Тараз қаласындағы археологиялық қазба жұмысы
Одан әрі қала тарихына және Талас аңғарында Көне заманнан бізге жеткен бабаларымыздың бай мұраларын зерттеуге қомақты үлес қосқан, 1880-1898 жылдары Әулиеата уезінің бастығы болған, өлкетанушы В.В. Каллаур еді. Ол өзінің саналы өмірінде өлкеміздегі тарихи мәдени мұралар туралы көптеген қызықты деректер жинап, оларды 1895 жылы Ташкент қаласында ұйымдастырылған Түркістан әуесқой археологиялық үйірмесіне жазбаша жіберіп отырды. Өзінің қызметінің көптігіне қарамастан Әулиеата туралы ел арасынан ауызекі қызықты деректер жинап, 1864 жылы Көне Тараз қаласының жоспарын қағазға түсіріп тарихымызға үлкен үлес қосты. Өлкемізге алғаш қызметке келгенде дала төсіндегі ежелгі заманнан жеткен тарихи ескерткіштерге қамқорлық жасап, уақытын бөліп, олар жергілікті халықтын мұрасы екендігін ыждақаттықпен түсіндірді. Көп ғасырлар бойы тарих қойнауынан бізге жеткен мұраларды зерттеуге едәуір үлес қосқан О.Л. Иванов, П.Н. Лерх, Н.Н. Пантусовтардың есімдерін де мақтанышпен еске алуға болды.
Ғасырлар тереңінен бізге жеткен көне Тараз қаласына академик В.В. Бартольдтың ұсынысы бойынша 1927 жылы археолог М. Массон археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тарихи деректердегі қала туралы мәліметтер толық дәлелденді. Көне қаламыздың тарихын және Талас өңіріндегі ескерткіштерді зерттеуде сүбелі үлес қосқан КСРО Ғылым академиясының Н.Я. Морра атындағы тарихи және мәдени материалды институтының Қазақстан филиалы және Талас өңіріндегі ескерткіштерді зерттеуде сүбелі үлес қосқан КСРО Ғылым академиясының Н.Я. Морра атындағы тарихи және мәдени материалды институтының Қазақстан филиалының ұйымдастыруымен 1936-1939 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл аса жауапты істі белгілі ғалым Н.А. Бернштам басқарды. Бұған әр түрлі саладағы маман иелері мен ғалымдар, бір топ тарихшылар қатысты. Археологтар қазба жұмысын негізінен қаланың шығыс пен түстік жағында жүргізіп, араб тарихшысы Макдиси керсеткендей, қаланың Шығыс жағындағы Талас өзеніне қараған жерінде қалаға кіретін қақпаның орнын анықтады, соқпа дуалдарымен соғылған бекіністің қалдығын кездестірді. Осында жаппай жүргізілген қазба жұмыстың нәтижесі көне қала негізінен бес мәдени қабаттардан тұратынын және бірнеше рет қиратылып қайта салынғанын растады. Әсіресе, бұл қабаттарда қала тұрғындарының тұрмыстарында кең пайдаланған ыдыс-аяқтар мен су құбырларының, Түркеш кезеңінің тиын ақшаларының табылуы сөз жоқ, қала мәдениетінің едәуір дамығандығын растайды. Осы қазба барысында ғасырлар тереңінен бізге жеткен сәулет өнерінің бірі - Тараз моншасы еді. Қазба жұмысын археолог А.Н. Бернштам басқарды. Монша қазіргі көк базардағы Шахристан бөлігінің Шығыс жағынан жер астынан табылды. Ол бірнеше бөлмеден тұрады, қабырғалары көп бұрышты геометриялық ою-өрнекпен көмкерілген. Бірінші бөлмеде еденге сары және қызыл түсті шаршы тас тақта төселсе, екінші бөлмеде ішкі қабырғалар қызыл түсті жұлдыздар тәрізді өрнектермен безендірілген. Бөлмелерден кірпіш астау мен кірлендер табылған, қабырғалардағы әлі түсі кетпеген қызыл бояумен өрнектелген тақтайшалар, осы уақытқа дейін көздің майын алатын өнер туындысы іспетті еді. Бұл құрылыс Қараханид дәуіріндегі Жетісу өнерінің тамаша үлгілері пайдаланылған ғимарат. Осы монша туралы ғалым К.М. Байпаков "Бұл моншаның құрлыс техникасының ерекшеліктері жылыту жүйесі, өрнектеу мәнері мен көркем суреттері бейнелеу өнері оның ХІ-XII ғғ. қаланың экономикалық өркендеу кезеңіне куә", - деп жоғары баға берді. Ежелгі Тараз қаласының орнына 60 жылдары Қазақстан Ұлттық Академиясының археология институтының бір топ ғалымдары Т.Н. Сенигова, Е.И. Агиеева, Г.Н. Пацевич сияқты археологтар ғылыми жұмыстар жүргізіп, қомақты үлес қосты, Олар қаланың бес мәдени қабаттарынан тоғызыншы мәдени қабатқа жетіп, тарихымыздың төркіні ілгеріден бастау алғаны жан-жақты дәлелденді. Соғыстың алдыңғы кезеңіндегі жүргізілген қазба жұмысы негізінде қаланың мәдени қабаттары тек VI ғасырға тән деп келсек, ал 60-шы жылдарда жүргізілген ғылыми жұмыстар барысында қаланың біздің эрамыздың I ғасырында өмір сүргендігін растайтын құнды деректер табылды.
Осы жүргізілген кешенді ғылыми жұмыс барысында тұңғыш рет Шахристан бөлігінің ең төменгі қабатында X-XУ ғғ. Құшан патшалығының шығарған тиын ақшасы мен 73 жылы соғылған Рим императоры Веспиасонның күміс динарының табылуы, сөз жоқ, алыстағы ірі де іргелі империялармен сауда жасалғанын дәлелдейді. Одан әрі ғалым Т.Н. Сенигова Тараз қаласы біздің эрамыздың I ғасырында мекен жай орындары қорғаныс дуалдармен қоршалған бекіністі қала екенін археологиялық қазба барысында дәлелдеді. Осы зерттеу барысында төменгі қабаттан Талас өңірін сонау Неолит дәуіріндегі адам баласының мекендегенін дәлелдейтін бірнеше шақпақ тастан жасалған тас қарулардың табылуы да көп жайды ұқтырса керек.
Соңғы жылдары Тараз қаласының орналасқан өңірі көп адам баласының ертеден егіншілікпен, қолөнер мәдениетімен айналысқанын, Қола мен Сақ дәуіріндегі тайпалардың құтты қонысы болғанын дәлелдейтін көптеген жәдігерлер табылды. Бұған осыдан бірнеше жыл бұрын көне қаланың терістік жағынан табылған біздің эрамызға дейінгі IX-VII ғғ. жататын Қола дәуірінің өлікпен бірге қойылған қыш ыдысы, қаладағы кірпіш зауытының маңынан табылған сақ жауынгерінің мүсіні, қола қазаны мен егіншілікпен айналысқанын растайтын дән жарғышы дәлел.
Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылының маңындағы сақтардың жеті обасы мен қала Батыс іргесіндегі Суперфос зауытының маңындағы үш обасы сөз жоқ, ежелгі Таразға қатысты орын әрі сақтар қоныс жайы болғанын жоққа шығармаса керек. Ежелгі көшпенділерд тарихынан тағы да бір құнды деректер көненің көзі - Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылының шығыс жағындағы Қарасай шатқалындағы жарғабақ тастардағы таңбалар. Олардың бетінде алғашқы Тараз қаласына дейінгі мекендеген көшпенді тайпаның тұрмыс тіршілігін бейнелейтін көптеген төрт түлі малдың суреттері бейнеленген. Оның ішінде қос өркешті түйелер, тау ешкілер, жабайы бұғылар бар. Бір үлкен жарғабақ таста үйірлері үшін шабысып-шайнасып жатқан сәйгүлік айғырлардың суреті кімді де болса жайбарақат қалдырмайды. Жарғабақ тастар тарихында өте сирек кездесетін хайуанаттарды қолға үйреткенін айғақтайтын көгеннің суретінің салынуы да құнды мәлімет. Көне заманнан бізге жеткен сурет галлереясында қолдарын көтеріп билеп жүрген адамдардың суреттерін де кездестірдік. Тас бетіне түсірілген өнер туындылары қола дәуіріне жататынын ескерсек, бұларды Тараз өңірінде ол қала болғанға дейін мекен етіп, тіршілік кешкен көшпенді аңшылардың қалдырған мұралары демекпіз.
"Көне қаланың әр жерінді жүргізілген қазбалар «Тараз өмірінің әртүрлі кезеңдеріндегі құрылыс комплекстері мен ғимараттарын берді" - дейді көрнект ғалым К. Байпаков. Шын мәнінде қазба барысында ір қоғамдық ғимараттар мен сыртқы және ішкі қабырғаларын безендіруге пайдаланған көптеген ою-өрнегі бар бедерлі тақтайшалардың табылуы қалада сәулетті сарайлар мен қоғамдық ғимарттардың болғанын растайды. Оған сәнді сарайларда қойылатын ою-өрнегі бар бірнеше қоладан жасалған май шырағдан дәлел болады. Міне Тараздың осындай салтанатты сарайында 568 жылы Византияның елшісі Земархты Түркі қағаны Дизабул (Естими) салтанатты түрде қабылдап өзара келісім шартқа қол қойылғандығы тарихтан белгілі.
Қаланың негізінен гүлденіп дамыған кезеңі Х-ХІІ ғасырлардағы Қараханидтер дәуірі. Бұл кезде сауда мен қолөнердің, ғылым мен мәдениеттің дамуымен бірге қалада еңсесі биік сәулетті ғимараттар, халыққа қызмет ететін қоғамдық жайлар бой көтере бастады. Оған Қараханидтер дәуірінде ел басқарған қала датқаларының атына арналып соғылған облыстык моншаның шығыс жағындағы тас орындықтың арасынан Тараздың бір сұлуының жоғалтып алған сақинасы табылды. Ол қазір Мұражай экспозициясына қойылды. Төбеден түскен сылақтардың қалдықтарына қарағанда ол көп күмбезді монша болған. Бұл архитектуралық ескерткіштің батыс қабырғасының жанынан екі жерден моншаның лас сулары ағатын әртүрлі диаметрдегі күйдірілген балшықтан жасалған су құбыры табылды. Бір қызығы екі құбыр жерге түсіріліп, оған арнаулы су тазартқыш сүзгі және бүйірінде тесігі бар дөңгелек құмыра орнатылған. Моншаға суды сол бөлменің ішінде айналасы таспен өрілген құдықтан алғаны көрінеді.
Ортағасырлық моншаларды зерттеушілердің пікірі бойынша, олар орта Азия қалаларында VIII ғасырда пайда болған. Моншалардың адам денсаулығына, көңіл сезіміне әсерін айтумен бірге, оның ішкі безендірілуінің маңызын X ғасыр авторы ал-Масуди өз шығармаларының бірінде "Моншаларда адам келбеті, бүркіт тұмсықты екі бүйрінде төрт қанаты және хайуан тырнақты екі қолы бар, құс тәріздес Ал-Анка деп аталған ғажайып жануардың бейнесін жиі кездестіруге болады..." - деп жазған.
Ал басқа авторларда моншаның адам денесіне әсерін сипаттай отырып, жуыну кезінде хайуан суреті рухани және табиғи күштерді әлсіретеді деп санаған. Сондықтан моншаны адамды сергітетің уайым ауыршылықтарын жеңілдететін көркем суреттермен әшекейлеуді ұсынған. Бір өкініштісі Тараз жұртынан табылған, екінші моншаны қазу ісі қаражат болмай жабылып қалғандығы.
* * *
Өмірдің негізгі күретамырына айналған Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараз қаласында аты беймәлім қаншама зиялы ақыл ой иелері, абыздар, ақындар, күйшілер де болған. Көне деректер біздің туған қаламыз осындай зиялы адамдардан кем емес екенін дәлелдейді. Соның бірі арабтың тарихшы, саяхатшысы Яқұт әл-Хамади ар-Руми (1179-1229) өзінің "Мұғджанәл Булдан" (Елдер сөздігі) немесе "Елдер жайлы сөздік" атты еңбегінде Тараз туралы айта келе "Одан бір топ ғалымдар шыққан дейді", автор өз зерттеуінде Махмуд бин Әу бин ат-Тарази деген ғалымның атын айтады. "Ол білгір, салиқалы, Құранды мәнерлеп оқудың үздігі болатын, Әбу Садық Ахмал ибн Хасан аз-заңды Әл-Бұхари жайлы хадис жазған еді" - дейді. Ғалым Махмуд Қарахан мемлекетінің дәуірінде білім алған, ол уақыт ғылым мен мәдениет дамып, сәулет өнерінің шарықтау кезімен тұспа-тұс болып отыр.
Көрнекті арабис ғалым Ә. Дербісалиев Махмуд туралы ойын әрі қарай жалғастырып: "Жерлесіміздің өз аты Махмуд екен. Әкесінің есімі - Әлі Бабасының аты - Әбу әлі ат Тарази деген сөз оның Тараздан екенін, Таразда туылғанын меңзейді. Махмуд алғашқы білімді туған мекені Таразда алған. Автор өз ойын: "Махмуд Тараз өлкесін ежелден мекендеген жергілікті дулат тайпасынан шыққан сияқты. Ол өте зерделі, озық ойлы, кемеңгер, білімпаз адам болған деп жалғастырады.
Араб тарихшысының мәліметінде "Орта Азиялық ойшыл тарихшы Әбу соғд Абу әл-Карим ас-Саманидің (1118-1169 жж.) еңбегінде жерлесіміз жайлы: "Мен оның қолынан иджаза (диплом) алып едім дегені тілге тиек етіледі. Осы деректерді Әбекең қорыта келе: "Олай болса Махмуд Тараздағы үлкен ғылым ордасын басқарған деп батыл айтудан тартынбаймыз" -дейді.
Біз үшін екінші айтарлық жаңалық Иақұттың еңбегінде Тараз қаласында туылған тағы бір жерлесіміз толық аты-жөні Әбу Таһир Мұхаммед бин Әбу Насыр Ибраһим бин Макки ат-Тарази Таразда туып, Испиджапта тұрғандығы, кейіннен Иранда ғұмырын өткізгендігі айтылады. Ол жөнінде ғалым бұған жауапты Парсы тіліндегі шежірелерге үңілгенде табамыз деп тұжырымдайды. Әрине Тараз тек өзінің тарихымен ғана емес зиялы ғалымдармен де атағы шыққан қала.
* * *
Көне Тараз қаласының тарихымен тығыз байланысты әлі де жете зерттеуді қажет ететін тақырыптың бірі - ертедегі қала тұрғындарының діни нанымдары. Тарихи деректер бойынша Тараз қаласының тұрғындары зороастризм, манихеи, будда және ислам дінін қабылдаған. Көп ғасырлар бой ұсынып қабылдаған және археологиялық қазба барысында зерттеліп дәлелденген діннің бірі зороастризм. Бұл дін Иранда I-II мыңжылдықта өмір сүріп, бертін келе V ғасырда Тараз қаласының тұрғындары қабылдаған. Зороастризм жорасымен жерленген алғашқы табыттар 1904 жылы Атшабар, 1931 жылы Ленин мен Базар көшелерінде жер қазу кезінде кездейсоқ табылған.
1932-1933 жылдары қаланың түстік жағындағы Тектұрмас жотасында құрылысқа тастар алып жатқанда адамның сүйегі салынған бірнеше ыдыстар кездескен Осыған орай 1939 жылы археолог Г.Н. Пацеевич қазба жұмысын жүргізіп ежелгі қала тұрғындарының жаппай жерлейтін зираты екендігі анықталды. Қазба барысында 1500-ге жуық киіз үй формалы құмыралар сияқты табыттарға жерленгені анықталды. Қала тұрғындарының жерлеу дәстүріне байланысты пайдаланған осы зиратты қамқорлыққа алып, онда ғылыми жұмыс жүргізіп, біздегі жинақталған бай материалдарға байланысты Тектұрмас жотасына мұражай ашу қажет деп ойлаймын. Себебі ол Оңтүстік Қазақстанда бірден-бір тек бізде сақталған тарихи мұра.
Ата-бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған осы ежелгі қаланың тарихын зерттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Ә. Марғұлан атындағы арехология институтының басшылығымен 90-шы жылдардың басында Орталық базардың бос жерлерінде шағын археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Қазба жұмысы негізінде Шахристанның оңтүстік Шығыс жағынан табылған Х-ХІ ғасырларға тән бояулы ыдыс-аяқтар, соқпа дуалдар мен тұрғызылған қоғамдық үйлердің қалдықтарынын ерекшеліктеріне қарағанда үйлердің тығыз орналасқанын байқауға болады.
1997 жылы облыс басшылығының қолдауымен жүргізілген қазба жұмысы кезінде негізінен ішкі қамал тұрған жерінен көлем 10 х 10 м, үстіңгі қабаттан Әулие-ата кезінде қиыршық тастардан төселген алаң табылды Одан әрі 1,5 м тереңдікте кірпіштен және соқпа дуалдан қаланған бірнеше бөлмелер тіпті бір бөлмеден күшті өрт болғандығын растайтын қалыңдығы 5 см, өртенген қамыстың қалдығы және осы уақытқа дейін бүлінбей сақталған құмыра және басқа да ыдыстар шықты Осы Тараз қаласындағы қазба барысында табылған 13 соғды және Түркі дәуірінің тиын ақшалары сөз жоқ жуық арада ақша жасайтын сарай болғанын дәлелдейді. Осы жерден аузы төмен қарап төңкеріліп қалған зороастризм дінідегі адам жерлейтін құмыра табытының табылуына қарағанда осында қайтыс болған адамның өлігін табытқа салып Тектұрмас зиратына жерлеу үшін алып келген болуы керек, бірақ үлкен бір апаттың әсерінен қалып кеткенге ұқсайды.
Мұндай қаланың орнынан адам жерлейтін зираттың табылуы тарихта бұрын - соңды кездеспеген жағдай. Қазақстанға белгілі ірі ғалым К. Байпақов Шөженнің Талас бойында қала салғанын айта кетіп "Екі жыл ішінде салынған қала мықты бекітілген, айналасы екі қатар қабырғаларымен қоршалған сыртқы қабырғасы ағаштан, ал ішкісі саздан тұрғызылған мұнаралары бар" деп суреттейді Осыған орай біз үшін тағы бір жаңалық, қазбаның оңтүстік жағындағы қабырғасынынан 6 г тереңдіктен қап-қара саздан өріліп шыққан ұзын қабырғаларының қалдығын таптық. Кім біледі бұл құрылыс Шөженің Қытай әскеріне қарсы күрес үшін салған ежелгі Тараз қаласының бекініс орыны болар әрине оны зерттеу келешектің ісі.
Осы қазба барысында тарихымыздың діңгегіне айналып отырған Тараз қаласының жұртына бүгінгі таңда тек 40 °/0 ғана археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Қаланың
негізі болып саналатын және қоғамдық үйлердің тығыз орналасқан терістік Батыс жағында қазба жұмысы жүргізілген жоқ. Сонымен қорыта келгенде тиісті қаражат табыла қалып, қазба жұмыстары жалғасқан жағдайда сөз жоқ қаланың негізгі орны Цитадель мен Шахристанда біз білмейтін қала тарихымен байланысты ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолының тіршілік тынысынан көптеген құнды деректер табылатынына дау жоқ.
Күзембай БАЙБОСЫНОВ, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ доценті
Достарыңызбен бөлісу: |