Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
Мақсаты:
Еңбек нарығының, еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін және жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу.
Міндеттері:
1. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму жобаларына сай келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету.
2. Жоғары білімнің еуропалық аймағына кірігуді қамтамасыз ету.
3. Білімнің, ғылымның және өндірістің кірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау.
Нысаналы индикаторлар:
Жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан бірден өткен жоғары оқу орындары түлектерінің оған қатысқандардың жалпы санынан үлесі (2020 жылы – 80 %).
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жоғары оқу орындары түлектерінің мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген жылы жұмысқа орналасқанының үлесі (2015 жылы – 78 %, 2020 жылы – 80 %).
Әлемнің таңдаулы университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның жоғары оқу орындарының саны (2015 жылы – 1, 2020 жылы – 2).
Халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық институционалды аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі (2015 жылы – 50 %, 2020 жылы – 65 %).
Халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі (2015 жылы – 20 %, 2020 жылы – 30 %).
Отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізудің негізінде білім мен ғылымды кіріктіру жолымен инновациялық қызметті жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының үлесі (2015 жылы – 2 %, 2020 жылы –5 %).
Соңғы 5 жыл ішінде импакт-факторлы ғылыми журналдарда жарияланымдары жарық көрген профессор-оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлердің үлесі (2015 жылы – 1 %, 2020 жылы – 5 %).
Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының жобаларына сәйкес келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету
Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың сұраныстарына сәйкес өзгертілетін болады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) басымдықтарына сәйкес келетін мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылады.
Білім ұйымы, кәсіпорындар мен ҮИИДМБ жобалары үшін мамандар даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттермен практикадан өту және жұмысқа орналасу жөнінде шарттар жасалатын болады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі: магистратурада және PhD докторантурада, оның ішінде Назарбаев Университеті үшін ұлғаяды.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша стипендиаттардың 100 %-ы магистратурада, докторантурада, ғылыми тағылымдамаларда оқитын болады, бакалавриатта – бір семестрден академиялық бір жылға дейін.
ЖОО-ның кафедрааралық байланысы негізінде жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімді мамандар даярлау қарастырылады.
Жоғары білім беру жүйесінде педагогикалық және техникалық мамандықтардың студенттеріне өндірісте кеңейтілген практика енгізілетін болады.
ЖОО-лар базасында ғылымды қажетсінетін өнімдер мен қызметтер жасау үшін ЖОО-лардың, бейінді ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың консорциумдары құрылатын болады.
Әлеуметтік әріптестер ҮИИД-ға кадрларды даярлау үшін гранттар мен стипендиялар (ҮИИДМБ-дің әр жобасынан 5 грант/стипендия) бөледі.
ҮИИД-ің жобаларын іске асыратын кәсіпорындарда өндірістік практика базалары құрылатын болады.
Жоғары білімнің мазмұны мен құрылымын Болон процесінің параметрлеріне сәйкес келтіру арқылы жоғары білімнің еуропалық аймаққа кірігуін қамтамасыз ету
Болон процесінің шеңберінде мынадай міндетті, ұсынымдық параметрлері орындалады:
академиялық еркіндік – білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнында таңдау бойынша компонент көбейеді: бакалавриатта 70%-ға дейін, магистратурада 80%-ға дейін, докторантурада 90 – 95%-ға дейін;
Болон декларациясы принциптерінің бірі ретінде академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында студенттер оқудың барлық кезеңінде кемінде бір академиялық мерзімде шетелде оқытылады, оның ішінде Президенттің «Болашақ» бағдарламасының гранты есебінен;
ЖОО-лардағы тәрбие жұмыстарын күшейту;
сыбайлас жемқорлық деңгейін едәуір төмендету;
ЖОО-лардың академиялық, қаржылық және басқарушылық қызметінде ЖОО-лардың автономдық ұстанымдары іске асырылады;
12 жылдық білім беруді іске асыру шеңберінде бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының құрылымындағы жалпы білім беретін пәндер циклінің үлесі 25 %-дан 15 % -ға дейін азаяды;
еңбек нарығының сұраныстарына арналған еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының икемді әрекет ету тетігі енгізіледі – модульдік білім беру бағдарламалары әзірленеді;
Болон процесінің және академиялық ұтқырлық орталығы құрылады.
Еңбек және жұмыспен қамтудың уәкілетті органымен бірлесіп, салалық министрліктер мен жұмыс берушілердің қатысуымен Ұлттық біліктілік жүйесі құрылады:
білім берудің түрлі деңгейлеріндегі қазіргі біліктіліктер ұлттық және халықаралық еңбек нарықтарында танылатын көпдеңгейлі біліктілік жүйесіне біріктіріледі;
жұмыс берушілер бірлестіктері нақты мамандықтар шеңберінде біліктілік талаптарына сай келетін кәсіптік стандарттарды әзірлейді;
мамандардың кәсіби дағдылары мен біліктіліктерінің сапасын тәуелсіз бағалау мен сертификаттау жүйесі енгізіледі.
ЖОО-лар әзірлеген білім беру бағдарламалары Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сай келетін болады.
Білім беру бағдарламаларын іске асыруға және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру көлеміне байланысты мынадай республиканың ЖОО жіктеуішінің жүйесі құрылады: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар мен институттар.
Назарбаев Университеті моделі негізінде білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда дербес болу деп түсіндірілетін жоғары оқу орындары автономиясының принциптері әзірленетін болады. Мемлекеттік ЖОО-лар автономды коммерциялық емес ұйымдар болады. Сонымен қатар ЖОО-лар есеп беруге тиісті қамқоршылық кеңестер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қызметі айқындалатын тетіктер құрылады. Мемлекеттік ЖОО-лар үшін ректорларды тағайындау тетігі жетілдіріледі.
Еліміздің ЖОО-ларына кезең-кезеңімен автономия беру үшін жағдайлар жасалады. 2015 жылдан бастап автономия ұлттық зерттеу университеттеріне, 2016 жылдан бастап – ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан – қалған жоғары оқу орындарына беріледі.
2016 жылдан бастап үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың басым салаларының салалық біліктілік шеңберіне сәйкес білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмысы жалғастырылатын болады.
Жоғары білім сапасын бағалау жүйесінің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету
Уәкілетті органның тізіліміне енгізілген аккредиттеу ұйымдары жоғары оқу орындарын аккредиттеуді жүргізеді.
2020 жылға қарай ұлттық аккредиттеу органдары Аккредиттеу агенттіктерінің тізіліміне енеді (Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттіктерінің тізілімі).
2012 жылдан бастап аккредиттеуді коммерциялық емес үкіметтік емес аккредиттеу агенттіктері жүзеге асырады.
ЖОО-ын ұлттық аккредиттеуден өтуге уәждейтін шарттар әзірленеді. Атап айтқанда, Уәкілетті органның тізіліміне енгізілген агенттіктерде институционалдық және арнайы аккредиттеуден өткен ЖОО-лар аккредиттеу мерзімінде аккредиттеу бағдарламалары бойынша мемлекеттік аттестаттаудан босатылады. Олар өзіндік үлгідегі дипломдар бере алады, анағұрлым жоғары деңгейдегі бағдарламаларды іске асыра алады, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыта алады.
2015 жылдан бастап ЖОО мен колледждер үшін мемлекеттік аттестаттау ұлттық институционалды аккредиттеуге толық ауысады. Мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар лицензиялық тексерістер нысанында жүзеге асырады.
Ұлттық ЖОО-лар ұлттық аккредиттеумен қатар халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтеді.
Қазақстандық ЖОО-лардың 65%-ы халықаралық стандарттарға сәйкес тәуелсіз ұлттық институтционалды аккредиттеуден өтеді. Сонымен қатар ЖОО-лар тәуелсіз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өтетін болады.
Ұлттық тәуелсіз рейтингтер өткізуде мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетіледі.
Қазақстанның ЖОО-лары әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне қатысады. Кемінде екі ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингінде аталады.
ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын дамытуды қамтамасыз ету
2014 жылдан бастап жыл сайын оқу-зертханалық базасы жаңартылатын ЖОО-лардың үлесі 10 %-ға көбейеді. ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын дамыту үшін мемлекеттік-жеке әріптестік есебінен қаражат тартылатын болады.
Жоғары оқу орындарының құрылымдық бөлімшелері болатын 4 Орталық құрылады: Бизнес-инновациялық орталық (жоғары білім мен инновациялар аймағы); Жұмысшы кәсібінің орталығы және Дәнекерлеу орталығы; Тамақ технологиялары бойынша шағын цехы бар азық-түлік қауіпсіздігі орталығы, конкурс негізінде Аудармашылар бюросы.
Оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу және оларды басып шығару, оқулықтарды мемлекеттік тілге аудару, ЖОО кітапханаларын қажетті оқу әдебиетімен толықтыру қамтамасыз етіледі. Қазақстандық оқулықтармен қатар таңдаулы шетелдік оқулықтар қолданылады, әсіресе экономикалық, техникалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша.
Білімнің, ғылымның және өндірістің кірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми – педагог кадрларды даярлау
Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, басқа ғылыми-техникалық, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуде қатысатын зерттеу университеттері құрылады, олардың даму бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Зерттеу университеттерінің негізгі міндеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім деңгейлерінің барлығында ғылыми қызметпен білім беру процесін біріктіру болады. Зерттеу университеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға, сондай-ақ оқуға қабылдау кезінде бейінді бағыттың қосымша талаптарын белгілеуге құқылы.
Білім мен ғылымның бірігуі жекелеген ғылыми-зерттеу институттарын заңдық дербестік құқығымен жетекші зерттеу университеттердің құрамына беру арқылы жүзеге асырылады.
Елдің индустриялық- инновациялық даму бағыттарын іске асыру үшін жоғары оқу орындары негізінде инновациялық құрылымдар құру үшін базалық ЖОО-н айқындау тетіктері әзірленеді:
бизнес-инкубаторлар, оның ішінде:
2013 жылы – «Энергетика» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Мұнай өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы»; 2015 жылы – «Химия өнеркәсібі»;
технопарктер, оның ішінде:
2013 жылы – «Металлургия және дайын металл өнімдерін өндіру» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Машина жасау»; 2015 жылы – «Жеңіл өнеркәсіп»;
ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыру орталықтары.
Еліміздің жетекші ЖОО-лары жанынан жоғары білікті ғылыми-педагог кадрларды даярлау және инновациялық қызметті дамыту мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік құқығын қорғауды одан әрі қамтамасыз ете отырып, зияткерлік меншіктің бәсекеге қабілетті өнімдерін жасау үшін ғылыми және жобалық-конструкторлық ұйымдардың бірлескен құрылымдық бөлімшелері ашылады: 2011 жылы – 5 бірлескен құрылымдық бөлімше; 2012 жылы – 8, 2013 жылы – 10, 2014 жылы – 12, 2015 жылы – 15.
Жеке меншік секторды ғылыми және инновациялық қызметке тарту бойынша оларды экономикалық ынталандыру шаралары әзірленген.
2015 жылдан бастап Назарбаев Университеті жоғары кәсіби мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі біртіндеп елдің жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарына енгізіледі.
2016 жылдан бастап:
жетекші шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленеді;
жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өнім жасау үшін экономиканың басым бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіледі;
әріптес университеттермен және шетелдік ғылыми орталықтармен бірлесу жүзеге асырылады.
Нәтижесінде, іргелі және қолданбалы зерттеулерді кеңейту үшін университеттердің маңызды ғылыми әлеуеті тиімді қолданылады, олардың кешенділік және практикалық нәтижелілігі артады.
Өмір бойы оқу
Мақсаты:
Өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Міндеті:
Баршаға арналған білім, өмір бойы білім алу үшін жағдай жасау.
Нысаналы индикатор:
Барлық жастағылар үшін білім берудің әртүрлі нысандары мен типтерін енгізу.
Өмір бойы оқу білім алудың барлық деңгейінде адамның білім алуға деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың түрлі мүмкіндіктерін жасау есебінен жүзеге асырылады.
2020 жылға қарай өмір бойы оқу үшін жасына, білімі мен кәсіби біліктілік деңгейіне қарамастан жағдайлар жасалатын болады.
Жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан барша халыққа техникалық және кәсіптік, жоғары білім жүйесінде оқытудың түрлі нысаны және білім беру қызметтерін жекеше берушілер арқылы (қашықтықтан оқыту, қайта біліктілік беру, формалды, формалды емес, инклюзивті қысқа мерзімді курстар) жаңа базалық дағдыларды игеруді қоса алғанда, негізгі дағдыларды игеру мен жетілдіру мүмкіндігі ұсынылатын болады. Оқу орындарымен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, өндірістен қол үзбей оқыту қарастырылатын болады.
Білім беру ұйымдарында 2016 жылдан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарды кәсіби даярлау үшін жағдайлар жасалатын болады, модульдік білім беру бағдарламалары жасалады.
Халықтың ересек тобын қайта мамандандырудың ваучерлік жүйесі әзірленетін болады.
Өндірісте жұмыс істей жүріп, адам өзі оқытудың түрлерін, қарқынын және мерзімін таңдап, білім алу процесін дербестендіре алады. Білім алушылардың тәуелсіз коммерциялық емес агенттіктерде өздерінің алған біліктілік деңгейін бағалаудан өтіп, сертификаттар алуы арқылы мемлекеттік және жекеше білім беру қызметтерін ұсынушыларды оқыту нәтижелерін тануда тиімді шаралар әзірленетін болады.
Өмір бойы оқыту оқытудың формалды және формалды емес нысандарының тұтастай спектрін, инклюзивті білім беруді қоса алғанда, мектеп жасына дейінгі жастан бастап зейнеткерлікке шығу жасынан кейінгі оқытуды қамтитын болады.
Инклюзивті білімді дамыту тиісті бейіндегі мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының жанынан консультациялық-практикалық орталықтардың құрылуына ықпал етеді.
Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын қоса қаржыландыруға және әрбір қызметкердің үздіксіз білімге қатысуына мүмкіндік беретін икемді сызбаларды дайындауға тартылады.
Барша қазақстандық азаматтар мемлекеттік тілді толық меңгергенге дейін тілдерді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытатын «Балабақша - мектеп, кәсіптік лицей, колледж – жоғары оқу орындары» жүйесі құрылатын болады.
Қазақстан азаматтары (оқушылар, студенттер, магистранттар, түрлі сала қызметкерлері) мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар үшін сертификат бере отырып, қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі – Қазтест енгізіледі.
Тәрбие жұмысы және жастар саясаты
Мақсаты:
Жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру.
Міндеті:
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру.
Нысаналы индикатор:
Жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді қатысатын жастардың олардың жалпы санынан үлесі (2015 жылы – 27 %, 2020 жылы – 55 %).
Жастар саясатын іске асыру қазақстандық патриотизмді, рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.
2011 жылдан бастап:
консультациялық, ақпараттық-талдамалық, оқыту және басқа да қызметтер көрсету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастардың үкіметтік емес ұйымдары базасында қызметті жүзеге асыратын облыстық және республикалық әлеуметтік қызметтер одан әрі дамитын болады;
республикалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде ерікті, әскери-патриоттық ұйымдардың, әскери-спорттық, әскери-іздеуші және спорттық-техникалық клубтардың желісі 20 дан 30-ға дейін көбейеді;
білім беру ұйымдарында спорт секцияларының желісі дамытылады;
қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында тұрақты негізде мемлекеттік рәміздерді таныту, тарих, салт-дәстүр және ана тілін білу жөнінде іс-шаралар жалғастырылатын болады;
түрлі жобаларды іске асыру арқылы жастар арасында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру жөнінде мақсатты шаралар қабылданатын болады.
Алматы қаласы үлгісінде жастардың үкіметтік емес ұйымдарының және жастардың қызметін үйлестірудің орталықтандырылған жүйесін құру мақсатында жастар саясаты басқармасы құрылады.
Девиантты және деликвентті балалармен жұмысты күшейту жоспарлануда. Балалар мен жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алуы түрлі факторлардың өзара іс-қимылымен қамтамасыз етілетін болады: отбасы, мектеп, бос уақыттағы орта және тұтас қоғам.
Одан басқа, тәрбие мен оқытуды, девиантты және деликвентті мінез-құлықты балаларды әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету бойынша арнайы білім ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім ұйымдарына баса назар аударылатын болады.
Білім беру жүйесіне кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарын беруге байланысты олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы (бұдан әрі – КТБО) болып қайта ұйымдастырылады.
КТБО-ның негізгі міндеті – кәмелетке толмағандардың дағдарыс жағдайынан шығуға және өмірін орнықтыруға, баланы отбасымен қосуға көмек көрсету мен отбасын әрі қарай сүйемелдеу.
Тұтас алғанда, мектепке дейінгі жастан бастап тәрбиеге ерекше көңіл бөлінетін болады.
Жастардың әлеуетін ашу тетіктерін іске асыру
Жастар саясаты саласындағы мәселелерді шешуге жастардың қатысуы үшін оның өкілді органдарда қатысуын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.
Ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті бар студенттер арасынан белсенді жастарды, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында жастар ұйымдарының жетекшілерін оқыту жоспарлануда.
Шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайынғы ұлттық конкурстар, ойындар, турнирлер, КТК, оның ішінде Дельфий ойындарын өткізу және кейіннен қазақстандық құрамалардың халықаралық конкурстарға, турнирлер мен ойындарға қатысуын қамтамасыз ету көзделуде.
Осылайша, шығармашыл жастарды қолдау 2020 жылға қарай Дельфий ойындарына қатысушыларды 2000 адамға дейін жеткізуді көздейді.
Республиканың ғылыми-техникалық әлеуетін тұрақты негізде нығайту үшін ғылыми ұйымдарда және жоғары оқу орындарында консультативтік-кеңесші органдардың қызметіне жастардың шығармашылық және инновациялық бірлестіктері тартылатын болады.
Мәдениеттегі, өнердегі, ғылымдағы, ақпараттық технологиялар саласындағы ұзақ мерзімді конкурстық жобаларды дамыту бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтіледі.
Осылайша 2020 жылға қарай:
өкілді органдарға сайланушы жастардың үлесі 15%-ға жетеді;
жастар ұйымдарының қызметіне жастардың 29 %-ы қатысатын болады;
мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға тартылған жастар ұйымдарының үлесі 24 %-ды құрайды.
6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
Қазіргі заманғы жағдайда стратегиялық ресурсы адами капитал болып табылатын еңбек өнімділігі экономикалық өркендеу мен бәсекеге қабілеттіліктің ұзақ мерзімді негізіне айналуы тиіс. Мемлекет осы ресурстың дамуына үлес қосуы керек.
Білімді адамдарсыз заманауи инфрақұрылымды дамыту, тиімді мемлекеттік аппарат құру, қолайлы бизнес климатты қамтамасыз ету мүмкін емес.
Саяси ерік пен мемлекеттің жан-жақты қолдауының болуы осы реформаларды жүргізуге негіз болып табылады.
Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады: 2011 – 2015 жылдар мен 2016 – 2020 жылдар.
Бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінде (2011 – 2015 жылдар) жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдерін әзірлеумен, оларды сынақтан өткізумен, сондай-ақ ауқымды қайта құрулар мен эксперименттердің басталуымен байланысты жұмыстарды жүргізу көзделген.
Екінші кезеңде (2016 – 2020 жылдар) басымдық жабдықтарды сатып алуды, білім беру жүйесін дамыту міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараларға инвистициялар салуды (білім берудің материалдық инфрақұрылымын жаңғырту және басқа да шығыны көп жұмыстар, әдістемелік, кадрлық, ақпараттық қамтамасыз ету) көздейтін іс-шараларды жүзеге асыруға беріледі, негізінен, өткен кезеңдерде алынған нәтижелерді енгізуге және таратуға бағытталған іс-шараларды іске асыру қарастырылған.
Әрбір кезеңде жылдар бойынша Бағдарламаның іске асырылу барысын және бағдарламалық іс-шаралардың білім беру жүйесінің жай-күйіне әсерін сипаттайтын көрсеткіштерді өзгерту жоспарланған.
Күтілетін нәтижелер:
2015 жылға қарай өтпелі кезең аяқталады және Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, басқару мен қаржыландыру тетіктері бойынша дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады.
Білім беру жүйесінің дамуы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасынан көшбасшылық орындарға шығады.
2020 жылға қарай білім беру жүйесі жоғары білім сапасы мен халықаралық индикаторлармен расталған адами капиталдың даму деңгейі түрінде нәтиже беретін болады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мынадай әлеуметтік-экономикалық әсерлер қамтамасыз етіледі:
2015 жылға қарай:
1. Жаңа қаржы-экономикалық тетік әзірлеу.
2. Электрондық оқыту жүйесін құру.
3. Оқытудың 12 жылдық моделіне көшудің басталуы.
4. Ұлттық біліктілік жүйесінің негізі жасалады.
5. Мектептің және жоғары білімнің бағдарламалары кіріктіріледі.
6. Білімді, ғылымды және өндірісті кіріктіру басталады.
2020 жылға қарай:
1. Адами капиталдың сапасын арттыру мен еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігінен туындаған мемлекет экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.
2. Ғимараттарды жобалау, салу және қайта салудың жаңа принциптерін ескере отырып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Тозған және апатты білім беру объектілерін жою. Білім берудің технологиялық және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту (асханалар мен спорт залдарын, автопарктерді, компьютерлік техниканы жаңарту және т.б.).
3. Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру.
4. Білім беру саласының қолжетімділігін, сапасын, ашықтығын арттыру; корпоративтік басқару принциптерін енгізу.
5. Нормативтік-жан басына шағу принциптері, ваучерлік негізде біліктілікті арттыру жүйесі негізінде орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қаржыландырудың жаңа қаржы-экономикалық тетіктерін енгізу.
6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың вариативті нысандарын енгізу, балалардың мектепте білім алуға дайындығының жоғары болуын қалыптастыру, олардың жастай оңды әлеуметтенуін қамтамасыз ету.
7. Мектеп оқушыларын оқытудың жеке траекторияларын пайдалану арқылы бейіндік мектеп моделін құру.
8. Оқушылардың әлемдегі барлық білім беру ақпараттық ресурстарына on-line арқылы қол жеткізуін қамтамасыз ету.
9. Білім беру сапасын бағалаудың облыстық жүйесін енгізу.
10. Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен ересектерге арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, мектептегі және кәсіптік білім берудің тиісті деңгейін қамтамасыз ететін оқытудың инклюзивті жүйесін құру.
11. Республикада жаңа тұрпаттағы педагогтердің қажетті санын және тиісті біліктілігін қалыптастыру. Білім саласы қызметкерлерінің еңбегін экономикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру жүйесін, оқытушылардың еңбекақысын еліміздегі орташа еңбекақы деңгейіне жеткізетін және жұмыс сапасын ынталандыратын еңбекақы төлеудің икемді жүйесін енгізуге басымдық беру.
12. Ішкі нарықта білім берудің үлес салмағын арттыру, еліміздің білім беру жүйесіндегі білім беру қызметінің экспорттық көлемі мен құрылымын ұлғайту.
13. Еңбек нарығының талаптарына сай келетін, азаматтардың кәсіптік, мансаптық және жеке тұлға боп өсуіне ықпал ететін үздіксіз кәсіптік білім берудің икемді жүйесін қалыптастыру.
14. Білім беруге мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті енгізу.
15. Кәсіптік білім бағдарламаларының, сондай-ақ ұлттық және халықаралық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының санын арттыру.
16. Заманауи ғылыми білім-білікке ие және еліміздің инновациялық дамуына үлесін қоса алатын ғылыми-педагог кадрларды даярлау.
17. Бәсекеге қабілетті ғылыми-техникалық өнімді жасау және өткізу.
18. Жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыруға қатысатын жастардың үлесін 55 %-ға арттыру.
7. Қажетті ресурстар
2011 – 2020 жылдары білім беруге жұмсалатын бюджет шығыстарын кезең-кезеңімен арттыру, 2020 жылға қарай олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесін дамыған елдердің орташа деңгейіне дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Білім беру саласында педагогтік қызметтің ерекшелігін ескере отырып, еңбекақы төлеудің сараланған жаңа жүйесі әзірленіп, енгізіледі.
Ауылдық ШЖМ педагогтерін қолдауға арналған шаралар жүйесі қарастырылуда.
Болжамды қаржы шығындары (күрделі және ағымдағы)
Шығын құрылымында АКТ мен электрондық оқытуды дамытуға, 3 ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің орнына бейіндік, «Назарбаев зияткерлік мектептерін» салуға, жетекші ЖОО-ларға шетелдік ғалымдар мен консультанттарды тартуға, магистратура мен докторантураға қабылдау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына шығындар басым.
Бағдарламаның бірінші кезеңін республикалық бюджеттен қаржыландырудың қосымша көлемі 461,1* млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
2011 жылы – 59,7 млрд. теңге;
2012 жылы – 62,3 млрд. теңге;
2013 жылы – 52,8 млрд. теңге;
2014 жылы – 145,9 млрд. теңге;
2015 жылы – 140,4 млрд. теңге.
Бағдарламаның іс шараларын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жыл сайын тиісті жергілікті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға бөлінетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
*2011 – 2015 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде нақтыланатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |