Жұмыстың екінші тарауы «Тіл дыбыстарының экспрессивтік стилистикалық сипаты» деп аталып, фоностилистикалық мәселелер, дыбыстық қайталаулар және олардың түрлері мен сипаты, фоносимволизм мәселелері, оның тілдегі көрінісі, дыбыстың экспрессивтік стилистикалық қызметі талданып, жинақталды.
2.1 «Фоностилистикадағы дыбыстық қайталау және фоносимволизм».
Бұл тақырып тіл білімінде тек соңғы уақытта терең зерттеле бастады. Фонетикалық бірліктер бір уақытта бірнеше жүйенің басын біріктіріп тұратын табиғаты күрделі таңба болып табылады. Дыбыстық таңба (дыбыс, фонема) – әрі ментальды, әрі психикалық, физиологиялық, физикалық, лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық, мәтіндік, эстетикалық және мәдени мәнге ие құбылыс. А.С.Селях тіл дыбыстарының экспрессивтік қызметін оның фоносемантикалық табиғатымен байланыста қарастыра келіп, адамның санасында «жалпыланған дыбыс типін» – ономофонеманың тілдік жүйедегі номинативтік қызметіне және оның сөйлеуде синтагмофонемаға, морфонемаға трансформациялану ерекшелігіне талдау жасайды [22, 215 б.].
Академик Ә.Т.Қайдаров, Е.Қажыбеков, А.Айғабылұлының зерттеулерінде қазақ тіліндегі моносилабтық дыбыстың құрылымы дыбыстардың фонологиясы, дыбыс сәйкестігі, дыбыстардың алмасуы және т.б. фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар жан-жақты сөз болды.
Дыбыстық символизм – дыбыстың сөз мағынасымен метонимиялық ассоцияциялануына негізделген символизацияның бір түрі. Дыбыстық ассоциацияның жасалуына сөздің мына бөліктері қатысады: 1) ұқсас дыбыстар; 2) екпін түскен буынның алдында тұратын дауыссыздар; 3) екпін түсетін дауыстылар; 4) қайталанатын дыбыстар. Дыбыстық ассоциациялану шартты түрде жүзеге асады, сол себепті оны анықтау да күрделі.
2.2 «Аллитерация және ассонанс» дыбыстық қайталауға негізделеді. Аллитерация – сөз ішінде қатар немесе алшақ тұрған бірдей немесе ұқсас дауыссыз дыбыстардың қайталанып келуі. Стилистикалық мәнерлілікті күшейтудің ерекше амалы ретінде клишеге түсірілген синтаксистік құрылымдарда, мақал-мәтелдерде, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста кең қолданылады. Аллитерация ауызекі шығармалардан, поэтикалық шығармалардан басқа прозалық мәтіндердің де дыбыстық ұйымдасу ырғағына, мәтінге тән авторлық көңіл-күйді жеткізуге әсер етеді. Қатар емес, арасына дыбыс тастап жасалатын өтпелі (сквозной) аллитерацияға пароэмион жатады. Мысалы: Төбелер түгел өртеніп бара жатқандай,Осынау өрттен өзі бір рахат тапқандай. Бүрісіп қыста, бүк түсіп жатушы еді олар, Батырдай бейне басына жүрген бақ қонбай (Т.Молдағалиев).
Аллитерация құбылысы сияқты ассонанс та кең мағынада түсініледі, ол дауысты дыбыстардың сөз ішінде үндесіп, үйлесіп келіп, фоностилистикалық құрал болу қызметін белгілейді. Дауысты дыбыстардың үндестігі қазақ тілінде сингармонизм заңдылығымен байланысты қарастырылады да, көп жағдайда оның эстетикалықтан гөрі тілдік қасиет-сапасына көңіл бөлініп жатады. Бірақ ассонанстық қайталамалар сөйлеуге әуенділік, өлшемдердің сәйкестілігін, мәтінді нақты бір эмоциональдық күйде қабылдауға мүмкіндік береді. Ассонанс аллитерациямен бірге қолданылып, дыбыстық мәнерлілікті күшейтіп тұрады және осының салдарынан белгілі бір буындар қайталанып келіп, мәтіннің стилистикалық ұйымдасуына әсерін тигізіп тұрады: Шым ете түсті өн бойым, Көзқарасыңды байқап қап. Бөлініп кетті демде ойым, Жас көңіл қалай жай таппақ (К.Ахметова). Мұндағы буындардың қайталануы полифониялы. Полифониялы қайталаудың бір түрі дыбыстық параллелизм арқылы жасалады. Дыбыстық параллелизм өзара ұқсас дыбыстардың фраза, сөз тіркесі, өлең жолдарында симметриялы орналасуы арқылы жасалынады. Мысалы: Білмесең, ей, кімсана, даламын мен, Көргенде кең даланы баламын мен (Қ.Шаңғытбаев).
Ассоциациялық байланыс екі жағдайда ерекше мәнге ие болады:
1. Аттрактанттар дыбысталуы жағынан тым ұқсас, бірдей болып келеді, бірақ дыбыстардың бірізділігі әртүрлі болады. Мысалы: Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, Сонау бір соғыс жылы естіген ем.
2. Аттрактанттар тек бір не екі дыбыс арқылы ғана ажыратылады. Мысалы: Мәңгі сені әлдилеп, аялайын, Жүрегімнің шуағын аямайын (К.Ахметова). Дыбыстардың мұндай үйлесімдігі квазиомонимдерді, яғни белгілі бір контексте айтылуы, дыбысталуы жағынан өзара ұқсас, бірақ мағыналар әр басқа сөздерді жасайды. Аттракцияның мұндай түрлері парехезаға негіз болады. Парехеза – сөз формаларының дыбысталуы жағынан өзара жақын болып келетін, бірақ кейбір айырмашылықтары бар полифонияның бір түрі. Сөз формалары өзара ұқсас болғанмен, біріншіден, дыбыстардың бірізділік реті жағынан ажыратылады (мысалы: естімеген – естіген ем т.б.), екіншіден, бір не екі дыбыс арқылы ажыратылады (Жүректің шыңырауында қоздайтұғын, Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын (М.Мақатаев), Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен, Аумайтұғын сияқтымын жетімнен (К.Ахметова). Диссонанс жағдайында аттрактанттар тек дауысты дыбыстар арқылы ажыратылады: Қылығың жарасатын назым едің, Назым едің, не деген нәзік едің (К.Ахметова). Парехеза қарама-қарсылық мәнді жеткізу арқылы каламбур жасауға негіз болады.
Дыбыс қайталауларының көркем шығармада образ сомдауға да қызмет ететін жайлары кездеседі. Өлеңдерде өз кейіпкерлерін өлтіре сынап, күйіне, өткір сын айтып суреттеуінде немесе бойын билеген сүйіспеншілік, ғашықтық сезімін жеткізуде автордың осы эмоционалдық жай-күйі орын алады: Мал мен бақтың дұшпаны, Кеселді пысық көбейді. Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді. Қу тілменен құтыртып Қызмет қылған кісісің, Құрытуға таяйды. Қылып жүрген өнері: Харекеті – әрекет. Өз оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? (Абай). Осындағы «қ», «к» дыбыстарының аллитерациясы кеселді пысықтардың образын орынды суреттеуде айрықша қызмет атқарып тұр. Дыбыстық бейнелеуіштен гөрі коннотативтік мағынаға бір саты жақын тұратын дыбыстардың көркем образ сомдаудағы қызметі олардың фоникалық құрылымдағы стильдік қолданымының ерекше қырын танытса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |