Ашина әулетінің шығуы туралы аңыз
Көк түркілері бір замандарда дербес әрі бейқам өмір сүріпті. Осы қамсыздығынан олар жапа шегіпті.
Бұл былай болған дейді. Бірде қамсыз, жайма-шуақ жатқан халыққа дұшпан күтпеген жерден шабуыл жасап, кәрі-жас, әйелбала демей, қырып салады. Тек он жастағы баланы аяқ-қолын кесіп, мазақ етіп, ойран-топан болған жұртқа тірідей тастап кетеді… Бұл бала ақсүйек әулеттен, дұрысында ханзада болса керек. Әйтпесе, жаулар оны бірден өлтірер еді. Жаралы ұлды олар өлімге байлап, батпаққа тастайды. Бірақ Тәңір аяушылық етіп, оған қаншық қасқырды жібереді. Жақында ғана күшіктеген қаншықтың емшегі сыздап тұрған. Себебі, бөлтіріктерін аңшылар алып қойған болатын. Қасқыр баланың жарасын жалап жазып, дәрменсіз кемтарды сүтімен асырайды. Әлгі ұл өскен соң қаншық қасқырға үйленеді.
Арада бірнеше жыл өтеді. Жаулар баяғыда өздері кемтар еткен ұлдың әлі күнге дейін тірі екенін біліп қалып, сол жерге қайта оралып, оны өлтіреді. Олар түркі әулетін түп-тұқиянымен құртуды көздеген залымдар еді. Бірақ бұл арада Тәңір тағы араласады. Қаншық қасқырға қанат бітіп, жігітті алып, биік таудың басы на ұшып кетеді. Осы таудың ішінде бір тар шатқалдан өтіп, жанжағын құзар шыңдар қоршаған, қалың тоғайлы, өзен-сулы, аңқұсы өрген көкорайлы қойнауға тап болады. Қасқыр жігітті осы араға жерлейді. Көп уақыт өтпей осы жерде оның он ұлы дүниеге келеді. Ұлдары өсіп ержеткен соң көрші тайпалардың қыздарына үйленеді. Қасқырдан тараған ұрпақ көбейіп, бір рулы елге айналады. Ұлдардың ішінен Ашина (Ачина, Асена) дегені дараланып, кейін ру басшысы болып тағайындалады.
Бірнеше ондаған жылдар өтіп, Ашинаның елі сол таулардың (Алтай) күнгейіне қоныстанады, темір және басқа металл өндірумен айналысады. Алтай таулары шыңдарының бірі алыстан қарағанда дулығаға ұқсайды екен. Ал, дулыға көне түркі тілінде «түркі» («тірік») деген сөз. Сондықтан осы жерде өмір сүрген Ашинаның қол астындағы тайпа «түркі» атауын алады.
Көк түркілері өз төңірегінде тұрып жатқан рулар мен тайпаларды түгел бағындырған. Күш пен құдірет жағынан олармен ешкім теңдесе алмаған. Ақыры, жаулары бұларды бірігіп құртуға бекінеді. Алайда бұл тайталаста да Көк түркілері жеңіп шығады. Ашық айқаста олардың бой бермейтінін көрген соң дұшпан әккі қулықпен айласын асырмақ болады. Әскерін мұқият дайындаған жау тұтқиылдан тарпа бас салып, найзамен түйреп, қылышпен кескілеп, шалдар мен сәби балаларға дейін қырып салады. Тірі қалғандарын тұтқынға алады. Бұл соғыста түркілердің елбасшысы Елхан (Бумын қаған) мен оның ұлдары қаза табады.
Көк түркілерінің күні осымен батқандай еді. Алайда Елхан әулетінен жалғыз адам – Қайы аман қалады. Ол жиені Тоғызды ертіп, әйелдерін алып тұтқыннан қашуды ұйғарады. Содан бір түнде олар ойларын іске асырады. Ертеде бабалары – Көк түркілері мекен еткен туған жерге жетуге асығып, түнде ғана жүріп, күндіз жыныс орманда қуғыншылар көзінен тасаланады. Әйткенмен, ата жұртқа жетудің сәті түспейді. Бірақ олар пейіш бағына ұқсас өлкеге тап болады. Байқап қараса, адам аяғы баспаған жер екен. Молшылық, құт-береке осында көрінеді. Жайқалған шабындық, шұрайлы жайылым, мөлдіреп аққан су, тұнық бұлақ, айнала толған жеміс ағаштары, қаптаған аң-құс. Сонымен бұл жерді Ергенекөн деп атап, Тәңірге сыйынып, осында қоныстанып, қалып қояды.
Көп айлар мен жылдар өтеді. Қайы мен Тоғыздың балалары, немерелері өсіп-өніп, қанат жаяды. Ергенекөн жері олардың ұрпақтарына тарлық ете бастайды. Сонда Қайының немере-шөберелері өздерінің Ергенекөннен бөлек Отаны, атамекені бар екенін еске алады, сөйтіп, сол жерді таппаққа бел байлайды. Бірақ олар Ергенекөн алабын қоршап жатқан биік таулардан шығатын асулы жолды білмейді.
Олардың арасында бір дана темірші ұста болады. Қария: «Осы тауда темір кенін алатын бір жер бар. Егер темірді ерітсек, бұл арадан шығар жолды тапқанымыз», – дейді. Сонда олар әлгі жерге ағашты тау қылып үйіп, лаулатып от жағады. Отты жетпіс өгіздің терісінен жасалған көрікпен үрлейді. Ақыры Тәңірдің жәрдемімен темір тау балқып, сыртқа шығатын қақпа пайда болады. Сөйтіп, олар таулардың қоршауынан шығып, өз атамекеніне жетеді.
Қайы ханның немересі Бөртешін дүниенің төрт тарабына хабаршылар жіберіп, түркілер өздерінің атамекеніне қайтсын деп жар таратады. …Сәуегейдің айтқаны келеді. Оларға төңіректегі халық түгел бағынады. Түркілер бұрынғы қуаты мен дәулетіне жетеді.
Көк түркілер тауды бұзып жол салып, атамекенге оралған күндер мереке болды. Қағандар Ергенекөн мерекесі күндері темірді отқа қыздырып, төске салып, алғашқы болып бірнеше рет соғады. Содан соң темірді бекзада, байлар ұрады. Сөйтіп ұлан-асыр той-думан басталып, олар жұмақ жерде дәурен кешкен, ата жұртқа оралған күндерді естеріне алады.22
«Ергенекөн» қиссасы ұл бала туралы аңызбен тығыз байланысты. Онда да адамдар тығылатын үңгірлер, бақыт пен берекеге жол салып өтетін тау шатқалдары ұшырасады. Әйткенмен, қаншық қасқырдың ұрпақтары жайындағы аңыз бен «Ергенекөн» қиссасының астарында қандай тарихи ақиқат сырлар жатыр?
Аттиланың жұмбақ өлімінен кейін оның жеті ұлы империяны патшалықтар мен ұлыстарға бөліп алып, әрқайсысы өз билігін жүргізген. Еуропалық ғұндардың бір бөлігі жергілікті тұрғындармен араласып, герман және славян халықтарының құрамына кірген. Қалғандары баба жұрттарын іздеп, күншығысты бетке алады. Межелі жерге қаншасы жетті, кім біледі… Аңызда айтылғандай, дұшпан қолынан қырғынға ұшырап, іштерінен кемтар ұл ғана тірі қалған халық – «Батыс өлкеден батысқа қарайғы Хунну үйіне» қараған түркілер, яғни Аттила әскерінің бір бөлігі екен.23
Бірнеше ғасырлар бойы жартылай қытай, жартылай монғол – сәнбилер (сейинпи) ғұндардың қас жауы болған. Еуропа жорығынан өз жұртына оралған тайпаны көрген олар өздерінің көптігін пайдаланып, тарпа бас салған. Тұтас бір тайпаның қырғын табу күйзелісінің күштілігі сондай, бала мен қаншық қасқыр жайындағы осынау аңыз өмірге келген. Өйткені құрып кетуі мүмкін халықты тек желеп-жебеуші тотем24 ғана қайта туғыза алар еді. Қаншық қасқыр – сақшы, отбасын күзететін, сақтайтын тотем. Дұрысында, бөрі Көк түркілерінің ғана емес, ғұндардың да тотемі болған. Оғыздар да өздерінің ата тегін бөріден таратады.
Тарихи тұрғыдан алғанда, «Ергенекөн» «Ашинаның бес жүз түтіні» қайта өркен жайғаннан кейін Ұлы Түркі қағанатының негізін салу үшін түркілер жалғанның жарығына қайта шыққан кезеңдер жайында баяндайды. Бір кездерде темірді өндіруді ғана білетін Ашина түркілері жауларына алым-салықты темірмен төледі. Кейінірек, күшейген Көк түркілер шайқастарда аварларды, өздерін қан қақсатып келген жуань-жуань – сәнбилерді және басқа көп жауларды тас-талқан етеді. Бұның бәріне Ұлы Жібек жолының бекеттерінде тұрып, бейтараптықты сақтаған соғдылықтар куә болған. Монғолияда Бугута қаласындағы сынтастағы жазу нақ осы соғды тілінде бедерленген. Оның биігінен бөріні және бөрінің бауырынан аяқ-қолы шабылған сәби баланың кескінін көруге болады.
Қорыта келгенде, халық жадында сақталған қаншық қасқыр мен кемтар бала жайындағы мифте алмағайып мезетте тұтас рудың қырыла жаздағаны айтылады. Алайда, Құдайдың құдіретімен, Тәңірдің ұлға қаншық қасқырды , жіберуі арқасында әлгі ру қайта туып өркендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |