47.Топырақтың xимиялық құрамының қалыптасуы.
Топырақтың химиялық құрамы алуан түрлі, оған, жоғарыда көрсетілгендей, минералды және органикалық қосылыстар түріндегі барлық дерлік белгілі химиялық элементтер кіреді. Судағы, өсімдіктердегі және азық-түлік өнімдеріндегі белгілі бір минералды элементтердің құрамы, демек, адам ағзасының олармен қамтамасыз етілуі топырақтың химиялық құрамына байланысты. Сумен және мал шаруашылығы мен топырақта өсірілген егін шаруашылығы өнімдерімен бірге адам ағзасына күкірт, көміртек, азот, фосфор, кальций, натрий, калий, хлор, т.б. сияқты биогенді макроэлементтер, эссенциалды, салыстырмалы эссенциалды және уытты микроэлементтер, сол сияқты ультрамикроэлементтер түседі. Эссенциалды микроэлементтер ағзаның тіршілігі үшін өте қажет, оларға темір, йод, мыс, хром, кобальт, молибден, марганец, мырыш, селен жатады. Салыстырмалы эссенциалды микроэлементтердің адам мен жоғары сатыдағы жануарлар үшін маңызы мен олардың басқа микроэлементтермен толық алмастырылмайтындығы әлі де толық анықталмаған мәселе. Бұл топқа фтор, никель, ванадий, мышьяк, кремний, литий, бор, бром кіреді. Улы әсері бар топырақ микроэлементтерінің үлкен бір тобын: алюминий, кадмий, қорғасын, сынап, берилий, барий, висмут, таллий және т.б. құрайды. Ультрамикроэлементтердің (индий, теллур, ниобий, алтын және тағы басқалары) биологиялық әсері толық зерттелмеген, олар да ағзаның тіршілігі үшін қажетті элементтер болуы мүмкін.
Макроэлементтер ағза массасының 99%құрайды және ағзада 0,01%-дан артық мөлшерде кездеседі. Микроэлементтердің құрамы 0,001-0,00001% аралығында, ультрамикроэлементтер – 0,00001%-дан аз болады. Ағзадағы эссенциалды микроэлементтердің ролі зор. Олар, көмірсулар, белоктар және нуклеин қышқылдарының синтезделуі мен ыдырау реакцияларын қоса алғанда, тотығу-тотықсыздану реакцияларының реттелуі, жасушалық тыныс алу, т.б. түрлі зат алмасу үрдістеріне қатысатын көптеген ферменттер, гормондар мен дәрумендердің құрамына кіреді (VIII-тарау, «Минералды заттар»). Оның үстіне, олардың қолайлы әсері белгілі мөлшерлері аралығында ғана байқалады, ал артық және жеткіліксіз мөлшерде болса, керісінше, зиянды әсер етеді. Уытты микроэлементтердің әсері белгілі бір табалдырықтық дозадан асқан кезде байқалады, төмен деңгейілері биологиялық әсер етпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |