Қазақстан Республикасында Білім және ғылым министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
Қазақстан Республикасы үкіметінің 2011 жылғы 19 ақпандағы № 160 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 19 ақпандағы
№ 160 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған
стратегиялық жоспары
1-бөлім. Миссиясы мен пайымдауы
Миссиясы: бәсекеге қабілеттілікті және тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру.
Пайымдауы: жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт.
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау және тиісті қызмет салаларының (аяларының) даму үрдістері
1. 1-стратегиялық бағыт. Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету
1.1. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту
1.1.1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
2010 жылы республикада контингенті 446,4 мың баланы құрайтын 6 446 мектепке дейінгі ұйым (2 261 балабақша және 4 185 шағын орталық) жұмыс істеді. Бұл мектеп жасына дейінгі (1 жастан 6 жасқа дейінгі) барлық балалардың 41,6 %-ын қамтиды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекітілген Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Аталған Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықтың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының сапалы қызметіне деген қажеттілігін қанағаттандыру. 2015 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 3 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балалардың жалпы санының 70 %-ына дейін жеткізілетін болады.
Мектепке дейінгі ұйымдар және ондағы балалар саны
2008 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыру мақсатында Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты әзірленді және бекітілді. Стандарттың негізгі ережелері Денсаулық, Қатынас, Таным, Әлеуметтік орта, Шығармашылық сияқты басты білім беру салалары негізінде барлық балалардың тең құқықтылығы, даралығы, баланың дағдыларын дамыту қағидаты ескеріле отырып құрылған.
Республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында балаларды тәрбиелеу мен оқытудың «Балбөбек», «Қайнар», «Қарлығаш», «Алғашқы қадам» (1 – 3 жас), «Зерек бала» (3 – 5 жас), «Біз мектепке барамыз» (5 – 6 жас) бағдарламалары іске асырылуда. 2010 жылы аталған бағдарламаларға оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу аяқталды.
1.1.2. Негізгі проблемаларды талдау
Мектепке дейінгі білімге тең қол жеткізу қамтамасыз етілмеген. Республикада балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 41,3 %-ды құрайды. Бұл көрсеткіш біздің ең жақын көршілерімізден (Ресей – 64,5 %) біраз төмен. Осы ретте еліміздің барлық өңірлеріндегі 1 жастан 6 жасқа дейінгі 296,7 мыңнан астам бала ұйымдастырылған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды қажет етеді.
Балабақшалардағы, әсіресе қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардағы топтардың толымдылық нормативі 2 – 3 есе артық.
1.1.3. Сыртқы және ішкі негізгі факторларды бағалау
Сыртқы фактор – Қазақстанда соңғы 20 жылда бала тууды талдау: 1990 жылдан бастап 1999 жылға дейін бала туудың азаюын, ал 2000 жылдан бастап 2010 жылға дейін бала туудың өсімі, орташа алғанда, 13 мың адамға артқанын көрсетіп отыр, ол кейіннен мектепке дейінгі ұйымдардан орын алуға кезектің 10 – 11 %-ға артуына себепші болып отыр.
Ішкі фактор – 2007 жылдан бастап кезек 56,7 %-ға (185-тен 290 мың адамға дейін) артты.
1.2. Мектептегі білім
1.2.1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі өлшемдері
2010 – 2011 оқу жылында жалпы саны 2 486,4 мың баланы қамтитын 7 516 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 2007 жылы республикалық бюджет есебінен 27,1 мың оқушы орнына арналған 52 мектеп, 2008 жылы – 40,5 мың орындық 60 мектеп, 2009 жылы – 35,7 мың орындық 56 мектеп, 2010 ж. – 36,95 мың орындық 48 мектеп.
Негізгі және бейінді мектептердің білім беру мазмұнын анықтау жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Бастауыш білім берудің жалпыға міндетті білім беру стандарты (бұдан әрі – МЖБС) және 12 жылдық оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі ережелері бекітілді. Мазмұны құзыреттілікке қол жеткізуге, мектептің әр деңгейі үшін оқу жоспарындағы пәндердің орындарын анықтауға ықпал ететін 12 жылдық білім берудің оқу пәндерінің құрамы анықталды. 12 жылдық оқытуға көшу үшін эксперимент республиканың 104 мектебінде ұйымдастырылды, оның ішінде 45 ауылдық, 59 қалалық мектепте. 2010 – 2011 оқу жылдары білім берудің барлық деңгейлерінде аптасына бір сағат көлемінде «Өзін-өзі тану» пәні енгізілді. Біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан 23 268 педагог өткен, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың 5 178 педагогі. Қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2 759, жалпы білім беретін мектептерде 5 671 «Өзін-өзі тану» арнайы кабинеті қалыптасқан.
2010 жылы 1 920 оқу әдебиеті аталымына сараптау жүргізілді. 12 жылдық мектептің эксперименталдық сыныптары үшін қазақ және орыс тілдерінде 34 оқулық және 78 оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ОӘК), «Өзін-өзі тану» бойынша 35 аталым, 9 электронды оқулық әзірленді. 2010 жылы алыс және жақын шетелдердегі қазақ диаспорасының балалары үшін 16 420 оқулық және 7 383 ОӘК қайта басылды және жеткізілді. Республикалық мектептерге 3-сынып үшін қайта басылған 2 188 оқулық пен 382 ОӘК, 5-сынып үшін 3 975 оқулық пен 1 411 ОӘК және 10-сынып үшін 38 250 оқулық пен 5 968 ОӘК жеткізілді.
Республиканың жалпы орта білім беретін мектептерінде 275 655 педагог еңбек етеді. Олардың 239 861-інің (87 %) жоғары білімі, 32 713-інің (11,9 %) орта кәсіптік білімі бар. Жоғары санатты мұғалімдер саны – 40 920 (14,8 %), бірінші санаттысы – 84 721 (30,7 %). Мұғалімдерді, басқарушыларды, әдіскерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2010 жылы біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан 80 мыңнан астам педагог өтті.
Орта білімнің қолжетімдігін және сапасын қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсартылды, оның ішінде ауылдық жерлерде.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2005 жылдан бастап республика мектептері республикалық бюджет есебінен пәндік, лингафондық-мультимедиалық кабинеттермен (бұдан әрі – ЛМК) жарақтандырылған. 2005 жылдан бастап 3 450 ЛМК сатып алынған: 2005 жылы – 802, 2006 жылы – 515, 2007 жылы – 732, 2008 жылы – 483, 2009 жылы – 459, 2010 жылы – 459. Олардың көмегімен балалар қазақ, орыс және шетел тілдерін оқып үйренуде.
2006 жылдан бастап 2059 физика кабинеттері сатып алынған: 2006 жылы – 613, 2007 жылы – 746, 2008 жылы – 700.
2009 жылы 580 биология кабинеттері, 2010 жылы – 569 биология кабинеттері сатып алынған.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің оқыту сапасын жақсартты. Қазақстан әлемнің 43 елімен бірге математика және жаратылыстану пәндері бойынша 4-сынып оқушыларының білімдерін бағалау жөніндегі TIMSS-2007 (Third International Mathematics and Science Study) халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысты. Зерттеуге 141 мектептен 3,99 мың оқушы қатысты. Қазақстанның нәтижелері (549 балл) төрт елдің нәтижелерінен төмен, алайда орташа халықаралық балдан едәуір жоғары.
15 жасар оқушылардың мәнерлеп оқу, математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылықтарын бағалау мақсатында Қазақстан алғаш рет PISA (Programme for International Student Assessment) 2009 халықаралық зерттеуіне қатысты. Зерттеуге 200 білім беру ұйымының 5,59 мың білім алушысы қатысты.
Соңғы екі жылда қазақстандық командалар физика және химия пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда әлемнің ең үздік 15 елінің ішіне тұрақты енген.
Қазақстан оқушыларының халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны жыл сайын өсуде. Тек 2009 жылы 544 награда жеңіп алынды, оның ішінде 131 алтын, 191 күміс және 202 қола медаль және 20 грамота. 2010 жылдың 11 айы ішінде республиканың құрама командалары 599 медаль мен 22 грамотаға қол жеткізді, оның ішінде 168 алтын, 201 күміс, 230 қола медаль бар.
Сонымен қатар, қазақстандық оқушылар 2004 жылдан бастап «Қашықтықтан өткізілетін Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасы» және «Қашықтықтан өтетін Жібек жолы математикалық олимпиадасы» атты қашықтықтан өткізілетін халықаралық олимпиадаларға қатысып келеді. Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика университетімен жасалған шартқа сәйкес Информатикадан бірінші Еуразиялық интернет-олимпиада өтті.
Еліміздің жас интеллектуалдарының халықаралық математика олимпиадаларындағы жеңістері 2010 жылы Қазақстанның ТМД елдерінің арасында алғашқы болып мерейтойлық 51-Халықаралық математика олимпиадасын өткізуіне ықпал етті. Әлемнің 98 елінің өкілдері қатысқан ең беделді интеллектуалдық сайыста қазақстандық команда 5-орынды иеленді.
Қазақстан Республикасындағы орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін негізгі жобалардың бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы болып табылады. Аталған мектептер балабақшаға арналған оқу-тәрбие бағдарламаларын, мектепалды және 12 жылдық оқытудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу, енгізу, сынақтан өткізу бойынша басты алаң болып табылады. 2012 жылы республика аумағында 20 мектеп жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда контингенті 3 730 оқушыны құрайтын 6 мектеп жұмыс істейді: Астана, Семей, Көкшетау және Талдықорған қалаларында физика-математикалық бағыттағы 4 зияткерлік мектеп, Өскемен және Астана қалаларында химия-биологиялық бағыттағы 2 зияткерлік мектеп.
Ұсынылатын білім қызметінің сапасын жақсарту мақсатында 2007 жылдан бастап білім беру ұйымдарының оқу процесіне «Он-лайн оқыту жүйесі» жобасы аясында 5 пәндік кабинет кешенін қамтитын көп функционалды интерактивтік жабдық енгізілді. Оның екеуі математика, тарих, география, астрономия пәндері бойынша сабақ өткізуге мүмкіндігі бар әмбебап болып табылса, үшеуі пән кабинеттері – физика, химия, биология. Жобаның іске асуы 2007 – 2009 жылдарға арналған. Жоба мектептердің лимитсіз кең жолақты интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етті.
2007 – 2009 жылдары жоғарыда аталған үлгідегі интерактивтік жабдық республикалық бюджет есебінен 1 721 мектепке орнатылған.
Қазіргі уақытта бір компьютерге 18 оқушыдан келеді. Интернет желісіне 98 % мектеп, оның ішінде 97 % ауылдық мектеп қосылған, кең жолақты интернетке мектептердің 34 %-ы қол жеткізген.
2001 жылдан бастап қазақ және орыс тілдерінде электрондық оқулықтарды әзірлеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта мектеп мазмұнындағы 90 % пән сандық форматқа көшірілген.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесін дамыту болып табылады. Республикада 620 қосымша білім беру ұйымы балалардың шығармашылық дамуын қамтамасыз етеді. Әр бесінші мектеп оқушысы қосымша білім беру ұйымында оқиды.
Республика бойынша 5 431 жалпы білім беретін мектептің спорт залдары бар. Оның ішінде стандарттық спорт залдары мен спорт жабдықтары бар мектептердің үлесі 72 %-ды құрайды.
1.2.2. Негізгі проблемаларды талдау
Жұмыс істеп жатқан жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық жағдайы қазіргі заманғы талаптарға сай емес: 7 516 мектептің жалпы санының 65,8 %-ы типтік ғимараттарда орналасқан, 34,2 %-ы – бейімделген ғимаратта, 65,7 % мектеп екі ауысымда оқиды, ал 84 мектеп – үш ауысымда. Мектептердің 83,7 %-ы 1990 жылға дейін, ал 34,7 %-ы 1970 жылға дейін салынған. 254 мектеп апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. Мектептердің 23,1 %-ы күрделі жөндеуді қажет етеді.
12 жылдық білім беру шеңберінде мектепке баратын балалар үшін мектептерде ойын және демалыс бөлмелерін жабдықтау қажет.
Сапалы біліммен қамтамасыз ету және әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында білім беру мазмұнын жаңарту қажет. Оның ішінде бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жаңарту, оқу бағдарламаларын әзірлеу, педагогтердің оқу жүктемесін азайту, оқу пәндерінің мазмұнын (пәндерді кіріктіру), кадрлық, қаржылық, материалдық-техникалық және басқа да шарттарды, нормалар мен нормативтерді қайта қарастыру.
Республикада 4 225 шағын жинақты мектеп (бұдан әрі – ШЖМ) бар, олар барлық мектептер санынан алғанда 56,2 %-ды (ауылда – 4 075 ШЖМ) құрайды. ШЖМ-да 397 538 оқушы оқиды, 72 853 мұғалім жұмыс істейді. Соңғы 15 жылда негізгі ШЖМ-ның саны екі есеге өсті. ШЖМ-ның проблемалық мәселелері болып оқушылары аз сыныптардың, біріктірілген сыныптардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың аз қолданылуы, мұғалімді даярлауда мамандандырудың тар бейінділігі (бірпәнділік) алудың, толық оқу жүктемесімен қамтамасыз етудің мүмкін еместігі, ШЖМ-ның жартысына жуығының ыңғайластырылған үй-жайларда орналасуы.
Республикалық білім беру ұйымдарының және республикалық ауруханалар жанындағы мектептердің оқушылары, алыс және жақын шетелдегі қазақ диаспорасының, Байқоңыр қаласының қазақ тілінде оқытатын білім беру ұйымдарының балалары республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің орта білім беру мазмұны қазақстандық білім берудің озық дәстүрлері мен халықаралық үздік тәжірибелерді есепке ала отырып жаңартуды қажет етеді. Үш тілді меңгерудің және бейінді пәндерді ағылшын тілінде оқытудың жаңа талаптары мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыруда жаңа тәсілдерді талап етеді. Дарынды балаларға арналған бейіндік пәндер бойынша (физика, математика, химия, биология, информатика) қазақстандық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жоқ.
Мұғалімдердің сапалық құрамының төмен болуы: педагогтердің жалпы санынан 14,8 %-ы жоғары санатты, 30,7 % – бірінші санатты.
Жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалім 50 жаста және одан үлкен. Педагогтердің жалпы санынан 13,2 %-ының еңбек өтілі 3 жылға дейін. Жыл сайынғы жас кадрлардың келуі небәрі 2,6 %-ды құрайды.
Қоғамның әл-ауқатының өсуіне қарай білім беру жүйесіне қойылатын талап та артуда. ЮНЕСКО-ның ұсынымдарына сәйкес тұрақты даму үшін білім беруге жұмсалатын шығыстар ішкі жалпы өнімден (бұдан әрі – ІЖӨ) 6 – 7 %-ды құрауы тиіс. Ал Қазақстанның шығысы ЖІӨ-нің 4 %-ынан аспайды.
Қазақстанда бір оқушыға шаққандағы шығыс Қытай, Түркия, Ресей сияқты үшінші топтағы (ЖІӨ жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларынан кем емес елдер) елдердің орташа шығысынан төмен.
Екінші топтағы (ЖІӨ жан басына шаққанда 10 мыңнан 20 мыңға дейінгі АҚШ долларын құрайтын елдер) – Испания, Корей, Чехия, Израиль және бірінші топтағы (ЖІӨ жан басына шаққанда 20 мың АҚШ долларынан артық елдер) – АҚШ, Жапония, Люксембург, Австралия елдерінің шығыстарымен салыстырғанда анағұрлым айырмашылық бар.
Жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарының 13,5 %-ы ыңғайластырылған болып табылады. 26,4 % мектептердің спорт залдары жоқ. Мектеп жасына дейінгі балалардың 30 %-ының немесе 250 мыңнан астамының дене дайындықтары нашар. Спорт залдарының болмағандығынан мектептердің 89 %-ында дене шынықтырудың үшінші сағаты енгізілген, ал 46 %-ында ұлдар мен қыздар бөлек оқытылады. Оқу мекемелерінде спорт залдарының бос болмауына байланысты оқушылардың 20 %-ы ғана спорттық секциялармен қамтылған.
Басқа мемлекеттермен (30 – 50 %) салыстырғанда балаларды қосымша біліммен қамту төмен (21,6 %). Материалдық-техникалық база төмен: қосымша білім беру ұйымдарының 71 %-ы ынғайластырылған үй-жайларда орналастырылған, ал 10 ғимарат апатты жағдайда.
Білім беру ұйымдарында АТ қызметкерлері болмағандықтан, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) әкімшілендіру, алып жүру және инфрақұрылымды дамыту мәселелері, көбiнесе, информатика пәнінің мұғалімдеріне жүктеледі. Электрондық оқыту жүйесін қолдану осы процестердің бүкіл қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау кезінде оны нақты оқу процесіне біріктіргенде ғана нәтиже береді.
Мектептік тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесінде Жалпы оқыту қорынан шығыстарды қаржыландыру бойынша елеулі өңірлік айырмашылық байқалуда. Мысалы, Маңғыстау облысында 2009 жылы 89 %, Жамбыл облысында – 76 %, Павлодар облысында – 75 %, Қызылорда облысында – 69 %, Оңтүстік Қазақстан облысында – 77 % болса, Алматы облысында бар болғаны – 20 %, Атырау облысында – 29 %, Шығыс Қазақстан облысында – 39 %.
2010 жылы аз қамтылған отбасылардан шыққан баланың 20 %-ы, бастауыш сынып оқушыларының 55 %-ы ыстық тамақпен қамтылмаған. Жалпы оқу қорынан бөлінген қаражат көлемінің төмендігі көбінесе мектеп оқушыларының физиологиялық нормалары мен энергиялық және тағамдық заттарға қажеттіліктерін ескере отырып, олардың сапалы және теңгерімді тамақтануын қамтамасыз етпейді. Сондықтан, оқушылардың 50 %-ы әртүрлі паталогияларға және әрбір сегізінші бала мектеп асханаларындағы бір мезгіл және қауіпсіз емес жиынтықтан, тозған және қуат шығындайтын жабдықтардағы ыдыстардан тамақ ішетін болғандықтан асқазан-ішек ауруларына шалдыққан.
Мектептері жоқ елді-мекендерде тұратын 8 997 оқушыға тасымалдау ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде балалар күн сайын шалғайдағы мектептерге жету үшін бірнеше сағат уақыттарын жоғалтады.
Тасымалдау ұйымдастырылған мектеп автобустарында қауіпсіз және жайлы жеткізу проблемалары бар. Автобустың техникалық жағдайлары, жанар-жағар майларды және материалдардық шығыстарды қамтамасыз ету бойынша мәселелер толық көлемде шешілмеуде.
1.2.3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Сыртқы факторлар:
Өңірлерді дамытудың демографиялық, көші-қон, экономикалық факторларының әсері.
Білім беру объектілерін пайдалануға енгізу мерзімдерінің бұзылуы.
Мұғалім кәсібі беделінің төмендеуі.
Мектеп ғимараттарының 15,6 %-ы пайдаланудың шекті мерзімінен (құрылыстың типіне байланысты 20 жыл және одан да жоғары) асып кеткен және апатты жағдайда болуы мүмкін. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа мектептер құрылысы жүріп жатқанына қарамастан (2009 жылы апатты жағдай мәселесі 46 мектепте шешілді), олардың саны азаймай отыр. Жыл сайын апатты жағдайдағы мектептер анықталады.
Білім берудің жаңа моделін енгізу кезеңінде білім беру саясатының өзгеру тәуекелі: 12 жылдық оқытуға көшудің мерзімі мен көшу кезеңдерінің және 12 жылдық оқыту құрылымының өзгеруі мүмкін, бұл 12 жылдық мектептің МЖБС-ын енгізу үшін қауіп төндіріп отыр.
ЖҚМ үшін – көші-қон жағдайы, елді мекендердің алыстығы.
Білім беру ұйымдарында ішкі ақпараттық инфрақұрылым дамуының төмендігі.
Балалардың денсаулығының нашарлауы, салауатты өмір салты дағдыларының жоқтығы.
Жергілікті атқарушы органдардың қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамытуға қызуғышылық танытпауы.
Қазіргі заманғы технологиялары бар, мектеп тамағын сапалы дайындауға мүмкіндік беретін өндірісті ұйымдастыру, басқару және бақылау мектептік тамақтандыру өндірісінің болмауы. Оқушылар мен олардың ата-аналарының арасында дұрыс тамақтануды насихаттау жөніндегі PR іс-шараларының және материалдарының жеткіліксіздігі.
Ішкі факторлар:
2015 жылдан бастап оқушылар контингентінің артуы күтілуде. Бастауыш сыныпқа балаларды 6 жастан бастап қабылдау жүзеге асырылады. Бұл балаларды жас ерекшелігіне қарай оқытуда жағдай жасауды қажет етеді, сондай-ақ мектепке біраз салмақ түсіреді.
12 жылдық оқыту бойынша – материалдық-техникалық базаның нашарлығы, ШЖМ педагог кадрлармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі.
Білім беру ұйымдары оқушыларының оқулықтармен және ОӘК-мен толық қамтамасыз етілмеуі.
Педагогтердің бір бөлігінің дайындық деңгейінің төмендігі, өздігінен білім алуға және кәсіби деңгейін өсіруге ұмтылудың жеткіліксіздігі.
Назарбаев Зияткерлік мектептері бойынша – елімізде білікті кадрлардың жетіспеуі.
Интернет желісіне қосылу жылдамдығының жеткіліксіздігі электрондық оқыту желісін пайдаланушылардың санын азайтады және білім беру ресурстарына қол жеткізуге кедергі жасайды. Электрондық ресурстарды әзірлеу үшін кәсіби даярлықтың жеткіліксіздігі және педагог кадрлардың бойында уәждеменің жоқтығы.
Мектептердің спорт залдарының толықтығы.
Қосымша білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасының нашарлығы, кадрлардың жетіспеушілігі.
1.3. Техникалық және кәсіптік білім
1.3.1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
Қазақстан Республикасында 2010 жылы техникалық және кәсіптік білімнің (бұдан әрі – ТжКБ) 882 оқу орны, оның ішінде 322 кәсіптік лицей, 560 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 168 оқу орны (немесе 19,7 %) ауылдық жерлерде орналасқан. Индустриалық-инновациялық дамыту (бұдан әрі – ҮИИД) жобаларына кадрлар даярлауға 543 ТжКБ оқу орны қамтылған.
ТжКБ оқу орындарында 609,0 мың адам, оның ішінде 221,0 мың адам (немесе 36,3 %) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады. Техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті мамандарын даярлау 177 мамандық пен 416 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.
ТжКБ жүйесі бойынша негізгі көрсеткіштер
Көрсеткіштер
|
2007 ж.
|
2010 ж.
|
Білім алушылар саны, мың адам
|
558,7
|
609,0
|
Техникалық мамандықтар бойынша білім алушылардың саны, мың адам,
білім алушылардың жалпы санынан %
|
136,8
24,4
|
173,5
28,5
|
Оқу орындарының саны
|
830
|
882
|
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық ұйымдардың арасында қол қойылған келісімдер (меморандумдар), бірлік
|
0
|
32
|
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын халықаралық талаптарға сәйкес әзірлеу, бірлік
|
0
|
230
|
Жұмыс берушілер мен халықаралық ұйымдардан тартылған қаражат саны, млн. доллар
|
0
|
28,8
|
Оқу орындары, кәсіпорындар мен ұйымдар арасында қол қойылған келісімдердің саны, бірлік
|
2,7
|
16,8
|
ТжКБ оқу орындарының шетелдерде біліктілігін арттырудан өткен педагогикалық қызметкерлерінің саны, бірлік
|
0
|
420
|
Сапаны тәуелсіз бағалау (қатысушылар саны), бірлік
|
2496
|
105522
|
Материалдық-техникалық базаны нығайту, млрд. теңге
|
1,7
|
4,9
|
Оқу орындарын күрделі жөндеу, млн. теңге
|
471,5
|
6785,0
|
Орнатылған интерактивті оқу жабдықтарының саны, бірлік
|
0
|
469
|
Достарыңызбен бөлісу: |