жоюға шешті. Ал, 1993 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі» Заңы негізінде Д. Аманбаев түпкілікті ақталды.
–Ұзақ күттіргенімен, бұл күнге де жеттік. Ең бастысы, өзімнің ақтығымның дәлелденгенін көзім көрді, - дейді қарт бүгінде жанары жасаурай толқып. Мұның өзін «бақыт» деп есептейтін болсақ, ондай күн екінің бірінің маңдайына жазыла бермегені белгілі. Бұл жазықсыз жапа шеккен мың-сан құрбандардың айтылмай көкіректерінде кеткен арман-мұңы, өкініші де ғой. Осындайды күтумен өткен ғұмырлардың рухы алдындағы қастерлі парыздың кеш те болса өтеліп жатқандығының өзі неге тұрады!
Биылғы жылдың осынысы үшін де орны тым бөлек-ау...
P.S. аталмыш мақала 1997 жылы жазылған-ды...
БІЗ МӘДЕНИЕТТІМІЗ БЕ?
Мәдениет ұғымының аясы кең. «Культураның» мағынасы «жерді өңдеу» дегенді білдіреді екен. Ал бізше «адам жанын өңдеу» ғой! Міне, осы жағы таразының ауыр басын басып тұр. Жалпы осы біздің мәдениеттілігіміз қандай деңгейде? Театрға барамыз ба? Кітап оқимыз ба? Демалыс уақытын тиімді өткізу, көркем табиғат аясында демалу, қоршаған ортаны аялап қорғау, саламатты өмір салтын ұстану да мәдениет. Ал біз мұндайды «еріккеннің ермегі» көреміз. Зауқайым аңшылыққа, балық аулауға шыға қалсақ, жүрген-тұрған, аялдаған орындарымызды қоқысқа аузы-мұрнынан лықа толтыратын «ғадетіміз» де жоқ емес...
Өзіңнен баста!
Жоғарыдағыдай жүгенсіздіктің түптамырын отбасындағы, балабақшадағы, мектептегі, көшедегі... тәрбиенің кемшіндігінен іздеп жатамыз. Дегенмен, жас бол, жасамыс бол – бәрібір, барлығы да өзіңе байланысты. Жаратушымыз бізге сана берді ме, ендеше сол санамызды ұдайы жетілдіруге, өзімізде жоқты өзгелерден алып, байытуға, шұғылалы жақтарға талпынуға тиіспіз. Аяғыңның астында бір түйір нан жатса, оны жерден көтеріп ал. Қоғамдық орындарды, автобус салонын шекілдеуік шағып ластама, темекіңнің тұқылын, басқа да артық-ауыс заттарыңды көшеге бей-берекет тастай салмай, арнайы қоқыс жәшігіне апарып сал. Бұл ешкімге де қиындық туғызбас. Соған шамаң жетсе, болды. Аржағын қоқыс тасушылардың құзырында қалдыр. Өз аулаңда, көшеңде, туған қалаңда қоқыстың тау-тау болып үйіліп қалуының осылай да алдын алуға болады емес пе?! Мәдениет өзіңнен басталады, үлкенің, кішің бол санаңның қалғуына еш жол берме! Осындай мәдениеттілігіңмен отбасыңда, аулаңда, жұмыс орныңда үлгі бол!
Париждегі Эйфель мұнарасының қабырғалықтарына, Елисеев алаңындағы зәулімп тұғыртас бетіне, Александров көпірінің ағаш жақтауларына қаншама жылдар бойы жергілікті тұрғындардың сызат түсірмей, жып-жылтыр күйінде ұстап келгені таң-тамаша қалдырарлықтай. Мұнда күн сайын келетін мың-сан туристің де біздің кейбір желөкпелерімізге ұқсап, о жер, бұ жерге әлденені ойып жазғысы келіп қолы қышып тұрмайтыны да үлгі аларлықтай ғой! Елдіктің белгісі, өркениеттіліктің өнегесі, саналылықтың сабағы дейміз бе мұны. Не айтсаңыз да сыяды...
Бізге де өркениет үрдістері келгелі қаш-шан! Тек оған санамыз ілесе алмай жатыр...
«Материалдық» мәдениет
Рас, қаланың, ауылдың болсын мәдениетінің дамуы, өсу қарқыны, әлеуеттенуі ең алдымен қаржыға келіп тіреліп жатады. Материалдық базаны жақсартпайынша, мәдениеттің (қоғамдағы да, санадағы да) көсегесін көгерту мүмкін емес. Бүгінде қаланың да, даланың да жағдайы қай кездегіден де анағұрлым жақсара түсті ғой.
Биылдың өзінде қалалықтардың талапқа сай демалуына жағдай жасау үшін «Тараз қаласының саябақтары және скверлері» бағдарламасы бекітіліп, оған жергілікті бюджеттен 59, 4 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл қаржы негізінен «Жеңіс», Қ. Рысқұлбеков саябақтарының, қуғын-сүргін құрбандарына арналған сквер мен «Мектеп бітірушілер» аллеясының маңын абаттандыруға, жарықтандыруға, субұрқақтарды қайта жаңғыртуға, кіші сәулеттік нысандар орнатуға, басқа да құрылыстарды қалпына келтіруге жұмсалған. Тек бұл игіліктер де тәрбиесіздіктің, санасыздықтың, қоғам мүлкіне немқұрайдылықтың салдарынан алдыңғыларының кебін құшып жүрмесе деңіз! «Көркейсе ауыл, көркейеміз бәріміз» деген сөз әлі мәнін жойған жоқ. Туған қаламыз күнде дерлік өзгеріп, түлеп, түрленіп жатқанда, бізге неге өзгермеске, түлемеске!
«Әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ...
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жасыл Тараз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Жеңіс» саябағындағы 156 қоғамдық орындықты жөндеу-сырлау жұмыстарын жүргізген. Ұжым еңбеккерлерінің, сондай-ақ, Атшабардағы 80, Тұңғыш Президент саябағындағы 20, былғары комбинаты маңындағы 16, Достық алаңындағы 7, теміржол бекетіндегі 4, облыстық әкімшілік аумағындағы 4, Қ. Рысқұлбеков саябағындағы 3, «Желтоқсан» скверіндегі 5 қоғамдық орындықты (бірінің тақтайларын, екіншісінің полигалдарын) ауыстырып, жаңалап салуына, қоқыс жәшіктерін ретке келтіруінетура келіпті.
-Бұл бізге қосымша жұмыс болды, - дейді аталған мекеменің бастығы Ертай Жанталиев бұл тұрғыда. Міне, бұл жұмыстарға 755 300 теңге шамасында қаржы жұмсалған. Яғни, жастар тарапынан орын алған тәрбиесіздіктің, мәдениетсіздіктің орнын толтыру осыншама қаражатқа түсіп отыр.
Ең бір өкініштісі, пайдалануға берілгеніне әлі жарты жыл толып та үлгермеген «Жеңіс» саябағындағы 156 орындықтың түгелге жуық арқалық-қол қойғышын әлдебір желіккен «желөкпелер» аяқпен теуіп сындырып, көлденең шабақ ағаштарының да едәуір бөлігін қолды етіп кетіпті. Жастарымыз ортақ игілікке неге өш? Осы күні әлгі орындықтар жүгенсіз жастардың аты-жөндерін, мекен-жайларын, «сүйдім-күйдім» деген, басқа да былапыт сөздерін жазып қалдырған «қолтаңбаларынан» қайысып-ақ тұр. Осылай жастар осынау материалдық игіліктің мерзімінен бұрын жарамсыздануына «үлестерін» қосып та үлгеріпті. Мұндай құқайдан қаладағы Ұлы Отан және Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіштер орын тепкен Атшабар аллеясы да аман-сау емес. Аға буын өкілдерінше айтсақ, «бүгінгі жастарға «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ.
Ал жуырда... Абай көшесінің бойындағы халықтық банктің филиалы зейнеткерлер үшін орнатқан арқалығы бар отыруға ыңғайлы, бірнеше адамдық үлкен екі темір орындықты әлдебіреулер арасына бір күн салып түп көтеріп әкетті. Мұндай суыққолдылар біраз бұрын «Қазтелеком» алдына қойылған әсем орындықтарды да үптеп кеткен-ді. Бұл енді балалардың емес, ересектердің ісі. Үлкендердің үлгісі осындай болғанда...
...Қанымызда әлмисақтан бар, бойымызға атаның өсиеті, ананың тәлімімен сіңген қасиеттен - қоршаған ортаға, ортақ мүлікке, адамдар қолымен жасалған игілікке құрмет сезімінен қашан, қандай жағдайда қол үздік? Көкті жұлма, құдыққа түкірме, табалдырықты керме, босағаға сүйенбе, талды кеспе... Міне, осы секілді тұтастай бір халықты бесіктегі кезінен бастап мәдениетке, адамгершілік әдептеріне тәрбиелейтін халықтық тәліммен, «өйтпе, бүйтпе» деген толып жатқан ырым-тиымдармен нәрленіп, жетілген қайран қазақы санамыз құбыласынан жаңылғандай. Жаһандануға сілтейік – мейлі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымыздың төмендігін, тәрбие тегершіктерінің босаң тартқанын көлденеңдетейік – мейлі, жоғарыда айтқанымыздай «адам жанын өңдеу» жағы бізде тым сылбыр. Комьпютер басты тәрбиеші қызметінің тізгінін «қолына» алды. Ұл-қыздарымыз соның «жұмса – жұдырығында», «ашса – алақанында». Мәдениет жастарымыздың бірінде көп, бірінде аз. Мәдениетіңе мұрнын шүйіре қарайтындары да жетерлік. Қалай болғанда да, мәдениеттілік дегенің «халықтық мінез» болып қалыптаспайынша істің бәрі бос, біздіңше...
ӘЛЕУМЕТ ЖӘНЕ ӘЛЕУЕТ
ЖАТАҚХАНАЛАР ЖОҚ, ЖАТАҚТАР БАР...
Бүгінде миграциялық үрдістің ықпалымен қалаға паналаған қандастарымыздың сны артып келеді. Түптің түбінде солардың есебінен қалалардың қазақтандырылатынын, мұның ұлттық экономикамыздың дамуына да елеулі әсер ететінін зиялыларымыз ауызға ала бастады. Басқасын былай қояйық, тағдырларын бір тарының қауызына сидырғандай жатақханалардығ құрқылтайдың ұясындай тар бөлмелерінде сығылыса кемді күн кешіріп жатқандардың дені ауылдықтар. Бұл қалаға тірліктерінің көзін ашамын деп ауылдан тайлы таяғымен қопарыла көшіп келгендерді тар бөлмеге қамап тастап, кеудесін басып, еркін ойларын қоса тұншықтырғандай әсер туғызады. Мұның қазақ мәдениетіне, болмыс табиғатына тигізер кесіркесепатын айтпай ақ қояйық. Әсіресе, қаланы қазақтандыру мәселесіне келгенде...
Жатақхана демекші, олардың ашылу тарихы соғыс кезімен тұспа-тұс келеді. Алғашында мұндай уақытша орналастыру тұрақтарының сыр-сипаты, мақсат-міндеті біршама өзгеріп, оның негізгі контингентін студент жастар, өндіріс жұмысшылары құрады. Үлкен тәрбие орталығы да болды. Түрлі мәдени іс-шаралар дүрілдеп өтіп, жатақ[ана өмірі қыз-қыз қайнап жататын бір кезде. Сол бір сән-салтанатты, кеуделі ғимараттар өздері бағынысына кіретін ірі өндіріс ошақтары тіршілік тынысын тоқтатқан соң күтімсіздіктен тұтастай жарамсызданып, иесіздіктен мүліктік кешені талан-таражға түсіп, көз алдымызда азып-тозды.
Елбасымыздың «Азаматтардың тұрғын үйге құқын қамтамасыз ету туралы» Жарлығы осы тұста жарық көрді. Жатақханаларды мемлекеттік тұрғын үй қоры құрамына алып, «тұрғын үй» мәртебесін беру арқылы мүдделі азаматтар мен олардың отбасыларына тұрақты тұруы үшін пәтер ретінде жекешелендіру 1994-1998 жылдар аралығында қарқынмен басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кетті.
Бұл аралықта жеке азаматтардың үлестен тыс қалғысы келмегені байқалады. Тіпті басында баспанасы барлары да! Қаланы паналап, ауылдан қопарыла көшіп келгендерге көрсеткен қыры ма, қос-қос пәтерін жалға беріп қойып, пайда сауғысы да келді ме... Бірақ, есігін қанша жерден құлыптағанмен, иесіз пәтерде не сән қалсын! Не өздері тұрмай, не қолайлы бағасына өткере алмай әрі-сәрі күйде ырғалып-жырғалып жүргендерінде, көп пәтердің есік терезелері, едендері жұрдай болып тоналғандары да аз емес. Бұрынғы «Жамбылхимстрой» тресінің құзырында болған №61 жатақхананың «А» блогы - бес қабатты тұтас бір ғимарат сол кепті құшты. Онда қазір екі-ақ отбасы тұрады. Ұзақ уақыт адам тұрмаған соң, мұндай пәтерлердің коммуналдық қызметіне қарыздарлық сомасының қордаланып қалатыны белгілі. Тіпті мұндай төлемақы сомасы пәтердің бастапқы сатып алу бағасынан анағұрлым артып кетеді. Жылу беру, ыстық және суық су жүйелері, ең әрісі электр желілеріне дейін ажыратылғаны содан. Тұрғындардың төлем қабілеті төмен топтары сағалап келіп, біраз уақыт тұрақ еткенімен, жайлы қоныс болмай адыра қалған қаланың тура кіндік тұсындағы осындай № 12 14 21 жатақханалардың ғимараттары қирап, орындарында үйінтіктері ғана қалды. Жоғарыдағыдай пысықай пәтер иелерінің осылай «қызғанғандары қызыл итке» бұйырды. Арасындағы көз жасын көлдетіп жүріп пәтерге әрең деп қол жеткізгендерінің наласы соларға жүктеліп қалды. Олар қара ормандай ұйысып, туырлықтай тұтаса алмады.
Шын мәнінде пәтерге мұқтаждар Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларынан, Қарақалпақстаннан... жекешелендіру бітіп, «түйе көпірден өтіп кеткеннен» соң келді. Ағылып келді. Мұндағы парадокс - жатақхана пәтерлерінің көбінесе аса мұқтаж емес топтар атына ресімделіп, жекешелендіріліп кетуінде ғой! Оның ащы жемісін енді татып жатырмыз.
1994-1998 жылдар аралығындағы сол аласапыранда қаладағы жатақхана түгелге жуық (қала балансындағы жартылай жекешелендірілген 5 үйді есептемегенде) «тұрғын үй» мәртебесін алып, оңаша отау көтеріп шыққанымен, еншілері мардымсыздау болды. Сол себепті еңсесін тіктеп кете алмай, әлі де тұралап жатыр. Олар әу басында-ақ екі қолы аузына жетпеген мешел ұл секілді күйде еді. Көшіп келушілердің онысыз да төлем қабілеттерінің төмeн болып, үй басқару тізгінінің қолдан қолға өтуі, үй ағаларының, ПИК басшыларының іскерлік таныта алмауы (бәлкім, сенімнен шықпауы) «жығылған үстіне жұдырық» болып, түрлі коммуналдық қызметтерге қарыздарлық сомасы өсіп, қордаланып қалуынан 1998 жылдан бастап жылу, ыстық су жүйелері жалпы желіден ажыратылып тасталды. Қанша жерден «тұрғын үй» мәртебесін телігенмен, тірлігі тоқтап, ақыры көшін орта жолда ірікті.
Бүгін мұнда, ертең анда жел айдаған қаңбақтай көшіп қонуды тағдыр маңдайына жазған, әлгіндей тұрғын үйлерде «иесі келсе (бірақ сол «қожайындар» ХХ ғасырда тастап кеткен үйінің табалдырығын ХХІ ғасырда аттайды дегенге шүбәміз бар) үйін он күн ішінде бостып беріп, жөнімді табам» деген рәуіштегі келісім-шартпен құйысқаны көтеріліп отырған қазақ отбасыларынан қырық-құрау үйді ұқсатпадың деп талап ету де қисынға келмейтіндей. Олардың обадай үңірейіп үрей шақырар, бөлмелері көгеріп зәктенген жатақханалардың түтінін өшірмей отырғандарына шүкір дейік.
Қазір бұрын жатақхана болған осы 32 (жо-оқ, 29) үйде 1500ден астам отбасы, әрқайсысында 3-4 адам болған күннің өінде 6-7 мың адам кемді күн кеіруде. 85-90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз. Бұл үйлердің төртеуінде ғана жылу жүйесі бар! Қалғандарының тұрғындары қыстың көзі - қырауда үйлерін электр қуаты көмегімен жылытып, ілдалап отыр. Алда-жалда қалаға бір тәулік қана қуат берілмесе, олардың күні қараң болары айтпаса да түсінікті.
Иә, бүгінде жатақханалар жоқ, жатақтар бар. Жатақтардың проблемалары бар. Рас, оларды шешуде кезінде Тараз қалалық «Тұрғын жай» мемлекетік коммуналдық кәсіпорны біраз тірліктердің басын қайырыпты. Жатақтардың жылу мен ыстық суды былай қойып, электр қуатынсыз отырған күндері де болған-ды. Бұлай жалғаса берсе, істің насырға шабуы, қаладағы тұрғын үй қорының тағы бір ауқымды бөлігі (оның аржағында адамдар тағдыры тұр) айдың-күннің аманында құрдымға кетуі әбден мүмкін еді. Мұндай иесіз бос қалған пәтерлерге қоныстанушылармен уақытша жалға беру келісімдерін жасасып, мұқтаждары үшін тұрғын үй жәрдемақыларын тағайындау жөніндегі қала әкімі қаулысымен мұның алды алынды. Бүгінде бұрынғы жатақханаларда тұратын барлығы 484 отбасы атаулы көмек алады екен. Былтыр мұндай көмек сомасы 11 млн 690 мың теңені құрапты. Тұрғын үй жәрдемақысы (14 млн теңгеге жуық) 1 тоқсанда 637 отбасына беріліпті. Мұның жағдайсыз отбасыларына едәуір жеңілдік екені анық. Жалпы, соңғы 5-10 жылда бұрынғы жатақханаларды жекешелендіруге, сақтап қалуға байланысты атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы да жүзеге асты десе де болады. Алайда, ретімен, өз мерзімінде емес. Мұнда да әлгі бір мысалдағыдай қасқырды, ешкіні, шөпті бір-біріне зияны тиместей етіп, қайыққа тиеп, арғы бетке аман-сау өткізу амалындай епсектілік жетіспеген секілді. Әрі барлығы болмаса да тұрғындардың біраз бөлігі «өкімет өлтірмейді» деген масылдық психология шырмауынан әлі де арыла алмай жүргені байқалады.
Жатақтар өмірімен танысу барысында біз біраз жайға көз жеткіздік. Әсіресе, бұрынғы тері өңдеу комбинатына қарасты болған «Огонёк», «Юность» жатақаналарының әлі күнге не тері өңдеу комбинатының есебінде, не қала балансында емес, «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» болып отырғаны қайран қалдырады. Соның өзі тиімсіз де болмаған секілді. Үй басқару тізгіні күні бүгінге дейін байырғы «коменданттарының» уысында болғаннан соң ба, коммуналдық қыззмет дегенде электр қуаты мен мұздай суы ғана бар демесек, бұл екі үйдің де жалпы жағдайы, тазалығы жаман емес, көп бүлінбеген. Бірінде -110, екіншісінде – 105 отбасы тұрады екен. 70-80 пайыздайы қазақтар.
Қазақ демекші, олар үшін бір бөлмелі пәтер кәдімгі киіз үй секілді. Ұлы-қызы, үлкен-кішісі аралас бір бөлмеде бастасып-аяқтасып жатады. Осында жуынып, осында таранады. Ас-ауқатты да осында даярлап, ортадағы дастарханға шүпірлеп отырыса кетеді. Осындай «киіз үйлердің» бірінде Дариға Мейірбекова (түбі - құландық) ерімен, 8 баласымен сығылысып отыр. Балаларының алды ержетіп, еңбекке жараса, алтауы мектепте оқиды. Ол бізге қабырғалары көгеріп зәктенген суық пәтерін көрсетіп, күйеуінің, есепшілік мамандығы бола тұра өзінің де жұмыссыз отырғандарын, 8 балалы екендігін анықтайтын құжаттары әлдеқашан даярланып өткізілсе де «Ардақты ана» мәртебесін ала алмағанын, үш жастағы кенжесінің суық үйден аурушаңдыққа ұшырағанын айтып, мұңын шақты. Біздегі ана мен баланы аялаудың түрі осындай болғаны ма?
Достоевский көшесіндег 3 «а» тұрғын ұйінде болғанымызда да осындай көрініс алдымыздан шықты. Мұнда жылу бар деген аты ғана. Қалыпты бөлме климаты сақталмауынан тұрғындар электр пешін қосуға мәжбүр. Жоғары қабаттағы пәтер төбесінен су ағып, «қараша үйге тамшы ауыр» соғып ұр екен. Қайсысына кірсең де зәк исі қолқаңды қабады. Бұл үйде негізінен үш-төрт балалы жалғызілікті әйелдер, мүгедектер тұратынын білдік. Қолдары қысқа, бұдан өзге барар жері, басар таулары жоқ олардың.
-Үй төбесінің қарын «асарлатып» күреп тастасақ та, тамшы ағуы тиылар емес. Әр отбасында кемі үш-төрттен бала бар. Соларға қиын. Жұмыс болса да жоқ. Жазда пияз жекелеуге барамыз. Барлық жатақханалар тұрғындарының өзегін талдырмай отырған да осындай маусымдық жұмыстар. Қыс бойы тұрғын үй жәрдемақысын жылуға, қуатқа, суға төлеп, ал балалардың ақшасын тамақ етіп ілдалдалап шығамыз, - дейді Ғ. Ноғайбекова.
Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде Доспанбетов Сейітхан қарт кемпірімен, екі бірдей мүгедек қызымен тұрады екен. Автокөлік апатына түскен үлкен қызы Мәдина кемтар болып қалыпты. Мүгедектікке шығуы үшін құжаттары ресімделіп жатқан секілді. Ал, бір кездегі «Айша бибі» ансамблінің танымал бишісі, соңғы жылдары аурушаң болып қалған Мәншүкке ешқандай моральдық қолдау жоқ. Қос мұңлық қариялардың қамқорлығында әзірге.
Енді ғана бас құраған Айгүл мен Дүйсен Атамбаевтардың тоғыз айлық сәбилері суық үйден тітіркене ме, тағдырына нала айта ма, қолды-аяққа тұрмай шыр-шыр етеді. Бізді қайран қалдырған нәрсе осы және химияшылар қалашығындағы № 9 үйде (бұрынғы жатақханалар ғой) тұратындар пәтерлеріне кәдуелгі кірер есік (подьезд) арқылы емес, авариялық аспалы темір баспалдақтармен көтеріліп-түсіп, кіріп-шығып жүр! Біз де сөйттік. Көп қабатты үйлерге тән ауызғы сенектер тарс жабылған. Сонда ол кімдерге арналған?
Жатақханалардағы электр қондырғылары мен желілердің жалаңаштануы ойында ештеңе жоқ ойын балаларының өміріне кез келген сәтте қаупі бары ескерілмей, подвалдары болса, аузы-мұрнынан қоқысқа, темір-терсек, құрылыс бұйымдары мен ас-тағам қалдықтарына толып, күлімсі исі қолқаны қабар әрі жұқпалы індеттің таралар ошағына айналып үлгеріпті. Қайсысына барсақ та, тұрғындарының: «қалалық әкімият бола ма, басқасы бола ма, бізге үй шатырын жөндеп, подвалын реттеп берсе, жеткілікті» деп тілек білдіруі де содан болар.
Дегенмен, № 61 үй тұрғындарының тарапынан басқа да өтініштер болды. Үйдің «в» блогында (бөлігінде) 40-қа жуық отбасы тұрады екен. Тең жартысы пәтер жалдаушылар, пәтердің түбегейлі қожайындары емес. Отыз пайыздайы терезелерінен мұржа шығарып, пеш орнатып алыпты. Осы пештер... қаланың дәл кіндігіндегі жарымжан жатақханалардың өн бойына қан жүгіртіп тұр!
«Біздің іргеміздегі № 30 үйге көгілдір отын жеткізілген. Сол үйдегі ШРП-дан бізге газ тартса, құба құп болар еді. Бұрынғыдай емес, тұрғындардың төлем қабілеттері көтеріліп келеді. Аталмыш үй мен құймаға (слив) дейінгі аралықтағы су құбырларының ескіріп, таттануынан өткізгіштік қабілеті де өте төмен болып тұр. Соның салдарынан шайынды су үйіміздің подвалына құйылуда. Осыған қалалық әкімият тарапынан көмек болса», дейді Н.Аманжолова, С. Манешова, Ш. Жұмаділдаевалар.
Ауылдықтардың жатақхананы уақытша тұрақ еткен бір парасының жағдайы осы мәнзелдес болып келеді. Ал қаланың түкпір-түкпірінде екі күннің бірінде қолайлы бағаға жалға алу үшін пәтер іздеп сабылып жүрген қаракөздеріміз жыртылып-айырылады-ау. Ауылдық жерде тіркеуде тұратындары көшіп келе қояйын десе, мұнда әзір тұрған баспанасы жоқ. Ауыл мен қала арасында шөре-шөре күй кешумен тіршілігінің көзін аша алмай жүр. Олардың жаңа несиелеу жүйесі бойынша ипотекамен пәтер алуға да қауқары жоқ. Оларға қоғам қараспайын демейтін шығар. Қолы қысқа, әттең. Тек өзімізді көркейтетін де, еңкейтетін де өзіміз екені естен шықпаса дейсің.
«Қаланы қазақтандыру» мәселесіне келгенде осындай ойлар еріксіз тіл ұшына орала береді. Шынында да қалай, қайтіп? «Тараз қалалық әкімиятының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің директоры М. Мұсылмановтың айтуынша, жаңадан ірге көтерген 12-ші шағын аудан аумағында 6 көпқабатты үйдің құрылысы қызу жүргізілуде, оның екеуі коммуналдық, төртеуі ипотекалық несиелеу жүйесі бойынша берілетін үйлер болады деп күтіліп отыр. Бірақ, бұл қазірдің өзінде 117-ге жеткен тұрғын үй кезегіндегілердің талап-өтінішін қаншалықты деңгейде қанағаттандыра алмақшы?
Тегі әңгімемізге арқау етіп отырған әлгі тұрғын үйдегі жекешелендірілген, бірақ бос тұрған пәтерлердің есебі алынып (олар көп: № 25 үйдің бір бөлігі тұтасымен, екінші бөлігінің 1 және 4 қабаттары, № 61 үйдің бір блогы, Асқаров көшесіндегі көпқабатты үй түгел дерлік аңғал-саңғал күйде қаңырап тұр), қаланың тұрғын үй қорына қайтарылуына, ішінара жөндеулер жүргізілуіне, сөйтіп шын мәнінде де баспана азабын тартып жүрген қандастарымыздың игілігіне берілуі ісіне тәуекел ету керек секілді. Қандай да бір жолмен болса да. Осындай өтінішпен Үкіметке шықса да артықтығы жоқ. Өздері көрінбейтін, сайда саны, құмда ізі жоқ «қожайындардың» бір кездері әлгі пәтерлерді жекешелендіріп алғаны жөніндегі құжаттарының күшін жою тетігін қалыптастырудың мезгілі жеткен сияқты.
Оларға жатақханалар ата-бабаларынан мұраға қалған жоқ шығар. Жатақхана пәтерлері тұтас қирап, үйінтіктері қалған ауылдардағы үйлерінің бодауына ауыл қазақтарына берілуі тиіс қайта. Сонда бәлкім, шын мәнінде де қожайындық көзқарас қалыптасар. Сонда ғана кезекте тұрушылар саны едәуір қысқарып, үй салу арзанға да түсер. Әрі үйсіз, күйсіз сенделген қандастарымызға себіміз тиер еді. Тіпті болмаса, үйлердің астыңғы қабаттарын кәсіпкерлік құрылымдары иеліктеріне беріп, үйлерге ағымдық жөндеу жүргізуді қоса жүктесе де болар еді. Өйтпеген күнде таяу жылдарда қалт-құлт етіп, ілдалда тіршілік етумен тұрған тұрғын үйлердің орындарын ғана сипап қаларымыз анық.
Аз айт, көп айт, бүгінде жатақханалар қанша жерден тұрғын үй мәртебесін телісек те, қолды жылы суға малып отырарлық жайлы қоныс болып отырған жоқ. Әсіресе, күнкөрісі қиындап, жылы орнынан қозғалып қалаға келіп паналаған ауылдықтар үшін. Олар жұмыспен қамтамасыз етіліп, жайлы тұрақ, ішер ас, киер киіміне нәпаха тауып қана қоймай, ел келешегінің тұтқасын ұстауға лайық ұлтжанды ұрпақ (бүгінде осы жатақханалардағы оқу жасындағы жүдеу жас жеткіншектеріміз бірнеше мыңдап саналады) өсіріп, тәрбиелеп, кінаратсыз тіршілік кешіруі үшін де жағдай керек.
Қалай болғанда да, нарық иірімі қақпақыл етіп, «барлығын да Авгийдің ат қорасын тазалаудан» бастауына мәжбүрлеп отырған қандастарымыздың жайы қай- қайсымызды да ойлантуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |