белгілі бір өндірістік немесе жоюға болмайтын
табиғи факторлардың әсері
қызметкердің жарақаттануына, кәсіптік ауруға шалдығуына, денсаулығының кенеттен
нашарлауына немесе улануына әкеп соқтыратын, соның салдарынан еңбекке
қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуы, кәсіптік ауруға шалдығуы не өлімі
туындайтын
еңбек жағдайлары;
57) қауіпті өндірістік фактор - қызметкерге әсер етуі еңбекке
қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуға (өндірістік жарақатқа немесе
кәсіптік ауруға) немесе өлімге әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
58) қоса атқарылатын жұмыс - қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында
еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы;
59) қызметкер - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек
шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
60) қызметкерлер өкілдері - кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің
органдары және (немесе) қызметкерлер уәкілеттік берген өзге де жеке және (немесе)
заңды тұлғалар;
61) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке
күндері;
62) негізгі жалақы - жалақының тарифтік ставка, лауазымдық айлықақы, кесімді
бағалау бойынша төлемді қамтитын, салыстырмалы түрде тұрақты
бөлігі және еңбек
заңнамасында, салалық келісімде, ұжымдық шартта және (немесе) еңбек шартында
көзделген тұрақты сипаттағы төлемдер;
63) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе
жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде, қызметкердің өндірістік
жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның
еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуына,
кәсіптік ауруға
шалдығуына не өліміне әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік
фактордың қызметкерге әсер етуі;
64) өндірістік жабдық - машиналар, тетіктер, құрылғылар, аппараттар, аспаптар
және жұмысқа, өндіріске қажетті өзге де техникалық құралдар;
65) өндірістік жарақат - қызметкер еңбек міндеттерін орындау кезінде алған,
оның еңбекке қабілеттілігін жоюға әкеп соққан, денсаулығының зақымдануы;
66) өндірістік қажеттілік - дүлей апатты, аварияны болғызбау немесе жою
немесе олардың зардаптарын дереу жою мақсатында, жазатайым оқиғаларды,
бос тұрып
қалуды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болғызбау үшін және басқа да ерекше
жағдайларда, сондай-ақ жоқ қызметкерді алмастыру үшін жұмыстар орындау;
67) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндірістік
объектілерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстар
қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндылығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын
айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
нормативтеріне сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет;
68) өндірістік санитария - зиянды өндірістік факторлардың қызметкерлерге
әсерін болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру іс-шаралары
мен техникалық құралдар жүйесі;
69) өтемақы төлемдері - жұмыстың ерекше режимі мен еңбек жағдайларына,
жұмысынан айрылуына, қызметкерлердің еңбек
міндеттерін немесе Қазақстан
Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауына байланысты
шеккен шығындарын өтеуге байланысты ақшалай төлемдер;
70) тарифтік жүйе - еңбекке ақы төлеу жүйесінің бір түрі, онда
қызметкерлердің жалақысы тарифтік ставкалар (айлықақылар) және тарифтік кестелер
негізінде сараланып айқындалады;
71) тарифтік кесте - орындалатын жұмыстардың күрделілік және қызметкерлердің
біліктілік белгісі бойынша саралауды көздейтін тарифтік разрядтар мен тарифтік
коэффициенттердің жиынтығы;
72) тарифтік разряд - жұмыстың күрделілік деңгейі және осы жұмысты орындау
үшін қажетті біліктілік деңгейінің көрсеткіші;
73) тарифтік ставка (айлықақы) - қызметкердің уақыт бірлігі ішінде белгілі
бір күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек нормасын (еңбек міндеттерін) орындағаны
үшін еңбегіне ақы төлеудің белгіленген мөлшері;
74) тәртіптік жаза - тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс берушінің
қызметкерге қолданатын тәртіптік
әсер ету шарасы;
75) тәртіптік теріс қылық - қызметкердің еңбек тәртібін бұзуы, сондай-ақ
еңбек міндеттерін құқыққа қайшы келетіндей кінәмен орындамауы немесе тиісінше
орындамауы;
76) тынығу уақыты - қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан бос және өз
қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;
77) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс істейтін екі немесе одан да көп адамды
зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға
арналған техникалық құралдар;
78) ұжымдық шарт - ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін,
қызметкерлер ұжымы мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім нысанындағы
құқықтық акт;
79) үстеме жұмыс - қызметкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша орындайтын,
жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс жұмыс;
80) хабарлама - қызметкердің немесе жұмыс берушінің жазбаша өтініші не өзге
тәсілмен (курьерлік почта, почта байланысы, факсимильді
байланыс және электрондық
почта арқылы) берілген өтініштер;
81) іссапар - жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметкерді тұрақты жұмыс орнынан
тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ
қызметкерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға
жіберу.
2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары мен
терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы Қазақстан Республикасының
Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының заңдары
мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының
басқа заңдарына еңбек қатынастарын, әлеуметтік әріптестік пен еңбекті қорғау
қатынастарын реттейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы
Кодекстегіден өзгеше
ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері
қолданылады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта оны қолдану
үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттар еңбек
қатынастарына тікелей қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының
мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты еңбек қатынастарын және
еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек қатынастары
тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен
бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған
құқықтық реттеу болып
табылады.
2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының міндеттері еңбек қатынастары