«Қазақстанда мұрағат ісінің ұйымдастырылуы» атты екінші тарау үш бөлімнен тұрады. Тарихсыз - мемлекет жоқ екендігі де ақиқат, оның әр беті құжаттық жадының алып қазынасы болып табылады.
Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін мұрағат және ондағы сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше. Еліміздің аса бай рухани қазынасы болып табылатын мұрағат ісі ХҮІІІ ғасырдан бастау алады. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 тамызындағы «Қазақстандағы мұрағат ісіне 200 жыл» атты қаулысында Қазақстан тарихында мұрағат ісінің пайда болуын былайша атап көрсетеді: «Алғашқы мұрағат Батыс Қазақстан аймағындағы Ішкі Ордада» қалыптасып Бөкей хандығының мұрағаты атауымен белгілі болды делінген [37]. Ішкі Ордадағы мұрағат ісінің бастауында Әбілқайыр ханның ұрпағы Бөкей сұлтан тұрды. Ішкі Ордада мұрағат ісінің жүргізілуі ісін одан әрі жалғастырған Жәңгір Бөкейұлы болғандығын 1925 жылғы 9 мамырда Бөкей губерниясы мұрағаты бюросының есебінде атап көрсетілді. Қазақстандағы мұрағат ісінің дамуына РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің 1918 жылғы 1 маусымдағы «РКФСР-дағы мұрағат ісін қайта құру және орталықтандыру туралы» атты Декреті өзінің игі ықпалын тигізді [38, 1-2 пп.].
Декретте көрсетілгендей:
мұрағат құжаттары бүкіл халықтық меншік болып табылды;
мұрағат құжаттарын сақтаудың орталықтандыру ісін жетілдіру;
мұрағаттардың құжаттарды жинақтауда ведомствалармен өзара тығыз байланыс орнату;
мұрағат қорларын жинақтауды ұтымды ұйымдастыру және пайдалану мәселелері күн тәртібінде тұрды.
Декретке қол қоюдың нәтижесінде:
ведомстволық мекемелер ретінде жіктелген үкіметтік мекемелердің барлық мұрағаттық жүйесі жойылып, оларда жинақталған істер мен құжаттар түгелдей біртұтас мемлекеттік мұрағат қоры деп жарияланды.
жинақталған мемлекеттік мұрағат қорын меңгеру мұрағат ісінің Бас басқармасына жүктелді.
ұйымдарда, мекемелерде қандай да болсын істер мен жазбаларды, басқа да іс қағаздарды өз бетінше жоюға тыйым салынды;
мемлекеттік мұрағат қорын ғылыми тұрғыда тиімді пайдалану және дұрыс сақтау үшін оның бөліктері мұрағат ісін орталықтандыру қағидасы негізінде біріктірілетін болды.
Декреттің нәтижесінде мұрағаттарда жинақталған құнды тарихи құжаттар заң жүзінде халықтың игілігі ретінде бекітілді. Декреттің екінші тармағы бойынша мемлекеттік мұрағат қорын меңгеру мұрағат Бас басқармасына жүктелді. Кеңес үкіметі бұл декреттен кейін де ел аумағындағы мұрағаттардың сақталуы мен оны қорғау ісі туралы төрт акті қабылдады [39, 5-7, 11-12 пп.].
Кеңес өкіметінің мұрағат істері туралы қабылданған актілері Қазақстанда азамат соғысы аяқталған соң іле-шала жүзеге асырыла бастады.
Алдымен Қазақ әскери революциялық комитетінің бастамасымен кеңес органдары мен жергілікті тұрғындарға үндеу тастады. Үндеуде құрылған губерниялық мұрағат қорына төңкерістен бұрынғы «қараусыз» қалған құжаттарды, усадьба, имениелерде табылған және жеке тұлғаларда жинақталған материалдарды тапсыру қажеттілігі туралы атап көрсетілді. Бұл атқарылатын шаралардың маңыздылығын ескере отырып, сол кезеңдегі баспасөз материалдарын жинақтауда назарға алынды.
1919 жылдың 5 қыркүйегінде Түркістан АКСР Орталық Атқару Комитеті республикада мұрағат ісін ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Қаулы бойынша жергілікті әкімшілік органдарына облыстық мұрағат бюроларын ұйымдастыру ісі жүктелді. 1920 жылдың басында Қазақ өлкелік Бас мұрағат басқармасы бөлімі, ал қазан айынан Қазақ республикасы Бас мұрағат басқармасы болып, ол республиканың мемлекеттік мұрағат қызметін жандандырды.
Қазақстандағы мұрағат құрылысының тарихы үш дәуірді, яғни революцияға дейінгі, кеңестік және егемендік кезеңдерді бастан кешірді.
1920-1921 жылдар аралығында Түркістан АКСР-дағы мұрағат ісінің жағдайы туралы мұрағат Бас басқармасына жолданған қатынас қағазда Түркістан мұрағаты қорына бастауын 1830 жылдан алатын Батыс Сібірге қарасты Жетісу облысы, Сырдария облысы мұрағат басқармасының қарайтынын және Түркістан өлкесі тарихының білгірлері С.М.Семенов, А.Диваев, М.Вяткин қызмет атқаратыны және мұрағат Бас басқармасы алқасының қаулысы негізінде 1919 жылдың 31 қазанындағы № 161 бұйрықпен Түркістан өлкесіндегі мұрағат ісін ұйымдастыру үшін мұрағат Бас басқармасының өкілі ретінде жұмысқа кіріскенін қаржы Халық Комиссарының орынбасары Көшербаев хабарлайды [40, л. 1-2]. 1920-1923 жылдар аралығында Қазақстанда мұрағат ісін ұйымдастыру күрделі кезеңді бастан кешті. Мұрағат ісін басқару органдары тікелей мұрағат Бас басқармасынан келіп түскен нұсқаулармен жұмыс жасауға мәжбүр болды. Мұрағатшылардан жауапкершілік, өз істеріне деген берілгендік, қатаң тәртіп талап етілді. Сонымен бірге Қазақстан территориясының кейбір аймақтары әкімшілік басқару жағынан РКФСР Сібір ревком және Түркістан АКСР құрамына қарауының нәтижесінде мұрағат ісін басқаратын үш орталық Орынбор, Омбы және Ташкент қалаларында болды. 1920 жылы 26 тамызда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуына және Ақмола мен Семей облыстары Қазақ АКСР құрамына енуіне байланысты Сібір ревкомитеті жанындағы мұрағат басқармасы басшылығының жүргізіп келген нұсқауларының күші жойылды.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан РКФСР-дың барлық территориясында мұрағаттық мекемелерді құру қолға алына бастады. Қазақстандағы мұрағаттық мекемелердің құрылу тарихы бұрынғы Одақтың мұрағаттар тарихымен тығыз байланысты. Республикадағы алғашқы мұрағат мекемелерінің жүйесі құрылуының бастауында Орынбор-Торғай губерниялық мұрағаты тұрды. Бұл құрылған губерниялық мұрағаттың алғашқы қызметкерлері губерниялық мұрағаттың меңгерушісі А.П.Михайлов, аға архивариус міндетін атқарған Н.Л.Билярский, кіші архивариус міндетін атқарушы Д.С.Медведев және хатшы міндетін атқарушы А.А.Гумилевский болды [41, 37 п.]. 1920 жылдың 20 наурызында Семей губерниялық мұрағат басқармасы құрылып еліміздің алғашқы мұрағат мекемелерінің көш басында болды. Алғашқы жылдары бұл губерниялық мұрағат Сібір өлкелік басқармасының қарауында болған еді. Сол жылдың қазан айынан Семей губерниясы Қазақ АКСР құрамына берілуіне орай 1921 жылдың 10 мамырынан бастап Қазақ АКСР Халық Ағарту Комиссариатына қарасты мұрағат басқармасы қарамағына берілді. Семей облыстық мемлекеттік мұрағаты Қазақстандағы тұңғыш ғылыми-зерттеу мекемелерінің қатарынан саналады. 1921 жылдың күзінде Орталық өлкелік мұрағаты құрылып, губерния мұрағаттары туралы Ереже бекітілді. Мұрағаттар туралы ереженің бекітілуі көптеген шараларды жүзеге асуына зор ықпалын тигізді.
1923 жылы 1 қыркүйекте Орал губерниялық атқару комитеті Орал губерниялық мұрағат бюросын құру туралы шешім қабылдады. Бірақта жылдың аяғына қарай қабылданған шешімді жүзеге асыруға мүмкіншілік болмады, себебі қаржының жоқтығы қол байлау болды. Орталық өлкелік мұрағаттың меңгерушісі А.Л.Мелков шілде айында іс сапармен Ақтөбе губерниясына қарасты болыстардағы мұрағаттарды тексеріп, қортындысы бойынша Ақтөбе мұрағат бюросын құру жұмыстары қолға алынды [42, л. 43]. Қазақ халқының тарихына қатысты маңызы зор құжаттар Бөкей Ордасы мұрағатында сақталуда болатын. 1923 жылдың қазан айында Орда қаласында губерниялық мұрағат қалыптасты. Сол жылдың 21 қазанында Қостанай губерниялық мұрағат бюросы өз қызметін бастады. Адай революциялық комитеті жанынан 1923 жылдың 1 қарашасында Адай уездік мұрағаты бюросы құрылды. Онда 1 штаттық бірлікте меңгеруші ғана қызмет атқарды.
1924 жылдың 1 қаңтарынан бастап Орал губерниялық мұрағат бюросы өз жұмысын бастаған болатын. Қаңтар айында губерниялық мұрағат бюросының мұрағат қорына Орал губерниялық статистика бюросының 15 бірлік іс келіп түсті, сол жылы Орал уездік денсаулық сақтау бөлімінің, облыстық революциялық комитеті, губерниялық атқару комитеті, губерниялық азық-түлік комитетінің қорлары қабылданса, жылдың аяғында 53 қорды құрайтын 15270 бірлік іс қабылданды. 1924 жылдың 27 қазанында Орал губерниясы атқару комитетінің алқасының қаулысымен мұрағат бюросының меңгерушілігіне Т.Т.Спожинцев тағайындалады [43, 26 п.].
Қазақстанның солтүстік өлкесінде 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының от жалынан, ақ гвардияшылар бүлігінен, Колчак армиясы бөлімдерінің шегінуі кезінде революцияға дейінгі мекемелердің құжаттары, Петропавл жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңесінің, партия комитетінің, Кеңес үкіметінің құрылуы туралы екі вагон құжаттар өртеліп күлге айналды, қағаз дағдарысы кезінде де көптеген құжаттар жойылды. 1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық межелеуден кейін Қазақстанға Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері және Пішпек уезінің қазақтар мекендеген аудандары қосылғаны белгілі. Осыған орай Жетісу губерниялық мұрағат бюросы Түркістан Республикасы Орталық мұрағаты басқаруынан Қазақ АКСР өлкелік мұрағат басқармасына өтті. Сырдария губерниялық мұрағаты бюросы 1924 жылдың 1 қазанында Шымкент қаласында ұйымдастырылды.
Ақмола губерниялық мұрағаты 16 қазанда Петропавл қаласында ұйымдастырылып Солтүстік Қазақстан аумағындағы алғашқы мұрағат мекемелерінің бірі болып мұрағатқа құжаттарды қабылдауын бастады. Алғашқы құрылған кезеңінен бастап бұрынғы таратылған және кеңес үкіметі органдары мен мекемелерінің құжаттарын қабылдауды жүзеге асырды. 1924 жылдың қаңтар айында мұрағат өз қорына 1560 бірлік істі құрайтын 6 қор құжаттарын қабылдады. Ал 1924 жылы 15 қазанда губерниялық мұрағаты дәрежесіне теңестірілген Адай уездік мұрағат бюросы (Урицкий поселкасы) болып қайта құрылды. Мұрағат деректері бойынша Маңғышлақта мұрағат ісінің қалыптасуы өте қиыншылықпен жүргізілгеніне куә боламыз. Жердің шалғайлығы, сауатты маман кадрлардың және ғимараттың болмауы т.б. өз әсерін тигізді.
1928 жылдың тамызында республикамыздағы әкімшілік-территориялық өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Орталық мұрағатына қарасты губерниялық мұрағаттар жойылып, олардың базасы негізінде округтік мұрағаттар құрылды.
Петропавл, Ақтөбе, Қостанай, Сырдария, Семей, Орал, Адай, Алматы, Павлодар, Қарқаралы, Ақмола, Қызылорда, Гурьев округтік мұрағат бюролары және Қарақалпақ облысы мұрағат бюролары болды.
