Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде
ұшудың негізгі қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы №103 қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстігінде ұшудың негiзгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 712 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 30, 290-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 сәуірдегі № 340 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 11-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 148-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне авиация мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 2 ақпандағы № 61 қаулысының 1-тармағының 3) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 9, 109-құжат).
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы №103 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде
ұшудың негізгі қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиация стандарттарының талаптарын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар негізгі қағидаларды, ұшуды ұйымдастыру, қамтамасыз ету және орындауды, әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (бұдан әрі - ӘКҚҚ) және әуе қозғалысын басқаруды (бұдан әрі - ӘҚБ) регламенттейтін Қазақстан Республикасының авиациясы қызметі саласында нормативтік-құқықтық акті болып табылады.
3. Қағидалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік және тіркеу танымдық белгілері бар мемлекеттік, азаматтық және экспериментальды авиацияның (меншік нысанына қарамастан) әуе кемелеріне (бұдан әрі - ӘК), шетелде тіркелген қазақстандық пайдаланушыларға, шетелде тіркелген әуе кемелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуларды орындайтын шетел әуе кемелерінде пайдаланылады.
Егер ұшу орындалып жатқан әуе кеңістігі шетел мемлекетінің ұшу заң талаптары мен қағидалары, осы ұшу Қағидаларының талаптарынан ерекшеленсе, онда сол мемлекеттің заң талаптары мен ережелері қолданылады.
4. Әуе кемесін пайдаланушы (иесі) ұшу Қағидаларына сәйкес ұшуды ұйымдастыруды, жоспарлауды және орындауды қамтамасыз етеді.
ӘҚҚ және ӘҚБ органдары, әуежайлар, аэроклубтар апатқа ұшыраған немесе зардап шеккен әуе кемелері, сондай-ақ қауіптегі адамдар туралы кез келген ақпарат алған кезінде осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен қажетті көмек көрсету бойынша барлық шараларды қабылдауға міндетті және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың апаттық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларын, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреті шеңберінде авиациялық оқиғаның тергеу жұмыстарының жүргізілуін ұйымдастыру мақсатында азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдарға хабар беруі тиіс.
Адамдарды іздестіру және құтқару немесе авариялық жағдайға не басқа да төтенше жағдайларға байланысты ұшуларды ұйымдастыру және орындау жағдайларында мемлекеттік авиация саласындағы ұйым басшылары осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен қажетті көмек көрсету бойынша барлық шараларды қолдануды қамтамасыз етеді, адамдарды іздестіру және құтқару жұмыстары жүргізілетін жауапты аймақтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық авиациясының уәкілетті органдарын хабардар ете отырып, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына хабарлайды.
5. Осы Қағидаларда төмендегідей терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) абсолюттік биіктік – теңіздің орташа деңгейінен тік нүкте ретінде қабылданған тік сызық бойынша теңіздің орташа деңгейінен нүктенің немесе объектінің деңгейіне дейінгі қашықтық;
2) авариялық хабардар ету – тиісті қызметтер мен ұйымдарға іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабар беру және осы қызметтер мен ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету мақсатында көрсетілетін әуе қозғалысына қызмет көрсетудің бір түрі;
3) авиациялық техника – авиациялық техникалық құралдардың жиынтығы (әуе кемелері, оның борт жабдықтары және агрегаттары, қозғалтқыштары, мемлекеттік авиация әуе кемелерінің авиациялық құралдары, құтқарудың авиациялық құралдары, тренажерлер жиынтығы (жазғы симуляторлар), әуе қозғалысын басқарудың толықтырушы заттары, техникалық құралдары, қондыру мен байланыс навигациялары, сондай-ақ ұшуды орындауға арналған жалпы және арнайы жерүсті ұшуларды қамтамасыз ету құралдары, әуе қозғалысын және жерүсті ұшуларды басқаруды ұйымдастыру;
4) авиациялық метеорологиялық станция азаматтық (бұдан әрі – АМС) – халықаралық аэронавигацияда пайдалануға жататын метеорологиялық мәліметтерге бақылау және жинақтау жүргізуге арналған ұшулардың метеорологиялық қамтамасыз ету органының қызметі, станциясы.
5) АТИС (ATIS) ақпараты –әуеайлақ ауданында әуе кемелерінің экипаждарын метеорологиялық және ұшу ақпаратымен шұғыл қамтамасыз етуге арналған тұрақты радиодан хабар таратушы бағдарлама (ағылшын тілінде– Aaerodrome Terminal Information Service (бұдан әрі – ATIS).
6) аэростат – тығыздығы ауаның тығыздығынан аз, қабығындағы газ есебінен көтеру күші, оның қарағанда аз болатын ауадан (қоршаған ортадан) жеңіл ұшу аппараты; аэростаттар:
басқарылатын (дирижабль);
шар тәріздес қабығы бар басқарылмайтын (еркін ұшудың әуе шарлары) (стратостаттар, радиозондар, ұшқыш шарлар, секіргіш шарлар, құтқару шарлары);
байлаулы (жылан тәрізді) болып бөлінеді.
7) аэроторап – ұшуды ұйымдастыру және орындау үшін әуе қозғалысына басқару органдарымен (әуе қозғалысына қызмет көрсету) арнайы келісімді және үйлестіруді қажет ететін жақын орналасқан әуеайлақтар;
8) авиациялық жұмыстардың минимум түрі – авиациялық жұмыстардың түрлерін орындауға рұқсат етілетін көрінімдігі, бұлттардың төменгі шекарасы биіктігінің және жел жылдамдығының ең төменгі рұқсат етілген рұқсат етілген мәні;
9) ұшудағы уақыт, азаматтық әуе кемелерінің ұшу уақыты:
ұшақтар үшін – ұшақтың ұшып көтерілу мақсатында қозғалу сәтінен бастап оның ұшу аяқталғаннан кейін тоқтаған сәтіне дейінгі жалпы уақыт;
тікұшақтар үшін – көтерме бұрамалардың қалақтары айналған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін тікұшақтың толық тоқтаған және көтерме бұрамалардың айналуы тоқтаған сәтке дейінгі жалпы уақыт;
10) аспаптар бойынша ұшып шығудың стандартты бағыты (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы SID – аспаптармен ұшу қағидалары бойынша әуеайлақтан немесе әуеайлағының белгілі бір ұшып көтерілу-қону жолағынан әуеайлақ ауданынан шығу нүктесіне дейінгі ұшып шығудың белгіленген бағыты;
11) аспаптар бойынша ұшып келудің стандартты бағыты (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы STAR– аспаптармен ұшу қағидалары бойынша әуеайлақ ауданына кіру нүктесінен аспаптар бойынша қонуға енудің жарияланған схемасымен ұшу басталатын нүктеге дейінгі ұшып келудің белгіленген бағыты;
12) апат дабылы (ұшуда авариялық жай-күйі туралы хабарлама) – әуе кемесіне және ондағы жолаушылар мен экипажға тікелей қауіп төнген және дереу көмек қажет болған жағдайларда берілетін «Апатқа ұшырадым» дегенді білдіретін халықаралық кодты дабыл (СОС телеграфты, ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы SOS, радиотелефонды (ағылшын тіліндегі MAYDAY қысқартылған аббревиатурасы)
13) аса жеңіл әуе кемелері – ұшу салмағы 750 кг (жеті жүз елу килограмм) кем әуе кемелері, сондай-ақ аэростаттар, мотодельтапландар, дельтапландар, парапландар және осы санаттағы басқа да ұшу аппараттары;
14) авиациялық жұмыс жүргізу ауданы – авиациялық жұмыстарды орындау бойынша ұшу орындалатын аудан немесе аймақ;
15) аспаптар бойынша ұшу – экипаж әуе кемесінің кеңістіктегі жағдайы мен оның орналасқан орнын толықтай немесе ішінара пилоттық-навигациялық аспаптар бойынша анықтайтын жағдайларда орындалатын ұшу;
16) әуеайлақтағы атмосфералық қысым – ұшу-қону жолағының жұмыс шегі деңгейінде сынап бағанасында миллиметрде (бұдан әрі – сын. бағ. мм.), миллибарда (бұдан әрі – мбар) немесе гектопаскальда (бұдан әрі – гПа) атмосфералық қысымның мағынасы.
17) гидроәуеайлақ – су бетінде әуе кемелерінің толық немесе жартылай қонуына, ұшуына және қозғалысына арналған су бетінің (ғимараттар, құрылыстар және жабдықтарды қоса алғанда) белгілі учаскесі;
орналасу әуеайлағы (базалық әуеайлақ) – әуе кемелерін тұрақты қондыру және осы мақсаттар үшін қажетті құрылыстары бар әуеайлақ;
таулы әуеайлақ (гидроәуеайлақ) – ойлы-қырлы бедері бар және әуеайлақтың (гидроәуеайлақ) бақылау нүктесінен 500 метрден (бұдан әрі – м.) асқан және 25 километр (бұдан әрі – км.) шеңберінен асатын жерде немесе 1000 м. не одан да көп су деңгейіндегі биіктікте орналасқан әуеайлақ;
санатталған әуеайлақ – I, II, III A, III В және III С санаттарының минимумы бойынша қонуға кіруді және қонуды қамтамасыз етуші байланыс және радиожарықтехникалық құралдарымен жабдықталған әуеайлақ;
белгіленген әуеайлақ – ұшу жоспарында немесе ұшу тапсырмасында (ұшу парағында) көрсетілген қону әуеайлағы ретінде белгіленген әуеайлақ, белгіленген әуеайлақтар аралық және соңғы қону әуеайлағы болып екіге бөлінеді;
18) әуе жағдайы – әуе кеңістігінің белгілі бір ауданында (әуе трассалары мен олардан тыс бағыттарда, әуеайлақ ауданында, авиациялық жұмыс ауданында) әуе кемесі мен басқа да объектілердің тік және көлденең жазықтықтарда бір уақытта өзара орналасуы;
19) әуе шары – еркін ұшудағы немесе зәкірленген жағдайлардағы сфералық қабықшасы бар басқарылмайтын аэростат;
20) әуе кемесінің командирі – экипажда жетекші болып табылатын және әуе кемесінің ұшуының орындалуына және қауіпсіздігіне жауапты пилот (ұшқыш);
21) әуеайлақ минимумы – осы әуеайлаққа осы үлгідегі әуе кемесінің ұшып көтерілуіне немесе қонуына рұқсат берілетін көрінімнің (ұшу-қону жолағындағы көрінім), бұлттардың төменгі шекарасы биіктігінің (тік көрінімнің) ең аз рұқсат етілген мәні;
22) әуе кемесінің минимумы – осы үлгідегі әуе кемесімен қауіпсіз ұшып көтерілуге және қонуға рұқсат етілетін ұшу-қону жолағы (көрінім) мен бұлттардың төменгі шекарасы биіктігіндегі (тігінен көрінудің) көрінудің ең аз рұқсат етілген мәні;
23) әуе кемесі командирінің (екінші пилоттың) минимумы – әуе кемесінің командиріне пилотқа (ұшқышқа), осы үлгідегі әуе кемесінде визуалды ұшудың қағидалары бойынша ұшып көтерілуіне, қонуға немесе ұшып қонуға рұқсат етілетін ұшу-қону жолағындағы (көрініс) көрінімнің және шешім қабылданған биіктіктің (бұлттардың төменгі шекарасының биіктігі немесе тік көрінім) ең аз рұқсат етілген мәні;
24) әуе кемесінің мұздануы – әуе кемесінің түрлі бөліктерінде мұздардың шөгіндірілуі;
25) әуе қозғалысына қызмет көрсету органы (бұдан әрі -ӘҚК) немесе мемлекеттік авиацияның әуе қозғалысын басқару (бұдан әрі – ӘҚБ) органы– әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органы, ұшу ақпараты орталығы немесе әуе қозғалысына қызмет көрсетудің аэронавигациялық ұйымдастыруға қатысты хабарламаларды жинақтау пункті;
Әуе кемелерін жерде және ауада жоспарлау, үйлестіру, ұшуды қамтамасыз ету және әуе кемелерінің қозғалысын қамтамасыз ету, сондай-ақ ұшудың белгіленген режимін ұстануын және әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бақылаудың кешенді процесін жүзеге асыратын орган;
26) әуе кемесінің ұшу уақыты – ұшып көтерілу барысында екпін алудың басынан бастап (тігінен ұшу кезіндегі жер немесе су бетінен жұлқа көтерілуі) жүріп өту (тоқтаусыз ұшу-қону жолағын босату) немесе тігінен қону кезіндегі жер (су) бетіне жанасудың аяғына дейінгі жер (су) бетінде және әуе кеңістігінде әуе кемесінің жүру уақыты;
27) әуе кемесін ұшуда пайдалану уақыты – ұшуды орындау мақсатында әуе кемесінің қозғалтқышты (қозғалтқыштарды) іске қосу уақытынан бастап, оны өшіргенге дейінгі жалпы уақыт;
28) ауада рульдеу – жердiң үстiңгi бетiнiң («әуе жастығы») әсерiн пайдалана отырып, рульдеуді белгiлеу бойынша әуеайлақтың (қону алаңы) бетінен тiкұшақтың қозғалысы;
29) әуеайлақ ауданы – белгіленген шекарада, көлденең және тік жазықтықтарда, әуеайлақ және оған іргелес жер үстіндегі әуе кеңістігі;
30) әуе қозғалысына қызмет көрсету ауданы – әуе қозғалысына қызмет көрсетудің диспетчері арқылы жүзеге асырылатын әуе трассалары және олардан тыс бағыттар бойынша әуе қозғалысына қызмет көрсетілетін шеңбердегі белгіленген өлшемдегі әуе кеңістігі;
31) әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық қызмет көрсету – қауіпсіз ұшуды орындау үшін қолданыста бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультация және ақпаратты беру мақсатындағы қызмет көрсетудің түрі;
32) әуе кемесінің ұшу режимі – әуе кемесінің түрлі кезеңдеріндегі оның ұшу параметрлері;
33) әуе кемелері қозғалыс туралы ақпарат беретін радиотаратылымды бағдарламалар – (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббреватурасы – TIBA) – пилоттармен жүзеге асырылатын хабарлауды жеткізу және жақын маңдағы әуе кемелерінің пилоттарына мәлімет ретінде консультациялық сипаттағы қосымша ақпарат;
34) бірлесіп орналастыру әуеайлағы – мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияға жататын әуе кемелер орналастырылатын мемлекеттік және азаматтық авиацияның әуеайлақтары;
35) борттық өздігінен жазатын құрал – ұшу параметрлері және әуе кемесін пайдалану туралы ақпаратты сақтау мақсатында әуе кемесінің бортында орнатылатын кез келген өздігінен жазатын құрал;
36) шайқалу – турбуленттi атмосферада ұшу кезiнде әуе кемесiнiң ретсiз қозғалысы:
бірқалыпты шайқалым – сенімді басқаруды қамтамасыз ететін әуе кемесі жағдайының және (немесе) абсолюттік биіктігінің бірқалыпты өзгеруі, мұндағы әуе кемесінің ауырлық күшінің ортасында акселерометрдің көрсеткіші 0,5÷1,0g, ұшу және қону кезінде бірқалыпты шайқалым ±0,3÷0,4g құрайды;
мықты бұлтақтау – әуе кемесі жағдайының және (немесе) абсолюттік биіктігінің күрт өзгеруі, әуе кемесі қысқа мерзім ішінде әуе жылдамдығының тиісті өзгеруіне, әуе кемесінің ауырлық күшінің ортасында 1.0 g асатын акселерометрдің көрсеткішіне, ал қону және ұшу кезінде үстемнің ±0,4g шамадан артық болуына байланысты басқаруға бағынбайды;
37) борт жабдығы – борттық керек-жарақ қорларын және қосалқы бөлiктерiн қоспағанда, ұшу кезiнде әуе кемесiнiң бортында пайдалануға арналған заттар түсiру оның iшiнде алғашқы көмек құралдары мен авариялық-құтқару жабдығы борт жабдықтары – ұшып көтерілу уақытында әуе кеме бортында пайдалануға арналған дайындап алған борттық ішіп-жем және салмалы қосалқы бөлшектерден басқа жабдықтар, оның ішінде алғашқы көмек көрсету жабдықтары және авариялық – құтқару жабдықтары;
38) борттық ұшу-навигациялық жабдықтары – өлшеу, есептеу, басқарушы жүйелер мен құрылғылардың, сондай-ақ ұшып көтерілуден қонуға дейін қолмен, автоматты, жартылай автоматты және автоматты түрде басқарылатын әуе навигациясымен қамтамасыз етуге арналған әуе кемесінің бортында ақпаратты кескіндеу және экипажға ақпаратты беру жүйесі;
39) брифинг (ағылшын тілінде briefing, brief – «қысқа» деген сөзден алынған) – әуе кемелерінің ұшу экипаждарына ұшу алдында ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсету;
40) бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi-тiгiнен алғанда құрлық (су) бетi мен бұлттың ең төменгi қабатының төменгi шекарасының арасындағы қашықтық, бұлттың төменгi шекарасын анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тiгiнен көру мүмкiндiгiнiң мәнi қолданылады;
41) бақыланатын әуе кеңістігі – диспетчерлік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі;
42) таулы жер – 25 км радиусте бедерлi қималары мен салыстырмалы түрде 500 м және одан да астам қырқасы бар жер, сондай-ақ теңiз деңгейiнен 2000 м және одан да астам биiктiктегi жер;
43) бақыланбайтын әуе кеңістігі – әуе кеңістігінің жіктеуішіне сәйкес әуе қозғалысының ұшу-ақпараттық қызмет көрсетілуі қамтамасыз етілетін немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері жоқ әуе кеңістігі;
44) көлденеңінен эшелондау - әуе кемелерін жол желiсi бойымен уақыт немесе қашықтық бойынша белгiленген аралықтарда бiр биiктiкте орналастыру;
45) бүйiрге қарай эшелондау - әуе кемелеін жол желiсi арасындағы қашықтық немесе бұрыштық қиылысу бойынша белгiленген аралықтарда бiр биiктiкте орналастыру;
46) белгiленген бағыт – уәкiлеттi органдармен, мүдделi ведомстволармен және ұйымдармен келiсiлген, авиациялық жұмыстар жүргiзуге арналған, әуе трассасы мен жергiлiктi әуе желiсiнен тыс бағыт;
47) бағдардан айырылу – пилот (ұшқыш) белгiленген ұшуды жалғастыру үшiн қажеттi дәлдiкпен өзiнiң тұрған жерiн анықтай алмайтын жағдай;
48) векторлау (радиолокациялық бағыттау) – қадағалау жүйелердің деректерiн пайдалану негiзiнде белгiлi бiр бағамдарды көрсету көмегiмен әуе кемесiн навигациялық бағыттауды қамтамасыз ету;
49) визуалды ұшу - әуе кемесiнiң кеңiстiктегi жағдайын және оның тұрған жерiн табиғи көкжиек және жердегi бағдар бойынша пилот (ұшқыш) оны көзбен шолып анықтайтын кездерде орындалатын ұшу;
50) дельтаплан, планер – ауадан ауыр әуе кемесі қуат қондырғысымен қозғалысқа келтірілмейді, оның негізінен көтерілу күші ұшудың бұл жағдайында қозғалыссыз қалатын беттердегі аэродинамикалық реакция есебінен болады;
51) дирижабль – қуат қондырғысы арқылы қозғалысқа келтірілетін басқарылатын аэростат;
52) ерекше жағдай – авиациялық техниканың тосыннан iстен шығуы немесе әуе кемесiнің, жолаушылардың және экипаждың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн экипаждан стандартты емес iс-қимылдар жасауды талап ететiн жағдайларға тап болуы нәтижесiнде пайда болатын жағдай;
53) есепті уақыт – экипаждың әуе кемесiнiң белгiленген нүктеден (бақылау нүктесi, бағдар, мiндеттi хабарлау пунктi, бағыттың бұрылу нүктелерi, әуеайлақтық-навигациялық құрал немесе әуеайлақтың бақылау нүктесi) ұшып шығуына (ұшып келуiне) есептеген уақыты;
54) екпiн алудың қолда бар ара қашықтығы (бұдан әрi - ЕҚА) – ұшып көтерілуге бет алған әуе кемесiнiң екпін алуы үшiн жеткілікті және жарамды ұшып көтерiлу - қону жолағының ұзындығы;
55) жергiлiктi әуе желiсi – биiктiгi мен енi жағынан шектелген
және әуе кемесінің ұшуына арналған төменгi әуе кеңiстiгiндегi дәлiз;
56) жазық жер – 25 км радиусте салыстырмалы түрде 200 м дейiн бедерлi қырқасы бар жер;
57) жабдықталған ұшу-қону жолағы – аспаптар бойынша қонуға кіруді орындайтын әуе кемелеріне арналған төменде аталған ұшу-қону жолағы үлгілерінің бірі:
қонуға бет алудың дәл емес жүйесі бойынша бет алу үшін және визуалды құралдармен және ең болмағанда әуе кемесін қонуға түзу бет алу бағытына дәлдеуді қамтамасыз ететін визуалды көруге болатын құралдардың қандай да бір түрімен жабдықталған ұшу-қону жолағы;
ИКАО І санаты бойынша қонуға дәл бет алу үшін жабдықталған ҰҚЖ, кемінде 60м (200 фут) биіктікпен немесе 800 м кем көрінуі немесе ҰҚЖ 550м кем көру алыстығы кезінде шешім қабылдаумен қонуға ену үшін тағайындалған ILS жүйесімен және/немесе MLS жүйесімен жабдықталған ИКАО І санатты минимумы бойынша қонуға дәл бет алуға арналған визуалды көруге болмайтын құралдармен жабдықталған ұшу-қону жолағы;
ИКАО ІІ санаты бойынша қонуға дәл бет алу үшін жабдықталған ҰҚЖ, кемінде 60м (200 фут) биіктікпен бірақ 30м (100 фут) кем көру алыстығы кезінде және ҰҚЖ кемінде 300м көріну қашықтығы кезінде шешім қабылдаумен қонуға ену үшін тағайындалған ILS жүйесімен және/немесе MLS жүйесімен жабдықталған ИКАО ІІ санатты минимумы бойынша қонуға енуге арналған визуалды құралдармен жабдықталған ұшу-қону жолағы;
ИКАО ІІІ санаты бойынша қонуға дәл бет алу үшін жабдықталған ҰҚЖ; ILS жүйесімен және/немесе MLS жүйесімен жабдықталған ҰҚЖ-ның барлық бетіне дейін және өн бойында әрекет етеді және тағайындалады:
ІІІ А санаты бойынша– кемінде 30м (100 фут) биіктікпен немесе кемінде 30м (100 фут) немесе ҰҚЖ көру алыстығы кезінде кемінде 175 м кезінде және ҰҚЖ кемінде 300 м көріну қашықтығы кезінде шешім қабылдаумен қонуға ену қону;
ІІІ В санаты бойынша – жермен жүру көріну қашықтығы кемінде 15м (150фут) немесе биіктігі бойынша шешім қабылдау шексіз және ҰҚЖ көріну қашықтығы кемінде 175 м, бірақ көріну қашықтығы 50-ден кем емес шешім қабылдаған биіктік бойынша шектеусіз) кезінде қонуға ену және қону үшін;
ІІІ С санаты бойынша – шешім қабылдау биіктігі бойынша және ҰҚЖ көріну қашықтығы бойынша қонуға ену үшін және шектеулерсіз қонуға
58) жел жылдамдығы бойынша шектеулер – осы үлгідегі әуе кемесінің ұшуын және қонуын қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік беретін метеорологиялық жағдайлар мен ұшу-қону жолағының (қону алаңының) жай-күйіне қарай желдің көлденеңінен және бүйірге қарай соғу жылдамдығының шекті мүмкіндікті мәні, сондай-ақ авариялық жұмыстардың осы түрін орындауға рұқсат етілетін соғу жылдамдығының шекті мүмкіндік мәні;
59) жедел дабылы («ЬЬЬ» - телеграфты, «PAN» - радиотелефонды) – әуе кемесіне және ондағы жолаушылар мен экипажға ықтимал қауіп жағдайларында берілетін халықаралық дабыл;
60) жел екпiнi – шығыс және кiрiс ағындарын қоса алғанда, әуе кеңiстiгiндегi жел бағытының және (немесе) жылдамдығының өзгеруi:
желдің әлсіз екпіні –30 метр биіктікте 2 м/с-ға дейін;
желдің бірқалыпты екпіні – 30 метр биіктікте 2 м/с-нан 4 м/с-ға дейін;
желдің қатты екпіні – 30 метр биіктікте 4 м/с-нан 6 м/с-ге дейін;
желдің өте қатты екпіні – 30 метр биіктікте 6 м/с-ге дейін және одан астам;
61) рульдеу - ұшып көтерiлудi және қонуды қоспағанда, әуе кемесінiң өзiн тарту есебiнен әуеайлақ бетiмен қозғалуы;
62) инженерлік-техникалық құрам – авиациялық техникаларды қамтамасыз ету, пайдалану, сақтау және жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланысты лауазымға ие және арнайы дайындығы бар авиациялық персонал;
63) көру мүмкiндiгi - күндiз жарық түспейтiн елеулi
объектiлерде және түнде жарық түсiрiлген елеулi объектiлерде көруге және айырып тануға мүмкіндік беретін ең ұзақ қашықтық;
ұшу-қону жолағында көру мүмкіндігі – (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббреватурасы - Runway Visibility Range (бұдан әрі – RVR)) – ұшу-қону жолағының ось сызығында ӘК ұшқышы қашықтық шегінде ұшу-қону жолағының бетінен таңбаланған белгілер немесе жалын көре алатын, ұшу-қону жолағын шектейтін немесе оның ось сызығын таңбалайтын қашықтық;
64) күту аймағы – әуе кемелерiнiң әуеайлаққа жақындауына және/немесе қонуға енуiне кезегiн күту үшiн, әдетте әуеайлақ (аэроторап) ауданының радионавигациялық нүктесi үстiнде белгiленген белгiлi бiр мөлшердегi әуе кеңiстiгi;
65) кабина экипажының мүшесі – қауіпсіздік мүддесі үшін және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінде оған пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі тапсырған міндеттерді орындайтын авиациялық персоналға жататын ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын тұлға;
66) күту аймағында ұшу схемасы - әуе кемесiнiң келесi рұқсат берудi күту үшiн белгiлi бiр әуе кеңiстiгi шегiнде қалуына мүмкiндiк беретiн алдын ала белгiленген маневр;
67) күрделi метеорологиялық жағдайлар (азаматтық авиация үшін) – метеорологиялық көрiну 2000 м және одан аз және (немесе) олардың жалпы көлемi кезiнде 2 октанттан астам үш-төрт балл кезде бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi 200 м және одан төмен болатын жағдайлар;
68) күрделі метеорологиялық жағдайлар (мемлекеттік авиация үшін) – ұшулардың толығымен не жартылай аспаптар (жер немесе табиғи көкжиек көрінбеген жағдайда) бойынша немесе төменгі бұлтты және шекті көріністе визуалды түрде орындалатын жағдайлар;
69) күту рәсімі (ағылшын тілінде - Holding procedure), кейінгі рұқсат етуін күту уақытында әуе кемесінің белгілі әуе кеңістікте болуына мүмкіндік беретін белгіленген маневрлер;
70) кету (қайта оралу) межесі – әуе кемесінің жолында белгiленген, ұшуды орындауы және қосалқы әуеайлаққа (ұшып шығу әуеайлағы) қонуы үшiн жеткiлiктi, жанармайы осы әуе кемесі ұшуда пайдалану жөнiндегi нұсқаулықта белгiленген мөлшерден аз емес, қосалқы әуеайлақтан (ұшып шығу әуеайлағы) алшақ меже;
71) әуе қозғалысына қызмет көрсетудің (басқарудың) қабылдау (тапсыру) межесі – рульдеу бағдарында немесе әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) органның бірі аталған әуе кемесіне қызмет көрсетуді екінші органға тапсыратын әуе кемесі ұшуының траекториясында белгіленген меже;
72) қауiпсiз биiктiк - әуе кемесiн жер (су) бетiмен немесе ондағы кедергiлермен соқтығысудан сақтауға кепiлдiк беретін ұшу биiктiгi;
73) соқтығысуды ескертудiң борттық жүйесi (бұдан әрi - СЕБЖ) ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы – Airborne Collision Avoidance System (бұдан әрі – ACAS) – жерүстi жабдығынан тәуелсiз жұмыс жасайтын және пилотқа (ұшқышқа) қосарлы шолу радиолокаторының қабылдау жауап бергiштерiмен (бұдан әрi - ҚШРҚ) жабдықталған әуе кемелерi туындатуы мүмкiн шиеленiстi жағдай туралы ақпаратты беретiн ҚШРҚ белгiлерiн пайдалануға негiзделген борттық жүйе;
74) визуалды қонуға кіру – аспаптар бойынша қонуға кіру схемасы ішінара немесе толықтай сақталмайды және көзбен шолып кіру жер бетіндегі бағдар бойынша орындалады Визуалды ұшу қағидалары бойынша ұшу кезінде аспаптар бойынша қонуға кіру схемасын ұстануды талап етілмейді;
75) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылық нормалары – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әуе кемелерінің және олардың компоненттерінің конструкцияларына, параметрлері мен ұшу сапасына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;
76) қауiптi жақындау – әуе кемелерiнiң өзара немесе басқа материалдық объектiлермен қасақана емес және ұшуға арналған тапсырмада көзделмеген, нәтижесiнде олардың соқтығысу қаупi туындайтын, осы Қағидаларда белгiленген аралықтың жартысынан аз жақындауы;
77) қону алаңы – әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, қонуына ыңғайлы жер (су, мұзды) учаскелері немесе арнайы дайындалған жасанды алаң;
78) ұшу алдындағы медициналық бақылау – ұшу алдында әуе кемесінің экипаж мүшелерінің денсаулығы мен жұмыс қабілеті жағдайының куәландырылуы;
79) қону алдындағы тура жол шығу нүктесінен бастап қону нүктесіне дейін қонуға кіру нүктесінен қорытынды бөлігі;
80) ұшу құрамын тексеру – ұшу құрамы мүшелерінің ұшу тапсырмасын орындау процесінде олардың кәсіби дайындық деңгейлерін анықтау;
81) қону қашықтығы – көлденеңнен әуе кемесі жүретін қашықтық:
15 метр биіктіктен қонуға 200 км/сағ және одан жоғары жылдамдықпен енуі;
9 метр биіктіктен қонуға 200 км/сағ және одан жоғары жылдамдықпен енуі;
82) мәжбүрлі қону – жоспарға сәйкес ұшуды орындауға мүмкіндік бермейтін себептер бойынша әуеайлаққа, қону алаңына немесе әуеайлақтан тыс жерлерге қону;
83) мемлекеттік авиацияның әуеайлағының жабдықталған ұшу-қону жолағы – радиотехникалық құралдармен жабдықталған және әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын), автомобиль жолдарының әуеайлақтық учаскелерді пайдаланғау жарамдылық нормаларына және аталған әуеайлақта қондырылған әуе кемелері үшін белгіленген, қолайсыз ауа-райы кезінде мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің қонуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарына қойылатын тактика-техникалық талаптарға сәйкес келетін ұшу-қону жолағы;
84. Ең аз жабдықтар тізімі (ағылшын тілінде - Minimum Equipment List, бұдан әрі - МЕL), жеке әуе кемесінің немесе мұндай пайдаланушының әуе кемелері тобының және үлгілік ең аз жабдықтар тізбесімен салыстырғанда кеңейтуі мүмкін емес жабдықтар құрамы мен пайдалану шарттарын, конфигурациясын есепке алғанда, үлгілік ең аз жабдықтар тізбесі негізінде пайдаланушы құрайтын, оның үлгілік құрылғысында көзделген ең аз рұқсат етілетін істен шығулармен әуе кемелерін ұшуға пайдалануын реттейтін құжат.
85) мемлекеттік авиация экипажының мүшесі – ұшу уақыты ішінде әуе кемесінің бортында белгілі бір міндеттерді орындау үшін тағайындалған, авиациялық персоналға жататын тұлға;
86) маневр жасау алаңы (ағылшын тілінде - Manoeuvring area) – әуе кемесінің ұшып көтерілуі, қонуы және онымен байланысты қозғалысы үшін пайдаланылатын әуеайлақтың бір бөлігі;);
87) міндетті хабарлау пункті – пилот (ұшқыш) міндетті түрде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органына ұшу туралы хабарлайтын әуе трассасындағы, маршрутындағы немесе дәлізіндегі географиялық (геодезиялық) нүкте (бағдар) немесе радионавигациялық нүкте;
НОТАМ - кез-келген аэронавигациялық жабдықтардың жағдайы немесе ондағы өзгерістер, қызмет көрсету және қауіпсіздік туралы ережені немесе ақпаратты қолданысқа енгізу, ұшуды орындауға байланысты персонал үшін аса маңызды болып табылатын, уақытылы ескертілетін электробайланыс құралдары арқылы таратылатын хабарлама (ағылшын тілінде - Notice to airmen (бұдан әрі - NOTAM);
88) Қарлы НОТАМ (SNOWTAM) - әуеайлақтың жұмыс аумағында қардан, мұздан, лайдан немесе тоспа судан туындаған қауіпті жағдайлардың пайда болуы немесе жойылуы туралы арнайы сериялы, ұшуды орындауға байланысты персоналға уақтылы білуі маңызды болып табылатын хабарлама (бұдан әрі - SNOWTAM);
ASHTAM – NOTAM – жанартау қызметінің өзгеруі, жанартаудың немесе аспандағы жанартау күлдерінің атылуы туралы ақпаратымен, әуе кемелерінің ұшу өндірісі үшін аса маңызды, арнайы сериялы хабарлама.
89) отынның аэронавигациялық қоры – бекітілген бағдардың ауытқу, қарсы соққан жел жылдамдығының күшеюі немесе басқа да жағдайлардың салдарынан қосалқы әуеайлаққа (ұшу алаңы) қонуға қажеттіліктің туындауына байланысты ұшу жоспары өзгерген жағдайда қажетті, ұшып шыққан әуеайлақтан (қону алаңы) бекітілген әуеайлаққа (қону алаңы) дейін ұшуға отыннан тыс отынның резерві.
90) өту биіктігі – барометрлік биіктік өлшегіштің қысым шкаласы берілген эшелонды алу кезінде 760 мм. сын. бағ. (1013,25 мбар/гПа) қысым мәніне ауыстыру үшін әуеайлақ ауданында белгіленген салыстырмалы (абсолютті) биіктік;
91) өту эшелоны – барометрлік биіктік өлшегіштің қысым шкаласын 760 мм. сын. бағ. (1013,25 мбар/гПа) қысымынан әуеайлақ қысымына немесе теңіз деңгейіне келтірілген ең аз қысымға ауыстыру үшін белгіленген эшелон. Өту эшелоны әуеайлақтағы (аэротораптағы) ұшудың төменгі қауіпсіз эшелоны болып табылады;
92) өтпелі қабат – өту биіктігі мен өту эшелоны арасындағы әуе кеңістігі, көлденең ұшу режиміндегі әуе кемелерінің өтпелі қабатта ұшуына тыйым салынады;
93) ВҰҚ бойынша арнайы ұшу – әуе қозғалысына қызмет көрсету органымен (әуе қозғалысын басқару) ВҰҚ бойынша ұшудың төменгі жағдайына қарағанда, аса қолайлы метеорологиялық жағдайларда диспетчерлік аймақта рұқсат етілген ұшу.
94) рұқсат беру шекарасы - (ағылшын тілінде- Clearance limit) - әуе кемесіне диспетчерлермен рұқсат берілген орын;
95) радиолокациялық бақылау – әуе кемелеріндегі экипаждарға, оларға әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары белгілеген жағдайлардан ауытқуды қоса алғанда, ұшу тракториясынан елеулі ауытқу туралы ақпараттар мен хабарламаларды беру мақсатында радиолокаторды пайдалану;
96) СИТА ақпараты (француз тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы SITAі, (бұдан әрі - SITA) – пайдаланушының аэронавигациялық ақпараттық ұйымдармен уағдаластығы негізінде, ұшу тапсырмасын (әуе тасымалдау) орындау үшін әуе кемесінің экипажына берілетін ұшудың аэронавигациялық, есептік, жұмыс жоспары.
SITA – Халықаралық авиациялық электр байланыс қоғамы (француз тіліндегі бастапқы мағынасы - Société Internationale de Télécommunications Aéronautiques) - авиация саласында телекоммуникациялық және IT қызметін ұсынатын швейцариялық көпұлтты ақпараттық ұйым.
97) таңбаланған меже – перпендикулярлы әуе трассасында тік жазықтықта әуе кеңестігіндегі шекара (ұшу маршруты немесе дәлізі), орналасу орнын РНТ немесе жеке жетек радиостанцияны жергілікті орнатудан (ЖЖРС) немесе таңбалық шамшырақтан бұрыш - алыс өлшеуіш жүйесі бойынша анықталады;
98) таулы жер – 25 км радиусте бедерлі қималары мен қатысты биіктеу 200-ден 500 м қырқасы бар жер.
99) тігінен эшелондау – әуе кемелерінің белгіленген аралықтардағы биіктік бойынша бытырауы;
100) үлгілік ең аз жабдықтар тізімі (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббреватурасы - Minimum Equipment List, (бұдан әрі - MMEL)) жекелеген жағдайда әуе кеме жабдықтарының жұмыс жасамай қалуымен, оның ұшуда пайдалану қағидаларын реттейтін пайдаланушы конструкторлық құжат. Сонымен бірге, жұмыс жасамай қалған жабдықтар типтік құрылымның бір бөлігі болып табылады және уақытша жұмыс жасай алмау кезінде пайдаланудың белгілі жағдайларында, оның ұшу жарамдылығымен белгіленген нормаларымен әуе кемесінің қауіпсіздік деңгейін төмендетпей, әуе кемесінің ұшуына рұқсат берілген жағдайда, тізбеге әуе кемесінің құрамдас бөліктерін қосады.
Тізбеге қосымша рәсімдер мен ұшулардың тоқтап қалып жұмыс жасауын және пайдалануға рұқсат берілген мерзім бойынша әуе кемесінің ұшуы мен техникалық пайдалану саласындағы шектеуді анықтайды.
101) тік көрінім –жер бетіндегі объектілердің тігінен төмен көрінетін деңгейден жер бетіне дейін ең жоғарғы рұқсат етілген қашықтық;
102) тік эшелондаудың қысқартылған минимумы (Reducе Vertical Separation Minimum – ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы RVSM (бұдан әрі – RVSM) – RVSM қолдана отырып, ұшуға рұқсаты бар әуе кешелерін эшелондау үшін 8850 м (FL290) және 12500м (FL 410) аралығындағы ауқымда қолданылатын тік эшелондау аралығы;
103) тоқтатылған ұшудың жүру қашықтығы (бұдан әрі - ТҰЖҚ) – егер қарастырылған жағдайда, тежеудің соңғы жолағының екпіні мен ұзындығының жүру қашықтығының сомасы;
104) тексеруші – ұшу командасының, инспекторлық және инструкторлық құрамның, аталған түрдегі әуе кемесінде инструкторлық және (немесе) емтихандық ұшуға рұқсаты бар және экипажға ұшу құрамын немесе олардың жаттығуларын тексеру мақсатында енетін лауазымды тұлға;
105) ұшу кедергісінің абсолюттік (салыстырмалы) биіктігі – ҰҚЖ тиісті шектен асыруының немесе кейбір жағдайларда ұшу кедергісінің тиісті өлшемдерін ұстануын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын әуеайлақтардан асырудың төменгі абсолюттік немесе төменгі салыстырмалы биіктігі;
106) ұшулардың әуеайлақтық шеңбері – ұшудан кейінгі биіктікті, қондыруға ену үшін төмендетуді алу, қондыруды күту, әуеайлақтың үстінен (ұшу алаңы) ұшуды орындауға арналған әуеайлақтың ауданында белгіленген бағдар (немесе оның жартысы).
107) ұшу қауiпсiздiгi – ұшудың қауiпсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн шаралар кешенi, бұл ретте адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру немесе мүлкіне залал келтіру тәуекелі шекті деңгейге дейін төмендетіледі және қауіптілік көздерін анықтаудың және тәуекел факторларын бақылаудың үздіксіз процесі арқылы осындай не бұдан да төмен деңгейде сақталады;
108) ұшу алдындағы ақпарат бюллетені (бұдан әрі - ҰАҚ) – аэронавигациялық ақпарат қызметінің (бұдан әрі - ААҚ) маңызды пайдалану мәні бар хабарламасы, ескерту парағы қоса берілген ұшу алдында дайындалған ағымдағы ақпарат;
109) ұшу дистанциясы – ажырау нүктесінде ҰҚЖ шекті деңгейіне қатысты мәре нүктесінен 10 м. биіктік нүктесіне дейін әуе кемесі өтетін көлденең бойынша қашықтық;
110) ұшу – қону жолағы - әуе кемелердің қонуына және ұшып көтерілуіне арналған құрғақ жолды әуеайлақтың ұшу жолағының белгілі тікбұрышты телім;
111) ұшу биіктігі – бастау қабылданған деңгейден бастап әуе кемесіне дейінгі тік арақашықтық;
112) ұшуға тапсырма (ұшу парағы) – әуе кемесі туралы тиісті мәліметті қамтитын және ұшудың (ұшулардың) бағыты мен мақсатын айқындайтын белгіленген нысандағы құжат;
113) ұшып көтерілу және қону аймағы – әуеайлақ деңгейінен бастап, ұшу және қонуға ену кезінде әуе кемелерінің маневр жасауын қамтамасыз ететін шекараларында белгіленген биіктікке дейінгі (күту аймағының екінші эшелонын қоса есептегенде) әуе кеңістігі;
114) ұшу алаңы – әуеайлақтың бір немесе бірнеше ұшу жолағы, жермен жүру жолы, перрондар мен арнайы мақсаттағы алаңдар орналасқан бөлігі;
115) ұшу-қону жолағын, қауіпсіздіктің іргелес және соңғы аймақтарын қоса алғандағы әуеайлақтың ұшу алаңының учаскесі;
116) ұшу эшелоны – қысымның 760 мм. сын. бағ. (1013,25 мбар/гПа) белгіленген шамасына жатқызылған және қысымның белгіленген аралығы шамасындағы басқа да мұндай биіктіктен кейін қалатын тұрақты атмосфералық қысым беті;
117) ұшу экипажының мүшесі – авиациялық персоналдың қолданыстағы куәлігі бар авиациялық персоналға жататын тұлға, оған ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты лауазымдық міндеттемелер жүктеледі;
118) ұшу жоспары немесе флайт жоспары - (ағылшын тілінде - Flight plan, FPL) - ӘҚҚО органына ұсынылатын әуе кемесінің жоспарланған ұшуы немесе ұшу бөлігі туралы белгілі мәліметтерден тұратын белгіленген нысандағы құжат;
119) ұшу-қону жолағының табалдырығы – әуе кемелерінің қонуы үшін пайдаланылатын ұшу-қону жолағы уаскелерінің басы;
120) ұшудың жұмыс жоспары (навигациялық есеп) - пайдаланушы аталған бағдарда және тиісті әуеайлақтарда әуе кемесінің ұшу-техникалық сипатын, пайдалану шегін және болжалды жағдайларды ескере отырып, ұшуды қауіпсіз орындау үшін құрастырған ұшу жоспары немесе навигациялық есебі;
121) ҰПН - әуе кемелерін өндірушілер шығаратын «Әуе кемелерін ұшуда пайдалану бойынша нұсқаулық» атты экипаждар мен қызмет көрсету персоналдарына арналған әуе кемесін пайдалану қағидаларының қысқарған атауы;
122) халықаралық әуежай – кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндік бақылау ұйымдастырылатын, халықаралық әуекемелермен қамтамасыз ететін әуежай;
123) халықаралық әуе трассасы (бұдан әрі –ХӘТ) – халықаралық ұшуларға ашық әуе трассасы;
124) эшелондау – әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін белгіленген аралықтардағы әуе кеңістігінде әуе кемелерінің тігінен, бойлап немесе бүйірге қарай бытырауын білдіретін жалпы термин;
125) шешім қабылдау биіктігі (бұдан әрі – ШҚБ) – ҰҚЖ шегінің деңгейіне қатысты белгіленген биіктік;
Егер осы биіктікке қол жеткізгенге дейін әуе кемесінің командирі немесе пилот қонуға бет алу үшін бағдарлармен қажетті визуалды байланыс орната алмаған;
әуе кемесінің кеңістіктегі жағдайы немесе оның қозғалысының параметрлері қауіпсіз қонуды қамтамасыз ете алмаған жағдайларда екінші айналымға кетуге маневр жасау туралы шешім қабылдау қажет.
126) шешім қабылдау жылдамдығы –қозғалтқыш істен шыққан жағдайда ұшып көтерілуді қауіпсіз тоқтатуға не қауіпсіз ұшып көтерілуді жалғастыруға болатын ұшақ екпінінің ең жоғарғы жылдамдығы.
127) іздестіру және құтқару ауданы – өз шегінде іздестіру-құтқару операцияларын қамтамасыз ететін, іздестіру және құтқарудың үйлестіру орталығымен байланысты белгілі көлемдегі аймақ;
Достарыңызбен бөлісу: |