|
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралыБілім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу
|
бет | 16/23 | Дата | 08.02.2022 | өлшемі | 146,84 Kb. | | #37397 | түрі | Бағдарламасы |
| 5.1.8. Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу
1. Барлық деңгейлерде білім беру саласын басқаруды жаңғырту
Білім беру жүйесінің барлық буындарында коммуникация мен басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында аудандық және қалалық білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына тікелей бағынуы арқылы басқару вертикалі оңтайландырылатын болады.
Елдің стратегиялық міндеттерін іске асыру және жоғары оқу орындарында академиялық, кадрлық, ұйымдастырушылық және қаржылық дербестікті кеңейту үшін инновациялық менеджмент енгізіледі, ұйымдастырушылық-әкімшілік ортаның және шешімдер қабылдау жүйесінің редизайны жүргізілетін болады.
Білім беру ұйымдары қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін басқарудың алқалық органдарын: байқау кеңестерін, мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы директорлар кеңестерін, мектепке дейінгі ұйымдардағы, мектептер мен колледждердегі қамқоршылық кеңестерін дамыту жалғастырылады.
Білім беру ұйымдары "Ашық бюджеттер" жобасын қолдайды, олардың сайттарында тиісті ақпарат қолжетімді болады.
Білім берудің барлық деңгейлерінде өз саласындағы көшбасшылар қатарынан басқарушылардың кадрлық резерві – "Жаңа формация жетекшісі" және "ТжКБ көшбасшыларының корпусы" бағдарламасы қалыптастырылады. Білім беру ұйымдары басшыларының КРІ бойынша қызметін бағалау, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау тетігі пысықталатын және енгізілетін болады. Білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау жүйесі, сондай-ақ білім алушылардың контингентін, біліктілік санаттары мен басқа да өлшемшарттарды ескере отырып, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларына, басшыларының орынбасарларына еңбекақы және қосымша ақы төлеу тетіктері қайта қаралатын болады.
Білім беру ұйымдарының басшылары үшін менеджмент бойынша сертификатталған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат және Дүниежүзілік банктің "Орта білім беруді жаңғырту" жобасы есебінен ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Икемді білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кезінде колледждердің академиялық дербестігі үшін жағдайлар жасалатын болады.
Тең құқықтарды, балаларды мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына бөлу және қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызмет көрсетуді жаппай цифрландыру жалғастырылады. Электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетумен қамтылған мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының үлесі артады.
ТжКБ ұйымдарының білім беру процесін басқарудың автоматтандырылған жүйесі құрылатын болады, ол талапкерлерді қабылдаудан бастап студенттердің бітіруіне дейінгі процестерді қамтиды.
Колледждерді кәсіпорындарға басқаруға берудің нормативтік құқықтық базасы әзірленетін болады.
Қазақстандық жоғары оқу орындары білім берудің цифрлық экожүйесін қалыптастырады. Бұл үшін жоғары оқу орындары басқарудың цифрлық және интеллектуалды сервистеріне көшеді.
Халыққа білім беру ұйымдары, олардың ресурстық қамтамасыз етілуі мен нәтижелілігін талдау нәтижелері, бос орындардың болуы, дипломдарды онлайн-тексеру және т.б. туралы ақпарат бере отырып, барлық білім беру ұйымдарының интерактивті онлайн-картасы құрылатын болады.
WorldSkills жобалық кеңсесі, үйлестіруші орган құрылатын болады, ол WorldSkills ұлттық құрамасының жаттығу лагерлерінде, WorldSkills шетелдік чемпиондарында дайындығын, сарапшыларды оқыту мен сертификаттауды, бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылды, кәсіптік бағдар беруді және оқушыларды WorldSkills қозғалысына тартуды жүйелі негізде реттейтін болады.
Объективті білім беру мониторингін құру мақсатында мемлекеттік органдардың деректер базасымен және бөлінген білім беру жүйелерімен, оның ішінде жоғары оқу орындарымен интеграциялай отырып, Ұлттық білім беру деректер қорын (бұдан әрі – ҰБДҚ) дамыту жұмысы жалғастырылады. ҰБДҚ-да білім беруді басқару жүйесінің транспаренттілігі мен тиімділігін арттыру үшін мектепке дейінгі білім беруден бастап жұмысқа орналасу сәтіне дейінгі оқушының білім беру процесінің қозғалыс траекториясының мониторингі жүзеге асырылатын болады. 2020 жылдан бастап ҰБДҚ онлайн-режимде жұмыс істейді. Блокчейн-технологиялар негізінде білім туралы құжаттардың түпнұсқалылығын тексеру жүйесі жұмыс істейтін болады.
Барлық мүдделі тараптарға объективті ақпарат беру үшін білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы Ұлттық баяндаманы, сондай-ақ өңірлік білім беру жүйесінің дамуы туралы жыл сайынғы баяндамаларды дайындау жалғастырылады.
Қоғамдық тыңдау онлайн-режимде ата-аналар қауымдастығының алдында оқу тоқсанының қорытындысы бойынша жалғасады. Ата-аналардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен "Мектеп өмірінің бір күні" жобасын іске асыру жоспарлануда.
2. Орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру және білім беруде ваучерлік жүйені енгізу
Барлық деңгейдегі білім беру қызметтерін алушылар бойынша қаржыландыру дербестендіріледі, яғни қаражатты алушыларға тікелей эскроу-шотқа бөлуге көшу жүзеге асырылған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі бойынша бөлінетін болады. Көрсетілетін қызметті алушылар меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі ұйымның кезектілігін басқарудың автоматтандырылған жүйесінде өз бетінше таңдайды. Нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдардың бәсекелестігі мен білім беру қызметтерінің сапасы артады.
Орта білім беруде 2020 жылы қала мектептерінің жан басына шаққандағы қаржыландыруға толық көшуі жүзеге асырылатын болады. Кейіннен ауылдық мектептерге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.
Нормативтік құқықтық қамтамасыз ету арқылы меншік нысанына қарамастан қосымша білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты орналастыру жолымен балаларды қосымша біліммен барынша қамту мәселесі пысықталатын болады.
Техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу жұмысы жалғастырылатын болады.
Қаржылық жағдайларды қамтамасыз ету және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді тұрақты дамыту үшін жетекші әлемдік практикалар (сараланған гранттар; нәтижеге бағдарланған бюджеттеу, кредиттік-жан басына қаржыландыру) негізінде қаржы менеджментіне жаңа тәсілдер пысықталатын болады. Мемлекеттік тапсырыс құнын арттыру, сондай-ақ құжаттарды қабылдау рәсімін цифрландыруға көшу (online admission) көзделеді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты студентке ваучер арқылы басқа жоғары оқу орнына өту құқығымен қосымша ақы төлеу шартымен беріледі.
Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесінде педагогке жан басына шаққандағы норматив негізінде қаржыландырылатын ұйымды, оқытудың мазмұны мен мерзімдерін таңдау мүмкіндігін беретін ваучерлік-модульдік тәсіл зерделенеді және сынақтан өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|