Орталық мұрағат басқармасы жергілікті мұрағат бюроларына губерниялық, уездік әкімшілік бөлімдерінің құжаттарының құндылығын анықтағанда мұрағат органының өкілдері қатыстырылуына көңіл бөлді. Мысалы, Қазақстан Орталық мұрағатының меңгерушісі Н.Я.Болотников пен Қызылорда окргугтік мұрағат бюросы меңгерушісі міндетін атқарушы Х.И.Тажбенов арасында жасалған актіде Қызылорда қаласындағы мекемелерден қабылданған құжаттардың құндылығын анықтап 17 қорды және Орынбор округі мұрағат бюросына тиісті 21 қорды өзара қабылдап алған [44, 1п.]. 1928-1929 жылдары жүргізілген мұрағаттардағы маклатура тапсыру науқаны зор шығынға ұшыратты. Осы жүргізілген науқан Қазақстан тарихына қатысты құнды да деректі материалдардың жойылуына әкеліп соқтырды. Семей мұрағатындағы облыс көлеміндегі азамат соғысына қатысты материалдар түгелге жуық макулатурға тапсырылды. Осындай жағдай Петропавл қаласында да қалыптасып, 2 вагон мұрағат материалдары байқау комиссиясының келісімінсіз жойылды. «Еңбекші қазақ» газет редакциясы, кеңес сауда қызметкерлерінің одағы, су шаруашылығы сияқты кейбір мекемелер Орталық мұрағаттың келісімінсіз өздерінің барлық мұрағаттарын жойып жіберген. Бұл келеңсіз жағдайлардың орын алуына жергілікті мұрағат мекемелерінің мұрағат ісіне айырықша мән бермеуінің салдарынан орын алды. Жергілікті мұрағат органдарында шала сауатты, тәжірибесіз қызметкерлердің жұмыс жасауының нәтижесінде осылайша қағаз дайындау фабрикаларына бағалы мұрағат қорларын өткізіп жіберуге әкеліп соқтырды. Көптеген жергілікті мұрағат мекемелерінде өз ісін білетін білікті кадрлардың болмауы да әсерін тигізді. 1930 жылы округтік мұрағат бюролары таратылып, ауданаралық мұрағат бюролары болып құрылғанымен, ол көп кешікпей 1931 жылдың басында таратылды. Таратылған мұрағат бюроларының орынына Орталық мұрағаттың 3 бөлімшесі ретінде Семей, Петропавл, Орал мұрағаттары құрылды. Орталық мұрағаттың негізгі базасы болып Орал мұрағаты болып белгіленді. 1930 жылдың 2 желтоқсан күні болған Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитетінің біріккен мәжілісінде «Қазақ АКСР Орталық мұрағат басқармасы туралы Ережені» бекітеді. 1941 жылы 29 наурызда КСРО ХКК-нің № 723 қаулысы бойынша КСРО Мемлекеттік мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.
Сұрапыл соғыс уақытында яғни 1942 жылдың қаңтар айында Қазақ КСР ІІХК-ның Мұрағат бөлімі Қазақ КСР ІІХК-ның мемлекеттік мұрағаттар бөлімі болып, ал ІІХК басқармасының облыстық мұрағат бөлімдері ІІХК басқармасының облыстық мемлекеттік мұрағат бөлімдері деп аталды.
1944 жылдың ақпан айында Қазақ КСР ІІХК мемлекеттік мұрағат бөлімі Қазақ КСР ІІХК мемлекеттік мұрағат Басқармасы атауымен қайта құрылды. Атауы өзгергенімен атқаратын функциясы мен қызмет аясы өзгеріссіз қалды. 1950 жылы Мұрағат басқармасы жанынан әдістемелік комиссия және жаңа өнер табыстар мен жұмыс процесін жетілдіру мақсатындағы бюро ұйымдастырылды.
Ал, 1953 жылдың қараша айынан бастап мұрағат басқармасы тарапынан ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жандандыру, жұмыс тәжірибесін жан-жақты бөлісіп, талдау мақсатында ғылыми-ақпараттық бюллетеньдер шығара бастады. КСРО Министрлер Кеңесінің мұрағат ісін жетілдіру мақсатында қаулысы шықты. Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1964 жылдың 6 қаңтарында № 25 «Қазақ КСР-дағы мұрағат ісін одан әрі жақсарту туралы» қаулысын қабылдаған болатын. Қаулыда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мұрағат басқармасы тарапындағы кемшіліктер жан-жақты атап көрсетілді. 1972 жылдың 27 қарашасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Мұрағат басқармасы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат Бас басқармасы болып өзгерді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылдың 6 қаңтарындағы № 9 «Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат Бас басқармасының орталық аппаратының штаттық бірлігі және құрылымы туралы» қаулысында атап көрсетілгендей 39 штаттық бірлік, басқарма бастығы Қаржы министрлігімен келісе отырып орталық аппараттың штатын бекітті.
КСРО Министрлер Кеңесі 1980 жылы 4 сәуірдегі № 274 қаулысымен «КСРО-ның Мемлекеттік мұрағат қоры туралы» Ережені бекітті. Қабылданған Ережеде КСРО-ның Мемлекет қорының құжаттары бүкіл кеңес халқының ортақ игілігі болып табылады және олар мемлекет тарапынан қорғалады делінді. Бұл құжаттарды қорғау мен пайдалану ережелерін қатаң сақтау, олардың сақталуына қамқорлық жасау КСРО-ның мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың маңызды міндеті, азаматтарының борышы мен парызы екендігі атап көрсетілді.
1980-1990 жылдары мұрағат Бас басқармасы республикадағы мұрағат мекемелер жүйесіне басшылық жұмыстарын жүргізіп, мұрағат құрылысындағы атқарылған істерге зор жауапкершілікпен қарады.
«Қазақстандағы мұрағат құжаттарын сақтаудың тарихи тәжірибесі» деп аталатын үшінші тарауда мұрағатта қорларды сақтау, есебін жүргізумен қатар оларды түптеу, жаңарту, мәтіні өше бастаған құжаттарды қалпына келтіру, құжаттың тарихи анықтамалығын толтыру, қатырмалау, физикалық жағдайын тексеру жұмыстарының жүргізілу тарихы қарастырылады.
Құжаттарды мемлекеттік сақтауға беру мәселесі мұрағат құрылысының алғашқы жылдарында күрделі де өткір тұрды. 1918-1921 жылдары мұрағат органдары тарапынан ең басты мақсат құжаттарды жойылудан сақтау мәселесі алдыңғы орында тұрды. Құжаттарды есепке алу жұмыстары 1921-1929 жылдары аса қиыншылықтармен жүргізілді. Азамат соғысы жылдарында көптеген мұрағат құжаттары өртеліп, тоналды, отын ретінде пайдаланылды. Құжаттарды сақтау ұзақ уақыт бойы тәртіпке келтірілмеді, көп жағдайда құжаттар шашылған, ретсіз, тәртіптелмеген жағдайда ғана сақталды. Құжаттарды сақтау туралы 1919 жылғы 31 наурыздағы РКФСР ХКК-нің декретінде атап өтілді. Мекемелердегі аяқталған істер 5 жыл уақыт өзінде сақталып, кейін тиісті мемлекеттік мұрағатқа өткізілуі тиіс болатын. Еліміздің тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомстволардың қоймаларында қалдырылды. Ал, олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде, Бас Прокуратурада, Ішкі істер министрлігінде сақталуда [34, 150-151 бб.]. 1924-1925 жылдарға дейін көптеген Халық Комиссариаттары Орталық мұрағатқа өздерінің революциядан кейінгіде жинақталған құжаттарын өткізбеді. Жергілікті жерлерде мұрағат құжаттарын сақтау ісіне аса мән берілмеді. 1925 жылы Қазақстан мұрағат қоймаларындағы жинақталған қорлардың есебінде 30 астам қор болса, 1925-1936 жылдар аралығында қор саны 30-дан 2494-ке өсті. Орталыққа мұрағатқа келіп түскен қорлар мұрағат қоры кітабына және есеп карточкаларына енгізіліп, көшірмелері РКСФР Орталық мұрағат басқармасына жіберіледі. Осыған байланысты РКФСР ХКК-нің төрағасы А.И.Рыков қол қойған 1926 жылдың 13 наурызындағы «РКФСР Орталық мұрағатына мұрағат материалдарын тапсыру туралы» арнайы қаулысы қабылданды. Қабылданған қаулыда бұл тәртіпті бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде тармақта болуының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Құжаттарды сақтау мәселесі 1928 жылғы 16 шілдедегі БОАК Президиумының жергілікті жерлердегі мұрағат ісін жақсарту шаралары туралы циркулярлық хатында да қарастырылған болатын. Циркулярлық хатта орталық атқару комитеттері және губерниялық атқару комитеттері тарапынан мұрағат ісіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғандығы атап өтіліп, мұрағаттарға арнайы мұрағаттық-техникалық және өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, ыңғайлы жабдықталған ғимараттар, үй-жайлар, бөлмелерді қарастыруды жүктеді. 1928 жылдың 17-19 қаңтарында Москвада өткен мұрағат меңгерушілерінің кеңесінде де елі аумағында жаңа типтік жобадағы мұрағат ғимараттарын салуды қарастырды. Қазақстан тарихына қатысты көптеген мұрағат құжаттары Орынбор, Омбы, Саратов, Уфа, Астрахан, Москва, Ленинград, Қазан, Ташкент т.б. мұрағаттарында жинақталған еді. Сондықтан мұрағат қорларын жинақтау жұмыстарында да күрделі әрі қайшылықты жағдайлар қалыптасты. Орынбор, Омбы, Астрахан мұрағаттарындағы еліміздің тарихына қатысты құжаттар мұрағат қызметкерлерінің зор еңбектерінің нәтижесінде қайтарылып есепке алынды. Тек 1929 жылы ғана Одақ бойынша 50 пайыз мұрағат құжаттары реттеліп, тәртіпке келтіріліп сақтауға өткізілді.
1930 жылдары КСРО мұрағат басқармасы мұрағат органдарындағы лауазымдық қызметтер туралы, мұрағаттағы кейбір жұмыстардың орындалуы туралы, нұсқаулықтар, мұрағаттық-техникалық жұмыстар туралы т.б. бірнеше маңызы бар нормативтік және әдістемелік құжаттарды бекітті. 1930 жылдары мекемелердің өз мұрағат құжаттарын сақтаудың бір көрініс төмендегідей жағдайдан хабар береді. Жартылай жертөле бөлмеде - 2 мекеме, сызды жертөледе - 16, қойма мен материал қоймасында - 5, кеңседегі шкафтарда - 90, жеке бөлінген бөлмеде - 3, жазғы сарайда - 14, дәліздегі шкафтарда - 2, кеңсе столының тартпасында - 1, кеңсенің еденінде - 1 мекеменің құжаттары сақталған. Көптеген мекемелер құжаттардың сақталуына жауапсыздықпен қарағаны белгілі болды. 1925-1930 жылдардағы мұрағат басқармасының есебінде мұрағат органдары тарапына ешқандай да жағдай жасалмағаны жазылады. 1931 жылы Орда және Торғай мұрағаттары, Ақтөбе, Қызылорда округтерінің Орынбор, Астрахан, Омбы мұрағаттарынан, сонымен қатар мекемелерден келіп түскен материалдар есепке алынды. Қазақстан Орталық мұрағатында 742 қор, жергілікті мұрағат органдарында 1530 қор есепке алынды [45, 21 п.]. 1939 жылғы аудандық мұрағаттарда есепке алынған қорларға шолу жасасақ Алматы облысы бойынша 10431 бірлік істі құратын 167 қор болса, Алакөл, Балқаш, Қаскелең, Мақаншы аудандарынан мәлімет түспеген. Нарынқол, Сарқанд аудандық мұрағаттарында мұрағат материалдары және үй-жайлары да болмады, Дзержинский, Қапал, Шұбартау, Алматы ауданы мұрағаттары ұйымдастырылмаған. Қызылорда облысы бойынша 1065 іс бірлікті құрайтын 13 қор, Арал, Сырдария аудандық мұрағаттары да, мұрағат материалдары да, үй жайлары да жоқ болды. Павлодар облысы бойынша 89936 бірлік істі құраған 84 қор, Лозовск ауданы мұрағатының үй жайы жоқ, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 14506 бірлік істі құрайтын 155 қор, Күршім, Жаңасемей, Белағаш аудандық мұрағаттарының мұрағат материалдары және үй жайлары болмады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 10040 бірлік іс құрайтын 40 қор, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 10691 бірлік іс құрайтын 353 қор, Қызылқұм, Свердлов, Луговой, Кеген аудандары мұрағаттары статистикалық есептерін тапсырмаған. Ақтөбе облысы бойынша 4678 бірлік іс құрайтын 78 қор, 7 аудандық мұрағаттан мәлімет болмаған, Гурьев облысы бойынша 6651 бірлік іс 45 қор, 3 аудандық мұрағаттан және Қарағанды, Семей, Солтүстік Қазақстан облыстарынан да мәлімет түспеген. Қазақстан бойынша 183 аудандық мұрағат құрылуы тиіс болатын болса, соның 151 құрылған. Осы құрылған аудандық мұрағаттардан 81554 бірлік істі құрайтын 935 қор есепке алынды [46, 20 п.]. 1940 жылдың 28 қаңтарында КСРО ХКК-нің мұрағат Бас басқармасы туралы қаулысы қабылданды және КСРО ІІК-нің № 114 «КСРО Халық Комиссарлар, мекемелер, кәсіпорындар және ұйымдар мұрағаттарындағы жұмыстар үшін нұсқауы» бекітілді. Аталған құжаттар 1956 жылға дейін мұрағат ісінде басшылыққа алынып келді. 1956 жылдың 1 маусымында КСРО ІІМ-нің № 360 бұйрығымен оның күші жойылып жаңа «Мекемелер, ұйымдар және кәсіпорындар мұрағаттарындағы жұмыс ережесі» бекітілді. 1957 жылы Орталық және облыстық мемлекеттік мұрағаттарға 134054 бірлік іс есепке алынды. Соның ішінде ведомстволық мұрағаттардан 117 391 бірлік іс, қалалық мұрағаттардан 16701 бірлік іс, 1958 жылы 179 аудандық мемлекеттік мұрағаттардан 601939 бірлік іс есепке алынып, оның 342249 бірлік іс тұрақты мемлекеттік сақтау есебіне алынды [47, 9, 19 пп.]. 1962, 1968 жылдары мұрағат органдарындағы атқарылатын қызметтер мен істер туралы ережелер бекітілді. Бұл қабылданған ережелер мұрағат ісінің жақсаруына игі ықпалын тигізді. Мұрағат жұмысының сапалық жағдайы артты, мұрағат материалдардың ғылыми-техникалық өңделуі оң шешімін тапты, сараптау жұмыстары жолға қойылды.
1966-1970 жылдары республика мұрағаттарында қағаз негізінде 2 млн 536 мың бірлік іс, 81 мың бірліктегі фотоматериалдар, 1500 бірлік киноқұжаттар және 180 бірліктегі дыбыс жазба құжаттары есепке алынды [48, 31 п.].
1970-1972 жылдары Қазақ КСР-ның мемлекеттік мұрағаттары тарапынан мұрағат қоймаларын сақтауға жатпайтын құжаттардан босату мақсатында 500 000 жуық бірлік істі қарап, жоюға 100 000 жуық бірлік істі шығарды.
1970-1980 жылдары республикада құжаттарды сақтау жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Құжаттардың сақтық көшірмелері жасақталды. Құжат жоғалғанда не түпнұсқалық құжат зақымданған жағдайда ондағы ақпаратты сақтау мақсатында дайындалатын аса құнды құжаттар көшірмесі жасақталды. Мемлекет үшін маңызы бар және жоғалғанда орны толмайтын мұрағат қоры құжаттарының сақтық көшірмелері жасақталып мемлекеттік сақтауға өткізілді. Осы жылдары Қызылорда және Семей мемлекеттік мұрағат ғимараттары іске қосылды. Гурьев облыстық мемлекеттік мұрағаты, Новоалексеевка (Ақтөбе облысы), Сарқанд (Талдықорған облысы) филиалдары жаңадан қосымша үй-жайлар алып, 3 млн бірлік істі құрайтын құжаттарды сақтау мүмкіндіктеріне ие болды. Мұрағат қоймаларына құжаттарды сақтауға ықпалын тигізетін аса қажетті ауа ылғалдылығын, температура өлшейтін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бақылап өткізу және өртке қарсы режимдерді күшейту шаралары қолға алынды. Мұрағат қоймасының ауданы 1690 шаршы метрге өссе, стеллаждардың ұзындығы 4789 метрге ұзарды [49, 25-26 пп.].
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат Бас басқармасы тарапынан 1975 жылы Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Орал, Шымкент, Гурьев, Қызылорда, Маңғышлақ, Көкшетау, Жамбыл, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Целиноград және Семей облыстарының мұрағат мекемелерін тексеру жұмыстары және әдістемелік көмектер көрсетілді. Алқада мұрағаттарда құжаттардың сақталуы туралы мәселелер де қаралды. Мемлекеттік сақтауға өткізуге жататын құжаттардың құрамы және құжаттарды сақтау мерзімдері құжаттардың тізбелерімен белгіленеді. Мемлекеттік мұрағат қорының құжаттарын сақтау үшін министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдардың орталық органдары, мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындар ведомстволық мұрағаттар құрады. Құжаттарды мемлекеттік сақтауға өткізетін ведомстволық мұрағаттардың түрлерін КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Бас мұрағат басқармасы белгіледі. Мұрағаттарда мемлекеттік сақтауға өткізуге жататын үлгі тізбелерін және құжаттардың сақтау мерзімдері көрсетілген үлгі тізбелерін КСРО Министрлер жанындағы Бас мұрағат басқармасы бекітті. Осы тізбелердің негізінде министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдардың орталық органдары құжаттардың сақталу мерзімдері көрсетілген ведомстволық тізбелерін әзірледі. Оларды КСРО Министрлер жанындағы мұрағат Бас басқармасымен немесе одақтас республикалардың Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат Бас басқармасымен бірлесе отырып бекітті.
Қазақ КСР-інің министрліктері, мемлекеттік комитеттері мен ведомстволары, облыстық атқару комитеттері республикада мұрағат ісін жақсарту жөніндегі жұмысты жүзеге асырған кезде КСРО Министрлер Кеңесінің 1980 жылғы 4 сәуірдегі № 274 қаулысымен бекітілген «КСРО-ның Мемлекеттік мұрағат қоры туралы Ережені» қатаң түрде басшылыққа ала отырып жұмыс жасады. Ол Кеңес Одағы ыдырағанша 10 жылдан астам күшінде болды. Ережеде бұрын назардан тыс қалған мәселелер де қарастырылды, мысалы тек мемлекеттік мұрағаттарда ғана емес ведомстволық мұрағаттарда да аса маңызды құжаттардың сақтық қорын құру, мұрағат құжаттарын ұрлау, бүлдіру, жасыру, жауапсыз сақтау, заңсыз жою, сатқаны үшін жауапты, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту.
Қажетті реттерде құжаттарды ведмостволық мұрағаттарда сақтау мерзімдерін КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат Бас басқармасы ұзарта алатын болды. Мемлекеттік мұрағат қорының құжаттарын ведомстволық мұрағаттарда сақтау мерзімдері өткеннен кейін бұл құжаттар белгіленген комплектіде және тиісті ғылыми-анықтамалық аппаратымен және ерекше құнды құжаттардың сақтық көшірмелерімен қоса ретке келтіріліп мемлекеттік сақтауға өткізілуі тиіс. Сонымен қатар министрліктерді, ведмостволар мен ұйымдарды қайта құрған немесе таратқан кезде олардың құжаттарын одан әрі сақтау туралы мәселені шешу үшін істер мен мүлікті өткізуге арнап құрылатын комиссияның құрамына мемлекеттік мұрағат қызметінің өкілдері енгізіледі. 1984 жылы КСРО мұрағат Бас басқармасының бұйрығымен жаңа КСРО мемлекеттік мұрағаттары жұмысы туралы негізгі ережесі бекітілді.
1984 жылдың ақпан айында Бүкілодақтық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің кеңесінде жаңа қабылданған ереже бойынша мемлекеттік мұрағат қызметінің барлық саласында жұмысты жақсарту, мұрағатшылар тарапынан жұмысты нәтижелі де сапалы ұйымдастыру, елде мемлекеттік мұрағат құрылысын жаңа белеске көтеру мәселелері атап өтілді.
Достарыңызбен бөлісу: |