7-бап. Мәжбүрлі еңбекке тыйым салу
Мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған.
Мәжбүрлі еңбек қандай да бір адамнан қандай да бір жаза қолдану қатерімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметтерін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді.
Мәжбүрлі еңбекке:
жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және оны орындайтын адам жеке және (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты;
төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
8-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы
1. Осы Кодекс:
1) еңбек қатынастарын;
2) еңбек қатынастарымен тікелей байланысты;
3) әлеуметтік әріптестік;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді.
2. Осы Кодекстің күші, егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге, оның ішінде есептік тіркеуден өткен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарына және (немесе) өкілдіктеріне қолданылады.
3. Жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңдары осы Кодексте белгіленген құқықтар, бостандықтар мен кепілдіктер деңгейін төмендетпеуге тиіс.
9-бап. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар
Айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.
10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері
1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.
2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
3. Келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының талаптары біржақты тәртіппен өзгертілмейді.
11-бап. Жұмыс берушінің актілері
Жұмыс беруші осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес өз құзыреті шегінде актілер шығарады.
12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескеру тәртібі
1. Жұмыс беруші келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып актілер шығарады.
2. Жұмыс беруші өзінің актісінің жобасын және ол бойынша негіздемені жұмыскерлердің өкілдеріне ұсынады. Жұмыскерлердің бірнеше өкілі болған кезде олар жұмыс берушінің актілері бойынша пікірді есепке алу үшін сандық құрамы олар мүдделерін білдіретін жұмыскерлердің санына пропорционалды түрде болатын біртұтас өкілді орган құрады.
3. Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс беруші актісінің жобасын табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен асырмай талқылайды. Жұмыскерлердің өкілдері шешімді осы Кодексте белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, жұмыс беруші актіні пікірді ескерместен қабылдауға құқылы.
4. Жұмыскерлер өкілдерінің шешімдері хаттамамен ресімделеді, онда жұмыскерлер өкілдерінің жұмыс беруші актісінің жобасымен келісетіні (келіспейтіні) көрсетіледі, олардың ұсыныстары болса олар жазылады.
5. Егер жұмыскерлер өкілдерінің пікірінде жұмыс беруші актісінің жобасына келісім болмаған не оны өзгерту жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, жұмыс беруші:
1) келіскен жағдайда жұмыскерлер өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып өзгертілген акт шығарады;
2) келіспеген кезде жұмыскерлердің өкілдерімен қосымша консультациялар өткізуге құқылы.
6. Жұмыс беруші актілерін шығару үшін келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес жұмыскерлер өкілдерінің пікірін есепке алу қажет болатын олардың жобалары бойынша келісімге қол жеткізілмеген кезде, туындаған келіспеушіліктер, жұмыс берушінің және жұмыскерлердің бір өкілі қол қоятын хаттамамен ресімделеді, одан кейін жұмыс беруші актіні қабылдауға құқылы.
7. Егер жұмыс берушінің шығарылған актісінде жұмыскерлердің осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде көзделген құқықтары мен кепілдіктерін бұзатын не нашарлататын ережелер қамтылған жағдайда, оған еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға не сотқа шағым жасауға болады.
13-бап. Осы Кодексте белгіленген мерзімдерді есептеу
1. Осы Кодексте, еңбек немесе ұжымдық шартта, келісімдерде белгіленген мерзім күнтізбелік күнмен, жылдармен, айлармен, апталармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңінің аяқталуымен айқындалады. Мерзім басталуға тиіс оқиғаны көрсетумен де айқындалуы мүмкін.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мерзім жұмыс күндерімен есептеледі.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің ағымы оқиғаның басталуы айқындалған, оқиға басталған күнтізбелік күннен кейінгі келесі күні басталады.
4. Жылдармен, айлармен, апталармен есептелетін мерзімдер соңғы жылдың, айдың, аптаның тиісті күндері аяқталады. Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мерзімнің соңғы күні жұмыс күні емес күнге келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
14-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындайды;
3) Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен оларға сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ережені бекітеді;
4) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын ұйымдардың азаматтық қызметшілерінің, жұмыскерлерінің, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін бекітеді;
5) жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен бас келісім жасасады;
6) тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілейді;
7) өзіне Конституциямен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
16-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі талаптың, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады, сондай-ақ еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның қызметін үйлестіреді және қызметін тексеруді жүзеге асырады;
3) еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік басшылықты және оларды үйлестіруді жүзеге асырады;
4) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдардан еңбек қатынастары мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратады;
5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторын тағайындауды келіседі;
6) мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді;
7) еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласында үйлестіруді және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жұмыскерлердің және жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
8) жұмыс берушінің еңбек нормаларын, еңбек жөнiндегi үлгiлiк нормалар мен нормативтердi, қызметтің барлық салалары үшін еңбек жөніндегі бірыңғай және (немесе) салааралық, үлгілік нормалар мен нормативтерді әзірлеу, бекіту, ауыстыру және қайта қарау тәртiбiн белгiлейдi;
9) әкiмшiлiк персоналға жататын жұмыскерлер лауазымдары атауларының тiзбесiн әзірлейді және бекітеді;
10) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
11) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
12) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
13) мемлекеттік еңбек инспекторларын оқытуды және аттестаттауды жүргізеді;
14) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің уақтылы және объективті жүргізілуін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен бақылауды жүзеге асырады;
15) еңбек қатынастарын реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
16) Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану тәртібін айқындайды;
16-1) Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын әзірлейді және бекітеді;
16-2) барлық қызмет салаларына ортақ мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар мамандарының жекелеген лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
17) тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары әзірлейтін және бекітетін экономикалық қызметтің алуан түрлі ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының біліктілік анықтамалықтарын немесе үлгілік біліктілік сипаттамаларын қарайды және келіседі;
18) оларда жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін (бұдан әрі – Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі), сондай-ақ оларды беру тәртібін айқындайды;
19) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру үшін комиссия құрады;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мониторингті және тәуекелдерді бағалауды ұйымдастырады;
21) еңбек төрелігі туралы үлгілік ережені бекітеді;
22) орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді;
23) азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурстар өткізу тәртібін айқындайды;
24) ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды айқындайды;
25) еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау тәртібін бекітеді;
26) он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен қозғалтуының шекті нормаларын бекітеді;
27) әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекітеді;
28) ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді;
29) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау тәртібін айқындайды;
30) жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқау беру және білімдерін тексеру тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;
31) жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нұсқаулықты әзiрлеу, бекiту және қайта қарау тәртібін белгілейді;
32) еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау мен төлеу тәртібін айқындайды;
33) жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру тәртібін бекітеді, сондай-ақ оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібін белгілейді;
34) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін, емдік-профилактикалық тағам беру нормаларын бекітеді;
35) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша алуан түрлі экономикалық қызмет ұйымдарының жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру нормаларын бекітеді;
36) жұмыс берушінің қызметін декларациялау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
37) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын айқындайды;
38) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады және оларды іске асыруды жүзеге асырады;
39) ұжымдық еңбек дауларын есепке алу нысанын әзірлейді және бекітеді;
40) мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
40-1) тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдары еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әзірлейтін және бекітетін мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының салалық нормативтерін келіседі;
41) тиісті қызмет салаларының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдары әзірлейтін және бекітетін азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімдерін келіседі;
42) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 483-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
17-бап. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның құзыреті
Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
3) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептеріне талдау жүргізеді және олардың профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді;
5) жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізеді;
6) өндірістік мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдау жөніндегі қабылдау комиссиясының құрамына қатысады;
7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;
8) жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен олардың өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;
9) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;
10) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру кестелерін әзiрлейдi және бекiтедi;
11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбекті қорғау және еңбек қауiпсiздiгі жөніндегі ақпараттық жүйе негізінде кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;
12) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді;
13) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді;
14) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асырады.
18-бап. Жергілікті атқарушы органдардың еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша айқындайды;
3) қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
4) халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ететін ұйымдар) ереуілдер өткізуді келіседі;
5) жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен және жұмыскерлердің өңірлік бірлестіктерімен өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасасады;
6) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесінің өлшемдерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен қарайды және келіседі;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ СУБЪЕКТІЛЕРІ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастары субъектілері
Жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек қатынастары субъектілері болып табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін атқарады.
20-бап. Жұмыскерлердің өкілдері және олардың өкілеттіктері
1. Жұмыскерлердің мүдделерін "Кәсіптік одақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік одақтар органдары, ал олар болмаған кезде сайланбалы өкілдер өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде білдіреді.
2. Кәсіптік одақ мүшесі болып табылмайтын, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерін сайлауға қатыспаған жұмыскерлер кәсіподақ органдарына, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдеріне өздерінің мүдделерін білдіруге құқық беруге құқылы. Кәсіподақ органдары, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның мүдделерін білдіруді қамтамасыз етеді.
3. Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерінің:
1) жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіруге және қорғауға;
2) жұмыс берушімен жобаларды әзірлеу және ұжымдық шарттарды жасасу бойынша ұжымдық келіссөздер жүргізуге;
3) ұжымдық шарттарға сәйкес қалыпты еңбек жағдайларын зерделеу және қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану үшін жұмыс орындарына баруға;
4) жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын осы Кодексте белгіленген тәртіппен реттеуге қатысуға құқығы бар.
21-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасасу алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебімен жұмысқа жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
3. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастары осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына, құрылтай құжаттарына және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.
22-бап. Жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыскердің:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға;
2) жұмыс берушіден еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындауды талап етуге;
3) еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
4) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және анық ақпарат алуға;
5) еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;
6) бос тұрып қалғаны үшін осы Кодекске сәйкес ақы төленуіне;
7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсіптік одақ құру, сондай-ақ оған мүше болу құқығын қоса алғанда, өзінің еңбек құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін бірігуге;
9) өз өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге және ұжымдық шарт жобасын әзірлеуге қатысуға, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
10) еңбек міндеттерін орындауға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
11) міндетті әлеуметтік сақтандырылуға;
12) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырылуға;
13) кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
14) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
15) бірдей еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз бірдей ақы алуға;
16) жеке еңбек дауын шешу үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен рет-ретімен келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге;
17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген талаптарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен қамтамасыз етілуге;
19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшының немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
20) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттiк органға және (немесе) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын зерттеп қарауды жүргізу туралы өтініш білдіруге, сондай-ақ еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдік етіп қатысуға;
21) жұмыс берушінің еңбек және онымен тікелей байланысты қатынастар саласындағы әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
22) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
23) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге;
24) жұмыс берушіде сақталатын дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге құқығы бар.
2. Жұмыскер:
1) еңбек міндеттерін келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға;
2) еңбек тәртібін сақтауға;
3) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға;
4) жұмыс берушінің және жұмыскерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға;
5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен жұмыскерлер мүлкінің сақталуына қауіп төндіретін ахуал туындағаны, сондай-ақ бос тұрып қалу туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға;
6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
7) келтірілген нұқсанды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектерде жұмыс берушіге өтеуге міндетті.
3. Жұмыскердің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |