Шығыс Қазақстан облысы,Үржар ауданы, Көктерек ауылы «Көктерек орта мектеп-бақшасы» КММ –нің оқу ісінің меңгерушісі , қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рымбаева Айгуль Смагуловна
Ұстаз- шәкірт жүрегінің шамшырағы
«Ұстаз адамның жан-жақты түсінігі мол, қандай істі болса да тез шешіп, тұжырымдай алатын, ұшқыр ойлы,көреген,батыл ,Һәм шешен болуы керек. Ұстаз шындық пен әділдіктің қажымас жақтаушысы, қайраткер күрескері болуы тиіс» деген ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың осы тұжырымын балалармен жұмыс істеу барысында басшылыққа аламын.
ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған шақта жас ұрпақты тәрбиелеудің, оқытудың басты мақсаты- ұлттық үрдісті бойына сіңіру, әлемдік өркениетке бағыттау. Ал бұл жолда ана тілінің алатын орны ерекше.Тілге деген құрмет сезімін оятуда, оқушыға эстетикалық тәрбие беруде ана тілін құрметтеу, оны терең меңгеру қазақ тілінде шығармашылық қабілетті дамытуда басты орын алады. Сабақ беру барысында Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясын пайдаланамын. Рухани бай, жан-жақты, дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруды оқушының өзі арқылы, оның іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы ойлау дағдыларын дамыта отырып жүзеге асыру, қазіргі оқытудың талабына сай білім беру, халықтық педагогика негізінде адамгершілікке тәрбиелеу, сауатты жазуға, ойын көркем тілмен жеткізе білуге үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру. Білім беру мен оны қалыптастыруда сұрақ-жауап, проблемалық, баяндау, ізденушілік, зерттеушілік әдістерін қолданамын. Білім мазмұнына сай оқушыладың білімге деген ынтасы мен қызығушылығын, белсенділігін арттыру мақсатында ойын түрлерін пайдаланамын. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға, әдістемелік газет-журналдарға жазылып, өз білімімді үнемі жетілдіремін. Дамыта оқытудың көздеген мақсаттарына жету тек баланың белсенділігіне байланысты. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік- зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруды басты назарда ұстаймын. Байқампаздығын, ойлауын, практикалық әрекетін яғни дарынды, қабілетті балаларды анықтап, ақындық, жазушылыққа баулуды дамытамын. Сабақта оқушымен ерекше қарым-қатынас жасау арқылы баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытуға тырысамын. «Дәуір даналарын үлестіреді, ұстаз білімділікті үлестіреді» деген қанатты сөз ұстаздық кәсіби біліктілігімді үнемі жетілдіріп тұрудың қажеттігін еске түсіреді. Білікті де білімді, мейірімді ұстаз ғана білімді үйлестіруші, көш басының тұлғасы бола алады.
Пәнаралық байланысты жүзеге асырып, әдебиет пен қазақ тілі сабағын тығыз байланыстырып отырамын. Ұлттық ұғымдар, халықтық педагогиканы, мақал-мәтелдерді, жұмбақ, жаңылтпаштарды пайдаланамын. Балаларды сабаққа қызықтыру мақсатында әсіресе 5-сынып оқушыларымен Абайдың «Қыс» өлеңін өткен кезде «Қане,балалар,терезеге қараңдаршы не көріп тұрмыз?» деген сұрақтар қою арқылы табиғат көрінісін қара сөзбен суреттеуге немесе өлең құрастыруға жетелеймін. Балалар бірінен бірі асып тскісі келіп сондай бір қызығушылықпен тапсырманы орындайды. Немесе өзім өлеңнің соңғы ұйқас сөздерін жазып қоямын,ал балалар алдыңғы сөздерін өздерінше құрайды. Талаптарына қарап өзің де бір сәт бала болып кеткендей күйге түсесің. Кейбір сабақтарымда өзімнің жазған өлеңдерімнен үзінді оқимын. Олардың іштерінде өлең жазуға, қарасөз жазуға бейімі бар балаларды іздеймін. Ол балаларға жеке дәптер бастатып, шығармашылықтарын дамытуды қолға алудамын.
Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов : «Сабақ беру- үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол-жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Оқыту барысында алға қойған мақсатым- баланы субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу жағын қарастырамын. Оның бастысы оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесіне әрекет ету. Мақсатқа жету – оқушының өзі арқылы жүзеге асады. Мұғалім-ұйымдастырушы, бағыт беруші.жан –жақты, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар , адамгершілігі жоғары , қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Адамгершілік тұрғыда білім беру ісіне қойылатын талаптардың мән-мағынасы айырықша зор. Мұндай басты талаптардың біріншісі - әлемдік рухнияттардың ортақ мәселелерін бағдарлай білу десек, екіншісі-адамның ұлттық болмыс –менталитеттік ерекшеліктеріне қанық болу деп саралауға болар еді. Осы қос арнаны біріктіріп, оқушылардың бойына ендіру үшін мұғалім тұлғасында ерекше бір қасиет болу керек. Ол балаға жан-тәнімен берілу және оны тұлға ретінде қабылдап, құрметтеу. Ізгілендіру принциптері оқыту әдіс-тәсілдеріне мынадай талаптар қояды: мұғалімнің оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы; оқыту үрдісі кезіндегі сабақтағы басты тұлға мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы екендігі; балалардың оқуға деген ынтасын күшейту, өз дербестігін, белсенділігін арттыру, дамыту.Ізгілік бағытының негізгі идеялары: оқушымен ұнамды қарым-қатынас; қысым көрсетпей, еркін ұстау; оқушы еңбегін бағалау; баланың болашағына , қабілетіне сену; баланың кемшіліктеріне шыдамдылық көрсету; баланы ынталандыру.Уақыт талабына сай мектепте қазақ тілінен оқытудың негізгі міндеттерін, оқушыларды сауатты жазуға,ойын,сөзін еркін сөйлеп, әдеби тіл нормасында жатық, әдепті, мәдениетті сөйлеуге үйретуде, білікті жан-жақты тәрбиелі азамат болуға тәрбиелеуді, қазақ тілін оқыту әдістемесін педагогика ғылымдарының жетістіктерімен ұштастыра білген, шығармашылықпен еңбек ететін, ғылыми дүниетанымы кең ұстаз ғана атқара алады.
Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар-ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Бұл технологияның маңызды тағы бір ерекшелігі- сынып оқушыларын жақсы,жаман оқушылар деп бөлмей, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтуы.Нашар оқушының да өз шамасы келгенінше, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылған. Сол арқылы ол да өзін мүмкін дәрежеге дейін дамыта алады. Бұл жолда оның қателесуі, жаңылуы әбден мүмкін. Тек мұғалім тарапынан көрсетілген сабырлылылық, байсалдылық оның өз күшіне деген сенімін арттырып, алға жетелейтіні сөзсіз.
Мен мына қағидаларды есте ұстаймын: Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеріп, шығармашылығын жетілдіремін. Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасаймын. Өзін-өзі қалыптастыратын тұлға жасауға тырысамын.
Әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті, жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті. Яғни сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану, оқушылардың жеке басын құрметтей отырып, білім беру- қазіргі оқытудың негізгі талабы. Өйткені оқушылардың барлығының ойлау қабілеті бірдей еемес. Сондықтан бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан қарап, педагогикалық әрекет, әдістемелік шеберлікпен келу керек.
Оқушыларды құрметтеу, олардың жеке басына сүйіспеншілікпен қарау, сөйлесу, пікір алысу, ойын білу, оқушы қабілетін мөлшерлеу, білімге ынталандыру, белсенділігін арттыру, әділ бағалау, әр істе ақылдасу оқытушының беделін арттырады. Сондықтан да баланың ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, дарынын, қабілетін арттыратын, тұлға етіп шығаратын әр ұстаз шәкірт жүрегінің шамшырағы екені даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |