8.4 Қасым Аманжолов (1911 -1955 жж.)
Аманжолов Қасым Рақымжанұлы (1911, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 17.01.1955, Алматы) кедей шаруа отбасында туған. Ата-анасынан жастай жетім қалады, кейін интернатта оқып, бастауыш кластық білім алады. Мал дәрігерлік техникумда оқиды (1927-30). Оны бітірген соң Орал қаласындағы пединститутта оқып жүріп, Ленинград орман шаруашылығы институтына ауысады.
Осы жылдарда өлең жазуға талаптанған жас ақын 1932 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрады.
Алғашқы өлеңі 1931 жылы Орал облысы «Екпінді құрылыс» газетінде басылады. Алғашқы өлеңдер жинағы («Өмір сыры») 1939 жылы жарық көрді. Қ. Аманжолов алғашқы кезде фольклорлық үлгілерге бой ұрған еді. Қазақтың бай ауыз әдебиетін, Абай поэзиясының құдіретін жете түсінумен бірге, орыстың және шығыстың классик ақындарының шығармаларын ана тіліне аударып, өз творчествосынан нәр алды.
«Ақын», «Қазақстан», «Сауыншы жеңгей» деген өлеңдерінде еңбек адамдарын биікке көтере жырлайды. «Дариға, сол қыз» өлеңдерінен соғыстың сұрапыл көріністері елестейді. Майданнан еліне оралған ақын сүйген қызы Дариғаны іздейді. Тамаша өлеңге арқау болған – оның осы махаббат сезімі.
Қасым Аманжолов жаратылысты, табиғат көрінісін көлденең көзбен көруші болып жырламайды. «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Байкал», «Орал», «Сарыарқа» сияқты өлеңдерінде табиғаттың сұлу бейнесін үлкен суреткерлікпен, терең сезімталдықпен көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – Аманжолов творчествосының биік шыңы, қазақ поэзиясындағы осы кезеңдегі елеулі құбылыстың бірі.
Лирикақын эпикалық шығармаларға да қалам тартты. «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында», «Құпия қыз», «Бикеш» поэмаларының ақын творчествосында елеулі орны бар.
Аманжолов ақындығының үстіне композитор да. Оның «Дариға, сол қыз», «Туған ел» сияқты өлеңдерінің сөзі де, музыкасы да өзінікі.
Аманжолов – білікті аудармашы ақын. Ол аударған Пушкин, Руставели, Маяковский, Тарас Шевченко өлеңдері, Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасындағы хаттары, Пушкиннің «Полтава», Лермонтовтың «Маскарад», Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмалары – қазақ әдебиетінің аударма өнері саласындағы елеулі табыстары.
Аманжолов шығармалары қазақ, орыс және басқа да туысқан халықтар тілдеріне аударылды. Оның творчествосы әдебиет тарихынан берік орын алды. Ол туралы замандастары естеліктер жазды, ақындар оған өлеңдерін арнады. Қазақ әдебиеті тарихына, мектеп бағдарламаларына Аманжолов творчествосы арнайы тарау болып енді.
Сөздік
жетім қалу – остаться сиротой
ауысу – поменять
талаптанған – стремившийся
қызметке тұру – устроиться на работу
нәр алу – получить наслаждение
биікке көтеру – поднять на высоту
жырлау – воспевать
сұрапыл көріністер – жестокий, свирепый
елестеу – вспоминать
арқау болу – быть поддержкой
махаббат сезімі – чувство любви
жаратылыс – природа
көлденең көзбен көру – зд: видеть вдоль и поперек
Ұлы Отан соғысы – Великая отечественная война
елеулі құбылыстың бірі – одно из заметных явлений
қалам тарту – писать
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: оралу, жаратылыс,табыс, аудармашы, арқау болу, елеулі.
3. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -ғы, -гі, -қы, -кі; -шы, -ші; -ым, -ім, -ыс, -іс, -ыш, -у.
4. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: сезімталдық, табыс, қызмет, білім, әдебиет,жинақ, бейне, ақындық.
5. Келесі сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер:
сезімталдық,суреткерлік, шығарма, естелік.
6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
7. Мәтіннен тәуелдік ......
8. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
9. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
8.5 Естай Беркімбайұлы (1874-1946)
Естай Беркімбайұлы – ақын, композитор, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1868 ж. қазіргі Павлодар облысы Екібастұз ауданына қарасты Ақкөл ауылында өмірге келген.
Естай әндік-ақындық ортада өскен, анасы Күлипа мен ағасы Байтолым белгілі әншілер болған. Естай олардан жыр, дастандар мен толғауларды орындау мәнерін үйренген. 16 жасында халық әндерін талантты орындаушы, халықтық музыка дәстүрін жалғастырушы тұлға.
Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Хорлан», «Сандуғаш», «Гүлнәр» әндері көркемділігімен, саздылығымен дараланатын қазақ музыкасының інжу- маржаны. Классикалық «Хорлан» әні Естайдың есімін аңызға айналдырды. Бұл әннің әуені М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Е.Г. Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операларында, С. Шабельский мен Л. Шаргородскийдің қобызға арналған концерттерінде қолданады. М. Әлімбаевтың «Естай – Хорлан» атты поэмасы Естайға арналған. «Аңыздар» тарауында Естайдың Хорлан атты қызға ғашық болған махаббат тарихы баяндалады.
1939 ж. қыркүйегінде «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген құрметті атақ берілді. 1940 ж. Қазақстан Композиторлар одағына мүше болып қабылданды.
Шығармалары: «Майда қоңыр», «Жүректе», «Мәлике», «Өмір», «Қоңыр жел», «Дүние», «Шоққара ағаш», «Хұсни-Хорлан».
Сөздік
ортада өсу – расти в среде
орындау мәнері – манера исполнения
музыка дәстүрін жалғастырушы тұлға – продолжатель музык. традиций
дараланатын – отличающийся
саздылық – напевность
інжу- маржан – драгоценность
аңызға айналдыру – стать легендой
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен ауыспалы осы шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.
4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
5. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
6. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
7. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
8. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: өмірге келу, есім, талантты, қолдану, ана, белгілі, қолдану.
8.6 Сәбит Дөнентаев (1894 -1933 жж.)
1894 жылы Семей облысының Павлодар уезiнiң Ақсу болысында туған. Қасымқажы Ертісбаевтың медресесін бітірген соң өлең жазу бастады. 1916 жылы маусымның 25-ндегі патша жарлығымен жасы 19 бен 43 арасындағы қазақ және басқа орыс емес «бұратана» атайтын халықтарының жігіттері майданға алынды. Солардың арасында Сәбит те болған.
1917 жылының Ақпан төңкерісінен кейін туған жеріне қайтты. Ақпан төңкерісін қолдап басқа Алаш азаматтарымен ұлт азаттық қозғалысына қосылып, қазақ халқына автономия беруіне, халқының өмір деңгейі көтеруіне, өзгеріс пен дамуына шақырады.
Семейде мұғалімдер семинариясында оқиды. Мұнда Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтер оқыған, кейін семинарияны Шәкен Айманов та оқып бітіреді. Сол кезде Семей қазақтың ұлттық қозғалысының мәдени, саяси, рухани орталығына айналысады. Кеңес үкіметі орнаған соң, Сәбит Дөнентаев жаңа үкіметін қолдайды, ол қазақ халқына басқа халықтарымен тең құқықтарын береді, қарапайым шаруасының өмірін өзгертеді, жесір-жетімдерінің қамын ойлайды деп сенеді.
Мектептерде мұғалім болып жұмыс істейді, үгіт-насихат жасайды, сауатсыздардың көзін ашады. Баянауылда сотта жұмыс істеген, кейін орнына Қаныш Сәтбаев келді.
1913 жылы «Айқап» журналында Сәбит Дөнентаевтың «Қиялдарым» өлеңi шығады. 1923 жылынан бастап, Семейдің «Қазақ тілі» үнжариясында жұмыс істейді. Қазақ әліпбиін латын әрпінен құрастырған дұрыс деп ойлаған.
1915 жылы Yфi (Уфа) қаласында С. Дөнентаевтың «Уақ-түйек» деген өлеңдер жинағы шығады. Ақын өз халқының қамын ойлап, оның өмірі, тағдыры, халі, тұрмысы туралы өлеңдер жазған, сатира ақыны болып, елін зорлайтын байлар мен патша өкіметіне күледі, әділет туралы ойлайды. Ақынның «Бозторғай», «Көк төбетке», «У жеген қасқырға», «Екі теке» мысалдары бар. «Биік тау», «Заман кімдікі» әділет туралы ойлайтын-толғайтын азаматының мұңдары. «Қазақтан шыққан білгендер» — жастарға үгіт-насихат. «Көркемтай» повесінде жетімнің тағдыры туралы.
Ақын-демократ, қаламгер, мұғалім-ағартушы, қоғам қайраткері Сәбит Дөнентаев 1933 ж. мамырдың 23-нде қайтыс болған.
Сөздік
бұратана – инородный
қолдау – поддержать
қосылу – присоединиться
тең құқықтар – равные права
қарапайым шаруа – зд: простой крестьянин
өзгеру – изменяться
жесір-жетімдер – вдовы-сироты
қамын ойлау – заботиться, думать о ...
үгіт-насихат – агитация и пропаганда
сауатсыздар – неграмотные
көзін ашу – зд: обучить грамоте
үнжария – газета
құрастыру – составлять
тағдыр – судьба
елін зорлайтын – зд: притеснять народ
күлу – смеяться
азаматының мұңдары – скорбь гражданина
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен cоң, кейін септеуліктерді тауып, оның тіркескен толық мағыналы сөзін көрсетіңіз.
4. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
5. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
6. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазыңыздар: түбір, тәуелдік жалғау, септік жалғау.
7. Мәтін бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
8. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
9. Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.
10. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: өмір, істеу, мұғалім, қайтыс болу, бітіру, туу, майдан.
8.7 Ілияс Есенберлин (1915-1983 жж.)
Ілияс Есенберлин (10.01.1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасарда туған) – қазақ жазушысы. 1940 жылы Қазақ мемлекеттік тау-кен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысты.
1942-1947 жылдары Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы. 1947-67 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, «Қазақфильм» киностудиясында сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967-1971 ж. «Жазушы» баспасының директоры, 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының екінші секретары.
І.Есенберлиннің алғашқы шығармалары 1940 жылы басылды. Ол көркем әдебиеттің көп жанрында (поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия) жазды. Әдеби творчествосын поэзиядан бастады. 1945 жылы «Айша», «Сұлтан» поэмаларын жазды. «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын шығарды. «Біржан сал трагедиясы» дастанын, «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл» повестері, «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», тың туралы «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романдары қазақ әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды.
Кеңес өкіметі жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын «Айқас» романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал тарихи тақырыпқа жазылған «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» трилогиясы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді суреттеген шығарма ретінде танылды.
І.Есенберлиннің орыс тілінде шыққан «Песня о человеке» романы 1958 ж. қытай тіліне аударылады. «Таудағы тартыс» пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М. Ерзинкянмен бірігіп жазған «Құйма» киносценариі бойынша жасалған фильм бүкіл кеңес және венгр, поляк, болгар экрандарына шықты.
І. Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Мысалы, «Айқас» («Схватка»); «Қатерлі өткел» («Опасная переправа»); «Ғашықтар» («Влюбленные»); «Алмас қылыш» («Заговоренный меч»); «Жанталас» («Отчаяние»), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» («Прикрой своим щитом») деген атпен басылып шықты. «Ғашықтар» романы өзбек тілінде басылды.
І. Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К.Д. Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін», М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
Сөздік
тау-кен – горно-рудный
нұсқаушы – инструктор
редколлегиясының мүшесі – член редколлегии
елеулі үлес – достойный вклад
кеңес өкіметі – советская власть
қажырлы – упорный, энергичный
ескілік – зд: прошлое
адам санасы – сознание человека
қалдық – остаток
ауыр кезеңдері – тяжелые времена
шығарма ретінде – как произведение
танылу – становиться известным
аударылу – переводиться
жасөспірімдер – подростки
қойылу – быть поставленным
Тапсырмалар
1. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: тақырып, сана, қалыптасу, елеулі, қатысу, бітіру.
3. Мәтіннен өткен шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.
4. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: жасөспірім,күрес, мәтін,өнеркәсіп, баспа, өкімет, жинақ, үлес.
5. Келесі сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: жазушы, қалыптасқан, мемлекеттік, шығарма,суреттеген, өнеркәсіп, ескілік, қалдық, баяндайтын.
6. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
7. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
8. Есімдіктерді жазып алып, олардың мағынасына қарай түрлерін белгілеңіздер.
9. Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.
8.8 Ілияс Жансүгіров(1894-1938 жж.)
Ілияс Жансүгіров – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Алматы облысының Ақсу ауданы.
Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болады. Онан соң аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Саяси репрессияның құрбаны болды.
Ілияс Жансүгіров – поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады.
Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы – оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтататын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасын айғақтап отырады.
Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – «Жолдастар» романы. Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар.
Ілияс Жансүгіров – қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары – қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқай шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.
Сөздік
қалыптастырушы – основатель
жәдитше сауат ашу – обучиться грамоте
тағайындау – назначать (на должность)
саяси репрессияның құрбаны – жертва политической репрессии
өнімді еңбектену – продуктивно трудиться
маржан шоғырын дүниеге келтіру – создавший жемчужину
құнарлы да тегеурінді қаламгер – содержательный и сильный писатель
арқау болған тақырып – тема, ставшая основой его произведений
өріс – размах
нақтылы өмір көріністері – панорама настоящей жизни
қаламынан туған – из-под его пера вышли
он беске жуық көлемді – около пятнадцати
анағұрлым байыту – обогащать
асқақтау – тянуться ввысь, возвышаться
рухты – одухотворенный, вдохновенный
ден қою – обращать внимание
эпикалық серпін – эпическое вдохновение
лирикалық сезім – лирическое чувство
дара қолтаңбасы – зд: индивидуальный почерк
айғақтау – доказать
көлем – объем, величина
туындылар – произведения
сөз өнері – искусство слова
кемелдендіру – окрылен
көрікті – изящный, красивый
ұдайы – беспрерывно, подряд
шырқай шыңы – вершина
үлгі-өнеге – пример
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -ма, -ме; -ын, -ін, -н; -қы, -кі; -шы, -ші; -ла, -ле, -да, -де, -та, -те.
3. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
4. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
5. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
7. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді (сөйлемдерді) қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
8. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.
9. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: тағайындалу, еңбектену, қызмет, айқын, қаламгер, туынды, ғұмыр, мұғалімді, қалыптастырушы.
8.9 Мағжан Жұмабаев (1893-1938 жж.)
Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев (1893 ж. маусымның 25-і, Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы «Молодежный» кеңшарының аумағы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 1938 ж. наурыздың 19-ы, Алматы қаласы) — Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі.
Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 ж. медреседе оқыды. Медреседе Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Мағжанның дарыны ерте ашылды. Өлеңді он төрт жасынан бастап жазған. Баспадан 1909 ж. шыққан Абай өлеңдерін оқып, «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды. 1910-1913 ж. Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. 1913-1916 ж. Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
Мағжан Жұмабаев 1923 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтына қабылданып, бітірді.
Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.
«Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз мінезді еді», – деп жазады Бейсембай Кенжебаев.
Б. Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мейлі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деген.
Сәбит Мұқанов Мағжан туралы былай деген: «Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді… Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетікті».
Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетте жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». Бұл Мағжан өмірден озбай тұрып, 1932 жылы айтылған сөз.
Мағжан – жеке басқа табынудың жазықсыз құрбаны болған ақын. Алпыс жылдан астам Мағжан шығармалары оқуға ресми түрде тыйым салынып, оның еңбектері жұрт қолынан жинап алынды және өртелді. Қазір ол толығымен ақталып, артында қалған мол мұрасы туған халқымыздың рухани қазынасына қайта қосылып отыр. Мағжанның өзі де, жыры да мәңгілік, елімен, халқымен бірге жасай береді.
Сөздік
кеншар – поселок
көркем әдебиет институты – институт художественной литературы
қабылдану – быть принятым
қайталанбас құбылыс – неповторимое явление
жігер – воля, упорство, настойчивость
от – огонь
рухты үні – голос души
ізденіс – поиск
жаңашылдық – новаторство
биік деңгей – высокий уровень
орта бойлы – среднего роста
толық денелі – полноватый
аққұба бидай өңді – светлолицый
бет пішіні – черты лица
жарасты – степенно
сәл маңғаз – немного важный, величавый
осының бәрінің үстіне – ко всему этому
мінез – характер
Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университеті–коммунистический университет трудящихся Востока
мейлі – пусть
жатқа айту – говорить наизусть
тәрізді – наподобие, будто
қалтқысыз жан – честная душа
алғыр – хваткий, сильный
ойшыл – мыслитель
ерекше жетікті – особый знаток
тіл өнегесі – образец языка
өмірден озбай тұрып – зд: при жизни
жеке басқа табыну – культ личности
ресми түрде – официально
тыйым салыну – наложить запрет
жасай беру – жить
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен өткен шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.
4. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
5. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
6. Мәтіннен -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы бар сөздерді алфавит ретімен теріп жазыңыздар.
7. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
8. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
9. Мәтін бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
Достарыңызбен бөлісу: |