Тақырыптың өзектілігі. Отан тарихында еш уақытта өзектілігін жоймайтын тақырыптардың бірі – Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының көрген қиындығын адам айтып тауыспас жағдайларды бастан кешірген еді. Соның бірі, қазақ халқын күштеп ұжымдастыру мәселесі туралы айта кету жөн. ХІХ ғ. қазақтың қаралы ғасыры, қорлықты, тепкі-теперішті, езгіні аса көп көрген ғасыры. Сонымен бірге ерлік рухының да алаулаған ғасыры! Сол ерлік рухтың отын сөндірмей сақтап қала алған ғасыры. Ең сойқан сұмдықтар ХХ ғ. келді. Он алтыншы жылдың ойраны, ақ пен қызылдың кезекпе-кезек көкпарға салып, додалаған аласапыраны. Қазақты қырғындата берудің басқа әдіс-амал, айла-тәсілдері таусылған соң (себебі: социалистік елде – Кеңес мемлекетінде халықты мылтықпен атып, қылышпен кескілеп турау адамгершілік мұраттармен әсте сыйыспайды ғой), бас қолбасшылығына жендет Голощекин тағайындалып, жалпақ сахараға ашаршылық атты ата жауының өзі жіберілді. Жер бетінен тұтас бір ұлтты жойып жіберуді көздеген теңдессіз геноцид, зұлымдық қылмыс еді бұл.
Қазақ халқының тең жартысын ақ сүйек етіп жалмаған, ең бері салғандағы талдама-пайымдауларға қарағанда 3 млн. Адамды қырғынға, жүздеген мың адамды босқыншылыққа ұшыраған кесапатты нәубеттің ең шарықтаған шағы 32-ші жыл болды. Адамзат жаралғаннан бергі заманалар ішінде ең ұлы ғасыр деп бағаланып жүрген жиырмасыншы ғасырда қазақ халқы өзін осырап кеткен, ұлттық санасын есеңгіретіп тастаған осындай ғаламат шығындарға ұшырамағанда, деп пайымдайды демографтар, ғылыми орташа варианттар бойынша есептегеннің өзінде қазіргі саны 20 миллионнан еркін асқан болар еді.
Осындай нәубеттерге ұшырай-ұшырай, қазақ халқының саны бұған дейінгі ең қарыштап өсті деген жоғарғы нүктесінде – 1915 ж. 5 млн. болса, Отан соғысы аяқталғанда – демографиялық ең төменгі нүктесінде 2 млн. 650 мыңға құлдыраған. Ал мұндай кесапаттарда халықтың халықтық қасиеті шайқалмай ма? Ал, жалпы алғанда осы соңғы ұлы ашаршылықтың апаты 1931 ж. басталып, 1933 жылдың алғашқы жартысын молынан қамтыды [1],[2],[3]. Ең күйіндіретіні, ең назаландыратыны ұзын ырғасы үш жылға созылған жантүршігерлік сұмдық – ашаршылықпен қазақ халқы жалғыз шайқасты. Сол ашаршылықтың болып, өткеніне де биыл аттай 83 жыл толмақ, қашан да тарихқа, тарихи оқиғаларға уақыт сыншы болмақ. Кезінде осы күштеп коллективтендіру мен оның зардаптарынан туған ашаршылық туралы қисынды-қисынсыз теориялар мен ғылыми түйінділер айтылып, жасалып, баспасөз беттерінен орын алғаны да аян. Мысалы: Мұстафа Шоқайұлы және т.б. қатты күйініп зарарлы сынға алған сол қисынның бірі «-...қазақ сияқты жабайы, надан халықтың социализм қарқынына ілесе алмайды-мыс. Демек, ашыққан халыққа көмек беру, азық – түлік босату мүлде қажетсіз. Ондай бос шығындарға тектен-текке барғанша, қаржыны елді индустрияландыру қажеттеріне жұмсаған абзал. Міне, осындай қара ниет қағидалар, зұлым ойлы сандырақ теориялар белгілі дәрежедегі қазақ халқы
тарапындағы мемлекеттік үлкен, құйтұрқы саясаттың негізіне алынғаны даусыз» [4],[5] - дейді. Осының бәрін ескеріп біздер бұл зерттеу жұмыс, бүгінгі күнде өте өзекті тақырыптардың бірі деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |