Сап ұстауға ыңғайлы болу үшін және сүңгі-пышақты автоматқа қосу үшін қызмет етеді.
Қын сүңгі-пышақты белдікке іліп алып жүруге және сүңгі-пышақпен бірге сым қию ұшін пайдаланылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Автоматтың (пулеметтің) механизмдері мен бөліктерінің құрылысын атаңдар.
Ұңғы не үшін арналған?
Ұңғы қақпақшасы не үшін арналған?
Көздеуіш құрылғы не үшін арналған?
Көздеуіш не үшін арналған?
Ұңғы қорабының қақпағы не үшін арналған?
Газ поршенімен қоса бекітпе жақтауы не үшін арналған?
Дәріс№21 Автоматты(пулеметті) тексеріп қарау және оны атуға дайындау.
Автоматтың (пулеметтің) атуға жарамдылығын, тазалығын, майдың сапасын тексеру және автоматты атысқа дайындау үшін автоматты (пулеметті), керек-жарақтарды және оқжатарды тексеріп қарау жұмыстыры жүргізіледі.
Жауынгерлер мен сержанттар автоматты (пулеметті):
күн сайын;
сабаққа шығар алдында, күзетке түсер алдында, ұрыс жағдайында – күніне бірнеше рет, жауынгерлік міндетті орындау алдында;
тазалау кезінде тексеру керек.
Автоматтың (пулеметтің) оқжатарлары мен керек-жарақтарының ақаулары дер кезінде жойылуы керек.
Автоматтың (пулеметтің) қалыпты жағдайын бұзатын негізгі ақаулары мыналар болып табылады:
қарауыл майысқанда немесе соғылғанда, бір жағына төменге немесе жоғарыға қарай орнынан жылжығанда – оқтар қарауыл ұшының орнына қарама-қарсы жаққа ауытқиды;
көздеу тақташасы майысқанда немесе қисайғанда – оқтар көздеу тақташасы қырының кесігі ауысуы жағына ауытқиды.
ұңғы майысқанда – оқтар ұңғының ауыз жағындағы қайырма жағына ауытқиды.
ұңғы арнасының қажалуы, ойық өрістері бұрыштарының дөңгеленуі мен тозуы, көздеу тақташа, қарауыл, дүм тербетілуі – мұның барлығы оқ шашырауын көбейтеді.
Жауынгерлер мен сержанттардың автоматты (пулеметті) тексеріп қарау тәртібі Күнделікті қарау кезінде автоматтың (пулеметтің) барлық бөліктерінің болуына көз жеткізіп, сыртқы бөліктерінде таттың, балшықтың, сондай-ақ майысу, сызат түскен және механизмдердің қалыпты жұмысын бұзуы мүмкін басқа да зақымдардың болуын сүмбінің бекітілуінің беріктігін, автоматтың майлану жағдайын, белдігінің, керек-жарақтарының, оқжатардың, олар салынатын сөмкелердің болуы тексеру керек.
Сабаққа шығар, күзетке түсер алдында және тазалау кезінде күнделікті тексеруден басқа көздеуіш пен қарауылдың жарамдылығы және ұңғы арнасы тексеріледі.
Қарауыл көздеуішінің жарамдылығын тексеру кезінде көздеуіш тақташасы қырындағы кесікте шалыстардың болмауына, қамытшаның көздеуіш тақташасында жатық жылжуына және белгіленген жағдайда ілгішпен сенімді бекітілуіне, серіппенің көздеуіш тақташасын сенімді ұстауына, көздеуіштің бүгіліп қалмауына және табанда нық тұруына, табандағы белгілердің негізіндегі белгілермен сәйкес келуіне көз жеткізу керек.
Бөліктер мен механизмдер жұмысының дұрыстығын тексеру кезінде:
а) ауыстырғышты АВ-ға қойып, бекітпе жақтауын кері шегіне дейін тартып, қайта жабу керек; бұл кезде бекітпе жақтауы алдыңғы жағдайға қайта оралып келуі керек; бекітпе жақтауын қайта артқа қарай тартып, ағытқыш ілмекті басып, бекітпе жақтауын сабынан ұстап тұрып, қайта жіберу керек. Бекітпе жақтау алдыңғы жағдайға жақындағанда «СЫРТ» еткен дыбыс естілуі керек - шүріппе соққышқа соғылады.
ә) ауыстырғышты ОВ-ға қойып, ағытқыш ілмекті басып, бекітпе жақтауын кері шегіне дейін тартып, ағытқыш ілмекті жібермей тұрып бекітпе жақтауын жіберу керек; ағытқыш ілмекті босатқанда, шүріппе ұрыстық қайырмаға қойылады, бұдан соң автоматты сақтандырғышқа қояды, ағытқыш ілмекті басады; автоматты сақтандырғыштан алып ағытқыш ілмекті басқанда, шүріппе соққышқа соғылады.
Автоматты (пулеметті) тазалау кезінде оның темір бөліктерінде майысу, ал ағаш бөліктерінде жарылу мен соғылу болмауына көз жеткізу керек. Ұңғы арнасы, газ камерасы, газ түтігі, газ поршені жағдайына аса көп көңіл бөлу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |