2-бөлім. Аумақтық кеңістікте даму бағыттары
1. Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін аумақтық кеңістікте дамытудың мақсаты мен міндеттері
Болжамды схеманың мақсаты – әрбір өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану негізінде өңірлердің орнықты дамуы үшін жағдайлар жасау.
Қазақстан Республикасының алдағы онжылдыққа арналған мемлекеттік өңірлік саясаты адамдар мен капиталдың перспективалы аудандар мен басым өсу аймақтарында аумақтық шоғырлануына, урбандалуы жоғары аймақтарды, кәсіпкерлік белсенділікті қарқынды дамытуға, халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын және өмір сүруге қолайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған елді аумақтық кеңістікте ұйымдастырудың ұтымды жүйесін қалыптастыруға бағытталатын болады.
Аумақтық кеңістікте дамудың негізгі міндеттері:
1) экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру.
Қала агломерациялары, екінші және үшінші деңгейдегі қалалар және тірек ауылдық елді мекендер халық үшін де, шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін де табиғи тартылыс орталықтары, өсу нүктелері ретінде болады. Қала агломерациялары, тірек қалалар мен тірек ауылдық елді мекендер айналасында халықтың, капиталдың, ресурстың және озық технологиялардың шоғырлануын, экономикалық маманданудың перспективалы бағыттарын және аумақтардың экономикалық өсу резервтерін ескеру қажет;
2) халықты қоныстандырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру.
Аталған міндеттің шеңберінде қалыптасқан қоныстандыру жүйесін жетілдіруге елеулі әсер ететін өңірлік ерекшеліктерді, болып жатқан экономикалық, демографиялық және көші-қон процестеріндегі айырмашылықтарды ескеру қажет.
Қоныстандырудың оңтайлы жүйесінің шарттары ретінде шалғай өңірлер мен халықтың тығыздығы төмен өңірлерде (Солтүстік, Батыс, Орталық-Шығыс макроөңірлері) көлік қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды назарға алу керек.
Сондай-ақ ірі қалаларда инновациялық экономиканың негіздерін қалыптастыру және жалған урбандалу проблемаларын болдырмау мақсатында урбандалу және агломерациялау процестерін дамытуды ынталандыру және реттеу қажет;
3) өңірлерді экономикалық мамандандырудың бәсекеге қабілеттілігін дамыту.
Осы міндеттің шеңберінде республикалық және өңірлік еңбек бөлінісінде өңірлерде бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандыруды қалыптастыру қажет.
Экономикалық маманданудың басым салаларында инновациялық индустрияландыруды жүргізу керек, сондай-ақ өңірлер экономикасын әртараптандыру шеңберінде жаңа жоғары технологиялы салалар мен кластерлерді дамыту талап етіледі.
Мемлекет елдің барлық өңірлерінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдау тетіктерін үнемі жетілдіруі қажет.
Өңірлердің шекаралас аумақтарын дамыту және оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуін ескере отырып, олардың сауда-экономикалық, көші-қон, өндірістік, ғылыми және мәдени байланыстарын күшейту үшін жағдайлар жасау қажет;
4) өңірлік инфрақұрылымды нығайту.
Өндірістік күштерді орналастыра және халықты қоныстандыра отырып инженерлік инфрақұрылым объектілерін (көлік, энергетика, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымы) перспективалы орналастыру схемасын өзара байланыстыру керек.
Инфрақұрылымды дамытуды, ең алдымен, елдің Еуразия континентінде тораптық және транзиттік орналасу басымдықтарын іске асыру және елдің ішкі байланыстылығын күшейтуге бағытталған аумақтық кеңістікте дамуының белдеулік жүйесін қалыптастыру тұрғысынан қарастыру қажет.
Инфрақұрылым объектілерін орналастыруды ұзақ мерзімді жоспарлау мақсатында рекреациялық және индустриялық аймақтарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, тұрғын аймақтарды бөліп көрсете отырып, аумақтық дамудың функционалды аймақтарының перспективалы құрамын қалыптастыру қажет;
5) халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жағдай жасау.
Түптеп келгенде, Болжамды схеманың ережелерін іске асыру және тиісті өңірлік саясатты жүргізу халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін арттыру және өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жағдайлар жасауға тиіс.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтуды төмендету, сондай-ақ ел халқының табысын өсіру бойынша іс-шаралар жүргізу қажет;
6) экологиялық жағдайды сақтау және жақсарту.
Экономикалық саясат жүргізу кезінде ел өңірлерінің экологиялық жағдайын ескеру қажет. Елде іске асырылып жатқан іс-шаралар табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету және қоршаған ортаға экологиялық ауыртпалықты азайту арқылы аумақтардың экологиялық жағдайын және халықтың экологиялық қауіпсіздігін жақсартуға бағытталуға тиіс.
Осыған байланысты елдің экологиясына зиян келуіне жол бермеу мақсатында қазіргі заманғы экологиялық тұрғыдан барынша таза және қалдықсыз технологиялар мен әдістерді өндірісте қолдану арқылы қоршаған ортаға шығарындыларды азайту жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажет, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, су көздерін тазалау және ел аумағында ормандарды көбейту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.
2. Елді тиімді аумақтық кеңістікте дамытудың негізгі тәсілдері
1-тәсіл. Аумақтық шоғырлану мен басқарылатын урбандалу негізінде баланстық даму.
Ауқымды, сирек қоныстандырылған және инфрақұрылымдық дамыған аумағы бар Қазақстан үшін өндіріс пен халықтың шоғырлануы аса маңызды болып отыр.
Әлемдік практика көрсетіп отырғандай халық тығыздығы шамамен
40-50 адам/ш. км болған кезде жаңғырту әсері жоғары болады.
Аталған тәсіл шеңберінде өндірістік және еңбек ресурстарының өсу нүктелерінде аумақтық шоғырлануды ынталандыру арқылы елдің баланстық дамуын қамтамасыз ету қажет.
Жаһандық және өңірлік нарықтармен интеграцияланған және елдің қалған өңірлері үшін даму «көшбасшылары» ретінде болатын анағұрлым серпінді дамушы қалалар мен өңірлер өсу полюстеріне айналады.
Қазақстанның аумақтық дамуы жергілікті даму аумақтарында шоғырлануға тиіс және олар арқылы ел мен оның өңірлерін жалпы әлемдік шаруашылық процестерге қосуға тиіс. Елдің алдында аумақты баланстық дамытуға көшу және өңірлерде шоғырланған экономикалық кеңістік ареалдары мен нүктелерін қалыптастыру, оларда біртіндеп қолайлы халықтың экономикалық тығыздығына қол жеткізу міндеті тұр.
Ұзақ мерзімді жоспарда заманауи инновациялық-индустриялық технологияларға негізделген экономиканы әртараптандыру баланстық даму саясатының мақсаты болып табылады.
Аумақтық шоғырлану экономикалық мамандану схемасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Еңбек ресурстарын елдің экономикалық тұрғыдан перспективалы өңірлеріне жұмылдыру.
Халықты аумақтық қайта бөлу ағындары жұмыспен қамтуды, жалақыны, әлеуметтік ұтқырлықты арттыру мүмкіндіктері бар өңірлерге бағытталуға тиіс. Оңтүстік макроөңірден көші-қон ағындарының дамуын ескере отырып, республиканың оңтүстік өңірлерінен солтүстік және шығыс өңірлеріне халықтың көші-қонын ынталандыруды көздеу қажет. Еңбек ресурстарын жұмылдырудың маңызды аспектісі капиталды өңдеуші өнеркәсіптің, агроөнеркәсіптік кешеннің және геологиялық барлаудың кәсіпорындарына инвестициялайтын трансұлттық компаниялар үшін жұмыс күшінің еркін ауысуы болып табылады. Бұдан басқа, өңірлерде халықтың көшіп кетуіне неғұрлым бейім өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың көптігін назарға алған жөн.
Осылайша, еңбек ресурстарын аумақтық қайта бөлу бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде жаңадан құрылған жұмыс орындарын ескеретін болады. Қазіргі кезде индустриялық секторды дамыту шеңберінде 220-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде және шамамен
50 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Басқарылатын урбандалу
Қалалардың жылдам өсуі және қала халқының ұлғаюы мүмкіндіктерді де, сол сияқты сын-қатерлерді де тудырады. Бір жағынан, қалалар, әсіресе, ірі қалалар экономикалық өсу және даму, бизнес пен адамдар үшін мүмкіндіктердің шоғырлану орталықтарына айналады. Екінші жағынан, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен қала халқының жылдам өсіп жатқан қажеттіліктеріне ілесе алмайды, бұл қалаларда өмір сүру жағдайларының нашарлауына және экологияның нашарлауы, коммуналдық қызметтердің жетіспеуі мен төмен сапасы, аурулар мен адам денсаулығы үшін қауіптердің өсуі сияқты, сондай-ақ көптеген өзге де проблемаларға алып келеді.
Жоғарыда аталған қалалардың жоғары урбандалу қарқындары стратегияларды әзірлеу және қалалық дамуды басқару әдістеріне елеулі өзгерістер енгізуді, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтер саласының дамуына мемлекеттік және жеке инвестицияларды айтарлықтай ұлғайтуды талап етеді.
Қалаларда инфрақұрылымға, жаңартылатын энергия көздеріне, құрылысқа және электр энергиясы мен сумен жабдықтауды пайдаланудың тиімділігін арттыруға инвестициялар салу аса маңызды болып отыр. Қазақстан қалалары қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу жүйелерін жақсарту инвестициялар салуды қажет етеді.
Қалалардың теңгерімді дамуы және жалған урбандалу феноменін болдырмау мақсатында мынадай қағидаттарда қалаларды дамыту және хабтарды қалыптастыру ұсынылады:
урбандалуға байланысты проблемалар туындағаннан кейін ден қоюдың орнына қала халқының өсуін алдын ала жоспарлау және азаматтарға ресурстар ұсыну;
табиғи урбандалуды ынталандыру және нормативтік немесе құқықтық кедергілері жою;
ауылдық жерлерден қалаларға көшіп келетін азаматтарды қолдауды қамтамасыз ететін бағдарламалар мен институттар құру;
экономикалық аудандардың синергиясын құра отырып, ірі қалалардың дамуына кішігірім қалалар мен ауыл аудандарын қосу;
халыққа қалалардың экономикалық өсуіне және әлеуметтік жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін қолжетімді, жоғары сапалы инфрақұрылым құру.
Бұл ретте Қазақстанда урбандалудың негізгі басым бағыттары:
1) қалалық жоспарлауды жетілдіру;
2) қала экономикасын жаңғырту;
3) инфрақұрылымды жеделдетіп қалыптастыру;
4) қалалық ортаны және қалалықтардың мәдениетін дамыту;
5) ауыл халқын интеграциялау болады.
Урбандалуды дамыту және Қазақстанда жаңа қағидаттарда агломерацияларды қалыптастыру «жасыл экономикаға» көшу бойынша тұрақты даму, ғылыми-зерттеу әзірлемелері, инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту орталықтарына айналатын әлемдік деңгейдегі агломерацияларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар жоғары сапалы білім беру, ақпараттық және көлік қызметтерін ұсыну, бәсекелестікті арттыру, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау есебінен адами капиталды дамытуды және өнімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Қалаларда халықтың айтарлықтай өсуі Қазақстанның тез өсетін қалаларында әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер серпінін басқаруға ерекше назар аудару қажеттігін айқындайды. Агломерациялау процестеріне назар аудармау жалған урбандалу феноменіне және қалаларда жалпы әлеуметтік үйлесімсіздіктің артуына әкеледі. Қалалық инфрақұрылымның барабар дамуына негізделмеген, қосымша еңбек салаларының болмауы орын алған агломерациялық орталықтарда халықтың шамадан тыс шоғырлануы (әсіресе, Алматы және Шымкент сияқты қалаларда) Қазақстанда агломерациялау процестерінің жағымсыз сценарий бойынша дамуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан орнықты кеңістікте даму қағидаттарына ауысу қажет: қалалардың аумағын кеңейтудің орнына оларды өсіру; экономикалық жұмыспен қамтудың дербес орталықтарына айналатын орталық қала және оның маңындағы елді мекендер арасында функциялар мен мамандануды бөлу; агломерацияларды өңір – қалаларға айналдыру және басқалар. Қаланың және оның агломерациялық айналасын әлеуметтік-экономикалық қала құрылыстық даму кешенділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ерекше өзара байланысты аумақтық құрылымдар ретінде агломерацияларды дамытуды жоспарлауға да жаңа көзқарас қажет.
Облыс орталықтары мен республиканың басқа да қалалары келешекте индустриялық-сервистік экономикасы мен жаңғыртылған қалалық ортасы бар ойдағыдай үйлесімді дамушы өңірлік агломерациялық құрылымдарға ауысуға бағдарланатын болады.
Қалалық агломерациялардың артықшылықтарын пайдалану үшін олардың қала маңы аймақтарын қалыптастыру мен дамыту процестерінің зор мәні бар.
Бұл ретте еңбек ұтқырлығын дамытудың маңызды шарты ретінде агломерация ядросы мен қала маңы аймақтары арасында жүрдек көлік қатынасының заманауи түрлерінің маңызы зор болады.
Хабтардың урбандалу және қалыптасу процестерін дамытуды жоспарлау перспективалы қоныстандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды орналастыру схемасында жүйелі көрініс тапқан.
Аумақтық кеңістікте даму шеңберіндегі өңірлік саясат бағыты жергілікті өзін-өзі басқару, өңірлердің жауапкершілігі және салыстырмалы экономикалық дербестігі қағидаттарын ескереді. Сондай-ақ орталық пен жергілікті атқарушы органдар арасында функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажыратуды назарға алу маңызды.
2-тәсіл. Хаб және шұғыла қағидаттары негізінде макроөңірлік даму.
Қазақстан Республикасын аумақтық кеңістікте ұйымдастыру базасы ірі қалаларда дамудың шынайы алғышарттары бар жаңа экономика болады. Бұл урбандалған өңірлерде осындай кластерлерді шоғырландыру арқылы ел экономикасының басым салаларында жоғары технологиялы өндірістерге бағдарланған кластерлерді қалыптастыруды және дамытуды болжайды.
Агломерациялық дамыту қалаларды дамытуды жандандыру есебінен қамтамасыз етіледі. Оған агломерацияларды қолдау ықпал ететін болады, оларда аумақтардың түйінді қаржылық, адами, инновациялық, табиғи-экологиялық, мәдени ресурстары шоғырландырылатын болады. Агломерацияларды қалыптастыру сапалы демографиялық және аумақтық кеңістікте өсуін қамтамасыз ете алатын, халық тығыздығы төмен Қазақстанның аумақтық ұйымдастырылуының негізгі нысанына айналады.
Аумақтық кеңістікте даму белгілі бір дәрежеде өңірлердегі дамыған көліктік-логистикалық инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан көліктік- логистикалық инфрақұрылымды дамыту макроөңірлерді хаб қағидаты бойынша қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылатын болады, бұл негізгі жүк ағындарын тартуға және өңірлер бөлінісінде өсу нүктелерінде менеджмент сапасын және терминалдық инфрақұрылымды дамытуға бағдарланған көліктік-дистрибуциялық торапты дамытуды көздейді.
Макроөңірлер қалыптастыру шеңберінде бірінші кезекте хаб-қалаларды қалыптастыру қажет, бұл – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Өскемен қалалары.
Хаб-қалалар капитал, ресурстар және озық технологиялар шоғырланатын орталықтар болады. Хаб қалаларда әлемдік деңгейдегі, оның ішінде адами капиталды дайындау бойынша көрсетілетін қызметтер саласын дамыту қажет. Бұл қалалар еуразиялық кеңістік шеңберінде мегаполистермен бәсекеге түсуге тиіс. Хаб-қалалар шамадан тыс көп халықты қамтуға және халықтың жедел урбандалуына ықпал етуге бағытталатын болады.
Елдің және оның өңірлерінің әлемдік және өңірлік экономикадағы орнын айқындау, экономикалық, табиғи, еңбек әлеуетін, сондай-ақ қоныстану жүйесін талдау және бағалау негізінде елдің аумақтық кеңістігін хаб қағидаты бойынша қалыптастыруға көшуді жүзеге асыру көзделеді, оның тіректік негізі қазіргі және болашақта құрылатын көліктік-коммуникациялық дәліздер болады, ал аса маңызды тораптар өңірлік және жаһандық нарықтармен және екінші деңгейдегі қалалармен интеграцияланған ірі көшбасшы хаб-қалалар болады.
Стратегиялық хаб-қалалар қалыптасқан, сол сияқты құрылатын өңірлік және субөңірлік аумақтық-шаруашылық жүйелерді, сондай-ақ оқшауланған экономикалық тораптар мен аумақтарды өзара байланыстырады, бұл жергілікті белдеу аралық желілердің қалыптасуымен қатар елдің ішкі экономикалық кеңістігінің бірлігін қамтамасыз етеді.
Екі деңгейдегі қалаларды:
1) 5 хабты – жалпыұлттық, ал перспективада Орта Азиялық деңгейдегі көшбасшы қалалар, олар еуразиялық тауар, қаржылық, технологиялық және мәдени алмасу жүйесінде аса маңызды тораптарға айналады. Хабтарды дамыту инновациялық дамуға көшуді, қалаларды ұлттық және өңірлік өзара іс-қимылдың толыққанды орталықтарына айналдыруды болжайды: сауда-логистика және көлік, қаржы және кадр орталықтары, ақпараттар мен технологияларды жеткізушілер. Хабтар ғаламдық, өңірлік және ұлттық нарықтармен ықпалдасқан өсу полюстерінің орталықтарына айналуға және елдің қалған барлық өңірлері үшін «локомотивтер» ретінде болуы тиіс;
2) өз өңірлерінде экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және бәсекеге қабілетті өңірлік кластерлердің қалыптасуына себепші болатын және өңірлердің ұлттық және сыртқы нарықтарға шұғыла қағидаты бойынша шығуын қамтамасыз ететін екінші деңгейдегі қалаларды басым дамыту көзделеді.
Қазіргі жағдайларда Қазақстанда елдегі экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және елдің өңірлік және жаһандық нарықтармен ықпалдастығы аймағы болуға мүмкіндігі бар перспективалы өсу полюстері мынадай хабтар болып табылады:
Солтүстік макроөңір хабы – Астана қаласы;
Орталық-Шығыс макроөңір хабы – Өскемен қаласы;
Батыс макроөңірі хабы – Ақтөбе қаласы;
Оңтүстік макроөңір хабтары – Алматы және Шымкент қалалары.
Астана
Солтүстік макроөңірде халық саны – 796,3 мың адамды, ал 2020 жылға қарай –1047,4 мың адамды құрайтын Астана қаласы хаб болады.
Астана қаласында серпінді астаналық агломерацияның өсіп келе жатқан сұранысына негізделген барлық дерлік өңірлермен күшті байланыстар басым. Астана агломерациясын қоса есептегенде, халық санының перспективалы өсуі 2020 жылға қарай 1115,5 мың адамды құрайды.
Астана хабын шұғыла қағидатымен полиорталықты даму орталығы ретінде дамытудың жаңа саясаты демографиялық процестерді дамытуға, халықтың көші-қон қозғалысына және урбандалуға байланысты болатын қоныстану жүйесін ескеретін болады. Халықтың табиғи және механикалық өсімі – бұл қоныстанудың желісі мен жүйесінің қалыптасуына неғұрлым күшті әсер ететін факторлардың бірі.
Солтүстік макроөңірде ауыл халқының қалаларға көшу проблемасын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды есепке ала отырып ескерген жөн.
Солтүстік макроөңірде тірек қаңқасын дамыту көші-қон және урбандалу процестерін ескере отырып, қоныстандыру саясатын пысықтауды талап етеді.
Ол үшін Петропавл, Қостанай, Көкшетау қалаларында облыстық қоныстандыру жүйелерінің орталықтарын қалыптастыру қажет. Аталған қалалар өздерінің көлік жүйелерін шоғырландыру орталығы ретінде Солтүстік макроөңірдің бірыңғай қоныстану жүйесінің тірек кеңістіктік қаңқасын қалыптастырады.
Қазіргі уақытта Солтүстік макроөңірде 2011 жылмен салыстырғанда халық санының 0,7%-ға төмендеуі байқалады (2014 жылы – 2189,6 мың адам, 2011 жылы – 2204 мың адам). Бұдан басқа, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында халықтың демографиялық қартаю процестері де байқалады. Көрсетілген демографиялық процестер табиғи өсім көрсеткіштерінің серпінімен, сондай-ақ халықтың ішкі және сыртқы көшіп-қонуымен байланысты.
Астана хаб-қаласы барлық макроөңірлерді «Орталық-Шығыс», «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» өңіраралық автожолдар желісі жобаларын іске асыру есебінен байланыстыратын орталық болады.
Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен маршруты арқылы өтетін және Астананы шығыс өңірлермен байланыстыратын «Орталық-Шығыс» жобасы, бұл транзиттік жүктерді тартуға, отандық тауарларды экспорттауға, туристік кластерді дамытуға, ықпал ету аймағына екінші деңгейдегі Семей және Павлодар қалаларын қоса отырып ықпал етеді.
Астана – Қарағанды – Балқаш – Қапшағай – Алматы бағыты бойынша «Орталық-Оңтүстік» жобасы Астананы Оңтүстік макроөңірмен байланыстыруға мүмкіндік береді және шекарамаңы аумақтарының құрғақ порттарының транзиттік әлеуетінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сыртқы нарықтарға экспортты ұлғайтуға, халқы тиісінше 2020 жылға қарай
492,4 мың адамнан 503,2 мың адамға, 59 мың адамнан 64,9 мың адамға, 78,4 мың адамнан 80,1 адамға дейін өсетін Қарағанды, Қапшағай және Балқаш қалаларын ықпал ету аймағына қоса отырып, көліктік-логистикалық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға түрткі болады.
Астана – Арқалық – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау бағыты бойынша «Орталық-Батыс» жобасы Астананы батыс өңірлерімен байланыстырады, осылайша орталық және батыс өңірлерінің арасындағы жүк айналымын, олардың кооперациясын ұлғайтуға, автомобиль, теңіз және теміржол көлігінің тасымалдарын интеграциялауға жағдайлар жасалады, қазақстандық теңіз порттары арқылы отандық тауарлар үшін жаңа нарықтар ашады. Бұл жобаны іске асыру халық саны тиісінше 41,9 мың адам және
185 мың адамды құрайтын Арқалық және Ақтау сияқты екінші деңгейдегі қалалардың, сондай-ақ бірқатар елді мекендер мен шағын қалалардың дамуына әсер етеді.
«Орталық-Батыс» жобасымен қатар Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол желілері пайдалануға беріледі және Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Арқалық автомобиль жолдарының реконструкциясы аяқталды, ол халқы 89,4 мың адамнан перспективада
2020 жылға қарай 91,4 мың адам болатын Жезқазған қаласына солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлерін байланыстыратын көлік-логистикалық орталыққа айналуға мүмкіндік береді.
Қазақстан өңірлерін дамытудың хаб қағидатын іске асыру полиорталықты дамумен байланысты, бұл оларда заманауи жоғары технологиялық инфрақұрылымдық объектілердің, ең алдымен әуежайлар мен көлік-логистикалық орталықтардың болуын болжайды. Астана хаб-қаласында әуежайды жаңғырту және оның жолаушылар терминалын 2017 жылға дейін 750-ден 1500 жолаушы/сағ. дейін кеңейту қажет.
Астана хаб-қаласын дамыту Қарағанды, Көкшетау қалаларын және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтитын желілік өсу аймағы ретінде Астана агломерациясының қалыптасуына байланысты болады, бұл ретте Көкшетау қаласының халық саны 2020 жылға қарай 155,6 мың адамнан 162,3 мың адамға дейін ұлғаятын болады.
2. Алматы
Халық саны 1,5 млн. адамнан асатын Алматы қаласы Оңтүстік макроөңірдің хабына айналады. 2020 жылға қарай оның халқының саны
1676,4 мың адамға дейін өседі.
Алматы қаласы Алматы – Тараз – Шымкент бағытын байланыстыратын ірі көлік-логистикалық орталық болып табылады. Алматы хабының ықпал ету аймағындағы екінші деңгейдегі қалалардың даму серпіні Алматы агломерациясының даму қарқынымен және олардың транзиттік әлеуетімен айқындалатын болады. Алматы агломерациясы халқының перспективалы санының өсуі 2020 жылға қарай 3057,9 мың адамды құрайды.
«Жетіген – Қорғас» учаскесі бойынша жобаны іске асыру Азия – Еуропа бағытындағы қашықтықты 500 км-ге қысқарта отырып, Қытайдан Еуропа және Азия елдеріне бағытталатын транзиттік жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын (бұдан әрі – АЭА) құру «Жетіген – Қорғас» теміржолымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізімен технологиялық байланыста бола отырып, Еуропа мен Азияға ең жақын жолды қамтамасыз ететін қуатты индустриялық-логистикалық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін іске асыру және инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін Жетіген кентінде 2017 жылға қарай ірі транзиттік авиациялық хаб ретінде қарастырылып отырған жаңа әуежай салынады.
Бұл ретте Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі хаб ретіндегі рөлі байланыстыратын буын және транзиттік әлеует ретінде басты орында болады. Ол үшін ішкі және халықаралық көлік ағындарын орындау үшін көлік-логистикалық орталықтарды одан әрі өсіру және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Алматы – Қапшағай» жоғары жылдамдықты автотрассаларының, сондай-ақ «Жетіген – Қорғас» теміржолының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.
Алматы хаб-қаласын дамыту үшін Алматы қаласындағы әуежайының өткізу қабілеті 1440 жолаушы/сағ. халықаралық жолаушылар терминалын салуды аяқтау қажет.
Алматы хаб-қаласын дамыту Алматы облысының (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, Есік, Қапшағай, Қаскелең, Талғар қалалары, Байсерке, Боралдай, Жетіген, Қараой, Өтеген батыр, Ұзынағаш, Шамалған кенттері) үшінші деңгейдегі қалаларын тарту арқылы желілік өсу аймағы ретінде Алматы агломерациясының қалыптасуымен байланысты болады.
Республикада басқа да стратегиялық хабтардың қалыптасуы өңірлік даму орталықтары болып табылатын және кейіннен өзінің ғана емес, аралас өңірлердің де экономикалық белсенділігін шоғырландыру мүмкіндігі бар, біріктіруші бола алатын екінші деңгейдегі қалалардың даму әлеуетімен айқындалады.
3. Өскемен
328,6 мың адам тұрғыны бар Өскемен қаласы Орталық-Шығыс макроөңірінің хабына айналады. 2020 жылға қарай оның халқы 361 мың адамға дейін өседі.
Орталық-Шығыс макроөңірі елдегі ең урбандалған өңірлердің бірі болып табылады. Перспективада урбандалу процестері жалғасады. Соңғы жылдары макроөңірде ең жоғары урбандалу деңгейі Қарағанды (78%) және Павлодар (68%) облыстарында байқалған.
Орталық-Шығыс макроөңірінде жылдам өсетін қалалар қатарына Өскемен, Семей, Қарағанды мен Павлодарды жатқызуға болды. 2020 жылға қарай Семей мен Павлодар қалалары халқының саны 339,3 мың адамнан 347,1 мың адамға дейін және тиісінше 356,1 мың адамнан 369,7 мың адамға дейін ұлғаяды.
Өскемен хаб-қаласы Орталық-Шығыс макроөңірдің тірек қаңқасы болады және Солтүстік пен Оңтүстік макроөңірлерін және Астана хабын «Өскемен – Семей – Павлодар» өңіраралық автомобиль жолдары желісінің жобаларын іске асыру есебінен функционалды байланыстыратын болады.
Бұдан басқа, «Астана – Павлодар – Қалбатау – Өскемен» бағыты бойынша «Орталық-Шығыс» жобасы орталық пен шығыс өңірді байланыстыратын жоба болып табылады.
«Солтүстік» (Омбы – Павлодар – Семей – Георгиевка – Майқапшағай және Омбы – Павлодар – Семей – Георгиевка – Аягөз – Таскескен – Үшарал – Сарыөзен) халықаралық автомобиль дәлізінің құрамына кіретін автомобиль маршруттары. Транссібір теміржол магистраліне тікелей шығу жолдары бар «Түрксіб» теміржол магистралі, сондай-ақ Солтүстік және Орталық трансазиялық теміржол магистралі дәліздерінің (Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Достық – Ақтоғай – Саян – Мойынты – Астана – Петропавл) Қытай – Қазақстан – Ресей бағытында үлкен транзиттік әлеуеті бар.
Өскемен хаб-қаласын дамыту шығыс өңірінің қазіргі транзиттік әлеуетін өсіруге ықпал етеді.
Өскемен хаб-қаласының толыққанды жұмыс істеуі үшін Павлодар, Семей, Қалбатау елді мекендері арқылы Астана – Өскемен заманауи автомобиль жолдарын салу қажет.
4. Ақтөбе
Батыс макроөңірінде халық саны 439,5 мың адамды, ал 2020 жылға қарай 470,3 мың адамды құрайтын Ақтөбе қаласы хабқа айналады.
Батыс макроөңірінің екінші деңгейдегі қалаларын дамыту Ақтөбе агломерациясын қалыптастыруға және одан әрі дамытуға байланысты болады. Ақтөбе агломерациясын ескере отырып 2020 жылға қарай халықтың перспективалы санының өсуі 538,8 мың адамды құрайды.
Батыс макроөңірінің тірек қаңқасын дамыту көші-қон және урбандалу процестерін ескере отырып, қала және ауыл халқының инфрақұрылымындағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталуы тиіс.
Көші-қон және урбандалу процестерін реттеу Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларында облыстық қоныстандыру жүйелері орталықтарын қалыптастыру есебінен жүзеге асырылады. Бұл қалалар Батыс макроөңірінің бірыңғай қоныстандыру жүйесінің тірек кеңістіктегі қаңқасын қалыптастырады.
Ақтөбе хаб-қаласы Каспий теңізіне (Атырау, Ақтау) шыға отырып Өскемен – Семей – Павлодар – Астана – (Көкшетау, Петропавл) – Ақтөбе – Орал солтүстік белдеуі, сондай-ақ Ақтөбеден Ақтауға жаңа жол салу және Ақтөбеден халық саны 2020 жылға қарай 283,6 мың адамнан 321,8 мың адамға, тиісінше 291,3 мың адамнан 346,3 мың адамға өсетін Орал мен Атырауға жолдарды реконструкциялау есебінен Шығысты Батыспен байланыстыратын қаңқа болады.
«Орталық-Батыс» жобасы Астананы батыс өңірлермен байланыстырады, осылайша орталық және батыс өңірлері арасында жүк айналымын, олардың кооперациясын ұлғайту, автомобиль, теңіз және теміржол көлігі тасымалдарын интеграциялау үшін жағдай жасайды, қазақстандық теңіз порттары арқылы отандық тауарлар үшін жаңа нарықтар ашады.
«Орал – Каменка – Ресей Федерациясының шекарасы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолдарын реконструкциялау жөніндегі жобалар Батыс макроөңірінің жалпы дамуына ықпал етеді және өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығындарын қысқарту арқылы Ресей нарықтарына отандық тауарлардың экспортын ынталандырады, себебі орташа қозғалыс жылдамдығы ұлғаяды, жолға кететін уақыт қысқарады.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің құрылысын аяқтау Ақтөбе хабының транзиттік әлеуетін ашуға мүмкіндік береді және Батыс макроөңірінің екінші деңгейдегі қалаларын дамытуға күшті серпін береді.
Ақтөбе хаб-қаласын дамыту қаланың әуе және жерүсті көлігінің көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуды талап етеді.
5. Шымкент
Халық саны 711,8 мың адам Шымкент қаласы Оңтүстік макроөңірдің хабына айналады. Қала халқының саны 2020 жылға қарай 796,9 мың адамға дейін ұлғаяды. Ауыл халқының қала және қала маңы аумақтарының қолданыстағы еңбек нарығының, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының мүмкіндіктерін ескермей қалаларға және қала маңы аумақтарына көшіп-қонуының өткір мәселесін ескеру қажет. Бұл басқарылмайтын процесс қалалар мен қала маңының бей-берекет, жүйесіз өсуімен, экологиялық, көлік, тұрғын үй және әлеуметтік проблемалардың шиеленісуіне әкеледі. Оңтүстік макроөңірде жылдам өсетін қалалар қатарына Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қаскелең және Түркістанды жатқызуға болады.
Шымкент қаласын Оңтүстік макроөңір хабы ретінде дамыту жылдам дамып келе жатқан Шымкент агломерациясының болуына байланысты. Шымкент қаласын дамыту үшін (2020 жылға қарай Шымкент агломерациясының перспективалы санының өсуі 1635 мың адамды құрайды) Алматы хабымен (Алматы – Тараз – Шымкент бағыты) байланыстарды одан әрі нығайту қағидатты мәнге ие, оның көмегімен Оңтүстік макроөңірдің ауыл шаруашылығы өнімі елдің ең ірі қала агломерациясының нарығына қол жеткізеді.
Оңтүстік макроөңірдің екінші деңгейдегі қалаларының дамуы Талдықорған, Тараз, Қызылорда қалаларын тарта отырып, Алматы және Шымкент агломерацияларының даму қарқындарымен байланысты болады. Талдықорған және Қызылорда қалаларында халық саны 2020 жылға қарай тиісінше 162,4 мың адамнан 178,6 мың адамға дейін, 268,9 мың адамнан 312,9 мың адамға дейін ұлғаяды.
Шымкент хаб-қаласы оңтүстік пен батысты (Қытай Халық Республикасының шекарасы («Достық», «Қорғас») – Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Орал), оңтүстік пен солтүстікті (Петропавл – Есіл – Арқалық – Жезқазған – Шымкент), оңтүстік пен шығысты (Алматы – Талдықорған – Өскемен – Семей – Павлодар) байланыстыратын орталық болады.
Шымкент хаб-қаласының және барлық Оңтүстік макроөңірдің инфрақұрылымын дамыту халық пен ресурстардың ұтқырлығын арттырады, ол Солтүстік және Орталық-Шығыс макроөңірлерде еңбек ресурстарының тапшылығын жабуға және сонымен бірге халық саны 2020 жылға қарай
289,6 мың адамға дейін өседі деп күтіліп отырған 253,2 мың адамды құрайтын Түркістан қаласында орталығы бар макроөңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
3. Макроөңірлерді дамытудың стратегиялық бағыттары
Солтүстік макроөңір (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары)
Макроөңірді дамытудың стратегиялық бағыттары
Макроөңірді дамыту перспективасы ең алдымен ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты болады. Астық шаруашылығы және ет-сүт мал шаруашылығы макроөңірде барынша жақсы дами түседі.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдаумен қатар, экономиканың индустриялық даму кезеңіне көшуі, яғни ең алдымен агроөнеркәсіптік кешеннің қосылған құнын арттыру, сондай-ақ жанама салалар кластерін (оның ішінде, ауыл шаруашылығы және автомобиль машинасын жасау, химия саласы) құру арқылы экономиканы ауыл шаруашылығынан әртараптандыру макроөңірдің перспективадағы басты міндеті болып табылады.
Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Ақмола облысы
Көкшетау қаласының даму перспективалары машина жасаумен, тамақ өнеркәсібімен, құрылыс материалдарын өндірумен байланысты болады. Бұған машина жасау, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың болуы ықпал етеді.
Перспективада Степногор қаласы қазіргі мамандануын сақтап қалады – машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру. Қаланың экономикалық мамандануын күшейтуге «Степногор подшипник зауыты» АҚ, «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС, «Қазақалтын» КБК» АҚ, «Арыстан» Степногор құбыр зауыты» ЖШС ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары негіз болады.
Ақкөл қаласының перспективалы дамуының негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру болады.
Перспективада Атбасар қаласын дамытудың негізгі бағыттары машина жасау және тамақ өнеркәсібі, көлік-логистикалық қызметтерін көрсету болады.
Державин қаласының даму перспективалары ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге байланысты болады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру мақсатында «Масальское» кен орнында барлау және темір кендерін өндіру қажет. Кенге жатпайтын материалдар кен орындарының негізінде құрылыс материалдары өндірісін және шекемтас карьерлерін игеруді дамыту қажет.
Перспективада Ерейментау қаласын дамытудың негізгі бағыттары тамақ өнімдерін өндіру, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, туристік және көлік-логистикалық қызметтерін көрсету болады.
Перспективада Есіл қаласы облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасы және Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру шеңберінде ірі инвестициялық жобалардың іске асатын орнына айналуы мүмкін, бұл агроөнеркәсіптік кешен салаларының дамуына оң әсерін тигізеді.
Ыңғайлы географиялық орналасуын ескере отырып, қалада көлік-логистика саласын дамытуға, жол бойындағы сервис объектілерін салуға болады.
Макинск қаласы перспективада қазіргі ауылшаруашылығында мамандануын сақтап қалады. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайтқан және өңдеу кәсіпорындарын құрған жағдайда, қала Астана, Көкшетау қалаларына, сондай-ақ Шучинск-Бурабай курорттық аймағына тамақ өнімдерін жеткізушіге айналуы мүмкін.
Степняк қаласының Астана, Көкшетау қалаларына және Шучинск-Бурабай курорттық аймағына жақындығын ескере отырып, қаланың одан әрі дамуы жоғарыда аталған қалалардың айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға бағытталуға тиіс. Қала аумағында жеміс-көкөніс дақылдарын өсіретін жылыжай кешендерін дамытудың алғышарттары бар.
Кенге жатпайтын пайдалы қазбалар қоры құрылыс материалдарын өндіруді дамытуға, яғни кірпіш зауытын, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыттарын салуға мүмкіндік береді.
Щучинск қаласын дамытудың негізгі бағыттары санаторийлік-курорттық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу болады.
Қостанай облысы
Қостанай қаласын дамытудың негізгі бағыттары перспективада машина жасау және металл өңдеу, тамақ өнімдерін, оның ішінде кондитерлік өнімдерді және сусындар өндіру болады. Жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтірудің үлкен әлеуеті бар. Сонымен қатар түрлі пішінді ұсақ сұрыпты илек өндірісі дамитын болады.
Қостанай облысының моноқалаларын дамыту тау-кен өндіру өнеркәсібін одан әрі дамытумен, сондай-ақ өңдеуші секторда жаңа өндірістерді құрумен байланысты болады.
Перспективада Рудный қаласы темір кенін өндіру мен тамақ өнімдерінің өндірісінде қазіргі мамандануын сақтап қалады. Металлургия өнеркәсібі «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ базасында металл брикеттерді өндіру, сондай-ақ жоғары сапалы ДОФ-2, ММО-4 концентраттарын байыту кешені бойынша жаңа кәсіпорындар құру есебінен өз позициясын күшейтеді.
Сонымен қатар қаланың мамандануының перспективалы бағыттарының бірі жылына 500 мың тонна өндіретін цемент зауыты болады. Қалада цемент шикізатының қомақты қоры бар. Бұл саланы дамыту қажеттігін Қазақстанның солтүстік және батыс бөліктерінде цемент зауыттарының жоқтығы растайды.
Перспективада Лисаковск қаласы тау-кен металлургиясы саласындағы қазіргі мамандануын сақтап қалады. Зор мүмкіндіктері тамақ өнімдерін өндіруді ұлғайтумен, машина жасаумен (ауыл шаруашылығы орағы) байланысты.
Жітіқара қаласының негізгі мамандануы перспективада металл кендерін (алтын, никель, кобальт, титан, жерде сирек кездесетін металдар, тальк, әктас, каолин балшықтары, гранит кен орындары, басқа құрылыс материалдары шоғырланған) өндіру, сондай-ақ хризотил-асбест өндіру болады.
Арқалық қаласын дамытудың перспективалы бағыттары бокситтер мен отқа төзімді балшық өндіру және өңдеу, тамақ өнімдерін өндіру және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу болады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Перспективада Петропавл қаласы машина жасау саласына (мұнай-газ және көлік) және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандануын сақтап қалады.
Булаево қаласы экономикасының дәстүрлі мамандануын ескере отырып, негізгі бағыты агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу болады.
Мамлют қаласы экономикасын дамытудың негізгі бағыты перспективада ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамыту болады.
Сергеевка қаласы экономикасының ауыл шаруашылығына мамандануын ескере отырып, негізгі даму бағыты перспективада ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу болады.
Тайынша қаласын одан әрі дамытудың негізгі бағыты өңдеу саласын дамыту болады.
Тамақ өнеркәсібінің перспективалық дамуы өндірілетін өнімнің қосылған құнының елеулі ұлғаюымен қатар жүретін болады.
Солтүстік макроөңірдің ауылдық елді мекендерін (бұдан әрі – АЕМ) дамыту жөніндегі шаралар әлеуметтік және өндірістік салаларды дамытуға бағытталатын болады.
Макроөңірде халықтың негізгі қоныстану бағыттары
Солтүстік макроөңірде Астана қаласы агломерациялық дамудың перспективалы аймағы ретінде хабқа айналады.
Петропавл, Қостанай, Көкшетау қалалары өздерінің көлік жүйелерінің шоғырлану орталығы ретінде солтүстік макроөңірдің бірыңғай қоныстандыру жүйесінің кеңістіктік тірек қаңқасын қалыптастыратын болады.
Петропавл, Қостанай, Көкшетау сияқты тірек қалалар халқының болжамды саны 2020 жылға қарай тиісінше 226,6 мың адамды, 228,1 мың адамды, 162,5 мың адамды құрайтын болады.
Қазіргі уақытта Солтүстік макроөңірде 2011 жылмен салыстырғанда халық санының 0,7%-ға азаюы орын алып отыр (2014 жылы – 2189,6 мың адам, 2011 жылы – 2204 мың адам). Бұдан басқа, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында халықтың демографиялық қартаю процестері байқалуда. Көрсетілген демографиялық процестер табиғи өсім көрсеткіштерінің серпініне, сондай-ақ халықтың ішкі және сыртқы көші-қонына байланысты.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында күтілетін халық саны 2020 жылға қарай тиісінше 880,4 мың адамнан 874,3 мың адамға,
577,6 мың адамнан 543,3 мың адамға, 734,1 мың адамнан 737 мың адамға дейін ұлғаяды.
Аймақтың тірек қаңқасын меридиандық бағытта Петропавл – Шу теміржол магистралінен, Алматы – Астана – Петропавл автомагистралінен, ендік бағытта – Оңтүстік-Сібір магистралінен (Тобыл ст. – Павлодар бөлігінде) қалыптасқан 1-санаттағы жоспарланатын белдеулер, Талшық – Көкшетау – Алтынсарин; Жезқазған – Мойынты – Саяқ бағыттарымен жоспарланған 2-санаттағы белдеулер құрайды.
Орталығы Астана қаласы болатын, Петропавл – Шу теміржол магистралімен Қарағанды – Көкшетау жүрдек автомагистралі бойымен созылған астаналық урбандалу аймағы Солтүстік макроөңірде неғұрлым ірі қоныстандыру жүйесі болып табылады.
Әлеуметтік және инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту перспективалары
Макроөңірдің білім беру саласында халық санының төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етілу біршама жоғары деңгейде. Негізінен, білім берудің барлық сатылары қызметтерінің сапасын және олардың қолжетімділігін арттыру қажет: мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту; қазіргі заманғы интерактивті оқыту әдістерін енгізу; мектепке дейінгі, орта және техникалық білім беру желісін, қосымша білім беру ұйымдарын, спорт секцияларын кеңейту қажет. Білім беру мекемелері педагогтерінің біліктілігін арттыруды ең заманауи оқыту әдістемелері мен нысандарын қолдана отырып, үздіксіз негізде жүргізу қажет.
Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі проблемасы сақталуда. Мәселен, орта есеппен дәрігерлермен қамтамасыз ету 10 мың адамға небәрі 28,9 бірлікті құрады, бұл орташа республикалық деңгейдің бар болғаны 75%-ын құрады. Осыған байланысты оларды әлеуметтік пакетпен (көтерме жәрдемақы беру, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер ұсыну, тұрғын үй беру) қамтамасыз ету жолымен дәрігер кадрлардың тапшылығын төмендету және медициналық кадрлардың біліктілік деңгейін арттыру қажет. Медициналық ұйымдарды бекітілген нормативтерге дейін заманауи медициналық жабдықпен кезең-кезеңімен жарақтандыру қажет.
Инженерлік-көліктік инфрақұрылымда мына бағыттарды дамыту қажет:
Көкшетау қаласында жолаушылар көлігі торабын (авиа-автомобиль, теміржол-автомобиль) қалыптастыру және дамыту;
Железорудная және Тобыл станцияларын дамыту, Тобыл торабының жол өткізу айрықтарын дамыту;
Қостанай қаласының әуеайлақ инфрақұрылымы мен әуежайын реконструкциялауды және жаңартуды жүргізу;
«Қостанай қаласын айналып өту» учаскесін реконструкциялай отырып, «Астана – Қостанай – Челябі» республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау;
өңірдегі жүк терминалының негізінде қуатын ұлғайта отырып, Петропавл қаласында транзиттік-көлік бағытын дамыту.
Аудан орталықтарын бір-бірімен және облыс орталығымен байланыстыратын автомобиль жолдарын реконструкциялау және жаңғырту жұмысын жалғастыру қажет. Макроөңірдің облыс орталықтары Астана хаб-қаласымен жоғары сапалы автомобиль және теміржолдармен байланыстырылуы тиіс.
ТКШ саласында коммуналдық жүйелер саласындағы объектілерді реконструкциялауды, жаңаларын салуды және күрделі жөндеу жүргізуді жалғастыру қажет. Петропавл және Қостанай қалаларында су құбыры желілерінің тозу деңгейінің (тозу тиісінше 81,3% және 63,3%) және жылу желілерінің тозу деңгейінің (тозу тиісінше 71% және 51%) төмендегеніне назар аудару қажет.
Электр энергиясы өндірісінің өсуі және ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған және сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету болжануда. Осы мақсатта электр, жылу энергетикасының жаңа объектілерін салу және қолданыстағы объектілерін жаңғырту қажет.
Макроөңірде сумен қамтамасыз ету және су бұру объектілерін салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Сондай-ақ энергия үнемдеу іс-шараларын жүргізіп, энергия үнемдеу технологияларын енгізу қажет.
Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау
Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау шаралары жұмыссыздық деңгейін, өз бетінше өнімділігі төмен жұмыспен қамтылуды азайтуға, сондай-ақ ел халқының табысын өсіруге бағытталады.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін макроөңірде инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды сапалы іске асыру бойынша шаралар қабылдау қажет, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа АЕМ-де шаралар қабылдау қажет. Бұдан басқа, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру үшін шағын және орта бизнесті, әсіресе ауылдық жерлерде дамыту қажет.
Экономика салаларында жұмыс істейтіндер саны 2020 жылға қарай Ақмола – 426,4 мың адамды, Қостанай – 504,8 мың адамды, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 330,1 мың адамды құрайды.
Макроөңір экономикасын индустрияландыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру 2020 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖӨӨ-ні 2,5 млн. теңгеге дейін, оның ішінде Ақмола – 2,3 млн. теңгеге дейін, Қостанай – 2,8 млн. теңгеге дейін, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 2,5 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай Солтүстік макроөңірде орта есеппен 71,5%, оның ішінде Ақмола – 64,9% (2014 жылы – 64,4%), Қостанай – 78,3% (2014 жылы – 68,8%), Солтүстік Қазақстан облыстарында – 71,3% (2014 жылы – 62,8%) құрайды.
Тұтастай алғанда, болжамды деректер Солтүстік макроөңірде жан басына шаққандағы ЖӨӨ орташа республикалық деңгейге қарағанда аса көп өзгермейтінін көрсетіп отыр. Бұл үрдіс ЖӨӨ өндірісінің құрылымдық өзгерісіне байланысты. Осылайша, Ақмола облысында ЖӨӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі – 2013 жылғы 38,5%-дан 2020 жылы 37,2%-ға дейін, Қостанай облысында – 37,1%-дан 34,7%-ға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында 40,8%-дан 37,5%-ға дейін қысқарады. ЖӨӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер үлесі Ақмола облысында – 52,4%-дан 55,0%-ға дейін, Қостанай облысында – 56,1%-дан 57,8%-ға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында – 54,7%-дан 55,3%-ға дейін өседі.
Экологиялық даму перспективалары
Экологияны жақсарту саласында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды қайта жарақтау, газ тазалауды, домна пештерін реконструкциялау, тазалау қондырғыларын ауыстыру қажет.
Қалдықтарды өңдеу көлемін олардың пайда болуына қарағанда ұлғайту мақсатында рұқсат етілмеген қоқыстарды жою, сондай-ақ макроөңірдің әрбір облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламаларын әзірлеу, оның ішінде макроөңірдің облыс орталықтарында қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салуды көздеу қажет.
Макроөңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында кәсіпорындарда қалдығы аз және қалдықсыз технологияларды енгізу, шығарындыларды/төгінділерді тазалаудың тиімді жүйелерін пайдалану қажет.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың ластау көлемдерін бақылауды арттыру облыстағы экологиялық ахуалды жақсартуға және табиғаты мен фаунасын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Атмосфералық ауа, су объектілерінің сапасын автоматты түрде тәулік бойы қадағалайтын жергілікті бақылау бекеттері желісін кеңейту, сондай-ақ облыс және аудан орталықтарында кәріз тазалау құрылыстарын салу, коммуналдық қалдықтарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу қажет.
Бұдан басқа аумақтардың ормандарын ұлғайту, және елді мекендерді көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Өңірдің бәсекелік артықшылықтарын пайдалану перспективалары
Ақмола облысы
Ауыл шаруашылығы алқаптарының қомақты алаңдарын ескере отырып, тиімділігі мен өнімділігін арттыру арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін құру басым бағыт болады.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті де перспективада табиғи қазбалардың – уран, алтын өндірісіне және темір кендерін, құрылыс материалдарын өндіру мен байытуға негізделген өнеркәсіптің дәстүрлі салаларын дамытуға бағдарланатын болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды облыс үшін стратегиялық бағыттарда өсімдік шаруашылығында (астық және көкөніс өндірісі) және мал шаруашылығында (ет-сүтті мал шаруашылығы) жұмыс істейтін ірі тауарлық ауыл шаруашылығы өндірісін құру нысанында жүзеге асыру қажет.
Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығындағы ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруды жалғастыру қажет. Мал шаруашылығын дамытудың неғұрлым перспективалы бағыты етті-сүтті мал шаруашылығы болады.
Тамақ өнеркәсібі. Қызметтің неғұрлым перспективалы түрлері дәнді-дақылдарды өңдеу, ликер-арақ және алкогольді емес сусындар өндірісі, ұн-жарма және сүт өнеркәсібі болып табылады. Облыстың шикізаттық әлеуетіне сүйене отырып, ет өңдеу және шұжық өнімдерін, ет деликатесін, сүт өнімдерін шығаруды ұйымдастыру қажет.
Өнеркәсіп. Облыстағы уран қорын (Заозерное, Звездное, Глубинное) ескере отырып, сондай-ақ өндірістік әлеуетіне сүйене отырып (Степногорск тау-кен химиялық комбинаты), өңірде қосылған құны жоғары сапалы инновациялық өнімдер шығарумен уран өндіруді және өңдеуді жалғастыру қажет.
Облыста алтын кен орындары базасында алтын рудалы өнеркәсіпті одан әрі дамыту қажет. Облыс аумағында алтынның бірегей кен орны баланстық қоры ағымдағы деңгейде жүздеген жылға жететін «Васильковское» кен орны болып табылады. Басқа перспективалы кен орындарына «Ақсу», «Ақбейіт», «Жолымбет», «Кварциттік төбешіктер», «Бестөбе», «Үзбой» жатады. Кең ауқымды өнеркәсіптік игеруді тежейтін фактор кен қорының едәуір бөлігінің қиын байытылатын болып табылуы және кеннен алтынды алу қымбат тұратын тиімді және экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдануды талап ететіндігі болып табылады.
Өңірде перспективада Қарағанды облысының металлургиялық кәсіпорындарының кен қоры ретінде пайдаланылуға тиіс «Атансор», «Тілеген» және «Масальское» темір кен орындары орналасқан. Құбасадыр кен орны нефелиндік сиениттерін (бокситтік емес алюминий шикізаты) және Қызылтал қоңыр көмір қорын өндіру және өңдеу өндірісін дамыту қажет.
Құрылыс материалдарының өндірісі. Өңірде металл емес пайдалы қазбалар: каолин, мусковит, мәрмәр, құрылыс тасы, құрылыс құмы, құм-қиыршықтас қоспасы, кірпіш сазы және т.б. кеңінен таралған. Өңір цемент өндірісі үшін шикізат қоры бойынша республикада ең жақсы қамтамасыз етілген болып саналады.
Облыстың құрылыс материалдарына деген тұрақты сұранысын және ірі тұтынушы – Астана қаласының жақындығын ескере отырып, құрылыс материалдарының барлық ықтимал түрлерін өндіру мүмкіндігін қайта қарау қажет.
Сауданы дамыту. Экономиканың нақты секторында өсудің жоғары қарқындарын сақтау, қолайлы ішкі және сыртқы конъюнктура бөлшек сауда тауар айналымының, сыртқы сауда көлемінің өсу үрдісінің сақталуын қамтамасыз етеді. Экспорттық жеткізілімдердің өсуі облыс үшін дәстүрлі өнімдер – дәнді-дақылдар, оларды өңдеу өнімдері (астық, арпа, ұн), машина жасау өнімдері (мойынтіректер, авиациялық өнімдер), түсті металдар (алтын) экспорты, сондай-ақ Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды пайдалануға беру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Туристік-рекреациялық әлеуетті дамыту. Облыстың бірегей табиғи–климаттық жағдайы, бай емдеу-рекреациялық ресурстары мен тарихи-мәдени қоры бар, республика орталығында географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, елорда – Астанаға жақын Щучинск-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарының негізінде айтарлықтай әлеуеті бар. Аталған аймақты дамытуға ойын бизнесі орталығының орналасуы да ықпал етеді.
Экологиялық туризмді дамыту үшін алаңы 2600 ш. км Қорғалжын қорығы, сондай-ақ Сандықтау таулары мен Ерейментау ауданы (Қарағайлы тауы) перспективалы болып табылады.
Өңірді дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 4 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Ақмола облысының ЖӨӨ-нің нақты көлем индексі (бұдан әрі – НКИ) 2013 жылғы деңгейге қатысты 28,2%-ға өседі, бұл ретте тауарлар өндірісі НКИ өсімі 34,5%-ға, көрсетілетін қызметтер өндірісі НКИ өсімі 22,5%-ға өседі.
Қостанай облысы
Перспективада өңір еліміздегі ең ірі аграрлық өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығы рөлін сақтап қалады. Тау-кен металлургиясы және өңдеуші өнеркәсіптің мамандандырылған бәсекеге қабілетті түрлері де одан әрі дамитын болады.
Өнеркәсіп. Тау-кен металлургиясы кешенінің технологиялық деңгейін арттыру тау-кен металлургиясы өнеркәсібінің жұмыс істеп тұрған өңдеуші өндірістерін жаңғыртуға бағытталады.
Машина жасау. Аграрлық кешеннің тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы техникасын өндіру кәсіпорындарын салу және кеңейту қажет. Облыста машина жасауды одан әрі дамыту жол құрылысы техникасын, автобустар мен автомобильдер жасау арқылы қамтамасыз етіледі.
Агроөнеркәсіптік кешен. Бұл бағытты дамыту бордақылау алаңдарына, ет өңдеу, диірмен және сүт кешендеріне, сүт-тауар фермаларына, құс фабрикаларына, өндірістерді одан әрі жаңғырту мен кеңейтуге негізделетін болады.
Мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал шаруашылығын, оның ішінде Қостанай жылқы тұқымын дамыту басымдық алуға тиіс.
Алдағы кезеңде ылғалды сақтау технологиялары арқылы өңделетін егін алқаптарын ұлғайту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұдан басқа, астықты тереңдетіп өңдеу бойынша кластер құру қажет.
Сауда саясаты. Экспорттық жабдықтаудың өсуі облыс үшін дәстүрлі өнімдердің – дәнді дақылдар және оларды өңдеу өнімдері, сондай-ақ машина жасау өнімдері (автомобильдер, ауыл шаруашылығы машиналары), темір кендері, асбест және т.б.экспорты есебінен қамтамасыз етіледі.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша міндеттерді іске асыру үшін туризм үшін неғұрлым тартымды жерлерде туризм инфрақұрылымы объектілері салынатын болады. Жергілікті қоғамдастықты көліктің экологиялық таза түрлерін пайдалана отырып, Наурызым ауданында экотуризмді дамыту процесіне тарту қажет.
Қабылданатын шаралар экономика салаларындағы жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай
4,9 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылы Қостанай облысының ЖӨӨ НКИ 2013 жылмен салыстырғанда 27,8%-ға өседі. Бұл көрсетілетін қызметтер өндірісінің НКИ өсуінің (32%-ға өсу) және тауарлар өндірісінің НКИ өсуінің (27,2%-ға өсуі) нәтижесінде мүмкін болады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Өңірдің перспективалық дамуы оның аграрлық-индустриялық әртараптандырылуы негізінде ауыл шаруашылығының жоғары әлеуетін одан әрі нығайтуға негізделетін болады. Өңірді дамытудың тағы бір маңызды бағыты әртараптандырылған өнеркәсіп секторы мен өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының серпінді дамушы әлеуетіне негізделе отырып, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын жеделдету болып табылады.
Агроөнеркәсіптік кешен. Өсімдік шаруашылығында майлы және жем-шөп дақылдары, картоп пен көкөніс егістерін кеңейту арқылы егін алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Мал шаруашылығы өнімі өндірісін өсіру үшін жаңа заманауи кешендер мен фермаларды пайдалануға беру, жем-шөп базасын және асыл тұқымды табынды жақсарту және өндірістің тиімді инновациялық технологияларын енгізу қажет.
Балық шаруашылығының әлеуетін жандандыру. Облыстың балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдайлары бар, осыған байланысты облыстың балық шаруашылығы су тоғандарын құнды балық түрлерін көбейту арқылы балық қорларын өсіру ұлғайтылатын болады.
Машина жасауға басымдылық бере отырып, индустриялық даму. Мұнай-газ (құбыржол арматурасын, сұйықтық сорғылары мен бұрғылау қондырғыларын, газ айдау агрегаттарын шығару), көлік және қорғаныс машиналарын жасау саланың негізгі перспективалы бағыттарына айналады. Теміржол машиналарын жасауда жүк вагондарын, түйіртпек тасығыштарды, контейнер тасығыштарды, астық тасығыштарды, теміржол автоматикасы мен байланыс құралдарын, цифрлық телевизияны дамытуға арналған жабдықтар шығаруды қамтамасыз ету қажет.
Облыста бірқатар маңызды кен орындары мен алтын, күміс, техникалық және зергерлік алмас, қалайы, титан, түсті және сирек металдар, қоңыр көмір кендері негізінде тау-кен өндірісі өнеркәсібін де дамыту мүмкіндігі бар.
Облыстың кенге жатпайтын пайдалы қазбалар қоры мүлдем шексіз, осыған байланысты құрылыс индустриясында шекемтас, кварцты құм, құрғақ көбік-бетон қоспалары, қож-сілтілі цемент, темір-бетон бұйымдары мен конструкциялары, тауар бетонын, жұмсақ жабын материалдары, құрылыстық металл конструкциялар, сэндвич-панельдер, полимер және болат құбырлар, жылдам салынатын тұрғын үйлерді монтаждауға арналған ҚШП-панелін өндіру жүзеге асырылатын болады.
Сауда саясаты. Солтүстік Қазақстан облысы мен алыс және жақын шет елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің әріптестік қарым-қатынасы кеңейтілуге тиіс. Экспортқа бағдарланған өнім көлемін ұлғайту үшін жаңа технологияларды енгізу мен еңбек өнімділігін арттыру негізінде олардың сапасын арттырып, өзіндік құнын төмендету қажет.
Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 4,5 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Солтүстік Қазақстан облысының ЖӨӨ НКИ
2013 жылмен салыстырғанда (30,3%-ға) өседі. Бұл көрсетілетін қызметтер өндірісі НКИ (32,2%-ға) және тауарлар өндірісінің НКИ (29,6%-ға) айтарлықтай өсуінің нәтижесінде мүмкін болады.
Оңтүстік макроөңір (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары)
Макроөңірдің стратегиялық даму бағыттары
Перспективада ауыл шаруашылығы макроөңірдің дамуындағы негізгі бағыт болып қала береді. Еліміздің басқа өңірлеріндегі, сондай-ақ Ресейдегі өткізу нарықтарына бағдарланып, жеміс-көкөніс кластері дамитын болады.
Мақта өндірісі негізінде ішкі және сыртқы өткізу нарықтарына бәсекеге қабілетті өнім шығаратын мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру қажет.
Қаратау бассейніндегі үлкен фосфор кен орындарының негізінде химия өнеркәсібінің одан әрі дамуы күтіледі. Сондай-ақ макроөңірде карбонатты және балшықты шикізаттың кен орындары шоғырланған, бұл алдағы уақытта да құрылыс материалдарының ірі өндірушісі болып қалуға мүмкіндік береді.
Макроөңірдің барынша перспективалы бағыты Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында жұмыс істейтін мұнай өңдеу зауытының негізінде мұнайды тереңдетіп өңдеу жөніндегі қуаттарды дамыту болуға тиіс. Бұл Оңтүстік макроөңірдің сапалы әрі қолжетімді жанар-жағар май материалдарына қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Алматы облысы
Қала өнеркәсібінің жедел дамуы Талдықорған қаласында индустриялық аймақ құру перспективаларына байланысты болады. Өндірістік күштердің перспективалық дамуы жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өндірістерді құруға бағытталатын болады. Қала өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттары перспективада тамақ өнеркәсібін, машина жасауды, құрылыс материалдарын өндіруді одан әрі дамыту және т.б. болады.
Қапшағай қаласы перспективада Алматы қаласының серіктес қаласының функциясын орындайтын болады. Қала туристік индустрияны және ойын бизнесін, өнеркәсіпті, көрсетілетін қызметтер саласын дамыту аймағына айналады.
Текелі қаласын дамыту тау-кен металлургия өнеркәсібін одан әрі дамытумен, атап айтқанда, электролитті марганец өндірісімен, кен өңдеумен, темір кені концентратын брикеттеумен, мия өндірумен байланысты болады. Сондай-ақ қаланың географиялық орналасқан жері туризм мен демалыс саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Есік қаласының экономикалық дамуының негізгі бағыты перспективада туристік қызмет болуға тиіс.
Жаркент қаласын дамыту Шекара маңы ынтымақтастығының «Қорғас» халықаралық орталығына жақындығының артықшылығын пайдалануға негізделетін болады. Экспортқа бағдарланған өнімдердің жаңа түрлерін игеру, сондай-ақ «Жетіген – Қорғас» теміржолының құрылысы қала өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін береді.
Қала өнеркәсібін дамытудың басым бағыты ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу болып табылады. Жүгеріні толық және терең өңдеу үшін «Жаркент жүгері-сірне зауыты» ЖШС-нің жаңа зауытын салу қажет.
Перспективада Қаскелең қаласы тамақ өнімдерін өндіруде ағымдағы мамандануын сақтап қалады және дамыған инженерлік, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымымен Алматының серіктес қаласы ретінде позицияланатын болады.
Сарқанд қаласының аграрлық мамандануын ескере отырып, тамақ өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытқан орынды.
Тамақ өнеркәсібін перспективалы дамытумен өндірілетін өнімнің қосылған құнын айтарлықтай ұлғайтумен сүйемелденетін болады.
Талғар қаласының негізгі мамандануы перспективада тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу болады. Сондай-ақ, Талғар қ. дамуы Алматы мегаполисінің серіктес қаласы функциясын орындаумен тығыз байланысты болады.
Үшарал қаласының экономикасын дамытудың басым бағыттары тамақ өнеркәсібін және Алакөл курорттық аймағының базасында туристік қызметтерді дамытумен байланысты болады.
Үштөбе қаласын дамытудың перспективалы бағыты ауыл шаруашылығы өнімін өсіру, сондай-ақ тамақ өнеркәсібінің толық циклді (өсіруден дайын өнімге дейінгі) өңдеу кәсіпорындарын құру болып табылады. «Казсиликон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында поликристалды кремнийден дайын өнім шығару бойынша жоғары технологиялы өндіріс құру тағы бір перспективалы бағыт болып табылады.
Жамбыл облысы
Тараз қаласының өнеркәсібін дамытудың перспективадағы басты бағыты химия өнеркәсібін одан әрі дамыту болып табылады. Химия өнеркәсібін дамыту Тараз қаласындағы «Қазфосфат» кәсіпорнында сары фосфорды, натрий үш полифосфатын, ортофосфор қышқылын, тыңайтқыштарды шығару көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады.
Перспективада Қаратау моноқаласы фосфорит өндірудегі ағымдағы мамандануын сақтап қалады. Қаланы дамуы Қаратау бассейнін одан әрі игеруге байланысты болады.
Жаңатас моноқаласының даму перспективасы «Көк-Жон», «Аралтөбе» фосфориттер кен орындарын, «Кесіктөбе» учаскелерін игеруге байланысты болады. Химия өнеркәсібі перспективада қаланың негізгі мамандануы болып табылады.
Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерді дамытудың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болады. Өсімдік шаруашылығында бидай, арпа, сұлы, астыққа арналған жүгері, бұршақ тұқымдастар, соя, күнбағыс, сафлор, қант қызылшасы, картоп, көкөніс, бақша дақылдары, алма өсіру перспективалы болып табылады. Мал шаруашылығында сүтті-етті бағыттағы ірі қара мал өсіру, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы, биязы және жартылай биязы жүнді қой шаруашылығы перспективалы болады.
Қызылорда облысы
Тамақ өнімдерінің, құрылыс материалдарының өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу Қызылорда қаласын дамытудың перспективалы бағыты болады.
Арал және Қазалы шағын қалаларын перспективада дамытудың негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін өндіру, балық шаруашылығы болады.
Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерін дамытудың перспективалы бағыты күріш, арпа, сафлор, жем-шөп дақылдарын, көкөністер және бақша дақылдарын өсіру болып табылады. Мал шаруашылығында етті ІҚМ өсіру, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы, қаракөл және түйе шаруашылығы перспективалы болады.
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкент қаласын перспективада дамытудың негізгі бағыттары тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу, машина жасау болады. Тамақ өнеркәсібін одан әрі дамыту ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндірісіне байланысты болады.
Арыс қаласын одан әрі дамыту қаланың қала құраушы кәсіпорындарының машина жасаудағы өндіріс көлемін ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде және тамақ өнеркәсібінде жаңа өндірістерді құруға байланысты болады.
Кентау қаласын перспективалы дамыту экономиканы әртараптандыруға және қала құраушы кәсіпорындарға тәуелділікті азайтуға бағытталатын болады. Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, құрылыс материалдарының өндірісі болады.
Тау-кен өнеркәсібін дамыту өнеркәсіптік айналымға барит кендерінің, мыстың және кенге жатпайтын пайдалы қазбалардың перспективалы кен орындарын тартуға байланысты болады.
Түркістан қаласы перспективада экономикалық дамуының негізгі бағыты туризм болады. Қала тарихи туризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие – аса маңызды тарихи объектілері және ескерткіштері бар. Туристік саланы дамыту жергілікті шикізатты пайдалана отырып, кәдесый өнеркәсібін дамыту үшін жағдайлар жасайды. Басты бағыт – жергілікті тарихи жәдігерлер кәдесыйы. Бұдан басқа, қалада шитті мақта өңдеу, тоқыма өнеркәсібін қалпына келтіру және дамыту бойынша өндірістерді ұйымдастырған орынды.
Жетісай қаласының мамандануын ескере отырып, перспективадағы дамудың негізгі бағыты мақта өңдеу бойынша ірі өнеркәсіп кәсіпорындары желісін пайдалану болып табылады.
Леңгір қаласының перспективалы дамуы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту есебінен болғаны орынды. «Үміт» және «Шұғыла» тігін фабрикаларының, Леңгір машина жасау зауытының, нақты балқыту және темір-бетон бұйымдары зауытының қызметін қалпына келтіру қажет. Аталған кәсіпорындарды қалпына келтіру кезінде қосымша 3 мың жұмыс орнын құру мүмкін болады.
Сарыағаш қаласын экономикалық дамытудың негізгі бағыты перспективада туристік қызмет болуға тиіс.
Перспективада Шардара қаласын экономикалық дамыту Шардара су электр станциясының қуатын өсіруге байланысты болады. Бұдан басқа тамақ, балық, тоқыма өнеркәсіптерінде және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуде шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Тағы бір тартымды бағыт туристік саладағы көрсетілетін қызметтер саласын дамыту болуы мүмкін.
Облыстың ауылдық елді мекендерінің негізгі мамандануы перспективада бидай, арпа, астыққа арналған жүгері, бұршақ тұқымдастар, күнбағыс, сафлор, мақта, жем-шөп дақылдарын, бақша және жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру болып табылады. Мал шаруашылығында ІҚМ өсіру, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, қаракөл шаруашылығы перспективалы болады.
Макроөңірде халықты қоныстандырудың негізгі бағыттары
711,8 мың тұрғыны бар Шымкент қаласы Оңтүстік макроөңір хабына айналады. Оңтүстік макроөңірде шапшаң дамитын қалалар қатарына Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қаскелең және Түркістан жатады.
Шымкент қаласын Оңтүстік макроөңір хабы ретінде дамыту Шымкент агломерациясын дамытуға байланысты болады. Шымкент қаласын дамыту үшін Тараз – Шымкент бағытында Алматы хабымен байланыстарды одан әрі нығайту маңызды болады.
Оңтүстік макроөңірдің екінші деңгейдегі қалаларын дамыту Талдықорған, Тараз, Қызылорда қалаларын тарта отырып, Алматы және Шымкент агломерацияларының даму қарқындарымен байланысты болады.
Шымкент хаб-қаласының және бүкіл оңтүстік макроөңірдің инфрақұрылымын дамыту халықтың ұтқырлығын арттырады, сондай-ақ орталығы Түркістан қаласы болып, макроөңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
2020 жылға қарай Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Түркістан сияқты тірек қалаларда халықтың болжамды саны тиісінше 307,3 мың адамды,
359,2 мың адамды, 191,7 мың адамды, 275 мың адамды құрайды.
2020 жылға қарай Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында халықтың күтілетін саны тиісінше 1965,6 мың адамнан
2215,1 мың адамға дейін, 1077,2 мың адамнан 1162,8 мың адамға дейін,
733,2 мың адамнан 825,0 мың адамға дейін, 2706,1 мың адамнан 3113,4 мың адамға дейін ұлғаяды.
Әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту перспективалары.
Білім беру. Аталған макроөңір балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтудың ең төмен деңгейімен, оқушы орындарының жоғары тапшылығымен және оқытудың үш ауысымды жүйесінің жоғары үлесімен сипатталады. Осыған байланысты, мемлекет Оңтүстік макроөңірдің мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейтуге басты назар аударуға тиіс. Орта білім беру саласында жаңа мектептер салу мен жұмыс істеп тұрған мектептерді күрделі жөндеу есебінен авариялық мектептерді толық жою, сондай-ақ оқытудың үш ауысымды жүйесін жою қажет. Ауылдық жерлерде тірек мектептерді құру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Макроөңірдің денсаулық сақтау саласында жүйелі проблемалар орын алған. Мәселен, дәрігерлермен қамтамасыз ету 10 мың адамға 29 бірлікті ғана құрайды, ол орташа республикалық деңгейдің барлығы 76%-ын құрайды. Аурухана кереуеттерінің саны елдегі ең төмен деңгейде тұр (10 мың адамға 54,4). Сондықтан макроөңірдің денсаулық сақтау саласындағы бірінші кезектегі міндет дәрігер кадрлармен қамтамасыз етуді арттыру және денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту болып табылады.
Бұдан басқа, жедел ден қою үшін санитариялық авиация қызметінің санитариялық автокөлікпен жарақталуы арттырылады. Дәрігер кадрлардың, әсіресе ауылдық жерлерде, тапшылығын төмендету үшін медициналық қызметкерлерге әлеуметтік пакет ұсыну, сондай-ақ жеңілдікпен қызметтік тұрғын үй алуға жәрдемдесу қажет.
Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында кадрлық қамтамасыз етумен өңірдің басым мамандануы арасында өзара байланыс болуы тиіс. Ол үшін еңбек нарығында үлкен сұраныстағы мамандықтар бойынша оқыту мен қайта оқытуды жүргізу қажет. Жұмыспен қамту саласындағы саясат кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығына, өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын арттыруға және олардың мәртебесін заңды түрде бекітуге бағытталуы тиіс.
Көлік инфрақұрылымында жол желісін заманауи стандарттарға сәйкес келтіру және тасымалдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Макроөңір ішіндегі көлік байланысы Алматы мен Шымкент хаб-қалаларына бағытталуға тиіс. Елдің басқа өңірлерімен байланыс Астана, Өскемен және Ақтөбе сияқты басқа хаб-қалалармен жоғары сапалы көлік инфрақұрылымын салу және реконструкциялау арқылы ұйымдастырылуға тиіс. Өңір арқылы өтетін көлік бағыттарын, және шекара маңы сауда орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жалғасады.
ТКШ саласында коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынуда пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен жабдықты пайдалана отырып электр энергетикасының, жылумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың және сумен жабдықтаудың жаңа объектілерін реконструкциялауға және салуға бағытталған шаралар қабылдау қажет.
Макроөңірдің энергиямен қамтамасыз етілуін арттыру үшін ірі және кіші гидроэлектр станцияларын (бұдан әрі – ГЭС) салу қажет. Жел энергетикасы балама энергетиканы дамытудың тағы бір перспективалы бағыты болып табылады. Шелек жел дәлізі мен Жоңғар қақпаларында жел электр станцияларын салу қажет.
Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау
Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау жөніндегі шаралар жұмыссыздықты, өз бетінше өнімсіз жұмыспен қамтылу деңгейін азайтуға, сондай-ақ ел халқының табысын өсіруге бағытталатын болады.
Жұмыссыздық деңгейін қысқарту үшін макроөңірде, оның ішінде ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шараларын қабылдау қажет. Кәсіби білім беру жүйесін дамыту қызметкерлерді еңбек нарығының өзгерістеріне бейімдей отырып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Тапшы мамандықтар мен кәсіптерге ерекше назар аударылуға тиіс. Сондай-ақ жұмыссыздықпен күрестің тағы бір әдісі жас мамандарды мақсатты түрде жұмысқа орналастыру болып табылады. Бұл – бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау және іске асыру.
2020 жылға қарай экономика салаларында жұмыспен қамтылғандар саны: Алматы – 1071,3 мың адам, Жамбыл – 504,8 мың адам, Қызылорда – 357,7 мың адам, Оңтүстік Қазақстан облыстарында – 1231 мың адам болады.
Макроөңір экономикасын индустрияландыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру 2020 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖӨӨ-ні 1,7 млн. теңгеге дейін, оның ішінде Алматы – 1,6 млн. теңгеге дейін, Жамбыл – 1,5 млн. теңгеге дейін, Қызылорда – 2,9 млн. теңгеге дейін, Оңтүстік Қазақстан облыстарында – 1,5 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы болжамды есептеулер бойынша Оңтүстік макроөңірде орта есеппен 53,4%-ды құрайды, оның ішінде Алматы – 46,7% (2014 жылы – 40,7%), Жамбыл облысында – 42,9% (2014 жылы – 40,4%), Қызылорда – 82,6% (2014 жылы – 82,8%) және Оңтүстік Қазақстан облыстарында – 41,5% (2014 жылы – 38,2%) құрайды.
Тұтастай алғанда болжамды деректер Оңтүстік макроөңірде жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасының айтарлықтай өзгермейтінін көрсетеді. Бұл үрдіс ЖӨӨ өндірісінің елеусіз құрылымдық өзгерісімен байланысты. Мәселен, Алматы облысында ЖӨӨ құрылымындағы өнеркәсіп үлесі 2013 жылғы 22,9%-дан 2020 жылға қарай 18,5%-ға дейін төмендейді, көрсетілетін қызметтер өндірісінің үлес салмағы
2013 жылы 46,6% -дан 2020 жылға қарай 48,8%-ға дейін аздап ұлғаяды.
ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіптің үлес салмағының 2020 жылға қарай төмендеуінің баламалы үрдісі Оңтүстік Қазақстан (25,4%-дан 20,8%-ға дейін), Жамбыл (17,5%-дан 15%-ға дейін) және Қызылорда (44%-дан
27,6%-ға дейін) облыстарында орын алады.
Экологиялық даму перспективалары
Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту үшін сарқынды суларды тазарту құрылыстарын салу, қатты тұрмыстық қалдықтар (бұдан әрі – ҚТҚ) полигондарын, сондай-ақ қоқыс өңдеу кәсіпорындарын салу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Арал теңізін қалпына келтіру, оның ішінде Сырдария өзенінің су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жөніндегі шараларды жалғастыру қажет. Бұдан басқа, жыл сайын орман көшеттері алқабын ұлғайту, сондай-ақ табиғи өртке қарсы күрес жүргізу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Стационарлы және жылжымалы көздерден негізгі ластағыш заттардың атмосфераға жалпы шығарындыларын азайту қажет. Ол үшін макроөңір кәсіпорындарында аз қалдықты және қалдықсыз технологияларды енгізу, шығарындыларды/төгінділерді тиімді тазалау жүйелерін пайдалану қажет.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында радиациялық ахуалға мониторинг жүргізу, сондай-ақ өңірдің шөл далаларында ормандарды қалпына келтіру жұмыстарының көлемін ұлғайту қажет.
Өңірдің бәсекелі басымдықтарын пайдалану перспективалары
Жамбыл облысы
Облыстың стратегиялық перспективалары қайта өңдеу деңгейі мен тереңдігін арттыра отырып, өңірдің әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімі түрлерінің ірі жеткізушісі ретіндегі рөлін қолдауға және күшейтуге, сондай-ақ заманауи өндірістердің жаңа түрлерін игеру арқылы өнеркәсіптің әлеуетін қалпына келтіруге және одан әрі дамытуға байланысты болады.
Өнеркәсіп. 2020 жылға дейінгі кезеңде облыстың индустриялық мамандануының негізі өңірдің басты салалары: химия өнеркәсібі мен тамақ өнімдерінің өндірісі болады.
Базалық химия өнеркәсібін қалпына келтіру мен дамыту. Облыста фосфориттер мен балқытылатын шпаттың мол қорлары шоғырланған. Фосфордың перспективалы кен орны Қаратау бассейні болып табылады.
Саланы дамыту сары фосфор, натрий триполифосфаты, ортофосфор қышқылы, тыңайтқыштар шығару көлемін ұлғайтуға бағытталады.
Табиғи қорлар негізінде облыс үшін мынадай жаңа салаларды құру қажет:
темір және титан концентраттарын, жоғары көмірсутекті тазартылған болатты шығару бойынша тау-кен металлургиясы кешенін салу;
2) флюоритті қайта өңдеу (фтор, жасанды криолит және бірқатар фтор қосындыларын шығару);
3) кальцийлендірілген сода өндіру;
4) кейіннен 99,9% кремний өндірісіне қол жеткізе отырып, «күнге» 99,5%-ға жақындатылған техникалық кремний өндіру.
Сондай-ақ облыста жеке қажеттіліктерді жабу үшін ғана емес, сонымен қатар елдің көрші өңірлеріне экспортқа шығару үшін құрылыс материалдарының өндірісіне арналған минералдық-шикізат базасы бар.
Агроөнеркәсіптік кешен. Облыста өсімдік шаруашылығындағы өндірістік әлеует сақталған, табиғи-климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығы дақылдарының тиімді әрі рентабельді сұрыптарының өндірісіне септігін тигізеді. Осыған байланысты облыстың АӨК-сін жоғары сапалы агроөнеркәсіп өнімдерінің (консервіленген жеміс-көкөніс, ет, сүт өнімдері, қант, жүн және былғары бұйымдар) өндірушісі мен жеткізушісі ретінде дамыту қажет.
Шөлді алқаптардың жоғары аграрлық әлеуетінің негізінде түйе шаруашылығы одан әрі дамитын болады. Сондай-ақ шұжық бұйымдары мен ет жартылай фабрикаттарын дайындау мен шығару жөніндегі өндірістерді одан әрі дамыту қажет.
Жеміс-көкөніс өнімдері. Жеміс-көкөніс саласы өңірдің бірден-бір барынша перспективалы салалары болып табылады, бұл облыстың қала маңы аудандарындағы қайта өңдеуші қуаттар мен шикізат өндірістерінің жоғары шоғырлануына, пайдаланылмайтын қуаттардың болуына және экологиялық таза өнімдер өндірісінің мүмкіндіктеріне байланысты.
Сауда саясаты. Сауда инфрақұрылымын дамыту саласындағы саясатты сауда және логистикалық ұйымдарды құру мен дамыту үшін алқаптардың, жердің қолжетімділігін, сауда жабдықтарын сатып алу мүмкіндігін ұлғайтуға бағдарлау қажет.
Туризмнің дамуына Жамбыл ауданының Ақыртас сарай кешені және Жуалы ауданындағы «Тау самалы» кешені сияқты ірі туристік объектілерге апаратын жолдарды салу ықпал ететін болады. Сондай-ақ туристік сала мамандарын дайындау деңгейін жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдау қажет.
Өңірді дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 3 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Жамбыл облысының ЖӨӨ НКИ 2013 жылмен салыстырғанда 22,4%-ға өседі, бұл ретте көрсетілетін қызметтер өндірісі НКИ – 30,8%-ға және тауарлар өндірісі – 10,4%-ға өседі.
Қызылорда облысы
Облыстың стратегиялық міндеті мұнай-газ секторының ресурстарын негізге ала отырып, облыстың минералды және аграрлық ресурстарын игеру негізінде өңдеуші өнеркәсіптің өрлеуін қамтамасыз ету, АӨК, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен шыны өнеркәсібі өнімдерінің бәсекеге қабілетті түрлерінің өндірісін дамыту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті іске асыру болып табылады.
Облыста газ конденсатын қоса алғанда, мұнай өндіру көлемі
2020 жылға қарай төмендейтін болады, бұл мұнай кен орындары қорларының таусылуына байланысты. Бұған қарамастан, облыста мұнай мен газдың едәуір қоры бар. Осыған байланысты өңірде мұнай мен газ өндіруді ұлғайту үшін жоспарлы геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу қажет.
Өнеркәсіп. Облыста уран кендерінің елеулі қорлары шоғырланған (республикалық көлемнің 14,7%), осыған байланысты облыста уран өнеркәсібін дамыту қажет.
Түсті металлургияның (мырыш және қорғасын) дамуын байыту фабрикасын салу есебінен, сондай-ақ «Шалқия» кенішін реконструкциялау мен кеңейту есебінен қамтамасыз ету керек.
Облыста «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» ванадий ірі кен орындары орналасқан. Олардың базасында ванадий кеніштерін өндіру мен қайта өңдеуді ұйымдастыру қажет.
Арал ауданындағы кварц құмы кен орындарына негізделе отырып, облыста еліміздің табақ шыныға қажеттіліктерін 100% қамтамасыз етуге қабілетті шыны өнеркәсібін дамыту қажет.
Облыста кеңінен таралған металл емес пайдалы қазбалардың негізінде облыс қажеттіліктерін қамтамасыз ететін құрылыс материалдары өнеркәсібі дамытылуға тиіс.
Агроөнеркәсіптік кешен. Өңір мал шаруашылығы саласында жоғары әлеуетке ие, ол қой мен ешкі санын қалпына келтіруге бағытталатын болады. Бұдан басқа, облыста түйе шаруашылығын дамытып, тиісті өнімдердің (жүн, шұбат және басқалары) өндірісін дамыту қажет. Мал шаруашылығы саласын тиімді дамыту мақсатында асыл тұқымды базаны дамыту, орнықты жем-шөп базасын құру, мал шаруашылығында заманауи орта және ірі тауар өндірістерін қалыптастыру процестерін ынталандыру керек.
Облыстың қауіпті егіншілік аймағында орналасқандығын ескере отырып, ирригациялық жүйелер мен суармалы егіншілікті қалпына келтіру өсімдік шаруашылығындағы артықшылық болуы тиіс.
Сауда саясаты. Сыртқы сауда операцияларын дамыту үшін:
өндірістік инфрақұрылымға, технологияларға және т.б. инвестициялау арқылы қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін ұлғайтуды ынталандыру;
2) өндірістің технологиялық және инновациялық мәселелері бойынша өзара байланысқан кәсіпорындардың ынтымақтастығын күшейту;
3) индустриялық аймақтар негізінде өнеркәсіптік өндірісте ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді дамытуға жағдай жасау қажет.
Өңіраралық сауданы дамыту бағыты. Ескерткіштер, әрлеу мен құрылыс салу үшін гранит, құмдауық және тас сияқты құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы өнімдері басқа да өңірлер тұтынатын тауарлар болып табылады. Сондықтан аталмыш салаларды дамыту Қызылорда облысының өнімдерін басқа өңірлерге шығаруды ұлғайтуға әкеліп, сол арқылы өңіраралық кооперацияның дамуына ықпал етеді.
Туристік-рекреациялық әлеуетті дамыту. Облыстың туризмді дамыту саласында жоғары әлеуеті бар. Туризмнің неғұрлым перспективалы бағыттары: Арал ауданының «Қамыстыбас» демалыс аймағы, Байқоңыр қаласындағы «Ғарыш айлағы», «Қорқыт ата» діни туризм орталығы, Жаңақорған ауданының минералды сулары, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің жағасындағы заманауи технологиялармен жабдықталған жағажай құрылысы.
Өңірді дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 5,9 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2013 жылмен салыстырғанда 2020 жылы Қызылорда облысының ЖӨӨ НКИ 24,4%-ға өседі. Облыстың ЖӨӨ НКИ көрсетілетін қызметтер өндірісінің НКИ–30,2%-ға және тауарлар өндірісінің НКИ 20,0%-ға өсіру есебінен өсетін болады.
Оңтүстік Қазақстан облысы
Өңір перспективалы кезеңде ірі аграрлық өңір ретіндегі рөлін сақтап қалады. Облыс фармацевтика саласын дамытудағы, мұнай өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі жетекші орнын да, сондай-ақ діни туризмнің жетекші орталығы ретіндегі орнын да сақтап қалады.
Өнеркәсіп. Облыста тау-кен өндіру өнеркәсібін дамыту уран кен орындарының болуына байланысты болуға тиіс. Аталған шикізат түрінің қоры бойынша облыс республикамызда 1-орынға ие (жалпы республикалық көлемнің 57,7%).
Қатты пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуді дамытудың негізгі бағыттары қорғасын, тазартылған алтын, күміс өндірісі болады.
Облыста өндірілетін өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру, сондай-ақ салада жұмыспен қамтылғандардың санын қалпына келтіру үшін түсті металдарды өңдеу мен өндіру көлемдерін ұлғайтуға болады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінің перспективалы бағыты алтын кені өнеркәсібі болып табылады. Құрамында алтыны бар кен қорлары бойынша облыс республикамызда 7-ші орында. Аса перспективалы кен орындары «Келіншектау», «Шован», «Жолбарысты» болып табылады. Осыған байланысты алтын кен орындары негізінде алтын өндіруші өнеркәсіпті, сондай-ақ зергерлік өнеркәсіп сияқты жоғары қайта балқытуды ұйымдастыру қажет.
Қорғасын өндіру мен өңдеуді «Жоғарғы Күмісті» (18 мың тонна), «Мырғалымсай» (10 мың тонна, бұл ретте мемлекеттік теңгерімге енгізілмеген қор 800 мың тоннаны құрайды) кен орындарында жүзеге асыру қажет.
Құрылыс материалдарын өндіру. Өңірде кенге жатпайтын шикізат пен жалпы танымал пайдалы қазбалар кен орындары негізінде жұмыс істейтін құрылыс материалдарының өнеркәсібі барынша жақсы дамыған. Облыстың құрылыс материалдарына деген тұрақты қажеттілігін ескере отырып, құрылыс материалдары өндірісінің көлемдерін қалпына келтіру және саладағы жұмыспен қамтылғандар санын арттыру бойынша іс-шаралар қабылдау қажет.
Машина жасау мен металл өңдеу саласының көп еңбекті қажет ететін және Балқаш жылу электр станциясын салу есебінен өңірдің энергиямен қамтамасыз етілуін арттыру мүмкіндіктерін ескере отырып, инновациялық металл өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасауды дамыту перспективалы даму бағыттарының біріне айналуға тиіс.
Химия өнеркәсібі. Мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту перспективалары мұнай өңдеудің тиімділігін арттыруға байланысты. Ол үшін Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауытын жаңғыртып, қуаттарын кеңейту қажет.
Агроөнеркәсіптік кешен. Мынадай өндірістер агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың перспективалы бағыттары болуға тиіс:
1) мақта талшығының өндірісі, оның ішінде шитті мақтаны қайта өңдеудің циклы аяқталған шағын кәсіпорындар құру;
2) сүтті-етті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы және қаракөл шаруашылығы;
3) қоза, құнды дәрілік дақылдарды, жемістер, ерте пісетін көкөністер мен бақша дақылдарын өсіру, сондай-ақ күріш шаруашылығы мен жүзім шаруашылығын дамыту;
4) жеміс-көкөніс консервілеу, шарап шаруашылығы, түрлі құрамдағы шырындар, джем, повидло, сублимацияланған өнім, балалар тағамы өнімдерін дайындау.
Жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру және дамыту. Саланы дамытудың барынша перспективалы бағыттары киім тігуді, аяқ киім мен былғары-галантерея бұйымдары өндірісін ұйымдастыру, тоқыма өндірісін дамыту, мақта-мата бұйымдарын дайындау болуға тиіс.
Облыста белсенді демалыстың, рекреацияның және курорттық-санаторийлік емдеудің алуан түрін дамыту үшін табиғи-климаттық жағдайлар бар. Бұдан басқа, облыс археологиялық, тарихи және мәдени ескерткіштерге (1209 тарих және мәдениет ескерткіші) бай, оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Домалақ Ана кесенелері, сондай-ақ «Отырар», «Сауран» ежелгі қалашықтары және басқалары бар.
Осыған байланысты туристік қызметтің мынадай басым бағыттарын:
1) діни туризмді;
2) экологиялық туризмді;
3) емдеу-сауықтыру туризмін дамыту қажет.
Өңірді дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 3,2 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Оңтүстік Қазақстан облысының ЖӨӨ НКИ-нің өсуі 2013 жылмен салыстырғанда 19,8%-ды құрайды. ЖӨӨ НКИ-нің өсуі көрсетілетін қызметтер өндірісінің НКИ – 29,3%-ға және тауарлар өндірісін – 7,1%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізілетін болады.
Алматы облысы
Қалыптасқан мамандануды ескере отырып, перспективада облыс ауыл шаруашылығы өндірісін қарқындатуға және оның өнімін тереңдетіп қайта өңдеуге бағытталған республиканың ірі агроиндустриялық базасы ретінде позицияланатын болады. Алматы қаласының даму перспективаларын ескере отырып, өңірдің азық-түлік белдеуі және қарқынды агломерациялық өсу аймағы ретіндегі рөлі нығайтылуы тиіс.
Агроөнеркәсіптік кешен. Ет, сүт, жүн өндіру және құс шаруашылығын дамыту мал шаруашылығын дамытудың басым бағыттары болады. Ет өндіру кластері Алматы агломерациясының барлық аймақтарында қалыптастырылатын болады. Құс шаруашылығы кластерін дамыту ішкі нарықтағы құс еті импортын алмастыруға бағытталатын болады.
Сүт кластері Жамбыл, Іле, Талғар және Қарасай аудандарының шаруашылықтарынан әкелінетін шикізат жеткізушілер негізінде қалыптасатын болады.
Бес бағыт бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы мен бірігуі негізінде дайындау орталықтарын құру қажет: мал соятын пункт, қаймағы алынбаған сүт жинау пункті, көкөніс қоймасы, машина-технологиялық станция және тамшылатып суару.
Өсімдік шаруашылығы. Жүгері, қант қызылшасы, майлы дақылдар, темекі, жем-шөп дақылдары, жеміс шаруашылығы мен жүзім шаруашылығы өндірістері перспективалы бағыттарға айналады.
Жеміс-көкөніс кластері Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының қайта өңдеу кәсіпорындарын құрайды, өнім берушілері – Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Панфилов және Ұйғыр аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері.
Тамақ өнеркәсібін дамыту. Облыста өндірілетін ауылшаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, ет және сүт өнімдерін, өсімдік майын, қант, ұн өндіру, шарап жасау, темекі өндірісі саланы дамытудың негізгі бағыттары болады. Соя, қызанақ, жүгері-крахмал сірнесін қайта өңдеуді, лимон қышқылын, қойылтылған және құрғақ сүт, балық және ет консервілері өндірісін дамыту қажет.
Өнеркәсіп. Облыстың тау-кен өндіру өнеркәсібін дамыту уран, алтын, вольфрам кендері мен қалайы кен орындарын игеруге байланысты болады.
Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту. Облыста цемент және одан жасалатын бұйымдарды өндіруге арналған шикізаттың, әрлеу тасының кен орындарының, фарфор тасының, минералды тұздар мен басқа да кеңінен таралған пайдалы қазбалардың бай қорлары бар. Осы кен орындарының негізінде құрылыс материалдарының өнеркәсібі қалпына келтірілетін болады.
Жеңіл өнеркәсіпті дамыту. Жүннен тоқылған мата өндірісін құру, тігін және былғары өндірістерін өсіру арқылы жүн өндірісі кластерін қалыптастыру саланың перспективалы даму бағытына айналады.
Сауда саясаты. Сыртқы сауда операцияларын дамытудың негізгі бағыттары мыналар болады:
1) Алматы қаласының айналасында көлік-логистикалық орталық құру;
2) көкөніс пен астық қоймалары, жылыжайлар желісін дамыту;
3) бәсекеге қабілетті өнім өндіретін өндіруші кәсіпорындардың халықаралық көрме-жәрмеңкелерге қатысуы;
4) алыс және жақын шет елдермен әріптестікті дамыту.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, көлік және логистика сияқты салаларда өңіраралық байланысты дамытуға арналған жоғары әлеуетке ие өңір болып табылады.
Туризмді дамыту. Алматы облысы емдеу мен демалысқа ішкі сұранысты қанағаттандыру және шетелдік туристерді тарту үшін айтарлықтай табиғи-климаттық әлеуетке ие. Ол үшін тиісті инфрақұрылымның – мамандануы мен қызметтер көрсету деңгейі әртүрлі санаторийлер, курорттар болуы қажет.
Өңірді дамытудың жоғарыда аталған бағыттарын іске асыру экономика салаларындағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 1,6 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Алматы облысының ЖӨӨ НКИ 2013 жылдың деңгейіне қарағанда 20%-ға артады. ЖӨӨ НКИ өсуіне көрсетілетін қызметтер өндірісі НКИ – 30,6%-ға және тауар өндірісі НКИ – 8,6%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізіледі.
Батыс макроөңірі (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары)
Макроөңірді дамытудың стратегиялық бағыттары
Макроөңірдің 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі перспективалары мұнайды және газды өндіру мен қайта өңдеу болады. Мұнай химиясын дамыту және қосылған құны жоғары инновациялық өнім өндірісі макроөңірдің аса маңызды бағытына айналуға тиіс.
Каспий теңізіне шығу мүмкіндігінің артықшылығын ескере отырып, Ақтау, Баутино, Құрық теңіз порттары, сондай-ақ отандық кеме өндірісі одан әрі дамитын болады.
Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Ақтөбе облысы
Перспективада Хромтау қаласы ағымдағы тау-кен металлургиясы саласындағы мамандануын сақтап қалады. Оған ең ірі хром кен орындарын одан әрі игеру ықпалын тигізеді.
Алға қаласы болашақта өзінің химия өнеркәсібіндегі ағымдағы мамандануын күшейтеді. Кальцийлендірілген сода өндірісін ұйымдастыру қажет.
Жем қаласының мамандануының негізгі бағыты мұнай және газ өндірісі болып қалады. Тамақ өнеркәсібін дамыту қажет.
Перспективада Темір қаласының басты даму бағыты ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру болады.
Перспективада Шалқар қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен тамақ өнімдерін өндіру одан әрі дамытылатын болады.
Бірегей минералды су көздерінің болуын ескере отырып, ыдысқа құйылатын су шығару өндірістерін құру қажет.
Уақытша тоқтатылған құрылыс бейініндегі кәсіпорындар негізінде құрылыс индустриясын дамыту мүмкіндігі бар.
Жезқазған – Сексеуіл – Шалқар – Бейнеу теміржол тармағы пайдалануға берілген соң көлік пен логистика дамытылатын болады.
Перспективада Ембі қаласының негізгі мамандану бағыты мұнай және газ өндіру болып қалады. Тамақ өнеркәсібін дамыту қажет.
Ақтөбе облысы АЕМ-нің басым мамандану саласы перспективада мал шаруашылығы болып қалады. Етті-сүтті ІҚМ өсіру, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы, жартылай биязы жүнді қой шаруашылығы мал шаруашылығында перспективалы бағыттар болады.
Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын бидай, арпа, сұлы, қара бидай, бұршақ тұқымдастар, күнбағыс, сафлор, жем-шөп дақылдары, картоп, көкөніс және бақша дақылдары үшін пайдаланған орынды.
Атырау облысы
Құлсары қаласының перспективадағы негізгі мамандану бағыты мұнай өнеркәсібі болып қалады. Құрылыс индустриясы мен тамақ өнеркәсібі дамытылатын болады.
Атырау облысы АЕМ экономикалық мамандануының басым бағыты мал шаруашылығын дамыту болады. Етті бағыттағы ІҚМ өсіру, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы және қаракөл шаруашылығы орынды.
Табиғи-климаттық жағдайлар өсімдік шаруашылығы саласының қарқынды дамуына ықпалын тигізбейді. Сонымен қатар, жем-шөп дақылдарын, картоп және бақша дақылдарын өсіру үшін алғышарттар бар.
Батыс Қазақстан облысы
Ақсай қаласының даму перспективалары Қарашығанақ кен орнының көмірсутекті шикізатын одан әрі игеруге байланысты болады.
Тамақ өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын өндіру одан әрі дамытылатын болады.
Ауыл шаруашылығында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы дамытылады. Өсімдік шаруашылығында бидай, арпа, сұлы, қара бидай, бұршақ тұқымдастарды, күнбағыс, сафлор, жем-шөп дақылдарын, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру перспективалы. Мал шаруашылығында етті-сүтті бағыттағы ІҚМ өсіру, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы негізгі даму салалары болады. Биязы жүнді және жартылай биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағдайлар бар.
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы экономикасының перспективалы экономикалық мамандануының негізгі бағыты мұнай және газ өндіру болады. Мұнай мен газ өңдеу дамытылатын болады.
Тағы бір перспективалық бағыт туризм болып табылады. «Кендірлі» халықаралық курортын салу болжанады.
Перспективада Форт-Шевченко қаласының табысты дамуы балық өнеркәсібін дамытуға, құрылысқа және кемелерге қызмет көрсетуге байланысты болады.
Тағы бір тартымды бағыт тамақ өнеркәсібін дамыту болып табылады. Өңірдегі су ресурстарының шектеулілігін ескере отырып, қалада озық ылғал үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, жылыжай шаруашылығын дамыту перспективалы болмақ.
Қалада тұщыландыру қондырғысының құрылысы қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз ете алады, ол бір уақытта тұщы су, теңіз тұзы мен электр энергиясын өндіре алады.
Туризмді дамыту мақсатында бірыңғай («Тамшалы» алабымен) «Форт–Шевченко мұражай қаласы» туристік-рекреациялық кешенін құру мүмкіндігі бар.
Маңғыстау облысы АЕМ негізінен мал шаруашылығына мамандандырылады. Перспективада облыстың АЕМ үшін мал шаруашылығы басым сала рөлін сақтайды. Мал шаруашылығында перспективалы бағыт қаракөл шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және етті-майлы қой шаруашылығы болып табылады.
Өсімдік шаруашылығында көкөніс және бақша дақылдарын өсіру перспективалы. Өсімдік шаруашылығы саласының маңызды бағыты жылыжай шаруашылықтарын дамыту болып табылады.
АЕМ мамандануының тағы бір маңызды бағыты балық өнеркәсібі әлеуетін қалпына келтіру болып табылады.
Макроөңірде халықты қоныстандырудың негізгі бағыттары
Батыс макроөңірінде Ақтөбе қаласы хабқа айналады. Батыс макроөңірінің екінші деңгейдегі қалаларын дамыту Ақтөбе агломерациясын қалыптастырумен және одан әрі дамытумен байланысты болады. Өсу полюсі ретінде агломерацияны дамыту елдің экономикалық және еңбек әлеуетін шоғырландыруға, инфрақұрылымдық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Батыс макроөңірінің тірек қаңқасын дамыту көші-қон және урбандалу процестерін ескере отырып, қала және ауыл халқының инфрақұрылымға қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуға тиіс. Көші-қон және урбандалу процестерін реттеу Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларының облыстық қоныстандыру жүйелері орталықтарын қалыптастыру есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл қалалар Батыс макроөңірінің бірыңғай қоныстандыру жүйесінің кеңістіктік тірек қаңқасын қалыптастырады.
2020 жылға қарай халықтың болжамды саны Ақтөбеде 439,6 мың адамнан 538,9 мың адамға дейін, Оралда 271,8 мың адамнан 307,7 мың адамға дейін, Атырауда 272,1 мың адамнан 345,9 мың адамға дейін, Ақтауда 185 мың адамнан 306,7 мың адамға дейін ұлғаяды.
Ақтөбе хаб-қаласын дамыту шеңберінде қаланың әуе және жерүсті көлігінің көліктік инфрақұрылымын кешенді дамыту талап етіледі.
2020 жылға қарай халықтың күтілетін саны Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында тиісінше 561,5 мың адамнан 644,4 мың адамға дейін, 577,6 мың адамнан 740,1 мың адамға дейін, 620,8 мың адамнан 651,5 мың адамға дейін, 802,4 мың адамнан 862,7 мың адамға дейін ұлғаяды.
Әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту перспективалары
Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін орындар тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту қажет. Мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды (ғимараттарды күрделі жөндеу, үй-жайларды арнайы жабдықпен және құралдармен жарақтандыру) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту арқылы жүзеге асыру қажет.
Білім беру сапасын және қолжетімділігін жақсарту жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа модификациялы пән кабинеттерін сатып алуға және орнатуға байланысты болады.
Осы макроөңір облыстарының ішінде Ақтөбе облысында ғана дәрігерлер саны орташа республикалық деңгейден асады, ол қалған облыстарда бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейдің шамамен
75-80%-ын құрайды. Осыған байланысты бұл облыстарда медициналық персонал санын ұлғайту, сондай-ақ барлық медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базаны жақсарту және мамандар біліктілігін арттыру қажет.
Облыстық оқу орындарының, сондай-ақ елдің басқа өңірлері мен шет елдердің білім беру ұйымдарының да әлеуетін пайдалана отырып, жаңа өндірістерде жұмыс істеу үшін жергілікті мамандарды дайындау басым міндетке айналуға тиіс. Мұнай-газ саласының мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілікті өңірдегі жоғары оқу орындарының сапасын арттыру есебінен өтеу қажет.
Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында өңірлерде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу, еңбек нарығында барынша талап етілетін мамандықтар бойынша қайта оқыту және кәсіби даярлыққа, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберу қажет. Жұмыспен қамтуды дамыту бағыттарының бірі ақпараттық кампаниялар және өз бетінше жұмыспен қамтылуды қоса алғанда, белсенді жұмыс іздеуді және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді басқа да ынталандыру шаралары болуға тиіс.
Әлеуметтік саланың маңызды бағыттарының бірі этникалық репатрианттардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, оларды әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, кәсіби оқытуға жіберу болуға тиіс.
Көліктік инфрақұрылымда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ақтөбеден Ақтауға жаңа жол салған жөн.
Өңірлер ішіндегі шектес мемлекеттердің аумағы арқылы теміржол бағдарларын алып тастау қажет.
Мемлекеттің қолдауымен жеке инвестициялар есебінен Атырау қаласында Жайық өзеніндегі өзен портын қалпына келтіру қажет.
Каспий маңы өңірінің инфрақұрылымын құру мұнай және газ кен орындарын жайластыруды, платформалар мен аралдар салуды, Түпқараған шығанағы мен КТҚС орталық секторында мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылауды талап етеді. Ірі тоннажды жүктерді ауыстырып тиеу үшін Ақтау, Баутино және Құрық порттарын дамыту.
Баутино кентін, сондай-ақ Бұзашы түбегінің (Сарытас шығанағы) солтүстік-батыс бөлігіндегі басқа жағалау аумақтарын дамыту қажет. Қазақстанда екінші теңіз портының құрылысы мәселелерін пысықтау қажет, ол барлық қажетті қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ құрылыс материалдарын тікелей жеткізуді қамтамасыз етеді.
Сарытас шығанағының жағалау инфрақұрылымын дамыту үшін жағажай құрылысы және жерүсті коммуникацияларын дамыту талап етіледі.
Сондай-ақ Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту талап етіледі.
ТКШ саласында коммуналдық жүйелер саласында реконструкциялау және күрделі жөндеу талап етіледі. Коммуналдық жүйе аварияларының алдын алу мақсатында күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум объектілерін анықтау мақсатында инженерлік инфрақұрылымның және көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу талап етіледі.
Авариялық деп танылған тұрғын үйлерде тұратын тұрғындарды көшіру мақсатында тұрғын үй салу үшін инвесторларды тарту қажет.
Сондай-ақ коммуналдық сала кәсіпорындарының үлестік пайдалану шығыстарын азайту мақсатында ресурстарды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Экологиялық даму перспективалары
Атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының рұқсат етілген нормалардан асып кетуіне жол бермеу мақсатында өндірістік объектілердің атмосфераның жай-күйіне және адам денсаулығына тигізетін әсеріне кешенді зерттеулер жүргізу қажет. Шығарындыларды тазалау және азайту бойынша жаңа әрі қазіргі заманғы технологияларды енгізуге өнеркәсіптік кәсіпорындарды ынталандыру қажет.
Макроөңірдің мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындары қызметтерінің қалдықтарын тазалауға және кәдеге жаратуға арналған қазіргі заманғы технологияларды енгізу қажет.
Құрлықта және әсіресе, Каспий теңізінде мұнайдың төгілуіне жол бермеу макроөңірде қалыпты экологиялық жағдайды сақтаудың және ұстап тұрудың басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Тұрмыстық қалдықтардың жиналуын азайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында макроөңірдің әрбір облыс орталығында қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын салу қажет.
Ормандарды сақтау және өсіру, оның ішінде орман қорғауды жақсарту, орман көшеттерін қалпына келтіру, орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөнінде шаралар қолдану қажет. Елді мекендерде оларды көгалдандыру, жасыл аймақтар құру бойынша шараларды іске асыру қажет. Көшпелі құмдарды тұрақтандыру және ағаш өсiру бойынша іс-шаралар жүргізу.
Бұдан басқа, экологияны жақсарту үшін:
1) Жайық өзенінің экожүйесін және Шалқар көлінің жағдайын сақтау;
2) елді мекендердің аумағын қалдықтардан тазалау және абаттандыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру;
3) халықтың құрамында сынабы бар шамдарды қолдануы бойынша іс-шараларды ұйымдастыру;
4) табиғат пайдаланушылардың қалдықтарды қайта өңдеуін және кәдеге жаратуын мониторингтеу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында бұрын ядролық сынақтар жүргізілген орындарда радиоэкологиялық жағдайға мониторингті жүзеге асыру қажет.
Өңірдің бәсекелес артықшылықтарын пайдалану перспективалары
Атырау облысы
Өңір көмірсутекті шикізатты өңдеу мен тереңдетілген қайта өңдеудің, химия өнеркәсібін, дамыған құрылыс индустриясы мен балық өнеркәсібінің жетекші және серпінді дамитын орталығы ретінде позицияланатын болады.
Мұнай өңдеу көлемін ұлғайту «Теңізшевройлда» жаңа қуаттарды енгізу және «Қашаған», «Қайран», «Ақтоты», «Қаламқас теңіз» кен орындарын игеру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА қызметінің нәтижесінде базалық мұнай-газ-химия өнімдерін шығаратын «зәкірлік» өндірістер құрылатын болады.
«Зәкірлік» өндірістермен қатар, базалық мұнай-химия өнімін қосымша қайта өңдеу және қосылған құны жоғары өнеркәсіптік және тұтыну мақсатындағы инновациялық өнімді шығару саласында шағын және орта бизнес кәсіпорындары құрылатын болады.
Қайта өңдеудің және мұнай компанияларының сатып алуында қазақстандық қамтуды кеңейтудің деңгейін арттыру қажет. Осы мақсатта мұнай-газ саласының ұлттық компаниялары жаңадан құрылатын өндірістерге тікелей қатысу немесе отандық кәсіпкерлердің өнімді ұзақ мерзімді өткізуіне кепілдік беру арқылы шикізатты қайта өңдеу деңгейін және қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуды қамтамасыз ететін жаңа өндірістерді ашуға бастамашылық ететін болады.
Облыста құрылыс шикізатының және минералды тұз кен орнының мол қоры бар. Осыны ескерсек, өңірдің аталған пайдалы қазбаларды өндіруді және өңдеуді жаңарту үшін айтарлықтай әлеуеті бар.
Балық саласының әлеуетін қалпына келтіру. Аталған бағытта Орал – Атырау бекіре балық өсіру зауытына реконструкциялау жүргізу, жаңа бекіре балық өсіру зауытын және тауарлық-бекіре фермасын салу қажет.
Аграрлық сектор. Бұл секторда жетекші сала мал шаруашылығы, әсіресе, табынды жылқы шаруашылығы және түйе шаруашылығы болып табылады.
Көкөністерді өсіруге маманданған өсімдік шаруашылығы бұрынғысынша қалалар мен ірі кенттердің жанындағы шектелген сумен қамтамасыз етілген аймақтарда дамитын болады. Жылыжай шаруашылығы мен жеміс-көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы жүзеге асырылатын болады.
Өңірді дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру және бәсекелес басымдықтарды арттыру жөніндегі шаралар 2020 жылға қарай экономика салаларында еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға
16,7 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Атырау облысының ЖӨӨ НКИ-інің өсуі 2020 жылы 2013 жылға қарағанда 24%-ды құрайды. Көрсетілетін қызметтер өндірісінің НКИ –
31%-ға және тауар өндіру НКИ – 21,1%-ға өсіру есебінен ЖӨӨ НКИ ұлғайту мүмкін болады.
Маңғыстау облысы
Облыстың Қазақстанның экономикалық дамуын қозғаушы күштерінің бірі ретіндегі рөлі мұнай-газ өндірудің даму перспективаларына байланысты сақталатын болады. Сонымен қатар инновацияларды, экономиканың жоғары технологиялы секторларын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін нығайту бағытында облыс экономикасының құрылымын әртараптандыруға баса назар аудару қажет.
Өңірдің негізгі міндеті КТҚС көмірсутектері ресурстарын кешенді игеру және өндіруді тұрақтандыру, ұтымды және қауіпсіз игеру үшін жағдайлар жасау болады.
Өңірді дамытудың маңызды бағыты игерілетін кен орындарында табиғи газды өндіру деңгейін жандандыру және ұстап тұру болуы тиіс.
Тағы бір стратегиялық міндет мұнай-газ секторына қызмет көрсететін сервистік өндірістерді дамыту болып табылады. Өңдеу секторын дамытуды ауыр машина жасау және металл өңдеуді дамытуға бағыттау қажет.
Машина жасаудағы неғұрлым басым жобалар: мұнай-газ, жинау, жиынтық машина жасау, ауыр машина мен жабдық үшін тораптар мен кіші жүйе өндірістерін дамыту, энергия және су үнемдеу жабдығын өндіру болуға тиіс.
Облыста құрылыс материалдары индустриясының қуатты минералдық-шикізаттық базасы бар. Осыған байланысты, тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларын дамытудың негізгі міндеті пайдалы қазбалардың игерілетін кен орындарын тиімді пайдалану болады.
Өңірдің балық кластерін қалыптастыру Форт-Шевченко қаласында және перспективалы жағалау аумақтарында балық аулау және балық өңдеу өндірістерін дамытуды қамтиды.
Облыс экономикасының аграрлық секторы негізінен қой, жылқы және түйе өсірілетін жайылымдық мал шаруашылығына негізделген. Қойды жасанды ұрықтандыру жөніндегі жұмыстарды қалпына келтіру есебінен отардың сапалық құрамын жақсарту, барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды өнімге қолжеткізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қажет.
Көкөністер өсіруге маманданған өсімдік шаруашылығы ылғал үнемдегіш технологияларды енгізу және жылыжай шаруашылықтарын салуды ескере отырып дамытылатын болады. Тиімді басқару құралдарын қолдануды ескере отырып, ішкі нарыққа жыл бойы жаңа өнім жеткізуді ретке келтіріп қана қоймай, сонымен қатар республиканың басқа да батыс өңірлері үшін ірі өсімдік шаруашылығы базасына (жеміс-бақша дақылдары мен гүлдер) айналуға тиіс.
Өңірді дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру және бәсекелі артықшылықтарын ұлғайту жөніндегі шаралар 2020 жылға қарай экономика салаларындағы еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 10 млн.теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы бойынша ЖӨӨ НКИ 2020 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 27,6%-ды құрайды, бұл көрсетілетін қызметтерді өндіру НКИ 31,1%-ға және тауарларды өндіру НКИ 26,3%-ға өсуіне байланысты болады.
Батыс Қазақстан облысы
Өңірдің басым салаларының қалыптасқан мамандануы мен алдағы перспективаларын ескере отырып, табиғи газ және газ конденсатын өндірудің, сондай-ақ АӨК пен өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті сегменттерін дамытудың жетекші орталықтарының бірі болып қалады.
Өнеркәсіп. Қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуды ынталандыру, инновацияларды енгізу және шағын және орта кәсіпорындардың қосалқы, қызмет көрсететін қайта өңдеу блоктарын қалыптастыру және облыс үшін маңызды міндет болуға тиіс.
Газ өңдеу саласын дамытудың перспективалы бағыты газды тереңдетілген өңдеу жолымен азот тыңайтқыштарын өндіру мүмкіндігі болуға тиіс.
Металл өңдеу саласын дамыту және сорғы-компрессорлық құбырлар жасауға, сондай-ақ металл конструкцияларын ыстық мырыштау бойынша қызмет көрсетуге байланысты болады.
Құрылыс материалдарының өнеркәсібін дамыту. Құрылыс материалдарының барланған кен орындары базасында мына өндірістерді: цемент зауытын, шыны өндірісін, қыш бұйымдарды дайындау үшін қыш өндірісін және басқаларын ұйымдастыру және/немесе реконструкциялау қажет.
Агроөнеркәсіптік кешен. Табиғи жем-шөп жайылымдарының болуы етті мал шаруашылығын, қой шаруашылығын, табынды жылқы шаруашылығын дамытатын база болуға тиіс. Импортты алмастыру мақсатында ет бағытындағы құс фабрикасын, шошқа кешенін, сүт-тауар фермаларын салу қажет. Өсімдік шаруашылығындағы шешуші бағыт астық өндірісі болады. Орнықты дамыту мақсатында өсімдік шаруашылығын егін алаңдары құрылымында күздік астық, майлы және жем-шөп дақылдары үлесін ұлғайту жағына қарай әртараптандыруды қамтамасыз ету қажет. Бауларды қалпына келтіру ішкі нарықтың жеміс-жидек өніміне сұранысын қамтамасыз ету үшін өте маңызды болады.
Бәсекелес артықшылықтарды арттыру жөнінде қабылданған шаралар
2020 жылға қарай экономика салаларындағы еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға 7,6 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысының ЖӨӨ НКИ 2020 жылы 2013 жылғы деңгейге қатысты 25,7%-ды құрайды. Облыстың ЖӨӨ НКИ өсуіне қызметтер көрсету, тауарларды өндіру НКИ 34,5%-ға және НКИ 22,5%-ға өсуі ықпал етеді.
Ақтөбе облысы
Перспективада облыс бәсекеге барынша қабілетті мамандану салалары басым дамытыла отырып, серпінді өңдеуші өнеркәсібі бар әртараптандырылған ірі орталық ретінде позицияланады: мұнай мен газ өндіру және қайта өңдеу, тау-кен металлургиясы кешені, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіру.
Өнеркәсіп. Өңірдің өнеркәсіптік кешені базалық салаларының серпінді дамуымен айқындалады: мұнай өндіру өнеркәсібі, қара металлургия және машина жасау.
Өңірдің ғылыми ұйымдары мен өңірлік нарықта бәсекеге қабілетті әлеуеті бар кәсіпорындарды инновациялық қызметке тарту экономиканың жоғары технологиялы шикізаттық емес секторларын қалыптастыру үшін алғышарттар құрайды.
Облыста химиялық өнімдерді өндіру бойынша ілеспе өндірістерді дамытудағы ірі компаниялардың рөлін күшейту қажет.
Тау-кен өндіру өнеркәсібін дамыту. Хром кендерін өндіруді және қайта өңдеуді, «Юбилейное» кен орнында кенді алтынды одан әрі дамыту, мыс балқыту зауытын іске қосу, никельді штейн өндірісі бойынша зауыт салу қажет. Инновациялық технологияларды пайдалана отырып, хромиттерді, болатты қоспалауға арналған әртүрлі қоспаларды, хром қорытпалары және жоғары көміртекті феррохром өндірісі хром кенін қайта өңдеудің негізгі бағыттары болуға тиіс.
Химия және медицина өнеркәсібін қалпына келтіру. Мұғалжар ауданындағы Шилісай кен орнының базасында облыстағы химия өнеркәсібін дамыту мақсатында фосфоритті тыңайтқыштар шығару өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдау қажет.
Медицина және фармацевтика салаларының даму перспективасы Ақтөбе қаласындағы «Ақтөберентген» медициналық зауытын жаңғыртуға және дәрілік заттар шығаратын зауыттың құрылысына байланысты болады.
Машина жасауды дамыту. Саланы дамытудың перспективалы бағыттары әртүрлі салалар түрлері үшін мұнай-газ машинасын жасау және аспап жасау болуға тиіс.
Құрылыс материалдары өндірісін дамыту. Елдің батыс облыстарындағы отандық цементтің тапшылығын ескере отырып, өңірде цемент өндіру және одан бұйымдар жасау бойынша жаңа кәсіпорындар ұйымдастыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту қажет.
Мал шаруашылығы. Облыста мал шаруашылығын дамыту әлеуеті бар, осыған байланысты оны жандандыру қажет.
Өсімдік шаруашылығы өнімінің негізгі түрлерімен ішкі нарықтың өзін-өзі қамтамасыз етуіне қол жеткізу үшін құрылымдық және технологиялық әртараптандыруды жүзеге асыру қажет, егін алқаптарының негізгі бөлігін мал шаруашылығының өсу үстіндегі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жем-шөп өндіруге бағыттау қажет.
Дәнді дақылдардан басқа, өңірде көкөніс пен бақша дақылдарын, сондай-ақ картоп өндіруді ұлғайту қажет.
Өңірді дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру және бәсекелес артықшылықтарын арттыру бойынша шаралар 2020 жылға қарай экономика салаларындағы еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға
6,6 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысы бойынша ЖӨӨ НКИ 2020 жылы 2013 жылға қарағанда 25,4%-ға ұлғаяды. ЖӨӨ НКИ ұлғаюы қызметтер көрсетудің НКИ 32,3%-ға және тауарларды өндірудің 18,9%-ға өсуіне байланысты болады.
Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау
Атырау облысында жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны мұнай-газ өнеркәсібінде, құрылыста және қызметтер көрсетуде жұмыс орындарын ашу есебінен 2014 жылғы 286 мың адамнан 2020 жылға қарай 296,6 мың адамға дейін ұлғаяды.
Маңғыстау облысындағы жұмыспен қамту жағдайы өнеркәсіпте және қызметтер көрсетуде жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен өзгереді. Облыстағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны
2014 жылғы 248 мың адамнан 2020 жылға қарай 269,7 мың адамға дейін ұлғаяды.
Ақтөбе облысындағы жұмыспен қамту жағдайы өңдеуші өнеркәсіпте және қызметтер көрсетуде жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен жақсару жағына өзгереді. Облыстағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы 410 мың адамнан 2020 жылға қарай 433,8 мың адамға дейін ұлғаяды.
Батыс Қазақстан облысында жұмыспен қамту деңгейі құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен 2014 жылғы 316 мың адамнан 2020 жылға қарай 320,4 мың адамға дейін ұлғаяды.
Батыс макроөңірін дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру негізінде жаңа жұмыс орындары ашылады және жұмыспен қамту ұлғаяды, бұл Батыс макроөңірінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Болжамды есептеулер бойынша 2020 жылға қарай батыс макроөңіріндегі жан басына шаққандағы ЖӨӨ республикалық орташа деңгейге қатысты орта есеппен 146,5%-ды құрайды, оның ішінде Атырау – 253,6% (2014 жылы – 312,7%), Маңғыстау – 160,9% (2014 жылы – 166,6%), Ақтөбе – 99,3% (2014 жылы – 101,2%) және Батыс Қазақстан облыстарында – 111,5% (2014 жылы – 135,9%).
Атырау облысындағы жан басына шаққандағы ЖӨӨ айырмашылығының азаюы ЖӨӨ құрылымындағы тау-кен өнеркәсібі үлесінің 2013 жылғы 52,6%-дан 2020 жылға қарай 37,5%-ға дейін азаятынына және құрылыстың үлес салмағының 6,8%-дан 10,3%-ға дейін, көлік пен қоймалаудың 6,2%-дан 9,3%-ға дейін ұлғаятынына байланысты.
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейден айырмашылығының азаюының ұқсас үрдісі Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болады. Айталық, Батыс Қазақстан облысының ЖӨӨ құрылымындағы тау-кен өндірісі өнеркәсібінің үлес салмағы
2020 жылға қарай 2013 жылғы 49,4%-дан 34,4%-ға дейін азаяды, көрсетілетін қызметтерді өндіру үлесі 32,4%-дан 44,3%-ға дейін өседі.
Маңғыстау облысында ЖӨӨ құрылымындағы тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлес салмағы 2020 жылға қарай 2013 жылғы 48,7%-дан
33,7%-ға дейін төмендейді, көрсетілетін қызметтерді өндіру үлесі 32,5%-дан 43,4%-ға дейін өсетін болады.
Орталық-Шығыс макроөңірі (Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары)
Макроөңірді дамытудың стратегиялық бағыттары
Макроөңірдің негізгі бағыты түсті металлургия өнеркәсібін, мұнай өңдеуді, өңдеуші және көмір өнеркәсібін дамыту болып табылады. Бұл салалардың басты міндеті қосылған құнды ұлғайту мақсатында инновациялық және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру болуға тиіс.
Макроөңірде карбонатты және балшықты шикізаттың, кірпіш балшықтарының, құрылыс тасының кен орындарының болуы жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруға қабілетті, еліміздің басқа өңірлеріне және шетелдерге экспорттау мүмкіндігімен құрылыс материалдары өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Макроөңірдің мал шаруашылығын, марал шаруашылығын, бал арасы шаруашылығын дамыту, күнбағыс өсіру және оларды өңдеу үшін айтарлықтай әлеуеті бар.
Қосымша жұмыс орындарын құра отырып, былғары мен үлбірден жоғары сапалы бұйымдарды шығаруға бағытталған, тері-былғары өндірісін реконструкциялау мен жаңғырту да перспективалы бағыт болып табылады.
Жоғары рекреациялық әлеуеті бар бірегей аймақтар мен объектілердің (Батыс Алтай, Марқакөл қорықтары, Рахманов бұлақтары, Жайсан және Алакөл көлдері) негізінде макроөңірде туризмді, оның ішінде экотуризмді дамыту қажет.
Макроөңірдегі индустриялық саясат индустрияландыру кезеңінде пайда болған экология проблемаларын шешуге тиіс.
Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Павлодар облысы
Перспективада Екібастұз қаласының экономикасын дамытудың негізгі бағыты электр энергиясын өндіру болады. Саладағы өндіріс көлемін ұлғайтуға жаңа энергия блоктарын салу есебінен қол жеткізіледі.
Мыс, молибден, концентраттағы алтын өндірісі тағы бір перспективалы бағыт болып табылады.
Перспективада Ақсу қаласы көмір өндірудегі, металлургия өнеркәсібіндегі және электр энергиясын өндірудегі ағымдағы мамандануын сақтап қалады.
Павлодар облысының АЕМ келешекте агроөнеркәсіптік кешендегі ағымдағы мамандануын сақтап қалады. Өсімдік шаруашылығы саласында бидай, арпа, сұлы, қара бидай, қарақұмық, бұршақ тұқымдастарды, рапс, күнбағыс, зығыр, жем-шөп дақылдарын, картоп, көкөністер мен бақша дақылдарын өсіруге арналған егін алқаптарын ұлғайту қажет.
Қарағанды облысы
Балқаш қаласының экономикасы үшін келешекте тау-кен металлургиясы өнеркәсібі өз маңыздылығын сақтап қалады. Қаланың бұл саладағы мамандануы мыс пен бағалы металдарды шығару бойынша жаңа өндірістер құру есебінен күшейеді.
Перспективада металлургия өнеркәсібі Жезқазған қаласының экономикалық мамандануында өзінің маңыздылығын сақтап қалады. Тамақ өнеркәсібі одан әрі дамытылатын болады.
Қаражал қаласының экономикасының негізгі бағыты перспективада марганец, темірлі марганец және барит концентраттарын өндіру болып қалады. Алтын, мырыш, вольфрам өңдеу дамытылады.
Саран қаласының даму перспективалары резеңке техникалық бұйымдар мен құрылыс материалдарын өндірудегі бұрынғы мамандануын қалпына келтіруге байланысты.
Химия өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы дамытылады.
Сәтбаев қаласын дамытудың негізгі бағыты түсті металдарды өндіру мен өңдеу болады.
Перспективада Теміртау қаласының металлургиялық өнеркәсібі қосылған құны жоғары өнімдерді өндіру бойынша жаңа өндірістерді енгізу есебінен өз позияциясын күшейтеді. Оған қолда бар темір кен орындарының қорлары және «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қала құраушы кәсіпорнының әлеуеті себеп болады.
Сонымен бірге, қаланың келешекте экономикалық мамандануы бағыттарының бірі цемент өндіру болуы мүмкін. Оған негіз Қарағанды цемент зауытында құрғақ тәсілмен цемент өндіру бойынша жаңа технологияларды енгізу болады. Сондай-ақ машина жасау және химия өнеркәсібі дамытылады.
Тамақ өнеркәсібін ұлғайтудың барлық мүмкіндіктері бар. Мысалы нан-тоқаш өнімдерін, тәтті тоқаш, печенье, торт пісіруді және басқа да кондитерлік өнімдер жасауды, алкогольсіз сусындар шығаруды ұлғайтуға болады.
Қаттама өнімдерді өндіру, тоқаштар мен баранкаларды пісіру желісін жолға қою керек.
Перспективада Шахтинск қаласының экономикалық мамандануының негізгі бағыты синтетикалық жуғыш заттар өндірісі болады. Саланы дамыту түйіршектелген ұнтақ тәрізді синтетикалық жуғыш заттарды өндіру зауытының қызметін жаңарту есебінен қамтамасыз етіледі.
Кокстелген көмірдің жаңа шахталарын салу есебінен көмір өнеркәсібі дамытылатын болады.
Перспективада Абай қаласын дамытудың негізгі бағыты көмір өндіру және қайта өңдеу болады. Тамақ өнімдерін жасау одан әрі дамытылады.
Қарқаралы шағын қаласының перспективалы дамуы тау-кен металлургиясы өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен тамақ өнеркәсібін одан әрі дамытуға байланысты болады.
Қаланың бірегей табиғи ресурстары, керемет табиғаты және туризм саласын дамыту үшін үлкен әлеуеті бар.
Приозерск қаласын дамытудың негізгі бағыты перспективада тамақ өнімдерін жасау болады.
Агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі одан әрі дамытылатын болады. Келешекте Қарағанды облысы АЕМ-нің негізгі мамандануы облыс үшін дәстүрлі мал шаруашылығы болады. Мал шаруашылығы саласында етті-сүтті ІҚМ, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы, биязы жүнді қой шаруашылығы одан әрі дамытылады. Облыстың ауыл шаруашылығы жерлерінің 80%-ын жайылымдар құрайды, бұл мал шаруашылығы әлеуетін қайта жаңғыртудың алғышарттары болады. Қарағанды және Теміртау қалаларында ауқымды өткізу нарықтарының жақындығы саланың дамуына қосымша серпін береді.
Өсімдік шаруашылығы саласында бидай, арпа, сұлы, қара бидай, қарақұмық, бұршақ тұқымдастарын, күнбағыс, зығыр, сафлор, жем-шөп дақылдарын, картоп пен көкөністер өсіру перспективалы болады.
Шығыс Қазақстан облысы
Келешекте Аягөз қаласының мамандануында машина жасау саласы (вагондарды жөндеу) ағымдағы позициясын сақтап қалады. Оған қаланың ірі көлік тораптардың бірі ретіндегі рөлі ықпал етеді.
Мәрмәрлік ұн және асфальт-бетон өндірісі одан әрі дамытылады.
Зайсан қаласының келешекте дамуы агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін қалпына келтіруге және дамытуға байланысты болады. Қаланың аталған саладағы негізгі міндеті ауыл шаруашылығын ауқымды түрде жаңғыртуды жүзеге асыру болып табылады. Қала экономикасын дамытудың тағы бір перспективалы бағытына туристік сала жатады. Бұған Зайсан көлінің үлкен әлеуеті ықпал етеді.
«Майқапшағай» шекаралық бекетінің жақындығы сауданың дамуына ықпал етеді. Шекара маңындағы сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл халықаралық сауданы, автокөлікпен тасымалданатын жүктер үшін халықаралық транзитті дамытуға мүмкіндік береді. Қытайдың тасымалдауға сұранысын қамтамасыз етуде Майқапшағай «Достық» пен «Қорғастан» кейінгі Қытай транзитінің үшінші бекеті болуы мүмкін.
Келешекте Шар қаласының экономикасы үшін цемент өнеркәсібі өз маңыздылығын сақтап қалады. Оған қала жанында орналасқан Суықбұлақ бірегей әк кен орнының орналасуы және цемент өндіру бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың болуы ықпал етеді. Тамақ өнеркәсібі одан әрі дамытылады.
Шемонаиха қаласының перспективалы дамуының негізгі бағыттары металл кендерін өндіру, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру болады.
Келешекте тау-кен металлургиясы өнеркәсібі Зырян қаласының экономикасында өз маңыздылығын сақтап қалады. Саланың рөлі байыту қалдықтарынан қорғасын, мырыш, мыс, алтын және күміс өндіру бойынша жаңа қуаттарды іске қосу есебінен, сондай-ақ жаңа кен орындарын іздеу бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу есебінен күшейеді.
Курчатов қаласының даму перспективалары қаланың ғылыми қала ретіндегі қызметін қалпына келтіруге байланысты болады. Оған қалада ғылыми жобаларды іске асыру ықпал етеді.
Радиациялық және ядролық технологиялар саласында ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялы өндіріс ашудың бастамашысы болып табылатын Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» салалық технопаркінің әлеуетін де пайдалану қажет.
Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен металлургияның ілеспелі салалары Риддер қаласының экономикасын дамытудың басым бағыттары болып қалады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 2020 жылға дейін жұмыс істеп тұрған үш кен орны – Риддер-Сокольск, Тишинск, Шубинскіні игеру жалғастырылады.
Өңір экономикасын әртараптандырудың перспективалы бағыты туризм саласы болып табылады. Оған бірегей табиғи-рекреациялық ресурстардың (қала маңындағы ландшафтар) болуы ықпал етеді. Бұл аумақтарда Қазақстанның, ТМД елдері мен алыс шетел туристерін тартатын Кенді Алтайдың негізгі табиғи көрікті жерлері шоғырланған.
Серебрянск қаласының экономикасының дамуы келешекте электр энергиясын («Бұқтырма ГЭС» ЖШС) және бейорганикалық химия өнімдерін өндірумен байланысты болады.
Шығыс Қазақстан облысы АЕМ мамандануының негізі перспективада ауыл шаруашылығы болып қалады. Облыста ауыл шаруашылығын дамытудың басты бағыты мал шаруашылығы болады. Мал шаруашылығында етті-сүтті бағыттағы ІҚМ, жылқы шаруашылығы, етті-майлы қой шаруашылығы, биязы жүнді және жартылай биязы жүнді қой шаруашылығы, марал шаруашылығы перспективалы болады.
Облыстың өсімдік шаруашылығы саласындағы келешегі бар дәнді дақылдар бидай, арпа, сұлы, қара бидай, қарақұмық, бұршақ тұқымдастар, рапс, күнбағыс, зығыр, сафлор, жем-шөп дақылдарын, қара бидай, көкөністер, бақша өнімдерін өсіру перспективалы болады.
Макроөңірде халықты қоныстандырудың негізгі бағыттары
Перспективада Өскемен қаласы Орталық-Шығыс макроөңірінің хабы ретінде қоныстандыру жүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады. Орталық-Шығыс макроөңір елдегі ең урбандалған өңірдің бірі болып табылады. Перспективада урбандалу процестері жалғастырылады. Орталық-Шығыс макроөңірінде жылдам өсетін қалалар қатарына халықтың болжамды саны 2020 жылға қарай тиісінше 668,5 мың адамға, 372,5 мың адамға, 496,4 мың адамға және 384,1 мың адамға ұлғаятын Өскемен, Семей, Қарағанды және Павлодар қалаларын жатқызуға болады.
Өскемен хаб-қаласы Орталық-Шығыс макроөңірінің тірек қаңқасы болып табылады және Өскемен – Семей – Павлодар автомобиль жолдарының өңіраралық желісінің жобаларын іске асыру есебінен Солтүстік пен Оңтүстік макроөңірлерін және Астана хабын функционалды байланыстырады. Автожолдар салу қоныстандыру жүйесін дамытуға едәуір әсер етеді.
Өскемен хаб-қаласын дамыту шығыс өңірінің қолданыстағы транзит әлеуетін өсіруге ықпал етеді. Өскемен хаб-қаласының толыққанды жұмыс істеуі үшін Павлодар, Семей, Қалбатау арқылы Астана – Өскемен заманауи жоғары жылдамдықты автожолдарын салу қажет.
Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында күтілетін халық саны 2020 жылға қарай тиісінше 1393,6 мың адамнан 1406,6 мың адамға дейін, 750,9 мың адамнан 752,2 мың адамға дейін, 1366,2 мың адамнан
1383,5 мың адамға дейін ұлғаяды.
Аталған макроөңірдің қоныстандырылуын дамытудың маңызды бағыттарының бірі өңір үлесіне республиканың рекреациялық ресурстарының жартысынан астамы келетінін ескере отырып, туристік және рекреациялық инфрақұрылымдардың дамуын жеделдету болып табылады.
Әлеуметтік және инженерлік-көліктік инфрақұрылымды, экологиялық ахуалды дамыту перспективалары
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласында білім беру ұйымдары мемлекеттік желісінің нормативтеріне сәйкес әрбір елді мекенде мектепке дейінгі қызметтермен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалған.
Орта білім беру саласында жалпы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және оларға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Сондай-ақ оқыту үшін оңтайлы жағдай жасау қажет: ыстық тамақпен қамтылған оқушылар санын кеңейту, оқу орнына дейін жеткізумен толық қамту үшін автобустарды сатып алу, мектептердің медициналық кабинеттері базасында сапалы медициналық қызметтер көрсету.
Денсаулық сақтау саласында медициналық кадрлармен қамтамасыз ету орташа республикалық деңгейге сәйкес келеді немесе одан сәл асады (ел бойынша орташа деңгейдің 100-110%-ы). Сонымен бірге өңірде шалғай ауылдық жерлер үшін көшпелі дәріхана пункттерін ашу, мұқтаж адамдарды амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен жеңілдікті негізде қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Онкологиялық аурулардың жоғары деңгейіне байланысты өңірде онкопатологияны ерте анықтауға назар аудара отырып, онкологиялық қызметті одан әрі жетілдіру қажет.
Әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ана мен бала өлімін азайтудың халықаралық бағдарламаларын енгізуді жалғастыру керек. Балалықты және босануда көмек көрсету ұйымдарының материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жақсарту олардың бекітілген нормативке дейін медициналық жабдықтармен жабдықталуын қамтамасыз етеді.
Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласындағы стратегиялық мақсаттарды іске асыру өңірдің басым мамандануына, олардың кадрлық қамтамасыз етілуіне өзара байланысты болуы тиіс.
Өңір халқының жұмыспен қамтылуының тиімділігін арттыру, жұмыссыздықты азайту, жұмыс күшінің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтарға еңбек саласында әлеуметтік кепілдіктер, медициналық сақтандыру беру, кәсіптік білім алу, бірқатар басқа да әлеуметтік стандарттар мен нормативтерді сақтау бойынша шаралар әзірлеу қажет.
Көлік инфрақұрылымында автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау, теміржол желілері мен әуежай инфрақұрылымын жаңғырту бойынша шаралар қабылдау қажет.
Астананы Өскеменмен байланыстыратын халықаралық сыныптағы жолмен – көлік күрежолдарының жаңа бағыттарын құру қажет.
Заманауи көлік дәліздерін қалыптастыру Астана-Қарағанды автомобиль тас жолының «А» сыныпты автомобиль жолын салу негізінде Қарағанды облысының аумағы бойынша жалғастырылуға тиіс.
Өңірлер ішінде шекаралас мемлекеттер аумағы арқылы теміржол маршруттарын алып тастау қажет, Астана мен Өскеменді тікелей қатынаспен байланыстыру қажет.
Жаңа магистральдық жолдарды салу, облыстық және аудандық автомобиль жолдары желісін жаңғырту есебінен экономикалық кеңістіктің байланыстылығын жақсарту шаруашылық жүргізуші субъектілердің көліктік шығындарын азайтуға, жүктер мен жолаушылардың жеткізілуін жеделдетуге, жүк ағындарының қарқындылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Субсидиялаудың көлемін кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған икемді тарифтік саясатты жүзеге асыру жолымен орташа статистикалық тұтынушы үшін әуе көлігі қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін тұрақты ішкі әуе тасымалдарды дамыту және болашақта толықтай өзін-өзі өтеуіне көшу керек.
Қоғамдық көлікті басым дамыту қызмет көрсетудің талап етілетін сапасымен жолаушылар тасымалында жолаушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған көліктік саясатты іске асырудың ұйымдастырушылық, экономикалық және инвестициялық құралдарын қамтитын қалалардың, аудандардың көлік кешенін басқарудың икемді жүйесіне негізделуі тиіс.
Облыс бойынша қолданыстағы жолаушылар маршруттарының желісін дамыту, шалғайдағы шағын елді мекендерге көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Облыста Ертіс, Железин, Успен және Шарбақты аудандарының трассалары бойында жол бойындағы сервис объектілерін салу қажет.
Электр энергетикасын дамыту перспективалары қолданыстағы мынадай генерациялаушы қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге байланысты: Екібастұз МАЭС-1-де әрқайсысы 500 МВт № 1 энергоблокты (2016 жылы) қалпына келтіру, Екібастұз МАЭС-2-де үшінші энергоблокты іске қосу (2017 жылы) – 525МВт.
ТКШ саласында Семей қаласының қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйесін және Курчатов пен Аягөз қалаларында орталық қазандық салу жобаларын жаңғырту және реконструкциялау қажет.
Экологиялық даму перспективалары
Экология саласындағы басым даму табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың атмосфераға стационарлық көздерден шығатын ластағыш заттар шығарындыларының көлемін біртіндеп төмендетуіне мүмкіндік беретін экологиялық таза озық технологияларды енгізу болып табылады.
Павлодар өңірінде экологиялық ахуалды жақсарту үшін таза технологияларға көше отырып, көмір станцияларының энергетикалық жабдықтарын кезең-кезеңімен реконструкциялау және жаңғырту шаралары кешенін қабылдау қажет.
ҚТҚ басқару жүйесін оңтайландыру міндеттерін шешу мақсатында облыстың аудан орталықтарында ҚТҚ полигонын салу бойынша жұмыс жобаларын әзірлеу; облыстың мемлекеттік мекемелерінде құрамында сынабы бар аспаптарды жинау мен кәдеге жарату жұмыстарын жүргізу көзделеді.
Экологияны жақсарту саласында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтау, газ тазалауды реконструкциялау, тазалау қондырғыларын ауыстыру, қоқыс өңдеу зауытын салу, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу қажет.
Тұрақты түрде қадағалау және уақтылы ден қою үшін қоршаған ортаны (ауаны, суды, топырақты) онлайн режимінде экологиялық мониторингтеу жүйесі маңызды болып табылады.
Өңірдің бәсекелік артықшылықтарын пайдалану перспективалары
Павлодар облысы
Облыс Қазақстан Республикасының минералды-шикізат кешенінде жетекші орындардың бірін алады, мұнда көмір қорларының үштен бір бөлігі шоғырланған.
Өңірдің басты міндеті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдайлар жасау, әсіресе инновациялық, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған, инновациялық өндірісті қалыптастыру болып табылады.
Өңірдің басым міндеті индустриялық кешенді технологиялық жаңғырту болып табылады, себебі облыстың өнеркәсібі шикізат өндіруші, энергия сыйымдылығы жоғары, салыстырмалы түрде төмен технологиялы, техникалық және экологиялық қауіпті болып қалып отыр.
Бүгінгі күні «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да «ПМХЗ» ЖШС жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Зауытты жаңғырту жобасын іске асыру мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
Металл өңдеуді дамытудағы негізгі басым бағыт алюминий және одан жасалатын бұйымдарды өндіру болады. Ол үшін мына факторлар негіз болып табылады:
арзан электр энергиясының үлкен көлеміне қолжетімділік;
өндірістік әлеуеттің болуы;
қолжетімді қашықтықта елеулі шикізат қорларының болуы.
Машина жасау саласын дамыту. Машина жасау, әсіресе ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, әрдайым облыстағы жетекші салалардың бірі болатын. Машина жасау кәсіпорындарын дамыту бағыттарының бірі жұмыс істеп тұрған және тұрып қалған кәсіпорындарды жаңғырту, реконструкциялау және жандандыру болуға тиіс.
Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту. Облыстың Баянауыл, Ақсу аудандарында (шикізат қоры 500 млн. тоннаға жуық құрайды) карбонат және балшықты шикізат кен орындары шоғырланған. Осыған байланысты өңірде энергия артықшылығын және сумен қамтамасыз етілгенін ескере отырып, өз қажеттілігі мен жақын орналасқан облыстарға ғана емес, сонымен қатар экспортқа бағытталған жоғары сапалы цемент өндірісі мен цементтен алынатын өнімдер өндірісін ұйымдастыру қажет.
Саланы тиімді дамыту үшін жабдықтарға инвестициялар қажет. Моральдық және табиғи тұрғыдан ескірген технологиялық тізбектерге байланысты кәсіпорындардың өндірістік қуаттары толық пайдаланылмайды.
Облыста шикізаттың және өндірістік қуаттардың болуы, құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің ұлғаю үрдісі саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды.
Ірі жүйе құраушы компаниялардың мұқтаждықтарына шағын және орта кәсіпорындардың жаңа өндірістерді ұйымдастыруы және облыс аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардағы қазақстандық қамтуды күшейту маңызды міндет болып табылады.
Аталған сектордың басымдылығы бір жағынан – құрылыс индустриясына ішкі сұраныспен, макроөңір елдері нарығында отандық өнімдерді дамыту және өткізу мүмкіндіктерімен, екінші жағынан – меншікті базаның және қазақстандық кәсіпорындар әлеуетінің болуымен айқындалады. Қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті құрылыс материалдарының жаңа түрлерін шығаруды меңгеру жөніндегі міндетті шешу үшін басым тауарлардың тізбесі айқындалды. Техникалық сипаттамалары жақсартылған жаңа құрылыс материалдарын қолдану экономикалық тиімділік пен құрылыстың сапасын арттырады, пайдалану барысында энергиямен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды төмендетеді.
Агроөнеркәсіптік кешен. Қазіргі уақытта облыстың ЖӨӨ-де ауыл шаруашылығының үлесі аз, дегенмен өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша шикізат базасы мен өндірістік қуаттар бар.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту әлеуеті тұрақты оң серпінмен расталады. Осыған байланысты дәнді дақылдарды, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егу алқаптарын ұлғайтуға, ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға және көкөніс қоймалары инфрақұрылымын нығайтуға баса назар аудару қажет.
Облыстың асыл тұқымды мал шаруашылығы әлеуетін, жасанды ұрықтандырудың дамып келе жатқан технологияларын ескере отырып, асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының үлес салмағын және ет пен сүтті өндіру көлемін ұлғайту қажет.
Өңірді дамытудың жоғарыда аталған бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай 7,4 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылға қарай Павлодар облысы ЖӨӨ НКИ 2013 жылмен салыстырғанда 17,4%-ға ұлғаяды. ЖӨӨ НКИ өсуі тауарлар өндірісі НКИ
1,6%-ға және көрсетілетін қызметтер НКИ 34,9%-ға ұлғаюына байланысты.
Қарағанды облысы
Облыс кен металлургиясы және көмір өндіру өндірісінің жоғары шоғырлануымен, өнеркәсіптің өңдеуші секторларының инновациялық дамуының үлкен әлеуетімен елдің әртараптандырылған ірі индустриялық орталығы ретінде өз рөлін сақтайтын болады.
Өнеркәсіп. Өңірдің индустриялық-инновациялық жүйесін дамыту дәстүрлі өндірістерді қалпына келтіру, сол сияқты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, өнімділігі жоғары жаңа кәсіпорындарды, прогрессивтік және бірегей технологиялары бар салаларды құруға, отандық ғылыми әзірлемелерді селективті қолдауға бағытталатын болады.
Металлургияны дамыту қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруге, шикізатты пайдалану кешенділігін жоғарылатуға және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуге, өндірістік процестерді экологияландыруға және ақпараттандыруға бағытталатын болады. Металлургияны дамыту өнімдерді тікелей әртараптандыруға және одан әрі қайта өңдеуді, оның ішінде, орта және шағын бизнес кәсіпорындарында жүзеге асыруға негізделетін болады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде негізгі күштер пайдалы қазбалардың талап етілетін түрлері бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндіру мен өңдеу көлемдерін ұлғайтуға, жаңа өндіріс пен өнім түрлерін құруға бағытталатын болуға тиіс.
Машина жасау және металл өңдеу әлеуетін қалпына келтіру. Облыста түсті және жерде сирек кездесетін металдардың, кремний өнеркәсібінің және машина жасау саласының шикізаттық әлеуетіне негізделе отырып, тау-кен өндіру өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін жабдықтар (кен шахталық және мұнай газ өндіру жабдықтары, жерүсті, ауа және су көлігі құралдары, олардың бөлшектері және керек-жарақтары, машиналар, жабдықтар және тетіктер; электртехникалық жабдықтар; ғарыш саласына арналған жабдықтар) өндірісін ұйымдастыру қажет.
Мыс өндірісі электр қозғалтқышы, электр жабдығы, басқару жүйелері, компьютерлер өндірісіне серпін беруге қабілетті. Металл өңдеу саласын дамытудың маңызды бағыты құрылыс арматурасын, рельстерді, әртүрлі диаметрлі және әртүрлі мақсаттағы құбырларды, түсті металлургияны және мыс сымдарын жасауды кеңейту болуы тиіс.
Химия өнеркәсібі. Жұқа органикалық синтез бен полимерлер химиясы, тұрмыстық және өнеркәсіптік химия, экохимия, резеңке техникалық және пластмасса бұйымдарын жасау неғұрлым перспективалы бағыттар болып табылады.
Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту. Өңірде маңызды шикізат базасы, білікті кадрлар мен ғылыми әзірлемелер бар. Облыс үшін цемент пен одан жасалатын бұйымдарды, темірбетон конструкцияларын, кірпіштерді, қыш қабырға панельдерін өндіру, отқа төзімді қыш бұйымдар жасау перспективалы болады.
Көмір өнеркәсібі. Облыстағы көмірдің айтарлықтай қорын және қалыптасқан ғылыми әлеуетті назарға ала отырып, көмір өнеркәсібінде технологиялық өндірістерді құру бойынша көмір мен көмір химиясын тереңдетіп өңдеу бағытындағы жобаларды іске асыру керек.
Бұдан басқа, Қарағанды бассейнінің көмір қабаттарында метан, көмірқышқыл газы, күкіртті сутек, ауыр көмірсутектер бар. Метан қорлары перспективалы болып табылады, осыған байланысты:
1) көмір қабаттарындағы метанның қорын жете барлау, есептеу және бағалау әдістемесін әзірлеу бойынша ғылыми және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу;
2) көмір метанын дәстүрлі емес экологиялық таза қуат көзі, химия өнеркәсібіне арналған шикізат, мотор отыны және тұрмыстық газ ретінде пайдалану мақсатында көмір метанын қайта өңдеу технологияларын құру;
3) метанды өндіруді және өңдеуді өнеркәсіптік игеру.
Облыста инновацияларды қолдау үшін дамыған инфрақұрылым бар. Осыған байланысты жоғары технологиялы заманауи өндірістерді дамыту, өңірлік технопаркті және инновациялық орталықты дамыту қажет.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Перспективалы кезеңге техникалық жаңғырту және шаруашылықтарды одан әрі ірілендіру, өнім өңдеудің дәрежесін ұлғайту, өңірдің ірі кәсіпорындарының қолдауымен қосалқы шаруашылықтар қалыптастыру негізінде осы сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті маңызды болуға тиіс.
Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін ет комбинатын жаңғырту жоспарланған. Құс шаруашылығын қайта жаңғыртуға құс фабрикасын реконструкциялау жобалары және бойлер фабрикасын салу ықпал етеді.
Нәтижесінде өңірдің құс етіне деген ішкі қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады.
Облыста өсімдік шаруашылығындағы өндірістік әлеует сақталған, табиғи-климаттық және өзге жағдайлар ауыл шаруашылығы дақылдарының тиімді және рентабельді сорттарын өндіруге ықпал етеді. Әлеуетті дамытудағы маңызды міндет агродақылдар деңгейін арттыру, өсімдіктерді өңдеуде заманауи технологияларды қолдану, атап айтқанда, шығымдылықтың өсімін 1,5 есе арттыратын ылғал үнемдегіш технологияны қолдану болып табылады.
Өңірдің континентальды климаты жағдайларында көкөністермен жыл бойы жабдықтау үшін жылыжайлар салу маңызды рөл атқарады.
Облыстың балық шаруашылығы әлеуетін қайтадан қалпына келтіру, балық аулау және өңдеу көлемін, балық ұны өндірісін ұлғайту қажет.
Перспективада Қарағанды облысының экономикасы жылдам қарқынмен дамитын болады. Металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, электр энергетикасы салаларында ағымдағы мамандану нығая түседі.
Облыс өзінің негізі металлургия болып табылатын жоғары дамыған өнеркәсіптік өңір ретіндегі маңызын сақтап қалады. Перспективада металлургия өнеркәсібінің негізгі бағыты шикізатты қайта өңдеудегі тереңдік пен кешенділікті арттыру, қайта бөлінісі жоғары өнімдерді өндіру болады.
Облыс мамандануының екінші саласы көмір өнеркәсібі болып табылады. Шұбаркөл кен орнының көмірлері негізінде көмір-химия өнеркәсібінің дамуы көзделеді.
Машина жасау саласын дамыту және тау-кен өндіру саласына арналған машиналар мен жабдықтарды жасауға бағытталатын болады.
Өңірді дамытудың жоғарыда аталған бағыттарын іске асыру
2020 жылға қарай экономика салаларындағы еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға 6,0 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2013 жылмен салыстырғанда 2020 жылы Қарағанды облысының ЖӨӨ НКИ 14,5%-ға өседі. Облыстың ЖӨӨ НКИ ұлғаюына көрсетілетін қызметтер НКИ 29,4%-ға және тауарлар өндірісі НКИ 4,0%-ға өсуі ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан облысы
Перспективада өңірдің түсті металдарды өндіру мен терең өңдеудің, металлургия саласында технологияларды әзірлеу мен тәжірибелік пысықтаудың ірі орталығы ретіндегі рөлі күшейтілуге тиіс.
Өнеркәсіп. Мыс-қорғасын-мырыш кендерінің көптігі, полиметалл кендерінің көлемі бойынша елеулі қоры өңірдің басты байлығы болып табылады. Өңірдің минералдық-шикізаттық кешенінің перспективалы ресурстық базасын дамыту үшін пайдаланудағы қорларды өсіру мақсатында мемлекеттің қатысуымен ауқымды іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу талап етіледі.
Өнеркәсіпті дамытудың басым бағыттары түсті металлургияның шикізат базасын тұрақтандыру, шикізатты қайта өңдеу тереңдігін арттыру, соңғы қайта бөліністі құру болады.
Облыстың бәсекеге қабілетті мамандануының бірі атом энергетикасына арналған отын өндіру және ядролық зерттеулер болуы тиіс. «Ядролық технологиялар паркі» салалық технопаркінің әлеуетін пайдалану қажет. Аталған технопарк базасында мұнай-газ жабдығын тазарту мен қатерсіздендірудің химиялық-технологиялық кешенін, бұйымдарды тректі мембрана негізінде өндіру бойынша ядролық нанотехнологиялар кәсіпорнын құру қажет.
Жаңа өнеркәсіптік өндірістер мен кәсіпорындарды орналастыру санитариялық-қорғау аймақтарын есепке ала отырып жүргізілуге тиіс. Бұл, әсіресе, тұрғын үй қорының бір бөлігі кәсіпорындардың өнеркәсіптік аймағында қалған Өскемен қаласы үшін өте өзекті. Осыған байланысты тұрғындарды санитариялық-қорғау аймақтарынан қаланың экологиялық қолайлы аудандарына көшіру бойынша іс-шаралар әзірленді.
Машина жасау және металл өңдеу әлеуетін нығайту үшін толық циклді автозауытты және автоқұрамдауыштар шығару технопаркін салу, өндірістік қуаттарды жаңғырту қажет.
Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту перспективалары облыстың жеке мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, сондай-ақ елдің басқа өңірлеріне және шетелге экспортқа шығару мүмкіндігіне байланысты болады.
Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін қолда бар өндірістік қуаттар негізінде тоқыма және тігін өнеркәсібін қалпына келтіру, сондай-ақ бәсекеге қабілетті өнім өндірісін қамтамасыз ету үшін кәсіпорындарда технологиялық жабдықтарды жаңарту қажет. Иірілген жіп және түрлі мақсаттағы маталар өндірісі, жүн өңдеу, киізден жасалған аяқ киім, әртүрлі киіз өндірісі, тігін бұйымдарын шығару, тоқыма және шұлық-байпақ бұйымдарын өндіру жеңіл өнеркәсіптің басты бағыттары болады.
Ағаш өңдеу саласының бәсекеге қабілетті өнім шығаруын ұйымдастыру үшін өндірістік әлеуеті бар.
Қазақстан ормандарының негізгі бөлігі Ресеймен солтүстік шекараның бойындағы құнарлы орманды далалы аймақта, сондай-ақ Алтай тауларының бөктері мен баурайларында шоғырланған. Таулы Алтайда (Шығыс Қазақстан) коммерциялық құнды қылқан тұқымдастар қорының 75%-ы шоғырланған. Негізгі орман құраушы ағаштардың 47%-ы Шығыс Қазақстан облысының үлесіне тиесілі. Осыған байланысты әртүрлі мақсаттағы (АЖТ, БЖБ, фибролит) плиталық өндірістер құру жөніндегі жобаларды көбейту қажет. АЖТ және басқа ағаштан жасалатын плиталар түрлері бұл – жиһаз өндірісі үшін шикізат және кең ауқымды құрылыс материалдары.
Агроөнеркәсіптік кешенде облыс сүт және ет мал шаруашылығын, биязы жүнді және қылшық жүнді қой шаруашылығын, шошқа шаруашылығын, жылқы шаруашылығын, құс шаруашылығын, марал шаруашылығын және бұғы шаруашылығын, бал арасы шаруашылығын дамытуға, бидай мен бұршақ тұқымдастарын, көкөністер, күнбағыс өсіруге және оларды өңдеуге шоғырлануы тиіс.
Көрші елдер өңірлерімен шекара маңындағы ынтымақтастық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Ірі тауар өндірісін дамыту үшін бірнеше жобаларды іске асыру, жем-шөп дайындаудың шығындарын арзандату, өнімді өткізу, ветеринариялық қызмет көрсету және селекциялық-асылтұқымдандару жұмысы және тиісінше неғұрлым бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру үшін фермерлерді кооперациялаған орынды.
Мал шаруашылығын дамыту үшін қажетті элемент жем-шөп базасын дамыту болып табылады. Қосымша асылтұқымдандару және тұқым шаруашылықтарын құруға, құс фабрикаларын, ірі мал шаруашылығын және жылыжай кешендерін, өңдеу объектілерін, көкөніс сақтау орындарын салуға жеке көңіл бөлінуге тиіс.
Тігін және трикотаж өндірісін басым түрде артық жұмыс күші бар қалалар мен елді мекендердегі шағын және орта өндіріске бағдарлау қажет.
Мал шаруашылығы шикізатын өндіру серпінін жақсарту, оның импортын ұлғайту және басқа да факторлар Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа кәсіпорындар қуаттарын игеруге ықпал етеді.
Тамақ өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттары өңдеуші кәсіпорындарды жаңғырту және реконструкциялау, өндірістік процесті толық автоматтандыра отырып, оларды заманауи технологиялық, салқындату жабдығымен жарақтандыру болып табылады.
Технологиялық процесті жаңғырту және өнім сапасын арттыру күнбағыс майын, сүт, ет, қосалқы өнімдер, ет консервілері, нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндірудегі өңірдің мамандануын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің және өңдеудің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Туристік-рекреациялық әлеуетті дамыту. Туризмнің ең перспективалы түрі экотуризм болып табылады. Рудный мен Оңтүстік Алтай таулары санаторийлік-курорттық емдеудің алуан түрлерін – бұғы мүйізімен емдеуді, радонмен емдеуді, балшықпен емдеуді ұйымдастыру үшін бай рекреациялық әлеуетке ие.
Өңірді дамытудың жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру экономика салаларында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2020 жылға 5,0 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2020 жылы Шығыс Қазақстан облысының ЖӨӨ НКИ 2013 жылмен салыстырғанда 18,8%-ға ұлғаяды. ЖӨӨ НКИ ұлғаюына тауар өндірісі НКИ 5,9%-ға өсуі және көрсетілетін қызметтердің НКИ 28,9%-ға өсуі ықпал етеді.
Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жөнінде жағдайлар жасау
Павлодар облысында жұмыспен қамту деңгейі өнеркәсіп, құрылыс және көрсетілетін қызметтер секторында жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен өсетін болады. Павлодар облысындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы 420 мыңнан 2020 жылға қарай 433,2 мыңға дейін ұлғаяды.
Тұтастай алғанда, Шығыс Қазақстан облысында бәсекелік артықшылықтарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі шаралар шеңберінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2020 жылға қарай
2,6 млн. теңгеге дейін өседі.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай 72,5% құрайды (2014 жылы – 71,7%) және 4,2 млн. теңгеге дейін ұлғаяды.
Қарағанды облысындағы жұмыспен қамту ахуалы өнеркәсіп пен көрсетілетін қызметтер саласында жаңа жұмыс орындарын құру есебінен өзгереді. Өңдеу салаларының, көтерме-бөлшек сауда мен көлік және қоймалаудың дамуы тұрғындардың жұмыспен қамтылуын арттыруға оң әсерін тигізеді. Қарағанды облысында жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы 678 мыңнан 2020 жылға қарай 713,6 мыңға дейін ұлғаяды.
Қарағанды облысында бәсекелік артықшылықтарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша қабылданған шаралар 2020 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің 3,1 млн. теңгеге дейін өсуіне әсер етеді.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай 88,5% құрайды (2014 жылы – 96,5%).
Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыспен қамту бойынша ахуал өнеркәсіптегі құрылымдық қайта құрулар есебінен жақсарады. Өңдеу салаларын, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін дамыту еңбек нарығының конъюнктурасына оң әсерін тигізеді. Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы 705 мың адамнан 2020 жылға қарай 716 мың адамға дейін ұлғаяды.
Тұтастай алғанда, Шығыс Қазақстан облысында бәсекелік артықшылықтарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шараларды дамыту шеңберінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2020 жылға қарай 2,6 млн. теңгеге дейін өсетін болады.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай 72,5%-ды құрайды (2014 жылы – 71,7%).
Тұтастай алғанда, болжамды деректер бойынша Орталық-Шығыс макроөңірінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2020 жылға қарай
3,1 млн. теңгеге дейін өседі.
Астана қаласы
Дамудың стратегиялық бағыттары
Астана елдің барлық өңірлерінен, сондай-ақ шетелден Астана қаласына көшіп-қонушылар ағынына көптігіне негізделген елеулі адами капиталы бар және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жоғары төлем қабілетті сұранысқа ие.
Негізгі перспективалы бағыты оны дамытудың «локомотиві» болатын Астана агломерациясын қалыптастыру болады. Осы агломерация базасында көрсетілетін қызметтер саласының барлық секторлары, оның ішінде әлемдік деңгейдегі білім беру және медициналық көрсетілетін қызметтер белсенді дамитын болады. Ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру маңызды бағыт болып табылады. Алдағы уақытта Астана қаласы әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіруге тиіс.
Халықты қоныстандырудың негізгі бағыттары
Астана хаб-қаласын дамыту Қарағанды, Көкшетау қалаларын және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын тарта отырып, желілік өсу аймағы ретінде Астана агломерациясын қалыптастыруға байланысты болады. Астананы дамыту жаңа басқару технологияларын енгізуге және өндірісте адами капиталдың пайдаланылуын кеңейту бойынша алғышарттар жасауға бағдарланған.
Астана қаласында серпінді елорда агломерациясының өсіп келе жатқан сұранысына сүйенетін барлық өңірлермен күшті байланыстар басым. Астана хаб-қаласы «Орталық-Шығыс», «Орталық-Оңтүстік» және «Орталық-Батыс» автомобиль жолдарының өңіраралық желісі жобаларын іске асыру есебінен барлық макроөңірлерді байланыстыратын орталық болады.
Агломерация ішінде заманауи көліктік-логистикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылым құру (қала маңы пойыздары, қоғамдық көлік, кіші авиация, бірыңғай телекоммуникациялық инфрақұрылым және басқалары) елорданың транзиттік және өндірістік-тұрмыстық әлеуетін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде экономикалық өсуге қосымша серпін береді.
Бәсекелік артықшылықтарды пайдалану перспективалары
Қала Қазақстанның ірі инновациялық және басқару орталығы, іргелес облыстардағы экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және еліміздің қалған аумақтары үшін «локомотив» рөліндегі көшбасшы-қала ретінде позицияланатын болады. Қала экономикасының инновациялық бағыттағы бәсекеге қабілетті секторларын қалыптастыру негізінде дамудың тұрақты және ұзақ мерзімді көздерін қамтамасыз ету елорда үшін басты міндет болуы тиіс.
«Назарбаев Университетінің» қызметі, «Астана индустриялық паркі» АЭА тиімді жұмыс істеуі, сондай-ақ ІТ-технологиялар әзірлеу, энергетика және ғарыш саласындағы зерттеулер саласындағы қызмет инновациялық саясатты іске асырудың маңызды құралы болуы тиіс.
Қала экономикасын дамытудың перспективалы инновациялық бағыты «KazSat» байланыс және хабар тарату жерсеріктік жүйесін құру, ғарыштық аппараттардың жинақтау-сынау кешенін және Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін құру болып табылады.
Қалада биотехнологиялар кластерін дамыту. Биотехнологиялар саласында бар әлеуеттің негізінде іргелі және қолданбалы зерттеулер, оның ішінде ресурстарды үнемдейтін, экологиялық таза және қалдықсыз технологияларды құру үшін жүргізу қажет.
Қала бірегей және жоғары сапалы медициналық көрсетілетін қызметтерді тек қала және республика халқы үшін ғана емес, сондай-ақ шет елдердің тұрғындары үшін де ұсынушы ретінде позицияланатын болады. Осыған байланысты «Болашақ госпиталі» жобасының шеңберінде ұлттық ықпалдастырылған академиялық денсаулық сақтау жүйесі одан әрі дамытылатын болады.
«Астана – жаңа қала» АЭА аумағында қаланың перспективалы кластерлерін: құрылыс материалдарын, тамақ өнеркәсібін, медициналық және ғылыми технологияларды дамыту бойынша жобалар іске асырылады. АЭА одан әрі дамытуды өнеркәсіптік өндірісті әртараптандырудың және заманауи индустриялық өндірістерді құрудың негізгі құралы ретінде пайдалану қажет.
Сауда саясаты. Сыртқы сауданы дамытудың негізгі бағыттары «Астана – жаңа қала» және «Астана индустриялық паркі» АЭА аумақтарында қосылған құны жоғары өнімдерді шығару бойынша экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді құру болады. Қазақстанда өндірілетін тамақ өнімдерін және басқа тауарларды жеткізуде басқа өңірлермен өңіраралық кооперацияларды дамыту үшін меморандумдар мен келісімдер жасасу бойынша шаралар қабылдануға тиіс.
Туризмді дамыту. Қаланың туристік әлеуетін дамытуға бірегей объектілердің құрылысы, дамыған қалалық инфрақұрылым және қонақжай қала ретіндегі жас елорданың имиджі жәрдемдеседі.
Әлеуметтік және инженерлік-көліктік инфрақұрылымды, экологиялық жағдайды дамыту перспективалары
Елорда халқы санының күрт өсуіне байланысты мектепке дейінгі мекемелердің, әсіресе, қымбат емес мемлекеттік балабақшалардың айтарлықтай тапшылығы орын алды. Осыған байланысты балабақшаларды салуды одан әрі жалғастыру қажет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын педагог қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін жоғарылату есебінен арттыру қажет. Орта білім беру саласында қосымша білім беру ұйымдарының желісін, жалпы білім беру мектептерінде спорт секцияларын кеңейту, бейінді мектептер салу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет.
Астананың көліктік инфрақұрылымында жаңа жолдар, көпірлер мен жол өтпелерін, көлік айрықтарын салу, қолданыстағы жолдарды реконструкциялау, паркингтер салу қажет.
Тұрғын үй-коммуналдық салада қаланы сумен жабдықтау, газбен жабдықтау және кәріз жүйелерінің жұмыс істеуінің сенімділігін арттыру үшін тозған су құбырларын және кәріздік желілерді ауыстыру және реконструкциялау қажет.
Астананы дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру және бәсекелік артықшылықтарды арттыру жөніндегі шаралар экономика салаларындағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай жан басына шаққанда 15,2 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Астана қаласы ЖӨӨ НКИ 2020 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 33,5%-ға ұлғаяды. Бұған көрсетілетін қызметтер НКИ 36,8%-ға және тауар өндірісі НКИ 10,6%-ға өсуі есебінен қол жеткізіледі.
Тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау
Тауарлар өндірісін (1,9 есе) және көрсетілетін қызметтерді (2 есе) дамыту еңбек нарығының конъюнктурасына оң ықпал етеді. Астана қаласындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы
431 мың адамнан 2020 жылға қарай 472,5 мың адамға ұлғаяды және
109,6%-ға өседі.
Астана қаласында бәсекелік артықшылықтарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралардың шеңберінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2020 жылға қарай 7,8 млн. теңгеге дейін ұлғаяды.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай 2,1 есе артады (2014 жылы – 200,3%).
Экологиялық даму перспективалары
Астана қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін перспективада бірқатар өнеркәсіптік аймақтардың аумақтарын қайта ұйымдастыру, экологиялық зиянды өндіріс обьектілерін рекреациялық және табиғатты қорғауға арналған аумақтардан шығару қажет. Босатылатын еркін аумақтарда экологиялық қауіпсіз ғылыми-өндірістік, іскерлік, сауда объектілерін орналастыру, аумақтарды қайта өңдеу, абаттандыру және көгалдандыру көзделеді.
Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарында барынша экологиялық таза технологияларды пайдалану, қалдықсыз және қалдығы аз технологияларды енгізу қажет.
Перспективада қалаға түсетін экологиялық жүктемені азайту үшін қалалық жылу-электр орталықтарын табиғи газға ауыстыру қажет.
Қаланы көгалдандыру мен оның айналасында жасыл белдеу жасау бойынша іс-шаралар жүргізу маңызды міндет болып табылады. Қалада өмір сүру үшін барынша қолайлы орта қалыптастыру қажет.
Алматы қаласы
Дамудың стратегиялық бағыттары
Алматыда халықтың жоғары табиғи өсіміне және елдің басқа өңірлерінен көшіп келуінің жоғарылығына негізделген елдің экономикалық және зияткерлік әлеуетінің айтарлықтай бөлігі шоғырланған.
Урбандалу процестерінің қарқынды дамуы орталығы Алматы қаласы болатын ірі Алматы агломерациясының қалыптасуына алып келеді.
Көрсетілетін қызметтер саласын (қаржы, іскерлік, туристік, сауда және т.б. көрсетілетін қызметтер) одан әрі дамыту Алматы агломерациясының негізгі стратегиялық бағыты болады.
Алматы технопарктер желілері мен жоғары ғылыми әлеуеті негізінде еліміздегі инновациялар мен жоғары технологияларды дамыту бойынша негізгі орталықтардың біріне айналады.
Халықты қоныстандырудың негізгі бағыттары
Алматы хаб-қаласын дамыту Алматы облысының үшінші деңгейдегі қалалары: Есік, Қапшағай, Қаскелең, Талғар қалаларын; Байсерке, Боралдай, Жетіген, Қараой, Өтеген батыр, Ұзынағаш, Шамалған кенттерін; Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарын тарта отырып, желілік өсу аймағы ретінде Алматы агломерациясын қалыптастыруға байланысты болады. Екінші деңгейдегі қалалар өңірлік даму орталықтары бола отырып, бұдан әрі өзінің ғана емес, сонымен қатар шекаралас өңірлердің экономикалық белсенділігін шоғырландыру мүмкіндігіне ие. Алматы хабының әсер ету аймағындағы екінші деңгейдегі қалалардың даму серпіні Алматы агломерациясының даму қарқынымен және олардың транзиттік әлеуетімен айқындалатын болады.
Алматы агломерациясы Алматы қаласының университеттері базасында сауда-логистикалық, инновациялық кластер, бүкіл Орталық Азия өңірінің туризм орталығы («Шымбұлақ», «Медеу», «Табаған», «Көкжайлау», этнотуризм) ретінде дамытылады.
Өңірдің бәсекелік артықшылықтарын пайдалану перспективалары
Алматы қаласының перспективалық әлеуеті болашақта оны тұрақты инновациялық даму, озық технологиялар, бизнес жүргізу, адамдардың тұруы және демалуы үшін қолайлы әлеуметтік және экологиялық ортасы бар инфрақұрылымы дамыған қала ретінде позициялауға мүмкіндік береді. Индустрияландырудан кейінгі мегаполис – ең ірі және серпінді дамушы агломерация орталығы ретінде қаланың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету қала перспективасының басты міндетіне айналуға тиіс.
Қолда бар өндірістік әлеуетті ұстап тұру. Ең алдымен өсу қарқынының оң серпініне ие дәстүрлі салалар мен өндірістерді сақтау қажет: тамақ өнімдерін өндіру, баспа және полиграфиялық қызмет, жиһаз жасау, фармацевтикалық өнімдер жасау және халық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін басқа да қызмет түрлері.
Қала қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа өндірістер құру. Жаңа өндірістерді дамыту, ең алдымен, тамақ өнеркәсібінде, машина жасау кешенінде, құрылыс материалдары өндірісінде және фармацевтикалық өнеркәсіпте жүзеге асырылады.
Машина жасау кешенінде инновациялық өнімдерді шығару бойынша: аспап жасау, электр-техникалық жабдық және бұйымдар (өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсаттағы), бөлшектер мен тетіктерді жасау, электроника бойынша бірнеше кәсіпорын салу перспективалы болады.
Цемент терминалын және индустриялық құрылыс комбинатын салу есебінен құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту қажет.
Сондай-ақ, қосымша өндірістерді құру және қолда бар қатты дәрілік құралдар шығаратын өндірісті жаңғырту, сондай-ақ гемодиализге арналған концентрацияланған ерітінділер өндірісін құру арқылы фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту қажет.
Қаланы ғылыми-инновациялық орталық ретінде дамыту. Ядролық ғылым, биомедициналық ғылым және технологиялар; табиғи ресурстарды зерделеу саласындағы зерттеулер, ауыл шаруашылығы ғылымы және технологиялары; қоршаған ортаны қорғау және басқалары сияқты салалар қаладағы ғылымды дамытудың негізгі басым бағыттары болып табылады.
Қаланы туристік және спорттық орталық ретінде дамыту. Алматы қаласының географиялық орналасуының бірегейлігіне орай оның спорттық және сауықтыру туризмін дамытуға ықпал ететін күшті туристік-рекреациялық әлеуеті бар.
Туризмді дамыту үшін қала маңындағы Іле Алатауының солтүстік бөктерін игеру, аспалы жолдар жүйесін және таудағы қонақ үйлер желісін, тау шаңғылық және туристік базаларды дамыту, халықаралық стандарттарға сай келетін қонақүйлер салу қажет.
Әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту перспективалары
Балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы проблемасын шешу үшін жұмыс істеп тұрған балабақшалар негізінде олардың алаңдарын кеңейту, коммуналдық меншіктегі және мақсаты бойынша пайдаланылмайтын бұрынғы балабақшалардың ғимараттарын қалпына келтіру қажет.
Қаланың орта білім беру саласындағы негізгі бағыттарына білім беру объектілерін салу және реконструкциялау есебінен білім беру ұйымдары желісін кеңейту, балалардың дамуындағы бұзылушылықтарды ерте анықтау, диагностикалау үшін психологиялық медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту жатады.
Жұмыспен қамту саласында мына бағыттар бойынша саясатты жүзеге асыру қажет:
1) еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру;
2) индустриялық-инновациялық даму жобаларын іске асыру үшін мамандар даярлау;
3) шағын және орта бизнесті қолдау;
4) шетелдік жұмыс күшін қазақстандық кадрлармен алмастыру.
Көлік инфрақұрылымын перспективалық дамытуды жүрдек қала жолдары мен қалалық маңызы бар магистральдардың бірыңғай жүйесін құруға негізделген Алматы қаласының көше-жол желісін дамыту, қаланың жекелеген аудандары арасында жүрдек транзиттік қатынасты, қаланың шеткері аймақтарынан оның орталық аудандарына жетуді қамтамасыз ететін көлік дәліздерін дамыту есебінен қамтамасыз ету қажет. Магистральдық көшелер мен жолдардың қиылысында әртүрлі деңгейлерде көлік айрықтары мен көпірлер салуды жалғастыру қажет. Қоғамдық көлікті басымдықпен дамыту көлік инфрақұрылымының маңызды бағыттарының біріне айналуға тиіс.
Тұрғын-үй коммуналдық салада энергия үнемдеу іс-шараларын енгізу қажет, оларға сәйкес жылу және электр желілерін, сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау және техникалық қайта жарақтандыру, сондай-ақ салу жүзеге асырылады.
Алматы қаласын дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асыру және бәсекелік артықшылықтарды арттыру бойынша шаралар экономика салаларындағы еңбек өнімділігін 2020 жылға қарай жан басына шаққанда 17,1 млн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласы бойынша ЖӨӨ НКИ 2020 жылы 2013 жылға қарағанда
42,3%-ды құрайды. Бұл көрсетілетін қызметтер НКИ 45%-ға және тауарлар өндірісі НКИ 9,8%-ға өсуіне байланысты болады.
Экологиялық даму перспективалары
Қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін Алматы қаласы аумағындағы стационарлық және жылжымалы көздерден атмосфераға негізгі ластағыш заттардың жалпы шығарындылары көлемін азайту, Алматы қаласының табиғи газға қажеттігін толықтай қамтамасыз ету қажет. Алматының автокөлік паркі Евро-5, сондай-ақ АТС техникалық тексеріп-қарау сапасын бақылаудың нормаларына сай болуы тиіс.
Сондай-ақ, экологиялық зиянды кәсіпорындардың бірқатарын ішінара қаланың шегінен тыс шығару және қаланы толықтай көгалдандыру бойынша іс-шараларды жүргізу қажет.
Тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша жағдайлар жасау
2014 жылмен салыстырғанда 2020 жылы жұмыспен қамтылу деңгейі тауар өндірісін (1,8 есе) және көрсетілетін қызметтерді дамыту
(2,1 есе) есебінен 7%-ға артады. Алматы қаласындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды саны 2014 жылғы 764 мың адамнан 2020 жылға қарай 817,8 мың адамға дейін ұлғаяды.
Алматы қаласында бәсекелік артықшылықтарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралардың шеңберінде жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2020 жылға қарай 8,0 млн. теңгеге дейін өсетін болады.
Болжамды есептеулер бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің орташа республикалық деңгейге қатынасы 2020 жылға қарай 2,2 есе артады (2013 жылы – 2,1 есе).
Достарыңызбен бөлісу: |