2. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына,
жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және
жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны
(лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік
күндер санына беріледі.
3. Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай
түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;
2) жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы.
4. Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, балалардың күтіміне, өндірістен қол
үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік
мақсаттарда жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.
5. Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:
1) жалақы сақталмайтын демалыс;
2) оқу демалысы;
3) жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды)
асырап алуға байланысты демалыс;
4) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы
сақталмайтын демалыс.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе,
әлеуметтік демалыста болған кезең еңбек өтіліне есептеледі.
6. Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
88-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ұзақтығы
Егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік
құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің
актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік
жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы
беріледі.
89-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары
1. Мыналарға:
1) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті
жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен
лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және
(немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес ұзақтығы кемінде күнтізбелік
алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары
беріледі.
Ауыр, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы еңбегі өндірістік
объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған
жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары
беріледі.
Жұмыс беруші өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша, сондай-
ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды
өткізбеген жағдайда, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары
Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр
жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың
тізбесіне сәйкес толық көлемде беріледі;
2) бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге ұзақтығы кемінде
күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек
демалыстары беріледі.
2. Жұмыскерлердің өзге санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру
және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі
мүмкін.
3. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскерлерге үздіксіз ұзақ жұмысы,
маңызды, күрделі, жедел жұмыстарды, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды
орындағаны үшін көтермелеу сипатындағы жыл сайынғы ақы төленетін
қосымша демалыстар белгіленуі мүмкін.
90-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын есептеу
1. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын
жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы
төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке
алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі.
2. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының жалпы ұзақтығын
есептеу кезінде жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары жыл
сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысына қосылады.
91-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде еңбек өтілін есептеу
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы)
мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс
істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты
демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт
еңбек өтіліне қосылады.
92-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды
беру тәртібі
1. Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл
сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс
жылының кез келген уақытында беріледі.
2. Жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген
күнтізбелік он екі айды құрайды.
3. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс
берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте,
жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының бір бөлігі жұмыскердің еңбек
шартында көзделген демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем
болмауға тиіс.
4. Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш
жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс
берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей
жүргізіледі.
5. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін
жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы
бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақы
төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың
ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы жұмыскердің өтініші
бойынша оған демалыстар ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақы
сақталмайтын демалыс береді.
6. Демалыс беру, ауыстыру не жыл сайынғы ақы төленетін еңбек
демалысынан кері шақыртып алу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
93-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарын берудің кезектілігі
1. Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің
кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып
бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі
бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді.
2. Демалыстар кестесі өндірістік қажеттілікке байланысты өзгертілген
жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы жұмыскерге еңбек демалысы басталардан
кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті.
94-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстырудың жағдайлары мен тәртібі
1. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы мынадай жағдайларда:
жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіз болғанда;
жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезінде толық немесе оның
бір бөлігі ауыстырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |