Қағаз ұшақ қалай жасалды?
Лука Иакони-Стюарт Сан-Францискодағы техникалық мектептің жоғарғы сыныбында оқиды. Кішкентайынан сызуға, сурет салуға әуес. Болашақта танымал сәулетші болғысы келеді. Содан ба, әртүрлі бұйымдардың макеттерін, моделдерін жасауды әдетке айнадырған. Ал жуырда Лука «Боинг 777» ұшағының дәлме-дәл моделін қағаздан жасап шықты. Моделді жасауға 5 жыл уақытын сарп еткен.
Лука бала кезінен заттардың кішігірім моделін құрауға әбден машықтанып жүр. Енді жасалуы бұдан да қиынырақ дүние құрастыруды жоспарлайды. Сөйтіп жүргенде, санасына сақ етіп қағаздан ұшақ құрастыру идеясы келе қалады. Қағаз ұшақты қалай да шынайы әрі таңғажайып етіп жасау керек! Осылайша «Боинг 777» ұшағын таңдайды. Мұндай ұшақты кағаздан жасап шығуға аз уақыт кетпейді. Шынында да, оны құрастыруға бақандай 5 жыл жұмсалыпты. Бірақ, әлі де ұшақ толық дайын болған жоқ. «Жазға қарай бітіріп қаламын» деп отыр Луканың өзі. Сонда да сендерге Луканың қағаз ұшағын қалай жасағанын көрсеткіміз келіп отыр. Төмендегі суретке қарап әрбір бөлшекті мұқият құраудың өзі өнер екенін мойындайды екенің! Рас, бір қарағанда бәрі де оп-оңай-ақ дүние сияқты. Алайда мұны жасау аса сабырлықты, төзімділікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да мұның нағыз өнер екенін қос қолымды көтеріп тұрып, мойындаймын. Ал сендер қалай ойлайсыңдар, қағаздан ұшақ жасауға сабырларың жетер ме еді?
Лука деген «сәулетші» жігіт осы. Мынау – қағаз ұшағының 70 пайызын аяқтаған кезінде түскен суреті. Айта кетерлігі, қағаздан осындай ұшақ құрастыруға Лукадан басқа ешкім құлшыныс таныта қоймапты.
Моделді таңдау үшін Лука «Air India 777-300ER» компаниясында жасалған ұшаққа тоқталды. «Бұл ұшақтың сызбасын ғаламтордан алдым», – дейді өзі.
Сызбаға сәйкес, бөлшектің суретін бөлек-бөлек принтерден шығарып алды. Соған қарап әрбір бөлшекті (мәселен, орындықтарды) жеке-жеке қағаздан құрастырып шықты.
Лука ұшағын ойдағыдай жасап шығу үшін барын салды. Ол үшін мектептен үйренген білімін де, уақытын да, төзімін де аямады.
Қараңдаршы, қағаз ұшақтың дөңгелегіне шейін түпнұсқадан айнымайды-ай, айнымайды. Тіпті, қанатының ашылып-жабылатынын қайтерсің?!
Мынау – ұшақтың қате шыққан нұсқасы. Бұл нұсқада бірнеше аз-маз қателік кеткен екен. Сол себепті Лука бұл моделді жарамсыз деп тауып, бөлек шығарып тастапты.
Бір қызығы, Луканың пайдасыз деп ысырып тастаған бөлшектерінен тағы бір ұшақ жасап шығуға болады екен.
Дәлдік деп осыны айт! Ұшақтың құйрығына шейін қалай айнытпай жасаған! Кәдімгі ұшақтан айнымайды, ә! Бұған енді төзімділік керегі сөзсіз…
«Жаз бойы жолаушылар орындығын жасап шықтым», – дейді Лука.
Эконом-кластың әрбір орындығын дайындауға 20 минут, ал бизнес-класс орындықтарына 4-6 сағат жоғалтқан екен.
Лука: «Ұшақ двигателін құрастыруға – 3 ай, ал жинап шығуға 4 айдай уақыт кетті», – дейді.
Бизнес класты жабдықтауға 8 сағат шығындалыпты. Қиқымдай бөлшектерді кәдімгі пинцет арқылы ұстауға тура келіпті.
Луканың дайын моделді кімге беретіні, қайда апаратыны әлі белгісіз. Бірақ, егер ұсыныс болып жатса, мұражайға немесе әуеқұрылыс компанияларының біріне тапсырғысы келеді.
«Қағаз ұшақты аяқтаған соң, тағы да бір жаңа модель жасауға кірісемін», – дейді Лука.
Достарыңызбен бөлісу: |