105-1-бап. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына оны кері сатып алу міндеттемесімен сату
1. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына оны кері сатып алу міндеттемесімен сатуды Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару туралы шешімі негізінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған мүлікті кепілге салуға және оған өндіріп алуды қолдануға, сондай-ақ осындай мүлікке тыйым салуға жол берілмейді.
Ескерту. 105-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргізілетін сатылары
1. Жекешелендірудің алдын ала жүргізілетін сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлікпен басқаруға беру танылады.
2. Сенiмгерлікпен басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде таңдалады.
3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сенiмгерлікпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
4. Мемлекеттік мүлікті сенiмгерлікпен басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не жергілікті атқарушы органның сенiмгерлікпен басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шарт мемлекеттік мүліктің қандай мерзiмде және қандай талаптар орындалған кезде сенiмгерлікпен басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетінін көздеуге тиiс.
5. Мемлекетке тиесілі акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенiмгерлікпен басқаруға берiлуi мүмкiн.
6. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттік мүлік өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен бір жыл мерзімге сенiмгерлікпен басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау
1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.
2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:
1) осы Заңның 100-1-бабына сәйкес жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізеді;
2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектiлерiнiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;
3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлайды;
4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;
5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;
6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.
3. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.
Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.
Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
108-бап. Есеп айырысу тәртiбi
1. Жекешелендiру объектiлерiн сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.
2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.
4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.
Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.
Ақысын бөліп-бөлу төлей отырып сату кезiнде әлі төленбеген сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкалары негізге алынып, пайыздар есептеледi.
5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.
109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат
1. Республикалық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат – Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, коммуналдық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат тиісті жергілікті бюджетке жіберіледі.
Мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.
2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.
2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.
Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа сарапшыларды, сондай-ақ консультациялық, бағалау, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.
111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн жауаптылығы
1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi – мемлекет жауаптылықта болады.
2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келiсiмiмен ғана мүмкiн болады.
3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.
4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және бұзу
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:
1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;
2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;
3) сауда-саттық жүргiзу тәртiбiн елеулi түрде бұзу;
4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.
2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260 - 262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.
3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бiрақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.
4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.
5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.
113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру
Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері
114-бап. Мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу ақысына мүліктік салым ретінде беру
1. Республикалық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
3. Стратегиялық объектілерге жататын мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдар акцияларын төлеуге беру стратегиялық объектілермен мәмілелер жасау жөніндегі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік меншікте ғана болуы мүмкін мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде пайдаланылмайды.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шарттармен және тәртіппен ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларын төлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда өзге де заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Сондай-ақ жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 59-бабы 1-тармағының және "Акционерлік қоғамдар туралы" және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының қағидалары бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
Ескерту. 114-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
115-бап. Жер учаскелерін иеліктен шығару
Жер учаскелерін жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген арнайы рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
116-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
117-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
Осы Заңның 210-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару осы Заңның 213-бабында белгіленген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
118-бап. Діни бірлестіктердің меншігіне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті беру
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекет меншігіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті діни бірлестіктердің меншігіне беруге құқылы. Діни бірлестіктердің өздеріне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) іргелес жатқан аумағымен қоса берілуіне басым құқығы бар.
2. Алынып тасталды - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
119-бап. Мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру
Республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен және талаптармен жүргізіледі.
Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
119-1-бап. Мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз береді.
Ескерту. 3-параграф 119-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
119-2-бап. Электр желілерін өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған электр желілерін жергілікті атқарушы органдар электр желілеріне бұлар тікелей қосылған энергия беруші ұйымдарға өтеусіз береді.
Ескерту. 10-тарау 119-2-баппен толықтырылды - ҚР 11.07.2017 № 89-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
120-бап. Мемлекеттік мүлікті шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру
1. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлікпен басқаруға шарт жасалған кезден бастап бір жыл өткен соң кейіннен меншікке өтеусіз беру арқылы берілуі мүмкін.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектісінің мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
3. Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін мүліктік жалдауға (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқару шарттары жасалған кезден бастап бір жыл өткеннен кейін, оларда көзделген талаптар орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн кейiннен меншiгіне өтеусiз бере отырып, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
121-бап. Мемлекетке тиесілі болмайтын мүлікті және жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
1. Егер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына орай мемлекетке тиесілі болмайтын мүлік мемлекеттік мүліктің құрамына түссе, осы мүлікке құқықты иеленген кезден бастап бір жыл ішінде бұл мүлік иеліктен шығарылуға тиіс, ал мүлікті өткізуден түскен қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік осы Заңның 213-бабының қағидалары бойынша иеліктен шығарылады.
5-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҮРЛЕРІН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТ МҮЛКІНЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ
1-параграф. Мемлекеттік заңды тұлғалар туралы жалпы ережелер
122-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты мемлекеттік меншік құқығын жүзеге асыру
1. Республикалық заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган атқарады.
2. Республикалық заңды тұлғаларды басқаруды тиісті салалардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті саланың уәкілетті органын айқындамаған республикалық заңды тұлғаларға қатысты, сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органында мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын құқықтар тоқтатылған кезде тиісті саланың уәкілетті органының функцияларын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган атқарады.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
4. Коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
5. Жергілікті атқарушы орган тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық заңды тұлғаларын басқаруды жүзеге асыратын орган ретінде әрекет етеді.
Аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқару ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімімен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдеріне беріледі.
Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.
123-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу
1. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, сондай-ақ "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік заңды тұлға қайта тіркелуге жатады.
124-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары
1. Мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаты – жарғы, ал мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты жарғы немесе ереже болып табылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
Республикалық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) – тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) жергілікті атқарушы орган бекітеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақтың үшінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын жергілікті атқарушы орган бекітеді.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның жарғысында (ережесінде):
1) мемлекеттік заңды тұлғаның түрі туралы нұсқау;
2) атауы (фирмалық атауы);
3) құрылтайшы және тиісті саланың уәкілетті органы туралы мәліметтер;
4) тұрған орны;
5) қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
6) басшысының өкілеттігі;
7) байқау кеңесі құрылған жағдайларда оның өкілеттігі;
8) жұмыс режимі;
9) мүліктің құралу тәртібі;
10) қайта ұйымдастыру және тарату талаптары болуға тиіс.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
Жарғыда (ережеде) заңды тұлға мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлға мен тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлғаның әкімшілігі мен оның еңбек ұжымының арасындағы өзара қарым-қатынастар да айқындалады. Жарғыда (ережеде) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.
3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеменің құрылтай құжатына, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оны құру жөніндегі жеке актіде өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары қолданылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).
4. Мемлекеттік мекеме - тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша, ал мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша Әділет министрлігі бекіткен үлгі жарғының (жалпы ереженің) негізінде қызметін жүзеге асырады.
Ескерту. 124-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
Достарыңызбен бөлісу: |